Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Айдын Байыс. Жасын-ғұмыр қос талант...

01.10.2015 3018

Айдын Байыс. Жасын-ғұмыр қос талант

Айдын Байыс. Жасын-ғұмыр қос талант - adebiportal.kz


 

Әлқисса, жақында мынадай бір сөз оқыдым, "Жиырма жасында-ақ "сөнген" жандар болады, тек, оларды сексен жасқа жеткенде бірақ жерлейді" (Некоторые люди "умирают" в двадцать лет при том, что их хоронят в восемьдесят). Бұл әдебиетке қаратылып айтылар болса – өлең өлкесіндегі өлермендерге керемет анықтамаға жарап-ақ тұр! "Сексен жасап сегіз сөз қалдырмаған" деген сөз ғой! Ең сорақысы осы болса керек.


Алайда, әңгімеміздің ауаны керісінше, "өзеннің арғы бетіне" ойыспақ.


Қазір, жаз мезгілі. Жаңбырлы маусым. Жаныңды сілкіп алар, үрейлендірген күн күркірі күнара жаңғырады. Сол бір найзағайларды байқасаңыз, олар бірін-бірі қайталамайды, һәм қас қағым мезетте жарқ етіп ғайып болады. Міне, айтылар сөз - Қазақ поэзиясына саңқылдай келіп, жай отындай жарқылдап өткен  қос талант Артығали Ыбыраев пен Танабай Нарманов жайлы болмақ. Мұратымыз - арманда кеткен қос қыршынның жыр-мұрасын қайта жаңғырту. Алдымда 2001 жылы Алматы қаласы, "Ана тілі" баспасынан шыққан "Қос қанат" атты кішкене ғана киіктің асығындай сүйкімді кітап жатыр. Артығали мен Танабайдың кітабы. Ендеше, халымыз жеткенше тереңіне сүңгіп, биігін байқамаққа кітаптың ішіне үңілелік...


8a3f969a9f6dd96a3f5cd9995095b2bf.jpg

Бар-жоғы 25 өлеңі мен бір балладасы сақталған Артығали мұрасынан осал өлең таппайсыз. Жырларының ерекшелігі - артық ауыз сөзі жоқ қысқалығында, айтар ойларының қорғасындай салмақтылығында.


Жоқ мұңымды

Не керек жақындатып,

Ақан деген еді ғой атың бақыт.

Өзің жаққан бір оттың ұшқыны едім,

Лағыл жырды өтейін лапылдатып. - дейді әуелгі "Ақан серіге" өлеңінде. Бұл арнау өлең емес. Баба рухымен сырласу, серттесу болар дұрысы. Ал, соңғы екі жолы оның өмірлік кредосына айналған-ау деп отырмын. Себебі ол оны құс тұмсығындай қысқа ғұмырымен дәлелдеп өтті.

Келесі жалғыз ғана шумақтан тұратын "Тәкаппар" өлеңін қараңыздар:

Тәкаппарлық талай жанды матады,

Атса Құдай, ойда жоқта атады.

Барлық жұрттан биікпін деп ойлаған

Барлық жұрттың аяғында жатады.


Тотияйындай уытты ащы жолдар он сегіз жасар жігіттің емес, көпке куә болған үлкен ақынның көкейінен төгіліп түскендей. Бұл да бір оның байыпты болмысының биік интеллектісін байқатып тұр. Артығалидың пәлсапалылық штрихтарын аңғартатын "Соқпақ соңы", "Кішілер", "Өмір", "Ұмытпа", "Өмір заңы" өлеңдеріне жеке тоқталып өткенді жөн көріп отырмын. "Соқпақ соңы" өлеңін  өз естелігінде Байбота Серікбаев толығымен оқуды қалаған екен, біз де сөйтелік:


Күн нұрын қоймалжың бұлт ала қашып,

Жел есті жусан исі араласып.

Жол үсті қара ноқат - мен келемін,

Қарысқан тыныштықпен жағаласып.

 

Себепсіз қалқып көшкен сағымды әрі

Көтерді қоңыр кештің ағындары.

Байсалды момын өңір баптанады,

Бір сынап көретіндей бағыңды әлі.

 

Сынасып сабыр - меже, күле жетем,

тақалды таусылуға, міне, мекен,

...Сірә, мен аспан жаққа шығамын-ау,

Соқпақ жол көкжиекке сіңеді екен!


Жұдырықтай жұп-жұмыр үш шумақ қаншама қилы қалтарысқа толы десеңізші! Дала ұлы, табиғат перзентінің алғашқы шумағынан "Ей, тәкаппар дүние!" деп өткен дауылпаз Қасымның өр үні естілгендей болды! Себепсіз қалқып көшкен сағымды қоңыр кеш ағындарының әрі көтеріп алып кетіп баратқан тірі суретін бере отырып, өзіндік ойын өре келе оқып отырған өзіңізді де шексіздікке жетелеп кетеді. Бұл өлең қайта-қайта үңілуді қалайды. Себебі, мұнда жұмбақ бар. Асылы, жұмбағы бар өлең ұзақ жасайды. Бұл жырдың жазылғанына шамалауымша 40 жылдан асып кетті, алайда ыстығы басылмай, осы өлеңді тудырған сәтіндегі Артығалидың жүрек дүрсілі сезіліп тұрғандай! Шын поэзия еш көнермейді дегеніміз осы.


Табиғаттың тамырын өз тамырым деп танитын ақынның "Балқаш", "Таң сәрі", "Тамшылар", "Сәуір" өлеңдері бір төбе. Маған, әсіресе "Сәуір" өлеңіндегі жаңбыр арқылы дала пейзажын кестелей келе:


Ауаның лебі ауыса берген,

Даланың иісі қауыша желмен.

Бозторғай жерден пыр етіп ұшса,

Жусанның иісі жарыса ерген. - деп келетін дала динамикасын сәтті сомдаған шумағы қатты ұнады! Мұны, тура мағынасында, тірі өлең дейді.


Атан көтермес азабын бір адамдай біліп, кермегін татып жүрген соң ақындық туралы қалам тербемегендер аз. Алайда, Мағжан мен Төлегеннен асырып айтқан ешкім жоқ дейміз. Ол рас. Артығалидың да осы тақілеттес өлеңі бар.

Қамықпа, досым, қамықпа,

Келер күн көктем сыйлайды.

Адамдар сияр табытқа,

Ақындар бірақ сыймайды. - деп аяқталатын өлең. Жұмекенше айтсақ, "ауырлығы табыттай, жеңілдігі көбіктей", балталасаң да бұзылмайтын осы төрт жолдың өзі талай көзі қарақты оқырманның көкейінде әлі сайрап жүр. Талай жас ақынның (менің де) жатқа оқи жөнелер осы өлеңі оның әдебиеттегі паспорты іспеттес. Осы өлеңімен-ақ өзін мойындатып тұр.


Қыршынның "Бақыт", "Өмір", "Бір қыз туралы балладасын" толқымай, тебіренбей ат үсті оқу мүмкін емес. Солардың ішінен мен оның "Қаршыға" өлеңіне ерекше тоқталғым келеді. Желсізде желігіп, біресе қайқайып, біресе құлдилап ұшар еркіндіктің еркесіне қарап, "қара жердің бетін көрместей болған қаршығамен" қоса қалықтап кеткісі келетіндей. Аңғарғаным, бұл бір қапаста отырып туған өлеңдей әсер қалдырады. Содан болар, М.Лермонтовтың 1837 жылы жазылған "Узник" өлеңімен сарындас, көксеуі бір көркем дүние болып көрінді.


Я красавицу младую

Прежде сладко поцелую,

На коня потом вскачу,

В степь, как ветер, улечу. - деп төгілген М.Лермонтов жыры мен

Аспанда, бәлкім, бір бейне болып қалады,

Жүрегін, мүмкін, жұлдызға соғып жарады?

Арманы үшін азапқа түскен осы құс

Саған да ұқсап, маған да ұқсап барады. - деп аяқталатын Артығали өлеңінің берілу формалары әртүрлі болғанмен, мұндағы қос ақынның өмірге деген махаббаты, аңсар-үміттің ұшқыны, кеңдікке деген құштарлық шын мәнінде олардың рухтас екеніне нандырады.


0654987897987.jpg

Осылайша, қыршын кеткен қағылез жастың қатарынан қара үзе қалам тербегенін, қуаттылығын қарлығаш өлеңдерінің өзі айғақтап тұр емес пе?!

         Қайран Артығали!..

         Қайран Танабай!..

Танабайдың суретін көрдім де біраз кідірістеп қалдым. Есенғали боп айтсақ,  "өз мінезі жоқтардың өмірі осы деп" жалғанның жасықтарына миығынан күліп тұрғандай. Қасқая тік қараған отты жанары өңменіңнен өтеді. Бұл да бір асқақ рухтың белгісі ғой!


Төтесінен тартар болсам, өлеңдері де дәл сондай! Бар болмысы әр өлеңінен менмұндалап тұр. Шиқылдаған арбадай көз сүріндіріп, тіл сындыратын өлең Танабайда атымен жоқ. Жырларының бісімілләсі "Жетім бота" өлеңі екен. Оқи жөнелдім:

Ай-күн емген анаң қайда,

Далаң қайда, қарағым?

Көңіл байғұс алаңдай ма -

Көкжиекке қарадың.

 


Мөлдір жасың мөлтек, тегі,

Ертектегі тамшыдай...

Сексеуілдер селт етпеді,

Сексиеді қамшыдай.

 

...Желдеріндей қарашаның

Қара салып, боздадың.

Жанымды езіп болашағың,

Жанып кете жаздадым.

 

Өлді ме екен Бозінгенің,

Сезінгенім мол-ау тым.

Әлде адасқан өзің бе едің

Сол күн, бәлкім, сонау түн?

 

Аруанаң жерісе егер...

Келісе гөр, қайта орал.

Жерімейді жерің сенен,

Жетімдерге айта бар.


Әдетте мұндай мықты өлеңді түсіндіріп жатудың өзі артық. No comments. Десе де айталық, теңіздің дәмі тамшысынан, Танабайдың қандай ақын болғанын бағамдай беріңіз! Көңіліңді алай-дүлей қылатын бұл өлеңді тік-тыныш отырып оқи алмайсыз. Тек қазақ ақыны ғана айта алар теңеу-образға толы бұл өлеңнен астар іздесеңіз де кесек ойға кезігесіз. Шерлі дүниеге ақынның бей-жай қарай алмайтынына куә боласыз.


Танабай поэзиясының ерекшелігі - адам бойындағы ең бір нәзік сезімдерді табиғаттан екі елі ажырамай, параллелизм арқылы астастырып жырлайтығында. Қоңыр бояудың қоюлығында. Тілдік қорының тоқ қоржынында. Мәселен, мінекей:


Күлімдеп аспан күн шыға,

Күзгі маң дала бусанды.

Боз қырауларға тұншыға,

Жуады бетін жусандар.

...Мен болсам күздің қалпына,

Толғанып тұрмын аздау шын.

Аңсауда жаным алқына,

Қаңқылдап ұшқан қаз даусын.


Ұлттық калориттегі осынау өлең ілкіде айтқан сөзімізді қуаттап тұрған жоқ па?! Кезінде Танабайдың көзін көрген Исраил Сапарбай да: "Ауылда туып-өскен ақынның жаратылыс атаулыға етене жақын екендігін сезінген сайын Танабай өлеңдерінің көзге көне танысыңдай жылы ұшырай беретіні де табиғи" деп ойымызды тұздықтайды.


Ай ауады, табиғат алмасады,

Ауыл үстін ақ көбік қар басады.

Жаны барлар сосын ғой ертең үшін,

Жағасына бүгіннің жармасады. - деп тағы бір үлкен ойға жетелейді. Жадымызға бірден "қыстың қамын жаз ойла" деген халық тәмсілі оралады. Сондай-ақ, оның "Ымыртта", "Төбелер қан қызарған...", "Ақша бұлттар!..", "Толғаныс", "Анам жайлы", "Ауыл таңы" атты өлеңдері бейнесінде  мамыражай тіршілікпен қатар булығып жазған шақтары санаңызға сәуле ұялатады. Осы бір тұстарда ол маған орыстың Ф.Тютчевіне ұқсап кетеді.


Танабайдың тағы бір тосын қыры - оның 13, 16 буынды кең тынысты "Аңсау", "Сандуғашым", "Күйші құдіреті", "Жылғаңмын, далам", "Қызғалдақ-қыздар", "Арманшыл атам", "Май келді" өлеңдерінде. Бұл өлеңдерді оқи отырып Төлеген сарынын жазбай танисыз. Айбергенов айдынының ақсамалы есіп тұрады. (Бұл Артығалидан да байқалған болатын). Әр жыл мезгілін өзіндік қызықтары-өзгешеліктері бар деп қабылдағанымен, Танабайдың поэзиясына көбіне күз бен көктем мезгілдері тән. Жоғарыда аталған өлеңдерінің ішінен, алалағанымыз емес, "Май келді" өлеңі қатты әсер етті.


Айналаң біткен көкорай, айналаң біткен көкпеңбек,

Тамырың дала торғындай құлпырып жатсын деп пе едің?

Өзегін жанның өртеген өріктер гүлі неткен көп,

Өміршең мына бақтарда нұр тұнып жатсын деп пе едің,


Сүмбілдей, уа, сұлу Май - нұрларға толы көктемім? - деп төгіліп кете беретін өлең. Албырт жастың көкейінен ақтарылып туған бұл өлеңнен ақынның сезімталдығын, ішкі елек-цензураның мықтылығын (себебі көріп таңдану-тамсану бар да оны қорытып, қайта мөлдір қалпында тудыру бар) аңғарасыз. Арнасына сыймай алқынған өзеннің екпінін байқайсыз. Жастық максимализмнің андағайлап тұрғанын танисыз.


Уа, маң далам, жоныңды жыртқан жылғаңмын,

Көкірегімде менің шертілмей жатқан сыр бар мың.

Жылғаңмын, далам, көгертсем деген көдеңді,

Жылғаңмын, далам, бір талың үшін құрбанмын. - деп азаматтық позициясын да айшықтап береді.

Дәл осылай, "жүрегінің түбіне кір жасырмай" қалам ұстап, қанаттана бергенінде ақеділ ақын да бұл дүниеден ерте аттанып кете барды. Жазу ғой...

 

Жазу демекші, қос таланттың жиырманың жотасынан қылаң беріп көтеріле бергенінде қанаттары қырқылып қыршын кеткені - екеуінің де кісі қолынан қаза тапқандары әлі күнге дейін жұмбақ қалпында. Поэзияларындағы романтикалық сарынның ортақтығы секілді, екеуіне де тән ұқсастықтар көп еді. Өзгешелік пен дара қасиеттері де аз емес.


Өмірдің де, өлеңнің де азабын көріп, қалыптасып үлгермей кеткен екеудің тағдыры кеудеңді баяу тырнай қинап, қаяу боп күрсіндіреді.

Бірде, Артығали мен Танабай жайлы Аманхан Әлімұлы: "Олар күркіреп өлең оқығанда біздер, шыны керек, өлең оқуға жүрексінетінбіз (дұрыс жағынан, әрине)" деп еді. Мен бұған "Қос қанат" кітабын оқи отырып, өзіндік үн-дауыстарын естігендей  болдым да, сөзсіз иландым.


Жасындай жарқ етіп ғайып болған қайран қос қыршын!.. Жарқ ете қалды да, соңына жаңғырық қалдырып кете барды. Ал ол жаңғырықтың аты - өлең.

 

 

Айдын БАЙЫС

 

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар