Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Айгүл Сейілова: Мен – шындықпын, жақындама күйесің...

25.05.2016 3494

Айгүл Сейілова: Мен – шындықпын, жақындама күйесің!

Айгүл Сейілова: Мен – шындықпын, жақындама күйесің! - adebiportal.kz

1383486_553247001390814_275754627_n.jpg 
 

Әр жылдары жазылған өлеңдер: 



   
Қатал қоғам асырады жанымды,  
Жаутаңдатып әділетсіз пендеге.  
Миығынан күлген ақыл бағынды,  
Қонақ болу осы шығар жерге де?  
   
Сол ақылға керегі де ұсақ тым,  
Қайдан ұқсын ем іздеген жанымды?  
Ауырмайтын, тұрақсыздау құшақтың  
Жарық ете алмайтынын таңымды.  
   
Безіп жүрмін бәрінен де безектеп,  
Дәл осы бір жанды сақтап қалардай.  
Маған да бір наз айтатын кезек кеп,  
Мөлдіреген ұят көктен тамардай!  
   
Қатал қоғам асырайды әлі де  
Мұңды сүйген менің мылқау жанымды.  
Еліктіріп есі ауысқан сәніне,  
Қайта-қайта қинай берер арымды.  
    

***  
   
   
Жанықпа жаным, жанықпа,  
Жасын түсіріп жарыққа.  
Табыттан тәнді танытпас,  
Өртеніп өлу шабытқа.  
   
Жанықпа жаным, жанықпа,  
Аспанда мейлің қалықта.  
Жүрекпен нәзік жүйкеңнің,  
Уілін тербеп шалықта.  
   
Жанықпа жаным, жанықпа,  
Сенің де құның жарықта.  
Жалғыздың сорын білесің,  
Жазмыштың сорын дарытпа!  
Жаныға көрме, жанықпа!  
   
   
***  
   
Есіміңіз кім болады, Періште?  
Не бар сізге жердегі қан төгісте?  
Аярларды бір көргіңіз келді ме,  
Кездеспейтін болғаннан соң бейіште?  
   
Жақсылыққа жол бастайтын бір лебіз  
айтыңызшы, бар беретін жүлдеміз.  
Одан кейін мына сұрғылт жалғанды,  
Біз сияқты ұмыта алмай жүрмеңіз.  
   
Болмашыға бауыр басып... сұмдық-ай.  
Өле алмайтын өмірсүйгіш жындыдай  
Тұрысыңыз шошытады, әйтпесе,  
Ешкімге де айтпас едім сыр бұлай.  
   
Еншіңізге бұйырғандай паң ғалам,  
Неге жүрсіз күндей күліп, таңданам!  
Жүрегіңді езіп бітер сезімдер,  
Кеудеңізде әлде бүршік жармаған?  
   
Сіз періште болдыңыз-ау  расында?  
Не бар онда сайтандардың қасында?  
Енді ешкімге көрінбей-ақ қойыңыз,  
Тақсірет бар әркімнің өз басында,  
Жақсылық бар әркімнің өз басында!   
   
   
***  
   
   
Аспанның астында, қара жер бетінде,  
Қақаған аяз бен қара жел өтінде  
Қалтырап тұрмын мен қабағым қабарып,  
Жаз жарқын жылдарым жанымнан өтуде.  
   
Зулайды жылдарым елесін құштырып,  
Гулейді жылдарым үміт боп үшкіріп.  
Түс көрген пендедей таңырқап қараймын,  
Сұңғыла санамда сайтандар ышқынып.  
   
Қалайша үйренгем суыққа түнеуді,  
Несіне сүйгенмін у ішкен біреуді?  
Көңілім шошыған сұмдықтың бәріне,  
Бүгінде неліктен тағдырым сүйеулі?  
   
Есерсоқ қалыппен есіріп өспеп ем,  
Жылауға құлқым жоқ, күлуге сескенем.  
Жарымес жалғыздық айыптай береді,  
Сезімдер бардай-ақ басымнан кешпеген!  
   
Аспанның астында, қара жер бетінде,  
Қақаған аяз бен қара жел өтінде.  
Жылдармен қоштасып, жылы оймен емделем,  
Жанымның түбіне мәңгілік бекуге...  
   
   
***  
   
Ызалымын, түсінуден кеткенмін.  
Түкке тұрмас тексізге де кектендім.  
Мазағы мен машақаты аралас  
Сезіміме орнатылған өткелмін.  
   
Жақсымын мен, жақсылығы аз ғана,  
Өкпелеме не бітірмек аз дара?  
Парасаттан туылғаным ақиқат,  
Дөрекілеу сезімдерді қозғама.  
   
Азаппын мен, жоқ басқаша есімім,  
Бақытты да мұңайтады кесімім.  
Енді қайтып туылмаймын ешқашан,  
Жалғыз Ием жасай қалса кешірім...  
   
Сен түгілі ренжітетін Иесін,  
Мен – шындықпын, жақындама күйесің!  
Өтіріктің көзін сүйген талайға,  
Ұқтырмақ ем шын махаббат киесін...  
   
   
Жалғыздыққа  


Өткен өмір өте берсін,  
Сіз кінәлі емессіз.  
Бар игілік төте келсін,  
«Керегі не» демессіз.  
   
Менің асау армандарым  
Сізге құштар етпейді.  
Қайтейін-ау жалғандамын,  
Сырт айналып өтпеймін...  
   
Өткен өмір менен де өтер,  
Құрметтеймін дәл Сізді.  
Құшақтап ап өлер ме екем,  
Таңырқатып әлсізді?  
   
Жанымдасыз, тіршіліктің  
Тылсымына сүйрелеп.  
Мұздатады бір сынық мұң  
Қу тәнімді күйгелек.  
   
   
***  
   
Жастықтың жазында көгілдір.  
Жүректен маржандай төгіп жыр.  
Таңырқа, ғашық бол, себебі,  
Тәкаппар, аяулы өмір бұл!  
   
Жастықтың жазында сәулелі,  
Жұпарға толтырып кеудені.  
Ақиқат жолын сен таңдап ал,  
Болса да бұралаң, әурелі.  
   
Жастықтың жазында шіліңгір,  
Жаныңды кей-кейде  түңілдір.  
Өлімнің әйнегін қақпай-ақ,  
Ғайыпқа абайлап үңіл бір.  
   
Думаннан қайтқанды таң қыла,  
Жастықтың жазында жарқыра,  
Жаныңның жұмбағы қалсын тек,  
Тең болып өмірдің нарқына.  



Ілиясыма  


Өмірім ұзарған сияқты.  
Көңілім тазарған сияқты.  
Ұлымды құшақтап отырып,  
Жұртыма жыр жазам миятты.  
   
Әлдилеп титімдей өренді,  
Ерітем іштегі шеменді.  
Ақ ботам алғыр боп өссе екен,  
Аспанға жеткізіп төбемді.  
   
Ақжейде көңілден күліп тек,  
Жарқылдап тұрса екен жігіт боп,  
Әке мен ананың ең жақсы  
Қырлары қалса ғой сіңіп тек.  
   
Ол әзір тым нәзік, қырмызы.  
Жоғары болар ма жұлдызы?  
Ат қойып, ақ бата бергендер  
Алаштың таңдаулы ұл-қызы.  
   
Биіктеп кетпесе ар ойлап,  
Таңдары тұрар ма арайлап?  
 «Алла жар болсын-деп ботама»,  
Маңдайын иіскеймін абайлап.  
   
   
***  
   
Мен бәйге деп түсінемін өмірді,  
Сығып бітер арам, ащы теріңді.  
Шапқылайсың арғымақпен рух атты,  
Алла атымен шарт буынып беліңді.  
   
Еркінсітпес өр мінезді жер кімді?  
Еліресің ер-тоқым ғып еркіңді.  
Жүйткисің кеп жалғыздығың ұмыт боп,  
Жанарыңда ойнақшытып сертіңді.  
   
Пәк көңілді алмау үшін кірлетіп,  
Шаң қаппауға ойың тағы тұр бекіп.  
Мұң мен сырды түйіп алып жүрекке,  
Зулайсың кеп Тәңіріден үн жетіп...  
   
Арғымақтың шаң қаптырар қолқасын,  
Ит-тірліктен сен де әрине қорқасың.  
Тәуекелің жол табады ондайда,  
Мекендейтін екі дүние ортасын.  
   
Кімдер мақтап, кімдер сені даттайды,  
Жүйткіп кеттің, бұл ой басқа соқпайды.  
Бір білерің, аманаты бабаңның,  
Кеудеңдегі көк күмбезді сақтайды...  
   
Жер бетіне бақ орнатар мәуелі.  
Жан-дүниең – жасыл сезім әлемі.  
Аспан түстес азаттығың тұр баста,  
Намысыңды биіктетер әуелі.  
   
Үміт-шырақ, күдік деген сан сұрақ.  
Сан сұраққа бойлай бермес жан шыдап.  
Екі келмек жоқтығы үшін жалғанға,  
Тістенесің тұлпар-рухты қамшылап.  
   
Мен бәйге деп түсінемін өмірді,  
Қаперіңе нұр ғып құяр сенімді.  
Арғымағың болдырмасын албырт шақ,  
Ұмытпағай арды сүйген тегіңді.  
   
Алау көңіл, жалау жүрек жас буын,  
Өмір осы – сұңғыла етер тас-түйін.  
Бәйге алаңын тастай көрме, мәреден  
Қарғып өтіп қақшып алмай бақ туын!  
   
   
***  
   
Жарық нұрын төгетін  күн Сіздерге,  
Иілетін  нәп-нәзік гүл Сіздерге!  
Жандарыңыз, шіркін-ай,  қандай қазір  
Ізгілік тұнып тұрған бір кездерде?  
   
Аспан әнін айта ма жырсыз жерге?  
Мұңыңды түсіне ме  дымсыз кеуде?  
Неге менен қашықтап кеткенсіздер,  
Өмірді   тәуелді ғып күнтізбеге...  
   
Жарық нұрын төге ме күн Сіздерге?  
Дәл қазір иіле ме гүл Сіздерге?  
Мынау мөлдір әлемде адасып ек,  
Сыр айтып жүрмейікші  сұр күздерге... 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар