Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Айгүл Үсен. Әйелдің жұмбақ әлемі: Шолпан мен Эм...

20.08.2018 6122

Айгүл Үсен. Әйелдің жұмбақ әлемі: Шолпан мен Эмма

Айгүл Үсен. Әйелдің  жұмбақ  әлемі:  Шолпан мен Эмма - adebiportal.kz

Біртуар жазушы М.Жұмабаев шығармашылығын әлемдік әдебиеттің озық үлгілерімен сабақтастыра талдау оның шығармашылығын әлемдік арнада тану үшін, оның көтерген мәселелерін жаңа сипаттарын ашу үшін және шығармашылық тұлғасын әлемдік деңгей тұрғысынан бағалау үшін маңызды.

М. Әуезов айтқан Мағжан шығармаларының еуропалығы аса жарқын көрінетін шығарма – «Шолпанның күнәсі» әңгімесі. Бұл әңгімеде таңқаларлығы – ХХ ғасырдағы Еуропа әдебиетіне тән психологиялық үрдістің терең, әрі асқан шеберлікпен көрінуі. Еуропа бұл үріске қоғамдық және әдеби дамудың бірнеше ғасырын, түрлі формаларын салып жетсе, Мағжан қазақ прозасының жаңа туған кезеңінде-ақ игерді. Бұл әңгіме әйелге тақырыбын ұлттық таным мен болмыс тұрғысынан сипаттай отырып, әлем әдебиетінің шеберлері Л.Толстой, О.Бальзак, Г.Флоберден көрі тереңге тартады. Әлем әдебиетінде әйел опасыздығы арқау болған шығармалар өте көп. Олардың ішінде тереңдігімен, шынайылғымен ерекшеленетін француз классигі Г. Флобердің «Бовари ханым» атты кесек туындысының жанынан әйел тағдырын баян ететін М.Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» әңгімесі де орын алады. Әдебиетте әйел опасыздығы отбасы шеңберінен шығып, белгілі бір қоғам заңдылығына қарсы әйелдің бас көтеруі ретінде бейнеленіп келеді. Олардың шығармаларына арқау болған әйелдерді опасыздыққа итермелеген себептер арқылы қоғам мен заманның әйел тағдырына байланысты көтерген белгілі бір мәселелеріне назар аударады.

Мағжан осы әңгімені жазған кезде қазақ әдебиетінде әйел тақырыбы, әйел теңдігі өзекті мәселеге айналған-ды. С.Торайғыровтың «Қамар сұлу», М.Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» атты романдарында, басқа да қаламгерлердің шығармаларында бас еркінсіз сүймеген адамға зорлықпен қосылып жатқан жас қыздардың трагедиясы көп айтылды. Жиырмасыншы ғасыр басында әйелдер теңдігінің жалпыұлттық деңгейде көтерілуінің мәні ұлт бостандығының бір сипаты ретінде танылуында болды. Ескіліктің тырнағында қалып жараланған жастардың махаббат еркіндігі ұлт болашағы үшін маңызды еді. Осыны сезінген талантты қаламгерлердің барлығы дерлік бұл тақырыптан тыс қала алмады. Әйелдер тақырыбы Г.Флобер өмір сүрген кезеңде де аса кең тарады. О.Бальзак, Г.Мопассан, Ж.Санд, Стендальдің романдарында француз әйелдерінің қаншама галереясы жасалды. Әйел туралы жазу- өмір туралы жазу деген пікір осы кезеңде туындаса керек. ХYIII ғасыр әйелдердің азаматтық санасы оянып, оқу мен білімге ұмтылып, бас көтеріп, еңсе түзей бастаған дәуір еді.

Бұл тақырыпқа Мағжан өзіндік таным мен шеберлік тұрғысынан келді. Өзінің тереңдік деңгейіне сай бұл проблеманы «Шолпанның күнәсі» әңгімесінде беріден емес, әріден, түбінен қозғайды. Әңгіме кейіпкері Шолпанды сол заманындағы теңіне қосыла алмаған мұңлықтардан өзгеше етіп алады. Шолпан өз тағдырына өзі ие болған, бақыттан басы айналып, оны тіпті баладан да қызғанған жан ретінде көрінеді. «Мал орнына сатылып, жаны сүймеген жанға жар болатын қазақтың сансыз қыздарының ішінен әлдеқалай өзінің сүйгеніне тиген Шолпан...». Оның махаббатының қуатын автор оның бүкіл арман- тілегінің жарының жалғыз ауыз мән бермей айта салған «Балалы үй – базар, баласыз үй – мазар» деген сөзі жүрек соғысы мен өмір ағысын мүлдем кері айналдырып жібергенімен нақ әрі қысқа жеткізеді.

«Бір өмір үшін емес, екі өмір үшін» сүйген жарына опасыздық еткен Шолпан өзі үшін емес, екеуі үшін шешім шығарды. Бірін-бірі сүйген адамдар арасында сыр болмауы керек емес пе, Шолпан да жаны қалап шыққан жарымен ашық сөйлесіп, басқаша шешуге болар еді ғой деген ой туары анық. Бұл, әрине, қазіргі қоғам түсінігі тұрғысынан айтылған пікір. Ол кезде әйел бедеу болса, оның жаны мен жүрегіне кім қарапты? Ұрпақсыз өтпеу керек деп қоғам, одан қалса еркектің өзі көп ұзамай, басқа әйелмен отасып бақытын табады, бедеу әйелмен кім санасыпты? Ал еркек бедеу болса ше, әйел ана болу бақытын тәрк етіп, еркектің көлеңкесіне айналып, өмірін оның қас-қабағына қараумен өткізу керек. Бұл Шолпан қоғамының жазылмаған заңы. Мағжан әйелдің осындай қоғамдағы төмен деңгейіне әлемдік әдебиетте назар аударып, әйелдің гендерлік теңсіздігінің түп-тамырын тереңнен іздеген суреткер.

Француз әдебиетінің жауһарының бірі – Г.Флобердің «Бовари ханым» шығармасы да әйел опасыздығының мәніне үңіледі. «Мадам Бовари» шығармасының бас кейіпкері Эмма да ерекше жаратылысымен көрінеді. «То была натура, при всей своей восторженности, рассудочная: в церкви ей больше всего нравились цветы, в музыке - слова романсов, в книгах - волнения страстей, таинства же она отвергала, но еще больше ее возмущало послушание, чуждое всему ее душевному строю». Орта ғасырдың махаббат шығармаларын оқып, өмірді сондай романтикамен, сұлулықпен қабылдайтын Эмма шынайы өмірдің шындығына көнгісі келмейді. Эмманы өзгелерден ерекшелейтін өзіндік танымы мен болмысы болса, Шолпанды өзге қазақ қыздарынан тағдыры өзгеше етеді.

Әйелдің табиғи жаратылысы – ана болу қасиетіне балта шабылуы оған жасалған қиянаттың үлкені. Шолпан да осы қиянатқа көнгісі келмейді. Әңгімеде оны жасап отырған оның сүйген жары. Оған жасатып отырған сол қоғамның жазылмаған заңдылығы. Жарайды, Сәрсенбай Шолпанға деген махаббаты үшін оны кешіріп, сол баланың туылуына мүмкіндік беріп, Шолпанның әрекетіне лайық іс істесе ше? Онда Сәрсенбай еркек қатарынан аластатылып, ез атанып, адамдар санатынан шығып қалар еді. Шолпанды «Неге ол аузына тас салғандай үндемейді? Ол бірдеңе десе, Шолпан да айтар еді. Өзінің не үшін күнә қылғанын, бала үшін ойнас қылғанын айтар еді». Шығармада Сәрсенбай сүйе тұра Шолпанның ішкі дүниесін түсіне алмайтын, күндізгі күрсінісі мен түнгі төккен көз жасының сырын ұқпайтын жан сияқты көрінеді. Мүмкін, ол ұғатын да шығар, бірақ мойындамайды. Оны мойындатпайтын – оның ер-азаматтық намысы. Оның түсінігінде бедеулігін өзі мойындағандай, Шолпан да өз тағдырындай қабылдап көну керек еді. Сондықтан ол: «Мен саған бала тауып бер дедім бе?» - деп Шолпанды жазғырады.

«А между тем разве мужчина не должен знать все, быть всегда на высоте, не должен вызывать в женщине силу страсти, раскрывать перед ней всю сложность жизни, посвящать ее во все тайны бытия? Но он ничему не учил, ничего не знал, ничего не желал. Он думал, что Эмме хорошо. А ее раздражало его безмятежное спокойствие, его несокрушимая самоуверенность, даже то, что он с нею счастлив» – деген үзіндіде тұрмыс құрсауындағы Эмманың көңіл-күй мен ой-қиялы, күйеуі Шарльдің барына қанағаттанған сұрқай, біртоға тірлігіне наразылығы жеткізіледі. Эмма да күйеуі тарапынан түсіністік таппай, кінәлайды.

Ер адамның әйеліне жасаған опасыздығы қатаң жазаланбай, оның бір сәттік әлсіздігі ретінде қаралатыны белгілі. Ал әйел опасыздығы барлық қоғамда аса қатыгездікпен қараланып, жеккөрінішке толы болатыны белгілі. Сондықтан отбасы ер азамат опасыздығынан бұзылмай сақталып қалатын болса, әйел адам опасыздығы отбасын үлкен трагедияға соқтырады. Оның себебі, біріншіден, әйел үйдің негізі, отбасы ұйтқысы ретіндегі маңызды роліне байланысты болса, екіншіден, ер азамат намысының, өзіндік бағасының жоғары қоятын өзімшілдігіне байланысты. Психологтардың пайымдауынша, отбасында бұл ар-намыстың мәселесіне тікелей қатысты болғандықтан, ер азаматты күйзелтіп, үлкен соққы болып тиеді. Ері опасыздық жасап жүрген әйел қоғам аянышын тудырса, әйелінен сондай «сый» алып жүрген ерлер күлкіге ұшырап, қоғам алдында төмендейтіні де осыған байланысты. Сондықтан Сәрсенбай да Шолпанның өзіндік «менін» ұғынып, жалпыға міндетті жазылмаған заңдылықтан аттап кеткенін, өзінің жасырын сырын әшкерелегені үшін кешірмейді. Негізгі мәселені махаббат сезімімен сабақтастықта өруі, сүйген адамның қанша сүйдім дегенмен, әйелге жеке тұлға ретінде қарамай, «әйел ер адамның қабырғасынан жаралған» деген жалпы түсінікке орай өзінің бір бөлшегі ретінде санап, өзіндік менін жоғары қоятындығын шынайы суреттейді.

Ер адамдар үстемдігіне негізделген патриархаттық қоғамда қай кезде болмасын еркектің бедеулігі көбінесе әйелдің бедеулігімен бүркемеленеді. Ол қазіргі ер мен әйел тең қоғамда да кездесіп жататын жағыдай. Қазіргі қоғамда ер адам бедеулігі медицина мен демографиялық дамуда басты мәселелердің біріне айналды. Көп отбасында бала туылуының шектелуі ерге байланысты болса да, ол жасырылып, ондай кінәратты әйелдер өз атына алады. Себебі қоғам әлі күнге ер адамның ондай әлсіздігін мойындауға дайын емес. Сондықтан Шолпан оқытылды, түндерде жылады, тынбай тіледі, ақыры сүйген жарына опасыздық жасады, күнәға батты. Әйелге жаратылысынан берілмеген үлкен жауапкершілікті өзіне алды. Әйелдің негізгі міндеті ұрпақ жалғастығы екенін іштей түсінген Шолпанның өзінің табиғаттан, жаратылыстан берілген құқын талап етуі, оған жету үшін жасаған нақты қадамдары ол заманда әйел тарапынан жасалған зор тәуекел еді.

Мағжан әңгімесінде Шолпанның жалғыз сырласы Жаратқан, онымен тілдесіп, сырласып, ешкімге ашпас мұңын шағады. Жаратушының Шолпан санасындағы бейнесі, оның мінез-құлқының түрлі сипатта берілуі әйелдің алғаш жаралғаннан бергі ролі, жазушының әйел теңсіздігі тақырыбын сонау түп бастаудан тапқан тереңдігін танытады.

Флобер Эмманың трагедиясын қоғамдағы әйел орнының төмендігі мен қалыптасқан әлеуметтік жағыдайды бұзып-жарып шыға алмайтын уақыт пен заман құрсауынан көреді. Флобер: «Мадам Бовари - менмін» деп, өз кейіпкерінің әрекетін өзгеге түсіндіргісі келсе, Мағжан да кейіпкері Шолпанның жүрек тереңіндегі сырларын өз ойларымен астастыра өріп, оның жанын терең сезінеді, оның сырын ешкім ұғына алмайтынына жаны аурады.

Қазақ әдебиетінде әйел күнәсі белгілі бір ерекшеліктерімен көрінеді. Махаббат үшін күнә жасаған әйел періште биігіне көтеріліп, өз еркінен тыс күнәһарлықтың шыңырауына құлайды да опат болады. М.Әуезовтің «Қаралы сұлу» шығармасындағы кейіпкер сүйген жары өліп кетсе де, табиғат заңдылығына барынша қарсыласып баққанымен, санасы өз әрекетін бақылай алмайтындай шегіне жеткенде қойшы шал Болатқа беріліп, оның биік идеалы жеңіліс табады. Ал Шолпан әке болуға лайық жанды іздеуде салқынқанды, есепқор болғанымен, соңында мақсатынан жаңылып, тән құмарлығынан жеңіліс тауып, теріс жолдан шыға алмай, өзіндік махаббат идеалын ғана емес, өмірлік мұратын да жоғалтып алды. Ә.Кекілбаев «Аңыздың ақыры» романында ханша күнәсі оның түсі аясында алғанымен, оның әрекетінде әміршіге деген іңкәр сезім мотиві негізгі позицияда. Аталған шығармалардағы күнәға батқан үш кейіпкердегі сабақтастық - олардың жүрегінде жанған шексіз сүйіспеншілігі. Өз ырқынан тыс күнәға батып, оның салдарын өз өмірімен өтейтін тағдырдың қатыгездігі әйел күнәсі туралы шығармалардың өн бойындағы алтын арқауы.

Әңгіме мотиві бала болғанымен, арқауы - махаббат. Сүйген жанның сүйген адамы үшін бақытқа ұмтылған асыл тілегі, іңкәр сезімі. Кейіпкер өзінше жол тапқанмен, тағдыр өз шешімін ұсынды. Тағдыр туғанда жазылып қояды дегенмен, ол қалыптасатын уақыт пен кеңістік, қоғам мен орта, адамның өзіндік болмысы деген көптеген факторлар ұштасады.

Шолпан Сәрсенбай үшін көзіне шөп салған күнәһар болса, Әзімбай үшін желік қуған жеңілтек жеңге ғана. Ал өзгелер үшін ар-намысына қара күйе жағылған, қар қатын. Оның «ізгі күнәсінің» шын мәнісін ешкім білген де, сезген де жоқ. Шолпан ешкімге жан сырын ашқан жоқ. Ол туралы автор мен кейіпкердің ойы сабақтаса өріледі: «Бірақ Шолпан жүрегіндегіні ешкімге ашқан жоқ. Ашқанмен олар ұға алар ма еді? Тегінде адамның жүрек сырын шеттің ұғуы мүмкін емес нәрсе емес қой. Теңіз терең емес, адамның жаны терең. Су түбінде жатқан зат жел толқытса ғана шықпақ. Ой түбінде жатқан сыр шер толқытса да шықпақ емес. Дүниеде адамнан қиын жұмбақ жоқ. Адам – шешуі жоқ жұмбақ. Шешуі деп атауға болатын болса, адамның шешуі жалғыз өлім». Бұл Шолпанның ойы ретінде берілгенмен, ақынның өзінің де көзі жеткен шындығы. Шолпан жүрек сырын бәрібір ешкім түсінбейтінін білді. Әлсіздігін мойындап, соңында бақытынан бас тартып, лағынет айтты. Бұрынғы күнін аңсады. Ештеңе өзгерткісі келмеді. Алғашқы бақыт туралы «Ендеше осы батып бара жатқан өмір кемесін бақыт жарына кім шығара алады... Шолпан. Жалғыз Шолпан. Бір өмір үшін емес, екі өмір үшін Шолпан осыны істеуге міндетті. Шолпан бала табуға міндетті...» деген батыл ойларынан, бағытынан жаңылды. Жаңылдырды. Әйелдік әлсіздігі мен қоғамның тегеуріні, уақыттың өзімшілдігі. Ол туралы автор ойы төмендегіше өріледі: «Ердің аруағы басса, әйел адамдықтан шығып жоққа айналады. Есінен айрылады. Тілі байланады. Әсіресе әйел бұзықжанды болмаса. Ол уақытта әйелдің ердің көнгіш күңі болуында еш дау жоқ. Шолпан осындай әйелдің бірі еді. Жанынан денесі, денесінен жаны айрылмайтын. Кімге берілсе де, жан-денесімен түгел берілетін әйел еді» шығарманың өн бойында кейіпкер болмысына арнайы тоқталып сипаттама берілген тұс осы ғана. Осыған дейін Шолпан жан диалектикасымен көрінсе, осы тұста оның психологиялық мінездемесі беріледі. Шығарманың түйіні де осы. Кімге берілсе де жанымен, тәнімен тұтас берілетін Шолпан трагедиясы оның болмысында. «То была натура, при всей своей восторженности, рассудочная:в церкви ей больше всего нравились цветы, в музыке -слова романсов, вкнигах - волнения страстей, таинства же она отвергала, но еще больше еевозмущало послушание, чуждое всему ее душевному строю.» Бұл Эмманың сипаты. Романда Эмманың сыртқы келбеті де ішкі мінез-құлық мазмұны да терең ашылады. Шолпан сияқты оның да іс-әректінен көрі ішкі болмысы ширақ, шынайы суреттеледі. Әр жағыдайда оның екіге жарыла әрекет еткені байқалады. Жалпы ортаға сай әрекеті мен сыртқы ортаға білдіре қоймайтын өзіндік шын құлқы. Шарльді жек көріп тұрып, құшақтауы сияқты бір-біріне қайшы әрекеттердің суреттелуі оның сыртқы әлем ішкі әлемінің терең қайшылығын көрсетеді. Эмма мен Шолпанның ішкі дүниесінен айналасындағылардың хабарсыз болуы, түсінбеуі, ой-қиял диалектикасының белсенді көрінуі екі шығармаға да ортақ сипаттар. Мағжан модернистік әдістің сана ағымын пайдаланса, Флобер классикалық әдебиеттің психологиялық сипаттауларымен жазады.

Психологиялық әдебиеттің басты сипаты кейіпкердің болмысын сомдаудағы оның ішкі дүниесін теріс аудара отырып көрсетуінде. Адам жауы сыртта емес, өзінің болмысында. Адамзаттағы туындап жатқан қиындықтар барлығы жеке адамның бойындағы жеке қасиеттерден туындайтын жаратылыс пен тіршіліктің тұтас бір күрделі ағза екендігін дәлелдеген әлемдік әдебиеттің озық үлгілерінен айқын көрінеді. Жеке адамның адамзат әлеміндегі негізгі орнын айқындап, оның әлемдік қозғаушы күш ретіндегі зор қуатын нақтылай түсетін модернистик әдебиеттің мазмұндық белгілері жинақтай беріледі. Жеке адам проблемаларын сыртқы факторлардан емес, ішкі мазмұннан табу мәселесі кейіпкердің тұңғиық дүниесіне үңілу арқылы шешіледі.

«Сәрсенбай –некелі ері болса, Әзімбай – баласының атасы». Шолпан ойының еркіндікке ұмтылған, теңдікке теңдескен тұсы осы. Бала үшін жасаған күнәсін ізгі күнәға балап, Әзімбайды ойнас қана емес, баласының атасы ретінде қабылдауы Шолпанның ана болсам деген тілегінің нәтижесі ғана емес, сана-сезімінің тәуелсіздікке ұмтылған, теңдікке ұмтылған күрескерлік рухы да. Бұл туралы мағжантанушы белгілі ғалым Ш.Елеукенов ойын төмендегіше сабақтайды: «...Осының арқасында бала көру сияқты қарапайым тақырып биік адамгершілік өреге көтеріліп, адамның құлықтылығы, бас бостандығы проблемаларына ойысады.»

Г.Флобер романында Эмманың жары Шарль оны беріле сүйгенмен тынымсыз бебеулеген жанын түсінбеді. Шынайы тұрмыстың сұрқайлығына төзе алмаған Эмманы жар махаббаты да, кішкентай қызы да құтқара алмаса, Шолпанды да құтқару мүмкін емес. Шарль мен Сәрсенбай бейнесі сүйген адамдарды түсіне алмауымен ұқсас құрылғанмен, Шолпан мен Эмма екі басқа. Сүйген жарға деген махаббат сезімі Шолпанның бүкіл өмірінің мәні болса, тіпті күнәнің өзін екеуі үшін жасаса, Эмманың өзімшілдігі басым. Отбасы психологиясын ғылыми жүйеде зерттеп жүрген психолог мамандардың айтуынша, жұбайлық өмірде адамның эмоционалдық қажеттіліктерін қанағаттандырылмаса, ол оны басқа жақтан іздейтіні анық. Мадам Бовари де сүйген жары Шарльдің оттай лауламайтын, бірақ ауадай көрінбей, жанынан бір сәт алыстамайтын мөлдір махаббатын місе тұтпай, сезім жарқылын іздеп аласұрады. Сезім сұлулығы ол үшін басты мәселе. Оның ойынша, махаббат сынды сезім осындай көріксіз, көңілсіз, көмескі болмауы керек. Ол өзі оқыған серілік романдардағыдай жарқын, биік, ерлік пен өрлікке, сезім мен құмарлыққа бай болуы тиіс. «Шарль, видимо, не догадывался о ее душевной пытке, и это приводило ее в бешенство. Он был убежден, что создал для нее счастливую жизнь, а ей эта его уверенность казалась обидной нелепостью, она расценивала ее как проявление черствости. » Эмма шағын ауылдың қарапайым емшісі Шарльмен сүріп жатқан өмірінің шынайы сипатын еш қабылдамайды. Өмірдің қоңыр тірлігінен жанұшыра қашып, күнәға батады. Өз санасы мен жүрегінде орныққандай ынтызар көңілдің дауылын іздеп аласұрады. Эмманың трагедиясы биік махаббатты армандауда батылдық танытқанында емес, сол арманға жету үшін ымырасыз күресте де емес, оның осы тілектерінің еш орындалмайтынында. «Как она жаждала сейчас той несказанно прекрасной любви, которую некогда старалась представить себе по книгам!

Ну что ж, все равно! Счастья у нее нет, и никогда не было прежде. Откуда же у нее это ощущение неполноты жизни, отчего мгновенно истлевало то, на что она пыталась опереться?.. Но если есть на земле существо сильное и прекрасное, благородная натура, пылкая и вместе с тем тонко чувствующая, ангел во плоти и с сердцем поэта, звонко струнная лира, возносящая к небу тихие гимны, то почему они не могут встретиться? О нет, это невозможно! Да и не стоит искать - все на свете обман! За каждой улыбкой кроется зевок от скуки, за каждой радостью - горе, за наслаждением - пресыщение, и даже после самых жарких поцелуев остается лишь не утоляемая жажда еще более упоительных ласк.» Романда қиялдағыдай сұлу сезім мен әлемге ұмтылған Эмманың өмірдің қатал заңдарымен қайшы келіп, оның әлемінің бұл шынайы қоңыр әлеммен еш сәйкес келмейтінін бай нақсүйері Родолф, банкирлер, дәріханашы Оме т.б. қоғамнан орнын тауып бақытты, қуатты, реалист, есепқорлар қауымының қысымы мен әрекеттері өлімге итермелейді. «Она испытывала отвращение ко всему, даже к себе самой. Ей хотелось
вспорхнуть, как птица, улететь куда-нибудь далеко-далеко, в незагрязненные
пространства, и обновиться душой и телом».

Дәл осындай күй, өмірден жеру, жан дүниесі мен сыртқы өмірлік факторлардың өзара сай келмеуінен азап шегу екі әйелге де ортақ. Шолпан да өз арманына жету үшін барлығын тәрк етті. Бірақ соңында өмірінің мәні болған махаббатынан айырған балаға лағынет айтып, оның орындалмас арман екенін мойындайды. «Махаббат жібі үзілді. Өмір бұзылды. Бәріне лағынет жаусын! Өмірді улаған сол балаға лағынет жаусын!». Оның тілегінің өмірмен еш сәйкес келмейтінін ұғып өз трагедиясын мойындады. «Эмма в сердцах сказала: "А я бы отдала тебе все, я бы все продала, я бы работала на тебя, пошла бы милостыню просить за одну твою улыбку, за один взгляд, только за то, чтобы услышать от тебя спасибо"» сүйгені Родолфтан отбасын құтқару үшін ақша сұрап барғанда ол дәулеті бола тұра оған көмек беруден бастартқандағы Эмманың осындай ойлары көп әйелдің жүрегінде болғаны анық. Өкінішке орай осындай жайлар өнерде ғана емес өмірде де кездеседі. Әйелдің бар арманы қапысыз сұйетін жанға шексіз берілу екендігі шындық. Көп әйел бұл арманның қиял ісі екендігін мойындап, шынайы болмысқа сай тіршілік етіп, содан бақытын тапса, Бовари оны мойындай алмады. Шолпанның да, Эмманың да трагедиясы өмірдің шындығын мойындамай, өз мұраттарына жету үшін ымырасыз әрекет етуінде. Қоғамға қайшылық, адамдар әлеміне тән заңдылықтарға қайшылық екі кейіпкердің де өмірлік трагедиясы. Екі трагедия екі аспектіде көрінеді. Бірі аналықты аңсау болса, бірі жалынды махаббатқа құштарлық. Екеуі де әйел өмірінің мәні, әйел арманының болмысы. Әйел туралы жазу - өмір туралы жазу болса, әйел опасыздығының мәніне терең үңіліп, ақиқатын тани білген қос жазушының шешімі - әйел опасыз емес, ол қатыгез, өзімшіл, тоғышар қоғамның, қатал болмыстың құрбаны.

М. Жұмабаев мен Г.Флобердің сюжеттік желісі ұқсас, мәселесі ортақ шығармалары әлем әдебиетінің үлкен қазынасы екені анық. Орыс әдебиеттануында француз жазушысының бұл шығармасын осы тақырыптағы Л.Толстойдың «Анна Каренина» романымен сабақтастыра зерттеген еңбектер өте көп. Орыс әдебиетінің Еуропада кең таралып, биік бағалануына осындай зерттеулердің көп жазылуының да ықпалы бар. Бовари бейнесін таныған француз оқырмандарына Анна Каренина бейнесін тану, әр әдебиеттегі бұл проблемаға деген көзқарасты білу, оның әр ұлтқа тән болмыс-бітімін түсіну әдебиеттерді өзара байытып, халықтардың бір-бірінің рухани байлығына терең бойлауға мүмкіндік береді. Қазақ әдебиеті өте бай, салмақты, мазмұнды, сан-салалы. Қаламгерлеріміз де тереңдік тұрғысынан ешкімнен кем қалмайды. Қазақ әдебиетін, оның рухани әлемін тануда шетелдіктер үшін қиындық көп. Себебі шығармалардың аударылуы баяу жүріп жатыр. Зерттеушілер тарапынан да осы мәселеге баруында белсенділік аз.

АЙГҮЛ ӘБДІМҮТӘЛІПҚЫЗЫ,

филология ғылымдарының докторы,

Еуразия ұлттық университетінің профессоры


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар