Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК
Әбіш Кекілбаев. Өртке тиген дауылдай...

27.09.2018 5308

Әбіш Кекілбаев. Өртке тиген дауылдай

Әбіш Кекілбаев. Өртке тиген дауылдай - adebiportal.kz

Жалпақ әлемге жан дүниесін жайып салу – ақын адамның өзге жұмыр басты пенделерден жалғыз-ақ айырмасы. Бірақ, сол жалпақ әлемді аузыңа қарату үшін қанша рухани ерлік керек. Шын ақынның құзар шыңдай өр келетіні содан шығар.

Жалпақ әлемге қысылмай қарап, қымсынбай сөйлеу үшін қанша рухани байлық керек. Шын ақынның Атымтайдай аңқылдақ жомарт келетіні содан шығар.

Ақындық – саф алтындай ілуде бір кездесетін сирек талант. Үлкен ақын – ел-ананың сан жылдап сарғая күтіп жүріп табатын сағынышты перзенті.

Сондықтан да, қазақ жырының Сарыарқадай салқар сахарасында Алатаудай Абайдан бергі көл-көсір жазықта көзге ілігер, көңіл шүйлігер қарауыл биіктер қадау-қадау. Солардың ішінде хан төбедей көкпен тайталасқан қайсар, қай жағынан қарасаң да қапысын тапқызбас тәкаппар биіктердің бірі – Қасым.

Өмір бойы алысып-жұлысып жүріп пысықайлықпен табылатын өтірік даңқ араға жыл түспей жатып, көшкен жұрттағы күл төккен төмпектей жермен-жексен шөгіп, жұтап шыға келеді. Қасым дүние ауғалы қанша жыл болды. Сол жылдарда аузымыздан ақынның аты түсті ме? Жоқ. Оның от жырларын оқыған жұрттың жанын лапылдатқан шоғы кеміді ме? Жоқ. Оқушы қауымның оның жырына деген құштарлығы азайды ма? Жоқ.

Ендеше әлгі айтқан әңгімеміздің рас болғаны. Қасым өзі ұзақ әмір сүрмесе де, өзегін жарып шыққан өлеңдеріне ұзақ өмір сыйлады. Қасым оңды-солды боратып көп жазып, мол мұра қалдырмаса да, оқушысына көңілін толқытар, сөзім бал-қытар мол әсер сыйлады.

Тапшы таланттан, таңқы дарыннан кемел суреткер шықпайтыны айна қатесіз ақиқат болса, ал үлкен дарын, мол қабілеттен үлкен суреткер шыға беруі тап әлгідей ақи-тақи кесіп айтардай күмәнсіз шындық емес екені тағы белгілі. Табиғат талантқа кенде жаратпаса да тау қопарып тастай алмағандар әргі-бергіде көп болған, қазірде де жеткілікті.

Өнерді өмірлі ететін – шындық, шындыққа адал қызмет еткен таланттан ғана кемел суреткер шықпаң, шындыққа адал шығарма ғана ұзақ өмір сүрмек. Осы бір даусыз қағиданы жүзеге асыру үлкен таланттың өзіне де оңайға түспейді. Суреткерлік дарынмен қоса азаматтық орлікті де қажет етеді. Қасымның асқан ақындық талантына азаматтық ержүректігі де сайма-сай болды.

Ол жиырмасыншы ғасырдың онсыз да күрделі әлеуметтік тарихының тым күрделірек тұсында өмір сүрді. Ол вз тұсының әлгіндей күрделі әлеуметтік шындығының алдында күмілжіп, күлбілтелеп сейлеген жоқ. Замананың ең ұлы шындығын от пен оқтың ортасында қан төгіп жүріп қорғап қалған жауынгер ұрпақтың өкілі әз буынының рухани өмірбаянынан жалпақ әлемге, жалғасар ұрпаққа қымсынбай айтар көп сыр, көп жыр тапты.

Қай-қай ақынымыз да шоқтықты көрінген майдан жылдарындағы қазақ лирикасына көз салсақ, соның ең бір еңселісі Қасымның соғыс жылдарындағы творчествосы екен. Қ. Аманжолов ұлы майданға алғашқы күнінен ақырына дейін қатысты. Қан қасапқа кірердің алдындағы жүрек тұршіккен талмау сәттен жеңістің желпінісіне лейінгі барша сөзім құбылыстарын әсіреқызылсыз шынайы жырға түсіріп, елім мен өмір, ерлік пен өздік туралы көкейкесті сырға айналдырған. Адам санасының адам табиғатына атымен жат алапат қырғын тұсындағы әр діріл, әр түйсігін Қасым жанары қалт жібермейді. Ол орасан зор рухани сын тұсындағы ой толғанысын, сөзім арпалысын жалтақсыз жария айтады. Солдат жүрегіндегі әр діріл Қасым қаламынан жеңіс туралы шежіреге айналды.

Ақынның соғыс туралы жырларында қанды қырғыннан қаймыққан өздік те, от пен суға ойланбастан қойып кететін көзсіздік те жоқ, адамдық бақыттың әр бір қас қағым сәтін қадірлей білетін ойлы, парасатты, сезімтал жауынгердің өмір алдындағы үлкен рухани жауапкерлігі бар. Сондықтан да ол солдатты сан жылдап сабылтқан айқас пен шайқастың, ауыр азаптың рухани, моральдық астарын жеңіске жетпей тынбайтын ұлы күреске, жеңістен күдер үзбеген «ұлы күтіске» сайыды.

Күтудеміз! Асығып эшелондай

Өтіп жатыр зулап күн, шүбалып ай.

Күтудеміз тыпыршып, мың құбылып,

Қазір, қазір бар тілек болатындай.

Тұтылған күн дөл қазір шығатындай,

Талып жатқан досың ес жиятындай,

Ауыр азап үстінде қиналған жан

Рахат тауып, талықсып тынатындай...

Мейлі күтіп, шыдамай темір сынсын,

Мейлі көлдер суалсын, тас үгілсін,

Қасарысып біз күттік! Шыда, жүреқ

Бұл ақырғы ең ауыр болсын бір сын.

Осынау күн-түн қатып, көп күндік маршта келе жатып сәл тыныс қып аялдама жасаған солдаттың ентіккен жүрегінің жүйесіз дүрсіліндей, айналасы жұп-жұмыр тегіс келе қоймаған кедір-бұдыр қарапайым жолдар әрбір солдаттың, сол жылдарды көрш қалған еңкеиген кәрімізден еңбектеген баламызға дейінгі баршамыздың, бүкіл еліміздің жан күйі, жан сыры емес пе еді. Бүкіл елдің жүрек шымыры, жүйке ширығы ақын көкірепнен ақтарыла салған азғантай шумақтарға түп-түгел сиып кетіпті.

Ақындық талант дегеннің өзі де бір басының жалқы түйсігінен жалпының сыры мен мұңын көре алатын екінің бірінде бола бермейтін ерекше рухани көрегендік деседі Ақын неғұрлым талантты болған саиын оның аузынан шыққан әрбір сөзге жалпақ қауымның жапырыла құлайтыны да содан болса керек.

Қасым:

Түссем де отқа, суға тозар емен,

Солдаттың етігіндей жаным сірі, – десе, оның растығына ол көрген қан кешуді көрген де, көрмеген де ойланбастан кепілдік бере алады.

Достар, қайда жүрсіндер, қай майданда,

Мен де келе жатырмын малтып қанға.

Ең болмаса біреуің көздессең ед,

Ыстық, суық күндерде сағынғанда.

Күндер өтті – үңілдім, сендерді іздеп,

Айлар өтті – «білмейміз, білмейміз» деп,

Жылдар өтті – таппадым, қайдасыңдар?

Мені қуантсаңдаршы бірің көз кеп, – десе, мұндай халды басынан кешкен де, кешпеген де ет жүрегі елжіреп қоя береді.

Асылы ақын таланты басынан өткен бір ғана сәттің әсерінен барша адамзаттың рухани тәжірибесінің қанша сыр, қанша қатпарын қопарып тастай алғанымен өлшенсе керек Ақын тек сонда ғана өзінің жан сырымен күллі адамзаттың рухани тәжірибесін байыта алады, өзінен кейінгілердің жүрек тұңғиығына бастар ұланғайыр жолды сонда аша алады.

Қасымның асқақ шабыты адамдық болмыстың барша кескіні жарқырап көрінетін асқар ала биіктерден талай-талай шүйігенді. Өткен соғыстағы отандастарымыздың ерліктері жайындағы ілгері-кейінгі көп жазылған дастандардың ішінен «Ақын өлімі туралы аңыздың» аспандап дара шығып, бір туар боп биікте қалып қойғанынын сыры да сонда болса керек.

Қасым майдан жылдарында шырқап шыққан рухаңң биігінен соғыстан кейін де сәл төмендеп көрген емес. Оиың от пен оқтың ортасындағы қиын-қысталаңда шыңқылған өжет даусы бейбіт күндерде де айбынды, асқақ естілді.

Оның бұл тұстағы ең шоқтықты кітабы – «Нұрлы дүние». Нұрлы дүние – туған елдің бейбіт өмірінің поэтикалық бейнесі. Ажалмен бетпе-бет көздесіп келгең майдангер бейбіт күннің әр сәтін бақытқа балайды.

Тіршіліктің тыпыршыған

Бір күніне не жетеді!..

Бірақ Қасым бейбіт күнгі өмірді май тонғысыз жаймашуақ идиллия деп ұқпайды. Оның жасампаз еңбегін де, адамдардың жан дүниесіндегі рухани шыңдалуды да көзінен таса қалдырмайды. Ақынның қоңыр домбырасында автомат ұстап күстенген қолдардын бейбіт көктемде төккен тері де, бала қызығын, жар қызығын көрген қуанышы да күмбірлеген күй боп тебіренеді, Азаматтық ерліктің ең қиын сындарынан өтіп келгең ақын жүрегі адамдардан ірілікті, рухани тұтастықты талап етеді. Майданда қорқақтық қандай рухани опасыздық болса, заманның тынышындағы сәл ұсақ мінез, күйкі құлық та тап сондай опасыздық болып табылмақшы. Тарихтағы алапат қиянат пен әділетсіздікті өз көзімен көріп, өз қолымен жеңгендердің марғау болуға, енжар болуға атымен қақысы жоқ. Қасым оқушысын рухани сергектікке шақырды.

Тартып сырын табиғаттың, тастардың

Бір нәрсені үйрендім.

Көктем келіп, күліп жатқан тастарды

Басуға мен имендім.

«Әттең, шіркін, берер ме еді сөзімді?

Тас болғаны жазғаны»,

Деп тұрғанда, бір есерсоқ өзімді

Басып кете жаздады.

Ақын лирикасындағы мұндай жаңа өжет пафос оның соғыстан кейінгі творчествосын да сол тұстағы көп шығармалардан көш бойы оқшаулап оздырып шықты.

Қасым нені айтса да, көкірегін көлегейлемей ашық айтты. Ол үшін көңілдегісін көмейге іркіп, ішке бүгіп қалатындай, секем алатындай көлденең көз дүниеде жоқ. Тіпті, сол жылдарда қоғамымызда орын алған, кейін орынды сыналған келеңсіз құбылыс – көсем мадақтауға арналған бір өлеңінің өзінде де:

Бетіне фәни дүние бір түкіріп,

Кетіпті талай адам көрге кіріп,

Мен де бір өр кеуделі бөбек едім

Кеп тұрмын алдыңызға қол қусырып, – деп қайсар мінезін ашық аңғартып тастайды. Қасымның ол тұстағы өлеңдерінің бәрі бірдей мінсіз болмағанмен қай-қайсынынан да жаныңызда жатталып қалар серке сөздер секіріп шығады.

Қасым лирикасына мынауы интимдіқ мынауы азаматтық деп шекара қою тіптен қиын. Оның аса бір интимдік өлеңі «Өзім туралысы» қазақ поэзиясындағы арғы-бергі азаматтық лирика шандоздарының қай-қайсысымен де иық таластыра шендес тұра алар таңдаулыларының бірі. Ақынның өз өмірбаяны мен туған жұртына айтар перзенттік сырындай осы бір өлең Қасымның хас асыл мінезін көз алдыңызға көлеңкесіз елестетіп, көңіліңізге ұмытпастай қып мәңгі ұялатумен бірге, қара жер басып жүрудің қасиеті мен қасіретін, мұраты мен мүддесін, уайымы мен үмітін таусып айтып, тапжылтпай мойындатады. Асқақ ақынның ақтарыла айтқан өр де өжет сырындағы трагедиялық әуен өлеңнің оптимистік пафосын бәсеңдетпейді, қайта оқушысын әр адамның кеп-келте өмірінің азаматтық мәні мен мақсатына терең үңілтіп, тебіренте ойлантады.

Тоқтамас өмірімнің сағатындай

Жүрегім енді қанша соғар тынбай,

Тоқтар ма ақтық рет бір талпынып,

Мерт болған балапанның қанатындай...

Өмір сүйген ақын азаматтың ақтық демі таусылар сәттің өзін әзірейіл көргендей шошына суреттеп, күңірене күйзелмей, қаншалықты паң, қаншалықты парасатты бейнелейді.

Қасым өз өмірінің, не өмірден түйгенінің мынасын жұртқа айтуға болады, мынасын айтуға болмайды деп, бөліп жарып жатпағандай. Ол сүйінішін де, күйінішін де ешкімнен қаймықпай айтып, жыр жолына көшіреді. Бірақ, тіпті аракідік жазылған өкпе-наз өлеңдерінің өзінде де кей ақындарда кездесетіндей, түтін сасыған күйкі кекіректің күмілжі сыры, төңірегіндегінің бәрін мошқаған кердең нақақ, мардымсыған батпан көкірек көрінбейді, адалдық пен абзалдық, шынайылық пен пәктік лебі еседі, барша рухини келеңсіздік атаулыдан жоғары тұрған кемел азаматтың кесек мінезі бой көрсетеді.

Сондықтан да Қасым аузынан шыққан сөз бір адамның ғана емес, бүкіл бір ұрпақтың, бір тұстағы бүкіл бір халықтың жан сырындай жалынды естіледі. Ақынның өз өмірбаянынан алып жазған «Біздің дастаны» әр қазақтың көкейіндегісін көріп айтқан көреген жыр емес пе!

Биік бәйтеректің саясы да мол болатыны сияқты, үлкен таланттың да өз тұсындағыларға әсері мен өзінен кейінгілерге алғаны зор болса керек-ті. Қазақ поэзиясының, әсіресе лирикасының кейінгі он-он бес жыл ішіндегі соң үлкен табыстарының қай-қайсысы да Қасым атымен тығыз байланысты. Одан тек артындағы інілері ғана емес, бастас құрбылары да, тіпті алдындағы ағалары да өнеге алды.

Құя алман үгітілген балшық елең,

Көңілімде кел жасаман тамшыменен,

Серінің семсеріндей сертке таққан

Өлеңнің еткірін бір алшы менен, – деп өзі айтқандай, елеңдегі Қасым мінезі кең дүниеге кеудесін көлегейлемей сөйлейтін азаматтық батылдық, адамзат болмысының өрелі де еркесті сипаттарын тапжылтпай танитын суреткерлік көрегендіқ өжеттік пен өткірліқ сергектіқ суреттің айқындығы мен сөзім шынайылығы қазіргі қазақ лирикасына түгел тән ортақ мінез, ортақ қасиетке айналды

Өртке тиген дауылдай өлеңімді

Қасымның өзі емес деп кім айтасың! – деп айтпап па еді ақын.

Қасым өлеңі тірі!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар