Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ: ЕЛ ИЕСІ, ЖЕР КИЕСІ...

12.04.2016 6815

Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ: ЕЛ ИЕСІ, ЖЕР КИЕСІ

Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ: ЕЛ ИЕСІ, ЖЕР КИЕСІ - adebiportal.kz

 


 

(Қабиболла Сыдиықұлының «Бекет Ата» кітабына жазған алғы сөзі)


 

 

7753035eb1c554edddbcbc5c3910c35f.jpg

Аспан мен жер арасындағы тіректің сыр сипатына түсініп болдық деуге әлі ерте. Тіршіліктің түп бастауы қайда? Ол қалай салқар арнаға айналды? Бастауы бар құбылыстың ақыры да бола ма? Ендеше, мұншама жүйелі дүниеге осынша сындарлы сипат дарытып отырған күш қандай? Барлығына тыңғылықты жауап тауып болған жоқпыз. «Табамыз» деп дәмету де, бәлкім, күпірлік шығар.


 

Әзірге түсінгеніміз: адамзат дүниеге жаратылып, су аққалы өзін табиғаттан бөле-жарып қарай алмаған. Қалған табиғаттан айырмашылығы түсінсе де, астам тұрмын деп ойлай алмаған. Ал ондай күпірлікке бой алдырған кезде өз басына өзі тауан тілеп алған. Сөйтсе, астамшылық – азғындық екен. Сондай астамшылықтан тыйдыра алатын заңдылықтарды Тәңірі деп, Жаратқан деп, Құдай деп таныған. Әр асқанға бір тосқан мәңгілік жарасымның кепіл қағидасы. Одан туындайтын мың сан қисынды аз күн тіршілік кешетін пенде шіркіннің түйсігіп, түсініп, меңгеріп, бұлжымас қағидаға айналдырып, бұлтартпай ұстанып үлгере бермеуі де ықтимал. Алайда, сол түп


 

  
  

 


 

бастау Жарасым мен Заңдылықтың жер үсті Сақшылары тіпті болмаған деп ойлау ақылға сыймас нәмарттық болар еді.

 

Ондай Абзал Ақыл Иегері болған! Болғанда қандай! Бола бермек те!

Қолыңыздағы кітап сондай Дара Парасат, Дара Рух, Дара Шарапат, Дара Шапағат иесі хақында ел жадындағы кептерді баян етеді.


 

Жаппай бірдейлікті әспеттеген Кезеңде Даралық атаулы мансұқ етілді. Айырықшалық атымен ғайбатталды. Айырықша икем, айырықша ықылас, айырықша қабілет, айырықша ыждаһат, айырықша қасиет атаулы түгел жоққа шығарылды. Сондай жаппай иманнан безген кісәпір заманда Атырау мен Арал, Орал мен Kопет-Даг арасын алып жатқан ұлан байтақ өлкенің ежелгі тұрғындары қасиетті Бекет атаға бағыштап бір ауыз қиянат сөз айта алмаған, зәредей де қиянат қылық жасай алмаған. Бұл өлкедегі әр шаңырақ қуанған кезінде де, құлазыған кезіңде де алдымен Бекеттің атын ауызға алған. Бір кезде осынау кең байтақ өлкеге жан-жақтан көз алартқан басқыншыны оның атын айтып ұрандап, оның ұрпағына ту көтертіп, қол бастатып тойтарыс берген. Біздің талай әкелеріміз бен ағаларымыз кешегі қан майданда жан алқымға келгенде де медет сұрап, көз жұмғанда да артындағы шиеттей ұрпақты оған аманат қып қалдырғаны кәміл.


 

Жақсы заманда да, жаман заманда да оған деген ел сүйіспеншілігіне қылау түсіп көрген жоқ.

Өйткені, ол тірісінде елінің жел жақтағы Панасы, ық жақтағы саясы бола білген Азамат. Жаудан елді арашалаған Батыр. Дауда әділетті арашалаған Қазы. Озбырлықтан обал мен сауапты арашалаған Пірәдар.

Оның қыранның қанаты талар қиян даланы жайлаған Ата Жұртының, Ата Мекенінің барлық шекарасында қырандар түлек түлететін қия шыңдардан өз қолымен тас қашап, тауды үңгіп, жер асты ғимараттар салып, мешіт-медреселер ашуы да ескі аңыздардағы Прометей мен Фархадтарды, Киелі кітаптардағы Мұса мен Әзірет Әліні еске түсіретіндей ерен ерек. Шөл кезіп, еріні кезерген еліне асасының ұшымен тас шұқып, кәусар бұлақ тауып берген Мұса пайғамбардай Маңғыстау мен Үстірттегі Бекет Атаға байланысты жердің бәрінде де балдай бұлақ, көк құрақ, маңыраған арқар, таутеке. Олар – Елдіктің шебі. Елдіктің тері. Оларды жауға алдырған жұрт Ел болып тұра алмайды. Ондай Елдік Намыс пен Иман Ұяларын қастер тұта білмеген жан иесі қатарға кіріп, адам санатына еніп, жер басып жүре алмайды.


 

Елі мен Жерін шексіз сүйген асыл Азамат, Абзал Адамды Елі де шексіз сүйеді.

Бекет Атаның басты құдіреті – міне, осында. Өйткені, ол – көзінің тірісінде қиянатқа жол бермес Әділдіктің, күпірлікке жол бермес Адалдықтың, қараулыққа жол бермес Шапағаттылықтың, қатігездікке жол бермес Мейірімділіктің, арсыздыққа жол бермес Парасаттың асқан үлгісін танытып, үлкен-кішіні, алыс-жақынды, дос пен дұшпанды түгел мойындатқан адам.

Адалдықтан асқан құдіреттіліктің, әділеттіктен асқан әулиеліктің болуы мүмкін бе? Мейірімнен асқан кие, Парасаттан асқан қасиет болушы ма еді?

Ендеше, сондай асыл перзент таба алған, тауып қана қоймай, асылдығы мен абзалдығына бола Өз перзентін өзі Пір тұтқан халқыңнан қалай айналмассың?! Ондай ұлдарын өлімге қимайтын Елдің өзі де өлмейді. Өткендегілердің өсиетін, тірілердің арман-ниетін қастерлеп, өмірлік мұрат еткен өнегелі ел өліге бас игенмен, өлімге бас июші ме еді?!

Ендеше, сондай асқақ жұртының ақар-шақар шың басындай тәкаппар жүрегінен мәңгілік жәннат тапқан әлсізге – Медет, күштіге – Айбар, зарыққанға – Жебеу, тарықканға – Демеу, асқанға – Тосқан, сасқанға – Сая, ұрпаққа – Ұстаз, ұлысқа – Ұран, Ел Иесі, Жер Киесі Пір Атаға қанша тағзым қылсаң да артық емес деп білеміз.

Өйткені, атасыздық – отансыздық, отансыздық – опасыздық, опасыздық – имансыздық. Ал имансыздық еліңнен, жеріңнен безінтіп қоймай, өзіңнен де безіндірері сөзсіз. Өзінің қадірін білмеген ненің қадірін білуші еді?! Ештеңенің қадірін білмеген – ешкімді де қарық қылмайды. Құдай тек сондайдың бетін аулақ қылғай!

Ал, Өткенде Жақсылардың болғанына сенетін адам Бүгінде Жақсылардың барына сенеді.

Ал, Жақсылардың барына сенетін Адам өзі де Жақсы болуға тырысады.

Ал, Жақсы болудың Жақсылық Жасаудан басқа жолы жоқ.

Ал, Жақсылық жасаудың Жаман атқа Ілігуден аулақ болудан басқа жолы жоқ.

Ләйім, әрқайсымызды, бәрімізді, жалпақ жұрт жамағатымызды Жаманаттан, Жаман Аттан сақтағай!

Жақсы Тілегімізді жөн тыңдап, жөн түсінер Жақсы Құлақтар мен Жайсаң Жүректер көбейе бергей!


 

«Арыс» баспасы, 1994 жыл


 

 

 

 


 

ЖАЛПЫНЫ ЖАҚСЫЛЫҚҚА БАСТАЙ БІЛГЕН


 

(Пір Бекет Атаның туғанына 250 жыл толуына орай сұхбаты)


 

 

– Әбіш аға, тек туған топырағыңыз ғана емес, азамат ретінде де, суреткер ретінде де рухани ізденістеріңіздің де түп бастау көзі болып табылатын Маңғыстау өлкесінде жуырда Пір Бекет Атаның туғанына 250 жыл толуына бағышталған жиын өтпек. Осыған орай не айтар едіңіз?


 

– Шығыс дәстүрінде – ахл-и хақ (Ақиқат адамы) деп аталатын рух алыбы болып табылатын ұлы бабамыз жайында ақ адал лебізімді осыдан алты жыл бұрын «Арыс» баспасынан жарық көрген «Бекет Ата» жинағына жазған алғы сөзімде айтып ем ғой.


 

– Иә, «Ел Иесі, Жер Киесі» деп атаған сол мақалаңызда: «Әлсізге – Медет, күштіге – Айбар, зарыққанға – Жебеу, тарыққанға – Демеу, асқанға – Тосқан, сасқанға – Сая, ұрпаққа – Ұстаз, ұлысқа – Ұран, Елі Иесі, Жер Киесі Пір Бекет Атаға қанша тағзым қылсақ да, артық емес», – деп жазғансыз.


 

– Ендеше сол сөзім сөз. Ғазиз бабаға бағышталған бұл мінәжатымды қай күні де қайталап айтуға пейілмін. Өйткені, біз – тумай жатып, талай зобалаң көріп, талай нәрседен тарығып та, торығып та өскен, бірақ бір жола үмітсіздікке берілмей, іштей рухани медет іздеп өткен ұрпақтың өкіліміз. Өз басымыз тек Жаратушының құдіретімен қоса, арғы-бергіде өткендердің жарқын өнегесіне де риясыз ден қойдық. Бұл – бізге ана сүтімен бірге дарыған қасиет еді. Ана демекші... Сол бір тауқыметті жылдары біздің анадан басқа ық жақта қарамыз, жел жақта панамыз болмаған еді. Сөйтіп біз құдірет тұтатын анамыздың өзі жамандықта да, жақсылықта да әуелі Құдайға, сосын сол Бекет Ата әруағына жалбарынып жататын еді. Сонда төбемізге қордаланып келе жатқан қиындық бұлты ыдырап кететіндей көрінуші еді. Бүгінде адамзат ақылмандарының талайының тағдыры мен тағылымынан жете хабардар болсам да, сәби күнімнен ақыл-сезіміме айырықша сәуле шашып келген осы бір мүбәрәк есімнің қадірі мен үшін елден ерекше. Енді жыл өткен сайын бұл құбылыстың тек бір өлкенің ғана емес, күллі ұлттық руханият кеңістігінде айырықша орын иемдене бастағанына куә болып отырмыз. Өткізгелі отырған үлкен жиын да соның бір айғағы сияқты.


 

– Жарықтықтың нақты өмірбаяны жайында не білеміз?


 

– Қазіргі қолда бар деректер белгілі ғалым Қабиболла Сыдиықов құрастырып шығарған жоғарыда аталған кітапта да, 1993 жылы Өзбекстанның Гагарин қаласынан Ислам Мырзабекұлы деген азамат шығарған жинақта да толық келтірілген. 1820-1821 жылы Үстіртте болған ғалым Э. Эверсман Бекеттің елдің көші-қонына қарап, төрт жерден таудан қашап, төрт мешіт салдырған, оны «араб, парсы, татар жазуларымен» безендірген оқымысты адам екенін айтады. 1853 жылы саяхат жасаған топограф Алексеев: «оны көрген ел «сақтаушы құдірет күші бар» деп сенген, нағыз әулиенің өзі деп түсінген, сол себепті де бұл ғажайып адамға байланысты талай аңыздар айтылып, кереметтер тағыла берген. Ол бұдан қырық жыл бұрын – 1813 жылы дүние салған» деп жазады. Бұдан он төрт жыл кейін, 1867 жылы Үстіртті аралаған шығыстанушы А.О. Дюгамель де Бекет салдырған Жемдегі ақ мешітті көргенін, оның Оғландыдағы мешітінде жерленгенін мәлімдейді. Осы ғасырдың елуінші жылдары аталмыш орындар кейінгі жөндеу-өңдеуге ұшырамай, өз қалпында тұрғанда көрген сәулет тарихшысы М. Меңдіқұлов та Бекетті 1813 жылдар шамасында қайтыс болған деп мөлшерлейді. Қазіргі зеттеушілердің көпшілігі осы деректерге және ел арасындағы «ол пайғамбар жасына жетіп дүние салды» деген әңгімеге сүйеніп, Бекет 1750 жылы туып, 1813 жылы қайтыс болған деп есептейді. Ал Гагарин қаласынан шыққан жинақта Жолдасқали Сүйесінов деген азамат ертеректе Шульц деген автордың «Киргизы» деген кітабын оқығандығын, онда 1820 жылы Ақмешітте болғанда, Бекет содан жүз жыл бұрын яғни 1720 жылы өлді деп естігенін жазғанын айтады. Бірақ, аталмыш кітаптың қашан, қайда басылғаны көрсетілмегендіктен, бұл деректі дәйектеудің жолы табылмай отыр. Сондықтан, мен де өз көзіммен көрген, оқыған Э. Эверсман, А.О. Дюгамель, топограф Алексеев, М. Меңдіқұлов деректеріне көбірек ден қоюға мәжбүрмін.


 

– Оғыландыдағы мешітте Ата жатқан құжыраға орнатылған тақтайшада 1650-1713 деген дата көрсетілген ғой.


 

– Ия, бұл тақтайша кейінгі кезде қойылған. Оның қандай дерекке сүйенгендігі айтылмаған. Шамасы, тарихшылардың өткен оқиғалардың мерзімін одан бері өмір сүрген әр ұрпаққа 25-30 жыл беріп мөлшерлейтін дағдысының орнына 35-40 жылдан беріп есептегендіктен орын алса керек. Егер Бекет 1650 жылы дүниеге келген болса, Еділ, Жайық, Жем, Маңғыстауды торғауыт қалмақтар иемденіп, Орманбет тұсында жайлаған алшын-ноғайлардың бір бөлігі Орал тауына, бір бөлігі Сыр бойындағы қазақ хандығына барып қосылып, бытырап кеткен заманына тап келер еді. Ондай аласапыран заман әулие Баба жайындағы аңыздардан өз көрінісін табар еді. Ал біз білетін Бекет жайлы аңыздардағы оқиғалар ноғайлардың ыдырап, қазақ хандығының орнығу тұсынан гөрі, одан берідегі жоңғар шапқыншылығына ұшыраған тайпалардың Сыр, Қаратауды тастап, байырғы этникалық қоныстарына қайтып оралуға мәжбүр болған кезеңіне келіңкірейді. Әулиенің замандастары ретінде сөз болатын Тама Есет, Табын Барақ, Адай Өмір батырлар, кей деректердегі Әбілқайыр, Бопайлар XVII ғасырдың емес, XVIII ғасырдың тарихи тұлғалары екендігі белгілі. Мәселен, Сырым Датұлы бастаған ұлт азаттық қозғалысының белгілі басшыларының бірі Атағозы батыр досы Бекетке келіп медет сұрап жүретіні әңгіме болады. Ал сол Атағозы Айтқұлұлы, Астрахан губерниялық кеңсесі құжаттарының айтуынша, 1774 жылы Беріш Саржала батыр, Қара Итемгенұлымен бірге Пугачев жағына шығып, Астрахан маңын шапқыншылап, қыста мұз үстімен Маңғыстаудағы Айрақтыға қашып құтылып кетіп отырады. Ендеше, Бекет те солармен тұстас болып, олардың қозғалысын қоштаған болып шығады. Оның үстіне, өлке зерттеуші Әбілқайыр Спанов дұрыс көрсеткендей, 1856 жылы Хиуа шапқыншылығына тойтарыс берген қазақ жасағының ту көтеруші пірі – Бекеттің өзі емес, бел немересі Асар сұпы болғаны мәлім. Ендеше, Бекет XVIII ғасырда туып, XIX ғасырда дүние ауды деген тұжырым қисынға келіңкірейді.


 

– Жарайды, Пір Бекеттің өмір кешкен заманын білдік. Ал шыққан тегі мен өскен ортасы жайында не айта аласыз?


 

– Бұл – басы ашық мәселе. Бекет Мырзағұлұлы басқа тайпадан келмеген, осындағы көшпелі қауымның өз ортасынан шыққан рухани қайраткер. Ол өмір сүрген замандағы дәйім қозғалыс үстіндегі көшпелі тіршілікте жауынгерлік үрдіс басым болды. Өйткені, мал шаруашылығы үздіксіз өріс кеңейте беруді талап етті. Кеңістікті бейбіт игерудің заманы өтіп, ұдайы қаруға сүйенуге тура келді. Сондықтан да ол тұстағы көшпеліні «малшы» деп емес, көбінесе жауынгер деп түсінген жөн. Бекет те жекжат туыстары мен дос-жар замандастарына қарағанда, өз ортасына ықпалы зор ноян әулеттен өрбісе керек. Оған ел ауызындағы Бекетке асқан әруақ қайдан қонғандығы туралы талас дәлел бола алса керек. Оған аруақ нағашысынан қонды деп санайтындардың бір тобы оны Адайлар арасына дін таратуға жіберілген Назар қожаның қызынан, екінші тобы атақты Тама Есет батырдың қызынан туған деп топшылайды. Біздіңше, Бекеттің өз бабалары да ондай ерек қасиеттен құралақан емес сияқты. Арғы замандағы талай жорықтардың бел ортасында жүріп, көзге түскен Жаулы батыр жанарынан айырылып, жорықтан қалып, үш баласымен айдалада жалғыз үй күн кешеді. Бір күні кенжесі Жары әкесін түзге отырғызуға алып шықса, ерлік қысып бара жатқан екі ағасы Ескелді мен Қосқұлақ: «Көкем батыр ғой, сескенер ме екен, сескенбес пе екен?» – деп, ғарып әкесінің кебісіне тиер тигізбес қылып, бұрқылдатып оқ атады екен. Жаны ашып жылаған Жарыға риза болған әкесі: «Өс, өрбі!» – деп бата берсе, сотқарлық жасаған екі ұлына жұдырығын түйіпті-міс. Содан Жары әулеті қаулап өсіпті. Бірақ Жаулы одан үлкен «екі тентегіне» де кіжінгенмен, ырыс несібеден құр қалдырмапты. Ескелді тұқымының асқан дәулетімен, Қосқұлақ тұқымының адам таң қалар әруақтылығымен аттары шығыпты. Бекет – сол Қосқұлақтың шөбересі. Мен бұл арқылы Бекеттің әкесі Мырзағұлдың, Есеттің немесе Назар қожаның қызын алуын жоққа шығарып отырған жоқпын. Олай болуы әбден мүмкін. Алайда, бір ескеретін нәрсе – Назар қожа Адай арасына Маңғыстауға келместен бұрын араласқан сияқты. Оған қызын берген Әлмембет Сыр бойына жерленген деседі. Назар қожаның зираты да Маңғыстауда немесе Жем бойында деген дерек жоқ. Ал Бекеттің әкесі мен шешесі Мырзағұл мен Жәния (кей деректерде – Меңсұлу) Жем бойындағы Ақмешітте жерленген. Бекет дүниеге келген кезде аталмыш аймақта Есет ұлысы Адайлармен бірге жайлағаны тарихтан белгілі. Қайткен күнде де Есеттің де, Назар қожаның да «Атасына қарап ұлына бар, анасына қарап қызын ал» дейтін қағиданы қатты ұстанатын қауым мен заманның өкілдері екендігі даусыз. Шамасы, Мырзағұлға да жылтыраған көзіне қарап емес, шыққан тегіне қарап қыз берсе керек. Ал, «Бекеттің нағашысы кім?» – дейтін талас «Ай – ортақ, Күн – ортақ, жақсы – ортақ» екендігін біле тұрсақ та жақсыны бір табан жақындата түскіміз келетін өзімшіл әдетімізден де туындап жүрсе керек.


 

– Ендеше, батырдан туған батыр Бекет неге дін жолын қуып жүр?


 

– Гәп, міне осы арада. Ол өмір сүрген кез қазақтардың басынан дәурен кетіп, іргелі елдіктен айырылып, жер-суы көлденең көздің сұғына ұшырап, шыр айнала дау-шардың шырмауығына шырмалып тұрған кез еді. Ақтабан шұбырындыға ұшыраған қазақтардың бір тобы Алтын орда, Ноғай хандығы заманында жайлаған Еділ, Жайық, Жем, Сағыз бойына ығысқаны белгілі. Олар бұл араны өздері жоқта иемденіп қалған қалмақтардан арылтқанмен, қазақтардан арылта алмады. Сол үшін де ақ патшаға қарсы болып Пугачев көтерілісіне Сырым Датұлымен бірге белсене ат салысқан Атағозы батыр, Шотан батыр және басқа атақты батырлар басқарған Адай ауылдары еді. Ол кездегі капитан А.В. Суворовтың жаушыларынан қашқан Сырым бастаған көтеріліс көсемдері Хиуаға қарай ығысуға мәжбүр болды. Адай ауылдары да әуелі Жем, одан Үстіртке жылжып, ақыры Маңғыстауға орныға бастады. Мұны Атыраудың шығыс жағына аяқ іліктіруге асығып отырған патша да, көшпелі қауымның оң жақ іргесінен ойып орын ала бастағаннан сескенген Хиуа ханы да онша жақтыра қоймады. Патша бұрынғы бір ұлтты сан тарапқа бөлшектейтін сапырмайын місе тұтпай, ені бір тайпа елдің өзін бет-бетіне бөліп жіберуді қолға алды. Жаугершілікпен ерекше көзге түскен Адай тайпасын қазіргі Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе аймағындағы бұрынғы Нұралы, Айшуақ балалары билейтін үш ұлысқа, Маңғыстаудағыларын жоғарғы, төменгі деп бөлінетін екі сардарлыққа (дистанцияға) және Красноводскі уезіне таратып беріп, алты бөлікке бытыратып жіберді. Жоңғар шапқыншылығынан хан ықпалы, орыс қарауына көшкеннен сұлтан ықпалы, Сырым көтерілісі жеңіліске ұшырағаннан батырлар ықпалы, бір тайпа ел алтыға бөлініп кеткеннен билер ықпалы әлсіреген үстіне әлсірей түскен-ді. Бірақ халықтың бойындағы бірлікке деген, елдікке деген құштарлық өршімесе өшкен жоқ-ты. Онсыз жаңа қонысты иемдену, оған жол бермейміз деп жан-жақтан жағаға жармасқан жаттарға тойтарыс беру мүмкін емес еді. Бұл үшін бір тудың астына жинай алар жаңа ықпал, оны паш ететін жаңа ұран керек болды. Жаугершілікпен күн кешкен көшпелі қоғамдағы саяси ынтымақты да әскери ұйымшылдықты да қожыратып, сол арқылы билікке таласты қоздатып, этникалық бірлікті де әлсіретудің жолын тапқан отаршылдықтың ол кезде әлі қол салып үлгермегені – рухани бірлік еді. Көшпелі қауымдарда ондай ықпалға саяси көсемдермен қоса рухани пірлердің де ие болғаны ежелден аян.


 

Табиғатқа саясаттан да көбірек әрі тікелей тәуелді көшпенді үрдіс – рух ықпалын қашан да бірінші орынға қойды. Табиғи өзгерістердің өзіндік жүйесімен заңдылығы барын ежелден аңғарды. Оны өз-өзінен емес, санадан тысқары әлде бір құдіреттің еркімен болып жататын құбылыстар деп түсінді. Қауым сол өзгерістерден аман қалу үшін табиғатқа ықпал ете алатын құдіреттің тілін таба білуі керек деп санады. Бұл кез келгеннің емес, айырықша қасиетке ие боп жаралған әруақты адамдардың – абыздардың ғана қолынан келеді деп есептелді. Осындай қасиеттерімен көзге түскен адамдардан халық билік иелерінен бетер айбынып, аса зор құрмет тұтты. Биге құлақ асса, сардарға бағынса, пірге табынды. Хан ауысса да пір ауыспады. Сондықтан кейде билікші әулет саяси үстемдікпен қоса рухани үстемдікті де өз қолына алып алуға тырысты. Бұл, әсіресе, шығысқа тән еді. Мәселен, Тәуке, оның балалары Жәңгір, Болаттардың Лхастағы «Киелі үйге» жіберіліп, бірнеше жыл тәрбиеленуі тек көрші елдердің геосаяси ықпалынан ғана емес, тақ маңындағылардың әлгіндей іш есебінен де өрбіп жатса керек. Тәуке хан сайланғанда пір де бірге сайланып, үш ұлыстың пірлері жұрт алдында әруақ салыстырысып, керейіт Сұпы Әжінің жеңіп шығатыны да соны аңғартқандай. Тәукеден Абылайға дейінгі барлық ханға пір болған Сұпы Әжі (Мүсірәлі) дүние салғаннан кейін жалпықазақтық пір сайланған емес. Бірақ, содан қайтіп пірлік институт мүлдем құрып кеткен екен деп санауға болмайды. Әр ұлыс, әр тайпаның өз пірлері өз қалпында қала берген. Ақтабан шұбырындының шашыратпасынан кейін көптеген тайпалар ежелгі ұрандарын өзгертіп, өз тұсындағы елге ұйытқы бола алған абзал арыстарын ұранға шығара бастаған секілді. Көп ретте ұранға жау жасқаған батырлар шыққан сыңайлы. Аталмыш кезеңде Адай тайпасында сонау Ақтабан шұбырынды заманындағы шайқастарда да, Еділ, Жайық, Жем, Маңғыстаудағы қоныстарды қайтарып алудағы шайқастарда да көзге түскен батырлардың немесе алты бөлініп кеткен елдің алты тізгінін ұстаған билерінің біреуінің емес, Бекеттің ұранға шығуы да әлеуметтік иерархиядағы әлгіндей сапалық өзгерістерге байланысты болса керек. Ел аузындағы деректерге қарағанда, Хиуа шапқыншылығының біреуінің тұсында тайпаластары жауға «Ия, Бекет!» – деп шауып, жеңіспен оралыпты. Содан бастап Бекеттің аты өз-өзінен ұранға айналып шыға келіпті деседі.


 

– Бекеттің бұлай төтен көзге түсуінің сыры неде деп білесіз?


 

– Ол да өз тұсындағы еркек кіндіктің кез келгені сияқты ат жалынан тартып мінер жасқа жеткен соң-ақ жаугершіліктің соңына түссе керек. Ерлігімен көзге ілікпесе, жорықтастары оның атын айтып, ұрандап жауға шаппас еді. Ерлігімен қоса, жаудың қапысын тапқыш сардарлық қасиетімен де танылған сияқты. Бірақ ол кезде батырлығымен де, сардарлығымен де көзге түскен сүлейлер аз емес еді. Оның бәр-бәрі ұранға шыға берген жоқ. Шамасы Бекет ақыл-ойының, ой-сезімінің айырықша ұшқырлығымен, көріпкел көрегендігімен жұртты әу баста сол жорықта жүріп баурап алғанға ұқсайды. Аңыздарда қазақ қолы небір тығырыққа тіреліп, амал таппай аңтарылып, құдіретке жалбарынғанда, Бекетті алдарына ұстайды екен. Сонда әруақтардың көрсеткен кереметін Бекет жорып, жорық барысында сол жоруы рас болып шығады екен. Сондықтан да көп ұзамай жұрт оны тек қана батыр емес, әлде бір санадан тысқары ықпалға ие әулие деп мойындай бастаған сыңайлы. Ежелгі атақонысты қайтарып алғанша жаугершілік қуған Бекет кейін ол жолға онша құлшынбай, рухани ізденістер жолын біржолата таңдап алған тәрізді. Бұл арада Бекет жайындағы аңыздардың басқа әулиелік ғұмырнамаларға ұқсайтын да, ұқсамайтын да жерлері бар екендігін айта кеткендігіміз жөн. Ұқсайтыны – оны да мұндай ақ жолға әлде бір құдіретті күштердің ықпалы түсіреді. Ұқсамайтыны – ол бұндай құдіретті ықпалға кездейсоқ түспейді, өз көңіліне күмән қашырған жағдайға қинала жауап іздеп жүріп түседі. Бір аңызда ол он төрт жасында жорықтан көп мал олжалап келе жатқанда, соңынан із қуалаған қуғыншылар қуып жетеді. Сонда айдап келе жатқан жылқыларының аяқ астынан түр-түстері өзгеріп шыға келеді. Ол осының арқасында қолға түсіп тұрған жерінен құтылып кетеді. Бекеттің өзі сиқыр жасамайды. Құдіреттің өзі көмекке келеді. Сөйтіп тәубесіне келген бала ноян тағы бір өткелден өте бергенде әуелі су астынан қылт етіп көтерілген бір саусақты, кейін бес саусақты, бір сыпыра уақыттан соң қырық саусақты көзі шалады. Оны бір Құдайға сеніп бес намазды ұмытпай, қырық парызды түгел атқарып жүруді ескерткен аян деп ұғып, жаугершілікті тастап, Шопан Ата басына барып түнейді. Сонда әулие оған түсінде: «Хиуадағы Бақыржан сұпының алдын көр!» – деп аян берген екен дейді. Екінші бір аңызда ол бұндай оқиғаға қырық, тіпті елу жасында тап болыпты дейді. Онда да ол мал олжалап келе жатқан мал иелеріне Үстірттің шыңына шығатын қиын-қыстау тар асуда қарсы жолығып қалады. Қайда кетерін білмей, қатты сасқанда, айдап келе жатқан көп жылқысы аяқ астынан қарсы жолыққан жауларының мініп келе жатқан көліктерінің көлеңкесіне айналып кетіпті. Шамасы, құтқарушы құдірет Бекеттің тар жерде ішінен сан қайталап айтқан: «Уа, Алла, осы жолы құтылсам, бәрін тастап бір өзіңнің жолыңа түсемін!» – деген уәдесіне құлақ асса керек. Бекет сертінде тұрып Шопан Атаның берген аянымен, Хиуадағы Бақыржан сұпының алдына барады. Біз бұдан жер ауып, су ауып, қоныс аударып, жаңа мекенге табан тірей алмай, жайсыз жағдайда жүрген өз жұртына жаны ашығандықтан өз көңілі құламайтын кәсіппен шұғылдануға амалсыз мәжбүр болған аса биік ар-ұждан иесінің жан-дүниесіндегі рухани драманы аңғарамыз. Құдірет те оған осындай қиналғаны үшін қол ұшын беретін тәрізді. Соған қарағанда, өз қауымы да оны төтен ерлігімен, асқан әруақтылығымен қоса, биік адамгершілігі үшін де аса қадірлеп, өздерінің бірден бір рухани пірі тұтса керек.


 

– Қазақта «Ердің соңы – Есет, пірдің соңы – Бекет» деген сөз бар. Ол қалай шығып жүр деп ойлайсыз?


 

– Ескі дала үрдісінде қауымға билік жүргізетін хандармен ғашкерге билік жүргізетін сардарлар ғана сайланып қойылған, ал батырлармен пірлер аттарына лайық қасиеттерімен қапысыз танылып, жұртты тегіс мойындатқан. Жоғарыдағы Тәуке заманындағы үш ұлыстың үш пірінің жұрт алдында әруақ салыстыруына келсек, ол да, түптеп келгенде, сайлау емес, өз қасиетінің басымдығын жария мойындатудың жолы. Мұны кие, әруақ туралы ғылым – агилогияда «таңғажайып сайыс» деп атайды. Бұл – тек дінге дейінгі нанымдар заманында ғана емес әлемдік діндер үстемдік құрған тұстарда да орын алған үрдіс. Иудейлер арасындағы Дәуіт патша табынған Сұлтан Сахақ пен Пір Микаилдің біреуі дуалды ат қылып мініп, біреуі жолбарысты ат, жыланды жүген қылып мініп, жекпе-жекке шығатыны, біреуі судағы балықты суда жатқан жерінен пісіріп аулап жеп, екіншісі оның сүйектерін қайтадан балыққа айналдырып жіберетіндігі жайындағы, христиандар арасындағы грек әулиесі Карамболистің де дуалды ат қып мініп, жолбарыс мінген Мұхаммед пайғамбарымды сайысқа шақырыпты-мыс дейтін, Будда үмбеттері арасындағы Махадео мен ламаның әруақ салыстырып биік таудың басына бұрын шығу үшін жарысатындығы туралы аңыздардың кеңінен таралуы – соның айғағы болса керек. Мұндай «таңғажайып сайыс», әсіресе, еуразиялық көшпенді жұрттардың өмірінде кең орын алған. Таяу Шығыста бұл үрдісті ұстанатындар ахыл-хақ (Ақиқат адамдары) атанған. Ислам діні бұл дәстүрді жойып жіберген жоқ. Қайта Таяу Шығыс пен Орталық Азияны мұсылмандандыруда молынан пайдаланды. Суфизм де әуелі сол Теріскей Иранда жергілікті діни дәстүрлерді Исламға икемдеуден пайда болды. Көнелікті деректер Қожа Ахмет Ясауидің де осы бағытты ұстанғанын анықтайды. Оның тарихатты жеріне жете меңгерген шәкірті Хакім ата (Сүлеймен Бақырғани) Хорезмнің киелі орындарын осылайша «таңғажайып сайыс» арқылы мұсылмандандырса, оның ұлы Сұлтан Хубби да Маңғыстау өлкесін солай мұсылмандандырады. Сөйтіп Меккедегі бұрынғы діни орындардың бәрі Исламның киелі орынына осылай айналғаны сияқты Көне Үргеніште де «Үш жүз алпыс әулие» киелі кешені, Маңғыстауда да «Үш жүз алпыс әулие» киелі кешені осылай орнайды. Аңыздардың айтуынша, Маңғыстаудағы Таушықтың қасындағы Дәніспан тауы осы аттас әулиенің Сұлтан Хубби ашқан киелі орындарға тәу ету үшін Түркістандағы Құқай тауынан үзіп алып, түйе қып мініп келген бір бөлігі көрінеді.


 

Бекет Ата да – Қожа Ахмет Ясауи мектебінің талай «таңғажайып сынынан» сүрінбей өткен аса талантты шәкірті болғанға ұқсайды. Орта Азия халықтарына кең таралған бір аңызда Қожа Ахмет Ясауи қолындағы асаны терезеден лақтырып жіберіп, шәкірттеріне: «Кім бұрын тауып әкелсе, соған батамды берем», – дейді. Сонда басқа шәкірттер жапа тармағай сыртқа жүгіріп шығып кеткенде, Шопан Ата деген мүриді жалғыз қалып қойып, ұстазына: «Сіз лақтырған асаны табу үшін ұзақ жолға шығуыма тура келеді», – деп бата сұрайды. Бата алған Шопан Ата әлгі асаны Маңғыстауға барып табады. Кіші Азияға тараған бір аңызда Қожа Ахмет Ясауи қолындағы тұт бұтағын лақтырып, немересі Қажы Бекташқа: «Осының түскен жеріне барып текке (түнемелік үй) сал», – деп бұйырады. Қажы Бекташ көгершін болып пыр етіп ұша жөнеледі. Сонда келіп табан тіреген жері – Түрікпенмен бірге қазақ шекарасындағы Атырау теңізінің жағасындағы Бекташ мүйісі болған тәрізді. Әкесінің бұйрығын естігенде Сұлтан Хубби да аталмыш бағытқа қарай дәл солай ұшып кететіні белгілі. Тап сондай жағдайға Бекет Ата да тап болыпты. Ол да ұстазы Бақыржан қажының әлгіндей лақтырып жіберген асасын іздеп келіп тауыпты. Осыған қарағанда, Батыс пен Шығыстың ара-жігіне айналып жатқан бұл өлке мұсылман дүниесі үшін қай кезде де стратегиялық маңызы зор өңір саналса керек. Ескілікті дастанда Селжүк ханы Санжардың Хорезм билеушісін: «Маңғыстаудағы мұсылмандарға қол көтердің», – деп айыптайтыны да, сол түбекке барып, мешіт салып жатқан Қараман атаға Қорқыт Атаның соңынан қуып келіп сөйлесетіні де, Қожа Ахмет Ясауи мектебінің үлкен пірәдарларының қай-қайсысының да ең сенімді мүриттерін сонда жұмсайтындықтары да тегіннен тегін болмаса керек. Ондағы өз ықпалдарын әлсіретіп алмауға ерекше мән бергендігінің көрінісі болса керек.


 

Бекет Атаның киелі мансапқа ие болған кезеңі де Ислам шебіне сондай бір жаңа қауіп төнді деп есептелген тұс секілді. Ол да өзі іздеп келген асаға таласқан Оғыланды әулиені әруақ салыстырып жеңіп, әлгі жерге тәуапхана салуға мүмкіндік алыпты. Біз бұл арада ежелгі пірлердің өз жолын ұстай алар ең сенімді мүридті әлгіндей әдейі лақтырған аса немесе жеміс бұтағын іздету сынды ишаралар арқылы сынап көріп, көрегендігіне көздері жеткендерін ғана өздерімен тең отырып сұхбаттаса алатын сақып кемел санап, оларға фатихасын беріп, шатырхат ұсынатындығын аңғарамыз. Пір Бекет – тап сондай сыннан өткен шынайы сақып кемел. Кейін өзі де Ақмешітте бала оқытқанда, өз жолын қуатын сенімді мүридін әлгі тәсілмен анықтапты. Ол лақтырған киелі асаны Әлім Кете руынан келіп оқып жатқан Шектібай деген шәкірті тауыпты. Шектібай Хазірет те Елек, Ойыл, Қиыл, Қобда бойында бала оқытып, шәкірттерінің алды Уфа қаласының уәйз-муфтиі дәрежесіне дейін жетіпті. Кеңес кезінде көп қуғын көрген бұл әулет Пір Бекеттің киелі асасын кіріп отырған үйлерінің қабырғасына қалап, сыртынан жым-жылас сылап тастап, жасырып сақтапты. Кейін тығулы жерінен жарыққа шыққан киелі асаны Қобда ауданының Қобыланды батыр жерленіпті-міс делінетін Жиренқопа деген ауылда тұратын Шектібай хазірет әулетінің үйіне іздеп барып, өз көзімізбен көрдік. Күрделі құймадан құйылған, ұзындығы кісінің көкірек тұсына дейін келетін көк аса екен. Қасымызға алып, бас жағымызға қойып, бір түн қонып шықтық. Кейін Иманғали Тасмағамбетов те әдейі іздеп барып көріп, Алматыға алдыртып, мамандарға көрсетіп, мемлекеттік музейлерге қояйық деп ұсыныс жасағанда, киелі мұраның иелері қолдарынан шығарғылары келмейтінін айтып, ауылдарына қайта алып кетті. Біз ұстаз Бекеттің өз шәкірттерін ишаралап сынаған тәберік асасы туралы сөз қылып отырмыз. Ал өзінің дүние ауғанша ұстаған көк асасы өз әулетінің қолында болса керек. Кешегі дүрбелең жылдарда оны да әлгіндей әр түрлі амалдар жасап, аман сақтап қалуға тура келген сияқты.


 

Қазақтардың Маңғыстауға қайта оралуына байланысты Бекет Ата талай рет «таңғажайып сайысқа» түсуге мәжбүр болыпты. Қожаназар байдың Қошан деген кенже ұлы антқа ұсталатын атақты сайыста Бекет Жаратушыға жалбарынып: «Уа, Құдайым, біз айыпты десең – бізді ат, қара айыпты десең – қара атты ат!» – дегенде, қара ат антқа керілген ала арқаннан аттай бере құлапты да, Қошанның астындағы ерінің алдыңғы қасына шаншылған біз анадай жерге ұшып кетіпті. Аттан құлаған сәби Қошан бір аунап барып, түрегеліпті. Бұған көнбей дау салған қарсы жақ: «Басына келіп ант ұстасып тұрған Қараман әулие қазақтарға жақтасып кетті. Қане, Үргеніштегі Шиқабір (Шейх Кубра) әулиеге барып, қайта анттасамыз!» – деп қиқулапты. Бекет: «Айтқандарыңыз болсын, ертең таң намазда сонда кездесейік», – деп қара киімді Қошанды алдына алып қара сәйгүлікпен ұша жөнелгенде, дауласқандар: «Бүйтіп құдіретін көрер көзге асырып тұрған жұртпен тайталасып болмас!», – деп, мәмілеге келіпті. Жауласып жүрген екі ел солай татуласыпты. Бекет Ата көзтүрткі көрсеткісі келгендермен талай жерде «таңғажайып сайысқа» түсіп, өз жұртын зорлық-зомбылық, шапқыншылықтан сақтап қалыпты. Ел үшін, жер үшін талай дауда алапат қасиетімен ақиқат кесік шығаруға мәжбүр етіпті. Сондықтан да оны отандастары өз мекендерін қайтарып алып, қайта орнығуларына жұрттың бәрінен асырып еңбек сіңірген адам ретінде ерекше қадір тұтып кетсе керек. Астына таусылмас қазына тыққан құт мекендерінің қайтадан ұлдарына түскеніне риза ұрпақтың да шарапатты бабаларын бүгінгі заманда да көзі тірісіндегідей төбелеріне көтеріп ұлықтауы әбден орынды. Оның құдіретін ел қорыққандықтан емес, әбден сенгендіктен сыйлайды.


 

Тама Есеттер дүниеден өткен соң елдік жолындағы ортақ шайқастар тыйылып, билік жолындағы жадағай жанжалдар мен одағай жерден олжа іздеген көрсебасар көлденең жорықтар көбейді. Тіпті өзгені қойып, бірі бай, бірі кедей, бірі ақсүйек, бірі қарасүйек, бірі ана жақ, бірі мына жақ болып, жік-жікке бөлініп, өзді-өзіне қол көтерісетін қара бет қаныпезерлік етек жая бастады. Ондайда көзге түсетін ерлік бірлікке емес, бүлдіргіге қызмет ететіні белгілі. Сондықтан да Есет заманынан кейін ел арасында ерлік азайып, есерлік көбейді. Бекеттің де найзаны тастап, қолына аса ұстауына тура келді. Табиғат берген айырықша қасиетіңді ондай-ондай елдіктің емес, есерліктің сойылын соғуға жұмсау – әулиелік емес, әбжілдік болар еді. Әлгіндей ала бүлік заманда мұндай қиын таңдау жасай алу кез келгеннің қолынан келмес еді. Бекеттің қолынан келді. Ел шебіне тиген жау мен ел намысына тиетін дау болмаса, ауыл арасы, ағайын аласы ажың-күжіңінен іргесін аулақ салады. Жаңа қонысқа ие болған қандастарын көрші-көлемге тынышсыз аламандықтан тыйылып, жан-жағымен жарастықты жайбарақат тірлікке көшіру үшін жаугерлікті өзі бас боп талақ етіп, рухани кемелділіктің жолын қуды. Сол жолда биік адамгершілік қасиеттерімен басқалардан үстем түсіп, әмбе табынатын әулиеге, діни пірәдар, оқымысты ұстаз, абыз пірге айналды. Ол өмір сүрген кезеңнен кейін қазақ даласында мұндай пірлік институт та атағымен құлдырап, тіптен жоғалып кете жаздады. Сондықтан да ол әліге дейін: «Ердің соңы – Есет, Пірдің соңы – Бекет» деп, олардан соң ортақ намыс пен ортақ мүдденің емес, өз мүдделері өзектерін тескен содырлардың сойылын соғатын сотанақтықтың көбейгеніне күйзеледі. Кейде мұндай қасиеттерді пірлік демей, бақсы-құшнаштық, сиқыршылық дейтіндерде бар ғой! Күні кешеге дейін сондай көзқарас үстемдік алып келді. Бірақ мұндай пікірдің тарауына тек Құдайға сенбейтін имансыздық қана емес, Құдайға сенгенситін әбжілдік пен әзәзілдік те, қара дүрсін дүмшелік те аз себепші болған жоқ. Бойындағы айырықша қасиетті тек күнкөріс айырып, мал табуға жұмсайтындар, әрине, бақсы-құшнаштықтан әрі аса алмайды. Ал, оны көптің басын айналдырып, көзін байлауға, өзгелерден өктем түсуге жұмсайтындар көзбояушы сиқыршылыққа ұрынары анық. Тек өзін кемелденген үстіне кемелдендіріп, адалдық пен әділеттің ала жібін аттамай жалпыны жақсылыққа бастай алғандар ғана пір атына лайықты. Ондай зор ықпалға Жаратқанның ерекше ықыласы түскендер ғана ие бола алады дейтін түсінік пірлікті биліктен кем әспеттемеген.


 

Қожа Ахмет Ясауидің хазірет Сұлтан, оның шәкірттерімен үзеңгілістері Хакім Ата, Сұлтан Хубби, Сұлтан Уәйіс баба, Шахи Зинда (Куссам ибн Аббас), Шах Насыр Хұсырау атануы да, аңыздағы әулие-пірлердің Сұлтан Сахақ, Шах Мадар Сахиб, Шах Мина Сахиб аталуы да, ең түпкі билік – аталық билік болғандықтан әулие атауларының Шопан Ата, Караман Ата, Дүлдүл Ата, Оқшы Ата болып келуі де соның белгісі. Бекет Атаға деген ел арасындағы ерекше махабатты да қиын заманда қиналған халқына ізгілік жолын нұсқау алған зор ықпалын әділ бағалағандық деп түсінген жөн. Ол көбіне-көп тау-тасты мекендеп, алдырмас асуға, өткізбес өткелге тап болғанда құдіретін танытып жүреді. Жаны ашыған адамдарына да, жорықтағы кандастарына да қиналғанда кездейсоқ тұман түсіртіп, шаң боратып, өткел бермес өзендердің суын сарқылтып, көмекке келіп жүреді. Бұл оның киесінің күштілігін және ылғи аққа жақ болар ізгілік сипатын танытады.


 

Әлемдік агиографияда жандыдан гөрі жансызға тіл алдыру, әсіресе, тау-тас пен өзен-суға әмір ету жоғары бағаланады. Ал ол салдырған төрт мешіттің геосаяси көрегендігінен хабар бергендей. Ол өліспей беріспейтіндей төрт стратегиялық нүктеге жұрт жаппай бас иетін төрт тәуапхана салдырған. Төртеуінде, ескі тарихнамалық деректерге қарағанда, қазіргі қазақ этносын құрайтын баяғы сақ, сармат, массагет, ғұн, кешегі қаңлы, қыпшақ, оғыз замандарынан қалған ежелгі тайпалардың байырғы қоныстарының шешуші шептері болған тарихи жерлерге жайғастырған. Соған байланысты арттағы ұрпағына: «Әруағым риза болсын десеңдер, құтханаларыма жау тұяғын жолатпаңдар!» – деп өсиет қалдырған. Онысы: «Мен бардағы Алла бұйыртқан атамекеннен айырылып қалмаңдар!» – дегені секілді. Ол мешіттерінің бәрін де ежелгі керуен жолдарының ең түйінді бунақтарына, біреуін өзен жағасына, біреуін жол айырығына, екеуін ел шебіне салдырған, мұнысы – бұдан былай өзің иемденіп отырған атақонысты ойдағыдай ұқсатып игере алсаң ғана, ие бола алатыңыңды меңзегені сияқты. Жаугершілікті қойып, малшылықпен қанағаттанбай, сауда жасап, егін салып, тас қашап, баспана тұрғызып, отырықшылыққа бейімделіп, білім қууға, ерлікке емес, еңбекке құлшынуға өзі бас болып өнеге көрсеткендігі тәрізді. Замандастары Барақ пен Өмір батырларға: «Біреуіңнің қасиетің өзіңмен бірге өтеді, біреуіңнің қасиетің үш ұрпағын мен кетеді, ал менің қасиетім жеті ұрпағыма жетеді», – деуінде де үлкен мән бар сыңайлы. «Жаугершілік жайластықты көбейтпесе, азайтпайды. Ал өшпенділік не өзіңнің көзіңді жояды, не тұқым-тұқияныңның көзін құртады. Тек ешкімге қиянаты тимейтін еңбек пен білім ғана өзіңнің де ұрпағыңның да маңдайын ашып, көсегесін көгертеді», – дегені болса керек.


 

Жорықтан жолы болып қайтқан Атағозының «Жауға неге бірге шаппадың?» – деген бопсасына айтқаны: «Қолыңның көп болғандығынан емес, жолыңның ақ болғандығынан, сондықтан бүкіл елің, соның ішінде мен де тілегіңді тілескеннен жеңіп қайттың», – дегені деп түсінген жөн шығар. Байсал балуанға берген батасының да дөп келуі бойдағы қажыр-қайратын зорлыққа емес ізгілікке жұмсаған адамның арты өкінішсіз болатынын ұқтырғандай. «Маған тек бар амалың таусылып, қылар қайраның қалмағанда ғана жалбарын», – дейтінін: «Өз тіршілігіңді өзің оңғаруға тырыс. Өз қайраның таусылмай тұрып, өзгеге күніңді түсіруің күнә», – дегені деп есептегеніміз лазым. Бұл әліге дейін санамыздан арылып болмаған әлеуметтік масылдықты бағзы бабаларымыздың да күстаналағанын көрсеткендей. Оның: «Қашқан да Бекет дейді, қуған да Бекет дейді. Мен соның қайсысы бұрын жалбарынса, сонысына көмектесемін», – дейтін әңгімесінің де мәні тіптен терең сияқты. Бұл бір жағынан: «Жақыныма тартпаймын, кім расында да жаның ашитындай қиын жағдайға ұшыраса соған қол ұшын берем», – дегенді аңғартса, екінші жағынан: «Жақсылық жасау кез келгеннің қолынан келе бермейді. Бірақ жақсылық жасай алмау емес, жақсылыққа сенбеу – күнә. Кім жақсылыққа көбірек сенсе, сол бұрынырақ көмек дәметеді», – дегенді байқатқандай. Жақсылықты бағалайтындар ғана жақсылыққа ұмтылатынын, шын адамгершіліктің содан өрбитінін ұқтыра алғандай. Адамгершіліктен аттамау – оның ең басты қағидасы болғанына көзімізді жеткізе түседі ол жайындағы аңыздар – қай халықтың да әдеби үрдісінде бар «әулиелік ғұмырнаманың» (мәселен, славяндарға тән «Святое Житие» жанрының» бір үлгісі). Олардың көпшілігі әулиенің айтқандарын емес бастан кешкенденін баяндайды. Осының өзінен-ақ оның адамдық болмысының абзалдығын, әлеуметтік көзқарасының тұрлаулылығын тануға болады. Ол тек қасиеттерімен ғана емес, істерімен де өз дәуірлестерін рухани салауаттылықтың асқаралы шыңдарына бастай білген нағыз ағартушы екендігін дәлелдеп өткен. Бұл – кеше тоталитарлық зорлық-зомбылық қыспағына, бүгін бейпілдік пен бейбастақтықтың шалығына шалдыға бастаған әрпіл-тәрпіл әлеуметтік санамызды азаматтық салиқалылықты, адамгершілік жоралылыққа баули алатын биік өнеге екендігі даусыз.


 

Сонда Пір Бекеттің біздің рухани дүниемізге қайта оралуы бүгінгі ұрпақтың тәрбиесіне де зор ықпал тигізеді деп ойлайсыз ғой.


 

– Пір Бекет, менің білуімше, бізден ешқашан ешқайда кетіп көрген емес. Тіпті күні кешегі идеология үстемдігі тұсында да сол кездегі көзі тірі ұрпақтың көпшілігі күні-түні құлақтарына құйып баққан құрғақ уағызға емес, атадан балаға жалғасып, көкіректеріне қонып қалған ұлы бабаның әруағына ұйып, айтып кеткен аталық ғақлияларына иланды. Ел ішіндегі бір сөз тапқыр жігіт айтқандай: «Бұл өлкедегі бір обком, бес райком, екі горкомның кеңірдек жыртқандары айдаладағы кеуек үңгірде жатқан кемеңгер шалдың үнсіз үгітін тойтара алмады». Біз тек осы үшін де, қилы замандарда қиналған халқына, рухани тірек, ұлттық болмысымыздың ұйтқысын бұздырмаған ар-ұждан сақшысы, Алланың атын ұмытқызбаған ақиқат жаршысы, түп түйсігімізге дейін түгел тебірентіп, жан дүниемізге пәрменді ықпал ете алған тегеурінді тәлімгер болғандығы үшін де оған мың мәрте қарыздармыз. Егер кең байтақ қазақ даласының қай тарабында да қалғып кеткен сана мен ұйықтап кеткен ұятты еріксіз бір серпілтіп тастап отыратын нысана тұлғалар мен киелі орындар болмаса, көмейдегі тілмен көкіректегі ділдің өзін өз қолымызбен бұралқыландырып жібере жаздаған жетесіздіктің құрбандары болып кете жаздаппыз. Ендеше, қазіргідей саяси дербестігіміз бен рухани кемелділігімізге қызмет еткен барлық бастаулардың көзі қайта ашылып жатқан жаппай жаңару процесінен Бекет Ата сынды рух сардарларын тысқары қалдыру – екі дүниеде ешкім ақтай алмас ағаттық болар еді.


 

Әрбір әділетті қоғам қай заманда өмір сүрсін мейлі, адамға тән қам-қарекеттің қайсысымен шұғылдансын мейлі, ізгілікке, әділетке, жарастыққа, жасампаздыққа, елдік пен бірлікке қалтқысыз қызмет еткендердің қай қайсысының да атын шығарып, абройын асыруға айырықша мұқияттылық танытқан ғой. Ғылым мен білімге, өнер мен техникаға, дәулет пен байлыққа қанша жерден кенеліп жатса да, батыс қауымдары арғыдағы Ыбырайым, Мұса, Ғайсаларды былай қойғанда бергідегі бір де бір пірадарының атын тарихтан өшіріп тастаған жоқ. Ал шығыс қауымдары арғыдағы Заратуштра, Будда, Мұхаммедтерден бастап, барлық әулие-әмбиелердің киелі орындарына қол көтеріп көрмегендігі баршаға белгілі. Тек кешегі кеңестік кеңістікте ғана ғылым, білім, мәдениетті дінге қарсы қоятын кісәпірлік орын алды. Адамзаттық руханияттың құрамдас бөліктері болып табылатын ұлы құбылыстарды бір-бірімен ауыстырып шабыстыратын мұндай сорақылықтың адамға да, қоғамға да құт емес, жұт әкелетініне бүгін көзіміз әбден жеткендей. Дәл бүгін дәл сол кесапатты кеңістікте де имнасыздық күйрей жеңіліп, имандылыққа қызмет еткен ғазиз тұлғалар тарихи тұғырларына қайтадан орныға бастады. Басқасын былай қойғанда, қазіргі орыс руханиятында бағзыдағы Аввакумнан бастап, кешегі А. Меньге дейінгі барлық пірадарлардың төрдегі орындарын қайта иемденгендерін кім жоққа шығара алады?!


 

Орталық Азия елдері руханиятының Қорқыт Ата, Қожа Ахмет Ясауи, Сүлеймен Бақырғани сынды ұлы тұлғаларына байланысты тарихи әділет те қайтадан қалпына келтіріле бастады. Ендеше, сол ұлы мектептің түлегі және ең соңғы ірі өкілдерінің бірі Бекет Мырзағұлұлының тарихи орны мен рухани мұрасына осы тұрғыдан келіп сараптауға міндеттіміз. Өткендегі жайсаңдарымызды сөз еткенде, олардың заманы мен өз заманымызды салыстыра-салғастыра отырып, олардың бірін-бірі жоққа шығаратын емес, бірін-бірі толықтыратын, бір-бірімен іштей жалғасып, іштей үндесетін арналарын аса жіті анықтай білуіміз шарт. Өйткені, баланың ғұмыры, әкенің ғұмырынан бастау алатыны қандай рас болса, біздің бүгінгі ізденістеріміздің де бабаларымыздың бағзыдағы ізденістерінен өрбіп жатқандығы сондай даусыз. Ендеше ардақты ата-бабаларымызға көрсететін ең асқақ құрметіміз – олардың әділдік пен ізгілік, жасампаздық пен жарастық жолындағы рухани ізденістерін одан әрі тереңдетіп, одан әрі жемісті өрістете білу болса керек. Пір Бекет те арттағы ұрпақтың сондай өрелі мұрагерлік құрметіне лайық.


 

– Әңгімеңіз үшін рахмет! Жасарып, жаңарып жатқан қауымымыз бағзы бабалар көксеп өткен армандарға жете бергей!


 

– Әумин! Айтқаныңыз келгей!


 

Әңгімелескен Маңдайлы ҚОСЫМБАЙ,

«Егемен Қазақстан» газеті, 30.08.2000


 

 

 

 


 


 


 

ЖАҚСЫЛЫҚТЫҢ ЖАРЫЛҚАУШЫСЫ


 

(Атырау облысы Жылыой ауданында Бекет Мырзағұлұлының туған жері Ақмешітте

Атаның 260 жылдық асында оқыған баяндамасы)


 

 

Жарықтық Пір Бекет тегін жерге мешіт салмайды ғой. Айналаға қараңыздаршы. Батысында – Сарайшыққа жеткізіп, Еділ асырар Бақашы өткелі; Шығысында – Үргенштен Үстірт арқылы келе жатқан көне сауда жолы; Ортасында теңізге асыққан ақ түтек. Атамыздың иткөйлегін жуған су – Жемнің аяғы. Әу бастан-ақ дін Ислам бұл өлкеге осы арадан аяқ басқан. Көне кітапқа үңілейікші: «Түйе терісінен істелген бөстектерді алып, жерге жайдық. Әбден уқалап, керіп, создық. Ішіне киім-кешек тығып, толтырдық. Сосын қампиған мес бөстектерді суға салдық. Әрқайсысына төрт-бес кісіден жайғастық. Алғашында шыр айналып бір орында тұрып алды. Артынан ағысқа ілесіп, зымырай жөнелді... Жем өзенінен осылай өттік», – деп жазыпты 922 жылы Еділ бойындағы пешене-бұлғар Қалдар Әлмүшті Исламға кіргізіп қайтқан Бағдат елшілігінің хатшысы Ибн Фадлан. XII ғасырда моңғол келді. Бүкіл Дешті Қыпшақ Алтын Ордаға айналды. Бату – буддист. Сартақ – христиан. Ұлақшын мен Тудамеңгі Батудың христиан әйелі Борақшынның сүйікті немерелері. Тек Берке ғана енесінің құрсағынан мұсылман болып туыпты. Кәпір арасында жүре алмаймын деп Бұқар асыпты. Джалаладдин Кубраның жолын қуушы шейх Сайфеддин Бахарзидан тәрбие алыпты. Бір күні ұстазы: «Еліңнен бүлік шықты. Барып қорғап қал!» – депті. Берке жолға шықты. Қаракөлге дейін соңынан сегіз адам ереді. Сарайшыққа дейін бес жүзге толады. Еділге жетсе, мың болады. Күнгейден қол қарауытады. Күлзім теңізінің батыс бетін жағалап келеді. Ираннан келе жатқан Хулагу әскері. Жұрт сасайын деді. Берке қалтасынан асық шығарды. Иіріп көрсе алшы түседі. Жүгіріп Қыр Машықтың биік шағылына шығады. Жалғыз тұр. Жау қамап алады. Берке дүрсе қоя береді. Жау бет-бетіне қашады. Сөйтсе, анадайда жер қайысқан қол тұр дейді. Мың адам олардың көзіне көп болып көрінеді. Аспан шатынап, жер қақырағандай болды. Бұл, әрине, аңыз. Бірақ Беркенің 1257-1321 жылдары Алтын Орданың төртінші ханы болғаны рас. 1263 жылы Исламға кіріп, Бұқардағы Сайфаддин Бақарзиға қол тапсырғаны да рас. Еліне Көне Үргеніш жолымен қайтқаны да рас. Сонда осы арамен өткені де рас. Өле-өлгенінше ең соңғы мұсылман халифы Аль-Мұстасимнің көзін қүртқаны үшін Ирандағы Хулагумен өштесіп өткені де рас. Бірақ баласыз Берке арманда кетті. Одан кейінгі таққа отырған Бату тұқымы әр дінмен әуестенді. Көбіне бірінің ізіне бірі түсті. Тіпті Тоқты ағаның тұсында біржолата биліктен айырылып қала жаздады. Ол өзінен кейін хан болатын Елбасарға бақталас болмасын деп, аталастарының бәрін құртты. Сөйтсе, ойда-жоқта Елбасар да өлді. Тұқымын тұздай құртқан Тоқты аға енді еңіресін келіп... Сонда өзі өлтірген інісі Тоғрұлдың Ұрымнан алған әйелі Келін Баялын қайнағасына сырын айтады. Жас кезінде баласын бұдан жасырып, төркініне асырыпты. Шал бұны естіп қуанады. Баланы алып келуге ауыр қол аттандырады. Олар келгенше көз жұмады. Қалған аталастарының батылы бармайды. Бас уәзірі бар екен. Орнына сол болады. Сөйтсе, кеткен әскер Өзбек ханды тауып әкеледі. Ол уәзірді өлтіреді. 120 төре ажал құшады. Қалғандарын қараға таққа жол бергендері үшін жер аударады. Жан-жақтан диуаналар қаптайды. Әрқайсысы ханды өз дініне кіргізгісі келеді. «Қайсысыңның әруағың күшті болса, мен соның соңына еремін», – деп Өзбек шіренеді. Кім жанып тұрған тандырға кіріп, аман шықса, сол жеңетін болады. Сонда Бабаб Туклас деген кісі жеңіп шығады. Ол Қожа Ахмет Ясауидің шәкірті Сүлеймен Бақырғанидың үшінші халифасы Зеңгі атаның үшінші халифасы Садраддин Ахмет Баба Туклас дейтін шейх еді. Әбу Бәкір Сыдиықтың нәсілінен еді. Жұрт оны Сәдір ата дейтін. Қабірі Қарасманда жатыр. Әмір Темір барып, басына тәуап еткен. Сол Баба тұқымы Өзбек ханды 1321 жылы дінге кіргізген сапарына осы Үргеніш жолымен барып қайтқан.


 

 

Алтын Орда мен Тұранның арасында


 

 

Алтын Орда мен Тұранның арасын жалғап жатқан бұл жолмен кімдер өтпеген, нені көрмеген?! Бұл жолдың бойымен Тоқтамыстан қашқан Темір Құтлық пен Едіге Самарқандағы Әмір Темірді паналайды. 1286-89 жылдары Хорезм жорығына Тоқтамыс та осы жолмен аттанады. Жетпіс ұлысқа ыдыраған Алтын Орданың бойындағы ұлы сүрендердің талайына осы жол куә болады. Бір кезде Темір ертіп барып Алтын Ордаға хан қойған Құйыршықтың баласы Барақ Хорезмде хан боп тұрып, Хиуада жүрген Едіге баласы Мансұрды өлтіреді. Сонда бауырлары Ғази мен Наурыз қуып барып, Барақты мерт етеді... Жә, көне жолдың көне шежіресін санап тауыса алмайсың. Сонда өлген Барақтың баласы мен немересі Жәнібек пен Керей 1460-70 жылдары Жем мен Ойылды тастап, Жетісу ауады. Одан балалары Бұрындық пен Қасым билік алды. Бұрындық Сарайшықта тұрды. Қасым 1519 жылы ноғайларға да үстемдік орнатқысы келді. Ол да Сарайшықты иеленді. 1521 жылы қайтыс болады. Баласы Ақназар апасы Бұлдыр ханымның қолында өседі. Ол Шейх-Мамайдың әйелі еді. Ақназар башқұрттар мен қазақтарға хан сайланады. Ол 1550 жылға дейін ноғайлармен тату болды. 1557 жылдан 1611 жылға дейін екі ара жауласты. Алты ауыл мен Жетісай арасында жүрген Кіші жүз қазақтарға түпкілікті қосылды. Атамекенді қалмақтар алды. Ол кезде Қаратау мен Сырдан басқа Ертістен Жайыққа дейінгі далалар қалмақ қолында болды. Хо-Өрлік, Шүкір, Моншақ тайшылар Тибеттегі ламалармен әмпейлесті. Аюке орыстарға бодан емеспін, одақтаспын деп ұқты. Сексен төртінде қаза тапты. Соңы іркіс-тіркіс болды. Бұл ара соның бәріне куә болды.


 

Жә, берірек жақындалық. 1745 жыл. Қара суық қыс. Күншығыстан шұбарытқан жүзі ызғарлы қазақтар. Осы арадан теңізге өтіп, мұз үстімен Еділге дейін барып, Красный Ярды тонады. 1746 жылы тағы да қайталады. Қайтар жолда Индерде тосқауылға тап болды. Бұл туралы 1747 жылдың желтоқсанындағы Неплюев рапортында Әбілқайырдың Борсық, Нұралының Қаратамақ, Есеттің Қаракөл, Әжібайдың Жем сағасындағы Көктөбені қыстап отырғаны айтылады. Нұралыға 1750 жылы Бестамақта не Жем аяғына қала салып беру ұсынылады. 1757, 1762 жылдары бұл ұсыныс қайталанады. 1771 жылы 5 қаңтарда Убашы қалмақ 30 мың үйімен Жайықтан өтіп, Жоңғарияға жол тартты. Енді қазақтар бүлінді. Сырым 1785 жылы Нұралымен түпкілікті кетісті. Ел Жем аяғына ұйысты. Ереуілдеген халық 1780-91 жылдары күнде кеңес құрады. Әлім Құдаш, Сегізбай, Бәйіш, Нұрбай, Сартай, Жансары, Төртқара Өтебас, Қаракөбек, Тілбай, Қаракесек Айдарбек, Қаражан, Шөмекей Арыстанбек, Ақтан, Кете Көккөз, Мақұл, Өтек, Алаша Азамат, Сапар, Өтеулі, Шеркеш Тұрмамбет, Есенаман, Көсем, Жарқын, Таз Қолжабай, Ысық Бердәлі, Қаратау, Көсек, Адай Атақозы, Өмір, Шотан, Асан, Беріш Қара, Саржала, Есентемір Сасықбай, Жаппас Тілеке, Дедеріс, Байбақты Едіге, Асқар, Тана Сұлтанәлі, Қосдәулет, Малайсары, Елші, Жағалбайлы Сағыр, Тотай, Табын Есіркеп, Тіленші, Тама Қадыр, Садыр, Кердері Жомақ, Қабыл, Қоныс, тағы да басқа жақсылар мен жайсаңдар жиналады. Заман азды, заң тозды, не істеу керек?


 

 

Бекет батыр да болды


 

 

Бастас ағасы – Атағозы, түйдей құрдасы – Өмір, тағдырластары – Шотан мен Асан қатысқан бұл жиыннан Бекетті неге көрмейміз? Оның сырын кейін білеміз. Әйтпесе, Бекет Ата аса таяқтан бұрын қолына найза ұстаған. Тіпті Еділ қалмақтарымен болған бір соғыста Бекет жалғыз өзі ту көтеріп шыққанда, жау быт-шыт болып қашыпты деген дерек бар. Осынысы үшін ханшайым Бопай оның бетінен сүйіпті. Өйткені Бекет – жақын жиені еді. Бопай табынай Сатыбалдыдан туса, оның әкесі Әлмембеттен Ікәй, одан Жәния туған еді. Жәния – Бекеттің анасы еді. Қысқасы, қысталаң заманның қиянаттарына ол да қиналған. Ата жаумен айқасқа шыққан. Жеңсе желпініп, жеңілсе күйзелген. Талай жаны мұрнының ұшына келгенде, ғайып перендер көмекке келген. Жаудан құтқарған соң, нышан берген. Әуелі ағып жатқан судан жұмбақ қол көрінген. Сосын бес саусағын жайып, жым-жылас жоғалып кетіп отырған. Бекет атамыз бұны: «Алланың жалғыз екенін естен шығарма. Бес парызыңды орында дегені», – деп жорыған. Алла ақиқат. Жалбарынуға лайық жалғыз мұрат сол. Оған жақындау үшін рухани шыңдалу керек. Әуелі адам шыңдалады. Сосын қауым шыңдалады. Қауым қоғамды шыңдайды. Әлеумет сонда оңғарылады. Сондықтан әлеуметтің ісіне әркім оңтайын тауып атсалысуы керек. Осылай ойлаған Бекет бабамыз «ақл-и-хақ» жолына түсті. Бұл – аса жауапты қиын жол еді. Өйткені кез келгенге қасиет қонбайтын. Таңдап-таңдап талаптыға қонатын. Қасиет әуелі Мұңалұлы Жаулыға қонды. Жауға найзасын білеген Жаулы батырдың ұлы болмаса, Қосқұлақ – атақты Қарабура әулиенің тұқымы, Бұқардағы әйгілі Көкілташ медресесін салған Көкінің ұлы Есет батырдың үйіне батылы барып кіріп, қызына құда түсе алар ма еді?! Әкесінің даңқын малданып барып отыр. Сөйтіп, Таманың әрі батыр, әрі әулиесі Есет сүйікті қызы Меңсұлуды Қосқұлақтың ұлы Жаналыға ұзатады. Ол да әруақтан құралақан болмай шықты. Өйткені арғы түбі Шайқы Бұзырық Сейіттен тарайтын Сабұлт әулиенің тұқымы назар Қожа, Құдай сәтін салып, Адай арасына келіпті. Жайықұлы Әлмәмбет бидің жалғыз қызы Ікәйға үйленеді. Би өлгенде қоңыр үйін сол тігіп қалып, «Қоңыр үйлі Қожа», Ікәйді ұлан ауруынан киік сүтімен емдеп жазып, «Киік сауған Қожа» атанды. Назар мен Ікәйден туған Жәния қызды Жаналының Мырзағұлына айттырады. Олардан төрт ұл, екі қыз туады. Қыздарының аты – Әпуәш, Ақмаңдай. Соған қарағанда, немерелерінің атын қоюға Меңсұлу әжелері араласқан сияқты. Ақмаңдай – Есеттің өзі жауда жүргенде қалмақтар алып кететін сүйікті ұлы еді. Ол үшін Табын Бөкенбай екеуі Еділ қалмақтарын талай шапқан-ды. Өле-өлгенше әкесі Есет аңсап өткен бауырының есімін Меңсұлу немересіне қойған. Онымен қоса, немересінің үлкені Меңдіқұл да Меңсұлудың құрметіне қойылған болса керек. Жастайынан Назар қожа нағашысының қолында өскен Меңдіқұл да Исламға айрықша ынтық болып, Хафиз атаныпты. Өзі жастайынан жау қуалап, батыр болып кеткендіктен, інісі Бекетті дін жолына баулыпты. Онысы ақыл болыпты. Әуелден «батырлар бұл жолы жорыққа шықсын», «бұл жолы шықпасын», – деп, «сәуегей бала» атанған Бекет медреседе бірден көзге түседі. Өзбек Пахлаван Равнак, түрікмен Мақтымқұлы Пырағы, қарақалпақ Әжнияз Қосыбайұлы сынды аты мәшһүр адамдарды тәрбиелеген Хиуадағы Шерғазы медресесін бітіріп, шатырхат алып, елге оралады. Алғашқы қызметін Үргеніштен келетін көне сауда жолының бойындағы ақ шекелек жоталардың біреуін үңгіп, мешіт салып, бала оқытудан бастайды. Өткен-кеткенді ойлап, көп толғанып, әуелден Алланың нұры түсіп, қасиетті жер екендігін білсе керек. Содан Маңғыстауды қайта жайлай бастаған қазақтарды жәуміттер ұната қоймайды. Ел арасы дүрлігеді. Солармен бірге көшіп, бітуәжалық қызмет атқарады. Бейнеуде, Тобықтыда, Байшағыр-Баялыда, Оғыландыда тауды үңгіп, мешіт тұрғызады. Қай істің де жанжалсыз біткенін жақтайды. Қараман атадағы анттасу – Атаның ел бірлігін жанын салып қорғағандығына айқын куә еді. Қан төгіп емес, тер төгіп, жер бетін құтты мекенге айналдыруға болады. Иман адамның жанын жаңартып қоймай, жерінде абаттандырады. Қырық жасына келгенде, ұстазы Мұхаммед Бақыржан Әзиз аян беріп, Хиуаға шақыртады.


 

 

Ғажайып қасиеттер дарыған жан


 

 

Хиуа – бүкіл Ислам дүниесі мойындаған ірі діни орталық еді. Онда мұсылмандар үшін қадірлі жарық жұлдыздар көп еді. Ең құрметтісі – моңғолдар өлтірген Жамаладин Кубра еді. Қожа Ахмет атамыз атақты орындарды мұсылман дінінің шұғыласымен нұрландырып еді. Сол игі іс үздіксіз жүзеге асуда еді. Діни ағартушылықпен шұғылданатындардың көбі арғы тегін Мұхаммед пайғамбарымнан бастайтын. Оның немере інісі Әзіреті Әли мен өз қызы Фатимадан туған Хасан ұрпағын Шәріп, Құсайын ұрпағын Сейіт дейтін. Әлидің рум қызы Ханфиядан Мұхаммед-Ханафия деген ұл сүйгені белгілі. Сонымен Әубәкір, Оспан, Омар халифтерден туғандарды қожа дейтін. Сейіттер мен қожалардың қосылуынан жаратылғандарды миан дейді. Мұхаммед Бақыржан Әзиз Хұсайынның жиырма алтыншы ұрпағы еді. Ол Хиуа ханы Инак Мұхаммед Аминнің қадірлі замандасы еді.


 

«Ол кезде жасы үлкен адамдарды, яғни қырық жастан асқандарды ұстаз етіп тағайындайтын», – деп жазады «Фирдаусул Икбал» кітабы. Ал «Рисолайи хилфати суфико» кітабында Мұқаммед Бақыржан хазірет «Заманымыздың ұлы сейиді», Мұқаммед Сұлтан хазірет «Өз дәуірінің ұлы шейхы», Молда Мұхаммед Пана «Өз дәуірінің ұлы ахуны», Бекет хазірет «Өз заманының ұлы сопысы», – деп ұлықталады. Әрқайсысының алған атақтары сараланып көрсетіледі. Сондай-ақ Бекет хазіретке берілген атақты «Пайғамбарымыздың сүннетін көзінің қарашығындай сақтаушы және оны таратушы. Мұсылман қауымның ішіндегі ең ұлысы, әзизі әрі қадірлісі, Алла Тағалаға ең жақын және Алла Тағаланың ең құрметтісі, өз дәуірінің ұлы сопысы деп атанған адам», – деп түсіндіріледі. «Тазкираи Мухаммед Бакир» қолжазбасында: «Бекет Ата өмірінде қиындықтарды көп көріп, адам таңғаларлық кереметтер істей алатын үлкен қасиет иесі, сопылықтағы ең жоғарғы мәртебе «машайық» дәрежесіне жеткен, түріктер мен өзбектер арасындағы атағы кең жайылған белгілі адам еді. Ел оны «Ахмад» деп дәріптейтін. Көңілінде бір Алланы ұстап, құлшылығын өз уақытында орындап отыру тек жасы үлкен адамдарға тән болса, ол жас кезінде-ақ Аллаға сол үлкендерше құлшылық ететін еді», – деп көрсетілген. Демек, ұстанған жолы сопы, жеткен деңгейі машайық, дәрежесі Пір деп мойындалғаны. Бұл қазақ даласында өте сирек кездесетін құбылыс-ты. 1788 жылы түрік елшісі Интурлы-пашаның келуіне байланысты Бұқара аталығы Шах-Мұрад қазақ ақсақалдарына арнаған жолдауында дінге салғырттығымызды бетімізге басқан-ды. Мұндай жағдайда Бекеттің бұл шарықтауы «Мединада – Мұхаммед, Түркістанда – Қожа Ахмет, Маңғыстауда – Пір Бекет» десе, дегізгендей еді. Сопы – тек бір Алла алдында ғана құл, халықтың алдында азат. Бірақ саясатпен айналыспайды. Машайық – сопылықтың ең жоғары деңгейі. Періштелер аян беретін адам. Машайық болса ғана сопы Пір бола алады. Бекет Ата 1790 жылы сопылық жолдың пірі аталған-ды. Ол жиырма үш жыл бойы Пір болып, бұл атақ өзімен бірге мәңгілікке қалды.


 

 

Ол адамдарды бірлік пен үйлесімділікке шақырды


 

 

Бекет Атаның бүкіл емірі адамдар мен халықтар арасындағы қақтығыстарды тежеп, қоғам мен табиғат арасындағы үйлесімдікке шақырады. Береке мен пәтуаны, ынтымақ пен ыждаһатты іздепті. Әулекіліктен тартындырып, әділеттілікті мұрат етті. Шариғат пен Ата жолын табыстырып, заманауи өзгерістерді жақсылыққа қызмет етуге үндеді. Бекет өнегесі – тарихи сабақтастыққа адалдықтың үлгісі. Екі жүз алпыс жыл бойына отаршылдық пен тоталитарлық басыбайлыққа тойтарыс беріп, отаншылдық пен бұқарашылдықты жебеді. Тәуелсіздік алған халқымыз бабамызға шексіз ризашылығын білдіріп, басын иіп, ізгілікке үндеген шарапатты жолын қастерлей береді. Ілгері басқан әр қадамымызды қайырлы қыла көр, жақсылықтың жарылқаушысы Пір Бекет әулие!


 

15.09.2010


 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар