Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Әділет Ахметұлы. Қара тауға барсаңыз…...

10.12.2022 2495

Әділет Ахметұлы. Қара тауға барсаңыз… 14+

Әділет Ахметұлы. Қара тауға барсаңыз… - adebiportal.kz

Қара тауға барсаңыз…

Қаратауға барсаңыз сәлем дерсіз, 

Қаратауды сүйемін дәлелдеусіз. 

Таңдайыма тамағым татымай жүр, 

Маңдайымнан сүйетін самал желсіз.

 

Қаратауға жете алмай талпынғанмен, 

Артта қалып барады жарқын дәурен. 

Қаратауға бабалар дұға жазып, 

Қаратастың түбіне алтын көмген. 

 

Қаратауда бұлақ бар мен іздеген, 

Тілдеседі таң сайын теңізбенен. 

Қаратауды түсімде көрем ылғи, 

Тарихымды сағынған кезімде мен. 

 

Түсіме көп кіреді тұнық бұлақ, 

Ағады салқын сайдан күліп құлап.

Алты қанат ақ үйден оянсам ба, 

Маңдайымнан өпкенде күміс шуақ. 

 

Ондай бақты қимай тұр Тәңір маған, 

Жас қайыңдай майыстым жел ырғаған. 

Жұмбақ таудың жусаны жұпар сеуіп, 

Құшағынан құт шашқан қоңыр далам. 

 

Қаратау сан ғасырлық қамал, жарым, 

Ақша бұлттай қалқиды ақ арманым. 

Қаратауға апарам деген бала, 

Қайда кетіп қалды өзі?! 

Таба алмадым ...

 

Қаратауға барсаңдар, сәлем дұғай, 

Аңсамаған жазар ма өлең бұлай. 

Киесіне қолымды тигізер ме, 

Ниетіңе беремін деген Құдай?! 

 

Түтін иісі 

Қылқобыздың зарындай шерге ілінген, 

Жүрегім егіз болды сол бір үнмен.

Торғайға тобылғыдай пана болмас, 

Айналайын дүние «кеңдігіңнен».

 

Топырағына тұз сіңген жерден бе еді, 

Жағасынан ел көшкен көлден бе еді?

Кәусар жұттым, бал татып, зәмзәм іштім, 

Басылатын түрі жоқ шөл мендегі.

 

Айтыңызшы, бұл шөлдің дауасы не,

Өзегімді тер басты қара сүмек.

Бір жазылсам жазылып кетермін мен,

Туған жердің бір жұтым ауасымен.

 

Сағыныш жанды жаулап, жетсе өзекке,

Сарсаң оймен түсесің жекпе-жекке.

Жан ұшыра жететін күн туар ма, 

Көз көрім жерде тұрған көк белеске?!

 

Көзіме көп жас қонды у қосылған, 

Жалықтым, шын жалықтым бұл жосыннан.

Айдын-көлге қу мен қаз қайта қонар, 

Кез болса, ел есейіп, шу басылған.

 

Тауға шықсам жанымды тау жұбатпас, 

Салдыр-күлдір құлайды саудырап тас.

Жылқы иірген ақ жартас еске келді, 

Барыс төс, алып тұлға, арғымақ бас.

 

Ел кездім, қала көрдім, ауыл көрдім, 

Алашқа жақын, жекжат, бауыр болдым. 

Баяны бұл дүниенің жоғын біліп, 

Баяғы ауыр ойдан жауыр болдым.

 

Қарлы қырқа аумайтын ақ парақтан, 

Ақ адырды кезетін ақ тамақ таң.

Түтіннің де иісі өзгеше еді, 

Отыны ақсөңке еді отқа жаққан.

 

Түтіні жан жұбатпай басқа ауылдың,

Жабығамын ішінде жас қауымның.

Табанымнан таусылдым таудан асып, 

Таскереңдей қарайсың, тас бауыр күн.

 

Айтыңызшы, бұл шөлдің дауасы не,

Өзегімді тер басты қара сүмек.

Бір жазылсам жазылып кетермін мен,

Туған жердің бір жұтым ауасымен.

 

Досым 

О, менің жалғыздығым – жан серігім, 

Заулап қайда барасың сал-сері күн?

Mенің қайғым – сырқаты Сарыарқаның,

Егілген ежелгі Ертіс, қарт Еділім. 

 

Айтады о да ақылын, бұ да ақылын, 

Түсінбей кең даланың бір ақынын.

Мен деген қош иіспін, туған жердің 

жалғыз түп жусанынан шығатұғын.

 

Дауылын дәуірінің елеместен, 

Жалғыз түп жусан едім бөлек өскен. 

Жұрттың бәрі кеткенде жүдеп-жадап, 

Жүрек жалғар сөз айтқан мен емес пе ем.

 

Жырымның шуағы – күн, қуаты – құм, 

Шындыққа ел сенеді тым ақырын.

Жалғыздығым – ол менің ұлы досым, 

Өзгелерден бөлектеп тұратұғын.

 

Төзуің керек

Төзуің керек

Көп керістерге, өтпелі істерге,

Жаның ауырып, өкпең іскенде, 

Тірліктегі көп тексерістерге, 

Көшедегі көп кептелістерге!

 

Төзуің керек 

Қыңыр өмірде қиындықтарға, 

Қара лашықты құйын жыққанда.

Қу кедейліктің күйін құшқанда, 

Бауырың қалса қиыр жұрттарда. 

 

Төзуің керек 

Ойлаған ісің қырсыға берсе, 

Жалғанның өмір ырқына көнсе, 

Асау арманың тұншыға берсе, 

Құлазып қалса сыңсыған өлке.

 

Төзуің керек, төзбесең өлдің,

Тағдырдың оғы көздесе, көндің. 

Талқаның барда талпынбай болмас, 

Біреуін тауып өзгеше жолдың.

 

Құдайды ойлаймыз құласақ қана,

Жамандық көріп жыласақ қана. 

Ең мықты әрі бақытты адам – 

Төзе білгендер рахатқа да, 

Төзе білгендер ұлы атаққа да. 

 

Туған жердің сүйегі 

Ақынның қиыс ұшқан құсы жетім,

Көбірек кірудесің түсіме тым.

Ел недесе о десін дейсің анам, 

Бір түсінсең сен ғана түсінесің. 

 

Анам менің өлген соң, анам болдың, 

Жұрт мені «қашқын» дейді, оған көндім.

Желеміктен тайсақтап қара қоға, 

Жайлап жатыр жағасын жаман көлдің.

 

Алып өзен рухым ағындысың, 

Сағыныш па едің сен, сағымбысың?!

О туған жер көрсетіп сүйдім сені, 

Адалдықтың әлемде бар үлгісін. 

 

Білерсің, бор топырақ сортаң далам, 

Сағынышы жоқтардан қорқам жаман.

Итөлген жер ашытсын иінімді, 

Мен солай әділетті жол таңдағам. 

 

Қайран қартаң Алтайдың қасқа белі, 

Менің рухым дәл сондай асқақ еді. 

Менің туған жерімнің үсті ғажап, 

Бірақ, бірақ бәрінен асты әдемі.

 

Кете білем, сағынам, сүйе білем, 

Дос көремін жалғанда жүйені мен. 

Ол топырақ барады құнарланып, 

Мені туған бабалар сүйегімен.

 

Рухтары мекендеп аспан жақты, 

Басына жаудан жастық жастап жатты.

Сүтпен біткен мінезін сүйегі айтып, 

Қатты затқа айналды тастан қатты. 

 

Ау менің, ақ жайсаң бел, тау тұрағым, 

Көз жасымды тежейді ар, шыдамым.

Туған елде қалғандай жарты жүрек, 

Туған белде қалғандай жарты жаным. 

 

Жыр теңіз

Көңілім теңіз көрсем тасиды екен,

Теңізде жүрген кісі жаси ма екен?

Адаммын деп мен қалай айта аламын,

Осынау ұлылыққа бас имесем.

 

Ақ теңіз, Қара теңіз, Егей теңіз,

Мұхиттаймыз жанымыз кеңейсе біз.

Анадолы жұртына сан жетпейді,

Біз қазақты қай күні көбейтеміз?

 

Мәрмәр теңіз үстінде, кемедемін,

Керемет бір бақытқа кенелемін.

Жайлауға ел көшкенде мен емес пе ем,

Ішінде отыратын кебеженің.

 

Жалғасуда толқындар, таласуда,

Өмір оты жылтылдар жағасында.

Менің қанша ғұмырым қалды шіркін,

Кебеже мен кеменің арасында.

 

Мәрмар теңіз, мәрт теңіз, кең арқасы,

Ақ толқынға жібердім өлең шашып.

Жүрегіме оңаша ой салады,

Жап-жасыл жершарының бел ортасы.

 

«Өлмегенге жолығар өлі балық»,

Тектен-текке айтсын ба оны халық.

Өтіп кеткен кісіде арман бар ма,

Тең ортасын әлемнің көріп алып?! 

 

Мен теңізді жырладым, теңіз мені,

Осы теңіз тынымсыз мені іздеді.

Қара теңіз астынан естіледі,

Бабалардың тым тәтті лебіздері.

 

Ғаламда дүние жоқ судан алып,

Жарықтық жатыр шіркін, тулап анық.

Мен сені сағынам-ау байтақ ұшан,

Құлазып қоңыр кеште қырға барып.

 

Егей су, қос жанарым, қарашығым,

Адамзаттың бір ақын баласымын.

Жойқын мұхит тағы бір айтып берді,

Ақиқаттың тым үлкен болатынын.

 

Адамзат тым қауқарсыз, шындық ұлы,

Теңіздің терең екен түнгі нұры.

Өлең жазып кетермін саған арнап,

Адамдардың жетпейтін бір ғұмыры.

 

Тау мен теңіз ұқсайды

Тау мен теңіз ұқсайды, сенесіз бе?!

Екеуін салстырды өлең қып кім?

Екеуі де мекені тек өрліктің.

Таулар деген белгісі биіктіктің,

Теңіз деген белгісі тереңдіктің.

 

Екеуі де тап-таза, текті сондай,

Өзгесінен дегдарлық кетті шалғай.

Тауға шықсам теңіздей толқи алам,

Теңіз көрсем талпынам көкке ұшардай.

 

Таулар асқақ, таң сайын сүйген бұлтты,

Теңіз жатыр құшақтап сый мен құтты.

Екеуі де қарсы алар дарқандықпен,

Сапар шегіп табаны тиген жұртты.

 

Алыптыққа, пәктікке бақ тұрақтар,

Егейлікте қуат бар тасты ұматқан.

Тасып ағып теңізге қосылатын,

Таулардағы өміршең тас бұлақтар.

 

Тау мен теңіз ұқсайды,

 сендіңіз бе? 

Тау мен теңіз жыр болар енді бізге.

Тек осы екеуінен теңдік ізде,

Тек осы екеуінен ерлік ізде.

 

Киев аспанындағы ой

Азаулының аспаны ала шуда, 

Ақ мамық бұлт қалқуда, жарасуда. 

Қазан айы. 

Мен келдім Дон жағалап, 

Қайғысызда семіріп қара суға. 

 

Қызыл ала, сары ала, жасыл ала, 

Ағаштардың сыр шертті басы маған. 

Орманы аман тұрсын қара жердің, 

Тамырынан тарайтын осы ғалам. 

 

Еділ басын бұлт басқан ақ түбіттей, 

Тәңір бізге сыйлаған тәтті үміттей. 

Ер Доспамбет бабамды есіме алып, 

Төгіп алдым көзімнен жасты ірікпей. 

 

Аспаннан қыпшақтардың сырғиды үні, 

Ескі әуеннен оянып жыр құйғыды. 

Қазтуғанның саңқылдар қаз дауысы, 

Тұлпар мінген бір тұтам ту құйрығы. 

 

Қобыз қайда, ел қайда, жылқы қайда, 

Сылабандар сырыңды аш, түркі қайда? 

Түмен ғасыр болғандай кешегіге, 

Түк білместей түріңді-ай, Украина! 

 

Ескі елестер жүйткиді Дон жағалап, 

Сап алтынның өңіндей оңған алап. 

Алып темір қанатты құсқа мініп, 

Бұлт үстінде отырмын жолға қарап. 

 

2019 жылы қазанның 4 жаңасы 

(Киев әуежайы) 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар