Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Адалбек Ахмади: Ажалға да адам асығады екен ...

12.12.2016 5153

Адалбек Ахмади: Ажалға да адам асығады екен

Адалбек Ахмади: Ажалға да адам асығады екен  - adebiportal.kz


1362113044-191.jpg

ШОЛПАН ТУҒАН ЖОҚ ӘЛІ



Тас керең түнді ақ нұры Айдың тілгілеп,

Түртіп оятты төсектегі ойды түнгі леп.

Үзілмей қалған жабайы жалғыз алмадай,

Төзімді менің кеудемде соғып тұр жүрек.



Оятып түнді,

Тау жақта байғыз шақырды.

Тұлпар өлеңнің тағасы тесті басымды,

Аузыма тістеп жетсем деп саған жүректі,

Отырмын таңның Шолпанын күтіп ақырғы.



Шолпаным менің,

Туасың қашан түріп таң,

Жатырмын шөлдеп сәулеге сүттей бір ұрттам.

Сәулемның аулы сонау бір қырдың астында,

Тезірек жетіп ызғарын түннің ұмытсам.



Ошақта жанып тезегі малдың, таңсәрі,

Түтіннің иісі кетсе еді жарып қолқаны.

Шолпан-қыз маған ыстық шай құйып берсе ғой,

Әй, қайдам, бүгін тумайды таңның Шолпаны.



Қарсы ала шықса күшігі үріп ауылдың,

Маңдайды сүйсе самалы тарғыл тауыңның.

Шолпан-қыз мені бауырына басып жылытса,

Ернімен ыстық суығын сорып тәнімнің.



...Енді өліп кетсем арман жоқ!

Әй, қайдам, бүгін

Тумайды Шолпан!..

Сағындым!



КӨЗ



Шамырқанып досым егер “ез” десем,

Алыстама!

Менен сірә, безбе сен.

Айтамын ғой, айтпағанда не шара,



Қыз жүрегін ұсынғанын сезбесең.

Не сыр барын көзіндегі көрдің бе,

Білесің бе айтатынын елдің не?!

Көзбен айтса жүрек сөзін қыз байқұс,

Суырып ап жүрегіңді бердің бе?



Көз емес пе, көзі ғой тек сыр айтар,

Кейде жалған, кейде бірақ шын айтар.

Сол қарашық аунап кетсе басқаға,

О,масқара!

… жүрегіңді мұңайтар.



Қарманып қал, көз тұрғанда тігіліп,

Қажеті не,

Отырудың бүгіліп.

Тайқып кетсе қарамайды қайтадан,

Жалынсаңда мың мәртебе жүгініп,

Жұп жанар!



ҚИНАЛЫС



Қиналыс бар жанымда, қиналу бар,

Алдымдағы кеседе құйған у бар.

Жылағым кеп тұрсада оңашада,

Неге мені жылатпай қинадыңдар.



Тағдыр мені қинай түс, қиналайын,

Қуанышты кеудеме құйма дәйім.

Жүрегіме ал қазір сияр емес

Шынашақтай кешегі сыйған Айым.



Жан болайын жапанда жылап қалған,

Жетектеме әуре боп жыраққа арман.

Үмітімнің бәрі де күздің соңғы,

Жапырағы сияқты қурап қалған.



ҚАСЫҢА КЕТЕМ...



Ажалға да адам асығады екен,

Тәуекел, сенің қасыңа кетем.

Жаныма сәуле құймады қайтем,

Бұл жердің тауы, тасы да бөтен.



Ботадай боздап, бозарып арман,

Тозады жаным, озады жалған.

Мен-дағы бір күн мәңгілік сіңем,

Далама баба мазары қалған.



Тәнімді қайта шайқасын далам,

Сен жылап жоқтау айтасың маған.

Мен өлген күні жоқтайтын адам,

Бар екендігін байқасын ғалам.



Тәуекел, сенің қасыңа кетем,

Ай қада, өлсем басыма, көкем!



СЫҢАР ҚҰС



Күз де келді, шық тұрды жасыл белге,

Ақ селеулер соғып тұр басын жерге.

Бұлттай боздап барады жалғыз аққу,

Жанарының тамызып жасын көлге.



Жаралы құс жанымды сезіне ме?!

Ұйып тұрды жас келіп көзіме де.

Қара жерге қадалып қалған үнсіз,

Қазық тәнім сияқты өлі дене.



Кеткен сынды тіршілік қақырап бар,

Көлдей мұңға малшынып атыраптар.

Тыр жалаңаш шешініп қызыл қайың,

Тым-тырақай қашып жүр жапырақтар.



Қабағында нар қайың қырау-қайғы,

Тырналардың тізбегі тыраулайды.

Сынық қанат сыңар құс төбемдегі,

Жалғыз қалған ботамнан бір аумайды,

АРҒЫ бетте!



САБЫР САҚИНАСЫ



Түн.

Таулардың етегі тыныш табын,

Қалбаң-қалбаң етеді жыныста кім?!

Ай астында ақсүйек арманымды,

Алғаш рет аялап уыстадым.



Елес.

Жарық жұлдыздар қашан ақты,

Ай шуағым, сүт сәулем шапағатты.

Шығып кеткен жүректің шеңберінен,

Таппай жүрмін аяулы махаббатты.



Түс.

Бәрі де бұлыңғыр түске айналды,

Арғы бетте ақ тырнам ұшпай қалды.

Күте-күте суыған сезімдердің,

Кірпігіне тұңғиық шық байланды.



Таң.

Тағы да сағыныш сарсаңы ма?...

Уһ, жеттім-ау ақыры аңсарыма.

Сақтап келген сабырдың сақинасын,

Жүрегіңнің салайын саусағына.

Жанарым!




Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар