Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Айгүл Үсен. Дерт те емес, күйік те емес, жар да емессің…

21.10.2021 2979

Айгүл Үсен. Дерт те емес, күйік те емес, жар да емессің… 12+

Ақынның махаббат лирикаларын безбендегенде бұл асыл сезімнің ақын үшін өмірлік маңызды мәселе екенін түсіндім. Ақынның өмірге, туған жерге, Отанға, Халыққа, жеке адамдарға деген пәк ниеті мен үлкен құштарлығы оның шығармашылығының өзегі, лейтмотиві. Ал ер мен әйел сезім сырлары арқау болған лирикаларының ерекшелігі өте сезімталдығы мен шынайылығы, мазмұндық өрісінің сантүрлілігі, лирикалық кейіпкерлерінің әр алуандығы, өлеңдердің бір-біріне ұқсамайтындығы, бір адам өмірінде болатын махаббаттың рухани өлшемінің барлық деңгейінің көрінуі. Махаббат болмысының бар сипаты толық көрінетін ақын лирикалары қоғамның барлық әлеуметтік топтарына жақын, әрі түсінікті, әрі сенімді, шынайы. Махаббат туралы Мұқағалидай ойланған, толғанған ақын кемде-кем. Бұл тұста өлеңнің саны емес, оның мазмұндық өрісі, логикалық-семантикалық, эмоционалдық-экспрессивтік бағдары негізге алынып отыр. Махаббаттың сан түрлі келбеті, мінезі, байқала бермейтін жарқ еткен сәттері, тіпті көзқарасы, жасырған сырлары, мұңы мен қуанышы, үміті мен күдігі, бақыты мен күйігі ақын өлеңдерінен орын тапқан. Сондықтан оның әрбір өлеңінен оқырман өзінің тағдырын тауып, сезімімен сырласып, жүрегіне жұбаныш жамап, оның сөзімен үн қатады. Ақынша «Ғашықпын!» деп жар салады, «Мен сені ұнатамын, бірақ, бірақ...» деп күдігін жасырмайды, «Мен сені сағынғанда...», «Сүйгісі келе берер сүйген ерін» деп сүйгеніне құштарлықпен ұмтылады... Осылай ақынның сезімінің сан түрлі палитрасы сан қилы оқырманның сезіміне айналады.

Махаббат – аңыз. Халық қашанда сүйікті ақындарының махаббат лирикаларынан олардың өз тағдырын іздеген. Шекспирдің сонеттерінің музасы қара торы келіншек болса, Пушкиннің музасы Анна Керн сұлу, Мағжанның музасы Гүлсім ханым ақындардың жеке тағдырында ғана емес, шығармашылық тағдырында үлкен із тастап, тұтас әдебиетті биіктетіп қана қоймай, оқырманның жүрек түкпіріндегі лүпілі мен үніне айналды. Ақын ғашық болса, сөз өнері ғана байып қоймай, адамзаттың ойы кемелденіп, сөзі сұлуланады. Ақындар туралы әдемі аңыздар көп. Ол ақынның жеке басының қасиеті мен өмір салтына, өлеңіне байланысты. Мағжан «өлеңінен өмірі сұлу» деп баға берген Ақан сері тағдыры бұл сөзге дәлел болса керек. Серілік құрып, әсем әнге сұлулардың атын қосқан Ақанның өмірі тұнған аңыз. Өлеңдерінде махаббаттың болмысын шебер жырлаған Мұқағали туралы әдемі аңыз қылып айту елдің оған деген ерекше сезімі мен құрметінің белгісі. Осындай сезім туралы жазған ақын оны кешпеуі мүмкін емес халық түсінігінде. Әйелдің асылы ақын Фариза мен жігіттің сұңқары Мұқағали туралы аңыздың тамыры – екі ақынның өлеңдеріндегі терең сыр, пәк сезім. Мұқағалидың жүрек түкпірінен өрілген мөлдір өлеңдердің кейіпкерлері белгісіз болғандықтан халық түрлі аңызды өзі ойлап тапқысы келеді. Әсіресе, елдің қиялына қозғау салған "Фаризаға" деген өлеңі еді. Бұл өлеңді біреулер мәнін жете ұқпай, махаббат сөзі деп ұйғарып, екеуінің арасындағы мөлдір сезімнің сәулесіне балаған-ды. Бұл әңгіменің шын мәнін Фариза ақынның өзі ашып, түсіндірген еді. Бұл жігіттің қызға ғашықтық жыры емес, ақынның ақынға мұң шағуы, рухани жақынымен жан сырын бөлісуі. Оны Мұқағалидың Фариза қарындасының адами тұлғасы мен ақындық қарымына берген биік бағасы деп түсінген жөн. Фариза өлеңдерінен рухани пәк болмысын танып, мүмкін терең мұңын сезініп, жақынына айтпаған жансырын айтуы бекер емес. Бірақ бұл ер мен әйел арасындағы сезім сәулесі емес, рухани болмысы ұқсас, адами деңгейі теңдес, түйсігі мен түсінігі жақын арасындағы сыйластық пен сырластықтан туған туынды.

Махаббат – дерт. «Бір дертке ұшырадым, бұл күнде мен, Қоштастым сауығыммен, күлкімменен....Қайтемін? Ғашықпын мен, Шын ғашықпын!!!
Ғашықпын! Ғашықпын деп білдірмедім, Белгілі: білдіргенім - бүлдіргенім» Тағдырында тосыннан пайда болған құштарлықты лирикалық кейіпкер дертке балайды. Сырттан ғашық жан өз сезімін білдіруге батылы бармай, жасқанады. Он сегіздегідей есі кете ғашық болудан қорқады, тіпті өзін бұл сезімнің нұрына өзін лайық көрмейді. Өлеңдегі мол тыныс белгілер мен қайталаулар сезімнің эмоционалдық деңгейін қапысыз көрсетіп, өлең мазмұнының динамикасын айқындап, кейіпкер сезімінің тереңін барлап, күйін келтіріп тұр.

«Достардың» ортасына түсіп қалдым..

Шәміл-ау! Осы мені ұшықтар кім?

Желдеріне желігіп пысықтардың,

Кеше мен махаббатқа ішіп бардым.

Бардым-дағы отырдым қарсы қарап,

Ол да отыр.

Түрі жоқ хал сұрамақ.

Сұқтанған жат көздерден жасқандым да,

Тайып тұрдым.

Қашанғы әл шыдамақ.

Сезімге толы эпизод, ғашық жанның драмасының ширыққан тұсы да осы. Осындай күй талай ғашықтың басынан өткен де болар. Сезімін жеткізуде «батыл болу» үшін ішіп барып, ғашығын тіпті үркіткен адасуы өлеңнің психологиялық тереңіне бағыттайды. Бірі – масаң, бірі -томсарған кездескен екі адамның үнсіздігінде сөзбен айтылмаса да, түсінікті терең сыр бар. Басқа жанның сезіміне телмірген бейбақтың аянышты халін тұла бойыңмен сезіндіретін, аяныш туғызып, ызаландыратын қуат бар өлең жолдарында.

Негізі шын ғашық жан өте батылсыз болады, әсіресе сүйген адам алдында еш қарусыз, еш амалсыз шарасыз күйге түседі. Үрей мен үміт, қорқыныш пен құштарлық арпалысқан, қуанышы мен қайғысы алмасқан түсініксіз, дертті сезім. Бұл көбінесе, сүйгенін идеал деңгейіне көтеріп, өзі оған теңдесе алмайтынына қорынған ессіз асықтың болмысында болатын психологиялық күй. Енді бір жолдарда лирикалық кейіпкер «ішіп барған» ерсі қылығына налиды. Ғашық жан алдындағы бұл ыңғайсыз әрекеті үшін өзін де, ақыл қосқан «досын» да айыптауы өлеңнің психологиялық тұрғыдан шынайылығының сапасын көтере түседі. «Батылдық» үшін ішіп бару туралы достарының кеңесі, санасын тұмандаған теріс қылығы, сүйгенінің үнсіз қалуы, оның суық келбетінен жасқанып, тұра қашқан жан... үздіксіз өрбіп жататын үдеріс, бір-біріне жалғасқан эпизодтар, сезім құбылыстары, бұл өлеңнің драматизмін ширықтырып жібереді. Өлеңде сезім динамиксымен бірге іс-әрекеттің өрбуі, оған лирикалық бейненің баға беруі бұл шығарманың полифониялық сапасын айқындайды.

Белгілі саған менің маубастығым,

Сабырсыз аузы күйген албастымын.

Кесемді алдыменен үрлеп алам,

Ыссы шайды аузыма алмас бұрын.

Ойласам, талай-талай қыр басыппын,

Досым деп, «доңызбен» де мұңдасыппын.

Ғашықтың тұлғасы биіктеген сайын сорлы асықтың міні өз көзінде зорайып барады. Ессіз жүрек бәрібір артқа шегінбек емес, кері қайтаратын қайрат та жоқ. Құштарлықтың буырқанған асау ағысы жан-жағына қаратпай, дірдектетіп алып барады. Суық, қатал ақыл: «Орныңды біл!» - деп мінін ашқан сайын, ессіз жүрек бұлқынысы, қарсылығы күшейіп, сорлы асықтың драмасы тереңдей береді. Ол әбден ширығып:«...Мен деген - саудам біткен саудагермін, Керегім бола қойсын кімге менің?! - деген жолдарда ақын қасіреті тіпті қалыңдап, үмітсіздікке ұрынады. Сөнгісі келмеген үміт қайта бас көтеріп, шуақты сезімге алданып, айрылғысы келмей, ұмтылып, қармана береді: «Сол күндер ғой - жүректің аңсағаны, Соған шөлдеп, айызым тамсанады.Өкініш пе, білмеймін, қуаныш па? Өз-өзінен жүрегім ән салады». Бір үміт, бір күдік, ғажап пен азап, қуаныш пен қорқыныш тайталасып, асықтың күйін кетіріп, қайғы мұңы қалыңдай береді. Бір кезде өзін аяп, өзгеден аяныш күткендей тұңғиыққа кетеді. Сүйгенінің аяуына зар болады. Тіпті сүйе алмаса, аяғаннан жауап берсе деген тілегі кейіпкердің трагизмінің тереңін көрсетеді.

Темір емес, мен-дағы адаммын ғой,

Аңнан емес, адамнан жаралдым ғой.

Бұл сезімнің дерт екенін мойындайды, одан айыға алмайтын бейбақтың зары күшті. Осындай күңірену мен күйзелуді, сезім шырылын, жүрек өксігін Абайдың «Сен мені не етесің?» деген өлеңіндегі асықтың зарын тыңдатып еді. Әрбір зардың, әрбір күңіреністің сенімділігі бұл ақынның жеке тағдырынан туындаған терең сыры, ауыр мұңы, жан шырылы деген ойға жетелейді.

«Шәмілге жазған хаттардан» өлең алты бөлімнен тұрады. Оның композициясында, мазмұндық динамикасында белгілі жүйе бар. Ең бірінші сезімін ақтарыла айтса, оның артынан күдігі қараңғы бұлттай көрініп, соңында кері тартқан күмәнін серпіп, тек сезімге ынтызарлықпен ұмтылатын бұлқыныс бар.

Махаббатқа арнап бір ән шығарсын,

Шәміл-ау!
Шәмші кайда?

Шәмші қайда?

Шәмшіге айт,

Тағы да бір таңдандырсын,

Жындандырсын жүректі, жандандырсын!

Мәңгі өлмес Махаббатым айта жүрер,

Мәңгілік өлмей туғын ән қалдырсын!

Ғашық жанның жалғыз құтқарушысы - өнер. Әсем ән оны катарсиске түсіріп, жандүниесін тазалайды, жауапсыз махаббаттың шері әнмен жуылып, көңілін терең мұңнан өмірдің шуағына шығарады. Ғашық жан бұл дерттен өнер арқылы арылғысы келеді. Ақан серіні әуелете салған әндері қаншама қасіреттен аман алып қалған еді? Сондықтан бұл жолдардағы ақынның жанұшыра Шәмшіні іздеуі - ғашық дертінен ем іздеуі.

Шынайы сезім ғашық жанды қинамай, қуанту керек, жылатпай, жұбату керек, кеудесін күдікке емес, үмітке толтыру керек. Махаббат мұң емес, қуаныш болып, адамды тығырыққа тіремей, керісінше рухына күш беріп, адамға сенім сыйлайтын, көңіліне қанат бітіретін жасампаз қуатқа ие болу керек. Егер мұндай жасампаздық қуаты мен жарқын рухы болмаса, ол сезім алдамшы, сенімсіз, әлсіз, махаббаттың имитациясы, құмарлық болып шығады.

Ғашықтық келсе жеңер бойыңды алып,

Жүдетер безгек ауру сықылданып.

Тұла бой тоңар, суыр, үміт етсе,

Дәмеленсе, өртенер күйіп-жанып,- деген жолдардағы күй Мұқағалидың ғашық болған бейбағына тән. Ғашықтықтың мұндай дертті сипаты оның біржақтылығында, яғни бір адамның сезімі оянып, екінші ынтызар еткен жанның бұл туралы тіпті білмеуі де мүмкін, білсе де сезімін жауапсыз қалдыруы мүмкін. Ғашық адам сүйгенін идеалдандырып, шынайы болмысын танып, ақиқатына жетпеген жан. Ғашықтыққа ессіз құштарлық пен иеленсем деген ынтызарлық, еріксіздік, бойы мен ойын буған қара күш тән. Мұндай адам шынайы жанға емес, оның өзі жасаған бейнесіне ғашық болып, адасуы мүмкін. Ғашықтық құмарлыққа жақын, онда биік парасат емес, ынтық тілек, идеалдандырған алданыш басым. Сондықтан көп адам махаббатты ғашықтықпен шатастырып, бір образдан көңілі қалып, екінші образға, одан тағы басқаларға ауысып, соңында шаршап, тауы шағылып, сүйіспеншіліктен көңілі қалады, махаббаттан күдер үзеді.

Сүю өнерін меңгергенде ғана ғашықтық арнасы нағыз махаббатқа ұласып, екі жанға да қуаныш сыйлап, бір-бірінің рухани, адами тұрғыда кемелденіп, тіпті материалдық сапасының көркеюіне өріс ашады. Сүйіскен жандардың үнсіз ұғысуы терең де мөлдір дарияда жүргендей тып-тыныш, тұп-тұнық тіршілігі нағыз сеніскен, толық түсініскен жандардың әлеміндей. М.Мақатаевтың аталған бұл өлеңдерінде жан мен сезім тыныштығы емес, буырқанған, қиналған сезім арпалысы, қалыпқа жат құбылыс көрінеді.

Ғашықпын, шын ғашықпын сол адамға,

Болмасам, мен болмайын сол аман ба?

Япыр-ай, неткен жан еді қайрылмайтын

Жүрегі еттен бе әлде қоладан ба?

Жауапсыз сезімнен мұңды, аянышты, жарымжан сезім бола ма? Бұл өлең қазақ поэзиясындағы жауапсыз, балаң, пәк махаббаттың әнұранына айналған. Лирикалық кейіпкердің күрделі, өзімен-өзі алысқан психологиялық күйі осылай ессіз ғашық болған, дерт меңдеген жанның бәріне таныс. Өлеңді оқып, лирикалық бейнеден өзін танып, өзін сезінген, өз дертін білген оқырман өзінің әрекетіне сырттан баға беріп, сезімі мен тілегінің алдамшы екенін түсінуі мүмкін. Онымен бірге күйзеліп, дертінен айығып, мұңнан арылуы да мүмкін. Кез-келген өлеңнен табылмайтын жанды емдеп, жүректі жуатын ең асыл қасиет бар бұл шығармада.

Махаббат – күйік. Ақынның біреуге айтпақ тұрмақ ойлауға қиналатын ең ауыр түн, ар азабында өртейтін, күйік сезім арқау болған жұмбағы мол «Сол түні» өлеңі. Арада қанша уақыт өтсе де жанын қинап, өкінішке салатын, адамның күнә мен кінәға батқан жан күйігі басылмаған, басылмас та. Адам тірлігіне сай келмейтін қиянатшыл кейіпкер өзін кешірмеген, өлеңде рухын күйретер күйініш, өзекті өртеген өксік пен жанын жеген жиреніш бар.

Ауады да тұрады, аңсарым - ай!

Әлі сен есімдесің, Аршалы сай.

Сол түні неге мені өлтірмедің?

Сол түні риза едім алса құдай.

Сол сәтте өліп кету арманға айналардай соншалық ауыр күнәсі ардан аттап ақ махаббатын бағаламай, кірлетіп, жазықсыз, жаны таза жанға қиянат жасағаны. Сенімсіздік пе, шыдамсыздық па, әлде қызғаныш па?.. Адамды осындай зорлыққа итермелеген себеп белгісіз.

Қара түннің ішінде, қара бақтың,

Атар таң, келер күнге қарамаппын.

Тағдырдың өзі берген махаббатты,

Тәрк етіп, мәңгілікке жаралаппын...

Бір нәпсі үшін болған құмарлықтың махаббатқа қиянаты кейіпкер өзегін өртейді, жанын күйдіреді, өмірін өксітіп, адамдық негізін күйретеді. Бұл сезім - күйік, Аршалы сайдың көркем келбеті де сол түнмен бірге өртеніп, күлдей көрініп, жирендіреді. Бұл дүние әр адамның көңіл терезесіне сай көрінетін әлем. Кейіпкер сол терезесін қиратып, өмірдің базарынан аулақтаған жан.

Аршалы сай!

Неғылған көркем едің!

Сол түні неге мені өртемедің?

Сол түннің қияметін есіме алсам,

Сенен де, өзімнен де жиіркенемін.

Психологиялық параллелизмнің классикалық үлгісі! «Тәни махаббат, ләззат алуды ғана мақсат еткен сезімнің махаббаттың ең алдамшы түрі. Оны көбінесе ғашықтықпен шатастырып, екі жат адам арасын бөлген «қабырғаның» қирауы ретінде қабылданады. Бірақ бұл кенеттен пайда болған жақындықтың ғұмыры өте келте. Өз дегеніне жеткен соң, олардың арасында кедергі қалмайды. Сүйген адамды өзіңдей танып білесің. Шын мәнінде, өзіңді білмегендей, білмейсің, танып үлгермейсің» деген философ Э.Фроммның «Дерт сипатындағы махаббат» атты еңбегінде махаббаттың дертті болмысын осылай тереңнен ұқтырады. Автор дерт ретінде оның тәндік болмысын, яғни құмарлыққа негізделген сипатын айқындап, қазіргі кезеңде адамдардар арасындағы үлкен трагедия ретінде көрсетеді. Э.Фроммның тағы бір «Сүю өнері» деген философиялық-әлеуметтік еңбегінде махаббаттың өнер екендігін, оған тек өнерді жасағандай құштарлықпен, жауапкершілікпен қарағанда ғана оның рахатын сезінуге, болмысын танып, мәнін ұғуға болады. Жүрекке түскен сұлу сезім өшпей, сол әдемі, балғын қалпын сақтау үшін оны күтіп-баптап, суарып, нәр беру керек. Ал өмірде керісінше, сезімге қол жеткен соң, оны таптап, шөлде нәрсіз қалдырып, соңында жеккөрініштің оты өртеп, ақыры тек қатайған, суынған, ештеңеге сенбейтін жүрек қалады. М.Цветаеваның «Горечь» атты мына жолдарынан да Мұқағали кейіпкерінің күйігінің табы сезіледі:

Я от горечи — целую

Всех, кто молод и хорош.

Ты от горечи — другую

Ночью за́ руку ведёшь.

Сезімнің күйік болуы оның дерттік сипатынан күрделі, әрі қауіпті, трагизмі күшті. Ол мұң емес, ол қасірет. Адам әрекеті өз бақылауынан шығып, өз халын бағалаудан айырылып, өзін меңгере алмайды. Мұқағалидың кейіпкерінің әрекетінде зорлық пен қиянат жатса, М.Цветаева образының психо-физиологиялық болмысында ессіздік, өзіне деген қиянат жатыр. Махаббаттың осы бір ессіздік деңгейіндегі сипаты көп ақындарда айтылмайды. Бұл туралы ақындардан көрі жазушылардың көп айтуы оның жанрлық ерекшелігіне байланысты. Поэзияның субьектілік сипаты ақындардың мүмкіндігін шектесе, ал прозаның обьектілік сипаты бұл туралы жазуда мол мүмкіндік береді. М.Цветаеваның өлеңдеріндегі ашықтық, батылдық ақын туралы сенер-сенбес аңыздардың тарауына негіз болды. Екі ақын шынайылығымен, сүйе білетіндігімен, сезімтал да шыншылдығымен ұқсайды. Сондықтан жасыратын сезім де, айтылмайтын әрекет те ақындар шығармашылығын да орын алып, өмірдің бар болмысын боямасыз көрсетуімен құнды.

Ақын өмірінде сезімнің осы барлық сипатын өз басынан өткізді ме, өткізбеді ме белгісіз. Оның махаббат туралы өлеңдерінің мазмұндық өрісі кең, сарасы сан-салалы. «Сол түні» өлеңінде өзінен де, әлемнен де күйінген, жерінген, безінген жанды көрсек, «Мен сені ұнатамын» деген өлеңдегі кейіпкердің күйігі - тапталған намысы, айырылған еркі мен жоғалтқан мені.

Мен сені ұнатамын дегенменен,

Сен биікте жүрсін деп төмендегем.

Кім екен мені өзіңе дуалаған,

О, тоба, мен неғылған өлермен ем!

Қорлықтың зоры оны адамның өз еркімен қалап алғаны, қиянатқа өз еркімен көнгені. Біреудің көлеңкесі болып, оның қалауымен ғана өмір сүріп, өзіңді сыйламау, өзіңді жоғалту, біреудің қуыршағына айналу. Ақын өлеңіндегі «биікте жүрген жан» өзіне телміре қараған, айтқанына көніп, айдауымен жүретін «төмендегі» бейбақты сүймейді, тіпті жеккөруі мүмкін, болмаса оны тіпті қызықтырмауы да мүмкін. Мұндай қорлық пен қиянатқа құрылған қатынас екеуін де жоқ қылатын - улы қатынас. Мұндай қатынастың прозадағы үлгісі Г.Флобердің «Бовари ханым» романындағы Шарль мен Эмманың арасында, Д.Исабековтің «Пері мен періште» деген повесінде Құлахмет пен Сафураның арасында бар.

Дегеніңнің бәрін де жасап жүріп,

Көрсетпеймін зәредей асау қылық.

Сенің ғана ырқыңа бас алдырып,

Бұға берем, не деген жасандылық?!


Мен сені ұнатамын, бірақ, бірақ,

Мейіріміңді қайтейін жылап сұрап.

Ұнатамын дегенім - жасандылық,

Саған деген жүрегім құрақ-құрақ.

Қорлық пен қиянат махаббаттың жолы емес. Садист пен мазохист кездескенде пайда болатын қатынастың сипаты өлеңінің психологиялық негізін құрайды. Ақын өлеңдерінде сезімнің психологиялық ерекшелігін толыққанды жеткізеді. Бұл өлеңдердің сыры өте тереңде, тек эмоциялық деңгейі айсбергтің ұшындай ғана көрініп, ақиқатына бойлау мүмкін емес. Олардың құндылығы күйік сезімнің психологиялық түрленуін, құбылысын бір ғана өлеңде анық та дәл жеткізіп, оның артындағы реалды жайдың ауыр шындығын сездіре білуінде.

Махаббат – жар. Гильгамеш эпосында, талмудтық мифологияда Хауа ана Адам атаның екінші әйелі ретінде көрініс тапқан. Адамның атаның өзі тектес топырақтан жаралған бірінші әйелі Лилит онымен тең құқын талап етіп, оның көзқарастарымен келіспегендіктен бірге бола алмай, жұмақтан кетіп қалады. Көп халықтардың мифологиясында әйелдің бас көтеруі туралы осы тектес оқиға кең тараған. Одан кейін Жаратушы Хауа ананы Адамның бір қабырғасынан алып жаратқан екен. Лилит бос үйлерді мекендейтін, ер адамдарды түсінде еркінен тыс иеленетін ұзын шашты, қанатты демон ретінде бейнеленеді. Көп қаламгерлердің шығармаларында өз еркімен өмір сүруді қалайтын, бостандық сүйгіш, ақылды, сұлулығымен арбайтын тәкаппар Лилит қарапайым, еңбекқор, шаруаға икемді, барына риза, өміріне мәз, ең бастысы Адамның көзқарасына қарсы келмейтін, өзінің пікірін оның шешімімен үйлестіре білетін дана, сабырлы, қанағатшыл, сенімді, отбасының қажетін өзгеден биік қоятын Хауа анаға қарама-қарсы суреттеледі. Көне мифтерде демондық сипатқа ие Лилиттің бейнесі христиандық мифтерде мүлдем көрінбейді. Ол Адамның алғашқы сүйгені болғанмен, өмір сүруге ыңғайсыз болғандықтан оның өмірінен жырақтап, өзінше жалғыз өмір сүруді таңдайды. Ал пайғамбар Адам атамыздың жанында серік болып, жер бетіндегі өмірдің бар қиынын да, қызығын да көтеруге жарайтын сабырлы, жаны нәзік, ақ көңіл, ең бастысы Адам атаға сенетін, қолдайтын жан ретінде ерекше ілтипат пен құрметке ие Хауа анамыздың сипаты қазақ әйелдерінің бойынан табылады.

Мұқағали «Ақындардың жарлары» атты өлеңінде ақынға жар болудың қиыны мен қызығын ғажап жеткізеді. Оған жар болу үлкен бақыт та, шексіз қасірет те, тәтті қуаныш та, ащы мұң да, жадыраған жаз да, аязды қыс та, асып төгілген байлық та, тықыр жоқшылық та болуы мүмкін.

Ей, ақындардың жарлары!

Ақын деген табиғат қой,

Қысы, күзі, жазы бар,

Көктемі бар шуақты,

Аймала да, ақыныңды жазып ал,

Кеше біреу жылатты.

Иә, өнер адамына, ойлы, сезімді, талантты адамға жар болудың бақыты мен қасіретін сезген әйелдер өте көп. Ол Диккенс, Пушкин, Толстой, Бунин сияқты кемеңгерлердің жарларының тағдыры ақын сөзінің ақиқатын айқындап береді. Бұл осы қаламгерлердің жеке психологиялық ерекшеліктері, шығармашылық азабына байланысты туындайтын күйзелістер болса, Ахмет, Мағжан, Сәкен, Ілияс т.б. тұлғалардың жарларының сыртқы күштердің, саяси-әлеуметтік жүйенің қиянаттары мен қиындықтарынан көрген азабы тіпті қорқынышты.

Ей, ақындардың жарлары!

Бақыт деген қастарыңнан кете алмай жүр айналып,

Кете алмай жүр, қона алмай жүр бастарыңа байланып

Әне, ақының келе жатыр ұлан-ғайыр пайда алып.

Ұлан-асыр ойланып, ұлан-асыр қайғы алып,

Кешіріңдер, ақын деген, міне, осындай бай халық.

Бір қаламгерлердің шығармаларынан оның жеке өмірі туралы көп білуге болса, енді бірі оқырманнан сырын жасырады. Мағжан мен Мұқағали өлеңдерінен олардың өмірінің жеке деректерін табу қиын емес. Өйткені олардың өлеңдерінде жақын жандардың аттары аталып, туыстық, достық т.б. ақын өміріндегі орны айтылады. Аталған екі ақынның анасына, досына, қарындасы, ұлына, қызына, жарына арнаған өлеңдерінің мазмұнында өмірлік деректері көп. Мағжан аяулы жары Зылихасына, Мұқағали сыңары Лашынға деген ой-сезімін жасырмай өлеңмен өрнектейді. Екі ақын өлеңдерінің мазмұндық өрісі сабақтас. Қазақ ақындарының жарлары ретінде екі аяулы жан Зылиха мен Лашынның есімдері көпке кең танылған, олардың бейнелері мен болмыстары, нағыз жар қасиеті өлеңдерде толық ашылған. М.Жұмабаев:

...Сол күнде, алтын сәулем, қолыңды бер,

Жасытпа, жолым бастап, алдымда жүр

Қара түн қорқынышты қаптағанда

Жарқырап, жұлдызым боп, төккейсің нұр.

....................................................................

Құшақта, сүй, күл, жыла, қайраттандыр,

Жан жарым, ұзақ, ауыр жолға түстім.

Ауыр да, қиын өмір жолында жалғыз сенері, сүйенері жарына деген тілегін «Жарыма» деген өлеңінде риясыз ақтарады. Жанынан табылып, қолдап, жылу сыйлар жары Зылиха ақын сенімінен шығып, үмітін ақтап ақынмен бірге өмірдің кермек дәмін татып, бүкіл қиындығын бөлісті. Бұл туралы журналист Ж.Сүлеймен осылай ой өрбітеді: «Мағжанның ақтал­­­ғанын естісем, арманым жоқ», деуші еді, сол арманы да орындалды. Небір қиын кезеңдерде қауіпке басын тіге жүріп сақтап қалған Мағжанның жырларын халқына жеткізсем деп еді, Құдай бұл ті­ле­гін де хош көрді, 1989 жылы Мағ­жан Жұ­ма­баевтың шығармалары Алма­тыдағы «Жа­зушы» баспасынан жарық көрді. Ол сол кітапты көкірегіне басып, ағыл-тегіл жылады. Бейне-бір Мағжаны қайтып келгендей күй кешті». Сүйген жардың ақын тағдырына ерекше берілгендік, өз өмірін тек жарына арнаған құрбандықты Лашынның болмысынан да көруге болады. Бұл өлеңдеріне шынайылық, ашықтық тән, оның сезімі мөлдір, шыншыл, еш жасандылық сезілмейді. Жары екеуі өткізген тіршіліктің сан қатпарлы түйіткілдері, қызығы да, қиыны да қабаттаса жүретін өмірдің ұзақ сапарында жан жолдас болған жарына құрметі биік, жанашырлығы мол, сенімі берік. Ақын сөзінде жүректің мұңы емес, тұрмыстың тегеурініне төзген жарына деген ризашылығы, қолдауы, ақ ниеті, жүрек түкпіріндегі жан сыры ақтарылады.

Бүгін де, кеше де, өткенде

Іздесең қателік көп менде.

Қауғадай басыма барлығы

Сірә да соқпай бір өткен бе...

Іздесен, қателік көп менде,

Сен бірақ түңілме, жек керме!

Лайсаң жауындар, жауыңдар,

Жауыңдар, жауыңдар, жауыңдар.

Лай су шаймайтын арым бар

Дауылдан қорықпас жаным бар!!!

Ақын арын таптап, ғайбаттаған, өсектеген, еңсесін басып, төмендеткісі келген жандарға қайраттана, жігерлене жыр төгеді. Бұл ызалы шумақтардың туу себебі ақын күнделігінің мына жолдарынан табылады: «Ал ешкімге бас имейтін, кез келген жауыздық пен зорлыққа әрдайым қарсы тұруға тырысатын және жауыздықтың қорланған құлы болғанша, түп-тамырымен қопарылып қалғанды артық санайтын қарт еменше қара дауылға қасқайып қарсы тұратындар неге бақытты деп есептелінбейді?» - деп жазады 25 майдағы жазбасында. Тұрмыстың тапшылығы, қоршаған ортаның қысымы мен қиянаты ақын өмірін қиындатып, шығармашылығын қайғы-мұңмен көмкеруге мәжбүр етті. Тұрмыстың қиындығы адамның рухына жасаған қиянатындай ауыр болмайды. Ақынның артында сенер, сүйенер, ұлы күш бар. Ол ақынның «бірінші бақытына» балаған - халқы. Оған сырын жасырмай айтып, жақынындай мұңын шағады. Ақынның осы бір адалдығы, баладай таза жүрегі, халыққа деген қылаусыз сенімі мен үзілмейтін үміті оны халықтың аяулы ұлы, нағыз сыршыл ақыны етті. «Мен жырламаймын, сырласамын», - деген ақындық кредосы оны елімен мәңгілікке біртұтас етіп, ақындық, адами тұлғасын көкке көтерді.

Ақынның махаббат жырлары оның өсу, есею жолын көрсетеді. Сүюді құмарлық не құштарлық деп ұққан балаң сезімі жарына арнаған өлеңдерінде кемелденіп, жетіліп, толысып ұлы арнаға, нағыз махаббат арқауына ойысқан. Бұл өлеңдерде сезімімен арпалысқан жас емес, жарына риза, оның қадіріне жеткен, сеніміне ие болған, құрметі жоғары, асыл жарды, ғашық жанды, адал серік, шынайы дос, рухани үндес жанды табамыз. Лашынға арнаған өлеңдердің әрбір жолында ақын басына түскен қиянаттың тамырын нұсқап, жарын да жігерлендіре, өз мінін мойындай отырып, жүрек түкпіріндегі тілегін жеткізеді. Кемшілігін түсініп, кешірім сұрау сүйген, сенген, бағалаған жанның әрекеті екені даусыз.

Ақын күнделігін шолып байқағанда ұққанымыз 1974 жылдың ауыр өткені. Сол жылғы жазбалары ыза мен ашуға толы, алаң мен үмітсіздікке толы, жаттан ғана емес, осы кезеңде жақындарынан да көңілі қалып, бүкіл адамзат атаулыдан жерігендей. «21-сентябрь,1974 жыл. Бәрі маған жат, жексұрын, жиіркенішті! Кімнің дос, кімнің қас екенін баяғыдан ұғынудан қалғанмын. Жоқ! Менің достарым жоқ. Мен тек айналамнан өзіме жылжып келе жатқан сегізаяқты сұмдарды ғана көремін». Өмірдің түрлі соққыларын алып, оның сынақтарынан өткен, кейде жеңген, кейде жеңілген, кейбіреуден көңілі қалған, қайбіреуге үміт артқан ақын жарының ешкім алмастырмас орнын көрсетеді:

Тағдырыма тура келген серігім,

Мен бейбаққа сыйлады екен сені кім?!

Шар басымда, шаңырағым, сен тұрсың.

Басқалардың барлығынан жерідім.

Ауырлықтың көтердің-ау көбін сен,

Сенен келіп қуат алдым жеңілсем.

Сен – жер болдың, нөсер болып төгілсем.

Шұғыласың, қара бұлт боп көрінсем.

Ақынның жары нағыз жардың ғажап үлгісі, тағдырдың ауырлығын да көтерген, жарына тірек бола білген, қиын кезеңде төзім мен сабырмен оның жанын түсінген дана, өміріне сәуле төккен, жылу сыйлаған, ақылшы да, адамилықтың кемел үлгісі де. Бұдан артық мадақ, одан биік баға болуы мүмкін бе? Әрбір әйелдің жарынан осындай баға алуы шын бақыт қой. Мұсылман ұғымында нағыз бақытты, кемел әйел - ер-азаматының ризашылығына бөленген әйел екен. Жай мақтау емес, құр мадақтау емес, шынайы, ақ көңілден шыққан сезімнің жарық сәулесі сұлу сөз болып құйылған. «Ей, ақындардың жарлары» деген өлеңде айтылған ақынның тілегі мен талабына сай бола білген шын сүйе алатын, жарының бар қиындығын тайсалмай, айнымай бөлісе алатын, жанының сан-қатпарын түсініп, ақынға қолдау бола алатын, жұбата алатын, қуанта алатын жарына осылай сөзден асыл ескерткіш орнатты.

Білемін ғой, білмейді деп жүрсің бе?

Түсінемін кеудеңдегі дүрсілге.

Оңашада, жұрт көзінен жасырып,

Күрсінбеші, жалынамын, күрсінбе!


Әлі екеуміз аттанамыз сан жылға,

Күрсінбеші, қуаныш көп алдыңда.

Күрсінбеші, жүрегімді тыңдашы,

Талай-талай кереметтер бар мұнда!..

Ауруханада соңғы күндерін өткізіп жатқанда жазған соңғы жырларының бірегейі де жары Лашынға арналыпты. Жарының күйзелісі, күрсінісі ақын үшін ауыр болса да, үмітке толы, шуақты жолдар.... Көз алдында күн өткен сайын сөніп бара жатқан жары үшін күйзелген жан мен оны жұбату үшін алдағы жарқын күндерге үміттендірген ақын. Жақындаған өлімге емес, жарының қамыққан көңіліне алаңдағандай...Бар арманы сүйген жан қиналмаса екен, өмірден үміті үзілмесе екен. Шын сүйген, тіршілікте бәрін бірге өткерген, кейде кейіген, көңілсіз күндерге қамалып, қайта қол ұстасып, қайраттанып, алға ұмтылған, тағдырдың бар тауқыметі мен несібесін бөліскен жандарда болатын дана сезім, ересек, толысқан, берік, мызғымас қуатты, айнымас адал сезім жарға арналған өлеңдерде терең сырлы, мерейлі, асқақ.

Махаббат – сағыныш. Қазақ поэзиясында Сағыныш деген сезімнің нағыз болмысын Т.Айбергенов өлеңінен тани алғанбыз. Ақын үшін сағыныш ұлы сезім. Шынында сағыну тек мөлдір, өлмейтін, өшпейтін шынайы сезімнен туады. Туған жерге деген, ананың баласына, перзенттің ата-анасына деген, нағыз сүйіскен жандардың бір-біріне деген аппақ, таза сезімдер жиынтығы. Мұнда қимастық, сырластық, сыйластық, іңкәрлік, құштарлық, шыдамдылық пен өміршеңдік бар. «Адамның заңғар ұлылығын, сен, сағынышымен есепте», «Дегенмен, жаным, көгілдір дүние сағынбағансын арайсыз. Өмірде мынау сағынбағандар – бақытсыз, бақсыз, талайсыз». Ақынның әрбір жолы аксиома. Сағынатын жаны жоқ адам - өмірдің мәнін түсініп, болмысын танып, сұлулығын сезіне алмаған бейбақ. «Сүйем мен сені, сүйем мен сені көкірегі ыстық дүние, Тұратын түгел сағыну менен аңсаудан» тұратын, адамдарды бір-бірімен жалғайтын нәзік сезім, бір-біріне магниттей тартатын құштарлық, сағыныш болмаса, мына дүние осындай жылы болар ма еді, сұлу, сезімді болар ма еді? Бұл дүниені тек сол үшін сүюге болады, сол үшін қадірлеуге болады. Адамды өзге тіршілік иелерінен ерекшелейтін биік рухына жан беретін оның тамырында толассыз ағатын, жүрегінде үздіксіз соғатын аңсау мен сағыну екені талассыз.

Ғашықпын, қайтіп оны жасыра алам.

Бір алтын оның әр тал шашы маған.

Сағынайын таусыла сағынайын

Сағынуға жаралған ғашық адам.

Қолы жетпесін, көңіл бермесін сезінген жанның сағыннан өзге айласы бар ма? Жүрегінің дерті өмірінің мәніне айналды. Енді ол ауырмайды, жанды қинамайды, жүректі шаншытпайды, ол тіршілігінің мазмұнына айналды, сол үшін өмір сүреді, қуанады, мұңаяды, көруді аңсайды. Жүрек пен ақынның жан мен тән кеңістігінен биікке самғап, мәндік, өміршеңдік сипатқа ие болды.

«Бір келіншек» өлеңі сағыныштың сазы тербеген көп сырды жасырған жұмбағы мол туынды. Адамдардың өмірінде осындай толық ұғынысқан, ой мен рух үйлесім тапқан жандармен кездесулер өте сирек болады. Ол жан өртемейді, дертті етпейді, жаныңда жүрмейді де. Бірақ аз ғана уақыт араласып, тілдессең, оны өмір бойы ұмыта алмайсың. Ол тек бұл дүниеде сенің жаныңның тереңіне бойлап, сендей ойлайтын, сендей сезетін, сендей түсінетін екінші бір жан барына көз жеткізу үшін кездеседі. Тіршілікте жалғыз емесіңді сезініп, оны көрсең өзіңді көргендей, оның ойы сенің ойыңдай әсер қалдырады, оған қарап өзіңді көргендей боласың.

Емханада бар еді бір келіншек,

Емделуге, асқа да бір келуші ек.

Ерлі-зайып адамдар деп қалатын,

Ертелі-кеш екеуміз бірге жүрсек.

Көлеңкесіз көңілді жатқа бұрмай,

Сөйлестік асып-тасып ақтарылмай.

Әсерлі қарапайым әңгімеміз,

Жазысқан ғашықтардың хаттарындай.

Ол жанды жаныңда ұстағың келеді. Онымен жеңіл, онымен бәрі анық, судың мөлдіреп аққанындай мөлдір, кәдімгі таңның атқанындай үйреншікті, оңай. Өйткені екі дене бір жан, бір жүрек, бір көзқарас пен дүниетаным. Егер осындай жандар қосылса, олар ерлі-зайыптылар емес, достар болушы еді. Олар кәдімгі жұптардан әлдеқайда жақын, әрі үйлесімді болар еді, бақыты да баянды болар еді. Инстикт және ғашықтықпен қосылғаннан көрі саналы көзқарас, ортақ қызығушылықпен табысқан жандардың бағы басым болатынын көп естідім, көп оқыдым. Мұқағали мен бір келіншектің таусылмайтын әңгімесі, үнсіз ұзақ бірге қатар жүруі, екеуінің арасындағы қимастық осындай сырдың сипатын сездіреді.

...Иесі келіп бір күн алып кетті,

Байқаймын, бір келіншек налып кетті.

Сауығып қалғандай ем саясында,

Сыр кетті, сырмен бірге жарық кетті.

Жалпы поэзияда, қайбір ақынның шығармашылығын безбендегенде махаббат лирикаларының көбі сағыныш туралы болады. Адам өмірінде үлкен із қалдырған жандарды ғана ұмытпайды, ойлайды, сағынады. Сондықтан сағынған адам тағдырдың сыйындай, Отаныңдай, туған жер мен жақын адамыңдай ерекше қымбат та қадірлі. Мұқағалидың сағынышы алыста жастық шақтың жайлауында, не балалықтың бағында қалып қойған жандар. Сағыныш - сағымға айналған мәңгілік сезім. Махаббат, мәңгілік, сағыныш сағым деген ұғымдар мәтіндерде жиі кездеседі. Ақын шығармашылығындағы адамзаттың бүкіл өмірінде үзілмес, фәнилік қызығы мен сұлулығы, өмірдің негізгі мәні сәні, әні, рухани арқауы болып табылатын сағыныш мотиві бүкіл қазақтың жаназығы мен жүрек жұбанышына айналды.

Ақын өлеңдерде сезімді табиғат құбылыстарымен астастыру арқылы оған биіктік, асқақтық, тазалық және мәңгілік сипат береді. Лирикалық бейне адамдық сипаттан табиғат құбылысының, табиғат денесінің біріне оп-оңай ауысып, олар кейіптеу арқылы адамдық болмысқа ие болады. «Көңілде ән, көгімде күн» деп басталатын өлеңінде ғашық жан бұлтқа айналып кетеді:

Кетер ем бұлтпен бірге араласып,

Көрер ем найзағаймен жағаласып,

Артыңнан ақша бұлт боп жүзер едім,

Көзіме бір көрінсең бала- ғашық.

«Есіңе мені алғайсың» өлеңі тұнып тұрған психологиялық параллелизм. Жазда, күзде, көктемде, қыста жылдың бар мезгілінде есіңе ал, мені ұмытпа дей отырып, найзағай шаншыған сәт, қазбауыр бұлттар маңған кез, қараша келіп, құлазыған күн, бозарып атқан ақпанның бозала таңында деген нақты уақыт, белгілі шақтың екі түрлі семантикалық өрісі көрінеді: бірі- еске алатын бейненің психологиялық күйі болса, екіншісі – еске алушы адамның көңіл күйін қолдау, сенімен біргемін деген қимастығын білдіру.

Сүйген ерін сүйгісі келе берер,

О, жастық! Махаббат тап, көгере бер.

Сүйгемін жоқ, өлгенмін, - дер едім мен

Сүйдің бе деп сұраса менен егер...

Мұқағали мен Мағжанның сүюді өлу деп тану көнцепциясы бір. Сүю мен өлу екі құбылысқа ортақ дүние – адамның өзін жоғалтуы, басқа бір психо-физиологиялық әлемге енуі. Екі аса сезімтал ақынның, шебер суреткерлердің сүю сезіміне берілгендік, адалдық, құштарлық, оны адамзат өміріндегі қасиетті дүние ретінде қабылдауынан туындаған түсінік. «Сырым» деген өлеңінде М.Жұмабаев: «Әйел сүйем, бірақ емс сендерше» деп сүйіспеншілікті денесі мен жанын, жүрегін толық жаулайтын құдірет ретінде танытқан-ды.

«Менің қымбатты достарым! Егер сіздер шынымен менің өмірбаянымды, творчествомды зерттемек болсаңыздар, онда мен не жазсам, соның бәрін түгел оқып шығуды ұмытпағайсыздар. Мені өз өлеңдерімнен бөліп қарамауларыңызды өтінем» - деген сөзі ақын шығармашылығын жаңаша зерттеудің өзегі болуы тиіс. Әдебиеттанудың заңғары М.Әуезов те кейінгі ұрпаққа Абай шығармаларын оның өмірімен сабақтастыра зерттеуді аманат етіп кетті. Ақынның тағдырын өлеңдерінен таба білу, өмір мен өлеңді біртұтас қарастыру біздің әдебиеттануымызға жетіспей жатыр. Жас буынның өзіміздің тұлғалардан көрі шетелдік қаламгерлердің өмірін қызықтап, шығармаларын құмарта оқудың өзегінде осы бір оқырманға жетпей жатқан мәселе де болуы мүмкін. Белгілі қаламгерлердің өмірінің көлеңкелі тұстарын айта білу, қабылдай білу, шығармашылығын қалай сүйсек, жеке басын солай құрметтей білу жетпей жататыны жасырын емес. Қаламгер шығармаларын оның адами болмысынан бөліп зерттеу қаламгердің шығармашылығын да, өзін де толық түсінбеуге соқтырады. Мақалаға арқау болған осы бір ғажап жырлардың иесінің жұмбағын шешу болашақтың күтіп тұрған мәселесі.

Айгүл Үсен,

филология ғылымдарының докторы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар