Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
ӘДІЛЕТ ІЗДЕГЕН ӘЛЕМ ОЙШЫЛДАРЫ...

04.04.2017 12467

ӘДІЛЕТ ІЗДЕГЕН ӘЛЕМ ОЙШЫЛДАРЫ

ӘДІЛЕТ ІЗДЕГЕН ӘЛЕМ ОЙШЫЛДАРЫ - adebiportal.kz

(Ғылыми-танымдық эссе)

Сөз басы

Қуандық ШамахайұлыБүгінгі қазақ оқырманын еш нәрсемен таңдандыра алмайсың. Себебі, қазіргі заман ақпарат дәуірі. Түпсіз терең мұхит іспетті Интернет жүйесіне кіріп, бірер түймені бассаң қалағаныңды табасың. Гүгл деп аталатын әлемдік кітапханаға бір кіріп алсаң шығуың қиын. Сенің қандай сауалыңа да ол мүдірмей әрі жан-жақты жауабын санқилы нұсқасымен қай тілде болса да ұсынуға әрдайым әзір тұрады. Оның сыртында баспадан жарыққа шығып, қолдан қолға тарап жатқан түрлі түсіндірме сөздіктер мен анықтамалық энциклопедиялар да толып жатыр. Қазіргі қазақ оқырманы өзіне қажет дүниені кем дегенде үш тілде тауып алуға қабілетті.

Сонау ежелгі дәуірде Кіші Азия аумағында ғажайып өркениет гүлденгенін, аттары әлемге әйгілі көптеген ойшыл ғұламалардың ғұмыр кешкенін бүгінгі саналы азаматтар өте жақсы біледі. Осындай кезеңде бірнеше тілдегі ақпаратпен күнделікті сусындайтын талғамы биік қазақ оқырманына тың ой тауып айтудың өзі қиямет қайым.

Жалпы адамзат күні бүгінге дейін Ежелгі Грек даналарымен мақтанады. Гераклит, Демокрит, Сократ, Платон, Аристотелді білмейтін адамды мәдениетті зиялы жан деуге келмес. Айта берді, оларды орта мектеп оқушыларының да жатқа соғатындығына таңдануға болмас. Себебі, олар пифагор теоремасын оқи бастағанда-aқ, Пифагор және пифагорлар деген кімдер еді, олардың «Достық одақ» дегенінің сипаты қандай болды, несі дұрыс, несі бұрыс дегенге көз жеткізе бастайды.

Ежелгі дәуір ғұламаларының ақиқаттың жолын табуға барын салып, шын ниетімен шаршап-шалдығуды ұмытып шарқ ұрулары танымға талпынып, ғылымға ұмтылған кез келген зерделі жанға үлгі-өнеге болары мәлім. Осындай бір ізгі ниетпен өзінің жоғын рухани әлемнен іздеп, жан дүниесін байытуға зер салатын талғамы биік оқырманға Ежелгі Грек даналарының ақиқатты іздеген жолдарындағы көрген-түйгендеріне басқаша бір қырынан өзгеше пайымдауға тырысып, ой жүгіртуді жөн санадық.

1. АҚИҚАТТЫ ТАНУ – ДАНАЛЫҚҚА ЖЕТЕЛЕЙДІ

Біздің жыл санауымыздан бұрынғы 547 жылы Ежелгі Грекияда «Табиғат әлем туралы» атты алғашқы ғылыми кітап жарыққа шыққан екен. Кітапты Милет қаласының тұрғыны, ғалым Анаксимандр жазған. 2008 жылы аталмыш туындының басылып шыққанына 2555 жыл толуына орай мерейтойы аталғаны белгілі.

Алайда, бұл дерек ғылымның пайда болғанына да осыншама мерзім өткендігін білдірмесе керек. Анаксимандрдың шәкірттерінің баршылығын ескерсек, өзінен бұрын жасаған ұстаздарының да болғаны анық. Оған негіз болатын бір жайтқа келсек, аталмыш кітаптің шығуынан отыз шақты жыл бұрын Милет қаласының тұрғындары күннің тұтылуын көріп таң қалысыпты. Олардың таңданыстары күннің тұтылғандығында емес, дәл осы күні осылай боларын Фалес деген жанның алдын ала айтып, ескертуінде еді.

Ал, сол Фалесті тұңғыш ғалым деуге тағы негіз жоқ. Өйткені, оның да ұстаздары бар. Фалес желкенді кемемен Мысырға саяхат жасап, пирамиданың биіктігін оның көлеңкесі арқылы өлшеп, есептейтін тәсілді үйренген көрінеді. Вавилонға барған кезекті сапарының бірінде ол күн мен айдың тұтылу мерзімін алдын ала анықтайтын астрология ғылымын меңгерген. Олай болса, ғылым Милет қаласында пайда болмады. Әлде бір өзге жақтан әкелінді. Теңіз және құрғақ жермен қатынауға қолайлы тоғыз жолдың торабында орналасуы Милетке келетін жат жұрттықтарды қаптатып, қозғалысты көбейтсе керек.

Вавилондағы ғибадатханалардың өзі көрсе көз тойдыратын, көңілге қуаныш сыйлайтын өнер туындысы іспетті бой түзеген кезең. Сәулет өнерінің осынау ғажайып көріністерін тамашалаған сол дәуірдегілердің көкейлеріне әлем, ғаламшар бейнесі еріксіз оралады екен. Онда тау ордасы, әлем ордасы аталатын ғажайып сәнді ғибадатханалар болғаны тарихтан мәлім.

Ғибадатхананың жеті мұнарасы көкке ұмтылған алып сатының баспалдақтары іспетті көрінер еді. Ежелгі Вавилон сәулетшілері көзге көрінетін бес ғаламшарға күн мен айды қосып аспан әлемі денелерін жетеу деп баспалдақ санын да соған сәйкестірген көрінеді. Ауласындағы мәрмәр тастардан жасалған су қоймасының түбіне үңілген адам бейнебір табиғи өзеннің арнасын көргендей болар еді. Оның мәні вавилондықтардың әлемді судан жаратылған деп білетін сенім-нанымдарында болса керек.

Ғибадатхананың биік дуалының сыртында мектеп, зертхана, кітапхана, мұражай орналасқан. Мектепте бүлдіршіндер білім алуға талаптанып, ұстаздарының қасында балшық дәптерлерін ұстап отырған. Ол дәуірде қағаз жасаудың ауылы тым алыста болатын. Кітапхана сөрелерінде де балшық тақталардан жасалған кітап, құралдар сіресіп тұрған. Сол кітаптарда адам баласының мыңдаған жылдар бойғы ақыл ойлары мен даналықтары қашалып сызылған еді. Олардың бірінде «жоғарыда аспанның, төменде қара жердің аты жоқ кезде...» деп тарихты таратса, келесі бірінде жұлдыздар әлемі, жеті қарақшы, ғаламшар, жыл, ай, күндерді санау, құс жолы, күн мен айдың тұтылу себептері секілді жайларды түсіндірген.

Кітапханада әртүрлі анықтамалық жазбалар болды. Түрлі елдер, тау-тас, өзен-көлдер, арық-арналар, ғибадатханалар тізімі жасалып көрсетілген. Түсіндірме сөздіктер, тіл ережелерінің жинақтары да орын алған. Сондай-ақ, медициналық анықтамалар, алғашқы географиялық карта да болған. Картада жершары домалақ емес, дөңгелек формада көрініс тапқан. Сол дөңгелекті «тұзды өзен» деп аталған мұхиттармен қоршаған. Құрғақ жердің ортасына тау салып, одан Еуфрат өзеннің ағып шыққанын көрсеткен. Дарияның екі жағалауын айналдыра кішкентай қоршауларды салғаны әлем елдері ретінде белгіленген.

Кітапханада жануарлар әлемі туралы кітап та болған екен. Онда аңдар, жануар, жәндіктер жіктелгенде қанаттылар, балықтар, төрт аяқтылар деген жалпы үш топқа бөлінген. Төрт аяқтыларға ит, есек, сиырды ғана жатқызған. Вавилондықтар сол кезеңде көшпенділердің жан серігі жылқыны әлі танып білмеген болса керек. Соған қарамастан тағы онда математика кітабы болғаны назар аудартады. Олар есептің төрт амалының сыртында оны квадратқа көшіруді, түбір астындағы санды есептеуді, теңестіруді, шеңбердің кеңдік көлемін диаметрге бөлуді де білген. Қазірдің өзінде біз шеңберді 360 градусқа, жылды 12 айға, тәулікті 24 сағатқа, сағатты 60 минутқа бөлеміз. Олай болса, вавилондықтарды ұстаз санамасқа амалымыз бар ма?!

Алайда, олардың ғылыммен айналысатындары ғибадатхана маңындағы діндарлар болатын. Неге? Жер көлемін өлшеу, хат жазу, есеп шығарумен айналысып күн көру ол тұста мүмкін болмаса керек. Ғибадатхана ғалымдар үшін табыс көзі болды. Шәкірттері сол жолмен жүрді. Діни уағыз айтып, құлшылық жасай отырып, ғылыми-зерттеумен шұғылданды. Ғылым мен діннің мидай араласып жатқан тұсында осылай күн көрмеске лажы да жоқ еді. Мыңдаған жылдардан кейін Вавилонның діни қағидалары емес, ғылымы өзінің өміршеңдігін дәлелдеп, күнтізбе, математика оқулықтары алға шықты. Алайда, оны қазіргімен салыстыру, әрине, мүмкін болмасы анық. Технологияның жетілген заманында олардың балшық тақталарын кітап қатарына жатқыза алмасымыз хақ. Оны оқудың амалын үйренсек те мазмұнын түсіну оңайға соқпас. Оның сыртында мыңдаған дәуір бұрын өмір сүрген жандар дәл қазіргі біздей ойлап, толғанбаса керек. Оны әлемнің кез келген тіліне аудара салу оңай болғанымен сонау көне замандағы адамдардың психологиясын бүгінгіге көшіру күрделі екені анық.

Апсу аспан-тәңір қосағы Тиаматпен бірігіп Мардук аспан-тәңір деген ұлымен шайқасады. Мардук Апсуды өлтіріп, Тиаматты бөлшектеп кесіп, бірімен аспанды, екіншісімен жерді жаратты. Сол тұстағы кітапта осылай баяндалады. Олар түпсіз тұңғиық көк аспанды Апсу әке, топырағы киелі қара жерді Тиамат ана деп білген. Көне дәуірдегілер әлде бір заттың қалай пайда болғанына емес, кімнен жаралғанына аса мән берсе керек.

Уақытты өлшеу жағынан келгенде, мысырлықтар да керемет болған. Оларда су сағаты та болған көрінеді. Яғни, ыдыстан тамшылаған тамшының санымен уақыт өлшеуді су сағаты деп атаған. Мысырлықтар қолданған күнтізбенің өзі қазіргі біз қолданатын календардан еш айырмасы болған жоқ. Жыл онекі айдан, ай отыз күннен тұрады. Оған жетпейтін бес тәулікті қосады да жылды 365 қонақтан құралады деп есептеген. Мысырлықтардың күнтізбеге осыншама ерекше мән беруінің өзіндік сыры бар еді. Себебі, Ніл дариясының таситын кезеңін дәлме дәл біліп отырулары қажет болған. Адамның тұрмыстық қажеттігі осылайша ғылымды алға сүйреумен келеді.

Гректің Эллад қаласының тұрғындары да жоғарыда аталған милеттіктермен тілдері, салт саналары, діни сенім нанымдары ұқсас жұрт болған. Гомер жырлары оларға да ортақ. Гомер жырларын қазіргі заман биігінен қарасақ, дін-ғылым-поэзия деген ошақтың үш тағанын көргендей боламыз. «Илиада» мен «Одиссейді» алайық. Жалпы Гомер шығармашылығын діннен бөліп қарай алмайсың. Ахилл батырға сауыт-сайман соғып беретін алып ұстаны Гефест құдай демейтін бе еді. «Одиссейде» Гомердің боранды бейнелеуі тым күрделі. Оны жай бір жел емес, тәңірлік сипатта бейнелейді.

Ежелгі Гректе Гесиод деген қараша халықтан шыққан ақын болады. Ол билеуші топтардың той жиындарына бармайды. Өлең, жырларын қарапайым шаруалардың үйлеріне барып оқиды. Аңызда айтылған дерекке қарағанда, Гесиодтың туған жері өнер құдіретіне бөленген киелі мекен көрінеді. Алайда, ақын сол тұстағы саз аспабы лирді ұстап әнге салмады, тіпті оны ойнаған де емес, ағаш таяғымен жерді сабалап тұрып-ақ жырларын жатқа соғады екен. Өлеңдерінің өзі қарапайым тіпті қарабайырлау деуге де боларлық. «Жұлдыз жамырағанша жер жырт, таң шапағымен егін ор. Қыста кемеңді тасқа байла, мұхит толқыны алып кетпесін. Ескегіңді отқа қыздыр, сонда ол тез кебеді». Міне, осындай жолдарды Гесиод мәнерлеп оқиды екен. Алайда, осының өзін айналасы аузын ашып, көзін жұмып тыңдайтын болған.

Гомер поэзиясында Құдай атаулының бәрі белгілі бір адам кейпінде бейнеленсе, Гесиод оны бір ғана мінезден айнымайтын құпия сырға толы құдірет етіп көрсетті. Қысқасы, алыс ауыл мен қала сауда орталықтары, кеме тұрақтарында оқылатын өлең мен айтылатын әндердің арасында елеулі айырмашылықтар мен өзгеше таным пайда болған.

Милет қаласы тоғыз жолдың торабындағы тірлігі қайнаған ірі орта. Теңіз бен мұхит түрлі елдердің өзара жақындауына мүмкіндік берді. Онда жат жұрттықтар да жыртылып айырылады. Санқилы тілдер, салт дәстүр, діни сенім мидай араласып жатты. Талай елдің дәмін татып, көз ашқан саудагерлер мен кеме саяхатшылары сиқырлы әрі шытырман оқиғасы көп аңыз-әпсанаға күмәнмен қарайтын жағдайға жеткен.

Бірде Гекатей деген милеттік ержүрек жігіт тауға шығып, үңгір іздейді. Ол бала кезінде жер асты әлеміне баратын екі жол осы үңгірде деп естиді екен. Жолдың бір аузы солтүстік жақтағы Левкада тауында, келесісі оңтүстік Тенерай жағында. Ол Тенерайдан аса ірі үңгір тауып, қолына шырақ ұстап кіреді. Ертеде мұнда үш басы бар, құйыршығы жылан іспетті Цербер деген сұмдық ит үңгірді күзетеді деп естіген-ді. Бірақ, Гекатей ондай аңызға сенбеді. Ол үңгірдің айналасын түгел тінтіп шығады. Шырақтың жарығы бұрынғы қорқынышқа толы аңыз-әпсананы мүлде жоққа шығарады.

Гекатей үңгірден шыққан соң өзін күткен жандарға онда жыландар мен жарқанаттан өзге ешнәрсенің жоқтығын айтады. Бұрын үңгірге кіргендер жыланды алып мақұлықтың құйыршығына балап, қорыққанға қос көрінгені белгілі болады. Осылайша, адам баласы ертегідегі таңғажайып әпсананы қарудың күшімен емес, күдікті ойдың арқасында танып, маңызын жойған екен. Кейін Гекатай өз кітабын «Гректердің әлемді тануы күдікке толы әрі күлкілі ойға жетеледі» деген жолдармен бастаған екен.

Алайда, Гекатей мыңмен жалғыз алысып, тыңнан түрен салған жоқ. Одан көп жыл бұрын өзгеше ойлап, басқаша пайымдайтын адамдар дүниеге келген еді. Ол грек жұртының тұңғыш ғалымы Фалес пен Анаксимандр болатын.

Гректің тұңғыш ғалымының жазған кітабы біздің дәуірімізге толықтай жетпесе де келер ұрпақты батыл да тың ойларға үндеп, ой салғандығымен ерекшеленеді. Оның әр жолы жұрт санасында қалыптасқан керітартпалықты, қараңғылықты мансұқтады. Алайда, артта қалушылар қай дәуірде оңайлықпен беріле салушы еді. Санасыз сауатсыздар мен керітартпа надандар тың жаңалыққа өлердей өшігіп, кітап құралдарды өртеуден де қаймықпады.

Фалес – Ежелгі Гректегі жеті керемет данышпанның бірі болып табылады. Алайда, кезінде өз тұстастары оны күлкіге айналдырып, әжуалайды екен. Оның аспан әлеміне көз салып, жұлдыздарды бақылайтынын адамдар мүлде түсіне алмады. Бірде ол жұлдыздарды қарап келе жатып құдыққа түсіп кетеді. Осы кездейсоқтықты адамдар «аспандағыны көрем деп аяқ астындығысын аңғармайтын алаңғасырлыққа» балады. Алайда, ол шын мәнінде жермен де, мұхитпен де әлемді аралаған айтулы саяхатшы болатын.

Фалес сауда-саттық саласына да ебі бар, инженерлік білімнен құралақан емес жан болған. Оның алғырлығын паш еткен мына бір жайға тоқтала кетейік.

Бір жылдары Фалес аспан әлеміне көз салып жүріп жерлестеріне күзде зәйтүннен алатын түсімнің мол болатындығын айтады. Зәйтүн егетіндер онымен бәс тігеді, Фалес егер айтқаны келмесе бар дәулетін беруге келіседі. Зәйтүн жинаған кезде расында Фалес айтқандай түсім өте көп болады. Оның майы аса өтімді болғандықтан бәс тігушілер де мол пайдаға кенеліп, олардың арқасында философ ғалымның да мұрты майланады. Алайда, ол ғалымның мақсаты пайда көздеу емес деп көбісінен бас тартқан деседі.

Фалестің ғылымда ашқан басты жаңалығы жыл мерзімінің күнтізбесін жасап, бір жылды 365 күнге бөлгені. Онысы кезінде Мысырда білім алғандығының жемісі болатын. Сонымен қатар ол теңізшілердің жол бағытын айқындайтын құрылғы да ойлап тапқан. Күн сәулесінің көлбеу кескін сызығы аспан әлемі шеңберінің жетіжүз жиырмасының бірімен тең келеді деген есептік болжам жасаған. Оны ол вавилондықтардың ұғымына негіздеген. Алайда, Фалестің кейбір көзқарастары тым балаң әрі аңғал көрінеді дегенді материалист философтар жиі жазатын. Фалес әлемде сансыз рух пен сайтан және құдайлар бар деп санап, темірдің магнитке тартылуын рухпен байланыстырды. Дегенмен ол күннің тұтылуын алдын ала болжай білді. Пирамиданың көлеңкесі арқылы оның биіктігін анықтады. Мысырлықтан геометрияны үйреніп оны отанына әкелген ең алғашқы грек те осы Фалес болатын. Соған қарамастан ол жерді су бетіндегі дөңгелек ағаш іспетті елестетті. Мұхит толқығанда жер қозғалады деп есептеді. Сол тұстағы вавилондықтардың пайымы да осындай болатын. Күллі дүниенің қайнар көзі су дегенді Фалес ұстанды.

Ол жат жұрттан еліне білім мен ғылымның негіздерін әкелгенімен оның бәріне соқырлықпен мойынсынбады. Керісінше, өзіндік пайымдары мен көзқарасы болды. Айталық, вавилондықтар су тәңірі әйел құдай Тиамат деп білсе, Фалес суды элемент деп таныды. Олар ғарыш иесі Апсу құдай десе, Фалес аспан әлемін шексіз бос кеңістік деп білді.

Мысырлықтар көк аспан мен қара жерді обьективті тұрғыдан қарастырса, вавилондықтар оған құдайдың бейнесі ретінде қарады. Фалес мысырлықтардың өзіндік ойы бар ақылды шәкірті бола білді. Ол әлемді кім қалай жаратты дегеннен гөрі ол қайдан қалай пайда болды дегенге зер салуы арқылы ғылымға сүйеніп, шындыққа бір табан жақындады.

Дүние әлемінің судан жаратылғандығын Фалес дәлелдеген. Себебі, ол қайда барса да үнемі сумен жүздесуге болатындығын тілге тиек еткен. «Су – үнемі қозғалыста болатын зат. Сондықтан, жер әлемі де қозғалыс үстінде болады. Сусыз тіршілік жоқ, бәрі судан жаратылады және кейін қайтадан суға айналады. Дүниеде еш нәрсе жоқтан пайда болмайды және мүлде құрып кетпейді. Материя да мәңгі өзгеріс үстінде әрі жоқтан пайда болмағаны секілді құрып та кетпейді» деп кітабын аяқтаған көрінеді. Бұған кезінде марксистер бөріктерін аспанға атып қуанған. Ал, идеалистердің не дегенінен бейхабар екенмін. Қалай болғанда да ғылымның аты ғылым. Ақиқатты тану, даналыққа жету үшін ғылымға талаптануды дәстүрлі діндердің бәрінің уағыздауы кездейсоқтық емес болар.

2. БҰРЫНҒЫ ҚҰЛАҚТАН КЕЙІНГІ МҮЙІЗ ОЗАР

Ежелгі дәуір адамдары аспанды әрдайым төңкерілген қазан іспетті таныды. «Аспанның көкжиегі жер шетінен биіктей бастады. Олимп тауының қарлы шыңынан да аспан алыстай түсті. Енді одан ары биіктей түспек. Біздің ғаламшар – Жердің өзі аспан әлемінің бос кеңістіктігінде тұрақтап тұр»- деп, осыдан 26 ғасыр бұрын жарыққа шыққан алғашқы ғылыми кітапта баяндалған. Кітаптың авторы Анаксимандр болатын. Ол Фалестің шәкірті әрі досы еді.

«Бұрын шыққан құлақтан кейін шыққан мүйіз озады» - деп дана қазақ тауып айтқандай-ақ, шәкірті ұстазынан оқ бойы озып, алға шығады. Ұстазы жер әлемін дөңгеленген жалпақ тақтай ағашқа ұқсатса, шәкірті оның бос кеңістікте еш тіреусіз тұрған домалақ шар екендігін дәлелдеп тастады. Жер дүниенің құрылымы туралы қалыптасқан ескі қағиданы жоққа шығарып, ғаламшар әлемінің шексіздігін айтудың өзіне сол тұста қаншалықты жүрек жұтқан ерліктің қажет екендігін елестете беруге болатын шығар. Қазір ғана ғой, оған аса таңданбайтындығымыз. Ал, Анаксимандрдың тұсында жағдай басқаша еді. Онсегіз мың ғаламды Құдай жаратқанын ғана айтып барлығын тұйыққа тіреп қойған кез. Көп құдайлыққа күмән келтіріп, аңыз-әпсананың рас-өтірігін тексеріп барып көз жеткізген Гекатейден кейін де онбес буын алмасқан тұс. «Кез-келген мәселеге көз жеткізе сенгің келсе, алдымен күмәндануды үйрен» - деп поляктар айтпақшы, Анаксимандр да өткенді зерттей отырып, оған соқырлықпен ермеді, алысқа көз салып, көрегендік танытты. Ол ғылыми тұрғыдан алғаш рет адамды табиғаттың төл өнімі ретінде таныды.

«Шексіздік» дегеніміз бар дүниенің түп негізі бола ала ма, жоқ па дегенге Анаксимандр көп бас қатырды. Сансыздық пен шексіздік?! Әр зат тірі организм әрі қозғалыс үстінде дамиды. Ғаламшарлар әлемі сол қозғалыстың нәтижесінде пайда болды. Бір зат екіге бөлініп отырған. Ыстықтан суық, дымқылдан құрғақ бөлінген. Дүние от жалынына оранып, көптеген дөңгелек формаларға бөлінгендіктен олардан жұлдыздар әлемі мен ғаламшарлар пайда болған.

Онсегіз мың ғаламның жаратылуын Анаксимандр осылайша түсіндірді. Ол қызды-қыздымен «Су – бар тіршіліктің қайнар көзі» деген Фалес ұстазы жасаған тұжырымының да тас-талқанын шығарды. «Жо-жоқ, судың да шет-шегі бар. Мұхит екеш мұхит та жағалауынан аса алмайды. Шексіз нәрсе тек уақыт қана» деген ойға келген Анаксимандр дүниеде мәңгілік не бар дегенге зер салған. Туған адам өледі, орнаған өкімет те құлдырап құлайды. Бүгін бар дүние ертең-ақ құрыдымға кетіп жоқ болады. Бір ғана нәрсе мәңгілік. Ол – қозғалыс. Қозғалыста ғана бас-аяқ жоқ құбылыс деген тұжырымға келген. Алайда, бұл пайымы шындыққа айналып, дәлелденгенше де сан мыңдаған ұрпақ алмасты.

Сол аралықта аспан әлемін жерді жиектеп торлаған тұнық хрусталдан тұрады деп санайтын тағы біреу шықты. Оның пайымдауынша, жұлдыздар сонау төңкерілген хрусталға орналтылған алтын шегелер екен. Аспан әлемі айналады, күн, ай, өзге ғаламшарлар әуеде қалқыған күзгі жапырақтар секілді аспан мен жердің арасында теңселіп жүреді екен. Анаксимандрдың шәкірті Анаксимен осылай толғады.

Алайда, аталмыш болжам шын мәнінде, кері шегіну болатын. Дегенмен, швецариялықтар айтқандай «бір мың шақырым ілгерілеп алып, тоғызжүз тоқсантоғыз шақырым кері шегінудің өзі алға жасалған қадам» еді. Анаксиман ұстазынан сәл де болса ілгеріледі. Себебі, Анаксимандр жұлдыз бен ғаламшарды айыра білмейтін. Ал, шәкірті алыс-жақындығына байланысты ғана бізге үлкен-кіші болып әртүрлі көрінгені болмаса жұлдыздар мен ғаламшарлар көлемі жағынан бір бірімен ұқсас деген байламға келді.

Шәкірттің бір ерекшелігі, ұстазынан асып, алысқа көз салғысы келгендігі болатын. Ол былайша толғады: «Барлық дүниенің түп негізі ауа емес пе екен. Ауа нығыздалғанда бұлт пайда болады. Одан бетер қатты нығыздала түскенде жаңбыр жауады. Жауын тамшылары қатса бұршаққа айналады. Бұлттың қатқаны қар болып жауғаны. Ендеше, ауа шегіне жетіп нығыздалса құмға, тасқа айналуы бек мүмкін. Сол құмнан ағаш, гүлдер өсіп шығып жан-жануар пайда болған. Барлық дүние ауадан пайда болып, қайтадан ауаға айналады. Судан тұман пайда болады, ағаш өртенсе түтін шығады. Ауа элементтері бірігеді және ажыратылады. Осындай қозғалыстың нәтижесінде жер, күн, жұлдыздар мен ғаламшарлар жаралған. Бұл қозғалыс мәңгілік сипатта. Сондықтан, әлем де мәңгілік қозғалыс аясында өмір сүреді және өзгереді».

Оның болжаулары мен пайымдары мәселенің өн бойына терең бойлай бастағанын аңғаруға болады. Көзге көрінетін шаң-тозаңды да аңғармайтын кезең болған. Кейін көзге көрінбестердің өзін адам баласы тани бастады. Оның негізін Анаксиман салды. Мейлі, оның түсіндіруі аса күрделі болмаса да ең бастысы, бағыт-бағдары дұрыс болатын. Ғылым тарихы беріге қарай жылжыған сайын бұрынғыдан озық ойлы жандар суырылып алға шыға берді...

Асылы, ұлы Абайдың «қорқамын кейінгі жас балалардан», ақын Мағжанның «мен жастарға сенемін» деуі түбі «мүйіз кейін шықса да озатындығын» меңзеген болса керек.

3. ШЫНДЫҚТЫ ЗЫНДАННЫҢ ТҮБІНДЕ ШІРІТЕ АЛМАЙСЫҢ

Қоғам алға басып дамыған сайын ғылым айналаға аш көздене қарап, барлығына тыңнан түрен салуға ынтызар болды. Күн, ай, жұлдыз, ғаламшар, кемпірқосақ, бұлт бәрі-бәрі біртіндеп шолақ ойдың тар шеңбердегі пайымынан ыршып шығып, ең алдымен ғылыми танымның шексіз көкжиегіне бет алды. Ақындар жырлайтын таңғажайып оқиғалар мен жаужүрек батырлар ертегі әлеміне қарай жол тартты. Жастар жағы Гесиодтың шығарған «көп құдай» туралы ұзын сонар жырларына күле қарап, Гомерге тамсанып, табынушылардың қатары да сирей бастаған.

Гесиодтен соң бір буын алмасты. Жаңа дәуір туып, жырды да, ой-сананы да жаңалауды талап ете бастады. Грек елінде Ксенофан деген қарапайым ақын болды. Ол кифар деп аталатын көп ішекті саз аспабын өзіне адал қызметшісі қарияға көтертіп алып, Эллада қаласының шаңды көшелерін жаяу аралар еді. Ақын шындықтың ізін қайтсем де табамын деп әлемді кезген көрінеді. Үйсіз-күйсіз, жадап-жүдеп ыстыққа күйді, суыққа тоңды. Қалаларға барғанда адамдар жан-жақтан қаумалап, бай-манаптар үйлеріне апарып, тәтті-дәмдісін алдына тосады екен. Кезбе жыршының сөзін тыңдауға жұртшылық аса ықыласты еді.

Ксенофан ешкімге ұқсамайтын дара тұлға болды. Оның замандастары Гомер мен Гесиодтың сөздерін жақтары талғанша жатқа айтса, Ксенофан ол ақындарды мүлде менсінбейтін көрінеді. «Гомер мен Гесиод адамда ғана болатын күнәларды Құдайға апарып теліген. Олар ұрлық жасады, бір-бірлерін алдап жүгенсіздікке барды» деп сайрайды екен. Жиналғандар оның батыл әрі өткір сөздерін «осы бір буырыл сақалды қарт ақынның шынымен де ешкімнен қорықпайтын қандай құдіреті бар?» - десіп таңдана тыңдайды. Ол сол кездің өзінде қазіргі ислам дінінің қағидаларымен үндесетін уағыздар айтады екен. Мысалы, «Құдайға зор құрметпен қарау керек. Құдайды адам секілді туатын, киінетін, бізбен сөйлесетін, сыртқы пішіні өзіміз секілді деп ойлап жүрмегін! Оны ерте заманда дүниеге келді десеңдер де күнә болады. Оны әркім өз білгенінше бейнелеп, сурет сала да алмайды».

Бұдан сәл бұрынырақта халық мұндай сөз естісе естерінен танып, абыржыған болар еді. Ал, сол кезең ескі таным-түйсіктің іргесі босап, шайқалып тұрған дәуірі болатын. Адамдар оның әр сөзіне зейін қойып, шындықтың жолы, құдайшылық дегеніміз не деп сауал қояды екен. «Адам құдайды көрген емес, көрмейді де. Адам шындықты айтуға батылы жеткенімен оны тануға құлықсыз. Құдай адам баласына барлық дүниенің сырын ашып берген жоқ. Адамдар тынымсыз ізденудің арқасында ғана біртіндеп шындыққа жақындай түседі».

Жаратушы жайында Ксенофан жаңаша жырлады. «Құдай – табиғат секілді мәңгі, аспан әлемі сынды шексіз әрі жалғыз. Құдай – барлық дүние, табиғат, күллі әлем! Барлық дүние құбылмалы. Алайда, дүние мен Құдай ғана мәңгі. Ол жаңадан пайда болмайды, жоғалып құрып кетпейді...».

Әр күн сайын Ксенофан бір отбасының құрметті әрі сыйлы қонағы болады, таңертең ол үйлен шығады. Адал серігі қонған үйінен бағалы сыйлық алғанына мәз. Ал, Ксенофан отбасы мүшелерінің өз сөзін ұйып тыңдағанына зор қуанышты.

Алайда, Гомер мен Гесиодты әжуалаған әзілқой жыршыны жек көретіндер де баршылық еді. Кейбір байлар өздерін Құдаймен туыс санайтындықтан қарт ақынға өлердей өшігетін. Дүние мен дәулеттің құлына айналған, жасанды шаштарымен мақтануға құмар пасық байларды Ксенофан да жиіркене жек көретін. Байлыққа мастанған олар алаулаған пештің қасында шараптарын сораптап отырып, қарт ақынның басында үйі, бауырында қазаны жоқтығын табалап күлер еді. Ақынның кедейлігі сол байлардың кесірінен болатын. Себебі, төбелесте алға шыққандарды ол тұста үкімет өз асырауына алатын. Өкінішке қарай білектің күші бағаланғанымен білімдінің ақыл ойы құндылыққа жарамаған кез. Ол тұста рухани ойдың әлеуетін адамдардың түсініп-түйсінбеген заманы болса, қазір ғалымдардан залымдар озған кез туып отыр.

Милет қаласы маңындағы Самоста құдайға сенуден қалып, табынатын жаңа бір нысан тапқан. Онысы, сол тұста адам баласының ақылына қонбаған қайдағы бір манет ақша еді. Ақшаны неғұрлы көп жинаған сайын құдайға деген сенім де соғұрлы азая түседі.

Самос қаласының тұрғыны қарадан шыққан Поликрат есімді бір пысық жігіт шағын өндіріс ашады. Оның кәсіпорнында жиырмашақты құл таң сәріден жұлдыз жамырағанша жұмыс істеп, көрсе көз тоймастай әсем үй жиһаздарын, бай-манаптардың той-томалақта қолданатын бағалы қасықтарын, шанышқыларын жасап байып шыға келеді. Кешікпей желкенді кеме жасап, жолаушылар жинайды, оларды аралдан аралға саяхат жасатып, алтын-жамбы мен жібек маталардың астында қалады. Манет ақша дегендер де дорба-дорбасымен үйіліп қалады. Ақшаның арқасында әлгі Поликрат үкімет билігін де ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайды. Оған саудагерлер, ұсталар мен ағаш шеберлері, кеме қожайындары қатты қуанса керек.

Алайда, өздерін тәңірден жаралған ақ сүйек санайтын адамдар Поликраттың зәулім әсем ордасын көріп «қарадан шыққан жанның пешенесіне мұншалықты нәсіп бұйырмаса керек-ті» десіп қабақтарынан қар жауып, қызғаныштың қызыл иті өзектерін өртейді. Ақыры олар құдайлар өз үлестерін талап етіп жатыр дегендей мағынасыз өсек таратады. Оған имандай сенген Поликрат өзінің аса бағалы білезігін мұхитқа лақтырады. Онысы, өзінің қарамағындағы бір аңшысы аулаған балықтың қарнынан табылады. Тұп-тура «жүгірген жетпес, бұйырған кетпестің» кері. Ақсүйектер құдайларының Олимп тауының шыңынан көріп тұрғанына сенімді еді. Бірақ, неге қарадан шыққан жанның баюына, асыл текті біздің әупірімдеп күн көруімізге жол береді екен десіп шуласты.

Ақсүйектер кім құтқарушы боларын іздеп әуіреге түсті. Кедейленіп кеткен олар құдай мен адам арасындағы делдал ретінде Пифагор данышпанды таңдайды. Өздерін тәңірден таралған санайтын бір топ данышпанмен күнде кеңес өткізеді. Алайда, не туралы ақылдасып жүргендіктерінен бәрі бейхабар. Олардың мұндай кездесулерінен күдіктенген Поликрат араға өз жансыздарын да салып қояды.

Алайда, Пифагор тым кешікпей Самос қаласынан біржолата кетіп қалады. Оған табынушылар «диктатура шегіне жетіп, ақыры, бостандықты пір тұтатын адамның оған төзбейтіндей ахуал қалыптасқандықтан ол кетіп тынды» деп мәлімдеді. Пифагордың Мысыр, Вавилон елдерін аралап жүргені жайында хабар тараған. Кейін Италияның Кротон қаласын тұрғылықты мекендегені белгілі болған. Ол тұста аталмыш қалада қоғамдағы тепе-теңдіктің бұзылған шағы еді. Билік жалпы халыққа беріле ме, әлде, тәңірдің сүйген құлдары ақсүйектерге тиесілі бола ма деген даудың өршіп тұрған кезі болатын.

Ақсүйектер жұдырықтасудың олимптік сайысында топ жарып, атаққа шыққан Милон есімді жігітті басшы еткен. Ол батыр ер барыстың иленген терісін иығына іліп, қолына шоқпар алып шайқас алаңына шыққанда қарсы келген дұшпанның жүрегі дуаламай қанжарын тастап қаша жөнеледі екен. Алайда, Милонда білектің күші мол болғанымен ол шындығында, біліктің әлеуеті атаулыдан жұрдай пенде еді. Кротондық ақсүйектерде шын мәнінде дана басшы, данышпан ұстаз жетпей тұрған. Оның орнын Пифагор басты. Ол үнемі жастарды айналасына жинап алады да: «Өрендерім, айналаға қараңдаршы! Бүкіл әлем лайықты қалыптасқан тәртіп пен ережеге бағынады. Бар дүние үйлесімге, өлшемге, сандық есепке бағынышты» - деп сыр шертеді. Пифагор лир атты көп ішекті музыкалық аспаптың арнайы құлақтарын бірде қатты бұрап созып, енді бірде босатқанда оның дыбысының есептік санға бағынып, жоғары-төмен болып естілетіні аңғарылады. Осылайша, ол саз аспабының құпия сырын ашады.

Ол құмға көптеген үшбұрыштар салады да бейнелер әлемінде есептің билеуші рөл атқаратындығын түсіндіреді. Есеп-қисап, түзу сызбалар, шаршы бейнелер айнала әлемді ретсіздіктен құтқарады, формасыз дүниенің бітім-болмысын жасайды, шексіздікке өлшем белгілейді.

Айлы түнде Пифагор шәкірттеріне сансыз жұлдыз жымыңдаған аспанды нұсқап, онда да есеп, өлшем мен ырғақтылық билеуші рөл атқаратындығын түсіндіреді. Жұлдыздар да белгілі бір уақытта шығады, өз жолымен жүріп, нақты бір мерзімде бой тасалайды. Дүние әлеміндегі жарық пен жылылықты әкелуші ең киелі зат – от. Дүниені жарылқаушы басты әрі киелі «от» ол – күн. Оның айналасында ондаған хрусталдық жүйе бар. Күн, ай, жұлдыз, ғаламшарлар сол жүйе бойынша орналасқан. Біздің жер ғаламшары да оның жалпы заңдылығына бағынады. Бейнебір отты айнала билеп жүрген бишілер тобы іспетті. Барлығы нақты есепке негізделеді. Пифагор осылайша өзіндік ғылыми жаңалығын ашты. Ол әлемнің басталуы да, жалпы сипаты да тек есепте деп білді. Шәкірттері де оған нық сенімді болды, айтқандарын зейін сала тыңдады.

«Әлемді есеп, өлшем, үйлесім үшеуі билейді. Құдай онсегіз мың ғаламда мызғымас қатаң тәртіп орнатқан. Барлық ғаламшар сол заңға бағынады. Олай болса, адам баласы да сол заңдылықтан тысқары қалмақ емес» - деп ол дін мен ғылымды ұштастырған қағидаларын шәкірттерінің бойына сіңірумен болды. Пифагордың ғылымда жасаған ұлы жаңалығы кезінде қараңғылықтың соққысы мен қарсылығына қатты ұшыраса да уақыт сынына төтеп беріп, мәңгілік сипатта екендігін дәлелдеді. «Есеп білмеген есек» деп қазақ бабаларымыз айтқандай, ғылымның кілті де сонда екендігін бүгінде дәлелдеп жатудың өзі артық.

Математикалық формулаларсыз мұхит мұзын жарғыш кемелер мен ғарыш зымырандарын жасай алар ма едік?! Тіпті, қыл аяғы туннель, көпірлерді де есеп-қисапқа сүйенбей салуымыз мүмкін еместігі анық. Ақпараттық жүйелер мен технологиялар да бүгінде соған сүйеніп отыр. Орта мектепте пифагор теоремасын оқығанын ешкім ұмытпаған болар. Олай болса, пропорцтық, прогрестік амалдары, тақ және жұп сандар дейсіз бе, үшбұрыштық, 180 градустық секілді кезінде біраз басымызды қатырған ғылыми ізденістердің түп негізін қалап, оның өміршеңдігін дәлелдеп бергендігі оның жеткен шындығының өлместігін айғақтаса керек.

4. ҮЙІРІЛГЕН ҚАМШЫ ЖЫРТҚЫШТЫ ДА ЖЕМГЕ ЖЕТЕЛЕЙДІ

Қоғам өмірінің тынымсыз қозғалысы адамзатқа даму мен прогресті сыйлады. Ертеде өзгерместей болып қалыптасқан сенім-наным, салт-дәстүр, заң-тиым атаулы уақыт атты төрешінің сынына төтеп бере алмай орта жолда қалып жатты. Қазақ бабаларымыз оны кезінде «дәстүрдің озығы да, тозығы да бар» деп бір ауыз сөзбен түйіндесе, арасында «әр елдің заңы басқа, иттері қара қасқа» деп мақалдай салатыны тағы бар. Расында, кешегі болып-ақ келген дүние бүгінгі болмысқа сәйкеспей қалатыны, жарлының байып, байдың таяқ ұстап құрыдымға кететіні, «белгісізден би шығып, белдеусізден үй тұратыны» - бұл дүниенің алма-кезектігін айғақтамай ма.

Аласапыран дүниенің осы бір сапырылысқан ала бөтен тірлігі адамдарды өз орталарындағы ақылман даналарға, істі тереңінен толғайтын ұшқыр ойшылдарға жүгінетін жағдайға жеткізді. Әрине, олар әрнені өз дүниетанымы мен ой өрісінің аясында түсіндіреді. Сол секілді Пифагор онсегіз мың ғаламда бұзылмайтын үйлесімдері, Құдайдың жаратқан реттеулері бар екендігін айтты. Онысы, негізінен заңдылықтарды меңзесе керек. Алайда, Гераклиттің берген жауабы мүлде басқаша болып шықты.

Гераклиттің ата-бабасы ақсүйектер тегінен болған. Ал, оның өзіне келсек, айналасымен тіл табыса алмай ақыры Артемид шіркеуінің маңындағы тауға шығып кеткен. Эфес қаласынан іргесін аулақ салып, иен тоғайда күрке тігіп тақуалықпен күн көрген. Алыстан ат арылтып Гераклитті іздеп келген меймандар осы бір қырсық мінезді тақуа қариядан қатты қаймығатын. Жынына тисе, ол кім екендігіне қарамастан жуыған жанның бәрін ит қосып қуып жіберер еді. Алайда, көпке ұнамайтын, тіпті шеттетілгендігіне қарамастан ол су түбінде де жарқырайтын нағыз саф алтынның өзі болған.

Алғаш жолыққан барлық адамдарға Гераклит Эфес қаласы тұрғындарын әжуалап, олардың жаңа мораль дейтіндерін сын тезіне салып, мысқылдайтын. «Олар ойлауды білмейді. Мынау дүниеде игіліктен гөрі иттіктің көп екендігін мүлде түсінбейді. Мен бір жақсы адамды өзгенің мыңына татиды деп білемін. Ал, енді тәуір жандардың бәрін көзге шыққан сүйелдей көріп, араларынан аластатып жіберетіндерге не айтуға болады?» - деп, сөгеді.

Онымен келіп жолыққан жат жұрттықтар ашулы дананың қаһарынан қорқып, қитығына тимес үшін әңгіме ауанын бұрынғы заманға бұрғылары келеді. Бірақ, Гераклиттің оларға да көңілі толмайтындығы белгілі болады. Әңгіме ауаны мынандай: «Маған салса, кезінде Гомерді ақындар қатарынан қуып, жазалаған болар едім. Ал, Гесиодты қойшы, ол бір жай ғана кедейлердің ұстазы. Гесиод өзін өте білімді санады. Шын мәнінде, күндіз бен түннің бірдей екенін пайымдай алмады ғой».

Гераклит көпқұдайлық ескі сенім-нанымды құптамады. «Олардың қолдан жасалған мүсінге тағзым етулері үйдің қабырғасымен сырласу ғана емес пе» - деп, әжуалайды. Ол тіпті қызды-қыздымен өзінен бұрынғы ойшылдарды да менсінбейтін. «Пифагор өзгелерден гөрі ғылымға көбірек ден қойды. Өзіндік қағидалары да бар, бұрынғылардан көп нәрсе үйренді. Бірақ, қағидалары жалған. Көп білгеннен ақылды болып кетпейсің. Егер солай болса, Пифагор, Гесиод, Ксенофандар атақты ғұламаларға айналар еді ғой»-дейді. «Сонда кімнен үйренуіміз керек?» - деп, сұрағандарға ол «Біздің ұстазымыз – көз бен құлақ. Көзбен көріп, құлақпен естімесең ештеңе үйренбейсің. Табиғаттың кең тынысын, кейде түтіннің өзін мұрынмен сезесің ғой. Табиғат әлемінің дыбыстарына құлақ түріп үйренген жөн. Бірақ, оның өзі аздық етеді. Естігенді терең қазбалап, ұға білген абзал. Егер адам өзі рухани бай әрі терең ойлы болмаса көз бен құлақ әдеттегі бір нашар куәгер болып қана қалады. Көз құлақтан гөрі сенімдірек. Алайда, көзге де үнемі сенім артуға болмайды.

Табиғат өз құпиясын ашпауға құмар. Оның сырына терең бойлау керек. Табиғат әлемінің сан алуан үніне құлақ түргін! Сосын, жақсылап ойлан! Адам дегеніміз шексіз әлем. Ой мен санада шекара атаулы мүлде жоқ» - деп, жауап берген.

Оған әдейлеп келген қонақтар сөзіне қайран қалып, тамсана тыңдаушы еді. «Айналаға көз тік! Барлық нәрсе қозғалыс үстінде, өзен, бұлақ ағып жатыр. Кеше түскен өзеннің суы бүгін басқа. Күннің өзі әр тәулік сайын жаңарады. Қозғалыссыз мүлгіп тұрған еш нәрсе жоқ. Барлық жерде қарама қайшылық пен жанталасқан күрес. Күресудің нәтижесінде ғана не еркіндік аласың, не құл боласың. Күрестің арқасында ғана бір дүние жаңадан пайда болып, екіншісі құрыдымға кетеді. Отқа өртеніп жатқан ағашқа қара! Ағаштың өлімін, оттың өмірін көресің...».

«...Әлемді адам да, құдай да жаратқан жоқ. Бұл дүние бұрын да болған, қазір де, алда да бола береді. Дүние әлем дегеніміз өз заңдылығымен жанып, сөніп тұратын мәңгілік алау от. Әлемдегі ұлы өрт сөнген соң жаңа дүние пайда болады. Сосын, бәрі суып, апшиды. Кейін қайтадан алапат өрт болады. Осылайша өлу-туу, құру-пайда болу алмаса береді. Бұл дүние лир саз аспабының ішегі іспетті. Біз оны бірде босатып, бірде қатайтамыз. Қатайту мен босатудан үйлесім туады. Дүние әлем ретсіз емес, ол үйлесімнен тұрады. Сырт көзге ретсіз көрінуі мүмкін. Шын мәнінде, ол қатаң ережеге бағынады. Барлық дүние талапқа бағынады. Талаптың үйірген қамшысы жыртқышты да жемге жетелейді...».

Күн батып, айнала тыныштыққа бөленгенде жолаушылар ашушаң қариядан салмақты сыйлық арқалап қайтар еді. Ол сыйлықта бір грамдық та ауырлық жоқ. Бірақ, алтыннан да ардақты екендігінде шүбә болмайтын. Ол дегеніміз жаңаша ойлау мен тың ұғым, терең таным болатын. Ескі сүрлеуге қайта оралу мүмкін емес. «Ұлы дауыл» - кездейсоқтық емес, заңдылық!

Осылайша, шулы қаладан алыстағы орман ішіндегі күркеде ескі идеологияның сарқыншағын түбірімен жоққа шығарған әлемді билеуші шынайы талап туралы қағида ың-шыңсыз жасалып тарап жатты. Әлемнің әміршісі болатын осы нәрсеге Гераклит жаңа атау іздеп жатты. Он ойланып, мың толғанған Гераклит ақыры оған «Логос» деген сөзді таңдаған. Осы атау ғана дүниенің заңдылығы туралы қағиданың мазмұнын белгілі деңгейде ашады деп санаған.

Гераклит қағазға түсірген ойларын Артемид шіркеуіне апарып тапсырған. Оны тек түсінетін адамдар ғана оқысын деген ниетте болды. Алайда, дүние заңдылығы туралы «Логос» қағидасы алақандағы айқын болса да әлі де көзі ашылмаған пенделер оған пысқырып та қарамаған. Асылы, «есекке алтыннан гөрі шөптің қымбаттығы» осыдан көрінсе керек. Гераклит те өз ойын бүгіп қалмады. Дүниенің аясы кеңейсе де, адамдардың ақыл-ойының көкжиегі тар күйінде қалды, әрненің екі қыры барын көрмейді, тамақ асырудан өзгені түсінбейді деп сөгумен болды.

Алайда, Гераклит адамдарды сынай отырып, сүйе де білді. Ол кісінің шындықты іздеуінің өзі адамзатқа жасаған игілікті ісі болатын. Осы қасиетімен ол бізді айналаға үнемі жаңаша әрі сын көзбен қарауға итермелейді де отырады.

5. СОҚЫР СЕНІМНІҢ БҰҒАУЫ ДА БЕРІК

Қайран есіл ер Сұлтанмахмұт Торайғыров «қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн боламын» - деп айтса айтқандай-ақ дерсің. «Қараңғы адамдардың» тезарада ағарып кететіндігіне Гераклит те аса сенбеген. Гераклит сынды ешкімге бет қаратпайтын тентектің өзі надандарға төтеп бере алмаған соң таудың биігіне қарай жол тартқан ғой. Бірақ, өзін ортадан тым қашықта оқшаулап тастады. Ал, халықтың бел ортасында болып, оларды жанындай жақсы көріп, өзінің бар әлеуеті мен қабілетін көптің игілігіне арнаған ғұламалар да тарихта баршылық. Солардың бірі – данышпан Эмпедокл еді.

Ол да өз кезегінде ақсүйектер әулетінде туып-өсті. Оның атасы Сициллиядағы Акрагант қаласын басқарған. Еш өкінбестен патша тағынан өз еркімен бас тартқандығымен ақылдылық танытып, айналасының құрметіне бөленген басшы еді. Эмпедокл де миларының аздығына қарамай мұрындарын шүйіріп, маңғазаданған түр көрсетіп жүретін байлар мен билікқұмарлардың хас жауына айналған адам. Ол әрдайым азат азаматтардың тең еріктілігі үшін күресті. Оның пешенесіне Акрагант қаласында халықтың үкімет билігін қолға алуларын көру жазылған екен. Халық билігін әлдебір тоғышар топастың пайдаланып кетпеуі үшін ол барын салды. Көп жиналған жерде өздерін көрсетіп қалғылары келіп, әлдеріне қарамай тыраштанатындарды ол ащы әзіл-сықақпен шенеп отырды.

Ол кісінің халық үшін жан аямай еңбектенгені тіпті адам таңданарлықтай ғажап. Бірде Селинунт қаласы маңындағы өзен былғанып, жұрт арасында оба тарайды. Адамдар топ-тобымен қынадай қырылады. Эмпедокл бір амалын табады. Жеке қаражатымен арық қаздырып, дарияны алыстағы екі өзенмен қосады. Сонда суы тазарып, бүкіл қала өлім қаупінен құтылады. Халық игілігі үшін жасаған оның істері жайында тарихи деректер көп. Адамдар оны қатардағы адамнан гөрі Жаратушының жердегі өкіліне көбірек ұқсататын көрінеді. Оны іздеген жандар патша сарайынан емес, көбінесе халықтың қайнаған ортасынан табар еді. Оның басты ерекшелігі – өзінің телегей теңіз білімін мейлінше, көп адамға дарытуға тырысуы болатын. «Адамның ақыл-ойы үнемі жаңа дүниеге келгенде бөгеледі» дегенді айтқан ол қарапайым жандармен пікірлесуді, қызықтары мен қиындықтарын бөлісуді, халықтың білім-пайымын кеңейтуді өзіне міндет санады.

Эмпедокл ғұлама шын мәнінде, Фалес, Анаксимандр, Анаксимен, Гераклиттердің бастаған істерін жалғастырушы еді. Ол дүние әлемін от, су, топырақ, ауа төрт негізгі элементтен тұрады деп білді. Осы төртеуінің бірлігі белгілі бір заттың пайда болуына және ыдырап құрып кетуіне итермелейді деді. Алайда, еш нәрсе түбегейлі құрып кетпейді және құр бос кеңістіктен ештеңе пайда болмайды. Адамның өлуі мен дүниеге келуі дегеніміз бірігу және ыдыраудан тұратын үрдіс. Бірліктен (единица) көп пайда болады, көптен біртұтастыққа айналу да бар.

Бойында шыбын жаны барлардың бәрін жарылқаушы күн сәулесі, терең әжіммен беті айғыздалған жер ана, күші буырқанып тұрса да желсіз күнде сабырлы да байсалды теңіз, мұхиттар жаралмаған дәуір де өткен. Ол тұста бар дүние өзара жауласып жатты. Қысқасы, дүние атаулының үйлесім таппаған кезеңі. Ақыры осы үйлесім барлығын формаларға көшірді. Салыстырмалы түрде айтқанда, суретшінің табиғатты бір сәтте барлық жан-жануарларымен қоса сала алмайтыны секілді.

Кейін күн, ай, жұлдыздар әлемі, жер шары, теңіз, мұхиттар пайда болды. Төрт заттың бірлігінен тірі организм шықты. Алғаш денесіз бас, иықсыз қол, маңдайсыз көз әлемді кезіп жүрді. Сөйтіп жүріп кездесті де өзара қосылды. Алайда, бір сорақысы, екі басты жануарлар, адам басты сиырлар, сиыр басты адамдар пайда болды. Дегенмен, ол тажалдар біртіндеп жоғалып адам мен хайуандар өз үйлесіміне қарай орындарын тапты...Эмпидокл осылай дәріс оқыды.

Оның айтқан әңгімелері тыңдаған жандардың көңілдеріне дереу қона кетпеді. Дүниенің қалай жаралғанын түсіну олар үшін аса ауыр еді. Эмпидокл бәрін ғылыми тұрғыдан түсіндіруге тырысты. Барлық дүние заңдылықтың талабымен түпкілікті микро заттардың бірлігінің нәтижесінде пайда болды дегенді түсіндірмек болды. Алайда, өздері тірі Құдай санап табынған данышпанның айтқан сөзіне адамдар илана алмады. Тіпті ол өлген соң талай жыл өтсе де ұлы ұстазын тіріге санайтындар көп болған екен. Эмпидокл ілімінің өзі бірге жүріп, біте қайнаған ортасында да сіңбеуі, ешқайсын иландыра алмауы – соқыр сенімнің бұғауы тым берік болатындығын айғақтап кетсе керек.

6. СЕНУ ҮШІН КҮДІКТЕНЕ ДЕ БІЛ

Ежелгі Грек елі ғұламаларымен мақтана аларлықтай болды. «Ғалымның хаты өлмейтіні» рас сөз. Біздің жыл санауымыздан бұрынғы VI-V ғасырлар тоғысында сол даңқты өлкеге шығыстан қауіп төнді. Өзін патшалардың патшасы санаған Парсы қағаны Кіші Азияға қарай жөңкілген санмыңдаған қолымен Грек қалаларын бірінен соң бірін басып алып жатты. Милет қаласының тұрғындары барынша қарсы тұруға тырысқанымен теңіс шайқасы кезінде кемелері қарсы тараптың басым күшіне төтеп бере алмады. «Байтал түгіл бас қайғы» дескен жұрт жандарын шүберекке түйіп, Афина, Сициллия, Италия жаққа қарай ауды. Ондағы мақсат қара бастың қамы емес, бәрінен қымбат ғылымды құтқарудың жайы еді.

Алайда, анталаған әскери күш Азиядан Еуропаға қарай жолдағысының бәрін жапырып өтіп кеткен еді. Жер қайыстырған қалың қол Афина қаласына жеткенде ғана тізе бүккен. Афиналықтар желкенді кемелерді жаппай теңіз түбіне батырып, аттылы, жаяу әскерлерді алға жылжытпай тегеуірінді қарсылық көрсетті. Осылайша, афиналықтар Грек еркіндігін қорғады. Жеңімпаз қала гүлденіп дамыды да Миллеттің орнын енді Афина басты. Оған түрлі зат тауарлар тасыған кемелер әр тұстан ағылып келіп жатты. Қала көшелерінде шартараптан келген түрлі ұлт өкілдерін кездестірер еді. Бөтен жұрттың саудагерлеріне жабайы аң көргендей қарайтын заман келмеске кетті.

Мұхит-теңіз және сауда-саттық адамдарды жақындата түскен. Жарлы байып, жас өсті. Жасаған тауарларын құрлық асырып өткізетіндер қор жинап үлгерді. Адам баласын құлдыққа сататын сұмдық шықты. Ақшамен бәрін сатып алуға ұмтылатындар енді билікке қол салды, «қол салғанда мол салды». Елді ақ сүйектілер тұқымы билеп, басқаратын заман келмеске кетті. Мемлекет ісін халық жиыны қарап шешетін болды. Осы себептен де күні бүгінге дейін Ежелгі Грек демократияның тұңғыш ошағы саналады. Халық жиынына қолөнер шеберлері, айлақ кемелерінің қожайындары енетін.

Адамдар санасындағы әлем туралы ұғымның аясы біртіндеп кеңейіп келе жатты. Дегенмен, оның шеті мен шегі қою тұманның құшағында еді.

Афина қаласында Геродот атты аңыз бен тарихқа құмар бір адам болды. Ол жастайынан дүние әлемді тануға аңсары ауды.

Геродот алыс сапардан оралған кемешілердің әртүрлі қызықты хикаяларын тыңдап, мұқият жазып белгілейтін. Теңізшілердің әңгімесі кейде оған шындықтан гөрі аңыз-әпсанаға жақын секілді көрінетін.

...Сонау алыс бір шетте Ливия деген елде эфиоптықтар қап-қара адамдар тұрады. Олар өзара әңгімесі жарқанаттың ысқырығы секілді. Жылан, кесірткеден тамақ жасайды. Онда сұмдық үлкен піл және керемет ірі жылан бар. Мүйізді есек те кездеседі. Сиырларының мүйізі алға қарай өскен жер тірерліктей. Жайлымда шыққан сиырлар мүйізімен жер шаншып қалмау үшін шегіншектеп жүреді. Атланта деген аса биік тау бар. Төбесі көрінбейтін тау аспанды тіреп тұрады. Егер солай тіреп тұрмаса аспан құлап түсер еді.

Одан ары қарай кеткенде ит басты адам кездеседі. Тіпті бассыз адамдар да бар. Олардың көздері алқымдарында болады.

Шығыс өңірдің аңдары, жануарлары, тіпті құстарына дейін өте ірі. Шөл далада иттей үлкен құмырсқалар өріп жүреді. Ол құмырсқалар алтын күзетеді. Таңғы ыстықта құмырсқалар жер астына кіріп ұйықтап қалады. Дәл сол сәтте жергілікті халық жүйрік түйелерге мініп алып, шөлге қарай зытады. Алтындарды жинап теңдеп алған соң кері қайтады. Егер тезірек қайтып үлгермесе әлгі құмырсқалар артына қуып келіп олардың түйелерін түгімен жұтады. Ондай құмырсқадан өткен жүйрік жәндік әлемде жоқ.

Солтүстік өңірде тіпті ғажайып бір ел бар. Ол елдің тұрғындарының аяқтары ешкінікі, көздері сыңар. Жылына алты ай бойы ұйықтап жататын адамдар бар. Жылына үш мәрте қасқырға айналатын пенде бар...

Геродот мұның бәрін дәптеріне түртіп алады. Алайда, ол өзгелер секілді аңғал жан емес еді. Геродот дүние әлемге шындықтың көзімен қарағысы келді. Ондай жандар көбінесе күмәншіл болып келеді. Геродот құлағымен естіген ұшатын жыланды көзбен көрмекке Аравияға аттанды. Алайда, онда ешқандай да қанатты жыланның жоқтығына көз жеткізді.

Осылайша, таңғажайып ертегінің бір хайуаны оның санасынан зым-зия жоқ болды. Геродоттың күмәні одан ары ұлғая түсті. Сосын, ендігі жерде тек қана көзбен көргенін, көңілге түйгенін кітап етіп жазуға кірісті. Алайда, мүлде жоқ дүниелерді шындай етіп жазудан, елдің басын айналдырудан, кейін өтірікші атанудан қатты сақтанды. Сондықтан да, «менің естігенім осы, рас я болмаса жалғанын білмедім» деп оқырманға әрдайым ағынан жарылып отыруды ұмытпады. Оның орта миында ескі мен жаңа идея қатар тұрып алып, өзара алысумен болды. Дегенмен, ескісі жаңасын жоққа шығарып, басымдық таныта берген көрінеді.

Табиғат әлемін зерттеген ғалымдар күннің әсерінен судың буға айналатынын әлдеқашан айтып қойған болатын. Сонда да Геродот бастаған топтар Құдай аспан жолымен келе жатып қатты шөлдеген соң өзен суларын буға айналдырып ішіп жатыр деп ойлап келді.

Алайда, ғылым өз жолымен сапарға шыққан. Гректе дүниеге жаңаша қарайтын, оны тың оймен толғайтын адамдар қатары көбейе түскен еді.

7. КӨҢІЛІ ЖАРАСҚАНДАР ҒАНА ДОСТАСА АЛАДЫ

Афины қаласында ұлы стратег Перикл өзімен пікірлес, ортақ ойлы жандарды үйіне шақырып, той жасайды екен. Олар дәмді тамақ жеп, сиқырлы шарап ұрттап, сазды әуен тыңдап отырды десек, қателескен болар едік. Керісінше, өзара пікір жарыстырып, рухани көкжиектерін кеңейтіп, ұстаздары Анаксагордың ұлағатты сөзін тыңдау үшін жиналады. Үй иесі Перикл ұстаз Анаксагормен бірге мемлекеттік істі де талқылап, кеңес алады екен.

Перикл дегеніміз Афины халқының тұңғыш стратегі, даңқты қолбасшы екені белгілі. Ол жұртты соңынан ертуге келгенде айырықша өнерлі адам болды. Қысқа мерзім ішінде Афинаны әлемдегі ең әсем қалаға айналдырған айтулы тұлға да осы Перикл. Осы даңқты қолбасшы ойшыл философқа зор ілтипат көрсетіп, оның сөзіне зер салды, табиғат және әлем жайындағы ғылымға ден қойып, ондағы қағидаларды жұрт алдында жасаған баяндамаларында жиі қолданған.

Оның отбасындағы бәйбіше Аспази да ұлағатты ұстаз Анаксагормен пікірталастырып, ой жарыстыра алатын зерделі жан болған. Ол өз тұсындағы үйінде күні бойы ұршық иіріп қана отыратын көп әйелдердің ешбіріне ұқсамады. Оның үйіне Сократтың өзі шәкірттерімен бірге келіп Аспазидің даналық сөздерін тыңдайтын. Милет қаласының тумасы осы әйелмен үйлену үшін Перикл өзінің некелі қосағымен ажырасуға дейін барған. Ол үшін Периклді сөккендер көп болды. Алайда, Перикл жат жұрттың сол бір қызын ессіз сүйетіндігін ешкімнен жасырмаған.

Периклдің тойына келетіндердің арасында Фиди есімді ұлы суретші әрі сәулетші болған екен. Оның қол астында мыңдаған мүсіншілер, ұсталар, ағаш шеберлері, өрнек салушылар жұмыс істеген көрінеді. Фиди әдеттегі жай қара тасқа да жан бітіре алатын теңдессіз шебер болған екен. Оның дарын қабілетінің арқасында Афины қаласы көркіне көз тоймас ғимараттарға толған. Фидидің жанында Еврипид жайғасатын деседі. Ол да Анаксагордың шәкірті. Оның ерекшелігі, өзгелер шындық ретінде қабылдайтын барлық нәрсеге күмәнмен қарайтын. Оның қаламынан туған трагедиялық пьесаларын театр сахнасынан тамашалаған әр көрермен оқиғаға беріле ұйып кететін. Дінге шын берілген жандар да оның қойылымындағы түрлі оқиғалар мен диалогтарға түсіністікпен қарайтын.

Еврипид Гомердің Ахилл батырынан, Перикл Одиссейден төмен бе? Білек күші жағынан Гомердің ерлері артық шығар, ал, ақыл-ойларының жүйріктігімен, алысты болжай алатын көрегендігімен қазіргілер озық тұрған жоқ па?

Анаксагор өз шәкірттеріне біздің ғаламшардан өзге де дүние бар дегенді жиі айтты. Айды да ол тағы ғаламшар деп білді. Айда таулар, орман және аң, жануарлар бар деп сенді. Күнді ол шексіз алып әрі ыстыққа балқыған тас деп түсіндірді. Оны ұйытқып соққан құйын айнала үрлеп, көңілін көтереді. Сол құйын бүкіл дүниені шарлап, бәрін реттеп жүреді. Суық пен қараңғылықты күн ғана ыстық пен жарықтан бөліп, екі бөлек сапқа тұрғызған.

Мұхит суын қақ бөліп кеме алға ұмтылғанда оның бетінде көбік пайда болатыны секілді күн аспан әлемінде саяхаттағанда одан май бөлініп, жан-жаққа шашырап, ағып түскен жұлдыз іспетті жоқ болады. Сондай бөлшектер жерге түседі. Оны барып көруге бәрінің бірдей жүректері дуалай бермейді. Ал, батыл қадам жасап барып қызықтағандардың көздеріне түсетіні әдеттегі бір тас қана болып шығатын еді.

Дегенмен, жұрт өзгенің байқамағанын көре білетін жанның ойлы терең сөзіне таңдана құлақ тосатын. Расында, оның терең ойы аспанның тұңғиық тереңіне батып, біреулердің түсіне кірмеген жаңа әлемнің сырын ашар еді. Афины қаласы тұрғындарының оны «ақыл ойдың данышпаны» деп атауы кездейсоқтық болмаса керек.

Ал, Периклдің үйіне жиналғандардың арасындағы көпқұдайға табынушылар мен надан жандар оның сөзін естігенде өлердей қорқып қалшылдап кететін. Себебі, олар үшін ай мен күн құдай болып табылатын. Алайда, Периклидің мәртебелі меймандарының көбі сол дәуірден алға суырылып кеткен ойлы жандар еді.

Бірде Перикл 150 кемесін сайлап, алыс сапарға аттанатын болады. Азанда барлық сарбаздарын кемелерге жайғастырып болып, өзі ең соңында кемеге жайғасады. Сол сәтте күн тұтылған екен. Қараңғылық айналаны жайлағанда бәрі оны жаман ырымға жорып, үрейленеді.

Алайда, қалай дегенмен де ол Анаксатордың шәкірті Перикл емес пе. Үрейі ұшып қозғала алмай тұрған кеме жүргізетін жігіттің қасына келеді. Ол үстіндегі жамылғысымен әлгі жігіттің көзін жабады.

  • Ал, осы жамылғы саған қорқынышты ма?
  • Жоқ, ешқандай қорқыгышты емес.
  • Ендеше, қандай айырмашылығы бар?
  • Бір ғана айырмашылық бар. Күннің тұтылуына әсер еткен жамылғының көлемі сіздікінің әлде неше мәрте үлкен. Кеттік!

8 «АДАМ ДЕГЕН ҒАЖАЙЫП БІР ӘЛЕМ»

Адам баласының ақыл ойының көкжиегі барған сайын кеңейіп, ұлғая түсті. Өзіне алтын бесік болған жер әлемін ғарыштағы өзге ғаламшар, жұлдыздардан да артық қызықтап тануға тырысумен келеді. Жер қойнауына терең бойлап, темірді, күмісті, алтынды тапты. Болатты балшық шұңқырға емес, пешке балқытатын болды. Адам мұхит пен теңізді жермен қоса жаулауға кіріскелі қашан. Су кемелерін өткізетін арна-арықтар қазып, мұхит жағалауына таспен бөгендер салды. Қала маңындағы бір төбешікті жөнге келтіріп, тастарын қашап, орындық пен баспалдақ жасады, драмалық қойылым тамашалайтын ойын-сауық орнын тұрғызды. Жер қойнауында жатқан мәрмәр тастарды алып шығып, қолданысқа жаратты.

Жаратушының құрметіне арнап, көз тартар әсем мәрмәр бағыналар тұрғызған адамның атағы жер жарды. Мыңдаған жылдардан кейін сол ғибадатханалар қирап қалса да, оның үйіндісі мен үңірейген жұртының өзі қымбат құндылыққа айналып отыр.

Уақыт тезіне төтеп беріп, бүлінбей аман қалған құдай ана мүсінін көрген кейінгі ұрпақ осы туындыны жасаған адамның шеберлігіне табынып, еріксіз таңдай қағады. Келер ұрпақ кімді қалай еске алады? Әрине, терең ойлай білгендерді, тынымсыз тер төгіп, артында көзге көрінер із қалдырғандарды ғана мәңгі бақи ауыздан тастамай айтып жүрмек. Осы қасиетімен де адам деген ұлы туындыгер!

Афины қаласындағы Дионис деген драма ордасын лық толтырған мыңдаған көрермен Эсхил, Софокл, Еврипид пьесалары кейіпкерлерінің тағдыры немен аяқталарын толғана күтіп, Эдип пен Антигоның бастан кешкен қиындықтарын бірге бөлісіп, көңілдері толқып отырар еді.

Өнер шіркін, осылайша көңілдегі кірбің мен күйбіңнен адам баласын бір сәтке алыстатып, ұшқыр қиялға жетелейтін құдіретті дүние ғой. Жарық дүниеде Жаратушыдан берілген адам атты асыл аманатқа ие болған әрбір саналы жан өзі үшін ғана емес, өзгенің тағдырына да алаңдайтын, көңіл бөлетін қасиетке ие болды.

Сахна төріне Эсхилдің «Прометейі» ме, Софоклдің «Антигоны» ма, Еврипидтің «Ифигениі» ме қай кейіпкері болсын, бәрі де көрермен жүрегін жаулап алар еді. Кім өліп, кім қалар екен, бақ шаба ма, бап шаба ма, көк дөненнен де жүйрік алқынған көңіл қайда барып тұрақтайды дегендей әр көрермен демін ішіне тартып отырады екен.

Гефест Прометей батырды тасқа керіп қойып, ауыр балғамен шегелеп жатыр. Прометей от ұрлап, адамдарға үлестірген. Содан келіп тағдыр одан теріс айналды, енді міне, Кавказдағы жалпақ тасқа керіп жазалады. Алайда, ол сонда да Зевстің жарлығына мойынсынбады, тіпті бас имеді. Өлімді, тағдырдың басқа салғанын қасқайып тұрып қарсы алды.

Жалпы, адам деген ғажайып бір әлем! Афиндіктер оны түйсіне бастаған кезі болса керек. Олар табиғаттың дүлей күшінен өлердей қорыққан кезінде немесе суық пен аштық қысқанда Жаратушыға жалбарынып қана әрекетсіз отырудың жөнсіздігін түсіне бастаған. Соның арқасында егін салып, желдің күшін пайдаланып бағытын түзейтін кемелер жасап, мұхитқа жіберуді үйренді. Темір балқытып құрал жасады, астықтан нан пісірді, жүзімнің шырынын сусын етті, тіпті, шарап ашытып көңіл көтерді.

Қыстың қысымшылығынан қорғанып үйін жылытатын, теңіз бен мұхиттың буырқанған толқындарынан егістік алаңын, қалаларын қорғаудың түрлі амалдарын үйренді.

Афины тұрғындарының цирктегі хайуандарша бір адамның әміріне бағынып, бұғып отырған кездері де болып еді. Төменгі таптағылар өз тағдырының қалай шешіліп жатқандығына қыңқ етіп ауыз ашуға да дәрменсіз болды. Бірдеме айтқылары келсе де, басшы оған «тіліңді тарт» деп таяқпен тас төбеден тартып жіберген болар еді.

Афины халқы ондай жүйені де артқа тастады. Басшысын халық өзі таңдап, сайлайтын болды. Егер ондай таңдау дарынсыз біреу түсіп немесе ел үмітін ақтамай опасыздық жасаса, жемқорлық пен былыққа батып әділетсіздік танытса билігі мен құзіретінен айырып тастау да халықтың қолындағы іске айналды. Көптеген түйінді мәселелердің осылайша әділеттілікпен шешімін табуы мақтанышқа айналды. Еркіндікпен мақтанудың өзі адамның көңілін өсіретін, көңілге сенім ұялататын қозғаушы күш болатын.

9 «АҚИҚАТТЫ ЕШКІМ ҚҰРТА АЛМАЙДЫ»

Уақыт бір орнында тұрмады. Афины қаласының байлары адам мойнына қамыт кигізіп, ауыр жұмысқа жегетін болып алды. Еркіндіктегі азаматтарға жалақы төлеп жұмыс істеткенше құл сатып қалта толтыру әлдеқайда пайдалы болса керек. Соның салдарынан азат азаматтардан құлдың саны құжынап арта бастады. Құл атаулыны базарда бейне бір зат, тауар өткізгендей-ақ саудалап жатты. Жуан өгіздің бағасы базарда елу драхм (Ежелгі Афин ақшасы) болса, құл одан үш есе артық бағамен сатылып жатты. Құлды «сөйлейтін құрал» деп атады. Бір кездері адамның дан дүниесінің үйлесімі – бостандық деп сайраған афиндіктердің кейфінгі тірлігінің түрін қараңыз.

Соғыста жеңіп шыққан соң тапқан олжаларын да әділ бөлмейтін болды. Соғысқа аттанған азат азаматтардың құралақан қайтуды жиіледі. Афины қаласында жұмыссыздардың қатары көбейіп, бұрынғы азат азаматтардың атынан басқа мақтанарлық ештеңесі қалмады. Олар күні бойы көше кезіп, сандалудан өзге амал таппады.

Ал, байлар құл сатып тапқан мол қаражатымен әсем ордаларда шалқып, тамақтың дәмдісін жеп, шараптың таңдаулысын сімірді. Бір бай ұрынарға қара таппай ежелгі үнді жерінен бірнеше маймыл алдырыпты. Күні бойы сол хайуандармен ойнап, көңіл көтеруден өзге ісі жоқ.

Құл иеленушілік осылайша адамдардың бір тобын екі қолға бір күрек таппай сандалтып қойса, келесі бөлігін «тойып секіртіп» маймылмен ойнатып қойды. Жұмыссыздары масылдарға өшіге бастады. Жұмыссыз «азат азаматтарды» Акрополға ғибадатхана мен қорған салуға жіберді. Бірақ, бәрін түгел жұмыспен қамту мүмкін болмады.

Қара жұмыс құлдарға ғана тиесілі деп санаған сәттен бастап, афиндіктер еңбекке қырын қараған. Негізі, адам өзінің жетілуіне зор қолғабыс болған еңбекті сүюі керек еді. Еңбектің арқасында афиндіктер демократия мен азаттыққа қол жеткізген болатын. Ал, енді сол ардақты еңбекті жек көретін жағдайға жеткен.

Данышпандар да ой, пайымдарын тәжірибе арқылы сынақтан өткізуге құлшынбайтын болған. Бір сыпарасы ойланып, қалғаны қара жұмыс атқаруы тиіс секілді сезілген. Адамдар бұрын қол жетпегендерін табиғаттан тартып алып, өздері азаттыққа кенелген соң тығырыққа тірелген. Не істерін білмей дал болады. Аштықтан, жоқшылықтан қалай құтыларын білмеген бір тобы амалдары таусылған соң жат елден бақыт іздеп кеткен.

Адам баласы өткен тарихына бір үңіліп кейін қарады да тіршілігі төмендеу болса да тас дәуірін сағынды, сол кезең «алтын заман» іспетті армандалды. Афиныда өмір сүру барған сайын ауырлап, тіршілікке көңілі толмайтын адамдардың қатары арта түсті.

Халықтық жиында демократияға қарсы жарыссөз көбейіп, Периклге шабуыл жасаушылар алға шықты. Алайда, Периклдің жаулары онымен бетпе бет келуден қаймығып, айналма жолмен жанамалап достарына тиісе бастады.

Алдымен Фидті абақтыға салды. Оған тағылған айып Афины қаласының қақпасындағы суретте өзін және Периклді бейнелеген делінді. Фид ақыры абақтыда көз жұмды. Периклдің жарына ескі салт-дәстүрді бұзды, құдайға сатқандық жасады деген айып тағылып түрмеге тоғытылды. Перикл афиндіктерге өлердей жалынып жүріп, әйелін өлім аузынан құтқарып, абақтыдан босаттырды. Сонда да жаулары кектенуден таймады.

Халық жиынында Диопиф деген бір надан Анаксагорға шабуыл жасап, оның ісін кәпірлік деп айыптады. Жұрттың басын айналдырып, аспан ғаламшарлары туралы теріс бағыт ұстанды деп сөкті. Айды жерге ұқсатқаны, күн тас іспетті дүние деп болжам жасағаны құдайға қарсы шыққан қылмыс ретінде танылуы қажет болған. Халық жиынында жаңалық атаулыдан үркіп, ат тонын ала қашатындар Периклді жек көрушілер болатын. Перикл Афины қаласын таңғажайып етті. Алайда, қала жұртының санасын тазартып жөнге салу тас қашап, орда салудан қиын дүние болып шықты. Құдайлардың, батыр тектілердің атасы Зевстен жаралған делініп келген шен-шекпенділердің билігін олар әлдеқашан құлатқан еді. Алайда, санадан ешнәрсе кетпеді.

Тағы да «Прометей» аспан әлемінен адамдарға от әкеліп берді. «Зевстің» жарлығымен «Прометейге» кісен салынды. Себебі, Анаксагор абақтыда өлімін күтіп жатқан еді. «Анаксагорды өлтіруге болады, ақиқаттың көзін құрта алмайсың» дегенге ол имандай сенді. Бірақ, Перикл бастаған оның шәкірттері абақты күзетшілеріне ақша ұсынып, Анаксагорды босатып алған соң оны шет ел асырып жіберді.

10. ӨЗ КҮШІҢЕ СЕНСЕҢ ҚҰСША САМҒАЙСЫҢ

Адам баласының досынан гөрі қасы көп еді. Көп нәрсеге көзі ашылмағана, жалаң қолынан өзге түгі жоқ кезінде тағы жыртқыш аңдардың азуы мен тырнағы қауіп төндіретін. Оның сыртында жанар таулардың атқылауы, оның ыстық ерінділерінің басып қалуы, жер сілкініп табанының астында қақ айырылуы да елеулі үрей тудыратын. Бірақ, оның бәрі ештеңе емес, ең қорқыныштысы – адамның адамға жауығуы болып шықты. Адам өмірінің қайғы-қасіретке толы сәттері табиғи апаттан гөрі өзара қырқысып, жанжалдасуының салдарынан туындады. Адам баласы өз күшіне сенуден қалды, үміттен гөрі күдік алға шыға беретін болды. Әрине, қасіретті қайғының үлкені де осы болса керек.

Дионис театрында бұрын адамның даңқын асқақтатқан екпінді әндер айтылса, енді пенделердің ақымақтығын әжуалаған пьесалар қойыла бастады.

«Ойшылдың үйінде» атты бір қойылымда бір ғимарат алдында бірнеше оқушы тұрады. Олардың бірі жерге екі көзін қадап үнсіз тұр. Бірі оған «Не іздедің?» десе, келесі балалар «Сарымсақ іздеген шығар», «Жер асты әлемінің тереңдігін өлшеп тұрған шығар» деп қағытады. Тағы бір оқушы әлде бір қадамды өлшеген есеп шығарып әуіре. Сол сәтте даналық сипатты өн бойына сіңірген бір егде адам келеді. Оны бірден таныған көрермендер ду күледі. Бұл Афины қаласына кеңінен танымал ойшыл ғұлама Сократ еді. Қалтасында тым құрығанда кешкі тамақты тоя жеуге жетерліктей де соқыр тиыны жоқ әлгі қария аспандағы бұлтты зерттемекке ұмтылып, жоғары көтеріліп барады.

Комедиялық қойылымның авторы Аристофан жер әлемін ұмытып, көкке самғап, жұлдызды ғаламшарлар туралы құр қиялмен уақыт өткізетін философтарды әжуалады. Сондай-ақ, жер қойнауының құпия сырларын танимын деп бас қатырғанша сарымсақ егу әлде қайда тиімді деп ойлайтын аңғал жандарды да түйреп өтіп, күлкіге қарық қылады.

Адамдар ауыр күрсініп, өз күшіне өзі сенімсіздік танытатын енжарлыққа ұрынды. Зобалаң атаулы үзілмес шынжырға айналды. Азаттықтың, өнердің, ғылымның отанына қауіп төнді. Соғыс өрті тұтанып, адамдар бір бірін аяусыз тонап, құтып жатты. Құл қожайынымен, бай кедеймен, зиялы тобырмен, мұхит жағалауындағы қалалар егістікпен айналысатын шаһарлармен арпалысып, соғысумен болды.

Ішер ас, киер киім, жатар орынға мұқтаж қаңғыбастар бүкіл қаланы ен жайлады. Ауру-сырқат, дерт-дербез кең тарады. Амалы таусылған жандар ғибадатханаға қарай ағылып, тас мүсіндерге сыйынуға көшті. Алайда, оларда тым құрығанда тас жүректің өзі де жоқ еді. Адам қолымен жасалған «құдайда» қандай қауқар болсын. Көңілдеріне демеу іздеп, көріпкел балгерлерге де жүгініп көрді. Алайда, олардың ашқан балдары да адаса берді. Тас мүсінді «құдайлардан» көңілі қалған жұрт біртіндеп ойшыл ғұламалардың құдыретін қастерлеуге көшті. Дегенмен, жаны қиналғанда сол ғұламалардың өзі танып біле алмаған Жаратушыны іздеді. Анаксагордың шәкірті Перикл оба ауруына шалдығып, қатты қиналғанда мойнына тұмар тағып, Жаратушыға жалбарынды.

Әр адамның шынайы бет-бейнесі сын сағатта ғана ашылып танылса керек. Темір ұсталары соғыстың басталғанына қуанып, қару-жарақтарының өтімді боларына қуанса, саудагерлер уақыты келгенде баға сүйеді десіп, астық пен нандарын басып, сақтап отырды. Сол дәуірдің тарихын жазып қалдырған шежірешісі Фукидид былай деп мұңайған екен: «Бұрын ойға алуға да батылдары бармайтын зұлымдықтарды қазір адамдар еш қаймықбастан жасай беретін болды. Жаратушыға жалбарындың не, қойдың не бәрі бір өлім аузында тұрғандықтан неден тайынамыз деп санайтын жұрт құдайдан да, заңнан да қорықпайтын болып алды. Жасаған қылмысы үшін сотқа барып, жаза арқалағанға дейін тірі жүретіндігіне ешкімнің көзі жетпейтін еді. Қазіргі үрей мен қауіп келешекті ұмыттырып жіберген. Сондықтан, әзірше тірі тұрғанда бәрін қоныштан басып қалуға тырысып жатыр».

Адамдар бұл қасіреттің қайдан келгенін талқылап жатты. Бір тобы жалпы адамзат жамандыққа әуес десіп жатты. Енді бір тобы бұл адамның мінезінде емес, заңның осалдығынан туды деп топшылады. Ал, философтар болса, жер жиһанға әділет орната алмасақ та тым құрығанда оны кітапта қалдырамыз деп бар өнерлерін салды.

11. ӨЗІҢДІ ТАНЫҒАНЫҢ – ӨМІРГЕ ТЕРЕҢ БОЙЛАҒАНЫҢ

Жалпақ жұртты аузына қаратқан ежелгі дәуірдегі данагөй ойшылдар өздерінің ештеңе білмейтіндерін батыл түрде айта алатын. Сократ «мен түк білмейтінімді білемін» деуді қайталаудан жалықпаған. Жалаң аяқ, жалаң бас жұпыны киінген қарапайым ғана бір шалды атақты ойшыл философ Сократ деп дәл бүгін таныстырса, ешкім сенбеген болар еді. Оның сыртқы пішіні адам күлерліктей болған екен. Бірақ, сөзі мірдің оғындай әрі еш жасандылықсыз шынайы болса керек. Өз ой-пайымын ең қарапайым дүниемен сабақтастырып, көңілге қонымды әрі әсерлі жеткізеді екен. Дәл нені, қандай ғылымды уағыздап тұрғанын сұраған жандарға ол «мен ешкімді еш нәрсеге үйретуден аулақпын» дейтін көрінеді. Аристофанның Сократты жер мен көктің арасында самғап, жұлдыздар қозғалысын зерттейтін тылсым күш иесі етіп бейнелеуі шындықтан тым алыс кеткендік болатын.

Сократ жұлдызды аспан әлемін зерттеуді босқа уақыт өлтіру деп санаған. Ұлы философ жаратылыстану ғылымына аса сене қоймады. Сократ ешкімге ештеңені үйретуге барын салып, тырысқаны жайында еш дерек жоқ. Сөйте тұра оған табынған шәкірттері баршылық еді. Солардан түскен азын-аулақ ақшаға ұстаздық етіп, күн көрсе керек. Бірақ, Сократтың табиғатында байдан да, кедейден де соқыр тиын алмастан білгенін біреуге айта алатын, білмегенін сұрап білуге тырысатын жібі дұрыс жандардың қатарында болғаны анық. Ол біреуге бірдемені үйретуден бұрын шындықтың жолын табуды маңызды санағаны белгілі. Өзі үйренуді, білуді үнемі алға бағыт еткені анық.

Оның бір досы Дельфиге барып, Апполлон шіркеуіндегі бір көріпкелден «Осы дүниеде Сократтан асқан ақылды данышпан бар ма?» деп сұрағанда жоқ деген жауап алғаны туралы өзіне айтқанда Сократ шынымен таңданған екен. Өзін ешқашан ақылды санамаған ол енді данышпанды іздеп табуға кіріседі. Саяси қайраткерлермен, ақындармен, суретшілермен кездеседі. Бәрі де өз істерінің шеберлері болып шығады. Бірі халық жиынында ауыздыға сөз бермейді, келесісі сөзден маржан тізгенде көңілге түрлі ой салады. Үшіншісі, түрлі бояумен жансызды тірілткендей көздің жауын алатын туындысын ұсынады. Олар өздерін барынша данышпан санайды екен. Осылай ойлауы олардың шын ақылгөй болуына елеулі кедергі келтірсе керек.

Сократ Афины қаласының көшесін таптап, көп жұртпен кездесіп, сөйлесті. Бірақ, бір де данышпан таппады. Есесіне, дұшпандарының санын еселеп өсіріп алды. Дегенмен, өзі секілді шындықты білгілері келетін жастардың кездесуі көңілге медеу болған. Олардың артықшылықтары, білмегендерін мойындайтындықтары және үйренуге, білуге ұмтылатындықтары еді.

Кілең жастар жиналып, түрлі жаттығулар жасап жатқан кең сарайға Сократ келіп кіреді. Жастар ежелгі танысымен сәлемдесіп, ортаға алады. Әңгіме-дүкен де өрбиді. Басты тақырып нені қастерлеу қажет төңірегінде болса керек. Сократ олардың ішіндегі ең кішісі Клиниастан сұрайды.

  • Әр адам өз бақытын іздейтіні рас па? Бәлкім, менің сұрағым күлкілі шығар. Тіпті бұлай сұраудың өзі ақымақтық болар. Дегенмен, бақытты қаламайтын адам бар ма?
  • Әрине, қайдан болсын.
  • Бақыт деген не өзі? Сен оны дүние-мүлікке кенелу демейтін шығарсың?
  • Иә, бай болғанға не жетсін.
  • Бақыт деген мүлік қана емес, денсаулық пен қабілеттілік қой.
  • Иә, солайы солай.
  • Ал, атақ даңқ, абырой бедел ше?
  • Ол қайдан жаман болсын.
  • Ер жүрек батыр болу да жаман емес қой.
  • Жақсы болмағанда ше...
  • Олай болса, дүние мүлік, деннің саулығы, еңбекке қабілеттілік, атақ-абырой, ер жүрек батылдық болса барлық адам бақытты бола ала ма? Осының бәрі қажет болғанда ғана адам ойдағыдай өмір сүре ала ма?
  • Алады ғой, әрине.
  • Егер игілігін көрмесең, оны қолданбасаң жинаған мүліктен не пайда? Ағаш шебері құрал сайманы мен ағаштарды тау-төбе етіп үйіп қойсын делік. Ештеңе жасамаса оның қажеті қанша?
  • Еш қажеті жоқ.
  • Ендеше, жоғарыда айтқандарымыздың бәрі адамда болып оны пайдалана алмаса, оның болғанынан не пайда?
  • Еш пайда жоқ.
  • Ал, пайдалана білсе ғана игі.
  • Солай секілді.
  • Бірақ, оны қалай пайдаланып, қолдануы маңызды шығар. Егер ағаш шебері сайманын теріс қолданса, ағашын құртады. Жарамсыз еткеннен гөрі оны қолға ламағаны абзал болар.
  • Әрине.
  • Олай болса, шебер ағашын жақсы өңдесін, мүсінші нысанын әдемі бейнелесін, музыкант саз асбабымен құйқылжыта күй төксін, әнші тамылжыта ән салсын. Әр кім өз ісіне ие болсын.
  • Мұныңыз енді, шындық.
  • Міне, көрдік қой. Біз сөз еткен мүлік пен байлық, денсаулық, дарын қабілет атаулы жеке дара тұрып құт-береке әкелмейді екен. Соның бәрін ой сана мен білім-білік белгілі іске бағыттағанда ғана иігілікке айналмақ. Егер оның бәріне қараңғылықпен қаралса, теріс жолмен басқарылса, құрыдымға кетеді. Солай ма?
  • Иә, расында солай!
  • Онда қандай байламға келеміз? Әрине, құт-береке аспаннан салбырап түспейді, ол үшін тер төгу мақұл. Ал, пәле мен зауал да өздігінен келмейді. Оны әкелетін ақымақтық пен жетесіздік қана.

Сократ шәкірттерімен осылайша тілдеседі екен. Ақиқатты іздегенде ұсақ-түйектен іріге, жалқыдан жалпыға, сосын, қайтадан керісінше ауысып отыруды шәкірттері одан үйренген.

Сырнайын бабына келтіріп тарта алмайтын музыкант, мінсіз әсем ескерткіш сала алмайтын мүсінші, сайманын қолданып үйренбеген ағаш шебері болуы мүмкін. Бұл мәселенің бергі жағы. Арғы жағына үңілсек, адамның, сырнайдың, балтаның, қашаудың болғаны маңызды емес. Соны игеру бәрінен өзекті болса керек. Білім мен ақыл ой бәрін жөнге келтірмек.

Олай болса, дүние-мүліктің, денсаулықтың және батылдық пен зор күштің болғаны жеткілікті емес, ең негізгісі, біліктілік пен ақыл ойдың тереңдігі маңызды екенін уағыздаған Сократ шәкірттерімен бірге ақиқатты тынымсыз іздеумен болды. Белгілі бір дүниені ой елегінен өткізу деген мақсаттан бұрын құрал деп танылды. Оның сипаты ақиқат пен жалғанды танып, білуде еді.

Ақиқат туралы аңызда афиндіктер оны бойжеткен қыз іспетті бейнелеген және оның адамдардың айналасында жүретіндігіне сенген. Аңыз бойынша «Ақиқат»-қыз Олимп тауының ұшар басындағы Зевс әкесіне барып, дүние әлемде нені көргенін бүге-шігесіне дейін айтып береді екен. Өзін жәбірлегендерді жыламсырай айтып шағымданады-мыс. Зевс әкесі де өз кезегінде «Ақиқатқа» соқтыққандарды аямай жазалайды. Алайда, одан қорқып, «етегіне намаз оқығандар» сол дәуірдің өзінде некен саяқ болса керек. Себебі, Грек елінде әділеттікке қиянат жасаушылар көбейді. «Айран ішкендер құтылып, шелек жалағандар тұтылуы» әдеттегі көрініске айналған. Тойымсыз, қанағатсыз опасыздар «Ақиқаттың үнін» тыңдағылары да келмей бірін бірі аш қасқырша талап жатты.

Сократ ақиқатты көкпен таласқан Олимп тауының шыңнан емес, адам баласының жүрегінен іздеді. Сондықтан да қала көшелерін кезіп жүріп, жұртты әділдікке шақырды, ар ұятты ұмытпауға үндеді. Қала базарында тауарын қымбатқа өткізбек болған саудагерді де, онысын арзанға түсіріп алмаққа жанталасқан сараңды да әділдікке шақырды. Тойып «секірген» байға да, соңғы сайлауда жеңіп шыққан басшыға да, бәйгеде тұлпары озған атбегіге де ол басу айтып, тым асып-тасымауды, бәрінің өткінші екенін ескертумен болды. Адамдардар Сократтан жан ұшыра қашса да ол соңынан қалмай айтарын айтады. Адамдардың құлағына әділдікті уағыздаған қоңырау байлауды ол өзінің абыройлы борышы санаған. Әр кім алдымен өзін таныса екен деп ол барын салды.

Сократ өзінен бұрынғыларды бақытты санады. Сауда-саттықтың дамуы кіршіксіз таза сананы лайлады, ақ көңілді кірлетті, қолөнер мен ғылым бақыт әкелмеді деп мұңайды. Сократтың ойлары көп адамның көңілінен шықпады. Әсіресе, құл иеленуші бай-бағыландар, тері өңдеп, қыш ыдыс жасаушылар, тиынннан ақша тудырушылар жұпыны киінген заржақ ойшылды иттің етінен жек көріп, оған өлердей өшікті. Оны Анексагордан да бетер бәлеқор санап шеттетіп бақты.

«Анексагор күнді құдай емес, тас деген». Сократ ақиқатты Зевстің қызы емес, ұғым және ол Олимп тауының шыңында емес, адамның санасы мен көкірегінде деді.

Оған өшігушілердің дені «байырғы құдайларды жаңамен айырбастағысы келген бәлеқор, данышпан болуға ұмтылған бүлдіргі» деп кінә тақты. Қалыптасқан заңдылықтарды бұзуға жастарды итермеледі деп айыптап, дана қарияны сотқа тартты.

Сот жиынында оны айыптаушылар алма-кезек тұрып, жала мен пәлені үйіп төкті. Тері өңдеушілердің қожайыны Мелит, сот баяндамашысы Ликон, трагедиялық драма жазып, «аузы ұрылған» Анит үшеуі Сократты айыптауға кіріскен. Ақыры, Анит нағыз трагедиясын театр сахнасында емес, сот залында жасап көңілі жайланған. Сократ өзіне кім араша түсерін аңдап жиналғандарға көз салған.

Сократ қандай жаза артылса да сөзінен де, ақиқатты іздеген жолынан да таймайтындығын асқан сабырмен жеткізген. Еш қашан үнін өшіріп, аузын жаппайтынын, әр күн сайын жақсылықты ойлап, игілікті насихаттауды бақыт санайтындығын жеткізген.

Сот төрешілері өзара қайта-қайта ақылдасып, кеңесе келе оның жанын қиюға үкім шығарады. Сократ сол баяғы Анаксагордың өлім күтіп жатқан абақтысына келеді. Анаксагорды достары түрмеден алып шығып, қашып кетуіне көмектескен. Табиғи әлемді зерттеген ұлы ғалым Анаксагор үшін жұлдызды аспан әлемін қай жерден таныса да бәрі бір еді. Ал, Сократқа келсек, ол адамның ішкі жан дүниесі мен ой әлемін зерттеген адам. Ол ақиқатты тек көңілдің түбінде деп білді.

Сократ өзін әділдік үшін жан қиярлық күрескер санады. Сондықтан, абақтыдан қашуға келіспеді. Соғыстан, абақтыдан қашуды ол әділдікке жатпайтын опасыздық деп таныған.

Жазалау үкімі орындалатын күн де келіп жетеді. Сократ ақырғы рет шәкірттерімен ой бөлісіп отырды. Ең кіші шәкіртінің бұйра шашын сипап қояды, арасында. О дүниенің бар немесе жоғы оны толғандырған жоқ. Шәкірттері оның көзін ала бере жасқа толы жанарларын сығып алып отырды. Ұстаздарынан осылай көз жазып қалу олар үшін аса ауыр еді. Соңғы сәттің өзінде ұстазы оларды асқан мықты ерік күшімен табындыра білді.

Күн еңкейген күйі таулардың артына батып кетті. Бір шәкірті күн батқанымен қараңғылық түсетін болған жоқ деп ұстазының бір сәтке болса да тірі тұра тұруын қалады. Жұмыр басты пендеге бір өлім ақыры жеткен екен, оның қас қағым сәтіне жабысып қалудың қажеті қанша деген Сократ жаналғышқа мойын бұрып «Қане, у дайын болса, әкелгін» деп қол созды. Еш қаймықпастан оны сіміріп салды. Қолы дірілдемеді, бет-әлпеті де өзгермеді. Ой-санасы сол баяғы ашық жарқын күйінде көкірегі сайрап тұр...

Сүт пісірім уақыт өтті. Аяқ-қолының суи бастағанын сезді. Қос жанары бір нүктеге қадалып, еріндері икемге келмей қалды. Демі де үзіліп кетті. Өздерінің шынайы сиқын сан мәрте аяусыз әшкерелеген ғалымның үнін осылайша Афины залымдары асқан надандықпен өшірді.

Сократ өз айналасынан зұлымдық пен әділетсіздікті көрді. Алайда, сол былықтан қоғамды қалай құтқарудың жолын таппады. Құл иеленушілікке қарсыласып баққан ол алға көз салғанда қою тұманнан өзге ештеңені көре алмады. Кері бұрылғанда, артында қауымдық көне қоғамнан өзге ештеңе жоқ тұғын. Сондықтан, Сократ адамзатты кері үндеумен, қауымдық қоғамға шақырумен болды.

Қаншама заман өтсе де адамзат Сократты ұмытпады. Оны ұлы философ, терең ойлы ғұлама деп білді. Сократ өткен дәуірді аңсаушы болғаны рас. Бірақ, адам баласын ойланып, толғануға үйретті. Айналып келгенде ойланудың, толғанудыңарқасында ғана адамзат алға жылжыған жоқ па.

Сократ жаратылыстану ғылымына қарсы болды. Соған қарамастан ғылыми ұғымды қалай анықтауды үйретті. Ақиқатты іздегенде жалқыдан жалпыға және керісінше ауысып үйренуді көрсетіп кетті. Ғылыми шындықты іздегенде қазірдің өзінде біз осы тәсілді қолданамыз.

Сократ тұңғыш рет адамның ішкі жан дүниесіне терең бойлап, одан «сіз бірдемені танып, білудің маңызын қастерлеп, қадірлей аласыз ба, білім дегеннің не екенін сезесіз бе?» деп сұраған ғұлама.

Алғаш рет адамдарға қарата «өзіңді таны» деген сөзді айтты. Шынайы ниет пен құдайға деген сенімді Олимп шыңынан түсіріп, адамның көңіл көкірегіне «орнықтырды». Алайда, одан болып адам төмендемеді, керісінше, абыройы биікке самғады. Сократ жазыпты дейтін ешбір кітап оның соңында қалмады. Алайда, оның саналы ғұмыры толығымен асыл қазынаның төл туындысы еді. Ол өзінің өмірі ғана емес өлімі арқылы да артында өшпес із қалдырды. Өз көзқарасы мен ұстанымына шын адал беріле өмір сүріп және сол үшін абыроймен өле де білудің таңғажайып үлгісін ол көрсетіп кетті.

12. ЖОҚ БОЛА ТҰРА ЕСТЕН КЕТПЕСЕ, ҰМЫТУҒА БОЛА МА?

Сократ шәкірттерінің арасында үнемі ойға шомып жүретін, қабағынан қар жауған көңілсіз Платон деген бала болды. Оның бір жадырап күлгенін көрген жан болмады. Достары оны өзін тым жоғары санайтын деміне нан піскен жан санайтын. Алайда, Платонның өз ұстазына деген тым адалдығы оған келешек алдында тым ауыр жүк арқалауына итермеледі.

Сократтың қазасынан кейін Платон туған қаласын тастап Мегарға жол тартты. Ол негізі ақсүйек тұқымынан шыққан адам тұғын. Ата-бабалары өз тұсында Афины қаласын билеген. Ет жақын туыстары демократияға қарсы бүлікшілікке қатысқандықтан Платон үшін Афиныда қалу мүмкін болмады. Платон туған жерінен шалғайда жүргенде де ұстазының қайғылы қазасын, оның айтқан әрбір уағызын үнемі еске алып, бұл дүниедегі ең адал адамды қылмыскер етіп, жанын қиюға бола ма дегенге бас қатырумен болды.

Бақыт дегенді әкелетін байлық пен мүлік емес, ақыл ой мен білім әкелетінін айтқан ұстазының сөзі Платонның жадында жаңғырып тұрар еді. Оның көңіл-көкірегі үшін Сократ әлі тірі. Шындыққа риясыз сенген, тіпті сол бақытсыздығы үшін қуанышқа кенелген, ешбір қайғы-қасіретке пысқырып та қарамаған күйі рақымшылық та сұрамастан өзіне тағайындалған жазаны қасқайып тұрып күткен сол күн көкірегінде сайрап тұрар еді.

Бұл жалғанда ақиқат атаулы бар ма, жоқ па деген ой Платонды мазалаумен болды. Ақиқатты бары рас. Бірақ, ол көзге көрінбес еді. Оны тек қана ақыл-ойдың құдіретімен сезінуге болады. Марқұм ұстазының тірі секілді сезіліп, елестей беретіні де сондықтан шығар.

Платон әлем елдерін аралап, не бір сен тұр мен атайын дейтін жақсы мен жайсаңдармен кездесті. Мемлекеттік құрылымдардың, қоғам өмірінің қыр-сырларына қанықты. Әділдік орнаған ел-жұртты тауып көргісі келді.

Кемемен сапарлап, Грекиядан Мысырға жетті. Ондағылардың тұрмыс салттары гректерден мүлдем өзгеше еді. Мысырда тайлгачтардың ел билеп, мемлекет ісін жүргізетіндігі оған ұнамады. Оның көңілінен шыққан бір нәрсе, әр кімнің ата кәсібіне сай міндет атқаратындығы еді. Айталық, қолөнер туындысын жасайтын адамның баласы сол кәсіптің жолын ғана қуады. Оны жер өңдеуге, егіншілікке жіберу мүмкін емес. Сол сияқты малшы баласы бақташы ғана болады. Оны жазу-сызу немесе ұстаздық кәсіпке тартпайды. Шаруалар мен қолөнершілер материалдық салада еңбек етіп, әскерилер елін қорғайды, философтар мемлекет ісін жүргізеді деген идея Платонға туады.

Ол Мысырдан кетіп Сициллияға, Италияға барады. Элееде ол атақты философ Парменидпен танысады. Тарентада даңқты саясаткер, ойшыл Архитпен кездеседі. Ол әр ойшылдан өз көзқарасына жақын дүниелерді тапты. «Табиғат жаратқан қос жанармен бұл дүниеге көз салсаң бәрі мөлдір әрі мінсіз көрінері анық. Шынайы әлемді тану үшін ақыл-ойдың түйсігі керек» деген Парменидтің сөзі Пифагордың ойымен үндесіп жатқанын Платон аңғарды.

Осылайша, Платон күнә мен былыққа толы мына қараңғы дүние мәңгілік өзгермейді. Ал, әсемдік атаулы шынайы һәм жоғарғы әлемнің еншісіндегі оның елесі ғана деген байламға келеді. Ол дүниенің ішкі сипатын танығандай болды. Таным түйсігінің болмашы саңылауынан ғана қылтиятын ұғымға ой арқылы баспалап жетуді ол өзінің ұстазынан үйренген еді. Шәкірт Платон тағы да көзге көрінбес «баспалдақпен» көтерілді.

Ол айналасынан терек, қайың, емендерді көрді. Одан ағаш деген ұғым туды. Бұл ағаштар да мәңгі емес. Ағаштарды дауыл қопарып құлатуы мүмкін. Адамдардың балтамен шауып тастауы кәдік. Ең мықты деген емен ағаштың өзі уақыты келгенде іріп-шіріп домалап жатуы заңдылық. Ал, құм үстіне үшбұрыш сызып ал да, өшіріп таста. Ол жоғалса да үшбұрыш туралы ұғым қалады.

«Барлық ой сана уақыт пен кеңістіктен тыс тұрады. Ой мен пайымды оның аясында қос жанарыңмен көрмейсің, бірақ, ақылыңмен, таным көзіңмен зерделеп түйсіне аласың».

Платонның алдында ой сананың алып айлығы пайда болып, қалыптасты. «Ол өзі түр түсі, келбеті тіпті түгі жоқ түпсіз тұңғиық нәрсе. Алайда, оны сезінуге, түйсінуге болады. Адамның көңіл-күйін, биік те асқақ ой қиялын, ақиқатты, құт-берекені, әділдікті айнадағыдай қарайсың. Мәңгілік ақиқаттың мекені осында ғана. Біздің әдеттегі көз алдымыздағы мұңлы әлем көрінбейтін әсем әрі ғажайып дүниенің болмашы ғана сәулесі».

Платонның пайымынша, суға түсіп тұрған еменнің бейнесі ғана шын емен. Ал, өзен жағасында өсіп тұрған емен оның бейнесі. Алайда, елес әлемінде өмір сүру Платонға да ауыр тиді. Ол сопыға ұқсамайтын жан еді. Оның насихаты ішкі ерік күшке деген төзімді қалыптастыруға, дүниелік қара күшке бермелмеуге бағытталған еді. Соған қарамастан өзі де саясаттан тыс тұра алмады. Оның ақсүйектер әулетінің тумасы болғаны мәлім. Ол шешендік өнердің мектебінен өткен, билік құру өнерін меңгерген тұлға болатын. Содан да болар, өзі елес деп санаған әлемді ой санасында ғана емес, іс жүзінде де жөнгше салғысы келді.

Ол тіпті тиранмен де жүздесіп, оның көмегімен билік пен ғылымды санаулы ғана философтардың «меншігі» етіп елді түземек болды. Алайда, тиран билікті философтармен бөлісуге үзілді-кесілді қарсы келді. Платонға қауіп төнді. Тиран оны Эгинү аралына апарып құлдыққа сатуды бұйырды. Ақсүйектер мен құл иелену қоғамын жақтаушы пенде өзі де осылайша құл болып көреді. Достары Платонды босатып алу үшін көп шығындалады.

Афины қаласына қайта оралған соң Платон мектеп ашып, балаларды ағартуға кірісті. Ол бірақ, ұстазы Сократ құсап шулы көшелерді таңдаған жоқ. Керісінше, Ежелгі Грек аңызының батыры Академос ескерткішінің қасындағы тыныштық жайлаған аулада шәкірттерімен ой бөлісті. Академос есімді батырды жұрт бүгінде ұмытқанымен академия деген атаудың сақталғаны баршамызға мәлім.

Академияның есігіне Платон мынандай сөз жаздырып іліп қойған көрінеді: «Геометрияны білмейтін адам мұнда аттап баспасын!». Математика арқылы ол шәкірттерін есептеумен қатар ойланып-толғануға баулыған дұрыс деп тапты. Алайда, ой пайым ұғымын шынайы нәрседен тысқары бөліп алып айнаға салу қиямет қайым болатын. Шынайы дүниесіз Платонның өзі де ойға беріле алмаған.

Платон поэзияны академия ауласынан ығыстырып тастады. Ол жас кезінде өзі де өлең жазған. Онысын кейін «от құдайына» тапсырған көрінеді. Поэзияны академиядан қуу үшін алдымен өзінен аластау керек болды. Академияда Платонның достарымен қатар оның ізбасарлары да сабақ берді. Оқушылар геометриядан тыс астрономия, шешендік өнер секілді бірнеше ғылымдар бойынша дәріс тыңдайтын. Ол ісін жалғастыратын, таңдаулы ақсүйектер мемлекетін басқаратын ойшыл философтарды сол шәкірттері арасынан туып шығады деп үміттенді. Академияның мамыражай бағында да Платон әлемді жөнге салатын саяси жоспарын тастамады.

Баяғы Сиракүзада кәрі тиран өліп, ханзада кіші Дионисли патша тақ мұрагері болды. Платон діттегеніне жету үшін қайтадан сонда барды. Алайда, жаңа патша өзіне кеңес бермек болған ойшылдың сөзін тыңдағысы да келмей бас салып абақтыға жаптырып тастайды. Тағы да игі жақсылар мен ықпалды жандар жанталасып жүріп, оған төнген қауіптің бұлтын сейілтеді.

Осылайша, Платон Афины мен Сиракүз, академия мен тирания ордасы арасында алма-кезек шапты. Ол адамдарды біресе ескілікке сүйреп, кейде тіпті қайдағы бір утопиялық әлемді армандап ойға шомып жүрді.

Платон дүниені құдай жаратты, барлық нәрседе рух бар деп уағыздады. «Тазалық пен әсемдікті Құдай жаратты. Біз сол әсем дүниенің көлеңкесін ғана көреміз. Тура әрі адал жолдағы адамның рухы ғана жаратушының сыйына лайық. Рухы таза адамның аруағы мыңдаған жылдардан соң дүниеге қайта оралады. Сосын, жаратушы мекендеген аспан әлемі туралы естеліктер айтады. Әдемілік туралы идея дегеніміздің өзі еске алудан тұрады. Ой санасы таза, ұлы адамдар ғана сөз жетпес ғажайып пейіште мәңгілікке қала алады. Сондықтан, адамдар мейлінше ақылды, мейрімді, қайырымды, берекелі ғұмыр кешуге тырысулары қажет».

Платонның өзі де, ұстазы Сократ та ғылымда ұлы жаңалық ашқан жандар. Бұлар бұрын адам баласы шынайы аспектілерді айтқанымен ұғым дегенді ауызға алған емес. «Ұғым» дегенді ашуы арқылы олар адамдарды шынайы жағдайдан ойға ауысуды үйретіп кетті.

Олар адамдарды ақиқатты іздеуге шақырды. Ақиқаттың бар екендігін дәлелдеді, мейлі оны елес әлемінен іздесе де.

13. ДҮНИЕНІҢ КІЛТІ АҚЫЛДЫ ЖАНДАРДЫҢ ҚОЛЫНДА

Біздің заманымыздан бұрынғы IV ғасырда Грек елі әлем ғылымының ошағы болғаны анық. Платонның академиясында Демокрит қағидалары да қарастырылды. Платон шәкірттеріне көңілдің даусын тыңдауды ұсынса, Демокрит табиғат тынысын сезінуге үндеді. Платон рухани әлемін шынайы мағына деп уағыздаса, Демокрит шәкірттерін кеңістік пен уақыт шексіздігіне жетеледі.

Академияда қызу пікірталас өрбіп жатты. Барлық дүниенің түп негізі неде дегенге бәрі бас қатырумен болды. Фалестан Демокритке дейінгі жаратылыстанушылардың мәлімдегеніндей дүниенің негізі материя ма? Пифагор айтқандай есеп пе? Әлде, Платонның дәлелдегеніндей ой-сана ма?

Бұл тұста Демокрит әлде қашан дүние салған болатын. Афины қаласында оны еске алатындардың өзі некен саяқ болатын. Себебі, түсінікті еді. Олар қазіргі ғалымдардай өздерін дәріптетуге, насихаттатуға құлықты болмаған. Бүкіл саналы ғұмырларын ғылымға ғана арнады.

Демокрит көпті көріп, көз ашқан ғалым еді. Әкесі бай саудагер болғандықтан мұраға қалдырған еншісі де қомақты болатын. Атақ-абырой мен қызық қуса бір басынан асатын дәулеті жетер еді. Алайда, ол ғылым мен білім жолын қуып, дүниені шарлады. Ол әлемді тас қараңғы үңгір іспетті санамады. «Дүниенің кілті ақылды әрі білімді жандардың қолында» дегенді жиі айтты. Мысыр мен Вавилонға барып көріпкел, сиқыршы, ойшыл ғұламалармен кездесті. Бірақ, өзінің шынайы ұстазы ретінде табиғатты таңдады. Өз тұсындағы құпия сырлары ашылған әлемді ол да жіті таныды. Алайда, онысы алып әлемнің болмашы ғана бөлігі екендігін ол сол кезде-ақ аңғара білген.

Жастар Демокриттің кітабын тұщынып оқыды. Көргені мен білгені көп сарабдал тарлан Демокрит оларды бір әлемнен келесіге саяхат жасатып, «аяқтарын жерге тигізбеді». Жастар қанатсыз ұшып, өзгенің көрмегенін аңғарып жатты. Оларға жер әлем бос кеңістік ортасында шыр айналған ұршық іспетті елестеді.

«Айнала әлем қозғалысқа тәуелді. Зор күшке ие құйын жел өзінің шыр айналған қуатымен күнді, айды, жұлдыздар мен ғаламшарлардың бағытын түзейді. Одан ары да өзге әлем мен жұлдыздар бар. Екі адам бір біріне ұқсамайтыны секілді ғаламшарлар да мүлдем өзгеше. Бір әлем тас қараңғылық құшағына оранса, келесі бірінде екі бірдей күн күлімдеп тұруы мүмкін. Түнгі аспан ай сәулесімен жарық. Айда мүлгіген тыныштық, онда су жоқ, Араб сахарасы секілді өлі әлем орын тепкен. Өзге бір әлем адам жанары бөліп тани аларлықтай қанша түс болса, сонша өңмен шуақ шашып тұрар еді. Ондағы ауа адам құлағы естірліктей барлық сазды әуенге толы болмақ. Дүние әлем түрлі құбылыстармен көмкерілген. Оның бір шеті көктемде бүр жарған жеміс ағаштарынша көктесе, келесі бөлігі күзгі бақта сарғайып түскен жапырақ іспетті құрайды. Жаңадан түлеген әлемге қурап құлаған бөлігі келіп қосылады. Осылайша, жаңа ғаламшар пайда болмақ».

Шәкірттерінің көңіліне қонбайтын тұстары да болды. Себебі, олар үшін ай, күн, жершары жалғыз ғана дүние. Ой өрістерінің өзі белгілі бір мөлшерден шексіз әлемге ауысуы ауыр тиген еді. Ұстазы жұлдыздар мен ғаламшарларды танудың кілтін табу үшін дүниенің ірі әлемінен атомның кіші бөлшегіне дейін әкелді. Ары қарай тастың, балшықтың, бір тамшы судың құпия сырына үңілді. Осының бәрі қозғалыс аясында көрініс табады. Әлемде қалыптасқан сансыз заттардың қисапсыз бөлшектері атомдар дүниенің барлық бұрышында ерсілі-қарсылы арпалысып, сапырылысып, бір тобы жоғары көтерілсе, келесі тобы төменге құлдилайды.

Демокрит туындыларын оқыған жастар оның көрсеткен жолымен сансыз жұлдыздар мен көзге көрінбес атом әлеміне саяхаттайтын. Сосын, оның қағидаларын Анаксимандрмен, Эмпедоклмен салыстырады. Фалестің материя туралы алғаш сөз еткенін, Анаксимандр оны шексіздікке балағанын еске түсіреді.

Жаратылыстанушылар атом туралы ойдың арқасында бір бірін танып, өзара жақындай түсті. Ақыры, Милат қаласының философ ойшылы Левкип пен шәкірті Демокритпен бірлесіп әлемдегі атомның мәңгілік қозғалысы туралы қағиданы жасады.

Аталмыш қағида ғасырлар бойы адам баласын дүниені танудың тың бағыттарына қарай жетелей түсті.

14. «ЕҢКУ-ЕҢКУ ЖЕР ШАЛЫП...»

Білімге құштар жастар жол айырықта тұрған еді. Платонға ереміз бе, әлде, Демокритке сүйенеміз бе?! Платонның шәкірттерінің арасында ұстазының сөзіне үнемі күмән келтіре беретін бір жігіт болды. Тым күдікшіл ол азамат дәрігер отбасында тәрбиеленген Аристотель болатын. Ол тәнсіз рухтың болуына онша сене қоймады.

Академияда көп жыл білім алған ол өзінің көзін ашқан, пікірталас арқылы шындықты табуына жәрдемдескен, шынайы жағдайдан ұғымға қалай ауысуды үйреткен ұстазы Платонды риясыз көңілмен сыйлайтын. Ұстазы да оны мақтайтын, жоғары бағалайтын. Ол «сендерге қамшы керек, ал, Аристотелге тізгін қажет» дейтін. Алайда, шәкірті тәнсіз жанның, заттан тыс ұғымның болатындығына илана алмай ұстазымен пікір таластыра беретін.

Жалпы Аристотель өз көзқарасына адал, батыл жан болған екен. Жасы ұлғайған шағында «Платон мен үшін қымбат жан, ал, шындық одан да қымбат» деп жиі айтқан көрінеді. Оны мағынасына сай бүгінде жұрт «Платон менің досым, бірақ, шындық одан да биік» дегендей түрліше қолданып жүр. Аристотель кезінде академиясын тастап шығып, өз бетімен білім жолын іздеген. Көзді тарс жұмып алып, тек ойдағы ғана қиялмен әлемді тану деген Аристотель үшін бітпес істей көрінген.

Білу үшін көріп, тыңдап және сезіну қажет. Сезіне алмасаң тани да, түсіне де алмайсың. Алайда, жыртыш екеш жыртқыш та сезіне алады ғой, деген ойдың жетегінде жүрген Аристотель аңдардың да жанған отқа жақындамайтындығын олардың өмірлік оқиғалардан сабақ алатындығы деп пайымдайды. Олай болса, адам баласына қаншалықты тәжірибе жинақталса, соншалықты ғылым мен өнер пайда болып алға жылжиды.

Адам баласы жанып тұрған отқа балшықтан жасаған ыдысын салып өртейді. Бұл өнер. Алайда, қыш құмыра жасаушы жұмысын қалыптасқан дағдысымен кездейсоқ жалғастыра береді. Ол тіпті оттың неге жанып тұрғанына бас қатырмайды да. Ал, ғалым ғана болуға тиіс оқиғаның себеп-салдарын біліп, ой елегінен өткізген соң әрекет жасайды. Әлде бір дүниенің сырын білмейтін адам ғана өзінің ақылы жетпеген нәрсеге таңданып, тамсанумен ғана болады. Қозғалтқышы бар ойыншықты көрген бала таңданады. Ал, ересек адам егер ол қозғалыссыз тұра неге тоқтап қалды дегенге назар аударуы мүмкін. Білу мен білмеудің айырмашылығы осында болса керек.

Осы секілді Аристотель барлық заттың астарына үңіліп, себебін білуге тырысты. Оған әрине, өзге ғалымдардың да қосқан түрлі деңгейдегі үлесі болды. Соның арқасында жинақталған білім асыл құндылыққа айналған. Атадан мұраға қалған алтын сандықты ашқан төзімсіз мұрагер іспетті Аристотель ойшылдардың кітаптарын парақтады. Онда қараңғы дүниеге сәуле шашарлық қанша құнды ойлар болды десеңізші. Дегенмен біріңғай саф алтын ғана емес, ішінара мыс, жез де кездессе керек. Ежелгі ойшылдар бәрін толықтай дұрыс бағдарлай бермегеніне Аристотелдің де көзі жетеді. Олардың да тапқаны, қателескені және күмәнданғаны баршылық екен.

Жалпы Аристотелді күні бүгінге дейін қисынды ойлаудың, себеп пен салдарды ашудың бағдаршысы атайтыны кездейсоқтық болмаса керек. Фалес бар дүниенің көзі су, Анаксимен ауа, Гераклит от деген екен. Эмпедокл осы үш элементке топырақты қосқан екен. Ал, Анаксагор ондай микро элементтер саны өте көп деген. Осыдан ой қорытқан Аристотель материясыз заттың болуы мүмкін емес деген тұжырымға келеді. Ескерткіш тұрғызу үшін мыс, қасық жасау үшін күміс керек делік. Күмістің болуы қасық дайын деген сөз емес. Формасы мен бейнесі жасалып құйылғанда ғана қасық пайда болады.

Ол Пифагор шәкірттерінің де кітаптарын ақтарып шықты. Математиканы дүниенің негізі санап, сандар, есеп, түзу сызық құдіретін түсінген сол ғұламаларға Аристотель тәнті болды. Олар барлық нәрсенің түйінін тек математика ғана шешеді деп санаған екен. Бірақ, форма жеке дара тұрып, зат жасамайтынын олар аңғармаған екен. Мыс доп жасау үшін оның геометриялық домалақ формасы жеткілікті емес. Оның сыртында мыстың өзі керек. Яғни, материяны олар ескермеген. «Ой дегеніміз әлемдегі барлық нәрсені жаратқан мәңгілік форма, мәңгілік үлгі» дегенді айтқан Платон ұстазын еске алды. Пікір таластырған көп күндерін қайтадан ой елегінен өткізеді. Ақыры, материядан форманы, күмістен жасалған қасықты бір бірінен бөлуге келмейтіндігін түйсінді.

Осылайша, ол өз қағидасын жасамас бұрын ескі кітап, жазбаларды ақтарып керегінің бәрін тапты. Дегенмен, оған да көңілі толмай ізденісін жалғастыра берді. Материя мен форма. Бұл екеуі ғана себеп, салдар һәм қисын бола алмайды. Үшіншісі не дегенге ол бас қатырды. Темірші ұста ақ күмісті балқытып қасық жасайтын форма табады. Онда дүниені не жаратты?

Анаксагор айтқан: «табиғатта ой сана бар». Темір ұстасы қасық, мүсінші ескерткіш соққаны секілді әлемді «ой мен сана» жаратты. Ол амалдың жоқтығынан «ой сана» дегенге жармаса кетті ме?

Эмпедокл басқаша түсіндіреді. Себеп біреу ғана болмайды. Жауласу және татуласу деген екі себеп бар. Жауласу – микро деңгейдегі түпкілікті элементті ажыратса, татуласу – қосып отыр дейді. Левкип пен Демокрит өлім – атом қозғалысы негізінде пайда болған көрініс деген. Олай болса, материя мен форманың сыртында қозғалыстың да өзіндік сыры болғаны. Ендеше, қозғалыс қайдан шықты деген сауалды Аристотель кітаптан таппады. Оны тірі табиғаттан іздеу керек болды.

Аристотелді даналыққа жетелеген оның көп оқығандығы ғана емес еді. Ойлай білгені, оны түпкілікті игергені оны данышпан етті. Ол орман-тоғайды, шетсіз даланы аралай жүріп тың көріністерді байқай білді.

Ол егістік алқаптарын аралаған кезінде шаруалардың дымқыл топыраққа тұқымды қалай сепкенін байқады. Осы тұқымнан ұзын сабақтар өсіп шығатынына ой жүгіртті. Әр тұқымның көктеп шығуына мүмкіндік бар. Астықтың тұқымы мен оның сабанына ұқсамайды. Демек тұқымды адам көзіне көрінбейтін қозғалысқа енгізіп, оны сабанға айналдыратын белгілі бірдеме бар деп ойлады, Аристотель.

Құстардың ұяларындағы балапандар жұмыртқаны жарып шығып, мойындарын соза ауыздарын ашып, тамақ сұрағанын көрді. Жұмыртқаның ішінде де белгілі бір қозғалыстың аясында балапан жетіледі. Ол үшін құс балапанын бауырна алып жылытуы керек. Бұл жағдай Аристотелдің ойламын қайтадан жалқыдан жалпыға, астықтың тұқымынан табиғат аясына қарай жетеледі. «Әр тұқымнан астық өсетіні секілді табиғаттағы барлық жан-жануарларда ондай мүмкіндік бар. Адам өзін емдейтіні секілді түбегейлі өзгерте де алады».

Адам баласы күмісті қалағанынша өзгертіп, қасықтың формасына енгізеді. Табиғат ішкі түйсігімен алға қарыштап, кездейсоқ түрде белгілі бір мақсатқа бағыт алады. Кейде оған жетпеуі де ықтимал. Табиғат жаңылысы немесе қателігінің салдарынан кемтар дүниелер де пайда болады. Олай болса, табиғаттың мақсаты не, ол нені көздейді? Бұл сұрақтың жауабын Аристотель табиғаттан іздеді. Ағаштарға көз салған ол оның тамырларын жануарлардың аузына ұқсатты.

Бірде мұхит жағасында үлкен аудағы торға түсіп жанталаса секірген балықтарды көрді. Балық орман аңдарынан мүлдем бөлек жәндік. Сүйектің орнында шеміршегі мен қылтаны бар. Өкпесі жоқ болғанымен айқұлағымен дем алады. Құлағы болмаса да естиді. Теңіздегі қайықтың сыбдырын естісе үркіп кетеді. Сондықтан балықшы ескегін мейлінше ақырын есуге тырысады.

Аристотель өткір пышақпен бірнеше хайуанның ішін жарып, жүрегін, бауырын, өкпесін, көк бауырын тексеріп көреді. Осы арқылы ол адам дене мүшелерінің құрылымын болжап білуге тырысты. Ол тұста адам мүрдесіне пышақ тигізу күнәнің ең ауыры саналатын.

Жануарларды бір бірімен салыстырып, түрлі топтарға бөлді. Маймылды біршама жоғары топқа жатқызды. Оның түр-әлпеті, қолы мен тырнақтары адамға ұқсас болғандықтан артықшылық берілсе керек. Ең төменгі топқа ағаш, өсімдік, топырақ жатзылды.

Табиғат бәрін ерекше үйлесімділікпен жасағаны аңғарылды. Оның әр туындысы бұрынғыдан кейінгісі жетілдірілгендей күрделі бола түсті деп санады, Аристотель. Оған даңғыл жолмен жету мүмкін емес. Себебі, материя кедергісі көп. Мәрмәр тастың өзі мүсіншінің құралына барынша қарсыласып бағады. Адамнан артық ақылды жан тууы мүмкін бе дегенге де ол көп қатырды. Осылайша, Аристотель өзінің табиғатқа қарай қатты ұмтыла бастағанын аңғарды. Ақыры, Платонның ескі сүрлеуіне өзі де түсіп кетті. Бұрын тәнсіз жанның болуына күдікпен қараған болса енді оған иланып, жалған дүниеден тысқары тәнсіз абсалюттық күштің барына сене бастады. Ғылымдағы ізденісте ол да еңку-еңку жер шалып, ерлердің ісіне талаптанды.

Пифагоршылар әлемді домалақ деп танып, алып отты айналып жүреді деп таныса, олардан екімың жыл соң туған Коперник әлемнің құрылымы туралы ең шынайы тұжырым жасай алған еді. Алайда, оны дер кезінде түсініп қабылдаған жандар көп табыла қоймады. Ескі қағиданы тәрік еткені үшін қуғын-сүргінге ұшырады. Коперникпен тілдескен жандардың да соңынан шырақ алып түсті.

XVII ғасырдың өзінде жершарының айналатындығын ғылыми түрде тұжырымдағаны үшін Италиядағы діни догматиктер қарт Галилейді азаптады, Жордано Бруноны отқа жағып өлтірді.

Олай болса, ғылым әлеміне шамшырақ жағып, адазатты қараңғылықтан құтқарған, ақиқатты іздеп өз тұсында шарқ ұрған ежелгі ғұлама ойшылдарды қазіргі саналы зиялы қауым еш қашан ұмытпақ емес.

Қуандық Шамахайұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар