Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
«Әйел махаббаты» Корей сахнасында көрсетіледі...

17.04.2014 1820

«Әйел махаббаты» Корей сахнасында көрсетіледі...

Қазақтың біртуар ақыны Мағжан Жұмабаев пен оның әйелі Зылиха туралы спектакль Корея Республикасында өтетін халықаралық фестивальда көрсетіледі. Ол «Әйел махаббаты» деп аталады. Бұл туралы «Хабар» агенттігі хабарлады. 

001-31.jpg

Пьесаны өз сахнасында  Қазақстандағы мемлекеттік корей театры қойды. Корей тілінде тұсауын кескен қазақ қаламгерінің драматургиялық дүниесі – кешегі алмағайып, аласапыран жылдардағы аналарымыздың ерлігіне қойылған ескерткіш десе де болады. Басты кейіпкерлер – Ақын мен оның жары Зылиха. Аты анық аталмаса да, көкірегі ояу көрермен қойылымдағы Ақын – Мағжан Жұмабаев екендігін жобалайды. Мұрағаттық деректер Зылиха апамыздың сонау Карелияда қуғын-сүргінде болып, қамақта жатқан ерін 14 рет іздеп барғанын, Мәскеуге дейін аяғы жетіп, орыс зиялылары арқылы еріне араша сұраған Зылиханың тағдырын айғақтайды. Жұрттың бәрі «халық жауы» болып жатқан заманда қазақ әйелінің осындай жанкештілікке баруын қанша ұлықтасақ та артық емес. Осы тұрғыдан келгенде Жұмагүл Солтиеваның «Әйел махаббаты» атты спектаклі драматургтер арасында жарияланған республикалық «Астана-Бәйтерек» байқауында жүлделі орыннан табылғаны кездейсоқтық емес. 
Қазақ әдебиетінің классигі, қазақ  жаңа әдебиетінің негізін қалаушы, ақын, педагог, аудармашы Мағжан Жұмабаев қуғын-сүргін жылдары Карелияға жер аударылып, 1936 жылы М.Горькийдің араласуымен бостандыққа шыққанмен, саяси себептермен 1938 жылы қайтадан ұсталып, атылған. Ақын есімі 1989 жылы ғана халқымызға қайта оралып, шығармалары жариялана бастады. «Әйел махаббаты» пьесасында халқымыз өткерген, оның ішінде, Алаш арыстары бастан кешкен 1937 жылдардың іздері жатыр.
Мағжан мен оның әйелінің арасындағы сүйіспеншілік жаппай қуғын-сүргін кезінде ақынға күш-қуат бергені туралы баяндайтын хикая шетел көрермендерінің көңілінен шығары сөзсіз.  Осыған дейін де аталмыш театр Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, драматург Дулат Исабековтің пьесасы бойынша «Мұрагерлер» спектаклін сәтті сахналап, Оңтүстік Корея астанасы Сеул қаласында өткен Халықаралық театр фестиваліне қатысқан болатын. Өнер ұжымына сәттілік тілейміз.

adebiportal.kz


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар