Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІ
Ағайынды Гриммдер. Жолы болғыш үш ағайынды (ертегі...

20.01.2020 8074

Ағайынды Гриммдер. Жолы болғыш үш ағайынды (ертегі)

Ағайынды Гриммдер. Жолы болғыш үш ағайынды (ертегі) - adebiportal.kz

Бір қарияның үш ұлы болыпты. Бір күні ол балаларын шақырып алып, оларға сыйлық таратыпты. Үлкен ұлына әтеш, ортаншы ұлына шалғы, кіші ұлына мысықты меншіктеп беріп тұрып, оларға әкесі былай дейді:

- Мен қартайдым, енді төрімнен көрім жуық. Сондықтан да көзім тірісінде сендердің алдағы өмірлерің үшін алаңдап, шақырып отырғаным осы. Менің сендерге беретін мол ақша-қаражатым жоқ. Бірақ та, сендерге беретін мынау заттарымды уақыты келгенде орнымен игілікке жарата алсаңдар, баға жетпес байлыққа қол жеткізетін боласыңдар. Ол үшін сендер бұрын-соңды бұларды көрмеген-білмеген елді табуларың керек, - депті.

Кешікпей әкесі дүниеден өтеді. Әкелерін жерлеген соң үлкен ағасы өзінің әтешін қолына алып, өз бақытын іздеуге жол тартады. Бірақ қайда барса да, оның қолындағысы әтеш екенін барлық жерде, бәрі білетін болып шығады. Қандай амал жасаса да, ол әтешімен ешкімді таңғалдыра алмапты.

Сөйтіп амалы құрып, шаршап келе жатқанда, ол әлдебір аралға тап болады. Сәтін салғанда бұл аралдың тұрғындары ешқашан әтеш көрмеген екен. Әтешті көрмегені өз алдына, бұлар тіпті уақытты да есептеуді білмейді екен. Әрине, таң мен кешті ажырата алады, бірақ неше сағат екенін айта алмайды. «Қараңдар, қараңдар, - дейді, тұрғындардың ақылды біреуі әтешті көрсетіп, - қандай әдемі құс еді! Басында қызыл күрең тәжі, аяғында нағыз серілердікіндей өкшелік! Түніне үш рет айқайлап шақырады екен. Соңғы шақыруынан таң атып келе жатқанын білесің. Егер күндіз жиі шақырса, күн райының өзгеретіндігінен хабар беріп тұрғаны екен».

Арал тұрғындарына әтеш қатты ұнап қалады да, олар құстың таңғажайып үнін ет құлақтарымен есту үшін түні бойы ұйықтамапты. Барлығы да әтештің уақытты білдіріп екі, төрт және алты сағатта қалай қатты дауыстап шақырғанын естіп дән риза болыпты. Ғажайып құстың бұл қасиетіне тәнті болған арал тұрғындары жігіттен құсын сатуын өтінеді. Иесі сатуға ыңғай білдірген соң, одан әтешін қаншаға бағалайтынын сұрайды. Сонда жігіт: «Онша көп сұрамаймын. Есек қанша көтере алады, сонша алтын берсеңдер болды», - депті. «Пәлі, мұндай қымбат құсқа осыншама азғана құн сұрап тұрғанын қара!» - деп күлген қала тұрғындары қуана-қуана сұрағанын беріп, есекті алып қалады.

Ертеңінде жігіт үйіне оралғанда, мұншама байлықты көрген екі інісі таң-тамаша болыпты. «Ендеше, мен де өзімнің шалғымды иыққа іліп алып, бақытымды іздеуге шықпасам болмас. Мен онсыз да мұнымен жұмыс істей білемін емес пе!» - дейді ортаншы ұл. Сөйтіп жолға шыққан ортаншы ұлдың да жұмысы бірден жүре қоймапты. Қайда барса да, дәл өзінікі сияқты шалғы ұстаған жігіттер шөп шауып, егін орып жатады. Сөйтіп жүре-жүре ол ақыры өлдім-талдым дегенде шалғы туралы естіп-білмеген бір аралға тап болады.

Бұл аралдың тұрғындары бидай егеді екен. Еккен егіні піскен соң тұрғындар алаңға зеңбірек алып келіп, бидайдың сабағынан атып, қырқып жығады екен. Бірақ бұл өте күрделі де қолайсыз әрекет еді: бірде сабақты дәл қырқып түсірсе, келесі атқан кезде оқ масаққа тиіп, дәннің көбі жерге босқа төгіліп қалып жатады. Гүрсілдеген-тарсылдаған үн өз алдына, жұрттың мазасын кетіріп, берекесін ұшырып жатқанын көрген жігіт іске кіріседі.

 

Осы кезде ортаншы ұл шалғысын ұстап алаңға шығып, бидайды у-шусыз әрі жылдам шаба бастағанда, аралдықтар таң-тамаша болып, тұрған орындарында аңырып қарап қалыпты. Арал тұрғындары жігіттен бұл құнды құралын сатуын өтінеді. Ақыры олар келісіп, шалғыны бір атқа сатады. Осы ат көтергенше алтын артып беріп, жолға салады.

Ол үйіне жеткен соң кіші ұл да өзінің бағын сынап көрмек болып мысығын көтеріп алып, жолға аттанады. Мысық қажет болатын жерді іздеп дүниені кезсе де жолы бола қоймайды: ешкімге оның қажеті болмапты. Мысық соншама көп екен. Тіпті әр жерде жаңа туған мысықтың балаларын суға тұншықтырып өлтіріп жатқанын да көріпті.

Ақыры кіші ұл мұнда жолы болмайтынын білген соң кемеге мініп, алысқа кетуім керек екен деп ойлайды. Сөйтіп жүріп бір аралға тап болады. Сәтін салғанда, ондағылар мысықтың не екенін білмейді екен. Әрі бұл аралда тышқанның көптігі соншама, қойша өріп жүреді екен. Адамдарды басынғаны соншама, олар тіпті үй иелерінен қорықпастан, тура үстелдің үстіне секіріп шығып алып, емін-еркін тамақтанады екен. Ел иесі корольдің өзі қамалында тышқандардан қалай құтылудың амалын таппай қапаланыпты: олар барлық бұрышта шиқылдап мазаны алып, көзге көрінгеннің бәрін кеміріп, бүлдіріп тастайды екен.

 

Мұны көрген жігіт мысығын жұмысқа салады: кешікпей ол қамалдың ішіндегі екі залды тышқаннан тазартып шығады. Бұл оқиғадан құлақтанған қала тұрғындары корольден мына ғажайып жануарды мемлекет игілігі үшін сатып алуын өтінеді.

Король халықтың өтінішін орындап, жігіттен мысығын сатып алады. Ризашылық білдіріп, оның сұрағанын берді. Кенже ұлдың да сұрағаны – алтын толы қаптар артқан қашыр болатын. Үшінші ұл да осылайша мол байлықпен үйіне жөнеледі.

Ал мысық болса, жұмысына бұрынғыдан да құлшына кірісіп, тышқанды қырған үстіне қыра береді. Тіпті қырған тышқанды санап тауысу мүмкін емес еді. Ақыры біраздан соң мысықты шөл қыса бастайды. Кілт тоқтай қалған ол басын көтеріп, ащы үнмен мияулай бастайды. Мысықтың мияулағанын естіген король мен сарайдағылар жүректері тас төбесіне шыға қорқып, бірден сарайды тастап қаша жөнеледі.

Алыстаңқырап барған соң олар естерін жиып, ары қарай не істеу қажеттігін ойланып, ақылдаса бастайды.

Корольдің уәзірлері: «Тышқандардың басынуына көнуге болады. Ал мынадай қорқынышты жануардың жемі болып, азаппен өлгіміз келмейді», - деп шулайды.

Сөйтіп олар сарайдағы мысыққа хабаршы жұмсайтын болып шешеді. Хабаршы мысыққа қамалды тастап шығуын, егер өз еркімен тастап шықпаса мәжбүрлеп күш қолданатындығын ескертетін болады.

Өзіне міндет жүктеген сарай қызметшісі қорқа-қорқа қамалға кіріп әлгі шешімді оқыған кезде бұрынғыдан да шөл қысып қиналған мысық мияулағанын одан әрмен үдете түседі. Қызметші мұны: «Кетпеймін! Кетпеймін!» - деген жауап деп ұғынады да, мысық осылай айтты деп корольге жеткізеді.

«Ендеше, тақсыр - дейді корольдің уәзірлері - күшпен қуып шығуға кірісуіміз керек!» Әскерлер қамалдың жанына зеңбірек алып келіп құрады да, атқылай бастайды. Зеңбірек оғы мысық отырған залға келіп түскен кезде ол аман-есен терезеден сыртқа секіріп кетеді. Ал сырттағылар мұны көрген жоқ, мысықтың көзін жоямыз деп, жермен-жексен үйінді топырақ болғанша қамалды төпелеп атқылай береді.

Осылайша, ақымақ кеңесшілерінің кесірінен, мысық көрмеген аралдың королі қамалсыз, сарайсыз қалыпты.

Ал үш ағайынды, жолы болған үш бақытты жігіт молшылықта ұзақ жырағаулы өмір кешіпті. Олар бұл өмірде пайдаға жарамайтын еш нәрсе болмайтынын, әйтеуір бір күні кез-келгені адам баласына игілік пен бақыт әкелетіндігін әр кез айналасына айтып отыратын болыпты.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар