Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Айналайын ақындар, жерге түс! Балконда тұрсың......

11.11.2016 5625

Айналайын ақындар, жерге түс! Балконда тұрсың...

Айналайын ақындар, жерге түс! Балконда тұрсың... - adebiportal.kz


274d2219fe3edaf6b0d05f26348b6abd.jpg

Құрметті жас ақындар!


Өтінемін, өлең жазыңдаршы! Өлең оқығымыз келіп жүр.


Жақсы жырлар жоқ емес, бар, әрине. Бірақ, бірен-саран. Естеріңде ме, бұрынырақта Маралтай Райымбекұлы Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестиваліне қазылық еткен сайын: «Сендердің 80 пайызыңды тыныштықбекизм елесі кезіп жүр. Еліктеп-солықтамай, өздеріңше талпыныс жасаңдар!» деп жалына беріп еді ғой?.. Содан бері он жыл өтті. Әлі өзгермедіңдер.


Тыныштықбек ағамыздың қазақ әдебиетіне төңкеріс жасағанына дау жоқ. Поэзия кеңістігіне тыңнан түрен салып, жақсы жаңалық әкеліп, өзіндік қолтаңбасын қалдырғаны рас. Алайда, бұл дәл сол кісі сияқты жазсаңдар, аттарыңды шығарасыңдар деген сөз емес. Ұқсап бағамыз деп, өлеңнің өңіне бояуды қалыңдата жағып, клоунада жанрына жақындатып, ұсқынын қашырып жатырсыңдар! Тыныш ағаның да тынышы қашқан шығар, бәлкім?.. Себебі, ол сендердікіндей түсініксіз өлең жазған жоқ, тек «біртүрлі» стилдегі ақын ретінде танылды. Сендердікі – «біртүрлі» емес, сол стилді тым қарабайырлап, өзге түгіл өзің түсінбейтіндей етіп күрделендіріп жіберу! Сөзді ойнатуға болады, бірақ, сөзбен ойнау – қиянат! Қазір бізде өлеңді шабытпен шығаратындардан шатпақтап құрайтындар басым.


«Қалыпқа сыймаймыз» деген жасанды жарапазан пайда болды. Поэзияның 4, 5, 6, 7, 8, 9, 10, 11, 12, 13, 15 буынына бағынбаған сөздер – құр лепіру ғана. Жалғыз-ақ фабрикада жағасының бір жағы бар, екінші жағы жоқ, жеңінің бір жағы ұзын, екінші жағы қысқа, етегінің бір жағы көтеріліп, екінші жағы түсіп кеткен куртканың санын арттырып отырған олақ тігіншіге ұқсап кеттіңдер ғой әбден! Одан да ұлы Мұқаң сияқты «қазақтың күпі киген қара өлеңін шекпен жауып өзіне қайтара» салыңдар! Жетеді сол! Жаңалыққұмарлық жарға жығып жүрмесін. Әйтпесе, бәріңнің өлеңдеріңді бір кітапқа топтастырып, оған бір-ақ автордың аты-жөнін қоя салса, оқырман соның ғана өлеңдері екеніне сеніп қалады.


Өзі туралы жанайқайды сезіп отырған ақындар, аттарыңды атап, түстеріңді түстеп, өлеңдеріңді бүге-шігесіне дейін талдауды әдебиет сынын жандандыруға жанын салып жүрген Амангелді Кеңшілікұлына, талпынысы тәуір Заңғар Кәрімханұлына және Бауыржан Берікұлына қалдырдым. Менікі, әншейін, қарапайым көп оқырманның бірі ретіндегі базына ғой.


«Жер бетінде біз жазатын тақырып қалмады. Сондықтан ғарыштық кеңістікті қамтып жүрміз», бірдеңе-сірдеңе... Бос былжырақ, бауырлар!


Қайдағы ғарыш?!. Жерге түс! Балконда тұрсың...


Еркеғали БЕЙСЕНОВ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар