Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Адалбек Ақмәдиұлы: Әй, қарағым, жүрегімді түсінші...

03.04.2017 5523

Адалбек Ақмәдиұлы: Әй, қарағым, жүрегімді түсінші

Адалбек Ақмәдиұлы: Әй, қарағым, жүрегімді түсінші - adebiportal.kz

«ҚҰСҰЙҚЫ» ЖИНАҒЫНАН

Әй, қарағым, жүрегімді түсінші,

Ұйықтамадым...

Күнім өлді үшінші.

Ал,сен,ұйқта,

Саған қарай кетті ұшып,

Кірпігіме қонақтаған Құсұйқы.

СЕНСІЗ МАҒАН ӨМІР ЖОҚ

О, недеген көңілді ед,

Әлиямның қабағы.

Сенсіз маған өмір жоқ,

Төр Алтайдың Жанары!

СЕН ҰЙҚТАШЫ АЛАҢСЫЗ

Бір ай өтті.

Жырым жарық көргелі.

Әй, Әлия, іздемедің сен мені.

Енді қалай жүрегіңді ойатам?!

Қайтер еді сорлы ақынды аясаң.

Бір ай болды.

Сенен қабар күткелі.

Күз де келді.

Қойды және құс келіп.

Мен өзіңе ұсынып ем бір жүрек,

Бір жүректі тастадың ба үш бөліп?!

Не істесең де сол жүректі түсінші,

Ұйықтамадым...

Өлді күнім үшінші.

Ал, сен, ұйықта...

Саған қарай кетті ұшып,

Кірпігіме қонақтаған құсұйқы.

Сен ұйықташы,

Ұйықтай қойшы алаңсыз.

Жүрек ояу, қаным салқын...

Санам-сыз!

Ақ қайыңнан жасап алып тұлғаңды,

Құшағыма қысып жатам амалсыз.

Сен ұйықтай бер алаңсыз!

28.11.2013ж. Бесін.

СҮЙРІК САУСАҚТАР

Саусақтарың жорғалады жыр жаздың,

Өз-өзімнен өз жырымды қызғандым.

Денеңнің нәзік айтпайын қозғалыстарын,

Ғажайып екен тербелісі де сырғаңның.

Оқыдым өлең, отырдың үнсіз көшіріп,

Кеудемде тулап, жүректе қунап неше үміт.

Ілесе алмай дауысым саусақтарыңа,

Ішімде жүрек жылады жырға қосылып.

Ойында түк жоқ қаршадай қызы даланың,

Сүйрік саусаққа сүйініп ұзақ қарадым.

Тереңдеп қайтем, айтпаймын саған ар жағын,

Саусақтарыңнан бір сүйгіз маған қарағым.

***

Әлия тағы түсіме ендің,

Қайыңды бақтың ішінде көрдім.

Қолыңда кесе шұбатқа толы,

Сен маған соны ұсына бердің.

Ұсына бердің шұбатты маған,

Сен болып мені жұбатты Анам.

Тербетіп бізді тұр екен деймін,

Қуатты Далам, Шуақты ғалам.

Әлия солай түсіме кірдің,

Қайыңды бақтың ішіне кірдім.

Үйірден бөлек кетіппін деймін,

Құдай-ау, жалғыз кісінеп жүрмін.

Кісінеп жалғыз жүр екем деймін,

Жанарың жанған нұр екен деймін.

Шұбатқа толы кесеңде сенің,

Сағымы Айдың тұр екен деймін.

Тұр екен деймін сағымы Айдың,

Ойанып кеттім... тағы мұңайдым.

Шұбатқа қосып мен ішіп қойдым,

Дірілдеп тұрған сағымын Айдың.

Әлия сосын ойанып кеткем,

Көрінді маған Ай анық көктен.

Жалғасын көрмей әдемі түстің,

Жаман-ақ екен ойанып кеткен,

Жаман-ақ екен ойанып кеткен!..

КҮТШІ МЕНІ

Әлия.

Әй, Әлия күтші мені...

Сарқылып сабырымның бітті демі.

Мен саған ғашық болған күннен бері,

Тәбиғат үш жаңарып, үш түледі.

Әлия.

Әй, Әлия күтші мені.

Махаббат оты неткен ыстық еді?!

Өртеніп жатыр менің ет жүрегім,

Дерт еміп жатыр менің ыстық ернім.

Әлия күтші тағы үш жыл мені,

Өңімде емес түсімде құштым сені.

Алдында терезеңнің ұзақ тұрам,

Мұз қатып кірпігіме қыс күндері.

Әлия жүрегіме ұялашы,

Ақынның шабыт-қасық, қиял асы.

Тым жақын жүрегіміз бір-біріне,

Тым жырақ болғанымен үй арасы.

Әдия қызығамын қарап саған,

Біздерді қосар ма екен қалап, ғалам?!

«Керемет», «Құдырет»-деп, оқылады,

Аударсам есіміңді Арапшадан.

Әлия шыныменен кереметсің,

Іргеме қонып жатыр Көбелек-Түн.

Келеді біздер күткен керемет күн,

Шынымен әй, Әлия кереметсің!!!

ҰЙҚЫМ ҚАШТЫ...

Әлия, бүгін тағы ұйқым қашты,

Ұйқым қашты...

Көңілден күлкім қашты.

Аңсамайын десемде, аңсамайын,

Аңсайды жүрек құрғыр сылқым жасты.

Әлия, ұйқым қашты тағы бүгін,

Қарашы бұл жүректің қағынуын.

Өзіңді ойлағанның тәттілігі,

Көңілдің шешек атты бағы бүгін.

Көңілдің бағы бүгін шешек атты,

Не көрдің араладың кеше бақты?!

Жылы сөзге семірдім әй,Әлия,

Кеудеме шам-шырағын шеше жақты.

Кеудеме шеше жақты шам-шырағын,

Өзекке өтінемін тамшыла мұң.

Мен қалғып бара жатсам әй,Әлия,

Жонымнан сен аямай қамшылағын.

Сөнбеші, Сөне көрме шам-шырағым!

ТАҒЫ ОЙЛАДЫМ, ӘЛИЯ, БҮГІН СЕНІ

Бірінен соң шылымның бірін шегіп,

Тағы ойладым, Әлия, бүгін сені.

Тым құрыса көзіме бір көрінші,

Өзегіме өмірдің нұрын сеуіп.

Бір көрінші көзіме тым құрыса,

Өзегімді өртеді мұңлы-құса.

Мың айналам, Әлия, сіздің үйді,

Шыр айналған шырақты жынды құсап.

Шыр айналам шырақты көбелектей,

Неге отырмын бұл сәтті өлең етпей?!

Сені ойласам қызыуым көтеріліп,

Жүрегім мен жанады денем өрттей.

Денем өрт боп жанады сені ойласам,

Арыламын ойлардан қалаймақан.

Мені осылай тозаққа күйдіргенше,

Абайласаң, қайтеді, абайласаң?!

***

Арамызда 23 жыл айырма бар,

Бар ма мен де мүмкіндік,

Жарың болар?!

Ұсынамын жаралы жүрегімді,

Әй, Әлия аялап қабылдап ал.

Қабылдап ал аялап жүрегімді,

Жастық етем мен саған білегімді.

Сенесің бе, Әлия, сенесің бе,

Сенсіз сүре алмаймын бұл өмірді.

Бұл өмірді сүре алман сірә сенсіз,

Сен бақытты болсаңда жүдә менсіз.

Әй, Әлия, қасымнан табылмасаң,

Көз көрмеске кетемін жылап, елсіз.

Әй, Әлия сен соған сенесің бе?!

Пәк сезімнің мен бармын кемесінде.

Саған деген мөп-мөлдір махаббатым,

Аңыз болып қалса екен ел есінде!

***

Мен сені қимаймын басқаға,

Басыңа силаймын бас пана.

Есіңе кіргенде мен әрең,

Есіңнен шығарып тастама!..

Мен сені қимаймын басқаға.

Мен сені бермеймін өзгеге,

Бұл құрғақ айтылған сөз деме.

Мен саған ес-түссіз ғашықпын,

Әшейін жүрген бір ез деме!

Мен сені бермеймін өзгеге!..

Мен саған ес-түссіз ғашықпын,

Шашыңнан искеуге асықпын.

Айың боп туамын оңыңнан,

Кеудемді тұрсада басып Түн.

Мен саған ғашықпын!!!

***

Мен жүрген жерде сен жоқсың,

Сен жүрген жерде мен жоқпын.

Өзіңді іздеп жүрмін ғой,

Арасын кезіп Жер-көктің.

Сен жүрген жерде мен жоқпын,

Жабысқан маған сен дертсің.

Буынып бір тал шашыңа,

Ұлықсат етші өлмекпін!..

Себебі, жалғыз жарығым,

Мен жүрген жерде сен жоқпын!..

***

Шашыңды бір тал үзіп ап,

Силаған едің сен маған.

Ғұмырың болғай ұзын-ақ,

Сезімнің шамын мен жағам.

Үзіп ап бір тал шашыңды,

Сен маған едің силаған.

Қайтейін бақыр басымды,

Әлемге мына-ау, симаған.

Әлия бір тал шашыңшы,

Несіне маған силап ең?!

Мен сенің алтын басыңды,

Өзгеге мәңгі қимар ем.

Көзіңнің жасы дәрия,

Жыласаң ағар жас екен.

Шашыңды бір тал Әлия,

Көріме бірге әкетем!!!

***

Сенсіз маған өмір жоқ, әй, Әлия.

Есі ауысқан ақынды ая мына.

Тірілттің ғой Тәңірім!.. кеудемдегі

өліп қалған сезімді баяғыда.

Сенсіз маған өмір жоқ!..

Шыда сынға.

Шемен жүрек шер жұтты ырасында.

Ойламайын десемде сені, Әлия,

Көз алдымда қоясың тұрасың да.

Сенсіз маған өмір жоқ!.. енді жаным,

Пәк бейнеңді кеудеме қондырамын.

Қол ұстасып өмірден өтейікші,

Қос ішегі секілді Домбыраның!!!

***

Соғады жүрек бір тынбай,

Қашырып бастан ұйқымды-ай.

Құлазып тұрмын Әлия,

Қас Сақтың көне жұртындай.

Соғады жүрек сағаттай,

Ойатып бізді таң атпай.

Именіп туған имек Ай,

Иіліп тұрған садақтай.

Соғады жүрек тоқтамай,

Әлия сені жоқтап-ай.

Телмірді шаңырағымнан,

Толықсып туған аппақ АЙ!

***

Есімде сол күн,

Бойында жолдың,

Өзіңді күткен,

Жарың ба,

Ол кім?!

Ойсырап қалды,

Отырған орның.

Кететін болдың,

Қай жерге қондың,

Ғайыптың құсы?!

Сыздады-ау, әттең,

Жүректің тұсы.

Тағатың қашып,

Жетуге асық...

Отырсың неге,

Жабырқап жасып?!

Болып ем сені,

Бір көріп ғашық.

Көруге тағы,

Болса екен нәсіп.

О, қайран арман,

Опасыз жалған.

Онсызда жанға,

Жарасын салған.

Жүр екен қайда,

Апырау, сол жан?!

Тұратын жерін,

Сұрамай қалғам.

Жарқ етіп тағы,

Жолықшы алдан,

Әлия, қарғам!!!

***

Шынашақтай Әлия, айналайын.

Ай жүзіңді самал боп аймалайын.

Көз жасыңды көрсетпе жаным маған,

Жүрегіңнің ішіне Ар (қамайын.)

Арманыңды айтарсың ойыңдағы,

Масыл мұңды қуып шық бойыңдағы.

Білесің бе, Әлия, батыр болған,

Сенде де бар қайсарлық қайыңдағы.

Бал шағыңды бақытты аңсатайын,

Бұрап өрген бұрымды тарқатайын.

Мен тұрғанда өзіңе өле ғашық,

Жалғызбын-деп, ойлама қалқатайым!

***

Ажары таңдай Әлия,

Жанары шамдай Әлия.

Жүзіңе қарай беремін,

Құмарым қанбай Әлия.

Сөйлесең сөзің ария,

Тұңғиық көзің дария.

Өзіңді сүйіп қалды ғой,

Қырықтан асқан кәрия.

Түсіне көрші Әлия,

Сырымды қылам жәрия.

Жалғанда отасамыз да,

Боламыз тату жан-ұя.

Түсіне көрші Әлия.

Түсіме енші Әлия!..

***

Тағы да ұйқым келмеді,

Сыздатып жүрек кеудені.

Ұмытып кеткен шығарсың,

Әлия, сірә, сен мені?!

Ұмытып кеткен шығарсың,

Бұралып өскен Шынарсың.

Әлия менің жанымды,

Қинауға неге құмарсың?!

Келмеді ұйқым тағы да,

Жолыққан жансың бағыма.

Өзіңді жүрмін жүректің,

Енгізе алмай бағына.

Түсімде күнде өбемін,

О, менің тәтті Өлеңім.

Тағдырдың салған тезіне,

Қайтейін менде көнемін.

Өңімде қашан өбемін,

Өңімде қашан өбемін?!.

ӨЛЕҢІМ!

2013жыл. Мамыр.

БІЗ ЕКЕУМІЗ ЖҰПТАСЫП...

Жолымды оңғар Бір Алла!

Жанар.

Жолымды оңғар Бір Алла.

Жырымды жеткіз Тұранға!

Жүзімді бұрдым Құбылаға,

Маңдайды сүйеп Құранға.

Жүректен ақты бұлақ боп,

Жазылмай жүрген шығарма.

Көкірегім саған ТҰРАҚ деп,

Шақырды мені Бір Алла!..

О, Тәубә?!.

Кіреміз жұмақ Отауға.

Жұп ғашық,

...жұптасып!

БІР ТОЙЫМ БАР ТОЙЛАНАТЫН МӘҢГІЛІК

Не той еді, күткен тойы Төлештің,

Ол туралы білмейді осы неге ешкім?!

Қай той еді, күткен тойы Төлештің,

Деп отыз жыл қабырғаммен кеңестім.

Не той еді, қай той еді күткені?!

Бұл сауалға мен қойайын нүктені.

Қазағым да Ел болады бір күні,

Деген асыл арман еді іштегі!

Әттең, өзі көрмей кетті ол күнді,

О, кездері болатұғын Ел мұңлы.

Сөзсіз менің болады деп бір тойым,

Төлеш аға Бәрімізді сендірді.

Сендірді ғой бәрімізді, Даланы.

Жинаймын деп кемпір-кешек, баланы.

Дәл сол күні ілінеді мосыға,

Әлемдегі бар Қазақтың қазаны.

Әр қазанда ет қалмайды бір асым,

Күндес жандар іші күйіп жыласын.

Ал, балалар сүйіншілеп... сүйінші,

Төлеш ағам Аруағынан сұрасын.

Киелі Рух түссін сосын бір аунап,

Нұрға бөгіп, жырға бөгіп бұл аумақ.

Көкірегінен Төлеш ағам ұшырған,

Тырна жырлар мәңгі ұшады тыраулап.

Күллі Қазақ күткен тойды тойлайды,

Мәңгі бақи Бұл АУМАҚ!!!

***

Керексіз өлең көп менде,

Бармайтын келешектерге.

Тым ерте солып қалатын,

Қауызын жармай көктемде,

Гүл сынды.

Керексіз өлең көп менде.

Керексіз өлең өте көп,

Жаңбырдай жауған төпелеп.

Жанарсыз адам секілді,

Жүретін біреу жетелеп.

Керексіз өлең өте көп.

Керексіз өлең көп бізде,

Тексіз боп кетті тектіңде.

Құлагер Өлең тек қана,

Ибраһимге жеткізген.

Келеді бізге жеткізбей.

Керексіз өлең неге көп?!

Оқымайтұғын Ел елеп.

Шелектеп жаумай бұлт-шабыт,

Жауса екен шіркін себелеп.

Тәбиғатқа да со керек,

Жамиғатқа да со керек!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар