Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Абзал БӨКЕН: КӨПЕНГЕ ХАТ немесе иттер туралы «трак...

26.10.2016 6601

Абзал БӨКЕН: КӨПЕНГЕ ХАТ немесе иттер туралы «трактат»

Абзал БӨКЕН: КӨПЕНГЕ ХАТ немесе иттер туралы «трактат» - adebiportal.kz

Редакцияның электронды поштасына белгілі ақын Абзал Бөкеннен хат келіп түсті. Қаламгердің пікірін еш өзгеріссіз беріп отырмыз. Бұл жазба "Әдебиет порталының" көзқарасы емес екенін ескертеміз. 

Егер қарсы тараптың айтар уәжі болса, мархабат!
 

c_05d341ed55e17b3892e2ebb4961f3bff.jpg

«Кенекем, саған не болды?» – деп толғанып еді Нысанбай жыраудың «Кенесары – Наурызбай» дастанында. Сол құсап, Қызыларайдан қырық ит, Ақтоғайдан алпыс ит, Қарағандыдан жеті ит үргізердей, Көпекең, саған не болды? Ермен ойнауға болса да, елмен ойнауға болмайды ғой.


 

Біз Ақтоғайды барша алаш қауымының Әлихан, Әлімхан, Жақып сынды көсемдері мен кемеңгерлерін туғызған алтын құрсақ деп танушы едік. Сен болсаң, иттер елі деп танитын сияқтысың. «Ит те сүйекті түсетін жеріне өлшеп жұтады», – демеуші ме еді әзіл әлеміндегі ұстазың Қалтай Мұхамеджан. Ал, сен «өлшей» алмапсың. Әлде сенің «түсірер жерің» жүз итті де жұғын көрмейтіндей керемет үлкен бе? Жоқ, Көпен, «жеті ит», бәлкім, желудогыңа сыяр, бірақ тұтас елді талмауға масштабың тарлық етері анық. Енді ол «сүйекті» қалай түсірмексің?


 

Сен қызды-қыздымен қатты ұрынып қалдың, қалқам. Арандауыңның алды-арты осы болғай. Ақтоғайдан жүз ит жүгіртіп, білегіңе қырғыз кейіптес «сұңқар» қондырған саяткерлігің қасыңда болған күлегештер үшін мәртебе болғанымен, өзің үшін абырой болды дей алман. Өйткені, тұтас елді төбетке теліген жазушыны да, жазушы еместі де бұрын-соңды көрген емес бұл халық. Ал, әлгі бауырларың сенің сәтсіз көрінісіңді торламаның ана тұсына бір, мына тұсына бір тоғытып әуре. Мына бетінде сенен жүз жеті ит өргізген қазақтың Троекуровын жасамай тынбас. Бірақ, Көпенжан, қазақтың итшісі болу үшін жүз ит жетектеу міндет емес еді ғой. «Жеті ит» те жетерлік дәулет болатын.


 

Қажет болса, «жетіліктің» құрамындағы өзім-ақ құрбандығың болып кете бермес пе едім?! Есесіне Ақтоғайым арамдалудан аман қалатын. Бүкіл Қазақстан аумағында Ақтоғайдай ел жоғын білер ме едің сен. Баба қазақтың барша қадыр-қасиеті тұнып тұр ғой онда. Ал, сен әлдекімнің шашбауын көтерем деп, көпендіктен айырлудың аз-ақ алдында қалдың.


 

Мен бір нәрсеге түсінбеймін. Сен Қызыларайдан қырық ит үргізесің. Ал, оған Қызыларайға кіндік қаны тамған Серік қышуы қана күледі. Ақтоғайдан алпыс ит абалатқаныңа сол елдің тумасы Серік Сағынтай да мәз. Несі күлкі, несі мәз? Осыдан кейін Сағынтайдың тозыңқырап қалған етегін жақында ғана ұстаған «су жаңа» келініме түскен жеріңді төбет деп жатқан көріністі неге ғаламторға қоясың деп кінә артып көр.


 

Көпен көкем, мен сені ылғи абыройлы істің басында көруге үйреніп кеткен едім. Сондықтан да мына кәртішкеңді қабылдай алар емеспін. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары есімде. Республикалық сатиралық «Ара» журналында қызмет етіп жүрген сені Мәскеудегі «Крокодил» журналының Бас редакторы қабылдаған. Абыройың артып тұр еді ғой. Аз-кем әңгімеден соң көлдей кабинеттің қожайыны мәрмәр астауының ойығына орта кесе спирт құйып, от тұтатқан. Оған істікке ілінген сүр шұжықты қақтап, тіскебасар дайындаған. Сонан соң әлгі кеспек тола «кереметтен» қос тостақанға толтыра құйып, «кел, қазақтың жас перісі, алып қояйық» деген... Мұндай құрмет сол заманда он бес одақтас республикалар ішінде саған ғана бұйырды-ау деймін. Сен сый-сияпаттан майысып көрмеп едің ғой. Енді не қара басты? Әлде жас періден мас періге айналғың келіп жүр ме?


 

«Көпен көкем тауып айтыпты, қауып айтыпты», – деп жазады Жанат Жаңқаш. «Итті» айту үшін де тапқырлық керегін енді білдік. Үруші жүз жеті ит болса, «қабушы» Көпен екенін де әлгі сөзінен аңғардық. Жас ақынның айтқанына бақсақ, үрушілер үйірін жүз сегізінші нөмірмен толықтырған өзің сияқтысың. Бұл жерде, Көпенжан, обалың маған емес, «қақпан қоя білмеген – бірдеңесін қалдырадының» керін келтірген әлгі балаға. Осыған қарағанда, жанат (терісі бағалы жәндік) жолбарыс болып жонданып, жаңқа қарағай болып қомданғанша әлі де біраз дәуір бар-ау.


 

Жанаттың «...қауып айтты» дегеніне «иттер» ауданында тұратын Мүсіркеп ақын «жоқ, ауып айтты» деген уәж жолдапты. Менімше, «иттер елінің» өкілі болса да осының айтқаны дұрыс.


 

Көпен досым, ендігі ескіріп, естен шығатын осы әңгімені жаңғыртпай-ақ қояйын деп едім. Бірақ «Ақтоғайымызды итке балаған Көпен, Көпен!» – дегісі келгендей-ақ, әлгі мырзалар ит туралы үзікті жылтыңдатуын доғарар болмады. Біле білсе, осы көрініс Ақтоғайдан шыққан олардың өздеріне де, «жетіліктің» құрамында жүрген маған да, шаршы топта сәтсіз шешендік танытқан саған да абырой әпермес шаруа еді. Бірақ оны білетін бала қайда? Қадірменді Көпеннің аузынан ит өргізіп, тырқ-тырқ күледі. Ақтоғайды ақтоғайлықтардың мазақ етуінің басы да, соңы да осы болғай. Өкінішті-ақ. Көпеке, аузыңның арғы жағынан алпыс итті, бергі жағынан қырық жеті итті қыңсылатқан өзің едің. Енді ебін тауып, Ақтоғай елінен кешірім сұрайтын да өзің боларсың. Бас жағы еркек те, аяқ жағы ұрғашы күйде жүретін қасқырдың исінен запы болған иттер дүрлігуі онсыз да аз емес қой. Соған жүз жеті иттің дүбірін қосып, одан әрі даурықтырудың қажеті бар ма?


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар