Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Адольф Арцишевский. Кольканың махаббаты...

18.01.2021 3071

Адольф Арцишевский. Кольканың махаббаты 18+

Адольф Арцишевский. Кольканың махаббаты - adebiportal.kz

Бұл әңгіме Маня апайдың кенжесі Николай туралы. Анасының айтқанын тыңдамай оның үйленуі туралы. Сол сәтсіз үйленуден кейін не болды дейсіз ғой? Николай елден безіп жалғыздан-жалғыз сонау жер түбіндегі Чукоткаға қаңғып тұрды. Байғұс шешесі қалды зарлап, қанша хат жазса да, телеграмма салса да, қырсық ұлынан хабар болмады.

Үйленбестен бұрын Николайдың сөз салып жүрген қызы бар еді. Ажары орташа демесең мінезі жақсы қыз еді, Наташа деген. Жастары да қатар, бірақ, Наташаның Колькадан жасы кішілеу еді. Коля әскерге кеткенде үзбей хат жазып тұрған да осы Наташка болатын. Ұлы әскерде жүрген де Наташка басқа жігіттермен байланыспасын деп, Маня апай қызды бақылау астында ұстады.

Ақыры, Николай әскерден келді. Сол-ақ екен шешесі де, қыз қамқоршысы болып жүрген Поля тәтей де екі жасты үйлендірудің қамына кірісті. Поля тәтей қырықтан асса да көрікті әйел еді. Тіптен, Наташа істейтін комбинатта Поля тәтейден асқан сұлу жоқ десе болар. Поля тәтейдің көркіне ақылы сай. Сондықтан ғой, жас Наташа оның ақылын тыңдап айтқанынан шықпайтын.

- Сен екеуіңнің махабаттарың, әзірше, жоспар бойынша келеді! – деп, ол Наташаны арқадан қағып қояды.

Өзі есепші Поля тәтей есепшінің мәнерімен сөйлейді:

- Бүлк етпе, жоспардан тыс бірнәрсе болып қалмаса, бәрі ойдағыдай болады! - деп, Наташаны демеп, делбеп қояды.

Кейде Наташканы қолтықтап былайырақ алып шығып, болашақ күйеуін уыстан шығармаудың қитұрқы тәсілдерін үйретеді, құлағына еңкейіп, еркекті қалай ынтықтырудың амалдарын айтады. Ондайда Наташка байғұс ұяттан жанып кете жаздайды,тынысы тарылып тұра қашқысы келеді, бірақ, бәрібір қанша ұялса да Поля тәтей айтқан ақылды түгел құлағына құйып алады. Поля тәтейдің білмейтіні жетіқабат жер астында. Қырықтан асса да, комбинатта одан өткен ажарлы әйел жоқ, болған да емес. Анау Катерина ше, рас, ол да сұлу. Бірақ, Поля тәтеймен салыстыруға келмейді. Әрине, Поля тәтей де періште емес. Жігіт-желеңдері жетерлік, көлеңкесіндей қалбаңдап ізінен қалмай жүрген. Бірақ, тәтей оларды аямайды, тілімен түйреп ит-сілікпесін шығарады. Тәтейдің содан талай рет терезесі сынғаны да бар. Оның үстінен жұмыс орнына талай арыздар жазылды. Бірақ, Полинаға пәле-жала жұққан емес. Ары тазалықтан шығар, еңсесін түсірмей басы тіп- тік, кеудесін шалқақ ұстап жүреді. Содан да шығар, Поля дегенде өліп-өшпейтін еркек жоқ бұ маңайда.

Бірақ, жалғызбасты Полина бәрібір бақытсыз еді.

- Шын махаббатым кездеспеді, Наташа. Ал, мына, төңірегімде арадай үймелеп жүргендерді... қойшы!!! – деп, қолын бір сілтейтін.

Мінеки, жетінші қараша мейрамына қабаттасып Николай да келді әскерден. Маня апай үшін қос мереке бірге болды. Сары майдай сақтап жүрген тағамдарын шығарып стол жасады.

Маня апайдың үйінде жиылған жұртқа бұл бас қосу Николайдың қалыңдығын көрсету сияқты өтті. Наташа Николайдың жанында отыр. Стол басында - жігіт жолдастары. Стол басында қалыңдықтың туысқандары да бар. Бірақ, қалыңдыққа ақ желек жабылған жоқ. Сондықтан, «ащы!» «ащы!» деген айқай да шыққан жоқ.

Жұрт қызып алып ортада арсы-гүрсі би басталғанша бәрі де ойдағыдай болатын. Отырыс шырқы соң бұзылды. Жиналған жұрттың ішінде Полина тәтей де болатын. Бір қонақ жігіт оған қайта-қайта сүйкене берді. Ал, Поля тәтей болса ол жігіттің тиіскеніне намыстанып қызараңдай берді. Үй иесі Николай Полина тәтейге тиісіп ұялтқан көргенсіз жігітке «тыныш отырсай!» деп ескертіп еді, анау, дөрекілеу жауап берді. Николай бұл үйдің қожайыны кім екенін көрсетуге кірісті. Айқай-шу, жыртылған жейде, жұдырық сілтеу, солқылдаған қабырға, бәрі, бәрі болды. Біркезде, «Өлтірді!» деп шыңғырған әйел дауысы шықты. Көргенсіз жігітті жұрт үйден қуып шықты. Поля тәтей мен Наташа Николайдың көгерген жерлерін әтірмен сүртті, жырылған терісіне йод жақты. Яғни, жедел жәрдем көрсетті. Николай болса төбелеске тоймай қалса керек, қайта-қайта сыртқа ұмтылып көргенсіздің көкесін танытқысы келді, бірақ, жұрт жабылып оны жібермеді. Мұрыны пырсылдап, бір бұрышта бүрсиіп отырып «Коленька!..» деп, жылаған қалыңдықтың кескінін суреттеп жатудың өзі артық деп ойлаймыз.

Ал, Поля тәтей болса, неге екені белгісіз, осы оқиға үстінде екі беті нарттай қызарып құлпырып кетті. Бұзылған отырыс шырқын қалпына келтіргісі келгендей Кольканы сүйрелеп биге алып шықты. Шындығында бұл беті бал-бұл жанған келіншекпен дәл кәзір билеуге тиіс кісі Кольканың өзі екені көрініп тұрған. Әскерде турникке тартылып шыныққан Николай шынында да, ұзын бойлы шақпақ етті сымбатты жігіт еді.

Николай Поля тәтейді аш белінен қамтып ұстап ортада ұршықша айналды. Николайдың отырыс көркін қыздырған мына биін көргенде Наташка бақыттан басы айналып көз жасына ерік берді. Оның көзінде дәл осы сәт Николайға тең келетін жігіт жоқ еді. Маня апай да күлімдеп, оқтын-оқтын көзін сүртіп қояды. Осы күнді көре алмай кеткен Николайдың бауырларын еске алып көңілі бұзылып отыр. Тірі болса олар да Николай үшін кәзір қуанып отырар еді-ау... Түн ұйқысын төрт бөліп өсірген ұлының атпалдай азамат болғанын көру бір ғанибет екен. Енді, тек осы ұлы бақытты болса екен...

-Эх, Коленька! – дейді билеп жүрген Полина тәтей. – Мен сәл жастау болғанымда-ғой...

Сұлу да, сылқым келіншектің осы сөзі артық болды. Құшағында вальс екпінімен шырқкөбелек айналып жүрген жұлындай келіншектің бұл сөзі шалабурыл мас бойдақ жігіттің ала сайтанын қоздырғандай болды. Қонақтарды шығарып салатын кезде Николай қалыңдығын көше ортасында ұмытып, Полина сылқымның қолтығында кетті. Шараппен би қызуынан бұрқыраған бұл екеу аяқ астындағы аяқ алып жүргісіз балшықты да байқамады. Жәй себелеген жаңбырды да байқамады. Түн тастай қараңғы болса да бұлар бір-бірін анық көріп келеді. Жүрек кеудеге сыймайды. Ал, аяқ болса, Полина тәтейдің үйіне жеткенше асығады. Құшақтасқан екеу есік алдына жетіп бір-ақ тоқтады. Полина сол жерде барып ес жиды. Өзін құшып аласұрған жігітті бұл да енді ышқынып кеудесінен итерді. Келіншек одан қашып үйге зып беріп есігін тарс жауып алды. Бірақ жігіт есікті жұлқып ашып жіберді. Полина жалынды. Жалбарынды. Болмайды деді. Үйіңе қайт деді тұншығып. Ал, қызып алған Николай отыра қалып келіншектің тоқ балтырын тас қылып құшақтап алды. Балтырынан сүйді. Оны өлердей жақсы көретінін айтты. Онсыз өмір сүре алмайтынын айтты. Өліп-өшіп: «Тек саған үйленем!» деді. «Көнбейді екенсің, асылып өлемін!» деді. Мастықпен ауызына келгенін айтты. «Кіргізбесең есігіңнің алдында көлденең түсіп жатып аламын!» деп, қасарысты. Бірақ, ес жиып алған келіншек қайтпады. Табалдырығын аттатпады. Кеудесінен итеріп кіргізбеді. Жігіт келіншектің білек күшіне таң қалды. Полина оны, ақыры, кіргізбеді үйіне. Келіншектің есігі алдындағы текетірес келесі түні де жалғасты. Ең қиыны ішпей келіп те өлердегі сөзін айтатын болды Николай. Таң атқанша есігін күзететін болды.

Бір аптаның ішінде жүдеп кетті жігіт, өңі өзгеріп, ақшыл кекілі желбіреп, тентек көкшіл көздері уайыммен, тесіле қарап тұратын. Полинаның да тірлігі астан-кестен болды. Еркек дегендерден талай құқайды көрген ғой Полина. Бірақ, мынандай есуас кездеспеп еді. Келіншек түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден айырылды. «Енді не істейім, неге, байланыстым?!» деп, өзін-өзі жерледі, табалады. Табандап алып табалдырығын аттатпады. Бірақ, жігітпен қарсыласуға шамасы келсе де, өзі-өзімен қарсыласуға шамасы келмеді... Ақыры Николай бұның үйінің табалдырығын аттады...

Бұны көріп-біліп отырған Маня апай қайғы жұтып «ах» ұрды. Мына ақымақ баласы, ойбай, Полинаның жарым жасына енді келді емес пе?! Ана, салдақы, бірер күн ойнап-күліп неге қуып жібермейді бұл ақымақты үйіне?! Жоқ, ол салдақының ойы басқа көрінеді. Жас баланың басын айналдырып оған тиіп алу көрінеді. Ай, сайқал-ай... сайқал!!! Шашын жұлып қолына бермесе болмайды екен ол сайқалдың!!! Басы айналған баласы ол үйден шықпай қойғаннан кейін, біркүні, Маня апай Полинаның үйіне жетіп барды. «Баламның басын қатыр ма!!» деп, жылап та алды, илікпеп еді, шашына жармаса кетті. Сонда сүйікті, жалғыз ұлы бұған не айтты дейсіз ғой!?

- Мама!! - деді, - Мені бақытты болсын десең, кедергі жасама!! – деді. -Ал кедергі жасайды екенсің, барлығыңды өлтіремін, өзім де тірі қалмаймын!!!- деді.

Жалғыз ұлынан бұндайды естіген ана басын тауға да соқты, тасқа да соқты. Шашы ағарып кетті. Бірақ, бәрібір ұлын ана сайқалдың үйнен алып шыға алмады.

Осындай итір-қылжың бір жылға созылды. Маня апай да, қалған жұрт та лажы тауысылып, ақыры Николай ана сайқалды тастап кететін күнді күтті. «Төңірек толған, қыз-қырқын жасы қырықтан өткен Полинаны неғылсын! Тастайды, бір күні!» деп, бір өзгерісті күтті. Бірақ, Николай Полинаны тастамады. Кетпеді. Олардың махаббат жыры аттай бес жылға созылды.

Ерлі-зайыптыдай екеуден-екеу тұрып жатты. Жұрттың да оларға көзі үйренді. Көндікпеген жалғыз Маня апай еді.

Ал, Полинаны «бақыттан басы айналды» деуге болмайтын еді. Байғұс айнаға қарауға қорқатын. Қорықса да қарайтын. Жалтырап тұратын баяғы сары алтын шаш қайда? Жайнап тұратын қоңыр көз қайда? Николай көп сөйлемейді, бірақ, біркүні бұның шашына қолын сұғып жіберіп, сығымдап ұстап, бетіне бетін тақап айтқаны бар, қызғаныштан тісін қайрап:

- Байқа, әлдебір еркек саған көз салса... өлтіремін!-деп.

Бұл ондай да жәй күлетін де қоятын. Бірақ, Николай дегеніне жеткеннен кейін, бұрынғы өліп-өшіп айтатын әдемі сөздерін ұмыта бастады. Өліп-өшпейтін болды. Сөзге сараң Николай, өзге Николайға айналды. Полина болса оның ой тұнған көк көзіне, торсиған еріндеріне, қан тамырлары баттиған күшті қолдарына қарап отырып, жүрегі сыздап, қорғансыз мұңға бататын. Бұны өзі шынымен сүйе ме, әлде басын босқа қатырып жүр ме? - деп, қараптан-қарап күдікке бой алдыратын.

Николай сирек те болса жымиятын, сосын қабағын түйіп, бұған өзінің тентек көздерін қадап тесіле қарайтын. Сонда бұның зәресі ұшады. Не ойлап отыр екен? - деп.

Ақыры, бұл күткен бомба бір күні жарылды. Ол бомбадан құтылу мүмкін емес еді.

Полинаның жеті-сегіз жыл бұрын бұғана сүйегінен сәл төмендеу безі қабынған. Екі аптадай ем алған. Бірақ, қабынған бездің орнында титтей тыртық қалған. Міне, сол тыртық безі қайта қабынды. Ауруханаға жатты. Бір ай толуға екі күн қалғанда, үйіне қайтарды. Үйіне өз аяғымен әзер жетті сүйретіліп. Әлсіз еді. Екі тәулік ессіз жатты. Бес апта өтті. Полина жанған балауыздай әбден сылынып жүдеді. Ап-арық қаңқасы ғана қалды төсекте. Көршілері оны аяды. Ақыры байғұс үнсіз жатып көз жұмды.

- Николайға бостандық бергені ғой!!!-деді, көрші-қолаңдар.

Николай ұнжұрғасы түсіп, үнсіз қалды. Полинаның қазасы үстінде де Николай өзіне тиесілі рөлді үнсіз атқарды. Кемпірлер жағы:

- Аруағын сыйлап жыласа да болар еді ғой!!!,- деп, күңкілдесті. Оны құлағы шалған Маня апай:

-Өзінің туған әйеліне жылайды да, - деп, шақ ете қалды. – Жылап аттандыратындай ол кім еді, сонша?!

Марқұмды мәңгілік мекеніне жеткізгенше бәрі тыныш, үн-түнсіз болды. Мапқұммен жұрт үнсіз қоштасты. Манадан, сазарып тұрған Николай, кенеттен:

-Тоқтай тұрыңдар!!! – деді.

Ақырын айтты, бірақ жұрт түгел естіді. Одан әрі Николай табыт алдына отыра қалды да, марқұм Полинаның мүрдесін құшақтап, аспанға жүзін жалт бұрып :

-Поля!!! Әйелім менің... Махаббатым менің!!!- деп, өкіре бастады.

Жиналғандар сонда ғана бес жыл бойы түсінбей келген бір ауыр шындықты түсінді. Үнсіз түсінді. Астан кейін ішіңкіреп алған Перевяслов шал:

-Нағыз әртіс-әй... Үлке-еен әртіс... –деп, бас шайқады.

- Ең өкініштісі сол... осы сөздерді... байғұс Полинканың... естімей кеткені... - деп, тағы бас шайқады шал, өзінше мінгірлеп.

Орыс тілінен аударған Үміт ТӘЖІКЕН

Көрнекі сурет авторы: Швецова Анастасия. ВАЛЬС


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар