Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Әйгерім Тәжінің ақындығы жайлы...

11.04.2019 9226

Әйгерім Тәжінің ақындығы жайлы

Әйгерім Тәжінің ақындығы жайлы - adebiportal.kz

Қазақстан әдебиетін әлем деңгейіне қалай шығарамыз деп даурығып жатқанда, жеке қаламгерлердің шығармашылығы жасанды жолмен емес, табиғи жолмен сол деңгейге шығып та жатыр. Сондай қаламгерлердің бірі – ақын Әйгерім Тәжі (баспада Айгерим Тажи немесе Aigerim Tazhi). Ақынның жырлары бірнеше тілге аударылып, әлем әдебиетіне үн қосып жатса да, бұл ақынның шығармашылғы жайлы мәліметтер қазақ тілінде жоқтың қасы. Бұл мақаланың мақсаты – ақынның шығармашылығына жалпы шолу жасап, оқырмандарды Әйгерімнің ақындығымен таныстыру.

Әйгерім Тәжінің алғашқы өлеңдері 2002 жылы «Мусагет» қоғамдық қорының қолдауымен шыққан «Аполлинарий» журналынан жарық көре бастағанда, ақынның ерекше көзқарасы көптеген әдеби сыншылардың назарын аударған еді. Сол уақытта әдебиетшілер арасында дәйексөз ретінде көп қолданылған мына өлең жолдарын алайық:

Играем в крестики-нолики с Богом.

Он звезды рисует на небе, а я

Кидаю камни в зеленую воду.

Скучаем. Ничья.

Оқыған адам еріксіз езу тартады. Бір жағынан оғаш (провокациялық?) естілетін, екінші жағынан визуалдық әсері басым шумақтың бірнеше мағынасы оқырманға екі-үш рет оқыған соң ғана байқалады. Баяндаушы «біз» дегенімен, бұл өлең бір адам жайлы. Ол кім? Бүкіл әлемге бүлік жариялаған жасөспірім бе? Шығармашылық жайлы ойға қалған қаламгер ме? Әйгерімнің кейін «БОГ-О-СЛОВ» жыр кітабына жинақталған өлеңдеріндегі Жаратушының [Бог] тосын бейнесі жайлы мамандар әр түрлі пікір білдірді. Белгілі сыншы Виктор Бадиков «Мистикалық сөз-символды осылайша күтпеген әдіспен өз бейнесінен алшақтату – оның мәртебесін саналы түрде тұрмыстық деңгейге жақындатуды (обмирщение) ойға салады» - десе, Галина Климова: «Әйгерім Тәжінің уақыт пен шекара шарттарын қабылдамайтын ақындығының түп тамыры қасиетті кітапта жатыр» - деп жазды.

мне дорога на восток
там мой Бог
немой
прячется
плачет
в кругу незрячих
чудак
off

Қазақстандық жазушы Оксана Трутнева: «Еуропа мен Азияның, орыс және қазақ тілдерінің шартты шегіне бағынбайтын ақын бізді тілдер мен дүниетаным бір тұтасқан әлемге жетелейді» - деп талдады. Ресейдің ақыны Галина Ермошина: «Әйгерім Тәжінің сөз-шығармашылығы (словотворчество) жұмсақ. Сөз қауызын бүлдірмей, сөздің жаңа мәнін іздейді» - деп жазды.

Әйгерім Тәжі

Әйгерім Тәжі – сөздің көп мағыналық қасиеті мен көркем бейнені қатар қолданатын шебер суреткер. Ақынның қысқа да нұсқа минималистік көркем әлемі автордан айтпақ ойын барынша ықшамдап жеткізуді, ал оқырманнан әр сөздің мағынасына зер салып, мұқият оқу арқылы ақынның ойын тануды талап етеді. Бұл интерактивтік тәсілдің мақсаты екі жақты: көркем шығарманың берер эстетикалық әсерімен қатар, ақын оқырманды шығармашылық үрдісіне қатысуға, ақынмен бірге ізденуге шақырады. Ақынның тағы бір ерекшелігі – оның визуалдық бейне сомдауға ұмтылысы. АВТОПОРТРЕТ өлеңінде ақын өзін құдды бір импрессионист суретшідей былай суреттеген еді:

краски бутонами

майского ландыша

пара штрихов

на меня посмотри

жилки зеленые

кожа прозрачная

шесть лепестков

гусеница внутри

Оксана Трутнева бұл өлең жайлы: «Болмыс қуанышы, өз денесін сезіну аяқ астынан үрейге, жұлдызқұртқа, яғни болашақ өлімге айналады» деген пікір жазған еді. Менің пайымдауымша бұл жағымды метаморфоза: жұлдызқұрт әдемі көбелекке айналады, жас ақын шеберге айналады.

Ендігі таңда қазіргі Қазақ поэзиясының модернистік қозғалысын қалаған ақындардың бірі болып танылған Әйгерім Тәжі – әлем әдебиетінің өкілі. Ақынның жырлары Ресейдің Знамя, Дружба Народов, Новый Мир және басқа журналдарымен қоса АҚШ-тың Words Without Borders, The Massachusetts Review, Prairie Schooner және Kenyon Review сынды кәсіби әдеби журналдарынан жарық көріп жүр. «БОГ-О-СЛОВ» атты жыр кітабының авторы, Мәскеу қаласындағы «Ступени» әдеби сайысының лауреаты, «Дебют» әдеби жүлдесінің «Поэзия» номинациясы бойынша финалисті.

Әйгерім Тәжінің 2002 жылдан бері Ресейдің әр түрлі баспаларынан жарияланған «Внутреннее оперенье» (2009), «По подобию птицы» (2010), «неспящий в тибете» (2013), «Кадры из темноты» (2015) және «На пути к горнилу» (2016) атты өлең жинақтары ақынның талмас ізденісі мен бейнелеу шеберлігін кемеліне жеткізу ұмтылысының көрінісі. Мазмұн, форма және өлшем жағынан шектелмейтін ақынның нағыз жаңашыл жырлары шығыстың ақындық дәстүрлерінен, орыстың «күміс кезеңі» мен батыс модернизмінен бастау алады.

неспящий в тибете похож на таких же как здесь
луны циферблат растекается на небосклоне
спускается с гор поседевший на треть незнакомец
в руках несёт старые книги в них новая весть
и мимо проходит не глядя как будто ослеп
ногами ступает по лужам роняет страницы
на ветке засохшей кричит тонконогая птица
он входит в туман и за ним закрывается лес

Бір де бір тыныс белгісі жоқ, бірақ ырғағы мен ұйқасы берік бұл жыр ақынның «неспящий в Тибете» жинағын аяқтайды. Елес, түс, қиял көрінісі символдық мәні күшті «бейтаныс», «көне кітап», «хабар» (весть), «ши аяқ құс», «тұман» элементтерінен сомдалған. Бірақ бұл көркем әлемге ерекше мистикалық әсер беретін – осы көріністі аңдаған лирикалық кейіпкер. Метафоралық (күміс сағат/айғыз жүзді ай) бейне, шынайы әлем мен қиял шегін шаю әдістері кейіпкердің сезімін суреттемейді, керісінше, сезім көрінісін ұсынады.

2015 жылы «Новый мир» журналынан жарық көрген «Кадры из темноты» жырларында ақын бейнелеудің мүлдем басқа жолын қолданды.

У тревоги есть какой-то ритм.

Раз, и два, и три, и тишина.

Раз, и два, и три. Гляжу в окно.

Ночь для марта чересчур темна.

И напротив, в доме через двор,

тоже не уснули до сих пор,

за столом приборы стерегут

в тусклом свете. В теплом ли кругу?

Вот худая женщина несёт

искаженный оптикою торт.

Қандай да сезім жетегінде мазасызданған кейіпкердің үрейін алғашқы төрт жолдағы түнгі тыныштық, ызғарлы наурыз, тыстағы қараңғылық үдете түскендей. Ұйқас реті мен соңғы буынға түскен екпін де күйзеліс ырғағына үлес қосып тұр. Енді бір сәтте қарсы үйдегі әлсіз жарық, оптика әсерінен бұлдырай көрінген бейне жылуынан үміт сәулесі жылт етті. Ұйқас реті күрт өзгеріп, үміт әуеніне ұласты.

Көркем әлемде кейіпкерлердің сыртқы әлемге көзқарасы, не нәрсені қабылдауы оның ішкі күйіне тәуелді болады, ал осы күйді бейнелеудің жалғыз жолы – ақын және сыншы Т.С. Элиоттың тілімен айтқанда, «сезім формуласын құрау», яғни сол сезімді оқырманға жеткізетін «нәрселер тізбегін табу, жағдай сомдау». Әйгерім Тәжі – көркемдік әлем талаптары мен заңдылықтарын, ақындық мақсатын терең түсінетін ақын. Ол өзінің ішкі дүниесіне ғана үңілген сентименталды ақын емес, сыртқы әлемге зерделей қараған, ізденімпаз ақын. Ақынның әр жыры – сұлу сөз, ой, қиял, бейне әлеміне саяхат.

2014 жылы америкалық ақын Филип Метрес Dispatches баспасы үшін Әйгерімнен сұхбат алған еді. «Өлеңді қандай мақсатпен жазасыз?» деген сұраққа ақын былай деп жауап берді: «Неге жазамын дейсіз бе? Жазғым келеді. Бұны басқаша қалай айтуға болатынын да білмеймін. Тілмен, Сөзбен жұмыс істегенді ұнатамын. Мақсатым да сол. Одан басқа не болуы мүмкін? Ақындық – мансап қуып, табыс табатын сала емес. Сезімдеріме құлақ салып, өзіме сеніп, шындықты жазуға тырысамын».

Батыста Әйгерім Тәжінің ақындығына назар аударған алғашқы баспалардың бірі – Words Without Borders журналы. 2012 жылы осы журнал үшін ақынның бір өлеңін ағылшын тіліне Джеймс Кейтс (баспада Jim Kates) аударған еді. Джеймс Кейтс (1945) – әдеби аудармалары үшін АҚШ-тың өнерді қолдауға бағытталған Ұлттық Қорының грантына бірнеше мәрте ие болған кәсіби аудармашы-ақын. Бірнеше жыл Американың әдеби аудармашылар бірлестігінің президенті болған. Джеймс Кейтс сонымен қатар Латын Америка, Азия және Ресей ақындарын ағылшын тілді әлеммен табыстырған бірнеше кітаптың редакторы.

Қала қарбалысында зымырап өткен уақыт соңынан таңырқай қараған жас ақынның толғанысын Джеймс Кейтс былай деп аударды:

от воскресения до воскресенья
ставим крестики календарные
ждём спасения

оно приходит в виде воздуха горного

в газовой камере города…

from resurrection to sunday

we cross off dates on the calendar

waiting for salvation

it comes in an appearance of mountain air

in the gas chamber of a city…

Джеймс Кейтс

Ақынның жанын ақын түсінеді. Ақын ақынды аударса, екі тіл, екі мәдениет тоғысады. Осы мақаланы әзірлеу барысында Джеймс Кейтске хат жолдап, бірнеше сұрақ қойған едім. Аудармашы уақытының тапшылығына қарамастан, сұрақтарыма ықыласпен жауап[i] берді. «Әйгерімнің өлеңдерін аударғанда ең қиыны не болды?» деген сұрағыма ақын былай деді:

«Оқырман» және «аудармашы» деп бөле алмаймын, себебі мен аударғанда мұқият оқимын ғой. Әйгерім Тәжінің жырларын аударуды Words Without Borders журналының редакторы ұсынған. Оқығаным өзіме ұнады. Сөз қолданысында биязылық бар, сөз-ойын бар, бірақ бұның негізінде тілді тек қана бейнелеу үшін емес, көзқарасын білдіру үшін қолдануға деген байсалды ұмтылыс жатыр. Көңіліме қонған элементтер осылар. Жырларын зейін қойып оқып, ақынмен тілдескен сайын, қызыға түстім. Қандай да ақынды аударғанда ең қиыны ақынның үнін таба білу, ағылшын тілінде сол үнді жеткізе білу. Әйгерім Тәжінің жырларын аударғандағы қиындық та осы болды. Әйгерімнің өзінің ағылшын тіліне деген сезімталдығы көп көмек болды».

Әйгерім Тәжі Ресей, Өзбекстан және Армения сияқты жақын шетелдерде Қазақстан әдебиетінің өкілі ретінде танымал болса, алыс шетелдерде ол орыс тілді әдебиет өкілдерінің гильдиясына кірген санаулы ақынның бірі. 2015 жылы Atlanta Review журналының орыс тілді 50 ақынның шығармашылына арналған көктемгі нөмірінде Әйгерім Тәжінің «В сердце музыка жёвана-пережёвана» өлеңі Иосиф Бродский, Арсений Тарковский, Михаил Еремин және Шамшат Абдуллаев сынды ақындардың өлеңдерімен қатар жарық көрді. Орыс әдебиетін сырттай емес, іштей білетін аудармашыға қойған сұрақтарымның бірі осы жайлы еді. «Аудармашы не зерттеуші ретінде, Әйгерімнің ақындығын орыс тілді әдебиет кеңістігінен қалай анықтар едіңіз?» деген сұрағыма Джеймс Кейтс былай деп жауап берді:

«Бұл сұраққа жауап беру үшін алдымен мен зерттеуші емес, басқа ақынның өлеңдерін оқитын ақын екенімді баса айтқым келеді. Ал сұраққа келетін болсақ, кеше ғана, яғни 1980 және 1990 жылдары, лингвистикалық тұрғыдан қарағанда, орыс тілінде жазатын ақын Мәскеу және Санкт-Петербургтен тыс қандай да "провинцияда" тұрса, оның аудиториясы тек қана жергілікті оқырмандар, одан асты дегенде аймақтық оқырмандар ғана болатын. Туындыларын танытқылары келген қаламгерлер көне астаналарды мойындатуы тиіс еді. Бұл үрдісті біріншіден "прописка" ережелері, екіншіден - үлкен қалада тұрудың практикалық тұстары одан сайын қиындатты.

Орыс тілді әдебиеттің Мәскеу мен Санкт-Петербург қалаларында шоғырлану дәстүрі (орыс тілді диаспора ақындығын атамағанда) соңғы жиырма жылда ғана үлкен өзгеріске ұшырады. Бұған бір жағынан Интернеттің пайда болуы әсер етсе, екінші жағынан бұрынғы Кеңес империясы мен шетелдер арасындағы қозғалыс еркіндігі астана снобизмінің азаюына әсер етті. Бірақ Алматы бұл әдебиет астаналарынан әлі де қашықта.

Аталған орталықтардың өзінде, 19 және 20 ғасырдағы Каролина Павлова, Зинаида Гиппиус, Анна Ахматова, Марина Цветаева, Белла Ахмадулина және Юнна Морицтердің жетістіктеріне қарамастан, орыс тілінде жазатын әйел ақындардың шығармашылығына назар енді ғана аударыла бастады. 1998 жылы "Genius Loci" фестиваліне Мәскеу мен Санкт-Петербургтен 33 ақын қатысты. Соның арасында жалғыз әйел ақын болды. Бірақ 2007 жылы бір белгілі ақынның назарын осы мәселеге аударғанымда, ол бұл жәйтқа бұрын мән бермегенін айта келе, "қазіргі поэзиямыздағы ең қызықты дауыстардың барлығы әйел ақындарға тиесілі (all the interesting voices in our poetry now are women's voices)”- деп мойындады. Қашықта отырған Әйгерім Тәжіні осы қозғалыстарға тікелей қатысқан ақын және сонымен қатар осы өзгерістер пайдасына асқан ақын деп білемін».

Әйгерім Тәжінің 2004 жылы «Мусагет» қорының баспасынан шыққан «БОГ-О-СЛОВ» атты жалғыз жыр жинағын сатып алу тілегім орындалмады. Басылған шағын данасы сатылып кетіпті. Қазақстан мен Ресейдің әдебиет кеңістігінде маңызды орын алып отырған ақынның жыр жинағын Қазақстан баспагерлерінің оқырмандарға әлі күнге дейін ұсынбағаны өкінішті нәрсе. Бірақ «қолда бар алтынның қадірі жоқ» демекші, Джеймс Кейтс бұл жағынан да жақсы жаңалығын жеткізді. Әйгерім Тәжінің жыр кітабы АҚШ-тың бір баспасынан шыққалы жатыр екен. Батысты мойындатқан ақын қызымыздың қос тілді жыр кітабын асыға күтеміз!

Әзірлеген Зәуре Батаева


[i] Джеймс Кейтстің хатын ағылшын тілінен қазақ тіліне аударған Зәуре Батаева


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар