Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Әбіш Кекілбайұлы: Мұхтар Әуезовке дейінгі қазақ пр...

31.07.2017 5710

Әбіш Кекілбайұлы: Мұхтар Әуезовке дейінгі қазақ прозасы тым әлжуаз еді...

Әбіш Кекілбайұлы: Мұхтар Әуезовке дейінгі қазақ прозасы тым әлжуаз еді... - adebiportal.kz

«Сырт сұхбат» айдары бойынша Әбіш Кекілбаевтың «Мерей сөз» атты кітабымен сұхбаттастық. Бұл сұхбатта қазақ әдебиетінің қалыптасу, шарықтау кезеңі туралы салмақты пікірлер айтылады. XX ғасырдың айтулы 60-70 жылдарындағы әдеби процесті қаз-қалпында көрсетуге тырыстық.

Әлем әдебиетінің тарихында көлемді романдардың алғашқы нобайы жиынтық образдан құралған бір ғана кейіпкерді алға шығаратын эпостар арқылы жасалғаны жасырын емес. Осы пікірге сүйене отырып, қазақ әдебиетінің романға, жалпы прозаға деген дайындығы тым әріден басталғанын бағамдаймыз. Уақыт өте келе эпостың қаһарман кейіпкерлері қарапайым адамдарға айналып, олардың өміріндегі келеңсіз іс-әрекеттерді келемеждеу, сынау сияқты тәсілдер алға шықты. Бұл туралы бір жазбаңызда: «Ежелгі эпостың осы заманғы сан қырлы сарапшыл романға айналуының мұндай эволюциясы – тарихи поэтика деп аталады» - депсіз...

Бұл терминді алғаш рет қолданысқа енгізген академик А. Веселовскийдің пайымдауынша, батырлық эпос қаһарманы – халық өмірі мен жеке адам тағдырын – әу бастан бөліне-жарылмас біртұтастықта бейнелесе, кейін қалыптасқан роман кейіпкері ондай біртұтастықты өзін-өзі жете танып өз тағдырының түпкі мағынасына қапысыз қанығу арқылы түйсігетін болды. Сондықтан осы заманғы романдардың өзегін әлгіндей жарастың емес көбіне көп, керісінше, адамдардың нақты тағдыры мен оның түп табиғаты жасақтайтын етене мүдде-мақсаттарының арасындағы сәйкессіздіктер құрайды. Сөйтіп, роман да эпос, бірақ, жеке адам тағдырының эпосы болып табылады. Бұл, негізінен, адам мен қоғам арасындағы қатынастардың өздеріне тән сипатта табиғи өрістеуінен өрбиді. Соған байланысты роман ашық немесе тұйық деп сипатталады. Тұйық роман көбіне көп бір адамның тағдырына, тіпті, оның басындағы бір оқиғаның төңірегіне құрылса, ашық романдағы қаһарман тағдырының мәні өмір сүріп отырған ортасымен сан қилы қарым-қатынасының жан-жақты сарапталуымен ашылады. Тікелей бір адам тағдырын зерделей отырып сол тұстағы қоғамның өмірін терең талдады.

Демек, соңғы ғасырдағы классикалық шығармалардың көбісі «ашық романға» құрылған ғой?

Мәселен, О.Бальзак әрқилы орталық кейіпкерлердің тағдырларына жеке-жеке роман арнап, олардың әрқайсысын жеке-жеке сұрыптай отырып, бүкіл адамзат қоғамының жиынтық сараптамасын жасайтын «Адамзат комедиясын» туғызады. Ф.Достаевскии романдары да осындай бағытта өрбиді. Бірақ, оларды «Адамзат комедиясынан» гөрі «Адамзат трагедиясы» деп атаған дұрысырақ болар еді. Өйткені, Достаевский адамзат басындағы бақытсыздықтарды ашықтан ашық трагедиялық сарында айшықтаса, Бальзак трагикомедиялық, тіпті, тап-таза фарстық тұрғыда шешімдеді. Ал Лев Толстой суреттеу мен кейіптеуді обьективтендіру мен субьективтендіруді жарыстыра пайдаланып, Бальзак пен Достаевскийлердің әр романда әр қырынан үңілген алуан сипатты адамзатты кең қарымды бір романда әрқилы кейіпкердің әрқилы дүние түйсінуі тұрғысынан әр қырынан жіті зерделенген, мейлінше мол ауқымды сараптамасын қапысыз сомдап бере алады. Ол адамзат болмысын тұтастай қарастырып жіліктеп жіктейтін эпопеялық роман («Соғыс және бейбітшілік») жазуда да, адамзат басындағы ең өзекті мәселелердің әрқайсысын жеке-жеке сарқа толғаған даралама романдар («Анна Каренина», «Арылу») жазуда да, мұхит түбінен інжу, жер қыртысынан алмас іздегендей тұңғиық тереңге бойлайтын сүңгуір сипатты хикаяттар жазуда да әлемдік прозаның ең шырқау биігіне самғап көтеріле алады. Бұл – бүгінгі көркем ойдың зенитіне айналған ең зеңгір координаттар еді.

Әлемдік эпиканың осындай аса күрделі эволюциялық жолынан өту үшін ұлттық әдебиеттердің бәрі-бәрі бірдей қарқындылық, бірдей жемістілік таныты алған жоқ. Жоғарыда көрсетілгендей ежелден жазу-сызуы бар елдердің өздері бұл жолда алды екі мың жылдан, арты бір мың жылдан асатын аса ұзақ сапар шекті. Шыңдап келгенде халықтық эпостың авторлық романға айналуы кітап басу ісімен тығыз байланысты болды. Гутенберг кітап басудың техникалық тәсілдерін ойлап тапқаннан бергі 667 жыл әлем халықтарының эпикалық көрем шығарма тудыруды түбірімен қайта жүйелеген шешуші кезеңі болды. Бұл техникалық жаналыққа алдымен қол жеткізген әдебиеттердің өздері мұңдай эстетикалық тұрғыдағы түбегейлі қайта қарулануда әрқайсысы әрқилы нәтижеге жетті. Өз тұсындағы барша әлеуметтік көңіл күйді бір кейіпкердің басына тоғыстырып, «ашық» және «экстенсивті» романды алғаш тудырған, «Дон-Кихотты» жазған Мигель Сервантесті берген испандар еді. Ол кезде феодалдық томаға-тұйықтықтың құшағындағы басқаларды былай қойғанда басыбайлы кіріптарлықты алдымен күйретіп, бұрынғы шаруалар өз ноқтасын өз қолдарына алып, егістіктер мен фермаларын тастап, мануфактураларға қарай жаппай шұбырған ағылшындардың өздері көпке дейін батырлық дастандары мен төбе шашынды тік тұрғызатын төтен зұлымдықтарға толы трагедиялардың әсерінде жүрді.

Біз көбіне эпосымыз бен фальклорымыздың байлығына қарамастан қазақтың классикалық әдебиетін XIX аяғы – XX ғасырдың басынан бастап жатамыз. Неліктен?

Өйткені, ұлттық дамудағы түбегейлі өзгеріс бұған дейінгі сырт қалып келген әлемдік дамудың озық бағыттарына бел шешіп тәуекел етпей тұрып, ойдағыдай жүзеге аспайтын еді. Тіпті ондай нар тәуекел табылған күннің өзінде, оны жетер жеріне жеткізбей тынбайтын тегеурінді талант керек еді. Ол тумай тұрып қалаған мақсатымызға бәрібір жете алмаушы едік. Қашан Абай туғанша біз де сол күнді бастан кештік. Әлеуметтік озық көзқарастар мен сол жолдағы жекелеген ізденістер үйреншікті фольклорлық үлгілерден көпке дейін алысқа ұзап кете алмады. Қазақ поэзиясы сол кездегі заман мен адамның барша рухани сұраныстарын толықтай өтеп қана тынбай, айта қаларлықтай ілгері бастыра алатын кәсіби жазба поэзияға, замануи шынайы лирика мен реалистік поэмаға дендеп бара қоймайды. Олай болуы үшін тек өз ұлтының ғана емес, өз тұсындағы бүкіл адамзаттың озық ойы мен озық эстетикасының шырқау биігіне бір-ақ самғап көтеріле алған сұңғыла білім, сұрапыл талантқа ие Абайдай алапат тұлға керек еді. Абай біздің көркем сөзімізді адамзат ақыл ойының шырқау шыңына, көркем ойдың нағыз ғарыштық биігіне бірден көтеріліп беріп еді.

Алайда ұлттық әдебиет оза дамыған жалғыз жанрдың, оның үстіне, ұзақ уақыт ауызша айтуға баулынған ежелгі эпикалық поэзияның ауқымында нағыз осы заманғы зерделеу құбылысына айнала алмас еді. Ол үшін адамзат көркем ойы мен әлеуметтік санасының ең бір ұтымды әдістерімен қаруландырып, тың жатқан тұңғиық қабаттарына бойлататын жаңа жанрларды, әсіресе, әлемдік әдеби дамуға шешуші ықпал еткен осы заманғы прозаның суреткерлік арсеналын кемел меңгеру керек еді. Абайдай жүрек жұтқан ерлік пен қадалған жерінен қан алмай тынбайтын қазымыр ойшылдық, шідер үзген данышпандық керек еді. Мұхтар Әуезов дәл сондай бүкіл қазақ жұрты ғасырлап толғатқан, кең-байтақ қазақ сахарасы ғасырлап сағына күткен саңлақ тұлға болып шықты. Ал Әуезовқа дейінгі қазақ әдебиетіндегі прозаиктік тәжірибе Абайға дейінгі ақындық дәстүрлермен тіпті салыстыруға да келмейтіндей тым әлжуаз еді. Фольклорлық проза үлгілерінен «Алдар Көседен», авторлық проза үлгісінен Абайдың «Ғақлиясынан» басқа іліп алар ештеңе жоқ еді. Рас Спандияр Көбеевтің «Қалың малы», Міржақып Дулатовтың «Бақытсыз Жамалы», Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қамар сұлуы», Ыбырай Алтынсариннің, Ғұмар Қарашевтің, Бейімбет Майлиннің шағын эпикадағы талпыныстары, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсіреповтің тырнақалды туындылары бар еді. Бірақ, олардың тақырыптық елеуліктері мен әлеуметтік пафостарына қарамастан, көркемдік, суреткерлік деңгейі әрі жаттығу деңгейіндегі дүниеліктер еді. Рас, олардан қай жағынан да көш бойы ілгерілеп кеткен Жүсіпбек Аймауытов шығармаларының қазақ прозасының қалыптасуында үлкен тарихи маңызға ие екендіктері даусыз. Алайда, оларды Аймауытовтай мол суреткерлік тегеурінге ие қаламгердің шығармашылық мүмкіндіктерін толығымен аша алған қапысыз туындылар еді дей алмаймыз. Оның үстіне Мұхтар Әуезовтің таңданбасына қоймайтындай тамаша стартына бірден бір түрткі болған ықпал көзі жалғыз сол еді деу де ақиқатқа сәйкеспес еді.

Мұхтар Әуезовтің қай шығармасы әлемдік озық туындылармен иық тіресе алады?

Ол кездегі қазақ прозасының осыншалық балаңдығына қарамастан, Әуезовтің прозадағы алғашқы аяқ алыстарының соншалықты мығым, соншалықты нық болғандығына қайран қалмасқа болмайды. Бар болғаны шет аймақ қаланың бес сыныптық мектебі мен қысқа мерзімді мұғалімдік семинариясын бітірген, бір жыл медресе оқыған дала боздағы бұның бәріне көз майын сарыққан оқудың, ең үздік үлгілерді ерінбей-жалықпай тіміскілеген тыңғылықты штудияның арқасында емес, табиғаттың «кетсе, саған кетсін» деп аямай, асырып-төгілтіп бере салған мейлінше мол талантының арқасында жетіп еді. Тағдыр мен тарихтың тумай жатып көрсетіп баққан құқайлары мен аса қатал сынақтарының салдары еді бұл. Бүкіл ұлттық болмысымыздың қыры мен сырынан ештеңені қағыс қалдырмай, түгел көрсетіп бере алған тағылымға толы өскен ортасының сезімтал көкірекке дер кезінде егіп үлгерген жемістері еді. Өмір бойы тыншу көрмей өткен нәзік жүрегі мен елгезек ақыл-ойының сергелдең ізденістерінің нақты нәтижелері еді.

Дәл осындай таңғалғаннан таңдайынды талмап жұтып қоярдай тамаша шедевлер санатына адам түгілі жан-жануардың өзіне жер бастырып жүргізбейтін әлеуметтік қараулық пен қаталдықты жеріне жеткізе әшкерелеген «Көксеректі» жатқызуға болады.

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында жарқ ете қалған қаламгерлер қазақ прозасына қандай үлес қосты?

Соғыс тұсында біреулері майданның, біреулері тылдың қиыншылықтарын көріп қалған ұрпақ тек таудай талаптарын ғана емес, алған беттен қайтпайтын қайсар мінездерін де танытты. Қасым Аманжолов – сол көзапара қолдан жасалып, көзапара қатып-семген қасаң қағидаларға айнала бастаған жадағай тоғышарлық санаға қаны қайнаған ашу-ызаның айқын көрінісі еді. Сондай тосын тегеурінді жас прозашылар да байқата бастапты. Мәселен, ол кезде аттары аталмайтын Міржақып Дулатов пен Жүсіпбек Аймауытов, ғасыр басындағы Сұлтанмахмұт Торайғыров пен Спандияр Көбеевті былай қойғанда, роман жанрына тек Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафиннен басқалардың жүректері дауалай қоймайтын. Сөйтіп жүргенде, әскерден кештеу оралған қос майдангер Әбдіжәміл Нұрпейісов пен Кәмен Оразалин шинельдерін шешпестен біреуі Шалқарда, біреуі Шыңғыстауда, солдат өмірінен шығарма, жазып екеуі бір жылда – 1950 жылы біреуі «Курляндия» атты роман, біреуі «Жексен» атты қомақты повесть жазып шыққаны айды аспанға бір шығарғандай айтулы оқиға болды. Тіпті Әбдіжәміл Нұрпейісов бір-ақ рет беріліп, кейін тоқтап қалған Жамбыл атындағы сыйлықтың лауреаты да атанды. Сол ақ-екен, Монбланға ұмтылған альпинистердей роман жанрына жастар да жарыса қол соза бастады. 1953 жылы «Әдебиет және искусство» журналында Сафуан Шаймерденовтің «Болашаққа жолы» басылды. Ал 1956 жылы Зейнолла Қабдолов дәл сол жорналда дәл сол студенттер өмірінен «Өмір ұшқыны» повесін жариялатты. Дәл сол 1956 жылы Тахауи Ахтановтың «Қаһарлы күндер» романы жарық көрді. Алматыдағы қанаттастарын көріп, арқасы қозды ма, Мәскеуде саяқ жүрген Тәкен Әлімқұлов та әңгімелерден сүбелі жанрға көшіп, 1966 жылы әуелі «Қаратау перзенттері», кейін «Ақбоз» ат деп атаған романын шығарды. Бұндай күрделі жанрдағы ең алғашқы іргелі туындыларын Ә.Нұрпейісов 26, З.Қабдолов 29, С.Шаймерденов пен К.Оразалин 30, Т.Ахтанов 33, Т.Әлімқұлов 44 жасында жазды. Бұл – ол кездегі әдеби жағдайда төтен ерлікке барабар тосын құбылыс болды.

Қанша қасарысқанымызбен қазақ әдебиетінің дәуірлеген шағы XX ғасырдың 60-70 жылдарынан бастау алды ғой. Мұхтар Әуезовтен кейін ойға оралатын қаламгерлердің көбі осы буыннан шыққаны жасырын емес. Және олар белгілі бір деңгейде қазақ поэзиясы мен прозасына төңкеріс жасады...

Ол – жиырмасыншы жылдарғы таптық шайқастардан, отызыншы жылдардағы идеологиялық төмпештеулерден, қырқыншы жылдардағы соғыс сұрапылдарынан, елуінші жылдардағы космополитизм мен ұлтшылдыққа қарсы айқай – сүреңнен әбден есеңгіреп қалған әдеби ойдың бойына қайта қан жүгіріп, қайта жан кіре бастағанының айқын көрінісі еді. Аталмыш буын – ұлттық рухани жаңғыруымызды қайта жалғастырған алғашқы лек еді. Олар ұлттық әдебиетіміздің ресми идеология тарс жауып, тас бекітіп тастаған шойын есігін қатты серпіп, шалқайта ашып, алшаңдай аттаған алпысыншы жылдарғы албырт та асқақ рухани ізденістердің ізашарлары еді.

Сол жылдары тек астанада ғана емес, қазақ топырағының қай пұшпағында да қазақ сөзінің бағын ашатын жаңа бір жауқазын буын жарыса бас көтергенді. Жоқтық пен жетімдіктен, соғыс күйзелістерінен көздерін енді аша бастаған бұл жаны жарадар ұрпақ алдында ғана әдебиет табалдырығынан аттаған, күні кеше ғана майданнан қан кешіп, от сапырып оралған тәні жарадар ұрпаққа айрықша тілеулестікпен қарады. Алматыға аяқ басысымен, Ташкент көшесіндегі қиыр – шиыр қабірстанға барып, қайсар Қасым рухына тағзым етті. Әдебиет төңірегіндегілерден ең алдымен хрестоматия төріндегі төрт алыптан басқаға алдырта қоймайды деп саналған асқаралы асуға әп дегеннен ту тікккен әлгіндей жүрек жұтқандарды көру ол кездегі талапкер жастардың ең күшті ділгері еді.

Аталмыш жылдардағы Алматы әр күздің басында жайма базарларында жеміс – жидек, шарап, көшелерінде кітап жәрмеңкелерін өткізетін. Ақын–жазушылар кітап дүкендеріне бөлініп, ағылып келіп жатқан оқырмандарға қолтаңба үлестіретін. Аты – жөніңді әдейілеп сұрап алып, Мұхтар Әуезов «пәленше ініме», «пәленше қарындасыма», Әбділда Тәжібаев «пәленше балама», «пәленше қызыма», ал Сәбит Мұқанов «пәленше жолдасқа» деп, ұсынған кітабына қол қойып беретін. Тайыр Жароков пен Сырбай Мауленов күркіреп өлең оқитын. Асқар Мыңбай, Шоралар жарысып сықақ айтатын. Жазатын талапкер жастарды қалғандардан гөрі көбірек білетін Мұзағаң Мұзафар Әлімбаев кітабына көңіліңді көтерер қошемет лебіз жазып қолпаштай қол қоятын. Ол кездегі әдебиеттің сүт кенжесі, ауыздығымен алысқан арғымақтай арқалы ақын Ғафу Қайырбеков әркімге арнап табан астынан тапқыр да өткір өлең шығарып тұратын. Оған қасқа бас Қажым Жұмалиев пен дудар бас Қайнекей Жармағамбетов мәз болып, қарқ – қарқ күліп жататын. Ондай базарға қалам ұстағандар қалмай баратын. Тіпті Мәскеуде біреуі оқуда, біреуі қызметте жүрген екі саяқ – Әбдіжәміл Нұрпейісов пен Тәкен Әлімқұлов та келетін. Әбдіжәміл шиыра жазып, әр әрпін ойнаққа шыққан қунақы құлыншақтай құйрығын қайқайта шиыршық атқызып, Тәкен бауырсақтай – бауырсақтай бадана әріптермен бадырайта жазып, батпанақтай – батпанақтай қолтаңба ұсынатын.

Бұл буын тәжірибелі ағалардың тәрбиесі арқылы қалыптасқанын да айта кеткен дұрыс шығар. Ақиық ақын Мұқағалидың Әбділдә Тәжібаевқа арнаған өлеңінде бұл үдеріс анық сезіледі. Әбу Сәрсенбаевтың Жұмекен ақынға жасаған ағалық қамқорлығы да әдеби ортада жиі айтылады...

Алпысыншы жылдары әдебиет табалдырығын аттағандардың біразы Қос Әбекең – Әбділда Тәжібаев пен Әбу Сәрсенбаевтың алдын көріп, ақ батасын алғандар еді.

Әбділдә ақын Қуандық Шаңғытбаев таныстырған қолжазбаны оқып, Ақтөбенің алыс бір ауданында жүрген Өтежан Нұрғалиевті шақыртып алып, жүректері жарыла қуанып жатқанда, Әбу ақын Алматыда консерваторияның театр факультетінде оқып жүрген Сайын Мұратбековтың әңгімелерін оқып, онды – солды мақтап, масаттанып бақты. Әбділдә ақын КазГУде оқып жүрген Мағираш Серікованың жайма – шуақ жырларына сүйсінсе, Әбу ақын ауылда ауырып жатып жазған Қанипа Бұғыбаеваның қажырлы да қыжылды ойшыл өлендеріне тебіренді. Әбділдә Сарыағаштағы мұғалім Төлеген Айбергеновті төрге оздырса, Әбу Сәренбаев Ақсу беттегі бір совхозда парторг болып істейтін Құдаш Мұқашевты топқа қосқан-ды. Әбділдә Тәжібаев диктор боп жүрген Мұқағалидың талантына табынса, Әбу Сәрсенбаев бұрғышы боп жүрген Темірханның аяқ алысына тамсанды. Екеуі де ұлы даланың шалғай – шалғайында шабыттарына мініп, шаршы топқа түсуді аңсап, арман қуып жүрген талантты жастарды дәл тауып, шарапаттарына бөлеп бақты.

Елден ерекше мейірбан Әбу ақсақалдың майда алақанының майса шуағы талай маңдайды жылытқан-ды. Сәтті шыққан әр шумақты көзден таса қалдырмайтын елгезек ақын шідер үзіп тұрған шын таланттарды қайтіп елеусіз қалдыра алсын?! Ол, әсіресе, Жұмекен Нәжімеденов дегенде ішкен асын жерге қоятын. Құдайдың құтты күні: «Әй, Әбіш, Жұмекеннің әнеукүнгі кірген үйі суық болып шықты, «Алатау» жақтан басқа бір үй жалдап алды; «Әй, Әбіш Мүслима (Жұмекеннің анасы) тағы ауырып қалды»; «Әй, Әбіш, Жұмекен бір тамаша кітап бітірді ғой... Саған оқытты ма?» - деп үсті-үстіне телефон шалумен болатын.

Құлағымда әлі күнге саңқылдап тұрған осынау сөздердің ар жағында бір адамның жүрегіне симайтындай көл-көсір ықылас жататындығына енді-енді түсініп келеміз. Пәтерден пәтерге ауысып, бір қыста әлденеше рет көшіп жүретін Жұмекеннің үйіне ондайда бәрімізден бұрын Әбекең жететін. Баласындай кісінің жүгін тасысып, отын жағысып жүрген ақ бас ағаны көргенде қараптан-қарап елжіреп кететінсің...

Әдебиет бар жерде әдеби сын қатар жүреді. Сол 60-70 жылдардағы қазақ әдебиетінің озық туындыларына пікір айтып, батыл көзқарас танытқан Сағат Әшімбаевтың сыншылық талғамы туралы не айтасыз?

Әлі көз алдымда...

Ол ылғи анадайдан жарқылдай күліп, сампылдай сөйлеп, алабұрта амандасатын.

Дәйім бір нәрсеге күйініп не сүйініп жүретін.

Жалтыраған көз әйнегін жұлып алып, тосын бір сауалды алдыңа көлденең тартатын.

Айтайын деген әңгімесін айтып болып, жасаураған көзін сығырайтып: «Ал, Әбеке, құдайшылығын өзіңіз айтыңызшы», - дейтін.

Жалғыз менімен емес, жұрттың бәрімен солай сөйлесіп, солай амандасатын.

Үнемі бір жаққа асығыс аттанып бара жатқандай қапылатында жүретін.

Лапылтап атып, лапылдап батқан күн сияқты аса бір шуақты адам еді.

Кейбіреуді көргенде ойыңа белгілі бір оқиға түседі.

Кейбіреуді ойласаң көз алдыңа тұтас бір кезеңдер келеді.

Сағат Әшімбаевтың соңғы санаттан екендігі даусыз.

Оның тұлғасын дұрыс бағамдау үшін бұл ақиқатты алдымен мойындау керек.

Оның өмір жолын ұлттық руханиятымыздың тарихи тағдырынан тысқары қарастыру еш мүмкін емес.

Баршамызды толғандырған аса бір тарихи кезеңде ол лапылдап шыққан күндей болып ортамызға келді.

Баршамыздың сай – сүйегімізді сырқырата тебіренткен аса бір тарихи кезеңде ол лапылдап батқан күндей болып ортамыздан кетті.

Соның өзі-ақ, оның тек ата-ананың ғана емес, замананың перзенті екендігін ұғындырғандай еді.

Оның қабірінің басындағы ескерткіштегі дүниеге келгені мен кеткенін белгілейтін екі датаның ортасындағы сызықша біздің ұлттық есейіп жаңғыруымыздың айрықша бір мағынаға ие кезеңін тұтасымен қамтиды.

Ол бұл дүниелік азғантай жарығын түгелімен әдебиетке арнады.

Ол қаршадайынан әдебиет пен өнер балапандарына бірден бір бассауға болған «Лениншіл жастың» бөлімінде істеді. Оралхан Бөкей екеуі бұл бағыттағы өздерінен бұрынғылар салған сүрлеу – соқпақты одан әрі кеңейтіп ұзартпаса, кемітіп тарылтқан жоқ. Жаңа биіктерге көтеріп, тың арналарға бұрды. Кейін «Жалын» мен «Жұлдызға» келгенде де сол бағыттарынан танған жоқ.

Әдебиет пен өнердегі ең зиянды цехтан шырқ үйріліп шықпай қойған Сағаттың қайсарлығы тіптен ерекше еді.

Әдетте жұрт сыншы сынампаздығынан қорлық көреді деп ойлайды. Ол - жартылай шындық. Расында ол талғампаздығынан қорлық көреді. Шыншылдығынан қорлық көреді. Әділеттілігінен қорлық көреді. Талғампаз, шыншыл, әділетті болу оңай болса, жұрттың бәрі солай болар еді ғой. Ондай қасиеттердің тек қадау – қадауда біреуге бітіп жүргендігі де сол қиындығынан шығар.

Қай кездің әдебиеті де бір тегіс емес, ала-құла. Қаламгерлерінің таланты, шығармаларының көркемдік деңгейі бір деңгейде тұрған әдебиет әлемде ешбір елде, ешбір заманда кездескен емес. Оның жақсысы да, жаманы да болады. Құласын көрсетсең – ешкім қанағаттанбайды. Төбелін көрсетсең – көпшілікке жақпайсың. Жақсысын көрсетсең – тарылады. Жаманын көрсетсең – арланады. Нашарын сыңасаң – бір адамға жақпайсың. Жайсаңын мақтасан – былайғыларының бәріне жақпайсың.

Сондықтанда сыншыларымыз жалпы әдебиетті құла төбел қылып сиппаттап, жақсысын да, жаманын да ортан қол қып бір деңгейге бағалауға мәжбүр болады.

Мұндай ұстаным ешкімді шабыттандырмайды. Өсуге, биіктеуге, өрістеуге жігерлендірмейді.

Сағатты мұндай қанжылым сыншылық қанағаттандырмады. Сүреңсіздікке қарсы атой салды. Ол үшін кез келген орта қол шығарма мен ортан қол жазушыға ауыз салып ештеңе өндіре алмасын білді. Сондықтан қай буын өкілдерінің де жылт еткен жақсы шығармасын қағыс қалдырмауға тырысты.

Сағаттың мұндай ерекше елгезектігі мен әділеттілігін бір ғана өз тағдырымның деректерімен де жеткілікті дәлелдей аламын. Әу бастағы сыншылығымызды тастап, соғыс кезіндінендегі ауыл өмірінен повесть жазуға көштім. Әрқилы әңгімелерім туды. Оларды жариялаған бірден бір орын «Лениншіл жас» болды.

Кітап қылып шығарарда да қыл тұзақтар құрылмай қалған жоқ. Әрине, ол жазғандарым ешкім ешқандай мін таба алмайтындай нағыз шаң тиместер еді дей алмаймын. Бірақ, сол кезде ешқандай дау – шарсыз оп –оңай жарық көріп жатқан өз тұстастарымыздың өзге кітаптарынан осал да емес болатын.

Соған қарамастан жолым ауыр болды. Кітабым жарық көрген соң да ешкім жақ ашпай қойды. Мақалалар жазылмапты емес, жазылыпты. Бірақ, басылмапты... Тіпті ауызды да айбынды саналатын Асқар Сүлейменовтің өзі жазғанын жариялата алмапты. «Қазақ әдебиетінің» бөлімінен өтіп, редакторынан кері қайтқан рецензиясын Асқардың өзі арада көп жыл өткен соң өз қолыма әкеліп тапсырғаны бар.

Сондай теріс қабақ жым-жыртыққа жақ ашып, жылы пейіл танытқан жалғыз «Лениншіл жас» болды. Оның бетінде жарияланған «Салиқалы сөз, соны із» деген мақаланың авторы – Сағат Әшімбаев еді.

Сыншылық жолына түсемін деп, жазушы Мұхтар Мағауин айтқандай, «Жалаңашкөлдің окопына», ақын Олжас Сүлейменов айтқандай, «нағыз солдатщинаға» айдалып кеткен кезімде артымнан достарым арнайы хатпен салып жіберген бұл мақаланы қайта – қайта оқығандағы алған әсерімді кейін есейе келе талай жерден естіп жатқан мақтау мараппаттардың ешқайсысымен де теңестіре алмаймын. Атын естісем де, көзін көрмеген әріптес інімнің бұл ықыласы «әдеби қырғи қабақ соғыстың» нағыз үскірік кезеңіндегі менің көкірегімдегі балауса үміттің біржолата үсіп кетпеуіне тигізген ықпалын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.

Бір сөзіңізде Жарасқан Әбдірәшевтің қазасы туралы: «... Қожа Ахмет Иассауиден Мағжан Жұмабаевқа дейінгі ұмыт кезеңнің дүлдүлдерінің баршасының бастары түгенделіп, қазақ жырының әбден шаршысына толған базарлы шығында: «Жарасқан кетті», - деген жаманатты естігенде әлгінде салтанатты самала ордамыз өз-өзінен шайқалақтап қалғандай болды», - деп пікір білдіріпсіз. Бұл сөздің арғы жағынан сол буынның поэзиясына деген ерекше сағыныш сезіледі. Жарасқан поэзиясының өзге ақындардан ерекшелігі неде?

Жарасқан осынша ойсыратардай қандай оқшаулыққа ие еді? Оны уақыт айқындай жатар. Бірақ оқырман қауымның бүгінгі өксігі оның әдебиетте тек бір өзіне ғана тиесілі орынды иемденіп келген шын мәніндегі бірегей тұлға екендігіне көз жеткізгендей. Әдетте ондай орын қандай уақыт пен кай кеңістікте өмір сүріп отырғанын, соған байланысты әлеуметке не қажет, не ділгер екендігін, оны тауып беруде өз қолынан не келіп, не келмейтінін жақсы білетін тұрлаулы таланттарға ғана бұйырса керек. Ерекше дарын берген табиғат ондай суреткерге ерекше түйсік те береді. Тек елден ерек сондай түйсікке ие дарындар ғана аумалы – төкпелі дүниенің қырық құйқылжыған ауанына еріп қырық құбылып, әуейіленіп кетпей, өз ізінен өзі адасып қалмай, өз бағытын баянды жалғастыра алады.

Жарасқан да сондай соқталы азаматтық танытты. Табиғат берген қапысыз талантын жамағаттың қапы соғып қалмауына, аңғырттанбауына, өздері бастан кешіп отырған беті шіркеулі бетпақ замананың бедірейген жүзіне именбей тура қарап үйренуіне жұмсап бақты.

Оның аршынды ақындық таланты жымында жатып-ақ, көз алдында әрлі – берлі сапырылысып баққан бей – берекет жыныстың қай жықпылынан қандай жөргем ілерін мүлтіксіз аңғаратын кәнігі жолбарысты елестетеді. Көз алдындағы өзінен – өзі бөрлігіп, өзінен өзі дүрлігіп жүрген, әбден шегіне жете шатысып – бытысып біткен бейпәтуа болмыстың ең шырғалаңы мен шытырманы мол тұсына барып, бас сауғалап бұғып жатқан жымысқы мәніс – мәнді қалт жібермей, дәл төбесінен дөп басады. Оның тілінің өткірлігі, ең алдымен, әлгіндей көзінің қырағылығынан туындап жүрсе керек. Көзінің қырағылығы көңілінің сұңғылағылығынан балалап жатса керек. Ол барша мергендердей қашан да қапиядан тап береді. Сол арқылы көл етек, кең қолтық көнтері тіршілікті қапы соқтырар бейхабарлық пен бейқамдықтан сақтандырады. Оның жырларының әу бастан рухани тоқмейілсушілікпен жұлдызы қарсы болып өтуінің бірден бір себебі де сол еді. Екі иығын қаралай жұлып жеп жүретін рухани ашқарақтықтан емес еді. Лирикасы түгілі сатирасына қолына түскенді әбден мыжғылап – мытып бітіргенше көңілі тыншымайтын әлеуметтік жыртқыштық пен қаныпезер қатыгездік жат еді. Эппиграммаларының өзінде аузының алты қарыс екендігін тек жылдарын күдірейткен арландарға ғана аңдатып, былайғыға онша тіс батырмай, жонынан сілкіп, секем алдырып, сексендірумен тынатын. Бірақ әркімнің де, әлеуметтің де жұқа жері мен кенде тұсын бәрібір көлегейлеп тастамай, көретін көз көретіндей қып, паш етіп қоятын.

Оның жырынан да, сынынан да әлде бір місе тұтпаушылық сарыны байқалып тұрар еді. Ол – өзгелерге емес, баршамыздың басымыздағы ортақ ахуалға, қажет десеңіз, күллі тіршілікке көңілі биік талғампаздық пен қалтқысыз шыншылдықтан еді. Сондықтан ол ара – тұра қыршаңқылыққа ұрынса да, қазымырлыққа ұрынбай, ажуаласа да табаламай сөйлейтін байсалды қалпына қаяу түсіріп көрген емес. Мысқылы мүсіркегендей, ажуасы жаны ашығандықтай сезілер – ді. Дүние жаратылғалы кемеліне бір келіп көрмеген адами тіршілік пен қоғами болмыстың арғы – бергі шама – шарқына әбден қанығып үлгерген ақылды ыза мен ақылды өкініштің ауқымынан асып аусарланбайтын.

Әдеби әңгімеңізге көп рахмет!

Сұхбаттасқан Бағлан Оразалы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар