Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Әдеби шоумен өзі үшін жанын салады......

30.05.2017 5411

Әдеби шоумен өзі үшін жанын салады...

Әдеби шоумен өзі үшін жанын салады... - adebiportal.kz

Бір нәрсе анық: бүгін әлемде тобырлық мәдениет үстемдік құрып тұр. Тобырлық мәдениет тобықтан тепкенді қойып, басымыздан теуіп жатыр... Оқырман кітап оқудан алыстап, қоғам рухани тоқырауды бастан өткеруде. Күнде көретініміз шоу, еститініміз шоу, оқитынымыз да шоу-бизнес жайында... Тіпті әлем шоуға айналып бара жатқан секілді... Әдебиет ше? Таза әдебиеттің заманы өтіп, ақын-жазушыларымыз шоуменнің кейпін кимеді ме? Шын ақын-жазушылар нарық заманының «заңдылығын» қабылдай алмай, көлеңкеде қалып, пысық, өлермен жазармандар халықтың әдеби талғамын әлсіретпеді ме?

Сауалнама

1. Біздің әдебиетте «әдеби шоумендер» бар деп ойлайсыз ба? Бар болса, олар кімдер?

2. Сіздің түсінігіңізде «әдеби киллер» дегеніміз кім? Біздің әдебиетте әдеби киллерлер бар ма?

Ақсұңқар АҚЫНБАБА, ақын:

ӘДЕБИ КИЛЛЕРЛЕР ӨЗ АРАМЫЗДА ЖҮР...

1.

Қазіргі әдебиетте «әдеби шоумендер» бар деп ойлаймын. Бірақ мен «шоуға» жақын дүниелерді онша біле бермеймін. Себебі, қызықтырмайды. Бір таңғалатыным, көптеген ақындардың бір-бірін жер-көкке сыйғызбай көпірте мақтап, ал мақтануға тұрарлық дүниелерге келгенде жұмған ауыздарын ашпайды. Бұл әдебиеттегі «шоудың» жаңазамандық түрі болар. Қазір, жалпы, саясатта да, өнерде де, барлық салада шоудың заманы ғой. «Әдеби шоумендер» қай уақытта да болған, бола да береді. Олар негізінен топтануға, топ болып, мақтануға құмар келеді. Олардың жалаң айғай, лепірме сөздері бойыңды тітіркентіп жібереді. Кейде біреулерге соқтығу да «шоумендердің» қыры. Олар өздерін көрсету үшін жанын салады, әртүрлі өнер ойлап табады, атақтылау біреулерге соқтығу арқылы атын шығарғысы келеді, тағысын-тағы... Өздерін «айырықша көрсетуге» деген жасанды мақтанқұмарлыққа бейім жас-кәрі ақын біткенге жаным ашиды. Қазіргі әдеби ортада топ құрып алып, сол «топтың мүшелерін» жатып алып мақтайтын, ал ол «топқа мүшелікке» қабылданбағандарды іске алғысыз ғып жоққа шығару үйреншікті әдет болып кеткен сияқты. Олардың атын атап, түсін түстемесең де, өздерін тани жатар. Әдеби ортада топ болу керек, бірақ ол шығармашылық ағымға немесе көзқарасқа қатысты болса, онда олардың арасындағы айтыс-тартыстың да шығармашылық сипаты мен мәні болушы еді... Ақындардың жеке басының тартымдылығы, ия, тартымсыздығы немесе өзара тіл табысу мен тіл табыспаушылық шығармалардың тартымдылығын өлшей алмайды. Өкінішке қарай, бізде пікір шығармаға емес, шығарманың иесіне деген жеке көзқарасқа қатысты айтылады. Бір-бірін келісіп алып, мақтаушылар мен үшін қай уақытта да «шоумен» болып қана қалады.

2.

Мен секілді ешкімде шаруасы жоқ ақынның әдеби киллерлер туралы айтар пікірі көп екені жұртты таңғалдыруы мүмкін. Өйткені, киллерлерден көрген қорлығымның асып кеткені сондай, мен қазірде солардың мақсатын орындап, «көздерден жоғалып кеткен ақынға айналдым ғой»...

Киллер деген сөздің өзі «тапсырыспен» жасырын жасалатын ауыр қылмыс екендігін әйгілеп тұрады. Тапсырыс берушің кім, "өлтірушің" кім екенін айыра алмайсың. Десе де, мен әдеби киллерлерді бірнеше топқа бөлетін едім: Бірі – ашық айқасып, майданда қан қаптыру үшін таза күшке салатындар. Бірі күні-түні осал жеріңді іздеп, аңдып жүріп, үнсіз келіп, ту сыртыңнан "атып" кететіндер. Енді біреулері, «ақынды өлтірудің екі жолы бар: «бірі асыра мақтау, бірі мүлдем елеусіз қалдыру» демекші, қасақана елемегенсіп, іштей «өліп кетуің» үшін барлық мүмкіндікті жасайтындар...

Бірақ ащы, шынайы сын мен киллерлікті ажырата білуіміз керек. Мені сынадың ба, «сен киллерсің» деген ұғым да дұрыс емес. Дегенмен, сынадым екен деп, тым қатты кетуге де болмайтын шығар...

Ал өз басыма қатысты айта кетсем, менің алғашқы «әдеби киллерім» анау-мынау емес, «қатын» емес, «ақын» болатын. Аты-жөнін реті келгенде айтармын. Бірақ деректерді келтірейін. «Ақ жол Қазақстан» басылымының 2002 жылғы 8-желтоқсанда шыққан нөмірінде сол ақынмен бір жарым беттік көлемді сұхбат шықты. Сұхбатты алған Роза Әлқожа ғой деймін. Сол бір жарым беттік сұхбаттың тең жартысы маған арналған. Ол менің «Дарын» сыйлығын алуымның қарсаңында, соның алдын алу үшін ұйымдастырылған дүние болатын. Біресе, басқа мысал келтіретін өлең жолы құрып қалғандай, менің пәтер туралы бір ауыз шумағыммен бүкіл поэзиямды өлшейді, біресе, қасақана бір дөрекілеу сөздерді өлең жолынан бөлектеп алып, соны мысал қылады, ол аз болса, поэзияны асау тұлпарға теңеп, мені күндердің күнінде аударылып түсіп қалатын әлдекімге теңеп, тегіме бір соқтығып өтеді. Ол жазбаша түрі. Ал ауызша, сырттай соқтығудың небір тәсілдерімен түңілтіп, безіндіріп жібергендердің қаскөй пиғылдарын айтудың өзі қиын. Бәлкім, трагедиясы бір басынан асатын, жеке басының қайшылықтары жетіп артылатын тағдырлы ақын ретінде «тым бақытты» ақын болатындықтан ба, әйтеуір, маған «қызыққыштар» көп еді бұрын. Сосын, өз ортамнан безініп кетуіме тура келді. Айтпақшы, киллер мәселесінде мүшайралардың «төрешілерін» де киллерлердің бір түріне жатқызар едім. Себебі, қай мүшайра болса, соның «әділқазысы» болып бір жаттанды есімдер жүреді, олардың жүлде беретіндері де сол өздерінің бірге ішіп, жеп, бірге жатып, тұрып жүретін тамыр-таныстары кілең. Ал топ жарып тұрған өлеңнің немесе аударманың иесіне деген жеке көзқарастың салдарынан жүлдесіз қалдыру ол да ақын жанына пышақ сұғып алумен пара-пар емес пе? Қысқасы, жоғарыда айтылғанның бәрі біздің әдебиетте орын алып отырған жағдайлар болғандықтан, «әдеби киллерлер» жоқ деп қалай айта аламыз, әрине, бар... Олар аман болса, әдеби ортада әділетті шығармашылық көзқарас қалыптаспауға барынша күш сала түсетініне де сенемін.

Жанат ЖАҢҚАШҰЛЫ, ақын:

Өлеңінде де сол қулықтың, сол жеңілтек пиғылдың иісі мүңкіп тұрады...

1.Жоқ. Мысалға, реп оқып, өзін ақын санап, бірнəрсе тақпақтап жүргендер көп. Жан Ахмади деген бар. Міне, сол шоумен. Бірақ ол əдебиетте жоқ қой. Ал сіздің сұрағыңыз «əдеби шоумендер» туралы. Мұндай шоумендер əдебиеттің сыртында жыртылып айрылады. Ішінде жоқ. Бірақ осы шоуменге жақын, алайда, одан сəл талантты, əдебиетте эстрадалық ақын дегендер бар. Бұл енді қалыпты күйінде болса шоумендіктен бері, асқынса шоуменнен əрі кетеді. Осыларға тоқталайық. Бұлардың шоуменге ұқсайтын жері – өлермендік. Өлеңдегі кие мен Көктегі құдіретке сенгеннен гөрі өзінің жылпостығына сенгенді жөн көреді. Жылпылдап жүріп, жыр бəйгесінен жүлде алады. Жыбырлап жүріп, кітап шығарады. Жылмыңдап жүріп, Жазушылар Одағына өтеді. Ол осының бəрімен «жұмысбасты» болып жүргенде рухани аштықтан өлеңі өлімсіреп қалмай ма? Бұрынғы арын, бұрынғы мөлдір сезім, шалқар идея бұда жоқ енді. Себебі, жүрекке жүліктік, ақылға айла кірді ғой. Өлеңінде де сол қулықтың, сол жеңілтек пиғылдың иісі мүңкіп тұрады. Бұл эстрадниктер өлеңнің техникасын керемет меңгеріп алған. Енді сөздердің орнын ауыстырып, ортекедей секіртіп отырып та өлең құрай береді. «Сөз жүйесі келмейді құрауменен» (Біржан сал). Оны бұлар керек те қылмайды. Себебі, бұлар үшін əдебиет мансап жолындағы бір баспалдақ қана. Ақын деген аты шықса, елге сыйлы болса, қарыны тоқ болса, болды. Бұл эстрадалық ақындарды орыстың «выскочка» деген бір ауыз сөзімен сипаттаса болады. Қазақта бұған парапар сөз жоқ. Өйткені, қазақ даласында бұрындары бұндай «выскочкалар» болмаған.

2. Киллер болғысы келетіндер бар. Алайда, солардың атқан оғынан зардап шеккен ешкімді көрген жоқпыз. Себебі, əлгі "киллерсымақтардың" аузының дуасы жоқ. Киллер деген атына сай тарс еткізіп бір-ақ рет атып, нысанасының қателігін дөп басып, халтура екенін дәлелдеп, жермен жексен етуі керек қой. Ал біз айтып отырған «киллерлер» құс бытырамен быж-быж атып, адамды мезі етеді тіпті. Сондықтан, біздегі «киллерсымақтарды» киллер емес, жолы болмаған қатардағы жауынгер деп атаған дұрысырақ. Əр затты өз атымен атаған жөн. Жалпы біреудің шығармашылығына жөнсіз соқтығу – надандық. Соқтықтың екен, дəлелде. Ертең қияметте де дəлел сұралады ғой. Ал «киллер» ұстайтын сұр кардиналдар жайлы əңгіме тіптен бөлек. Олар жайлы біз емес, уақыт айтуы керек...

Сауалнаманы жүргізген

Аягүл МАНТАЙ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар