Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
Әдебиеттегі Ораз би бейнесі...

26.09.2018 7502

Әдебиеттегі Ораз би бейнесі 12+

Әдебиеттегі Ораз би бейнесі - adebiportal.kz

Маржан Ершудың “Ораз би” поэмасы хақында

Қазақ әдебиетінің терең тамырлы тарихына көз жіберсек, өмірде болған оқиғалар суреттелген, тарихи тұлғалардың өмір жолы арқау болған шығармалар өте көп. «Тарихи тақырыптағы шығармалар» тобына жататын, тарихи тұлғалар галереясы жасақталған кесек-кесек туындылар өте мол. Қазіргі кезде де тарихи тақырыпқа қалам тербеген қаламгерлер жиі кездеседі. Ғасырдан астам уақытқа созылған бодандықтың қасіретін шеккен қазақ ұлтының ақтаңдақ тарихи беттерінде құйқалы да ауыр кезеңдер көп еді... Сол көзге қан, кірпікке мұң ұялатқан азалы тарих – қашан да болсын біздің ұлттық діліміздің, тініміздің һәм руханиятымыздың тірегі.

Ұлт тарихында айрықша орын алатын тарихи тұлғалардың бірі – Ораз би Тәтеұлы. ХХ ғасырда Алаш арыстарымен бірге елдік пен тәуелсіздік үшін батыл түрде күресіп, ғұмырын халықтың сөзін сөйлеуге арнады. Қайраткер тұлға өз заманында ділмар шешендігінің арқасында қара қылды қақ жарған би атанып қана қоймай, мінбеде ұлттың мұның жоқтаған саяси көсем де болған-ды. Ораз Тәтеұлы Әлихан Бөкейхан бастаған Алаштың ардақтыларымен бірге қызметтес болып, ұлт мүддесіне қатысты мәселелерді шешуге аянбай еңбек етті.

Алаштың аяулы азаматы Ораз би Тәтеұлының өмірі мен қызметіне қатысты зерттеулер әлі толық жүргізілмесе де, әдебиетте ұлт қайраткерінің бейнесін ашатын туындалар да баршылық. Мәселен, Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» атты романында Ораз бидің өнегелі істері баяндалады. Ал бүгінде ХХІ ғасырда заманауи ақындардан қайраткердің бейнесін жырлаған Маржан Ершудың «Ораз би» поэмасы көркем тілмен кестеленіп, тарихи фактілерге негізделіп жазылған. Поэма бес бөлімнен тұрады: «Бастау», «Алаштың ардагері», «Шешеннің тілі», «Батырдың аруағы», «Бидің тілегі».

Алғашқы «Бастау» тарауында айбыны асқан Алаш арыстарын еске алып, Әлихан, Ахмет, Халел, Міржақыптармен қатар ұлттың келешегі үшін күрескен рухты ер Ораз биді таныстырады:

...Жаңа ғасыр!

Өрлесем төріңе мен!

Боз таңда бозторғандай көрінер ем.

Алаштың арыстары-ай айбыны асқан,

Еске алсам қара жердей тебіренем.

Ақын бабалар мұрасын қастерлеп қадірлеуге шақырады. Себебі төл тарихымыздан тағылым алып, оны өскелең ұрпаққа үлгі ету әр азаматтың перзенттік парызы. Ораз бидің де өнегеге толы істері әр қазақ үшін ұлағат пен тағылым мектебі.

«Алаштың ардагері» атты екінші тарауда Ораз бидің бейнесін толық таныту үшін автор оның өмірі, туған жер, өскен ортасы, білімі, қызметі туралы деректерді жыр жолдарына қосады. Эпиграф ретінде тарихи мәліметтерді ұсынады: «1916 жылы 21-22 шілде аралығында Орынборда тұңғыш жалпы қазақ съезі ұлттық «Алаш» партиясы құрылады. Ораз Тәтеұлы осы съезде мінбеден Қазақ мемлекеті туралы сөз қозғаған екен».

Маржан Ершудың поэмасы тарихи тұлға, өз заманының аты шыққан қайраткері, қазақтың игі жақсыларының бірегейі болған Ораздай тұлғаның бейнесін ашуға бағытталған. Еңбекте оның мінезі мен шешендік қырын, сөз додасындағы айтқыштығы мен турашылдығы бәрі-бәрі шынайы жазылған. Ораз би туралы жазылған деректер аз болғанымен, болашақта осы тұлға туралы деректер молайып, архив қорынан көптеген мәліметтер табылатынына сенеміз. Ал, поэманың көркемдік қуаты жөнінде айтар болсақ, қалыпты, әдепкі өлең формасынан аса алмаған. Десе де ақынның талабы, алдына қойған мақсаты көңіл қуантарлық. Маржанның шеберлігіне, тарихи деректерді игеруіне шүбә келтірмейміз. Бәлкім, болашақта ақын бұл шығармасын қайыра қарап, өңдесе, Ораз бидің саяси қайраткерлік қырын, бітімгерлігі мен көсемдігін көрсетер қайшылы образдар жүйесін аша білсе, шығарманың қуаты күшейер еді. Асылы, Маржан Ершудың тарихи тақырыптағы өнімді ізденісіне сүйсіне қарап, тілекшілік білдіреміз.

Ораз Тәтеұлы! Бағы жанбай жүрген, ұлт тарихынан өз бағасын ала алмай жүрген қайраткер шешен... Ел арасынан “Ораз айтқан сөз еді...” дейтіндей аталы, баталы сөздерін жинай білсек, Оразды тану басталар еді. Олқылықтың орны толар еді. Ақын, филология ғылымының кандидаты Маржан Ершудың бұл шығармасы арқылы оқырман қауым Ораздай тұлғаны терең танып, оның болмыс-бітімін сезінері сөзсіз.

Жарқын Әлі


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар