Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Әдебиет бойынша алғашқы Нобель неліктен Сюлли Прюдомға берілді?

21.02.2017 2737

Әдебиет бойынша алғашқы Нобель неліктен Сюлли Прюдомға берілді?

Альфред Нобель атындағы сыйлық тұңғыш рет 1901 жылдың 10 желтоқсанынан бастап Стокгольм қаласында беріліп келеді. Нобель сыйлығы алтын медаль мен диплом әрі 300 бен 700 мың доллар арағылығындағы ақшалай сыйлықты құрайды.
Әдебиет саласы бойынша жеңімпазды Швед академиясы алғашқы жылдардай емес, бүгінде нақты жүйемен, қалыптасқан қағидамен таңдайды. Әр жылдың аяғында Швед академиясы шамамен 2000-ға жуық жазушы, филолог, шығармашылық ұйымдардың жетекшілеріне «өз кандидаттарыңызды ұсыныңыз» деп хат жолдайды. 1 ақпанда өтініш қабылдау аяқталып, Нобель комитеті ұсынылған 200-300 адамның тізімін іріктеп, мамыр айының соңына дейін 5-еуін ғана қалдырады. Сосын академиктер шығармаларды оқуға жазғы демалысқа кетіп, қыркүйекте қайта бас қосады. Дауыс беру нәтижесінде анықталған жеңімпаз желтоқсан айында халыққа белгілі болады.
Нобель бойынша әдеби сыйлық 1914, 1918, 1935 жылдары және 1940-1943 жылдар аралығында ғана берілмеді. Сондықтан, бүгінде бізге 100-ден астам Нобель сыйлығын алған ақын-жазушының есімдері белгілі. Ендігі жерде «Әдебиет порталының» оқырмандарын «Нобель иегерлері» айдары бойынша осы есімдермен хронологиялық тәртіпте тұрақты түрде таныстырып отырмақпыз.   


Өлеңдегі алғашқы қадамдар


  Әдебиет саласы бойынша тұңғыш Нобель сыйлығының иегері атанған Рене Сюлли Прюдом 1839 жылы 16 наурызда Париж қаласында дүниеге келген. Ақынның шын есімі – Рене Франсуа Арман Прюдом. Рене екі жасқа келгенде әкесі қайтыс болып, қаржылық қиындық көрген жесір шешесі, өзінен бірер жас үлкен әпкесі үшеуі нағашы ағаларының қолына көшіп барады.

  Сегіз жасында Бонапарттың лицейіне оқуға түскен Рененің математика мен классикалық тілдерге, француз өлең құрау әдістеріне қызығушылығы ерекше еді. Ол 1856 жылы сол мектептен бакалавр дәрежесін алып шығады. Математикаға үздік бозбала инженер болғысы келіп, білімін политехникалық мектепте жалғастырмақ болады. Алайда, ол ойынан көзінің ауыр сырқатына байланысты бас тартқан.

  Рене алғашқы еңбек жолын Крезо зауытында кеңсе қызметкері болып бастап, 1860 жылдан нотариалдық кеңсеге ауысады. Ал кешкі уақытта нотариалдық құқық мәселелері мен философиядан сабақ алып, өлең жаза бастайды. Кеңсенің іш пыстырарлық қағаздарынан шаршаған Рене өміріне өзгеріс енгізгісі келіп, «Бұтақтар бауырластығы» атты шығармашыл студенттердің ұйымының мүшелігіне өтіп, солардың сенімінің, білдірген қолдауларының арқасында өлеңмен шындап айналысуға кіріседі. 1865 жылы әкесінің толық аты-жөні Сюлли Прюдомды өзінің бүркеншік аты ретінде пайдаланып, “Стансы и стихи” (“Stances et Poemеs”) атты алғашқы жыр жинағын шығарады. Бұл жинақты айналасындағылар жылы қабылдайды әрі осы өлеңдер Сюлли Прюдомның әдебиеттегі орнын айқындауға көмектеседі. Жас ақынды әсіресе, белгілі публицист, сол замандағы ықпалды әдебиет сыншысы Шарль Сент-Бевтің оң бағасы қанаттандырады.

                             3f120e743a388191049b2bb10c5bbf73.jpg



Сюлли Прюдом – Францияның ең атақты ақыны


  Арада жыл өтпей Рененің өлеңдері жас әдебиетшілердің “Парнас” атты жинағына еніп, атағы одан әрі аспандай түседі. Онымен қоймай, алғашқы жинағы қайта басылып, “Испытание” (“Les Epaves”) деген жаңа атпен тарайды.

Ламартин өлеңдеріндегі тым байсалдылық пен Мюссе жырларындағы лирикалық бей-берекеттікке қарсылық Сюлли Прюдомды «парнастық» ақындармен біріктіре түсті. Бірақ Прюдом өлеңдерінде өзге “парнастықтарға” қарағанда, әлеуметтік сарын бары рас еді. Ол өзін заманына сай туған ақын деп есептейтін. Парнастықтар феодалдық, католиктік тенденциядан шыға алмай жүргенде, Сюлли Прюдом өзін позитивизмді жақтаушы ретінде көрсетіп, өлеңдерінде көркемдік мен ғылымды ұштастыруға тырысты:

Взор химика пытлив, ему порядок мил.
Среди своих реторт, мензурок и приборов, 
Таких загадочных для любопытных взоров, 
Стремится он достичь капризы тайных сил. 

(“Химия”. Перевод В.Дмитриева)

  Келер үш жылда жас ақынның қаламынан көне мифтік сарында жазылған “Авгиевы конюшни” («Les Écuries d’Augias», 1866), “Итальянские зарисовки» («Croquis Italiens», 1868), «Одиночество» («Les Solitudes», 1869) атты кітаптар дүниеге келді. Бұл жылдары жазылған өлеңдерінде жауапсыз махаббат та, ғылым мен діннің таласы да тақырыпқа арқау болды. Дәл осы жинақтар Сюлли Прюдомды Франциядағы ең атақты ақындардың бірі етті.

                 844a4140c2ba2da4819dfb3bf5a9b963.jpg



Жауапсыз махаббат, аяусыз соғыс


   1870 жылдан ақын өміріндегі ең ауыр кезеңдер басталады. Аз уақыттың ішінде анасы, арқа сүйеп жүрген ағасы мен тәтесі бірінің артынан бірі қайтыс болады. Әрі үйленгесі келген бөлесі ұсынысын қабыл алмай, махаббат азабын шеккен жас жігіт, өмір бойы үйленбей өтеді.

  Дәл осы жылдың шілдесінде франко-прусс соғысы басталып, Сюлли Прюдом өз еркімен соғысқа аттанады. Әскери өмірдің ауырлығы жас ақынның онсыз да мәз емес денсаулығын одан ары әлсіретіп, Парижді қоршаудан босатқан тұста аяғынан айырылуға мәжбүр болады. Науқасының ауырлығына қарамастан өлең жазуын тоқтатпаған Сюлли Прюдомның сол уақыттағы өлеңдерінен «пафосқа толы патриотизмнің желі есіп тұр еді» дейді кейінгі сыншылар. Ол өлеңдері дәл сол жылы «Военные впечатления» («Impressions de la guerre») деген атаумен кітап болып шықты.

                                                6652f08d68253d27b1848fea040ba251.jpg



Француз поэзиясын түнектен жарыққа шығарған ақын


Ақынның келесі поэтикалық әрі назар аударарлық шығармасы 1875 жылы жарық көрген «Напрасная нежность» ("Les Vaines tendresses") кітабы. Мұндағы өлеңдерінде де Сюлли Прюдомның жан дүниесінің арпалысы, махаббат, сағыныш, мұң сезімдері әдемі суреттелген.   

   Оның шығармашылығының алғашқы жылдарында лирика басым болса, кейінгілері, әсіресе, 1878 жылы оқырмағанға жол тартқан «Справедливость» («La Justice») атты поэмасы философиялық сарында, диалог үлгісінде жазылған еді. Бұл поэмасында ол «әділдікті айналаңнан емес, жан дүниеңнен ізде» деген ой айтады.

  Сюлли Прюдомның шығармашылығын зерттеушілер ақынның француз әдебиетіне ықпалы туралы айтқанда: «Ол француз поэзиясын түнектен жарыққа шығарды, пессимизмнен позитивизмге толтырды» деседі.

  Ақын 1881 жылы Француз академиясының мүшелігіне өткен. Әлемге әйгілі болған Дрейфус ісінде капитан жағында болып, соттың басы-қасында жүрген.

Ақын 1900 жылы шығарған “Поэтическое завещание» (Testament poétique) атты мақалалар жинағында француздың классикалық өлең құрау әдістерін қорғап, еркін өлең формасына қарсылығын білдіріп, символистер мен декаденттерді сынға алады.

                                                    a4080564d1c43d14802f487cce5abbfb.jpg



Нобельге өзін лайық санамаған Сюлли Прюдом


1901 жылы Сюлли Прюдом кітаптарындағы жоғары идеализм, ерекше көркемдік қуат, сонымен қатар, шынайылық пен талант қатар ұштасқаны үшін Нобель сыйлығының алғашқы иегері атанады. Бұл орынға Лев Толстойды лайық көріп жүрген әдеби қауым үшін, Сюлли Прюдомның бұл жетістігі күтпеген жағдай, үлкен соққы болды. Олар қарсылық акциясын ұйымдастырғаннан кейін Август Стриндберг бастаған швед жазушылары әлем алдында ашықхат жариялауға мәжбүр болды. Мұндай шешімге Сюлли Прюдомның өзі де қатты сын айтты деседі. Тіпті, осы уақытқа дейін оны бұл сыйлыққа лайық санамайтындар көп.

Денсаулығының күрт нашарлауына байланысты, ақын Нобель сыйлығының марапаттау кешіне бара алған жоқ. Сыйлық Швециядағы француз елшісіне тапсырылды.

Ауыр науқасқа ұшыраған ақын бұдан кейін де қаламнан ажырамай, 1905 жылы “Истинная религия Паскаля” трактатын жазады. Ал соңғы еңбегі “Психология свободного выбора” 1906 жылы жазылды.

              1584152cc27950b9f0e7da3708417794.jpg



Ұмытыла бастаған ақын


Сюлли Прюдом 1907 жылы 7 қыркүйекте Париж түбіндегі Шатне-Малабри қаласындағы вилласында қайтыс болды. Париждегі Пер-Лашез қабіріне жерленген.

Өз заманында үлкен танымалдылыққа ие болған ақынды бүгінде туған елі де ұмытып кеткендей, есімі сирек аталады. Жекелеген өлеңдері түрлі антологияларға кіргенімен, әдебиеттанушылар да оның шығармашылығына ерекше назар аударуды қойған. Оның есімі тек Нобельден алған ақшасына француздың жас ақындарына арнап өзі тағайындаған премиясы берілер кезде ғана еске түсіріліп тұратыны өкінішті-ақ...

                                17c80f76b7b334c6eeb801eac014cd81.jpg



Марфуға ШАПИЯН



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Көп оқылғандар