Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Айқайлайды асқазандар қасап жақтан шықса қан – өркениеттің сыйы бұл

27.11.2018 2108

Айқайлайды асқазандар қасап жақтан шықса қан – өркениеттің сыйы бұл

Ақын, публицист, тарихшы, аудармашы, ғалым Сұраған Рахметұлы 1958 жылы Баян-Өлгей аймағының Дэлүүн сұмынында дүниеге келген. Ақын 1970 жылдардан бастап, шығармашылық жұмыстарға белсене араласады. Ол сөз өнерінің алуан түріне қалам тартып, аудармамен, таза поэзиямен, драматургияға құлаш ұра бастайды. Қазақ-моңғол тілдерінде қатар қалам тербейтін ақынның ең алғашқы «Жұлдыздың лағыл елесі» жинағынан бастап, «Ақ тегершік», «Өрен жүйріктің сілекейі», «Түске оранған күз», «Көгілдір шабыт» атты жыр жинақтары және «Қаламұш әлем» атты кітабы, «Оспан-Чойбалсан» атты ғылыми еңбегі жарық көреді. Сонымен қатар ол моңғол ақыны Бавуугийн Лагвасүрэннің «Іштен шыққан шұбар жылан» кітабын және Қытайдың Ли Бай, Ван Бей, Жапонияның Мацуо Баше (1644-1694), Мацаока Сики (1867-1902), француз ақындары Шарль Бодлер (1821-1867), Стефан Маллерме (1842-1898) Поль Верлен (1844-1996) Артюр Рембо (1854-1891) Гийом Аполинер (1880-1918) американдық Эмили Дикинсон (1830-1886) аргентиналық Хорке Луис Борхестің (1899-1986) өлеңдерін қазақ тіліне тәржімалаған майталман аудармашы. Және өзінің таңдамалы өлеңдері де орыс, моңғол, қытай, түрік тілдеріне аударылып үлгірді. Сонымен қатар, ол тарих саласынан Моңғолия қазақтары тарихының ақтаңдақ беттері жайынан «Құжырты құрбандары» атты көлемді тарихи еңбегін жазады. Тарихи шығармаларының негізгі арқауы етіп, көбінде қазақ-моңғол тарихындағы аласапыран жылдарды, олардың қилы тағдырын, Орыс пен Қытай еліне бодан болған қаралы жылдар тарихын тың дәлел-дәйектерге сүйене отырып, келтіреді. Ақынның қай саладағы еңбектері болмасын, сөз қадірін білетін зиялы қауымның көңіл төрінен өзінің лайықты бағасын алып үлгерген. Сұраған Рахметұлының түрлі саладағы еңбектерінің әрқайсысы жеке-жеке зерттеу нысаны болуға лайық. Сондықтан бұл мақалада тек қана ақынның поэзиялық туындыларына ғана тоқталамыз.

Ең алғашқы жинағы «Жұлдыздың лағыл елесі» кітабы шыққаннан бергі ақынның өмірінің жолы өнер жолымен сабақтас. Себебі, ақын өмірін өлеңге айналдырады, өмірдегі барша құбылыстарды, қуаныш пен мұңды, қайғы мен шаттықты жыр тілімен халқына паш етеді.

Cұраған Рахметұлының өлеңдерінде, танымал жинақтарының барлығында да адамның басындағы түрлі сезімдерді күрделі де әсем ойлармен айшықтап отырады. Ақын өлеңдері әр алуан тақырыпқа арналады.

Тегінде, қасиетті туған жердің топырағы өзінің киесін ақтар, өзіндегі барша сұлулықты әйгілер, сол сұлулықты өлең тілімен жыр етер бір ақын перзентін дүниеге әкелмеуі мүмкін емес-ті. Және ол жер әр сөзі мыңға татитын жалғыз ақын әкелсе де, ештеңе емес, қайта сол ақын өз туған жерінің қасиетті топырағын, асқарын, көлін, мөлдір бұлағын сан жүректерге құйып, өз мекенін сан көңілдер төріне ұялатады. Ақынның туған жері – Дэлүүн сұмыны жазира даласымен, бұла табиғатымен дараланатын киелі де қастерлі өлке. Ол жер қашаннан да ақындар елі деп әспеттелетін қалам ұстар қауымның қасиетті мекені. Сол жерде туып-өскен ақынның өзінің тұмадай тұнық Қарасуын, асқар тауы Бүркітін, ала мұзарт Ақзеңгірін, Қараөткелін жырламауы мүмкін емес-ті. Ақынның бірқатар өлеңдері өз туған жерінің тауы мен суын асқақтата жырлауға арналады.

Мұң Қарасу,

Мың үйрек, құрақ аумақ,

Бүйірінде Бүркіттің

Қыран аунап...

Шыңның күміс төбесін

Желпіп қойып

Уыс бұлттың жиегі тұр алаулап.

Қарасудың айдынды, Бүркіттің айбынды келбеті ақын өлеңдерінен әдемі көрініс тапқан.

О, кішкентай ауылым,

Құшасың сен жел әуенін, тау үнін.

Марқа қырдың сеңсеңіне оранып,

Еміп жатыр Мама бұлттың сауынын.

Қазақы қасиеттің қаймағы ауылда екені ақиқат. Ауыл – әр қазақтың көкірегіне жылы сәуле сепкен, мейірім мен ізгіліктің, адамгершіліктің барлық қасиетін қазақтың қара домалақ баласының бойына сіңіретін қазақы тәрбиенің қайнар көзі. Қасиетті мекеннің тәрбиесімен сусындап өскен ақын:

О, шап-шағын мекенім,

Сезінбейсің өркениеттің не екенін.

Бал ай үшін күреспеген, тіреспеген

Басқамен,

Сарайысың махаббат пен некенің.

Осылай соны тіркестерімен қазақ ауылының барша болмысын алдыңа жайып салатын ақын өлеңдерінде табиғилық пен шынайылық басым. Өмірдің барша сырын еш айнытпай өлеңге көшіру, өлеңі мен өмірі бірігіп, кірігіп кету хас таланттың ғана қолынан келетін қасиет. Расында да, қазаққа ғана біткен қайсарлық, оларға тән нағыз табиғи келбет өлеңде айқын көрініс тапқан. Атам заманнан бері қазақ халқы асау табиғатпен арпалысып өскен, ен даланың еркін қырандарындай қалықтаған. Қазақ әйелі отын теріп жүріп те, талай перзентін дала құшағында дүниеге әкелген. Сондай арда қазақтың қаймағы бұзылмай сақталған Баян-Өлгейдегі шағын ауылдың тірлігі осылай болмағы заңдылық. Оны ақын сағынышпен еске алады. Және осындай бұла келбетті табиғаттың ақын перзенті Сұрағанның өз туған жерін үздіге жырлауы басым. Алайда, ауылдағы адам біткеннің барлығы да періште емес. Адалдығы мен аңғалдығы басым ауылдың келбетінен қасиетін қашыратын кей пенделердің ауылда да болуы заңдылық.

О, ауылым!

Шапағаттым, сорлым-ау,

Өкінтпей ме миға құрған тор мынау?!

Сенің құтты, сенің сүтті жұртыңда

Отырғанның басы шірік,

Орны дау.

Қазіргі ауыл бұрынғы ауыл емес. Кішкентай болса да өзіне тән өркениеті қалыптасқан, заманауи мәдениеттен аз да болса сусындаған ауыл. Сондықтан, ол жердің де басшысы мен атқамінерлері аз емес. Көп мәдениеттен мақұрым қалған ел, елдің тұрмысы төмен жағдайы, тағы басқа да қиянаттарына төзе алмаған ақын өз мұңын жырмен жеткізеді.

Қайран ауылым, тың жоқтауым, тұл әнім,

Алдаспанның жүзінде бақ сынадың.

Жерде отырып, Көк Тәңірін қия алмай,

Дүркін-дүркін сілкінеді қыраның.

Ақын өлеңдерінде өз мұңы мен адамзат мұңы сабақтасып жатады. Моңғолия қазақтары Алтайдың арғы бетіне өткен аралықта нешеме жолдарды басып өткен. Ертістің асау толқыны, «Шіңгілдің мөлдір суы», жылай да жылай арғы бетке ауып кеткен Керейлер мұңы өлең болып өріледі.

Тағдырымен келісе алмай тістеніп,

Ескі жұртқа қарайды атам үш бөлік.

Бессаланың берекеті керемет

Азаны арай, таңы мерей, түсте құт.

Атажұрттан алыстап кеткен ақын мұңы байырқалап, береке тауып орныққан жеріне шүкірлік айтып, сол жердің сұлу табиғатын жырға қосады. Алайда, алыста қалған балдәурен күндер, атамекеннен жырақ кеткен жылдар, туған жеріне тартылатын рухани күш ақын жүрегін жай тапқызбасы анық.

Бұлғын, Шіңгіл, нән Көксерке, Күртіден,

Көкейінде жатады оның бір тілек.

«Анау жатқан үлкен үйдің жұрты» деп,

Жасаураған көзін әпкем сүртіп ед.

Ел мен жер – егіз ұғым. Бұл ұғымдар ақын өмірінің қос қанаты іспеттес. Аласапыран заманда адасқанымыз көп, жүрек сыздатар өкініш те аз емес. Түрлі себептермен шекара асып кеткен халық тағдыры, ақын жүрегінің ең бір нәзік қылындай сезіледі.

Көзбен кешіп, сол мекеннің әр құмын,

Тыңдап тұрмын Сұлубайдың зарлы үнін.

Бергеніңнің түгеліне шүкірмін,

Бермегенің болса соған жарлымын.

Тағдырым.

Кей адамдардың бабасы қазақ жерінде, атасы қытайда, әкесі моңғолда дүниеге келуі де көшпенді халық зарындай естіледі. Қилы да қиын қазақ тағдырыақынды толғантпай қоймайды. Алмағайып жылдарды басынан кешіріп, арпалысып жүріп, арманда кеткен Сұлубай мұңы жырланады.

Сұлубай – Керейлер арасынан шыққан, өзі ақын, өзі батыр, сері болған адам. ХХ ғасырдың орта шенінде Шығыс Түркістандағы Оспан батыр бастаған ұлт-азаттық көтерілісінің қайраткері. Ел тыныштығы, жердің азаттығы, ұлт игілігі үшін жар құлағы жастыққа тимей өткен, талай қанды шайқастардан өткен батырдың ел аузына таралған өзі жайлы өлеңі «Сұлубай» жыры ұрпақтан-ұрпаққа жетіп келеді. Ақындар әрқашан сөз өнерін қастерлейді, Сұрағанды да толқытқан Сұлубай зары, оның тағдырының жалғасындай атамекенге жете алмай арманда жүрген қазақ қандастардың қайғысы. Алайда, ақын өмірден түңіліп кетпейді, ол нұрлы болашаққа, жарқын келешекке сенеді, ертеңге үмі артады. Адам өмірі Алланың қолында, сондықтан, әр шеккен қасіреттің қайта оралмауын тілеп, бүгінімізге шүкірлік етуіміз қажет.

«Ғаламат түрен, қабағат сүрен кеспірің;

Кесіртке күліп, кесапат кезген кешқұрым.

Көртопырақта гүлдер тарамыс гүлмін ақырғы

«...Танымайсыңдар-ә, ешбірің?» -

деп, өлең жазатын ақын бүгінгі таңда ақындықтың дана деңгейіне көтерілген. Ақын өлеңдері басқа да сан алуан тақырыптарға арналады. «Ақын боп өмір кешіру оңай деймісің, қарағым, аузында болу бұл өзі, сыздғана барлық жараның» деп, ақиық ақын Төлеген Айбергенов жырлағандай, әлемнің бар қайғысы ақын жүрегінен сүзіліп өтеді. Жаны нәзік ақын қауымына баршаның мұңы мен мұқтажын, қасіреті мен қайғысын, қуанышы мен шаттығын, сезімдері мен махаббатын жырлау міндеті жүктелген. Сондықтан, қоғамдағы әрбір келеңсіз жайларға ақынның үн қатпай қалуы мүмкін емес. Бұл үрдістен Сұрағанның да шет қала алмайтыны анық.

Ақынның бірқатар өлеңдері отансүйгіштік рухпен жазылса, екінші бір топ өлеңдері ана тілімізге арналған. Көшпелі қазақ рухын бойына сіңірген ақынның жырлары өзіне тән ұлттық сипатпен ерекшеленеді. Себебі, «ұлттық сана – біріншіден өз халқын, ұлтын сыйлайтын ыстық ықылас пен сергек сезімнен туады. Екіншіден, елінің, халқының, ұлттың өткенін, қазіргісін, келешегін толық біліп, тексеріп, халық тағдырына, ұлт мәселесіне елдік, мемлекеттік тұрғыдан қарайтын саналы, салихалы ойдан туады. Бұл ретте ұлттық сананың жасаушысы, сақтаушысы, қорғаушысы әрқашан да ұлттық интеллегенция, зерделі авангард топ, зиялы қауым, әсіресе ақын-жазушылар». Ұлттық сипат – Сұраған Рахметұлының шығармашылығындағы негізгі сарын болып табылады. Ол – қазақтың ұлттық болмысын, өзіндік тұрмыс-тіршілігін, жан-тәнімен сүйген ұлтшыл. Өлеңдерінің ұлттық идеямен суарылып отыруы – ақынның бүкіл поэзиясына тән өзіндік басты ерекшелігі.

Оң босаға, тезектің қанарында Ай,

Жез ошақтың сипайды балағын жай.

Ай, ай, керемет мөлиген сағанақтан,

Ас дәметкен күшіктің жанарындай.

Ақын ескі ауылдағы қазақы тірлікті бар болмысымен көз алдымызға әкеледі. Төбедегі толған ай, жерошақта қайнаған ет, солармен бірге есік көзіндегі қарауыл ит – бәрі-бәрі де қазақы ауылдың қайнаған тірлігі. Сұраған Рахметұлының өлеңдерінде мұндай сипаттың болуы заңды да. Себебі, Алтайдың арғы бетіндегі қазақтардың өмірі көшпелілік сипаттан әлі толық арылмаған. Қыста қала тіршілігіне етене араласып, шаруаларын күйттесе, жазда ен даланың төсіне емін-еркін қоныстанып, киіз үйлерін тігіп, бие байлап, қымыз ішіп, нағыз қазақы сән-салтанатты бастарынан өткереді. Солардың арасында туып-өсіп, ен даланың еркін қыранындай қалықтаған ақын:

Жер шарана жып-жылы

Мұйықтағы,

Жаңа ғана тыныстап, ұйықтады.

Ат тұмсығын қытықтап, оятады-ау,

Ақ байғыздың шақырған сүйікті әні... –

деп, тағы да қазақы болмыстың қайталанбас суретін жасайды. Жазғы жасыл жайлаудағы айлы түн көз алдыңызға келеді. Тек қана құр көріністі суреттемейді, сонымен қатар барша әлемнің тыныштығы бұзылмауын аңсаған ақын жүрегінің кеңдігіне қайран қаласыз.

Жоғарыдағы өлең – елінен жырақтап, «қиыр жайлап, шет қонған» қазақ баласының жан сыры. Ақын оны өрнекті тілмен айшықтап береді. Бұл өлеңнен ақын поэзиясындағы патриоттық сарынды аңғарамыз. Сұраған да атамекеннен жырақ қонғанымен, тағдырын отанмен байланыстыра білген ақын. Ол қазақ елінің жетістігіне сүйінеді, қайғысына қабырғасы қайысады. Әлем қайғысы ақын жүрегінің сүзгісінен өтетінін ескерсек, ақын өлеңдеріндегі көтерілген көптеген өзекті мәселелердің қазақ елінің бойындағы «жарақат» екенін аңғара аламыз. Шет мемлекет қанша кең болғанымен, жеме-жемге келгенде, «шөміштен қағып» қалатынын ақын «үзеңгісін ұзарта алмай жүргенімен» бейнелейді.

Кешегі айтқан ақ әуен бүгін түскен

Ай келін,

Тезек жаққан боз үйдің безілдейді шәйнегі.

Көк құрақтың үстінде

Көсіліп бір Күн жатыр.

Мейіріміндей әжемнің қандай жұмсақ, жайлы еді?!.

Тағы да қазақы тірлік, тағы да қазақы болмыс. Мұқағали:

Мотордың дауысын есіте-есіте шаршадым,

Жамырап жатқан жас төлдің даусын аңсадым.

Жабағы үйді ақ жауын түтіп тұрғанда

Отырар ма еді түтінін жұтып аршаның!,-

деп, күңіренсе, Сұрағанда ондай күйзеліс жоқ. Кез келген өлеңінен «қалалық ақындардың» ауылды аңсап, тас қабырғаға қамалып отырып жазатын күйзеліс сарыны байқалмайды, қайта тап-таза, тұп-тұнық қазақы мөлдір поэзияның өрнегін көреміз. Қазақы ауылдың қасиетін бойына қондырған ақын:

Биік үйлер, үрейлі үйлер иен молаға ұқсаған

Тірі өліктер ұйығы.

Айқайлайды асқазандар қасап жақтан шықса қан,

Өркениеттің сыйы бұл.

Биік үй, -

деп, шошына жырлайды. ХХІ ғасыр бізді көп құндылықтарымыздан айырды, бүгінге дейін қаншама кезеңдер мен асулардан өтсек, сол жолдардың барлығы да біздің қасиеттерімізді жырымдап, алып қалып отырды. Осы ғасырдағы түрлі өзекті мәселелер ақын поэзиясында өзекті өртер өкінішпен көтеріледі. Ақын мұнымен де шектелмейді, ол ХХІІІ ғасырға да оймен сапар шегеді. «АЛЛЕГОРИЯ немесе ақырғы сөз» атты өлеңінде ол «...Дәруіш ойдың шырқау шегі! Дәлірек айтсам ХХІІІ ғасырдың басы. Маң даланың төсінде маймылдар көбейген. Олар асыранды ана қаздың жұмыртқасымен атысуда...» деп келеді де,

Қызыл ғасыр, тоқ кекірем,

Аш келіп,

Сын тасыңа сидім тағы,

Мас келіп?!

/Құрдым аузы аш бөрі/

Әкесінің жылдығына

шошқа сойып,

- ?

АС беріп...

Ыржияды бас тері!

Қа-аш бер-рі-і..

-деп, адам шошырлық сурет жасайды. Әрине, мұндай күйді басымызға бермесін. Алайда, санасы уланған жастар, үлкенді құрметтемеу, руханияттан адасу, дәстүр-салтымызды аяққа таптау т.б өзекті мәселелер өлеңнің өн бойынан көрініс тапқан. Бүгінгі заманымыздың сиқы оңбай тұрғанда, арғы ғасырларда «қазақ» деген ұлт жер бетінде жасай ала ма? Осы секілді философиялық сарынмен көтерілген мәселелер – өлеңнің негізгі арқауы. Абай қазақты қалай сүйсе, солғұрлым ащы тілмен сынау арқылы түзетіп отырды. Абай рухын бойын сіңірген ақынның да ашына сөйлеуі заңдылық.

Ұлтым, қызарған өкпесің,

күлкілі Мисың.

Саған өкпелегеннің өті іріп,

Құлқыны күйсін.

Өтірік айтамын,

«Жек көру деген жақсы көрудің тегі»

Бойына сіңірген елсің арғымақ жылқының иісін.

Бір шумақ өлең қазақ табиғатын ашады. «Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың» деп келетін Абай өлеңдерінің заңды жалғасы іспеттес. Қазақ халқының аңғалдығы, бала мінезділігі және желдей ескен еркіндігі, жылқы мінезділігі көрініс табады. Және «неге екенін білмеймін, сол елімді сүйемін», дейтін Мағжанның сарынындай өз ұлтын барша болмысымен сүйетін дархан жүрегінің дала пейілі қылаң береді.

Сұраған Рахметұлының осы типтес кез келген өлеңдерінен ұлттық сипатты аңғара аласыз. Бұған, біріншіден, тамырында ойнаған қазақы қан мен Абай бастаған ұлылар рухын бойын сіңіргендігі себеп болса, екіншіден, ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлы айтқандай, Моңғолдың кең жазира даласында «түнде сықырлауығынан жұлдыз сығалап, күндіз шаңырағынан ару Күн алтын бұрым түсіретін, табалдырығынан бірден дархан Дала басталып кететін көшпелі өмірдің қошына бөленгендігінен» болар. Шын мәнінде, туған жерін, туған ұлтын, ана тілін сүйген адам ғана халқының нағыз патриоты бола алады. Сол себепті де олар халқына адал қызмет етіп, өмірін соған арнайды. Сұраған Рахметұлы да бүкіл саналы өмірін ұлтына арнап келеді. Оның өлеңдерінде көтерілген негізгі идеялар да өз ұлтының бойындағы «айтпауға болмайтын» мәселелер болды.

Шеру кетіп барады

Тыр жалаңаш...

Айқайлайды аяғы сынған ағаш...

Қызықтысы – кешегі мырза аға мас,

Қызықтысы – бүгінгі мың қазан аш.

Қоғамның келеңсіз жағдайлары аз емес. Кешегі дәурен бүгін бір адамның басында жоқ. Өтпелі өмір сынаптай сырғып, біреуге бақ, біреуге сор әкеліп, өз бағытымен сырғи бермек.

Улыға ықтап, сарғайған

Шулыға ықтап.

Мейлі... дейміз

Жөтелге булығып қап...

Бұл өмірде айтпауға тиісті, айтылмауға тиіс жағдайлар да бар. Оны айтам деген талай тіл кесілген., талай бастар домалаған. Оны білгендер жұмған ауыздарын ашпайды, ал, ақынның үндемей қалуға қақысы жоқ.

Ақынның бірқатар өлеңдері тіл мәселесіне арналған.

Кеңірдекке тірелген кеп түйткілдер,

Жүректерде құлдырау бар, миыңда өрт.

Өңшең тірі өліктермен біргесің,

Жаның жалын,

Заманың қас,

Күйің дерт...

Бұдан әрі бұрқай соғып...

Не дерім?

Жабырқау күз, жуды жаздың бедерін.

«Тілің қайда, қарағым-ау?», - деп едім:

«Жұмыршақта ұйықтап жатыр», - деді Ерін...

«Тіл – әрбір адамға сондай қымбат болса, әрине, ұлт үшін де қымбат. Тілсіз ұлт тамырынан айрылған ұлт болып жасай алмақ емес. Ондай ұлт құрымақ. ұлттың ұлт болуы үшін бірінші шарт – тілі болу. Ұлттың тілі кеми бастауы ұлттың құри бастағанын көрсетеді. Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмауға тиісті...» деген Мағжан Жұмабаевтың пікіріне сүйенсек, ұлттың тілі туралы мәселелер қай заманнан бері зиялы қауым өкілдерін толғатып келе жатқанын аңғарамыз.

Ана тіліміздің қадір-қасиетінің құлдырауы, бүгінгі қоғамның «мәңгүрт» кейпінің өз туған тілін менсінбеуі ақынның «улы сия, ащы тіліне» іліккен. Бұл орайда да ақын қазақ елінің тағдырымен біте қайнасқандығығын көрсетеді. Себебі, Баян-Өлгий қазақтары үшін тілдің проблемасы жоқ. Моңғол жеріне алғаш барғандағы қазақтар тілі қандай болса, бүгінгі таңдағы Бай-Өлке қазақтары да әлі де ана тілінің қадір-қасиетін қаймағын бұзбай сақтап келеді. Сондықтан Қазақстандағы ушығып тұрған бұл мәселені ақын орынды көтере білген. Бүгінгі таңдағы қоғамның түрлі былық-шылықтарының бастауы да ана тілімізден алшақтап, «ұлтым» дейтін ұрпақ тәрбиелей алмай жатқандығымыздан болса керек. Себебі, барлық құндылықтардың өзегі ана тілінен бастау алатындығы мәлім. Бұл жайлы ақынның өзі де бір сұхбатында айтып өтеді: «Рухани құндылықтардың айналымға түспей тұрғанына кедергі жалғыз проблема, ол – тіл. Тіл жоқ жерде ұлттық сана жоқ. Ұлттық сана жоқ жерде ұлттық құндылықтарға ешкім қарамайды...» - деп немесе «Қазақтың әдебиеті сындарлы біртұтас әдебиет. Қазақтың әдебиетіндегі біртұтастық өзге әдебиеттерде жоқ. Осы біртұтастықты ыдыратып жіберетін бір осалдық бар. Ол – Тіл. Тіл мәселесі шешілмесе, қазақ әдебиеті қазақстандық әдебиет болып, быт-шыты шығып бөлінеді. Сол кезде ұлттың күйреуі басталады. Тілдің туы көтерілсе, қазақстандық әдебиет өз жөнін табады да, қазақ әдебиеті әлемдік аренаға көтеріледі. Тура ағылшыншаға, жапоншаға, қытайшаға аударыла бастайды», - деп, тіл мәселесіне қатысты да өзінің азаматтық үнін қосады.

«Ойран» өлеңінде ақын:

...Тік жазулар көз жасы,

Былғап кеткен,

Сұп-суық жүз қарайды күллі

Ақ беттен.

Мына бір сөз – кекеудің егеуіндей,

Мына бір сөз –

Жаныңды тырнапты еппен.

Күн күркіреп, жай түсті

Бір жақ шеттен,

Қызыл тілде қыбыр жоқ

Құрғап кеткен..., - деп, жан шошырлық көрініс береді.

Тағы да Тыныштықбекке жүгінейік. «Бұдан көк аңқыған көшпенділік руханиятын («сүт») отырықшылықтың технология («кір») ғана сасыған озбыр формациясы да аяусыз басып-жаншып тастағандағы тақсіретіміз де, сөзіміздің самалын бұзып бітірген «тік жазуды» (кириллиция) Көк Түрік әліпбиіне ауыстыруда көсем таппай сандалғандағы қасіретіміз де Сұрағанның жүрегін аяусыз тілім-тілім еткені айқын көрінеді». (С.Рахметұлының кітабына жазылған пікірінен) Бұдан ақынның күллі қасіреті – туған елінің бойындағы дерт екенін аңғарамыз.

Ақын өлеңдерінің ерекшелігі де сол – онда күллі ақын біткен қалам тартпай өтпейтін нәзік сезімнің, жұптар арасындағы аяулы махаббат лирикасының жоқтығында (бәлкім аздығында). Мұқағалидың: «Поэзия махаббатпен басталып, парасатпен аяқталады» деген пікіріне сүйенсек, Сұраған поэзиясында махаббат лирикасына орын болмауы таңдандырады. Жыраулар поэзиясынан келе жатқан дидактикалық сарынмен сусындап, әлем әдебиетінің мол жауһарларына құныққан ақын жырлары тек қана күрделі ойларға, қиын мәселелерге арналады. Махаббат жайлы аз жазылған бірен-саран өлеңдерінде ол сүйген сұлуының қасы мен көзін суреттемейді, махаббат деген қандай сезім екеніне, және оның Абай айтқандай, «ғашықтық, құмарлық пен – ол екі жол» екендігіне тоқталады.

Мәселен:

Шарап ішкем, дәмі қалай?

Ұмыттым.

Ерінің де есімде емес, қылықтым.

Өлеңіңді естімегем, бәрі аулақ,

Қалғаны тек қасаң қайғы,

Сынық мұң.

Бұл өлеңде жар аңсаған жігіттің үзіле үздігуі жоқ, тек кешегі өткен істерге салауат айту ғана бар. Сол себепті де өлең өмірдің өткіншілігін сипаттауға құрылған.

Бәрі тәмам. Тұман түсті маңдайға,

Ертең мүмкін жарылады жүрегім!

Мың сәттердің игілікті легі

Ұмыт қалды!

Шалғайда.

Махаббаттың сырлы сезімдері, сүйген жардың сиқырлы сезімдері көрініс таппаған. Тек бірен-саран өлеңдерінде қылаң беретін сезім жанның емес, тәннің жақындығын сипаттауға арналған.

Мәселен:

Табылған тамыр тайпадан,

Мақұрым болған бойдағы із.

Алкеуде бойдақ жайпаған

Алғашқы түнді ойла, қыз.

Сұраған Рахметұлының тағы бір топ өлеңдері табиғат лирикасына арналады. Табиғаттың сан қилы құбылыстарын өлеңмен өрнектеу, оның түрлі келбетке енуін адамның ішкі иірімдерімен, көңіл-күйімен астастыра жырлау, табиғат мезгілдеріне «жан бітіру», оларды «сөйлету», «сылқылдата күлдіру» немесе «өзді-өзімен сырластыру» Абайға дейінгі қазақ поэзиясында болған емес. Абай кескіндеген «үсті-басы ақ қырау, түсі суық» қыс деген «кәрі құданың» ашулы, долы мінезінен ызғар байқағанымызбен, мұндай соны өлең түрі ілкіден түрен тартқан жыраулар поэзиясындағыдай қасаң ақылға ғана сүйенбей, қазақ өлеңінің бойына нәр мен жан бітіріп, оның тамырын тулатып, шырқау биікке көтеріп әкетті. Табиғат құбылыстарын дәл бейнелеу, оны ешкім айтпаған тың тіркестермен жаңаша жырлау хас таланттың ғана қолынан келетін суреткерлік болып табылады. Абай салған ізді жаңаша жолмен ХХ ғасырдың басынан бері қалам ұстаған қазақ баласының барлығы өз деңгейлерінде өлең етіп келеді.

Бұл тұрғыдан алып қарасақ та, Сұраған Рахметұлының суреткерлік шеберлігі, жыр әлеміндегі талантты тұлғасы өзгелерден оқ бойы озық тұрғанын айтып өтпеске болмайды. Сұраған Рахметұлы – Алтайдың арғы-бергі бетіне аты кеңінен мәлім, талантына сөз қадірін түсінер жұрты түгел бас иген ақын. «Әттеген-айлатар» жай, ақынның атажұртқа қоныс аудармағаны болса да, есімі қазақ елінің әдебиет әлемінде өз орнын алып үлгерген қандасымыздың шығармашылығы да жырсүйер оқырманның көңіл төрінен орын алған. Бұған ақынның қазақ елінде бір жылдың ішінде жарық көрген қос кітабы «Түске оранған күз» бен «Көгілдір шабыт» атты жыр жинақтары дәлел бола алады. Кітаптағы «тұңғиық тереңдік, қанатты қиял, тың теңеу, тосын тұжырым, оқыс ой тұнған жауһар жырлар – бөлек болмысты ақынның адуын талантына айқын айғақ» деген аннотациядан-ақ, ақын талантының шоқтығы биіктігін көзі қарақты оқырман пайымдай алмақ.

Сұраған Рахметұлының өлеңдері өзінің тұңғиықтығымен, қарапайым оқырманның қиялы жете бермейтін тереңдігімен, көркем ойды барынша дәл жеткізе алуымен де құнды. Ақынның бұл суреткерлігі оның табиғатты жырлаған, пейзаждық өлеңдерінде айқын көрінеді.

«Әдеби шығарма не туралы («Холстомер» жылқы жайлы «Ақ азу» ит туралы дегендей) жазылса да бәрібір, сайып келгенде, бәрі де адам, тек адам туралы ғана сыр шертеді. Сөз өнерінде адамнан тыс, адам тағдырынан тыс бірде-бір өрнек – өмір суреті жоқ және болуы да мүмкін емес. Бұл ретте, көркем шығармаларда суреттелетін табиғат көріністерін, яки пейзажды да әншейін бір уақыт пен кеңістіктің дерегі ретінде даралап қарамай, адам образын толықтыра түсетін тәсіл десек, ағат айтқан болмаймыз. Өйткені, адамның сыры мен сезімінен, өмір тіршілігі мен көңіл күйінен тыс ешқандай пейзаж болуы мүмкін емес» деп келетін З.Қабдолов ағамыздың пікіріне сүйенсек, табиғаттың сырлы құбылыстарын адамның көңіл-күйімен астастыра жырлаудың әдебиеттің маңызды критерийлерінің бірі екенін түсінеміз. « Ақынның табиғат лирикасында оның өзінің де ішкі сана-сезімі, психологиялық иірімдері анық ашылған. Әрбір құбылысты бояуын қанық түрде айқын бейнелеу ақынның теңдессіз реалистік шеберлігін анық аңғартады.

«Мамыр кеші» өлеңіндегі соны суреттер оқырманды жылы сезімге, поэзияның тылсым құдіретін тануға жетелейді.

Күн еңкейді, күн еңкейді, түңілдім

Тас астынан түрегелді іңір – мұң.

Тянь – Шанның тік басынан ұшқан күн

Құшағына бір-ақ кірді Құмылдың...-

деп келетін өлең жолдары «аққулардың қанатынан алма-кезек дөңгелеген күрең күн» мен «сұлап жатқан сұм көлеңкенің ұзарғанын» айта келіп, былай аяқталады.

Түн бүркеді, түн бүркеді шаршадым.

Гүл ішінен тұрды тағы барша мұң.

Қайран күндіз бұрқ етті де жоғалды

Шөкім ғана түтініндей аршаның.

«Аршаның түтініндей бұрқ еткен қайран күндіз» атам қазақтың «қамшының сабындай қысқа ғұмыр» философиясын елестетеді. Жалпы алғанда, ақын поэзиясының кез келген тіркестерін, әр жолын жалаң жаза салмайды, олардың әрқайсысында да бірде жасырын, бірде ашық пәлсапалар тұнып тұрады.

Күздің жұтып салқынын

Еккен гүлім қайта оңды.

Ел ұйқыда.

жалқымын

Ен даламда ай тоңды.

Күз – табиғат мезгілдерінің ішінде жанды жабырқатар кез. Жаз бойғы салған сайран мен сауық тарап, жазғы жап-жасыл дүние сарғайып, сұрланып, бүкіл әлемді сазды әуенге, көңілді қиқуға бөлеген құстардың қайтып бара жатқаны жылылыққа жаны құштар адам баласына өмірдің өтпелілігін, ғұмырының қысқалығын аңғартар болса керек. «Еккен гүл оңады», солады, жаз дүние сіздің қалауыңызсыз-ақ, күзге айналады. Соны сезген ақынның жабырқау көңіліне аспандағы «тоңған ай» да көңілсіз күйде сырын бөліссе керек.

«Табиғатты жырлауда екі өзгешелік бар, - дейді сыншы, әдебиетші І.Омаров бірінші – табиғатқа сүйсіну, дәлдікпен суреттеу, көрген жердің фотографиясын беру, екіншісі – табиғатқа жан беру, тірілту, адаммен, қоғам өмірімен теңестіру».

Ат кісінеп мөп-мөлдір

Үркер үрікті төбемде.

Өлең жазам өктем бір

Көз жасымды төгем де.

Жазғы мезгілдеген жырақтау табиғаттың төрт аяқтыларына да көңілді әсер бере қоймаса керек. «Ат кісінеп, үркер үркуі» де сары күздің өзіне тән өзгеше белгілерінің бірі. Осылай да осылай бөлекше тізбектелетін бөлек ойлар былай аяқталады.

Жалған үміт жан үрлер

Бұрынғы сәт қолтаңба.

Жалбарынып тәңірге

Мұң шағамын сол Таңға.

Өмірдің өтпелілігі, басымыздан жаздай айналып, қаздай айналып ұшар қысқа ғұмыр күз суреті іспетті. Адам өткенге әр кез салауат айтады, өмірінің ақыр аяғында бұрынғы күндердің бәрін еске түсіреді, сол кезде ғана оның ой елегінен «адам» деген қасиетті атқа лайық болғаны немесе өмірін бекер өткізгендігі айқын сезіледі. Өмірден өтпесе де, белгілі белесті артқа тастаған жігіт ағасы өткен күндердің қиқулы да қызықты сәттерін еске алып бір күрсінуі заңдылық. Алайда, ақын артына тек өкінішпен көз тастамайды, ондағы мерейлі сәттері мен жұрт игілігіне, жеке басына зор қуаныш әкелген өмір белестеріне қуана көз тастап, бұл фәниде өзінің тегін жүрмегеніне марқаяды, өзінен із қалғанын түйсініп, «бұрынғы сәт – қолтаңба» деп қайырады. Ақын сондықтан да алға зор үмітпен, шын сеніммен қарайды, оқырманын да жетелеп әкетеді.

«Доңыз жылғы көктем» өлеңі өзінің сұлулығымен, тазалығымен ерекшеленеді.

Сайын сағым самал кешкен сары – елік

Жатыр дала мың әуеннен нәр егіп.

Көкше мұздың көк бетіне тамады

Аққулардың қанатынан ән еріп.

Мөңкіп аққан бастау беті

Мың іртік

Мешел талдар кемсеңдейді

сіңір түп.

Қоңыр қаздар жұп боп ұшып келеді

Жұмекеннің қоңыр үнін шұбыртып.

Қазақ даласының маңдайына біткен хас таланттары жайлы ақын інілерінің тебірене толқымауы, оларды сағынышпен еске алмауы мүмкін емес. Ғажайып Муза сазы тербеткен өлең деп аталатын құдіретті күйді шертіп жүрген ақындардың бір-бірінің рухын асқақтатуы заңды құбылыс. Қатал тірлікті, күйкі ғұмырды, «көрбілте шақты» да ұмыттыратын, оларға сән беретін, нәр беретін, әрлендіретін бір ғана құдірет болса, ол – Муза. Сондықтан, сөз дарыған ақын ұлдың оны айтпай кетуі мүмкін емес. Алайда, кешегі тірлік әлі де жалғасуда, өмір өзінің қоңыр бояуынан, сұрықсыз кейпінен және бастысы, әділетсіз де жалғандығынан тайған жоқ, бірақ, солардың хақ ортасынан ғасырлардан-ғасырларға жетіп, өздерінің асқақ үндерін, құдіретті өлеңдерін асқақтатып тұратын хас таланттар есімін ұрпақ ұмытпақ емес.

Еске құйып кетер менен

Өтерді

Есіл көктің жиегінен от өрді.

Жан даусымен дала, дала, дала деп

Сағи ағам жерден басын көтерді -

деп өзінің інілік ізгі борышын ағалар алдында әспенсітпей, қарапайым келбетімен көрсете алған Сұраған ақынның да тылсым әрі соны поэзиясы өз тереңдігімен, соны сұлулығымен бүгінгі замандағы әдебиет көшін жалғастырушылардың бел ортасында келер ғасырларға жол тартары даусыз.

Алтыншапақ Хаутайқызы,

ақын, педагогика ғылымдарының магистрі


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Көп оқылғандар