Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Әбу-Асқар Мекешұлы: Сөзбен ойнамаңыз......

26.06.2017 7014

Әбу-Асқар Мекешұлы: Сөзбен ойнамаңыз...

Әбу-Асқар Мекешұлы: Сөзбен ойнамаңыз... - adebiportal.kz

(Мағжан Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» әңгімесі туралы)

Құдай Тағала: «Құлым қолын жайып сұраса, бос қайтаруға ұяламын!» (Хадис) дейді. Жалпы тілек тілеу адамның жан жүрегінен жарып шығып, аузынан ағытылып, СӨЗ болып ғарышқа ұшатын қасиетті үдеріс екеніне ешкімнің де дауы бола қоймас. Сөз – барлығының бастауы. Алланың өзі ең әуелі «Бол!» деген бір ауыз сөз арқылы ғана он сегіз мың ғаламды бар қылған. Сондықтан «Алланың өзі де – рас, сөзі де – рас!» (Абай) деген уәжге риясыз мойынсұнған қазақ халқы Құдайдан тілек тілеудің қаншалықты маңызды екенін өте жақсы біледі. «Өйтіп кетейін, бүйтіп кетейін» деп жататын сөзінің бәтуәсі жоқ адамдардың өзіне үлкендер «Тәйт әрі! Қайдағыны айтпа! Періштелер «Әумин!» деп жібермесін!» деп тыйып тастап отырған.

Қазақ әдебиетіндегі жауһарлардың бірі – Мағжан Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» әңгімесі де дәл осы СӨЗ-дің қасиетін қаймана қазаққа ұғындыру үшін жазылған шығарма. Бізге дейін де бұл әңгіме туралы ой толғаған қаламгерлер шығарманың көркемдік деңгейі, психологиялық тереңдігі, оқиғаның баяндалу шеберлігі, оқырманға әсер етуі туралы бүге-шігесіне дейін айтып та, жазып та кетті. Алайда олардың көбі Мағжанның бұл әңгіменің астарына жасырған асыл ойын тап баса алмаған сыңайлы. Неге десеңіздер, олар Шолпанды ақтап алғысы келеді. Шолпанды аяйды. Шолпанға жақтасады. Әрине, адам ретінде азалы аруға жаның ашымау мүмкін емес. Оның үстіне Мағжандай ірі лирик сай сүйегіңді сырқыратып, бейшара әйелдің көрген қорлығын жан-тәнімен беріле баяндаса, төтеп беріп көр! Міне, дәл осындай орасан зор эмоциялық әсердің салдарынан әңгімені талдаған зерттеушілердің көбі «Шолпанның КҮНӘСІ» деп тақырып қойып отырған автордың өзіне қарсы шығып кеткендерін байқамай қалады. Олардың талдауына құлақ түрсең, әңгіменің аты құдды бір «Шолпанның күнәсі» емес, «Әзімбайдың күнәсі», «Сәрсембайдың күнәсі» немесе «Дүмше молданың күнәсі», я болмаса «Шолпанға суық су құйған қатындардың күнәсі» болу керек сияқты.

Белгілі қаламгер, әдебиеттанушы Айгүл Кемелбаева өзінің «Мағжанның прозасы» атты мақаласында: «Жазушының өз кейіпкеріне шаң жуытпайтыны сонша Сәрсембай түгіл Әзімбайдың Шолпанның жаралы жанын түсінуге, аңғаруға миы, сезімі жетпейді. Бұл екі еркек, (екеуін Шолпанның қос күйеуі деп атасақ та болады (Анна Каренина тәрізді)) хайуандықтан аспай, адамдыққа жетпей қалған рухани мүсәпір біреулер. Сәрсембайда ожарлық пен өшпенділікке құл шадырлық қана бар. Шолпанның нәзік, жанқиярлық жаратылысынан садаға кеткір топастық бар екеуінде де. Әзімбай болса, құр жігітшіліктен аса алмайды, асылында бұлар әйелді адам санатына қоспайды» деп жазады. Бұл жерде Мағжан өз кейіпкеріне шаң жуытқысы келмесе, тақырбын «Шолпанның күнәсі» деп қояр ма еді деген заңды сұрақ туады. Бірақ біздің айтпағымыз ол емес.

Тағы бір әдебиетші ғалым, белгілі ақын Ғұсман Жандыбаев «Мағжан Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» әңгімесін оқығанда туған ой» атты мақаласында «Жастық­тан ба, ерке-мастықтан ба, көзсіз махаб­баттың құрбаны болған Шолпан о дүниеге бір емес, қатарынан үш күнәні арқалап кетеді» - деп жазады. Оның пайымынша, Шолпанның бірінші күнәсі Құдайдан бала бере көрме деп тілеуі. Екіншісі, ойнас қылсам да, бала табуым керек деп, күйеуінің көзіне шөп салуы. Үшіншісі, бөтен еркектің дәмін алған соң, нәпсісін тыя алмай, ойнастығын жалғастыра беруі.

Міне, біздің айтқымыз келіп отырғаны - осы үш күнәнің ең біріншісі. Мағжанның тақырыпқа шығарып отырған «Күнә» деген сөзі де тура осы ма деп топшылаймыз. Өйткені Шолпан күйеуге тие сала, ұрпақ өрбітіп, әйелдің ең асыл парызын орындап, ана болайын деп тілемеді. Керісінше, бала болмаса екен, жар құшағын, төсек ләззатын көбірек көрсем екен деп, нәпсінің құлы болды. Жан-жүрегімен, бар ынта-шынтасымен соны тіледі. Жоғарыда айтқанымыздай, Құдай Тағала оның осы тілегін орындады. Дәл осы тілегі, яғни жатса-тұрса қолын жайып, Алладан сұраған, аузынан ұшып шығып, ғарышқа кеткен жалғыз ауыз СӨЗІ – ең үлкен күнәсі болатын.

Тағы бір әдебиетші Гүлсезім Теміртас «Шолпанның күнәсі» әңгімесіндегі ұлттық психологизм» деген мақаласында: «Қорыта келгенде, «Шолпанның күнәсі» әңгімесінде ұлттық психологизмді пайдалана отырып, М. Жұмабайұлы Шолпанның бейнесі арқылы дәстүрлі қазақ отбасындағы үлгілі әйелдің үздік бейнесін көрсетті. Оны оқырманға анық сездіру үшін автор Шолпанды сан қырлы қасиеттермен мүсіндеген. Дәлірек айтсақ, отбасы бірлігін сақтаған, құдай қосқан қосағының бақытын ойлаған, ұрпақ жалғастыру қамына терең мән берген қазақи болмысты әйелдің бейнесін толық сипаттай білген» - деп жазады. Па, шіркін! «Қазақ отбасындағы үлгілі әйелдің үздік бейнесі» дейтіндей Шолпан Домалақ ана ма сонша?! Әлде Ұмай ана ма? Тұрмысқа шығып алып, «Балалы болсам, әдемі өмірім бұзылады-ау», – деп ойлайтын», «...бала туса, күйеуімен екеуінің ортасында бір тікенек өсетіндей болатын...», «...қиюласып қосылған екі жанның арасына жат бір үшінші жан түскен соң, екеуінің де жалынды, екпінді махаббаты бүлінер, бәсеңдер, суынар деп қорқатын...» ессіз Шолпан қалайша «Қазақ отбасындағы үлгілі әйелдің үздік бейнесі» бола алады? Осыны түсіндіріңіздерші!? Әлде Мағжан жазғаны үшін бе? Мүмкін Мағжан оны ұлықтап отырған жоқ шығар? Әлде ұлықтап отыр ма? Қазаққа Шолпанды үлгі етіп отыр ма? Біз білетін Мағжан олай таяз ойламаса керек еді... Біздің пайымымызша, Мағжан Шолпанның ауыр тағдырын сорғалатып тұрып жаза отырып, қазақ қыздарына «Шолпан сияқты ақымақ болмаңдар, Шолпан сияқты тағдырмен ойнамаңдар!» деп шыр-пыр болатын сияқты...

Асылы, адам баласының ұлы миссиясы – ұрпақ өрбіту болмақ. Біздің генетикалық жадымызда сол жазылған. Бала – бауыр етің. Адам ұрпағымен мың жасайды. Негізі біз «Менің бабаларым – ол мен, ал мен – ол менің ұрпақтарым» деген терең философиялық тұжырымды түсіне білуге тиіспіз. Яғни жүздеген жыл бұрынғы бабалар мен жүздеген жыл кейінгі ұрпақ арасында көзге көрінбейтін берік байланыс бары ақиқат. Адам баласы сол байланысты үзіп алмауы үшін тіршілік етеді, жанталасады. Бұл - өмірдің заңы! Ал Мағжан сол ұлы заңға қарсы келген «ақымақ» Шолпанның аянышты тағдырын суреттейді. Бұл тек Мағжанның дәуіріндегі бір ғана Шолпанның басындағы үлкен күнә емес, қазіргі кездің өзінде мыңдаған шолпандардың басында жүрген ауыр қасірет. Қазіргі кейбір жастар үйленіп, үй болып, шаңырақ көтерсе де, «Жағдайымызды түзеп алайық, үй алып алайық, машина алып алайық» деп, түрлі тәсілдермен бойларына бала бітіргілері келмейді.

Міне, Мағжан сенген жастар Мағжан аулақ болыңдар деген жолдан осылайша тайып, Мағжан жазып кеткен «Шолпанның күнәсін» әлі де арқалап келеді. Айтпаса, сөздің атасы өледі деген. Тіпті, бүгінгінің сәрсембайлары Мағжанның Сәрсембайының тырнағына да татымайды. Иә, иә! Әрине ол Шолпанды тепкіге жықты, сабады, өліміне себепші болды. Оның да қатыгездігі бір басына жетіп артылады. Алайда Шолпан оның көзіне шөп салып, намысын жерге таптағанға дейін одан асқан асыл ер жоқ еді ғой. Мойындаңызшы! Ол «Неге бала таппайсың?» деп Шолпанына бір ауыз ауыр сөз айтты ма өмірінде?! Жоқ! Ләм деген емес. Немесе «бала табатын басқа әйел аламын» дегенді де ойлаған жоқ. Әйтпесе ол кезде екінің бірі тоқал алып жатты емес пе? Сонда деймін-ау?! Бәріміз шулап, ақтап алғымыз келіп жүрген Шолпанның күйеуіне деген «ақ-адал махаббаты» Сәрсембайдың сүйіспеншілігінің қасында түкке де тұрмай қалады-ау, шамасы... Неге дейсіз ғой?! Онда айтайық! Сәрсембай соңына дейін жарына адал болды, Құдайдың басқа салғанына көнуге бел байлады. Сол бір қаралы түннің өзінде ақ-адал төсегін арамдап жатқан Шолпанды тепкілеп жатып та, «Иттің ғана баласы, мен сенен бала сұрадым ба?.. Мен саған ойнас жасап, бала тауып бер дедім бе? Сен иттің адал ісімді арамдап жүргеніңе жарты жыл болды ғой!.. Шығарма дыбысыңды!.. Өлтірем мен сен итті! Өлтірем! Күнде күйгенше, бір-ақ күйейін!.. Өл, ит, өл!..», - деп, жан сырын жайып салды. Негізі Сәрсембай, кейбір талдаушылардың пайымынша, бедеу болмауы да мүмкін. Мағжан оны – бедеу деп тап басып жазған да жоқ. Бар болғаны, ол – Шолпанның ойы ғана. «Сөз жоқ, Сәрсенбай – бедеу. Сондықтан бала жоқ. Бала жоқ болған соң, мен бақытсыз... мен бақытсыз болғанда, Сәрсенбай бақытты ма? Оның жүрегі жанбай ма? Өзінің екі өмірді улаушы екенін ойлап, оның жүрегі жанбай ма? Қартайған күнде өмірді жылытатын от – бала оған керегі жоқ па? Сөз жоқ, мен бақытсыз болсам, Сәрсенбай да бақытсыз» деп топшылап алды Шолпан. Бірақ мәселе сонда ма? Әй, қайдан...

Бар мәселе Шолпанның әлгі бірінші күнәсінде болып тұр ғой. Ол Құдайдан «Сәрсембай екеуіміздің арамызда бала болмасын» деп тіледі. Тілегі қабыл болды. Бар мәселе осында. Ал енді үш жылдан кейін шолақ ақылы ұрпақ жалғастыру керек екендігіне жеткен кезде, Шолпан Құдайдан тағы да «Бала бере көр!» деп тіледі. Құдай ол тілегін де қабыл қылды. Бірақ Сәрсембай арқылы емес, Әзімбай арқылы. Бұл да бір Алланың жіберген сынағы шығар, кім білсін...

Сәрсембайды табалаймыз келіп. Ендеше бүгінгі сәрсембайлар не істеп жүр?! Соған бір ой жүгірттік пе? Өздеріңіз де білесіздер ғой, қазіргі сәрсембайлар әйелінің тіліне Шолпан тілеген тілекті өздері салып беріп, «бала бермей тұра тұр» деп әйеліне қосылып алып, Құдаймен саудаласып кетті. Сонда бұл не, адамдың азғаны ма, қоғамның тозғаны ма, әлде сананы тұрмыстың билегені ме, астына салып, тулақтай илегені ме?

Жә, оны қойшы! Сәрсембайды ақтағалы отырған жоқпыз. Бірақ қосақ арасында кеткен молданың не жазығы бар? Айгүл Кемелбаева Шолпанға жаны ашығаны сондай, әңгімедегі еш кінәсі жоқ молданы да оңдырмай сынайды. «Кісі өлтіріп жатқан Сәрсембайға ел адақтаған сұм молда жұмсақ-жұмсақ тіл қатады, аярлығы емей немене? Өлімші күйдегі панасыз Шолпанның басына құдықтың мұздай суынан қырық шелек су құйылып, азапталуы да шынайы имандық сезімі мен дүмше молда дін бұзарлықтың жер мен көктей арасына жатады», - деп жазады жоғарыда айтқан мақаласында. Шынымен солай ма? Оқып көрелік:

...Азан-қазан, абыр-сабыр. Темір қожа Шолпанның білегін ұстады да: «Су бүркіңдер!» – деді. Біреуі алып келіп су бүрікті. Әлдене уақытта Шолпан дем алып, болар болмас:

«Алла...» деді.

– Алладан садаға кет, иттің баласы!– деді Сәрсенбай.

– Сәрсенжан, шырағым, сабыр қыл. Әйел ұрмайтын ер болмайды, бірақ...

– Тақсыр, сіз бұл араға кірмеңіз. Өлсін ол ит, өлсін!..

– Сәрсенжан, ақылыңа қайт, кісі өлтіру...

– Әйтеуір, ол маған қатын болмайды. Талақ болсын, Талақ! Талақ!

– Сәрсен, ашу - дұшпан, ақыл - дос, сабыр қыл. Пәлен жыл еш шай деспеген қосақтан айырылу оңай емес. Заты адал ас арамға айналса, қайтадан адалдап алу шариғатта да бар нәрсе... Мысалы, әйелдің олай-бұлай оғаш мінезі білінсе, оны шешіндіріп, төбесінен қырық шелек суық су құю керек дейді шариғат...

Мұнда Мағжан молданың ешқандай аяр қылығын тұспалдап болса да білдіріп отырған жоқ. Ол тек басу айтып, Сәрсенбайды сабырға шақырды. Шариғаттың үкімін айтты. Басында бір тұтам арам ой жоқ.

«...Қожаның аузынан мынау сөз шығар-шықпаста-ақ, бес-алты қатын жаңа есін жинап келе жатқан Шолпанды сүйрелеп ала да жөнелді...» дейді жазушы. Иә, әрине, ондай күндес қатындар әрдайым болған, бола да береді. Оның үстіне алты ай бойы ерінің көзіне шөп салып, ешбір жазасыз тайлақтай тайраңдап жүрген қатын ондай іштар әйелдердің зығырданын әбден қайнатпай ма?! Әрине, қайнатады! Бірақ дәл сол кезде олар да Шолпанды өлтіру «жоспарын құра қойды» ма екен? Әй, қайдан... Олар бар болғаны іштерінің қыжылын қайтарып, айыздарын бір қандыруды, Шолпанның үстіне қырық шелек суық су құйып, өш алуды ғана ойлады. Бар болғаны сол ғана.

Қазір ғой, түріктің, үндінің, орыстың қайдағы жоқ сериалдарын көріп алып, қазекемнің бір-бірінен өш алудың неше түрлі қитұрқы жоспарын құру деңгейіне көтерілгені. Ал бұрын кең пейіл халқымызда ондай пасықтық, ондай айлакерлік болған емес. Шолпанның үстіне қырық шелек су құйылу жай ғана «құланның қасынуына мылтықтың басуы» тұспа-тұс келген сәйкестік. Яки, Шолпанның Құдайдан «Бала бере көрме» деп тілеп алған жазасының бұ дүниядағы ақыры ғана...

Бәрін айт та, бірін айт! Бар болғаны өз ойымызды білдіргеніміз үшін, жерден алып, жерге сала көрмеңіздер! Періштелер «Әумин!» деп қойып жүрмесін...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар