Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӘҢГІМЕ
Әдебиет Белгібайұлы. Қазына картасы...

17.01.2019 4283

Әдебиет Белгібайұлы. Қазына картасы

Әдебиет Белгібайұлы. Қазына картасы - adebiportal.kz

Асыл бүгін үйге қонбады, анасы Майра елегізіп ұйықтай алмай, түні бойы кірпік ілмеді. Тек таң ата көзі жұмылып кеткен екен, түсіне марқұм күйеуі Айдын кіріп: «Ұлды байқашы, бірнәрсеге ұрынып қалмасын», - дегені, оянып кетті. Тұра сала беті-қолын жуып, далаға шығып, сиырларды сауу үшін шарбақта ілулі тұрған шелекті қолына алды. Ойынан Айдынның сөзі шығар емес: «Ұлды байқашы...». Екі сиырды өріске жіберді. «Ех, дүние-ай, егер Айдыным тірі болса...» деген сөз ауызынан шығып кетті. Ұяла жан-жағына қарады. Әбүйір болғанда ешкім көрінбеді. Ұлы Асыл әлі жоқ. Үйге кіріп шай қойды. Демдеген шайы батпай қойды, жүрегі де атқақтай бастады, «ух» деп тершіген маңдайын сүрткен Майра қалың ойдың шырмауына түсіп кетті. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары осы Айдынның етегінен ұстап, кете барды. Кете барды дегені жай ғой, екеуі көрші тұрды. Айдынның шешесі бұлардың үйіне келгіштеп жүріп ақыры Майраны он жас үлкен ұлына алып берген болатын. Айдын да қарапайым жігіт, қақ-соқпен ісі жоқ, бірақ неге екені белгісіз, бірінші ұлы Жанаттан кейінгі туған балалары шетіней берді, басқалар он, он екі баладан дүниеге әкеліп жатқанда Майра қысылушы еді, қазір қарап отырса бір-екі бала туып шектеліп жатқандар, содан он жылдан астам уақыт өткенде көрер жарығы бар, осы Асыл дүниеге келді. «Жаным-ау, қайда жүр екен?»...

Түс ауа үйге келген Асыл төр бөлмеге өте шықты да киімшең барып, диванға құлай кетті. Ұлының үйге келгеніне мәз болған Майра: «Е, аман болшы, әйтеуір», - деп, үстіне көрпеше жаппақ болып еді, оны: «Керек емес», - деп лақтырып тастады... Жанат ержетіп әскер қатарынан келген соң әкесі екеуі ақылдасып, қалаға оқуға жіберген болатын, ол да жақсы оқып, университетті қызыл дипломмен бітіріп, ауылға қайтып келмекші болғанда, әкесі Айдын болашағыңды қаламен ұштастыр деп, аттандырып салғаны әлі есінде. Кіші ұл да алғыр болып өсіп келе жатты, «ауылдағы бізге алаң болма, Асылымыз бар, үй-жайға қарайды ғой» деген соң ғана Жанат ауылдан кеткен болатын, сол кеткеннен мол кетті, сол жақта жүріп үйленді, тойын мейрамханада өткізді, әйтпесе ауылда «палатка» құрып өткіземіз деген әкесіне:

– Келіндеріңіз бай-қуатты жерден, олар ауылға аттап баспайды, той мәселесін өзім шешем, – деген болатын. Тойдан кейін Айдын біраз бұрқылдап жүрді:

– Өз ұлымның тойына құда сияқты болып барып қайтқаным, масқара болды-ау, – деп.

Айтса айтқандай, ұлы бұларға хабар бергенде:

– Біз жақтан жиырма адам келсін, тойға ерте келмей, басталарға бір сағаттай қалғанда жетсеңіздерде болады, – дегенде, қатты ашулана қоймайтын Айдын шарт кеткен болатын.

– Мына бала жынды ма? Ауылда той өткізіп, бүкіл елді шақырамын ба деп жүрсем, жиырма адамы несі, туыстарымның өзі жүзден асып кетеді, әкесіне нәлет бармаймын, – деп те тулағаны бар. Әйтеуір, туған-туыспен ақылдасып, әр үйден бір адамнан баратын болып шешілген еді... Ол той да өтті. Жанат қызмет баспалдағымен тез өсіп бір үлкен мекемеге бастық болды. Содан бері арадағы қатынас та үзілді. Екі немересі бар қазір, жылына бір рет келеді, апалары сиыр сауамын деп не мал жайғауға шықса алыстан қашатыны да бар, «фу, ваняеть» дей ме, әйтеуір жоламайды.

Өткенді ойлап үй шаруасымен болып жүрген Майраны:

– Мам, ақша берші, – деген ұлының сөзі селк еткізді.

– Үй, жаным, тұрдың ба? Түні бойы елегізіп, сені ойлап, ана әкең де түсіме кіріп...

Анасының сөзіне мән берген Асыл жоқ:

– Ақша берші дедім ғой мен саған.

Майра тіксініп қалды сіз деп сөйлейтін ұлының сен деп неге шала бүлінгенін білмей таң.

– Қанша керек?

– Он мың.

Оны қайтесің деп те сұрамады, зейнетақыдан қалған ақшасынан он мыңын әкеліп ұлдың қолына ұстата салды.

Қара су іше сала Асыл далаға шығып кетті. Айдын ауырып қайтыс болғалы Майра үйдегі барлық тірлікті өз мойнына алған. Көрші үйдің қара домалақтары көмектесіп тұрады. Біреуі су әкеп берсе, енді бірі мал жайғасуға септігін тигізеді. Ал ұлы болса осылай қаңғырумен күнін өткізіп жүр. Майра болса оған айқайлап сөз айтуды да қойған. Бір-екі рет ұрсып көріп еді, оған ығатын Асыл ма, бетіне бажырайып қарайды, болды.

Асылдың бала кезіндегі қызық қылықтарын есіне алып, өзін-өзі алдаумен өтіп жатқан күндер-ай!

Кеш қарая Асыл жетіп келді. Көзі қызарып кеткен.

– Мам, карта қайда, маған керек, тез тауып бер!

– Балам-ау, қайдағы карта?

– Түу, мен бала кезімде папам айтқан қазынаның картасы.

– Не айтып кеттің, балам-ау?

– Атамнан қалған карта, тауға тығылған қазына, алтын салынған қобдиша туралы айтушы едіңіздер ғой, сол қайда?

Есіне түсті, қайын атасы Мырза бай болған екен, 1930 жылдары кулак деп қудалауға ұшырап, бар қазынасын келешек ұрпағыма керек болады деп тауға апарып тыққан-мыс. Сол әңгімені күйеуі Айдыннан да естігені бар, бірақ ол осы тірлігіміз жетеді, қарын тоқ деп іздемек түгіл:

– Соны біз тауып алып, байып кетсек, зәулім сарайымыз болса, ішіне кірсе шыққысыз, әдемілігіне көз тоймастай қылып, елдің алды болар ма едік... – деп қиялға шомған Майраға:

– Айтпа, құрысын, ол біздің ақша да, байлық та емес, ол туралы жақ ашушы болма! – деп жекіп тастаған еді-ау. Сол сөздер Асылдың миының бір қатпарында қалып қойған екен.

– Құрысын, балам, қайдағыны айтып, білмеймін, әкең де ол туралы бір рет айтып қалған, кейін мүлде тіс жармаған еді.

– Айт, мам, әйтпесе үйдің ішін ақтарып жүріп тауып аламын. Сен менен жасырып отырсың, – деп айқайға басқан ұлына, құтылмақ оймен бе, әйтеуір:

– Ескі үйде қалмаса... – деп аяқтап та үлгерген жоқ еді, Асыл үйден атқи жөнелді.

Әлима келгенде Майра көзіне жас алып отырған еді, сампылдап кіріп келе жатқан көршісін көріп орамалының ұшымен көзін сүрте бастады.

– Әлима, қал қалай? – деп тек тұрмастың кейпін көрсетпек болған еді, бәрін байқағыш Әлима тікесінен кетті:

– Не болды, ұлың ба тағы, сол үшін көзіңнің сорасын ағызып отырмысың, айт құрбым, шер тарқат! – дегенде әзер отырған Майра жылап жіберді, бүгінгі болған жайтты еш бүкпесіз жайып салды. Жеңілдеп қалған сынайлы.

– Жарайды, құрбым, қапа болма, ұлың ақылды ғой, әлі бәрі де жақсы болады, уайымдама тек!

– Рахмет, құрбым, сен болмасаң мұңға батып отырар едім-ау!

Әлима шығып кеткеніне сүт пісірім уақыт өткенде, Асыл есікті шалқасынан ашып кіріп келді.

– Мам, жоқ ол жерде де...

– Нені айтасың, жаным-ау?

– Карта жоқ, ақтарып келдім. Қазбаған жерім қалмады. Білесің бе, мен бәрібір сол алтынды табамын, сол байлықтың арқасында бәрін сатып аламын, маған бұлай тиын-тебенге күн көрген керек емес, бай болғым, әлемді уысымда ұстағым келеді.

Майра ұлына ашулана қарап еді, оның есіл-дерті басқада екенін бірден ұқты. Көзі бұрынғыдан жаман аларып кеткен Асыл тоқтар емес. Оған қазір ақыл айтып, ұрсудың да пайдасы тимесі анық. Шала-пұла тамақ іше сала Асыл төсегіне құлады. Түні бойы сандырақтап шықты. «Мен бәрібір табамын, мен бай боламын! Ешкім маған сөз айта алмастай бәрін сатып аламын...».

Ертеңіне Айдынның ескі отауын ауылдықтар тып-типыл қылып шашып тастады. Қазылған жерден шыққан топырақ, жарылған ескі ағаштар шашылып жатты...

Асыл таңмен таласа тұрды. Үстіне таза киім киген бетте шығып кетті. «Мам, мен бәрібір алтынды табамын да, бай боламын. Ха-ха-ха-лаған» дауысы Майраның құлағында қалып қойды. Жүрегі шым ете қалған Майра отыра кетті. «Ұлым, тоқта!» деп те айта алмады-ғой!

Сол кеткеннен мол кеткен Асылды анасы іздеуге берді. Ауылдық учаске инспекторы Жаркен біраз нәрседен құлағдар да болып шықты. Бірден бір топ ауыл жігіттерін жинап алып, тауға кетті. «Қазыналы» деп аталып кеткен тауда шынымен де байлар өз байлығын тыққан-мыс. Бір күн өткенде ауылға суыт хабар жетті. Асыл тауға шығып бара жатып, аяғы шалынып ылдиға құлап, басы тасқа тиіп жан тапсырыпты. Майраның көзі құрғамады, жылап отырып талып қала береді. Үлкен ұлы Жанат келіп, мәйітті жөнелтудің жөн-жоралғысын жасап, інісін мәңгілік мекеніне аттандырды.

«Өлгеннің артынан өлмек жоқ» деген Майраның өмірі өксікке айналды. Жанат қалаға көшіріп әкетем дегенде, «Әкеңнің қара шаңырағын тастамаймын!» деп бармай қойды...

Көрші-қолаң мен ауыл молдасы Сақыпты шақырып қырқын өткізгеніне екі-үш күн өткенде, ауылдағы Жынды Марат аталып кеткен малшы шауып келіп, атынан да түспестен: «Әй, Майра, ана балаңның қабірін біреулер қазбақшы болған екен, айқайлап қуып тықтым, біздің ауылдан емес, жүгірмектер мәтәсиклмен қашып кетті» деп айқайлап айтты да жөніне кетті. Асылды ақтық сапарға аттандырғанда, есі кіресілі-шығасылы болып отырып естігені бар еді. Ана құрдастары: «Асыл қазына картасын тауып алыпты, жерлегенде соны бірге көміпті» деген сөздер шығарған. Мән бермеп еді. Сөйтсе ол сөз көрші ауылдарға тарап, біреулер оны шын көріп, картаны қазып алмақ болған екен ғой. «Ойбай, ойбай, көрінде де тыныш жатқызбадың-ау, қу құлқын!» деп зарлаған Майра ауыл имамының үйіне қарай жол тартты, шариғат бойынша қалай, әрі ешкім білмейтін жерге қайтадан жерлеу туралы сұрамақ...

Әдебиет Белгібайұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар