Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Абзал Бөкен: Керегі жоқ қожа ақын, Қырғыз ақын...

21.11.2016 5073

Абзал Бөкен: Керегі жоқ қожа ақын, Қырғыз ақын

Абзал Бөкен: Керегі жоқ қожа ақын, Қырғыз ақын - adebiportal.kz


фотофотофото.jpg


ШАЛА



Еркіңізде күлсеңіз,

Жасадың, – деп, – бардан жоқ.

Қазақ әлі, білсеңіз,

Қазақ бола алған жоқ.


Сортаң жолдың сорабы

Сор боп саған маталар.

Қазақ емес,

Ол әлі –

үлкен, кіші аталар.




Қоғамдағы қоғаны

Жетер емес жұлуға әл.

Қазақ емес,

Ол әлі –

Майда-майда рулар.






Маған емес обалы

Мерген тілмен айта алар.

Қазақ емес,

Ол әлі –

Ойдым-ойдым тайпалар.



Халқым, – деген қиын ба,

Құлап тұрса құлқың дөп.

Қазағыңның миында

Ру бар да, ұлтың жоқ.



Ел қыла ма еліру,

Естен шығып әз ақ таң.

Жолдан емес,

Сол ру

тумап па еді қазақтан?!



Қазағыңды айт, ендеше,

Қалсын десең мұнша айып.

Атаңа тіл келмесе,

Аузың қалмас қисайып.



Жанға серік жараулы ат,

Жорта берем жер көнсе;

Ата қазақ алаулап,

Шата қазақ сөнгенше.




СЕКӨНТ




Сағат тілі дөңгелеп,

Цифрдікі құр тұрыс.

Тырс еткен бір пенде жоқ,

Тым-тырыс-ау, тым-тырыс.



Секөнттердің кемінде

Мың-милион бөлігі

миымда ойнап менің де,

Басылмады желігі...



Шық-шық етіп төрімде,

Және онысын тәтті үн ғып,

Жаулық жасар көрінбей

Секөнттікі – сатқындық.



Сатқын емей немене,

Жөнелді, әне, үйге кеп;

Минутымды жетелеп,

Сағатымды сүйрелеп.



Мың жыл өтсін...

Қысылып,

білем, қыңбас қыр елін.

Уақытпен ұшынып,

Ұшық шыққан ұл едім.



Батты маған,

Батты-ай бір

босқа кеткен жылдарым.

Цифры бар тақтайдың

таңдайында тұр халім.



Жалғыз секөнт сөзінде

тұра алмаса тайып көп,

Мәңгіліктің өзі де

Кетер еді ғайып боп.



Әй, өкіндім, өкіндім,

Кім ойлаған төмен боп,

Сағат емес,

Секөнттің

жетегіне көнем, – деп?!




ШАРБАҚ





Бала кезде тай үйреткен жүгендеп,

Туған жерге сіңірмедім түк еңбек.

Отыз жылдай Алатауды айналдым,

Алыс жерде аттың терін үгем, – деп.



Онымнан да көре алмадым өнген түк,

Олжамызды жіберердей өңгертіп.

Қара бала орынына

Әкелдім

қажып қалған қара шалды елге ертіп.



Қалды Алатау қайқаңының нұры аппақ,

Көкейінде «неге» деген сұрақ қап.

Күзетулі қызығымнан күстім мен,

Күбі тола бір жұтатын бұлақты ап.



Қыр деміне қаны кебе шөлдеген

Қамаудағы қаңғыбас ем мен деген.

Түсінер ме мұны

Отыз жыл түгіл,

Отыз күн де елден ұзап көрмеген?!



Білесің ғой Толстойдай атаның

Бақ мекеннен тұра қашқан шатағын.

Жидебай да байсын еді,

Байсыннан

Тасқораға неге кетті Шәкәрім?!



Қоршау, қоршау...

Қоршаудағы боп кешше

жүргендер көп,

сен де солай текке өшпе.

Жұмақтың да шарбағы бар, мен білсем,

Шарбағы жоқ тозақ кіріп кетпеске.



Беу, еркіндік!

Болмайтұғын алалау

кеңдігіңді керек екен бағалау.

Қамау көрген қашағыңды қабылда,

Шілігі бар,

шарбағы жоқ, Далам-ау!





ҚАН МЕН СУ





Ер Есенин қылаң жүзі қабарып,

«Өмір сүру емес, – деді, – жаңалық».

Сызды-дағы ақ білегін алмаспен,

Жазды осыны тамырынан қан алып.



Қылаң емес, қоңыр жүзім қабарып,

«Өлең жазу емес, – деймін, – жаңалық».

Жаздым мұны су-сиямен.

Жазбадым

Есенинше тамырымнан қан алып.



Өліп кетті Ол,

Жүре бермей «өлеммен»,

Ал, мен болсам сөзде тұрмас өлермен.

Қанмен жазсаң қанық екен бояуы,

Сумен жазып... сұйық болып келем мен.





ҚАЗАҚ ДЕГЕН...

(Ақселеуге)





Жан-тәнімен қазақ еді сол қазақ,

Қазағына таза-ақ еді сол қазақ.

Ұлтын сүйді, жұртын сүйді...

Ақыры

Сүйгендігі айықпайтын болды азап.



Қазақ деген – құйқалы қыр, кең жайлау,

Кең жайлауды көшіп-қонып, иен жайлау.

Қазақ деген қымыз ішу, қыз іздеу,

құда күту...

Көкаланы көлге айдау.



Сыйысатын сайын қырда неше ру,

Қазақ деген – буған тең боп шешілу.

Сеңгір тауға тіреп қойып арқаңды,

Саясында саптамаңмен көсілу.



Қазақ деген – кісілікті кием, – деп,

Қауқылдасу нағашы боп, жиен боп.

Биің келсе,

Байланбаған құлынды

тұтас асу, турамай-ақ сүйемдеп.



Қазақ деген – үлкен айтса, тәк тұру,

Ауызыңды ақылыңа бақтыру.

Қазақ деген – қаршадайдан қамшы ұстап,

Дүрбелеңде,

Қыр-белеңде ат міну.



Қазақ деген – күй төгілтіп, ән салу,

Аталы сөз айтқан жанға тамсану.

Қазақ деген – кеңсесі жоқ даланың

кенен қартын уықты үйде қарсы алу.



Қазақ деген – әже күту, әпше, – деу,

Әдепсізін әділ сөзбен дәп шенеу.

Қазақ деген...

Сондай қазақ таба алмай,

Ана жақтан іздеп кетті Ақселеу.




***




Шабытының шұлғытып қазанатын,

Шырқыраған шындықты жаза алатын,

Жамиғатқа көп ақын керегі жоқ,

Жетіп жатыр жетелі аз-ақ ақын.



Жетегінде жүретін билікшілдің,

Керегі жоқ медальшіл, сыйлықшылдың.

Керегі жоқ қожа ақын,

Қырғыз ақын,

Қазақ болсын киесі жүйрік жырдың.



Аза бойын арамдап қаза қылған,

Арамзаның тартуда азабын маң.

Жақсың болсын – өзіңнен, ей, қазағым,

Жаманың да болсын, тек, қазағыңнан.



Жатты жақтап, жақынын қомсынғаны –

Сәті болар сүрінер сол сындағы.

Қалмақ, ұйғыр, татардың керегі жоқ,

Бастығы да қазақтан болсын бәрі.



Кірмелердің қашанда түбі шикі,

Түбі шикі пісетін күбі шикі.

«Оян, қазақ!»,

Бойынан ноян қазақ

манауратып мәңгірткен ығыс, ұйқы.



Ентелеген жүгендеп жорықты ерсі,

Ететұғын кез – осы қорықты енші.

Жатпен жақсы болғаның жетер, қазақ,

Кім болсаң да енді өзің болып көрші.





ТОЗДЫРУ




Әй, тоздырды,

Тоздырудай тоздырды,

Тозғанына ер мұңайып, ез күлді.

Аузын ашса Алла, Алаш, Абай, – деп,

Арзан сөзбен ақиланып көзге ұрды.



Тәңіріңдей тәуәп етер сиректі

талапайға салуды кім үйретті?

Аллаңызды ақ жем етіп,

Алашты

айтақырда тулақ етіп сүйретті.



Қара шалды қара өлеңді құт, – деген,

Қарашада тағы солар үптеген.

«Абай, Абай!..»

Абай қалды абдырап,

Дәл осындай жұлмалауды күтпеген.



Міскіндерің бойында жоқ місе түк,

Жербауырын көтермекші құс етіп.

Жемсауына «жерік» сөзі жүрмесе,

Өлеңінің кетері бар іші өтіп.



Әй, тоздырды-ау,

Тозаңдайын тоздырды-ау,

Осындайдан піседі екен озбыр дау.

Шөжіміне шым жібекті шығындап,

Кежіміне кендір жібін кез қылды-ау.



Беу, ағайын, намыс болса нұсқаңда,

«Зер қадірін зергер білер» тұсты аңда.

Абайды ұқ, – деу артық екен.

Мысына

сары алтынды малай еткен мыстанға.





ЖАСАНДЫ




Жалақтым-ау жағалай жасандыдан,

Жасанды жұрт, жасанды ел, жасанды маң.

Жасанды бел,

Жайылған жасанды көл

табиғи төл секілді қашанғыдан.



Жасанды дем, жасанды ем, жасанды ауа,

Болмысы бос болған соң қасаңдау, ә?

Жасанды көз,

Жаныққан жасанды сөз

сап тыйылып, табамыз қашан дауа?



Кеусенім де жасанды, кебегім де,

Көңілімнің өтірік өбегінде.

Жасанды дән, күн сайын жасанды дәм,

Ішкенім де,

Істіктеп жегенім де.



Жасанды ішім,

Тындырған жасанды ісім,

Жақсаруға жұмсайды қашан күшін?

Жасанды айдар, жұлқынған жасанды айбар,

Жағаласқан жауымның басар мысын.



Жайсыз тисе жарағын жасанған у,

Жас та болсаң бойыңнан қашар қару.

Жасанды қас, жамылған жасанды шаш,

Жасандыға «аш»

Құшқаным жасанды ару.



Жабысқан жал,

Жабысқан жасанды мұрт,

шалғысымен қияды шашаңды кілт.

Зерттесем қан жағын жасанды қан,

Келіп көрсем жан-жағым жасанды жұрт.



Жасандысыз жарты адым баса алмаған,

Жаһандану жалмауға жасар қадам.

Нағыз адам бол, – дейсің,

Қалай болам?

Бол, – деп тұрған өзің де жасанды адам.





ТОРҒАЙ-МИ




Бала кезім,

Байсал табу сондай күш,

Қыр қыдырып қызықтауды қолдайды іш.

Қалбалақтап ұшты торғай кенеттен,

Қалбалақтап қуып бердім мен байғұс.



Іліп түсем деген үміт ырғып-ақ,

Ілекерге айналғаны бұлдырап.

«Жаралы» құс жағдайы жоқ жансары,

Бір ұшады,

Қара жерге бір құлап.



Балғын бұта ілгенімен балақтан,

Мен емеспін байыз табар қарап паң.

Жалаңаяқ жантақ басқан бала үшін

Құс ұстаудан қызық бар ма, Жаратқан?!



Ұту блып, тұту болып миымда,

Ұмтылдым-ау кем дегенде жиырма.

Қол созымнан ұзамаған «кемтар» құс

Алып кетті қайдағы бір қиырға.



Егесіне бағынбады еп қалай, –

деген оймен қуып жүрсем тоқтамай;

Ұясынан ұзатып ап...

Ұяттан

жұрдай торғай, самғай ұшып кеткені-ай.



Назаланған енді мендей мүскінді

назарға алып, кім ұғады ішкі үнді?!

Ұям менің Жер еді ғой.

Сол жерді

кеше қорғай алмадым ғой құс құрлы...



Шымбайыма батыра бір шымшыған

Шырғалаңнан жаным, кәне, тыншыған?!

Содан бері торғай көрсем,

Басымда

торғайдай ми бар, – деуге де қымсынам.





БАҒЗЫ ҚАЗАҚ





Ағып жатқан арнадай

Азаны мен қазаны.

Ғайып болды, жалған-ай,

Бұрынғының қазағы.



Көшті қойшы,

Көшпеймін

Керек емес түйесі.

Кемігенін не істеймін

Кеңдігімнің киесі?!



Қайда қалды тау ішін

Жаңғырық қып бір өзі;

Самбырлаған дауысы,

Салдырлаған мінезі?!



Иен далада есінеп,

Иеленген жалғанды;

Есебі жоқ, есі жоқ,

Қайдан табам аңғалды?!



Жебей қаузап желіні,

Саумалына мәз осы;

Қайда айдай келіні,

Қайда «айғай» әжесі?!



Қайда –

Ұрыс-жанжалға

араша боп аз ісі –

қара қылды қақ жарған

қазиы мен қазысы?!



Түсіңде емес,

Көп кірне

Ішіңде ғой, мұны да ұқ.

Ұлтарақ боп кеткен бе,

Ұлтымдағы ұлылық?!



Азаймайтын арнадай

Азаны мен қазаны;

Байыз тапты-ау, жалған-ай,

Баяғының қазағы.



Тайғанадым, адастым,

Тайлағымды сеңге айдап –

Көшпен кеткен қазақты

Көшпей іздеп мен бейбақ.





САЛЫСТЫРУ





Сен не деген жүректі ең,

Салыстыра салмақтар.

Бағамдасаң білекпен,

Бұйым емес бармақ-хал.



Бас білемін басты арқау,

Басы жоқтың кемі шын.

Төбешік те асқар тау,

Төмен жатқан дөң үшін.



Мәнісі бар мұның да,

Мәтін болмас құранды ой.

Шіркей үшін шыбын да

Шіреп ұшар қыран ғой.



Дәлеңкедей қалыбын

Далитсаң да тегештей,

Айғай-ақын бәрібір

Айдай ақын емес қой.



Баға берер байыппен,

Болам десең көреген –

Қайықты өлше қайықпен,

Кемені өлше кемемен.



Абаданға қабаған

қанден үрсе, сол – қайғы.

Ұлы – ұлы.

Ал, оған

салыстырма болмайды.




***




Дертіме осы табам ба ем,

Деміктіріп бақсыны.

Салыстырып жаманмен,

Жақсы, – дейді жақсыны.



Ұлға қарсы есептен

Ұлпа көңіл ұйлықты.

Қатар қойып есекпен

Жүйрік, – дейді жүйрікті.



Жабыменен жұп қылды

Беріп биік бағаны;

Мұның өзі – мықтыңды

мұқатудың амалы.



Науша болды нар бейнем,

Қалдырмады жөніме.

Дәлдестіріп даңғоймен,

«Дана» етпекші мені де.



Өрекпіді өзегім

Осыны еткен жолдасқа.

«Тең-теңімен,

Тезегің

қабыменен» болмас па?!



Тобыршықтан тиіп оқ,

Топ жарарда құрыдық.

Күнің неткен қиын ед,

Күндесі көп ұлылық!




ӨЛЕҢІМ




Тағдырың тәйкі түссе – терең егес,

Тұяқты іліктірер сөреңе кеш.

Өлеңде қан болады,

Жан болады,

Болмаса бұл екеуі өлең емес.



Өлең де кәдуілгі адам сынды

Өрбітер өтірік пен саған шынды.

Хас ақын, қасақы ақын...

Өз сөздері

өздерін айналып кеп табар сүңгі.



Оның да дәйегі бар,

Дәстүрі бар,

Дағдарып қалмау үшін басты құрал.

Қуанып жай бір кезде,

Қай бір кезде

қуарып тамағына тас тығылар.



Мен қандай болсам егер, ол да сондай,

Жортатын жанына бір жолдас алмай.

Сәті бар сүзілетін,

мүжілетін,

Жартаспен жағаласқан бор қашаудай..



Ол – менің жылап барып жұбанғаным,

Ол – менің құлап қалып тұра алғаным.

Өзіммін – нақ түрі сол кейіпкердің,

Өзіммін – авторы сол шығарманың.



Менікі – онда жүрген арман-ұран,

Менікі – жапырағын жарған ыраң.

Бүлкілдеп қан тамыры,

Сол өлеңнің

бойына менен барып жан дарыған.



Пенде жоқ темір өзек,

Сылаң бойым

сірессе, суық жерге тұрар бейім.

Жырымда жаным қалар, жалын қалар,

Бола ма өлді деуге бұдан кейін?!




***




Түбінде бір өміріңнің күн беті

көлеңкеге ауысуы – міндеті.

Жарты ғұмыр – жалт еткен бір жалқы шақ,

Ұқтың ба оны, пайғамбардың үмбеті?



Аққан судай ада болған жылға, әне,

Жыл кетті, – деп жабырқаған ұл, кәне?

Бір ғұмыр ғой опырылған он екі ай,

Ұқтың ба оны, ей, Құдайдың құлдары?



Ұққан жоқсың.

Өмір өтсе налымай,

Сөнбестей боп көрінеді жарық ай.

Құдайыңнан соңғы Құдай – Уақыт,

Соны ұқпаған,

нені ұғасың, жаным-ай?!




ШӨМИТУ

(Рио Олимпиадасының күміс боксері В.Левитке)




Алтын жамбы алып тұрған Левитті,

«Әділ қазы» күміс беріп шөмитті.

Сөйтер болса бүкіл әлем алдында,

«Әлем» жоқта дей алмассың, – неге өйтті?



«Алтынын бер», – деп деміккен аттанның

арты тынды,

Секілденіп батпан мұң.

Әділетті ойлап тапқан қай аусар,

Ар-ұятты және ойлап тапқан кім?



Табылардай туралықтың күрт кені,

Шындықты іздеп шатылады жұрт, тегі.

Халқыңыздан нан жеп жүрген АИБА-ңыз

Сол халықпен танауын да сүртпеді.



Қанша жерден айтқаныңмен лағынет,

Олимпіңде жүрген солар жағып от.

Жалпақ жапан көз алдында

Осылай

опат болды орға құлап Әділет.



Ер түңілді.

Ерінеуден ой ыршып,

Көздің жасы секілденді шойын-шық.

Бізді күнде шөмитеді.

Төрт жылда

бір шөмею – боп жүрмесін ойыншық.



Сауал сансыз,

Жауап жансыз,

Үлгім кем,

Не күтемін «негесі» көп бұл күннен?

Өзімнің де ит өмірдің Левиті

екенімді...

Левиттен соң білдім мен.




Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар