Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨЗ СӨЗІМ
Ахмет Қамшыбек. Миссияң айқын ба, замандас?...

08.02.2021 2702

Ахмет Қамшыбек. Миссияң айқын ба, замандас? 12+

Ахмет Қамшыбек. Миссияң айқын ба, замандас? - adebiportal.kz

Мына өмірде ғұмыр кешіп жүрген кез келген саналы жан иесінің тағдыр тәлейіне зор міндет жүктелген. Тәңірі алқап, бойына талап пен талант беріп, басқалардан белгілі бір қабілетін артық етіп, озық жаратты. Жарық дүниеге келер алдында миссиясын маңдайына мөрлеп басып, мойнына жүктеді. Пілсауыр жерді аяғымен таптап жүрген шыжандай халықтың ішінен сені де өңге етіп, жауапты жолға бағыттайды. Алайда бойындағы артық біткен тырнақтай талабын жер қойнына тапсырып, баз кешіп, өздерін таба алмай жүрген жандар қаншама? Өмірдегі миссиясын толық орындауға мұршасы келмей, мұрнынан шаншылып, соңыра қара жердің талысын құшқан жандардың саны қанша екен? Соның ішінде құрметтім менің, сен де орман ішінде адасып, жар жағалап кетпедің бе? Сенің де бұл өмірдегі миссияң не? Таң атырып, күн батырып, ішіп-жеу ме? Лауазымды қызмет иесі атану ма? Ғылым мен білім жолында жетістікке жету ме? Бір сәт ой таразасына салып, сана елегінде екшеп көрші.

Өте күрделі сауал. Біз өмірден өзімізге тиесілі орынды таба алмай жүрген секілдіміз. Өлген уақыт, жоғалған сәттер, ұмытылған естеліктер. Мұқағали Мақатаев: «Өзімізді өзіміз жиі алдаймыз, өзімізден өзіміз ұялмаймыз» деп еді. Ғұмырымыздың тегершігі ұдайы айналып тұратындай көрінеді бізге. Күнделікті қоңыр төбел тірліктің қамытын киіп, арпалысқан адамдардың арасында асығып, аптығып жүрміз. Бір сәт «Бұл дүниеге не мақсат арқалап келдім?» - деген сұңқыл сұраққа мойын бұрғымыз келмейді. Әйтеуір, күнделікті жанталас. Дүние дөңгелегі тоқтап, межелі мерзім жеткенде тыныштық орнайтынын ұмытқандаймыз. Мәңгілік тыныштық. Сонда мойнымызда атан түйе көтере алмас ауыр жүк, артымызда атқарылмаған миссия қалатынын жан алқымнан қысқанда түсінерміз.

Бір сәт тарих қойнауына көз жүгіртейікші. XV-XVIII ғасыр аралығында әдебиет айдыны есім-сойы әйдік алыптармен тобымен толыққан-ды. Сыпыра, Асан қайғы, Қазтуған, Доспамбет, Жиембет, Ақтамберді, Бұқар жыраулар... «Толарсақтан саз кешіп», «еңку-еңку жер шалып», «Еділдің бойын ен жайлаған» қазақ елінің ұйытқысы һәм ұраншысы да осы жыраулар мен ақындар еді. Тентегін тезге, тентірегенін жөнге салған, заманынан озып туған жандардың қазақ руханияты жолында еткен еңбегі, төккен тері қисапсыз. Оларға Тәңірі үлкен миссияны тапсырды, халқы зор сенім артты. Олардың ұлылығы сонда, олар ауыр жүктің салмағын бағамдай білді. Сезінді. Түйсінді. Сондай-ақ, абыроймен бұл дүниеден өтті... Одан бертін келе ХХ ғасырдың басында үркердей қайраткерлер шоғыры қалыптасты. Олар елдік мұраттарды биікке қойып, көңіл құтысын асқақ армандарға толтырды. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы бастаған алыптар қоғамның құрсаулы күштерімен жанкешті түрде күресті. Саяси күрес те болды, рухани күрес те болды. Ақырында бәрі атылды, қуғындалды. Халық тоз-тоз болып, тарыдай әр жерге шашырап кетті. Асыл азаматтардың сүйегі қайда қалғаны тұрмақ, өз басыңды қорғай алмайтын заман орнады. Бірақ, Алаш қайраткерлерінің айбары сонда, олар азаттықтың рухын халықтың етінен өткізіп, сүйегіне сіңдірді. Міне, ең бастысы – осы. Тарихи жеңіс. Миссия орындалды.

Бұл өмірге келгеннен соң,

Елшісіндей шет елдің,

Миссиямды аяқтамай,

қалай ғана кетермін,

Халық деген патшама,

Немен жауап етермін, –

деген Мұқағали Мақатаев та бұл құбылысты байқаған екен. Әлі де өз халқына берері көп екенін осы өлең жолдарымен аңғартады.

Айтып айтпай не керек, Тәңірі пешенеңе жазып берген миссияны адал әрі абыроймен орындау үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Құдай да көріп тұр ғой, әркімнің шама-шарқына, деңгей-дәргейіне қарап міндетін шегелейді. Әр адамның өз биігіне қарай қанат бітіреді, мүмкін біреуге көк пен судың арасын тұрақ еткен аққудың қанатын берер, басқа біреуге заңғар шыңдардың төресі қыранның қанатын берер. Бұл Тәңірінің кесімді шешімі.

Қазақ прозасына үлкен үлес қосқан классик қаламгер Мұхтар Мағауин: «Сен – сен емессің. Сен – сыртқы көрініс қана. Бар болмысың – Тәңіріден. Егер сенде шұғылалы нұр демеймін, жіптік сәуледей зерде болса, таудай демеймін, тобықтай талап, бармақтай демеймін, тырнақтай бақ болса, ол – сенің еңбегің емес, несібең. Талғаусыз, сұраусыз берілген сый емес, несие – парыз арқалатқан, қарызға босатылған қасиет», – деген екен. Көңіл көзімен, сана сарбымен, жүрек жүзімен ойланатын болсаңыз, бұл пікірдің алғаусыз ақиқат екенін түйсінесіз. Расында, сен туған жылда сенімен қатар қаншама жан туды. Мүмкін, миллион. Алайда, Тәңірі сені өз назарына алып, сол 999 999 адамның бойына бермеген қасиетті саған берді. Бойыңа аналық сүттен, әкелік қаннан бөлек Тәңіріден даритын ерекшелікті берді. Ал сенің міндетің – Тәңірі талғап берген қасиетті адал қолдану. Өз миссияңды орындау. Алайда, ол міндетті атқара алмасаң – мойныңа қарыз болып түсері анық.

Ал құрметтім менің, сенің де «қарыздарың» толып қалған шығар. Бір сәт ой таразасына салып, сана елегінде екшеп көрші. Сенің миссияң не өзі, замандас?

Ахмет ҚАМШЫБЕК


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар