Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Айбек Ережепов: Абат Абадан...

28.04.2016 3119

Айбек Ережепов: Абат Абадан

Айбек Ережепов: Абат Абадан - adebiportal.kz

                                         


Абат қаласы және оның кішентай жаңа тұрғыны


12919242_1715171018729579_888999093_n.jpg

Екі ұртынан ыстық бу будақтап, түнгі салқын ауаны тұмсығымен тесіп, алып – ұшып келе жатқан екі бөрі жүрістерін қала қақпасына жете бергенде ғана баяулатты. Көздері шоқтай қызарып, арқа жүні тікірейіп, қандай бөгет болса да, бөгелмей өтердей жорта басып жақындаған екеуіне қақпа күзетшісінің «тоқта!» - деген зілді даусы еріксіз тоқтам болса керек, биіктігі кісі бойындай қасқырлар бір-бірінен озбай, қақпаға он, он бес қадам жетпей, қалшиып тұра қалған. Алқына дем алғандарынан алыстан тынымсыз жол жүріп келгендері байқалады. Биік дуалдың төбесінде жанған оттардың әлсіз жарығынан көрінгені екеуінің де ауыздарына тістеп алған заттары бар екен. Анықтап қараған кісіге қызыл жал көк қасқырдың ауызынан жұлымы шыққан тері қапшық, ақ төс сұр қасқырдың тістерінің арасынан кішігірім тіршілік иесін байлап, матап сүйретіп алған ұзын қыл арқанның бір ұшы аңғарылады.


Бұл қалаға бұлар бөтен емес, осы мекеннің тумалары - ақ төс арлан Ақпері мен оның келіншегі Көкпері еді. Жауына қатал, досына адал екеуін бірде бір жан жалғыз жүргенін көрген емес. Не істеседе екеуі ақылдаса істейтін. Әйткенмен бұлардың жұмысы да бірге жүруді талап ететін. Айбаты арыстанды да қаймықтыратын екеуін тоқтатқан қақпа күзетшісі әлбетте қос көкжалды алыстан-ақ таныған, дегенмен өздерімен бірге әлденелерді алып келе жатқанын да көрген. Қалаға кіргізбес бұрын тексеру де мұның міндетіне кіретін. Әрине сенбегендіктен емес, қала көсеміне тікелей бағынышты көкжалдар болғанменен, қауіпсіздікке басты назар аударуы тиіс.


Еңгезердей дию екі қасқырды айналып қарап шықты да, тура қарсы келіп тұра қалды. Үстіне киген жеңсіз ақ сауытының шақпақтарында, қолына ұстаған екі жүзді айбалтасының жүзінде ай сәулесі емін-еркін ойнақтаған бас күзетші екеуіне кезек қарап, денесімен бітісіп кеткен бұқа мойынын Көкперіге бұрып, көзін салақтатып іліп алған ауызындағы қапшыққа қадаған. Енді үнсіз тұрсам болмас дегендей, қолындағы балтасымен меңзеп: - ханым, мұнда не бар? - деді. Көкпері аузындағы қапшықты ақырындап жерге қойды да, алдыңғы аяқтарын көтере бере әп сәтте қызыл жал қасқырдан қасы көзі қиылған әйел затына айналып шыға келді. Үстіне жамылған қасқырдың терісі болмаса, тал бойында еш бір жыртқыштықтың нышаны қалмаған. Беліне буған күміс белдігімен, күміспен әдіптелген былғары етігі, асыл темірден соғылған қанжардай тырнақтары болмысына айбын беріп, жүрегіне қорқыныш ұялатқанмен ашаң жүзіндегі жылылық, қарақаттай көзіндегі мейірімнің ұшқыны көкейіңдегі мұзды жібітіп жібергендей әсер қалдырады. Оның жайдары келбетіне қарап нағыз жыртқыштың өзіне айналып кетеді дегенге сенудің өзі қиын еді. Қазір де ол күзетшіге әдеттегі жайдары қалпынан айнымай жауап беріп тұрған болатын.




- Бұл кішкентай сәби, Қамал-Өзеннен қайтып келе жатып тоғай арасынан тауып алдық, - деді Көкпері қоржыннан қалыңдау матамен денесі жылылап оралған нәрестені қолына алып.


Күзетші сол қолындағы әйнегінің ішінде жарық қоңыздары айналаға нұр шашып ерсілі-қарсылы ұшып жүрген аспалы шамның жарығын енді Ақпері сүйретіп келген нәрсеге түсірді. Бұл сәтте өз қалпына келіп биік әрі сұңғақ жігіттің кейіпіне енген Ақпері аяқ-қолы шандулы өзі сүйреткен адамды нұсқап:


- Бұл – Бөлтірке ғой, баланы тоғайға осы апарыпты, мұны көсемге алып барамыз.


Күзетші Бөлтіркенің қасына барып балтасымен түртіп еді анау болымсыз ыңыранды да басқа үн шығармады. Сосын мынау соның өзіме дегендей аунатып қарай бастады. Бөлтіркенің кез келген танитындай белгілері бар еді. Оның оң құлағының жартысы жоқ және бір көзі соқыр болатын. Шам жарығымен осының бәрі орнында екеніне көз жеткізген күзетші, байғұстың денесінде кенеп шалбардан басқа лыпа жоқ екенін де байқады. Екі аяғынан байлап сүйрегеннен денесінің әр жерінен терісі сыдырылып, шым-шым қан шығып тұр екен. Әбден күтімсіз өскен сақал шашы да топыраққа толып, ұйысып қалған. Күзетшінің бет-әлпетінен осынша нашар қалдегі пендеге жаны ашығандық байқалмады, тіпті селт етпеді де.


- Қақпаны аш, біз кірейік, енді қалғаны саған есеп беру еді, - деді бағанадан қақпа күзетшісінің сонша тіміскілеп тексергеніне шыдамсыздана қарап тұрған Ақпері. Ақперіге қарсы сөз айту күзетшінің өміріне қауіпті екені айдан анық еді. Онсызда сенімсіздік танытқандай біраз айналдырғаны да артық кеткендей көрінген. Күзет басшысына осынша еркінсуіне Ақперіменен талай майданда иық тіресе шайқасқаны және жасының құрдастығы ғана мүмкіндік берген еді. Бұлардың алдынан қарамағындағылардың біреуін жібермей өзінің шыққанының да себебі сол еді. Дегенмен көпті көрген сақа жауынгердің есінен «қоянның құтырынғаны - терісінің сыпырылғаны» - деген сөз бір мезет шыққан емес.


Күзет басшысы қақпаға жақындап барып: - Ашыл, - деп айғай салды. Алып тас қақпа бағанадан бері демалып отырған адамдай сықыр-сықыр етіп барып, орынынан көтерілді. Бұл көтерілуге себеп болған тас қақпаның астынан пайда болып тізесін жазған төрт тас аяқ екен. Тас қақпа тағы сықырлап екіге бөлінді де ауыр адымдап екеуі дуалдың екі қабырғасына барып қаққан қазықтай тұра қалды. Бұл уақытта Ақпері мен Көкпері қақпаның алдында бір буда шаң қалдырып қалаға зымырап кіріп те кеткен болатын.


Қос тас қайтадан бұрынғы орнына барып тізе бүкті.


Бұл қалаға кіретін жалғыз қақпа еді. Қалаға басқа да қақпалар салатындай мүмкіндік мүлде жоқ, өйткені қаланың осы жері ғана жазық далаға сұғынып, қалған жақтарын дәртедегі доғадай иіліп тау шатқалдары қоршап тұрған. Осынау алып жалғыз қақпалы, басына қанатты құс та ұшып шығып қона алмас Қасат тауының тік жартасты қолтығында орналасқан перілер қауымының он екі қаласының бірі Абат қаласы болатын. Абат – перілердің астанасы Қамал-Өзен қаласы сияқты кеңдігімен, сәулетімен мақтана алмаса да, Қасат тауымен, ғажайып қорғанымен ерекше еді.


Әсіресе ерекшелік қаланың қабырғаларынан байқалатын. Ұзындығы бес шақырымға созылған тас қабырғалардың сыртынан қаптап тұрған үлкен өрмекші торы назарыңды аудармай қоймас еді. Тордың өте тығыз өріліп, бірнеше мәрте қабатталғанынан қала қабырғасы негізінен өрмекші торынан екен деп қаласың. Жақындап қарағанда ғана тордың артында тау тастарынан қашалып қаланған биік тағы бір берік қоршау бар екені анықталатын. Өрмекші торы осы тас дуалдың бір жеріне сызат түсірмес үшін арнайы сыртқы жабын ретінді тұрған сияқты көрінгенмен, сырттан көз алартқан дұшпан болса тас қабырға қалаға қалқанның, өрмекші торы бейне бір сауыттың қызметін атқаратын. Яғни тор ондай уақытта созылып қаланы төбесімен қоса шырмап тастайды. Одан басқа түгіл шіркейдің өзі ебін тауып кіре алмайды, егер де мықтылығын тексергісі келгендер болса қабырғаның сыртында шырматылып, шыға алмай ажал құшқан пілдің сүйектерін көрер еді.


Қаланың сырты қандай суық болса, ішкі көрінісінен де жылылық сезілмейтін. Тас көшелер, тас үйлер, тас сарайлар қашырдың жалындай қысқа өмірдің қатаң заңдылығын күзеткендей әсер қалдырады. Көңілінде қылаудай мұңы жоқ пенде де Абаттың көшелерінде біреу кеудесіне бір кесек тас салып қойғандай тұнжырай түсетіні сөзсіз еді. Осындай тұнжыраған томаға тұйық күймен у-шуды аса жақтырмайтын қала тұрғындарының мінезі де астасып үйлесімділік тапқандай сезілетін. Дегенмен тірі пендеге таспен бірге тас болып кетпеуін үлгі еткендей Қасат тауының беткейндегі шыршалар ғана әдеткі жап-жасыл қалпында. 


Сондықтан да болар перілердің қалған қалаларында сауда- саттықпен, елшілікпен, түрлі басқа да жайттармен адам баласы барып- келіп, араласып- құраласып тұрғанымен, тек Абатта ғана әлі күнге дейін бірде- бір адам болмаған еді. Оның себебін перілер өз қалаларын адамдар мекен ететін аймақтан тым шалғайлығымен түсіндіретін. Адам тұрмақ басқа қалалардың перілері де бұл қалаға сирек келетін. Оның өзі қылмысты болып қашып жүрген біреулер немесе Қамал-Өзеннен патшаның бұйрығымен жіберілген шабармандар болмаса, сырттан келген қонақты кездестіре алмайсың.


Қаладағы мұндай бір қалыпты тіршілік өз тұрғындарынан гөрі қашқындарға тиімдірек еді. Олар бұл жерге ешкімнің іздеп келмейтіндігін білетін. Жазадан қашқандардың Абатқа келіп паналауы Қамал-Өзендегі басшылардың да басын ауыртпайтын. Себебі астанадан алыста жүрген қашқындар оларға еш зиянын тигізе де алмайтын, бір жағынан әр бір қашқынды осынша алыс жерден алып кету де зор шығын. Қашқындар да бұл қаладан өз ықтиярларымен кеткісі жоқ болатын. Кейбіреулері жасырын хабарлама жіберіп үй- ішін шақырып алатын. Өйткені сен кімсің деп қарамайтын, ешкім мазаламайтын жерден кім кеткісі келеді. Керісінше қала тұрғындары азын аулақ қол ұшын созып көмектесіп жататын. Оларға керегі де сол еді. Бір қателік жасап әрең бас сауғалап келіп, абақтыға тоғытылмай бала- шағасы қасында өсіп жатса - мұның өзі зор бақыт екенін түсінетін, әлбетте тура осындай мүмкіндіктің екінші рет берілмесін де жақсы білетін.


Дегенмен қашқындардың арасында жақсылықты түсінбейтіндері де кездесіп жататын. Ақпері сүйреп келген Бөлтірке де сондай жақсылықты түсінбегендердің бірі еді. Абатқа азып - тозып келгенінде қала тұрғындары барынша көмектескен, алайда Бүлдіркені ол қанағаттандырмады да, сәл уақыт өткенде бұрынғы әтетінде қайта басып, өзі күнелтіп үйренген ұрлығын қайта жалғастырған. Басында адал жұмыс істеп пайда табуды азсынып, қарапайым перілердің маңдай терімен тапқан азын- аулақ заттарын ұрлап жан бағады. Ол ісі үшін бірнеше рет ұсталыпта қалған, алайда Абат қаласының перілері түзеліп кетер деп кешірім жасап орталарына қайта қосқан. Бірақ Бүлдірке бұл жақсылыққа да пысқырып қарамайды. Ұрлығы күннен күнге өсіп, бір күні қала қазынасына барымталық жасайды. Алайда «ұрлық түбі – қорлық» - дегендей ұсталып қалып, қала кеңесінің шешімімен қаладан аластатылған болатын. Содан бері үш жылдай уақыт өткен. Бүлдірке Абатқа қайтып оралмаса да, ол туралы сыбыстар қалаға жиі- жиі жетіп тұратын. Сондай сыбыстардың соңынан Абатқа Қамал- Өзеннен Бүлдіркені көрген жерден ұстау туралы бұйрықта келіп жетен.


Содан болар Абатта қала күзеті күшейген. Қақпадан ешкімді тексеріссіз кіргізбеуге, бұдан былай жазадан қашып келген қылмыскерлерді қалаға кіргізбей алысырақ қуып тастауға, Бүлдіркені көрген жерден ұстап тұтқындауға жарлық шыққан.


Ақперінің Бүлдіркені күншілік жерден тастамай сүйретіп келгеніде сол еді.


Сән- салтанатқа толы көсемнің сарайына Ақперімен Көкпері өздерінің адам қалыптарына еніп кірді. Сарай іші қолбасшылармен миністірлерге толы екен. Көсем- өзінің төрдегі мамонттың сүйегінен жасалған ұзынша әрі биік тағының үстінде шалқая жайғасыпты. Екі пері есіктен кіріп келгенде бағанадан түсіп отырған сүлей- сапа күйін жинап алдыда екеуіне көзі нашар көретін адамша еңкейе бере бақырая қарады. Сарайда тең бөліне жарыла жайғасқан перілерде есік жаққа мойын бұрған екен. Үнсіздікке үкім шығарылғандай сарай ішінде күбір- сыбырдың бәрі тоқтап, құлаққа ұрған танадай тыныштық орнаған. Сарайдың екі қабырғасынан бір- біріне қатынап ұшып жүрген кішкентай құстардың ғана қанатының пыр- пыр еткен дыбысы естіледі. Екі қабырға күздің көрінісіне шомып тұр екен. Бұлар көсемнің көңіл- күйіне байланысты біресе жаздың, біресе қыстың немесе көктемнің көрінісіне ауысып тұратын. Бір таң қалдырарлығы қай мезгілге ауысса да сол маусымның жанды көрінісін беретін еді. Қазір күздің көрінісінен сарайдың екі қапталы жапырақтары жерге төгілген ит тұмсығы өтпейтін қалың орманмен шектескендей көрінеді. Бұтақтары сарай ішіне иін тіресе үңіліп тұрған ағаштардан сарай еденіне сап- сары, қызғылт жапырақтар қалқып түседі де жоқ болып кетеді. Жақын күндері келіп қалуы мүмкін күздің ызғарлы күндерінен шыр- пыр болып сая іздегендей шымшық, торғайлар екі қабырғаның арасында ұшып- қонады. Кейде баяу соққан салқын желдің әсерінен бұтақтардың сықырлағанымен, жапырақтардың сазды сыңғыры естіледі. Көсемнің сарайы тап бір орманның арасында тұрғандай.


- Келдіңбе,- деді көсем аңтарылған қалпын қайта түзеп,- құр келмепсің.

- Бүлдіркені ұстап алдық,- деді Ақпері өзінен көз айырмай отырған перілерді бір шолып өтіп.

- О,- деп көсем өзінің риза болғанын жасыра алмай қалды.

- Оны қайдан таптың, тұрғызсаңшы өзін, өліп қалған жоқпа?


- Өлген жоқ, демалып жатыр,- деді Ақпері жүзіне күлкі үйіріліп, - ұзақ жолды көтере алмады. Көсем де Ақперінің сөзіне жымиды да: - Онда біз оны ұйқысынан оятайық,- деп қолын Бүлдіркеге қарай созды да бас бармағымен сұқ саусағын қысып ауаны шертіп қалып еді сабынның ауда қалықтаған кобігіндей кокпеңбек кішкентай шар пайда болды. Шар ауада бір орында қалқып үш секундтай шыр айналды, сосын бір бүйірі тартқандай созылып, сопақтанып Бүлдіркеге қарай ұшып барып, оның мұрнының тесігіне еш кедергісіз сүңгіп кіріп кетті. Соның әсерінен Бүлдірке бір рет ауыр жөтелді де аяқ-қолы серіппедей созылып орнынан атып тұрды. Оның денесіндегі тырналған, сырылған жарақаттары біртіндеп жазылып ештеңе болмағандай сауыға бастаған, тіпті ол денесіне баттасқан лас кірден, сақал шашына ұйысқан шаң тозаңнан да арылған екен. Ол сарайға осындай күйде кіріп, "далада ұйықтап, далада өмір сүріп, шаң- тозаңға аунап күн көрдім",- десе оған ешкім сенбеген болар еді.


Бүлдірке есін жинап, өз қалпына келіп жан- жағын байқастай бастаған.


Бұл сәтте қос кереге буырқанған теңіздің көрінісіне ауысқан еді. Үрейлі толқындар сарай ішін астаң- кестеңін шығарып, іштегінің бәрін жұтып қоярдай ентелегенімен керегелерден ішке шапшып барып жоқ болып жатты. Бүлдірке осы көрініске аңтарыла қарап көсемнің өзіне сұрақ қойғанын да аңдамаған. Ақпері оның желкесінен қойып қалмағанда ол осылай тұра беретін де еді. Соққыдан кейін ғана өзіне көсемнің сөйлеп жатқанын аңдап, көздерін жерге қадап мүсәпір күйге ене кеткен.


- Сен ұрлығыңды қоймаған екенсің, әуелі оданда зор қылмыстарғада барған көрінесің. Енді өз түбіңе өзің жеттің. Ей, сен тыңдап тұрсыңба, өз түбіңе өзің жеттің деймін.


- Тағы бір жолға кешіріңіздерші.

Бүлдіркенің дауысы аянышты шықты. Отырғандар оны жылап тұр екен деп қалған. Бірақ оның қуыс кеудесі шыныменен өзінеде жаны ашымаған. Саңылауы жоқ санасы тағыда кешірім беріп жібере салар деп, алдағы қауіпті аңдамаған да.

- Біз бұл жолы кешіре алмаймыз,- деп көсем бұрыннан кесіліп қойған жазаны аңғартқандай болды.

- Келесі жолы кешіреміз, ренжіме,- деді көсемннің сөзін іле Ақпері жүзіне күлкі үйіріліп. Отырғандарда жымиысты.

- Қалайша кешіре алмайсыздар, қалайша? Олай әзілдемеңдерші.

Бүлдіркенің көзі шарасынан шыға жаздап бір жанашыр іздегендей айналадағыларға сүзе қарады. Бірақ ешкімннің жүзінен ондай мейірімннің көлеңкесін де байқамады. Өзіне деген сенімнің өшкенін енді аңғарғандай еді. Ол тіпті өзінің мойнына түскен құрықтың қорқынышынан дірілдеп кеткен.


- Сен ұятыңды сатып жібергеннен саумысың? Нағыз өзімшіл жан екенсің ғой. Сенің кесіріңнен осында келіп жан сақтағандарға қауіп төне жаздады, сен соны түсінесің бе?- деді көсем. Бұл сөздерді аса сабырлылықпен және мәнерлеп жеткізді. Енді Торғауытқа кетесің. Кешіктіруге болмайды, әйтпесе мұны біз тығып отыр деп тексеріс келіп қалуы мүмкін.


- Иә, дұрыс, тезірек жіберелік,- деп шуылдай кетті жиылғандар да.


Есікке дейін созыла ортаны ашық тастап екі керегеге тақау қойылған тас орындықтардың арқауына жетпей шапшып шығып төгіліп жатқан толқындардың арыны басылып, сарай - желсіз күнде ашық теңіздің үстінде жүзіп бара жатқан кемеге ұқсап қалған. Бүлдірке теңіз қарақшыларының қолына түсіп, ақырғы сөзін айтқызып, мойынына тас байлап кемеден лақтырылғалы жатқан бейбақтың күйін кешіп тұрған еді. «Торғауыт» деген сөзді естігенде тіпті оның қайғысы еселенгендей басына түскен істің салмағынан тізерлеп отыра кеткен. Есірген есіріктің, жүгенсіз желіктің желкесі қиылып, өзегін өртеп жатқан өкініштің отына отын болып кеткені айқын аңғарылғандай. Ол отты енді жанарына тығылған жас түгілі дүниенің топаныда баса алмасын ұғыну қиын емес. Енді ол - қалған өмірін Торғауыт түрмесінде өткізеді. Өмірін езгіде өткізеді, қорлықта өткізеді. Өмірінің соңына дейін ол жерден шықпайды. Торғауыттан шыққан жанды Бүлдіркеде және осы жерде отырғандар да көрмеген. Ол ең жауыз деген қылмыскерлердің, аса қауіпті деген баскесерлердің, мүлде түзелмейді деген жанкештілердің баратын жері. Бүлдірке де солардың соңынан кете бармақ. Енді оған өзін бұл дүниеде жоқ санасада болғандай еді. Бірақ, неге Бүлдірке басқа түрме емес атының өзі зәреңді зәр түбіне кетіретін Торғауытқа баруы керек? Әдетте ұсақ ұрыларды Торғауытқа жібермей еңбекпен түзету калонияларына жіберетін. Ақперіде осыны бас қаладағы бас қазыдан арнайы барғанда сұрап көрген, алайда бірінші министрдің бұйрығы екенін ғана біле алған. Қазірде өзін тірі пенденің қатарынан шығарып тастаған Бүлдіркеден көсемде неге мұндай жазаға кесілгенін сұрағанмен одан ештеңе шықпаған, басын қос қолымен ұрғылап "білмеймін, білмеймін" деген де қойған.


Ендігі жиылғандардың назары Көкпері көтеріп келген сәбиге ауған. Бүлдіркеден бұл баланы сұрағанда: ол мұны тауып алдым, әке-шешесі бұл өмірде жоқ, басқасын білмеймін - деді де өз қайғысымен өзі болған. Барлығы одан басқа ештеңе айтпайтынын білгеннен соң оны одан әрі қыстаған жоқ. Қол-аяғына кісен салып жасауылдарТорғауытқа алып кетті.


- Бұл бала перінің баласы ма, жоқ, адамның баласы ма? - деді көсем тағына шалқалай отырып, етегі тобығына жеткен сары шапанының омырауын жапқан сақалын иегінен жұлып алардай саусақтарымен салалай тарап.


Бұл уақытта бала ұйқысынан оянып, Көкперінің қолында бірде керегедегі теңізге қарап, өзіне бейтаныс перілерге қарап, қолына ұстатып қойған ағаштың бұтағымен ауа сабалап, әр нәрсеге бір алданып ойнап тұрған.


- Әлі оны анықтаған жоқпыз,- деп Ақпері күмілжіді.


- Оны анықтау оңай ғой,- деді көсем өзінің жып-жылтыр төбесін алақанымен сипап жатып. Ақпері сен өзіңді адамдардың көзінен жасыратын белдігіңді беліңе тақ, адам болатын болса сені көрмейді, ал, перінің баласы болса көреді.


Ақпері қазір өзінікі жоқ болған соң, жиылғандарға қарап қолын созып кімде бар дегендей болып еді көсемге тақау отырған ұзын буырыл шашты, қияқ мұртты, иегіне қондыра салған бір уыс сақалы бар орта жастағы Абат қаласының бас қолбасшысы Сақа орнынан атып тұрды да, қысқа жеңді тері шапанының белін қапсыра ұстап тұрған қайыс белбеуіне іліп алған былғары дорбаны шешіп алып, Ақперіге лақтыра салды. Ақпері қағып алып аузын ашты да ішінен жіңішке күміс белдікті алып беліне тақты.


Перілерді адам көзінен жасыратын мұндай белдік тек мемілекеттің лауазымды тұлғаларында ғана бар. Бұл кезінде адамдармен ұзақ жылдар болған соғыста ойлап табылған деседі. Адамдармен бейбіт келісімнен кейін тасалаушы белдіктер қарапайым перілерге берілмейтін болған.


Сарайдағы жақсы- жайсаңдар күбір-сыбырды тоқтатқан, екі көздері сәбиде.


Ақпері Көкперінің жанына жақындап еді, бір- бір жарым жасқа толып қалған ер бала оған назар аудармай өзінің бағанағы ойынын жалғастырып тұра берген. Сарайда "адамның баласы екен, оны көріп тұрған жоқ" дегендей күбірлер көбейіп кетті. Көкпері мүмкін байқамай тұрған шығар деп баланы Ақперіге иығы кеудесіне тигенше жақындатып еді бала оны бар екен-ау деп те қарамады. Сарайдағы күбір-сыбыр үдей түскен. Баланың адам екеніне ешқандай күмән қалмаған. Ақпері осымен өз қызметім тамам болды-ау дегендей Көкперіден алыстай бере баланың ойнап тұрған шыбығынан тартып ұшынан сындырып ала беріп еді бала аса бір жылдамдықпен Ақперінің шыбықты ұстап тұрған саусағынан шап беріп ұстай алды. Бала өзінің пері екеніне саусақтан ұстап өзі дәлел келтіруі біраз қиындықты жеңілдетіп тастағандай, сарайдағылардың бағанағы бал ашып ділмәрсуі қайта тоқтап барып ендігі әңгімелері басқа арнаға ауған. Ақпері баланың шапшаңдығына таң қалғандай, бір жағынан пері болып шыққанына қуанғандай саусағын біразға дейін бұтақтан алмай ыржия ұстап тұрды. Көкперіде өзінің қуанғанын жасыра алмай баланың бетінен сүйіп алған. Оқиғаның бұлай өзгеруі сарайдағыларды да қуантып тастағандай еді. Брақ қараусыз қалған баланың тағдырына алғаш рет араласқалы тұрғандықтан барлығының жанарында енді мұны не істейміз деген сұрақ тұнып тұрған болатын.


Ақпері белдікті Сақаға қайтарып берген соң енді елдің барі көсемге қараған. Ендігі баланың тағдыры көсемнің шешімінде.


Көсем бірде оң жағына бірде сол жағына жантайып тақтың жақтауындағы піл сүйегін шынтақтап, түбі жоқ ойдың түбіне түсіп кетіп енді одан тырмысып шыға алмай жатқан секілді ұзақ ойланған. Сүт пісірім уақыт өткеннен кейін барып ойланып біттім, бір шешімге келдім дегендей басын қисайған жағынан жұлып алып айналасына көз жүгіртті. Бәрі өзіне қарап отыр екен. Осылардың біреуінің шекесінде оңтайлы шешім жазылып тұрған жоқпа дегендей әр қайсысының жүзіне үңіліп қарағандай болды. Сосын ештеңе таба алмағандай қайта жантая берген.


Енді ой құшағына енсе жаңағыдан да терең тұңғиыққа түсіп кетеді ме - деп қорыққандай сарайға кіргеннен бір жерге асыққандай шыдамсызданып отырған Текес:


- Көсем, бала туралы шешіміңізді естиік,- деді.


Көсем дауыс шыққан жаққа қарап еді тікірейген қысқа шашты, көзіне көзілдірік киген, үстіне ұзын жағалы ақ жейде, сыртынан етегі тізесіне жетер-жетпес жауынды күні киетін плащқа ұқсас өзіне шап-шақ жасыл түстес жеңіл шапан киген, әскери академияның директоры ұзын бойлы Текесті көрді.


- Өзің қандай ұсыныс айтар едің, Текес мырза?- деді көсем көзін бажырайта.

- Менде қандай ұсыныс болсын.

- Сен өз академияңа арнайы болме дайындатып қарауыңа алсаңшы.

- Жасы келмейді ғой, бір жағынан балаға жақсы күтім керек, уақытында тамақтандыру керек, жуындыру керек, киімі тағы бар, бала болған соң басқада қиындықтары да болады, жұмыстың да шаруасы бастан асады- деді Текес күмілжіп. Бірақ енді сіз айтсаңыз аламыз ғой.

Сарай іші жиналғандардың күлкісінен жаңғырып кетті.

- Сен тегі өзің киіндіріп, өзің жуындыратындай болдың ғой,- деді көсем күліп жатып. - Қарайтын адам тауып береміз.

- Көсем, көсем,- деді Көкпері көсемнің сол жағындағы қатарда Ақперіден кейінгі өзінің әдеткі орнынан көтеріле беріп. Баланы тексергеннен кейін-ақ бұлар көсемнің нұсқауымен өз орындарына жайғасып алған болатын.

- Иә, тыңдалық Көкпері ханым не ұсыныс айтар екен.

- Менің ұсынысым осы баланы біз бағып алсақ деп едім.

- Міне осы дұрыс болады, баланы Ақпері мен Көкперіге берейік,- деп Текес орынынан атып тұрып айғайлап жіберді. Сарай тағыда күлкіге көміліп кетті.

- Сен шынымен осыны қалайсың ба,- деді Ақпері Көкперіге қырымен бұрылып.

- Иә,- деп Көкпері қысқа қайырды.

- Мен де,- деп қалды ол өзінің бағанадан ішінде толқып, алқымын ала жоғары бойлап келе жатқан жып-жылы сезімді жасыра алмай.

- Көкпері ханым шындап қаласаңыз айтқаныңыз болсын, біз бұған қуанғаннан басқ не дерміз. Бала үшін де ең оң шешім осы болар. Дұрыс емес пе? - деді көсем жан- жағын көзбен сүзе.

- Дұрыс, дұрыс,- деп қалғандар да шулай кетті.

- Ал, ата-ана болуларыңызбен құттықтаймын сіздерді,- деді көсем.

Жан-жақтан құттықтасқан, балаға, өздеріне саулық тілескен дауыстар көбейіп кетті. Ақпері мен Көкпері "Рахмет, рахмет" деп өздерінің де қуаныштарын жасыра алмай айналадағыларға бір, балаға бір қарап үлкен толқуды бастан кешіп отырған. Дегенмен бұл толқуды түсінуге болатын. Екеуінің отасқанына он шақты жылдың жүзі болса да балалары жоқ еді.


Ақпері үстіне киген киімі қасқыр жағалы, жағасынан етегіне дейін түймеленген сықырлақ матадан тігілген екен. Киімінің сүттей ақтығы артына төгілген ұзынша ақ шашымен әдейі үйлестірілгендей сымбатына сымбат қоса түскен. Ақ түске малынған осынау жігітте жалғыз өзгешелік болса ол ашаң жүзіндегі көмірдей қара қастары мен қарақаттай көздері ғана болса керек.


Қалың қабақтың астына жасырынған осы көздерден бұл сәтте қалың бұлттың арасынан тесік тауып жерге сығалаған күн сәулесіндей нұр төгілген. Бұл жарты ғұмырын қайыршылықпен өткізген бір пенденің аяқ астынан ат басындай алтын тауып алғанындағы толқуымен салыстырғанда алтынның берер сезімі әлдеқайда аласарып қалар еді. Ол жүрегінің енді ғана соғып тұрғанын, оның еттен жаралғанын алғаш рет сезінген. Тек жүрегі ғана емес онда бір үлкен сезімннің де жасырынып жатқанын байқаған. Жәй сезім емес жүрек лүпілін екі еселеп, ішіңдегі бар жылылық пен мейірім атаулыны көзіңе төңкеріп, жалыны жүзіңді шарпитын асқақ сезім. Осы сезімнің ыстық лебі жан жүйесін аймалап, жұпар исін құмарлана сіміріп отырған, ол осындай сезімнің Көкперіні де баурап отырғанын байқады. Байқады да үндемеді. Көкперінің алдында әлденеге мәз болып отырған баланы өз алдына алып, шүйдесінен иіскеп қойды.


- Ақпері мырза балаңызға енді ат қою керек, білесіз бе?,- деді Текес өзінше жаңалық ашқандай маңғазданып.


- Білмегенде, біледі ғой, Текес мырза. Атсыз пенде болушы ма еді,- деп Текес басқаратын акдемияның оқытушысы, сыйқырдан қорғану бөлімінің меңгерушісі шыбықтай солқылдаған әдеміше Бұлан ханым жымиып қойды. Сарай іші тағыда күлкіден жаңғырып кетті. Текес өзінің еті үйренген дыбыстардың сүйемелдеуімен тұрып кеткен орынына қайта отырды.


- Дұрыс айтасыз Текес мырза,- деді Ақпері Текеске демеу қыла. Балаға ат қою керек. Егер ешкім қарсы болмаса осында отырған жасы бәрімізден үлкен Ғажап қария қойса қалай ойлайсыздар.


- Қойсын, еш қарсылық жоқ,- деді сарайдағылар шулай.

Ғажап- осы қалаға ең сыйлы перілердің бірі еді. Жасы екі жүз елуден асып кеткен. Дегенмен өз жасынан жас көрінетін. Одан біреу-міреу қаншаға келдіңіз десе жүз елуге деп жауап беретін. Әрине сұрақ қоюшы оның айтқанына сенетін, сенгеніне ол балаша мәз болып өзін жасарып қалғандай сезінуші еді.


- Сыйлағандарыңа рахмет,- деп бастады сөзін бір-бірін жоғалтып қоярдай біреуі біреуінің білезігінен ұстаған қолдарын беліне түскен ақ сақалының астына жасырған Ғажап. – Ақперімен Көкперінің қуанышына ортақпын. Осы қуанышқа мен де ат салысып жатсам мен үшін үлкен мәртебе. Ендеше былай болсын. Екеуінің бөріге айналып кететін қасиетін перілердің ішінде білмейтіні кемде-кем. Сондықтан бала да осы ата-анасына тартқан алғыр болсын деп, қайтпайтын қайсар болсын деп, қиын-қыстау жерде жол табатын тапқыр болсын деп, қасқырдың сырттаны, азуына іліккенін аман құтылмайтын бөрінің абаданындай болсын деп атын - Абадан деп қойсақ қалай болады.


- Дұрыс, тамаша есім,- дегендей сөздер жан-жақтан бірімен-бірі жарыса шықты.

- Сенің атың Абадан,- деді Ақпері баланың құлағына сыбырлап.

- Ал, олай болса біздің қалаға қош келдің Абадан Абат,- деп көсем Көкперінің алдында ойнап отырған балаға күлімдей қараған.

Кез-келген перінің есімінің соңында өзі тұратын қаланың аты қосақталып жүретін. Ол перінің тегінің орынына қолданыла береді. Бұл бұрыннан жалғасын тапқан дәстүр болатын. Бір періден есімін сұрар болсаңыз ол есіміне өзі тұратын қаласының атын қосып айтады. Арғы жағын сұрамай-ақ оның қайдан екенін бірден түсінесің.


- Абат Абадан,- деді Көкпері қолындағы баланы емірене иіскеп те, жүрегіндегі қуаныш жанарынан итеріп шығарған жасты саусағының ұшымен сүртіп те үлгеріп.


Сарайдың керегелерінен бұттақтары бүгіліп, жемістері көктен төмен үңілген, шалғыны шалғыға сұранып тұрған әсем бақты көресің. Түрлі-түсті көбелектер күлтесі үлбіреген түрлі-түсті гүлдердің аңқыған иісін салыстырғандай бірінен соң біріне қонады. Албыраған алма мен қыздың еріндей қып-қызыл шиелер тәбетіңді ашып жұтындыра түседі. Шие ағашының жіңішке бір бұтағында осы көріністі әнге қосып құйқылжыта сайраған сандуғаш отыр. Бәрі тамаша. Осы бір аса шуақты табиғат аяқ астынан ата-ана атанған екеудің жан-дүниесімен астасып кеткендей еді. Өйткені олардың өмірлерінде әлемдегі ең әсем түрлі-түсті гүлдер қауыз жарып, жүректерінде тағы бір күміс көмей сандуғаш ұя салып жатқан болатын.  



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар