Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Әділет Шопен: Өлімді де қарашы қандай сұлу!...

06.10.2016 3856

Әділет Шопен: Өлімді де қарашы қандай сұлу!

Әділет Шопен: Өлімді де қарашы қандай сұлу! - adebiportal.kz


14572985_1786398158296854_9222686238998898655_n.jpg

Құпия



Жүрек –
кеуденің сол жақ бөлігіндегі бұрышта,
Қиын боп тұр тыныстау...
денемізде артерия мен ұсақ капилляр ғана емес,
ауаның еркін және кедергісіз шығуынан жасалатын дыбыстар...



Күнім...
Қалай өмір сүреді бұл ұл?
Ортамыздағы керіліп тұрған ауаның,
дауыс шымылдығына соқтығысуынан пайда болған діріл



көзімді-көзіңе, қолымды бұрымға сап,
Ырым жасап
Болар еді әлденеге ұрынбасақ?!
Айналып та кетеміз дауысты дыбыстарға,
Сөз ішінде буын жасап!



Қара түн-бал.
Нендейлік тылсым күш ол-жан отында?
Ар отында?
Біз бүгін дауыстымыз... Сендер айтшы қалғанын
Дауыссыз дыбыстармен
Тіркесе алатындар?!



Пенделер ме? Олардың ұсақ құны!
Жайылады тылсымнан құшақ бұрын?!
... О, солайша, сен екеуміз, обалдың құшағында,
Ал, есімің, бар болғаны-үш-ақ буын!..




***


Түн бойы қиналды жүрек,
Іш жанды, онымен ми ақты.
Өзіңді тану-осы қазір аруақты көрсем ғой деп тілеп,
Және тұп-тура солай болуы сияқты.



Қайғының уынан ішпей қалмағаным...
О, бәлкім, өмірім түс мейлі?!.
Мысалы, Президенттер түнде әйлдеріне істей алмағанын,–
Халқына істейді.



Түн сенің миыңа жұмыс табар,
Білмеймін қай ғарыштамыз!?
Философиямен, әй, осы, дұрыс болар,–
Қырықтан кейін айналысқаныңыз.



Еее, осылай сандырақ, мұң кешу,
Жанымды билесе соқыр мұң.
Ақындық, оның алғашқы белгісі - құдаймен тілдесу,
Міне, мен, бөлмемде отырмын.



***


...Бұл немене өмірдің соңы ма еді?!.
Тұла бойымнан тылсым-нұр төгіледі..
Қарсы келген қайғының бет-әлпеті,
Сондай әсем көрінеді!.. Неге ендеше жанымыз налымақшы?!
Өкінумен не ұтып, жарымақсың?!
Көрген қайғың, шеккен мұң, сатқындықта, –
Бәріде бәрі жақсы!.. 

Керек емес сондықтан дандайсуың?!
Жалындамай, жете алмай, жанбай, суу...
"Өмір-ғажап" деп айтшы осы бастан,–
Өлімді де қарашы қандай сұлу!




Жалғыздық


Бөлмедгі өмір. Қандай ақын жыр қыпты сені?..
үмітің мен арманыңды бір жерде, бір мықты ішеді.
Мидағы құлдық кісені?
Өткен күннің коллажы санаңнан сырғып түседі.



Жоқ. Бұл жерде сені ешкім алаламайды.
Орындық. Кереует. Кешкі әзіл:
"Иө.. бә.. Нө..  Қайғы?"
Дегенше бір жұлдыз ағып түседі,
Сенің қоңыр көздеріңнен ештеңе домаламайды



Арманы-асқақ, жаны-ізгі,-
Тек кешкілік көлеңкелер... Әр ізді...
Не ғой. Бұл жер - «Жалғыздық» деп аталар,-
Әлгі,
Бір көргеннен ғашық болу тәрізді,-



Маған сондай көздерің ұнаушы еді,
Домбырамның таусылып бұрар шегі,
...Егер Менімен бірге Бұл үйде аруақтар тұрған болса,
Екі-ақ күнге шыдаушы еді...



Ештеңе



Бесін-ді.

Әлдебір көшелердің қиылысындағы арзан кафеде отырсыз.

Бағдаршам салтанатты түрде «қызылды-жасылды» көздерін жағады.
Сіз ештеңені көрмейсіз. Соқырсыз
Даяшының сізге әкелген тамағы -

Сіздің Францияда отырмағаныңызды білдіреді.
Болашаққа деген сағынышты көп сақтайды жады..
Есепшот еріксіз күлдіреді,
Бұл жердің Лондон емес екенін мәлімдейді тағы

Сол жағыңызда минстрліктер үйі, оң жағыңызда ұлттық музей.

Немесе керісінше.
Бәрібір түкте өзгермейтін бақыт-
Қиялыңызбен ойыңыздың өрісінше,
Төңкеріс жасауға ең қолайлы уақыт

Шексіздікке жұтылған көшелер,адамдар Өзінен безінген.
Болашақты ойлауға да миыңыз баталады.
Сіздің бойыңыздан бұрыннан геометрияға деген әлсіздік сезілген,
Ол – «Жалғыздық» деп аталады

Оқу да жоқ, жұмыста жоқ біз бе дейсіз,
Енді қайтіп өмір сүрдік ботам -ай?..
Жоқ,сіз осы жолы ешкімді іздемейсіз,-
Өйткені тір жандардан гөрі, елестер мен арxитектураны шақыру оп-оңай - 

Миыңызда.



***


Біраз жылдан соң екеуміз қосыламыз,
"Уақыт"-деген көкеде мұң жатпайды осы..
Әлі талай қиындықтан тосыламыз
Жанармайдың бағасы қымбаттайды. Сосын...



Біраз жылдардан соң шылымы сатып алып жатып
сатушы қыздың әдемі екенін байқармын,
шылымында жазу бар: "Жүрек апатына ұшырағайсың!"
сен көлік аларсың-құттықтау айтармын,
жо-жоқ, көлік апатына ұшырамайсың.



Біраз жылдан соң бәрі де өзгереді,
сән ауысады; құрбылар табысады
Адамзаттың саясаткердің емес ақынның тілімен сөйлейтін кез келеді,
Жүректер тағы ұшады –



жақсылықтан. "Біраз жыл"- уақыттың ісі де бұл,
қиындықтарға күймесең.
Сенің маған ұқсайтыныңды түсінемін,
кей-кейде өзіңді сүймесең..



Біраз жылдан соң көп нәрсе ұғамыз.
Біраз жылдан соң екеуміз қосыламыз.
Біраз жылдан соң теңіздің жағасында тұрамыз.
О, бәлкім мысық асырармыз..?
Біраз жылдан соң



Бос әлем немесе бақылау



Кешкі сегізден кейін бұл көше қаңырап қалатын.
Бос кеңістік. Бос әлем.
Менің жүйкеме-ойларымда маңырап бағатын,
Мен оған қайғыны қосар ем.



Енді міне қанша уақыт өткен соң..
Алты айналып,жеті қарап.
Сен болсаң қайрылмай кеткенсің..
Ал, кеше, түсіме ендің
екіқабат.



Қараңғыда отыр едім өлең құрап шеті мұңлы,
Сырт жақта қар еді де..
Шақырусыз қонақтай шешпейтін етігіңді,
Кіріп келдің әлеміме


Сондай шақырусыз. Өз патшалығына келген ханшайымдай
Гүлдердей қажет ететін қарауыңды.,
Өзендей бейнеңді аңсаған таң сайынғы,
Жолдардай аңдыған қадамыңды.



Келуің енді ғажап бүгінде.
Бірақ, қалай ұйқастырам?-
Жүрек үшін...
"Ұйқас" деген сөздің өзі қазақ тілінде,
көп сөзбен ұйқаспайтынын білемісің?



Қызара батқан күн. Одан сайын келеді қызарғысы.
Қыр да - белесте. Бақыт - елесте.
Қайғы!-ешкімнің келмейді сенен қыз алғысы.
Өмір-уақыт қой, уақыт дегенде  - уақыт емеспе?!



Ал, сен кеше екіқабат түсіме ендің...




Үрей



Мені жалғыз қалдырмаңдаршы
тастамаңдаршы өтінем.
Тыныштықта өз деміңді есту қандай қорқынышты,
тек тышқан тісін қайрап қарайды шетінен



еденнің бұрышында түнімен,
қараңғылыққа жан бітеді үнінен
арғы бөлмеден өзіңе ұқсас біреуді көргенде,
есiм шыға жүгiрем...



Сыртқа қашамын теріс қаратып киіп жейдемді,
(сондайда болады кейде енді)
шығып бара жатып айнадан көрем өзімді,
Өзімнің сатқын бейнемді.



Мені жалғыз қалдырмаңдаршы...


Бір тал темекі



Сенің жанарың қып-қызыл шоқтанып,демек..і-ііі
Сенің көздеріңнің менің көздеріме ұқсайды неге оты?!
қорабыңнан қашып шығып, әлемге қарайсың,
өз Тағдырыңа қарайсың дұрысы, темекі.



Сен білесің, сенің болашағың-ол мен: кесек көлемде
Ол да өзінен қашып шыққан ақын, десек-дегенге.
Сенің алдыңда қызыл-күрең ішкі әлем, көмей жолдары
Менің жүйке тамырларымды есептегенде...



Ебедейсіз киімім, жалбыр шаш, қайда басым?
Менің ондай түрімді көріп, - антарктида жақын ба деп ойланасың.
Әзірге қарай тұр сұп-сұр әлемге,
Артынша өзіңде соған айналасың.



"Қоғам есінен адасқан"демей енді,
қорап саған-абақты, өгей еді,
Менің неғұрлым өмір сүру жасым ұлғайған сайын,
сенің Соғұрлым еркіндікке деген мүмкіндігің көбейеді.



сені қазір аламын, әйдә, талдай
Өз ойымды өзіме айдата алмай,
Түршігемін аларда сені ішіме,
Күрсінемін...
...Ой, мына, аузынан от шашқан - айдаһарды-ай!..




Мазасыздық




Есіме түседі қайдағы...

Кешегі күн сағат екінің кезінде ертеңге айналды.
жанымды тербейді кейде-мұң.



Мен өзім-керісінше оқылатын кітап,теріс қаратып киетін жейдемін.
Ұл емес,кірпияз – Ханша-Мұң,–



Сізді неге қызықтырады ортаңғы саусағым?!
Қоңыр мұңнан жасалған көйлегін тоқыса – Күз



Менің xәлімді түсінетін едіңіз,
"нійегіС"деген сөзді керісінше оқысаңыз.
Мазасыз күй кешем тағы да не түрлі,



Құдды бір ақ қарда жалаңаш негр отырған... секілді.
Сосын... Тағы бір кереғар кешкі ойда,



Өзімді көрердей кеңістікке қараймын, кеңістік қарайды-ешқайда.





Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар