Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Әбу-Асқар Мекешұлы. Серікбол Қондыбай мұрасы әлемд...

31.05.2019 5496

Әбу-Асқар Мекешұлы. Серікбол Қондыбай мұрасы әлемдік дәрежеде насихатталуы тиіс

Әбу-Асқар Мекешұлы. Серікбол Қондыбай мұрасы әлемдік дәрежеде насихатталуы тиіс - adebiportal.kz

Қазақ мифологиясына тыңнан түрен салып, ауылда арбаға таңылып жатып, әлемдік деңгейде ғылыми тұжырымдар жасаған, адамзат дамуындағы мифологиялық таным-түсініктің көкжиегін кеңейткен Серікбол Қондыбайдың өмірбаяны, зерттеу еңбектері туралы оның көзі тірісенде де, ол өмірден өткен соң да айтудай-ақ айтылды, жазудай-ақ жазылды. Ендігі кезекте оның ілімін одан әрі жалғастырып, дамыта түсетін соны ізденістер мен жаңа көзқарастар қажет. Ол туралы Серікбол өзінің кітаптарында да жазып кеткен. Өзі түбіне дейін қаузап үлгермеген тұжырымдарының соңына «бұл одан әрі зерттеп-зерделеуді қажет ететін тақырып» деп жазып, өзінің ізбасарларына үміт арта, сенім білдіріп кеткен.

Жуырда Еуразия ұлттық университетінде өткен «Серікбол Қондыбай мұраларындағы арғықазақ мифологиясы және дала өркениеті» атты ІІ халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда біртуар ғалымның ізбасарлары сол аманатына қиянат жасамай, қолдарынан келгенше тың тақырыптарға барып, С. Қондыбай еңбектерінің негізінде жаңа зерттеулерге жол сала бастағанын көрдік.

Дегенмен, Серікбол Қондыбай ілімінің ең негізгі ізбасарларының бірі, бірнеше кітабын орысшаға аударып, қыруар еңбек еткен мифолог, мәдениеттанушы Зира Наурызбаеваның айтуынша, Серікбол мұрасы әлемдік дәреже былай тұрсын, тіпті қазақстандық академиялық гуманитарлық білім саласы бойынша да әлі өзіне тиесілі бағасын ала қойған жоқ! Оның себебі еліміздегі гуманитарлық ғылымдардың тұралап қалғандығында немесе мифологияда, фольклористикада, лингвистикада, тарих пен тарихи географияда қатып қалған қағидалардың күл-паршасын шығарып, жаңа көзқарас қалыптастыратын Серікбол шығармашылығының сонылығы мен ауқымдылығында да емес, - дейді Зира Наурызбаева. Оның ойынша, кез келген жаңа ғылыми парадигма ашық айдынға шығу үшін біраз қиыншылықты бастан кешіретіні заңдылық.

Дегенмен де, тағы бір себеп Серікбол мұрасының қазіргі Қазақстанда әлі күнге қолданылып келе жатқан кеңестік кезеңнен қалған ғылыми жүйеге де, заманауи батыс ғылымының пәндік бөлініс жүйесіне де бағынбайтындығында деп топшылайды баяндамашы. Бізде мифология әлі күнге дейін фольклористиканың бір бөлімі ретінде қарастырылады. Ал батыста дәстүрлі мифология зерттеушілерден гөрі юнгиан бағытындағы сарапшылар мен өнер адамдарының сұранысына көбірек ие болып отыр. Әрине, Серікбол зертеулерінің нәтижелері біртіндеп фольклорлық мотивтер каталогынан өз орнын табады. Түркі фольклорын немесе көшпелелірдің рухани мәдениетінің тарихын зерттеушілер Серікбол мұраларын зерттей отырып, мүлдем жаңа көкжиектер ашатын болады.

З. Наурызбаева конференцияда оқыған «Деколонизация знания в творчестве Серикбола Кондыбая» атты баяндамасында өте өзекті мәселені қозғады. Қазіргі кезде білім де, ғылым да, өнер де, тарих та еуропацентристік көзқараста дамып жатқаны әмбеге аян. Баяғыдан бері көне гректерден шыққан деп оқыған мифтеріміздің түп-төркіні көне түркілік танымдарға келіп тірелетінін Серікболдың кітаптарынан оқып, таң-тамаша боламыз. Міне, баяндамашы Серікбол мұраларына осы тұрғыдан келіп, оның ғылыми еңбектерінің тек қазақты ғана емес, тіпті күллі «үшінші әлем» елдерін еуропацентристік көзқарастардан арылта алатын құдіретті күшіне назар аударады.

Қазіргі кезде еліміздегі гуманитарлық ғылымдардың бір-бірімен ешбір байланыссыз дамып жатқаны белгілі. Баяндамашы осы мәселеге де басты назар аудара отырып, оның себебін іздеп көреді. Тарих пен археология, этнография мен этнопсихология, лингвистика мен филология, фольклористика, мәдениеттану мен философия, бір қарағанда, «бұрынғы қазақ – қазіргі қазақ – ертеңгі қазақ» деген ортақ зерттеу нысанасы бар біртұтас ғылым кешені сияқты, бірақ олар бір көзқарастан тарамайды, бір логикаға жүгінбейді. Мұндағы абсурд біздің гуманитарлық ғылымдарымызда ортақ парадигма, яғни «бастау» жоқ, - дейді мәдениеттанушы.

Оның пайымынша, гуманитарлық ғылымдардың барлық салалары ең бастапқы, негізгі «ғылымға» - мифологияға сүйеніп дамуы тиіс еді. Бірақ бізде олай емес, басқа елдерде бұл байланыс үзілмеген. Синкреттік болмысы бар мифология әу бастан гуманитарлық ғылымдардың да, өнердің де, мәдениеттің де қайнар көзі болған. Сондықтан да мифологияны жүйелі түрде зерттеп алмайынша аталған салаларды жүйелі түрде дамыту да мүмкін емес.

Бұл проблемаларды шешу жолдарын кезінде Серікболдың өзі де жазып кеткен. Оның ұсынған үш сатылы схемасын пайдала отырып, З. Наурызбаева жасалуы тиіс негізгі үш бағыттағы жұмыстарды атап өтеді.

Біріншіден, қазақтардың мифологиялық түсінігін толығымен қалпына келтіру жұмыстарын дереу қолға алу керек;

Екіншіден, толығымен қалпына келтірілген мифологиялық таным-түсінік өз кезегінде гуманитарлық ғылымның барлық салаларының (лингвистика, әдебиеттану, фольклористика, философия, психология, этнография, тарих, археология, мәдениеттану және т.б.) ортақ негізге, ортақ логикаға бағынуына, олардың ары қарай дамуы үшін ортақ тамырға негіз болады.

Үшіншіден, гуманитарлық ғылымдардың жүйелі әрі логикалық түрде дамуы қоғам өмірінің (саясатта, өнерде, мәдениетте, идеологияда және т.б.) әр алуан саласында жасалған ғылыми зерттеулерді пайдаланудың жаңа идеяларын, жаңа әдістемелері мен механизмдерін табуға мүмкіндік береді.

Қарап отырсаңыз, бұл айтылғандарды іске асыру қаншалықты қиын болса, соншалықты маңызды да. Өйткені біз тәуелсіздік кезінде білім алған ұрпақ болсақ та, мектеп кезінде қазақ мифологиясы деген ұғымды білмей өстік. Ол туралы біздің мұғалімдеріміз де білген жоқ. Бізге оларды ертегі деп оқытты. Ежелгі дүние тарихы сабағынан көне гректердің мифтерінен басқа ештеңе көрген емеспіз. Университет қабырғасында да «Мәдениеттану» деген пәннен сол баяғы грек мифтерін оқытты. Қазақ мифологиясын қазақтың фольклоры, салт-дәстүрі деп үйрететін. Өйткені ұстаздардың өзі мифология дегеннің не екенін әлі толық парықтай қоймаған кез. Ал сол кезде алыстағы бір ауылда арбаға таңылған қарапайым ауыл мұғалімі университеттегі профессорлардың миына кіріп-шықпаған дүниелерді жазып, кітап қылып шығарып жатқан. Ал біздің оқытушыларымыз пайдаланатын әдебиет ретінде кеңес заманында шыққан кітаптардың тізімін беретін. Бұл жерде баяндамашының айтып отырғаны да осы. Біздің білім беру жүйеміз әлі де кеңес одағынан қалған жүйемен келе жатыр. Сондықтан да тауелсіздік алғанымызға 30 жылға жуықтаса да, осыншама бай мифологиямызды жалпы халықтың санасына жеткізу жолдарын әлі күнге таба алмай келе жатырмыз. Ал Ресей көне славян мифологиясын тек ғылыми тұрғыда ғана тірілтіп қоймай, оны әдебиет пен кинематогряфияда фэнтези жанры арқылы жалпы халық арасында танымал етіп үлгерді.

Конференцияға қатысқан тағы бір серікболтанушы, ақтаулық жас ғалым Мұрат Ақмырзаев та Серікбол еңбектерін зерделей отырып, қазіргі әлемді жалмауызша жалмап келе жатқан жаһандану үдерісіне тосқауыл болатын жалғыз құдірет екенін жалпы қауымға жеткізуді көздейді. «Ендігі міндет, ұлағатты істі жалғастыру, «КӨШПЕЛІЛЕР ӨРКЕНИЕТІ (працивилизация кочевников)» тақырыбындағы халықаралық кешенді зерттеу жобасын қолға алу, оны күллі әлемге жедел жариялап, ғаламдану дағдарысынан адамзатты алып шығу бағдарламасы ету», - дейді М. Ақмырзаев.

М. Ақмырзаев тіршілік философиясын зерттеуші Освальд Шпенглер, британиялық тарихшы Арнольд Джозеф Тойнби сынды ғалымдардың еңбектерінде ежелгі прототүркілер туралы ештеңе айтылмайтындығын сынай отырып, олардың алғашқы өркениеттер Бабыл немесе Шумер мәдениетінен тарайды деген тұжырымдарын жоққа шығарып, олардың өзіне прототүркілердің ықпалы болғандығын Серікбол мұраларына сүйене отырып, дәлелдеп шығады.

«Серікбол, «ЕҢ» таңбасын оқу заңдылығы бойынша, еуропалықтардың мойындауына сәйкес, олардың арғы аталарының – озалғы атасы, яғни шумерлердің арғы тегі түркі жұрты, яғни 5000 жылдықтардан бері түрлі билік атауларымен, түрлі ру, құрама өзгерістерімен, бірақ Ұлы Даланы автохтонды мекендеп, Қазақстандай қара шаңырағы ежелгі отанында мемлекет болып қалған орта азиялық көшпелілер екендігін дәлелдеп берді», - деп жазады зерттеуші.

Баяндамашының С. Қондыбай еңбектеріне сүйене отырып пайымынша, бір сөздің жасалу тарихын қорытындылай келе мынадай түйіндерді ұсынуға болады:

1. Таңбаның «оқылуы» бізге екі сөзде («ең» және «еңт») байырғы «ғалам жаралу оқиғасының» ақпаратының астарланғандығын көрсетіп отыр. Таң қалдыратыны – сөздердің өздерінің де, жасалу заңдылықтарының да тек қазақтық (жалпытүрктік) болып табылатындығы.

2. Осы сөздердің «ең ежелгі, ең өркениетті» деген теңеулерге ие болған шумерлердің және семиттердің ежелгі тәңіриелерінің атаулары (есімдері) ретінде пайдаланылуы. Сөздің авторларының (жасалу технологиясына қарап) міндетті түрде дей-түрктер болуы тиіс екендігін ескерсек, шумерлер де, семиттер де бастапқы дей-түрктік ұғымды қабылдаған болып шығады. Бұл – ең бері дегенде б.з.д. 4 мыңжылдық.

3. Аталған сөздер «үндіевропалық» деп оқшаулана беретін тілдердің нақты мағыналық ұясында кіретін сөздерге түпнұсқа болып тұр. Бұдан шығатыны – үндіевропалық тілдердің бастапқы, ортақ кезіндегі нұсқасының қалыптасуы дей-түрк тілі ықпал еткен, мұнысы – ең бері дегенде шамамен б.з.д. 5-3 мыңжылдықтар ауқымы.

Баяндамашы осы түйіндерді негізге ала отырып, жаңа, іргелі түйіндерді жасауға мүмкіндік беретінін алға тартады. Өйткені олар бүгінгі тарих, тілтану, мәдениеттану, т.б. ғылыми салаларда соңғы 200 жыл ішінде қалыптасқан қатаң қағидаларды толықтай жоққа шығаруға мүмкіндік береді».

«Бұл дәлелді тұжырым біздің пратүркілік (озалғы арғықазақтық) өркениет туралы мақсатты зерттеулер жасауымызға негіз бола алады. Олай болса, Серікболдың жалпы Шумер өркениетінің гүлденуі б.д.б. ХХVIII – XXVII болғаны, және оның өзінің «Уақыт тізбегі» [1/61] бойынша энеолит заманы шәкіліне сәйкес келіп, ғылыми жүйеленген ежелгі деректер қоры бойынша әлемдік тарихта «Ең» бірінші орында тұрса да, түркілік ілкі төр немесе ілкі дәстүр сипатын тасымалдаушы ғана, яғни дей-дей (пра)түркілік заман мұрагері екендігін (Сурет. 1.) өзінің лингвистикалық сөз жасамдарды талдау Заңымен дәлелдеп шықты», - дейді зерттеуші.

Осылайша, Ақмырзаев осыдан 20 мың жыл бұрын салынды деп есептелетін Франциядағы Мадлен үңгіріндегі жазуларды, Шумер жазуларын, ежелгі грек, ежелгі үнді және руна жазуларын, Орхон-Енесай таңбалары мен Маңғыстаудан табылған ежелгі таңбаларды салыстыра зерттейді.

«Салыстыру - Мадлен (Дордон) символдарының Маңғыстау таңбалар қатарына 50 %-дан астам дәл сәйкестігін көрсетеді. «Ең» бастысы, яғни 100 % сәйкестік символдардың негізінен түзу сызықтармен салынуы және ол Шумер сына жазуының да «Ең» басты сипаты, барлық символдарды балшық тақта бетіне бір ғана құралмен түсіру тетігі. Маңғыстау таңбалары әрбір символдың геометриялық алуан түрлілігімен (оң, сол, жоғары, төмен салынуы) ерекшеленеді. Олай болса, арғықазақтан жалғасқан «Өмірден алған тәлімін ұлға жаттату құралы шежірелерді кейде 82, кейде 92 баулы, яғни таңбалы Алаш, 29 таңбалы Алшын делінетін елдің ру таңбаларында ең кемі үш әліпбидің жосығы бар», - дейді автор.

Айта кетейік, Шумерлердің шыққан тегін іздеу болжамдары ХХ ғасырдың екінші жартысында лигвистика саласына бет бұрған болатын. Бірақ шумер сына жазуын Аккадша, ежелгі грекше оқу түсініксіз шатасуларға әкелгеннен кейін, шумер тілі, оқшауланған тіл деген пікір қалыптасқанымен, оның аглюнитикалық тіл екені мойындалған. Хит, хиттей, хеттей, гиттей, Хиттиттер – семиттік мемлекет, шығыс астанасы Каркемиш. Археологтар тапқан Гиттий және сына жазуы иероглифтері қосарланып жазылған мөртабандағы жазуларды Шницер былай деп транскрипциялаған екен: «Tar– ku- u dim-me sar mat Er me- e» деп оқылған жазба, «Таркудимь, царь страны Эрмъ» деп аударылған. «Ал, транскрипция, сол күйінде, мөр ерекшелігінде көрсетеді және сингармонизм заңымен айтқаннан басқа өзгертуді де қажет етпейді, «Түркі едім Мен, Сармат Ермін» болып сайрап тұр. Семиттердің өзі далалық көшпенділерге жататындықтан, өркениеттің басты сипаттарының бірі жазу мәдениетінің Шумерлерге дейін де пра-түркілерде (озалғы-қазақтарда) болғандығына бұдан айқын қандай мысал қажет», - деген дәлел келтіреді серікболтанушы.

Ғалым баяндамасын қорытындылай келе, Шумер өркениетінен бастау алып, аударылған барша ежелгі өркениеттердің жазбаша артефактілерін, олардың мазмұнын барлық мұрагерлері, яғни Жер жүзіндегі барша ұрпақ өкілдері, адами саралап, ақиқат қабылдау үшін - қазіргі түркі (қазақ) тілдерінің дыбыстық мүмкіндіктері толық қамтылған халықаралық фонетикалық әліпби жасақтауды және сол негізде жазба мұраларды толық қайта қарауды қажет етеді деген тұжырымын баса айтады.

Өйткені, Серікбол «көкейтесті» ұғымы праформаларын талдау нәтижесінде, “көңіл”, жалпы “көң” праформасынан өрбіген басқа да айғақ және куәгер сөздер арқылы – дей-түріктерде (арғықазақтарда) байырғы жасампаздықтың болғандығын дәлелдеді. Оның «Осындай салыстыру барысында біз қазақ (жалпы түрік) танымының бір кездері басқа, бүгінде дамыған дәстүрлерден әсте кем түспеген абстрактылы ой машығына ие болғандығын көре аламыз, бір ұғымға қатысты басқаларда бар қисын мен келтірімнің арғықазақта да болғандығы – осыған куә. Ең бастысы – барлық қисын мен мағынаның, келтірімнің іс жүзінде бір таңбадан және таңбадан бастау алған праформалардан өрбіп шығуы болып тұр, бұл жағдай, яғни жай ғана кескін-символдар мен сөз тіркестеріне қарап пайым жасау емес, нақты сөз түбірі арқылы ғана ауқымды пайым жасау – арғықазақтардың (дей-түрктердің) арғысы – үндіевропалықтарсыз да, қытайларсыз да, бергісі – араб-парсысыз да, өз алдына дербес, өз сөзі мен өз таңбасы негізінде арнайы нақтылы да, абстрактылы да ұғымдар жасай алатын матрицаға немесе жүйеге иелік еткендігін көрсетеді» - деген тұжырымдамасы дей-дейтүркі (пратүркі, яғни озалғы арғықазақ) өркениеті немесе ежелгі көшпелілер өркениеті тақырыбын ғылыми зерттеу, жинақтау, жариялау және тарату негізі – жалпы адамзат қоғамының ғаламдану дағдарыстарын жеңу іргетасы бола алады.

Жалпы алғанда, Серікбол Қондыбай мұраларына арналған ІІ ғылыми конференцияда басқа да тың ойлар айтқан зерттеушілер көп болды. Олардың барлығын бір мақалада талдап өту мүмкін емес. Серікболдың мұраларын жинақтаушы, конференцияны ұйымдастырушы туған әпкесі Балсұлу Қондыбаеваның айтуы бойынша конференцияға келіп түскен барлық баяндамалар күзге қарай жеке жинақ болып басылып шығады. Былтыр Ақтау қаласында өткен алғашқы конференцияның материалдары толық басылып шыққан. Қазір ол әрбір мифологтың, серікболтанушының жұмыс үстелінде жататын құнды кітапқа айналды. Ендігі мақсат, осы конференцияда айтылған, көтерілген барлық мәселелерді, тақырыптарды ғылыми айналымға енгізіп, қазақ мифологиясына, одан әрі тұтастай түркі мифологиясына, гуманитарлық ғылымдар жүйесіне, қалаберді әлемдік ғылыми айналымға Серікбол мұраларын жүйелі түрде енгізу жұмыстарын қолға алу қажет.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар