Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Айнұр Төлеу.Тамшылар жұтады уақыттың уытын......

25.09.2023 14383

Айнұр Төлеу.Тамшылар жұтады уақыттың уытын...

Айнұр Төлеу.Тамшылар жұтады уақыттың  уытын... - adebiportal.kz

Қазақ поэзиясындағы ақын қыздардың орны ерекше. Сонау Ұлбике, Алмажан ақындардан басталған ақындар көшін кешегі Фариза, Ақұштап, Марфуға апаларымыз біздің ғасырымызға асырса, қазіргі ақын қыздарымыз да поэзиямыздың қазынасына олжаны молынан аслып жүр. Осындай қаламы қарымды ақын қыздарымыздың бірі - Айнұр Төлеу. Оқырман назарына талантты жас ақын Айнұр Төлеудің бір топ өлеңін ұсынып отырмыз. Қалам ұстаған орта Айнұрдыдың ақындығынан гөрі журналист ретінде жақсы таниды. Журналистік тынымсыз тірлігінен қолы қалт еткенде өлең өлкесіне ат басын бұруға уақыт таба білетін ақын қыздың өлеңдерін оқып отырып, жансыз бен жанды бейнелердің өзара әрекеттесуін көзбен көргендей әсерде қаласың.

«Мөлт еттің, ғұмыр-ай мөлтек тым.

Жанымен әйнекке жаншылар

Осылай өледі тамшылар, - деп жырлайтын ақынның алар асуы әлі алда деп білеміз. Бір қызығы, оның ақындығына қатарластары мен кейбір ақын ағалары да үлкен сеніммен қарайды екен. Ендеше төреші оқырманның назарына ұсынамыз. Порталдың дәстүрі бойынша Айнұр ақынның өлеңдерін жазушы, аудармашы Мырзагелді Кемел мен ақын Құралай Омардың пікірімен қоса беріп отырмыз.

Мырзакелді КЕМЕЛ, жазушы, қоғам қайраткері

Аспан қызы

Айнұр ақынмен танысып, пікір алысып, ата мен баланың достығы сынды қалыпқа көшу сәтінде Зигмунд Фрейдтің мына бір сөзі ойыма оралды: «Біз бір бірімізді кездейсоқ таңдамаймыз. Біз тек өзіміздің түйсігіміздің кеңістігінде бар адамдарды таңдаймыз. Әуелі біз оны өзіміздің қиялымызда суреттейміз, сонан соң ғана ол адамды нақты өмірде көреміз» дегенінің растығына көзім жетті.

Сөйттім де тереңірек танып-білуге тырыстым.

«Алауинформ» сайтын жүргізетінін, гламур журнал шығаратынын білдім.

Ең бастысы, Ол – ақын екен. Соған көзім жетті.

Ол – аспанға ғашық қыз!

Ол – ылғи аспан жақты аңсап ауырады!

Аспандағы ауыл қызына былай деп хат жазады: «Мен жазған жырды желдің өтінде, Оқып көр сәулеш Көзіңнен мұздақ ерісін!»

«Эхоның мұңы» атты өлеңінде Ол өзінің жаңғырық намысын іздейді:

«Тереңдік іздедім кеңдіктен

Іздейді білемін ел біткен.

Көркіне жұтына қарайтын

Нарыс па ең, сен әлгі мен күткен!»

Ол: «Сенбеген соң, азайып бара жатқан ғажайыптың бәрін екеуміз қолдан жасайық» дейді. Шыны да сол, ғажайыптарды қолдан азайтып бара жатқанымызды біздің есімізге салып түр!

«Ей, ғизатым!

Миллардтардың бөлшегі!

Жалғыздығын жұлдыз санап жұбатқан

Түсініксіз сендер жақтың өлшемі.

Соның үшін бәлкім сені ұнатқам,

Соның үшін жақсы көрем мен сені!»

Міне бұл – поэзия!

Социализм біздің ақындарымды «тізімде барлар» мен «тізімде жоқтар» деп бөлді. Тізімде барларды марапаттады, үй берді, сыйақысын мол етті. Ол үрдіс әлі де жалғасып келеді. Бұл – идеология. Ал идеология – құрсау. Ол қашанда мемлекет басшылығындағылардың мүддесіне қызмет етеді. Несі бар?! Солай бола берсін. Есесіне – бүгін еркіндік. Ауызға құрсау жоқ, тек мемлекеттің ұстынына залалы болмаса.

Кешегі дәуірдегі «сарай ақыны» деген түсінік бүгінде жиналыстың ақыны, дастархан ақыны деп кеңи түскен заман. Сарай ақыны болу намыс емес, егер өлеңі жағынуға, табынуға, бір игілік күткендей есепке құрылмаса. Гете де, Сенека да сарайға қызмет еткен, бірақ олар ешкім де патшаға қызмет етті дей алмайды. Бұл – қандай сөз айтса да, тазалыққа, арға қызмет еткенінің көрінісі.

Бүгінгі қазақта талантына қарап емес, жерлестігіне, атасына, руына, құда-жекжаттығына, қолдауы мүмкін әлеуеті мол адамдардың ығына есе бағалау басым болып барады. Қайтеміз, адамзат баласының бәрі бұл сатылардан біртіндеп өткен. Сондықтан Ақын – шын болса, Америка президенті Франклин Рузвельттің жұбайы әрі жиені Элеонора Рузвельт айтқан: «Ұсақ адамдар бірін бірі сөз етеді, Орташалар – оқиғалар жайын айтады, Ұлы адамдар – идеяларды әңгімелейді» деген сөзіндегідей, ақын – идеяға, адалдыққа, мемлекетшілдікке қызмет етуі тиіс. Мен кейіпкерімді осы талапқа лайық санаймын.

Енді «шапқанда шама білінетін» сәт туды. Дарынына, қарым-қабілетіне, біліміне, ең бастысы, ар таразысына сай жазатындар озады. Біз Айнұр қызымызға арға адалдық, өлеңге шабыт тілейміз.

Айнұр дүниеге келгенде, оның атын қойған кісі адаспай тапқан. Айнұр – айдың нұрына шомылған ару ақын!

Құралай Омар, ақын

 

Ол өзгеше ойлаудан қорықпайды

 

Мөлдірлік... шынайылық... батылдық.

Айнұрдың өлеңдерін оқыған кезде осы үш ерекшелікті көрем. Ол өлеңді қолдан құрап жазбайды, қолдан тағдыр жасамайды. Әр жырынан шынайы сезімді, шынайы көңіл-күйді көруге болады. Жаттанды ойлар мен жауыр болған тіркестерден ада. Ол басқаша ойлайтын ақын. Қалыпқа салынған ережелер мен ойлардан Айнұр әлдеқайда шығып, өз кеңістігін, өз әлемін тапқан. Қатып қалған қағидалармен өмір сүрмейді. Және өзгеше ойлаудан, өзгеше өмір сүруден қорықпайды.

Айнұр Төлеу – 1986 жылы 25- қыркүйекте Алматы облысының Жамбыл ауданына қарасты Дегерес ауылында дүниеге келген. 2004 жылы Алматы қаласындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатты тәмамдаған. 2008 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің филология факультетін бітірді. Гуманитарлық ғылымдардың Әдебиеттану мамандығы бойынша магистрі, мифтанушы, журналист. Еңбек жолы 2007 жылы «Қазақ радиосында» жүргізуші – редакторлықпен басталған. Қазір «Сырласу» журналының бас редакторының орынбасары, «Алауинформ» порталының бас редакторы.

ТАМШЫ

Бір тамшы барады әйнектен тайғанап,

Тайғанақ тірлікті аймалап.

Әйнекке тамады тағы да бір қонақ,

Бір қонақ барады сырғанап!

Аспанның көзінен асығып мөлт еттің,

Мөлт еттің, ғұмыр-ай мөлтек тым.

Жанымен әйнекке жаншылар

Осылай өледі тамшылар.

Осылай қозғалып бір нүкте,

Бір нүкте келеді тірлікке.

 

Келте екен бақыттың буы тым

Тамшылар жұтады уақыттың уытын.

Буланған әйнекке қарадым

Жылаған жанарды сезбестей

Жүректің суретін саламын

Кетті деп мөлтек мұң кездеспей…

Бірдеңе

Уақыт және Кеңсітік..

Кеңістікте ерегестік-керістік!

Біз секілді миллиард дене, мың дене

Кеңістіктен іздеп әлек бірдеңе!

Қайғы да емес, іздейтіні мұң деме,

Махаббатқа ұқсайтын сол бірдеңе.

Табылмаған, жоғалмаған бұл неге?

Атағым кеп тұрса соның шын атын

Тілім де осы қалады екен күрмеле!

 

Әй Бірдеңе!

Сені іздеймін бәрібір

Мен жеткенше, мен кеткенше

Кірлеме!

Почитайте еще.

Қуралай Омар: Поэт должен быть здравомыслящим

ҚЫЗЫЛ ІҢІР

Жиекке барып жығылдың.

Жығылдың қалай іңір күн?

Шоп-шолақ сәтін ғұмырдың

Қып-қызыл қылып сімірдің!

 

Жиекте тұрды күн кетпей,

Бірді түсінбей, бірді ұқтым

Күйгелек әлем күңк етпей,

Тынысын тартты тірліктің!

 

Қып-қызыл еді жаным да,

Ұқсайтын саған іңір сәт.

Өзіне ұқсас жалынға

Жүгірді жүрек- ұрыншақ.

 

Жүгірдім саған іңір күн

Туыспыз ғой біз енді.

Жиексіз Жерге жығылдым

Қанатып алдым тіземді…

АСПАНДАҒЫ ҚОШТАСУ

Көк аспанның көкірегі гүр етті

Аяп кеттім аспандағы жүректі.

Күркіреген күннің даусын бір естіп

Жердің бетін жасын қарды,

Дір етті!

Көшеде едім,

Ал көшеден әр қашты!

Сан мың тамшы тас-тағдырмен арбасты!

Сені қайдам, су атында қалдым мен

Кезге өкпелеп кезіктірген алғашқы.

Тас көшеде тек тамшыға тұрақ бар.

Көмейіме көміледі сұрақтар

Біз секілді аспан жақта, әнекей,

Қоштасады бұлттар-ұлы мұраттар.

АСПАН ҚЫЗЫ

Аспандағы ауылдың қызы,

Күліп жүргейсің жердің бетінде!

Жердің бетіне келдің бе түнде?

Пенденің киіп терісін.

Мен жазған жырды желдің өтінде

Оқып көр сәулеш

Көзіңнен мұздақ ерісін!

 

Перизат болмыс отқарағыңда

Орынсыз мұңның табы бар,

Өзіңе қарай оқталамын да

Қаймығатыным тағы бар.

 

Бейтаныс бейне

мейманы түнгі түсімнің

Түсімде тағы күрсіндің!

Түсінбей тілін тылсымның

Алдыңда талай қымсындым!

 

Шарт емес шығар соңынан бару

Аспанды мен де аңсағам,

Айдың нұрына шомылған ару

Арзу айтпаймын мен саған!

ҰШ, жаным

Біз екеуміз ұқсаймыз ә?

Ұқсаймыз!

Жанқамақта күнелтеміз,

Қыстаймыз...

Аспан жақты аңсаймыз кеп ауырып,

Бірақ неге ұшпаймыз?

 

Сол аспаннан бір сәт күдер үзбедік.

Түсініксіз бірдеңені іздедік.

Тұңғиыққа телміріп те көргенбіз

Бірақ бірге жүзбедік.

 

Ойдан өзі жасап алып ұстаным,

Қойған қамап құс – жанын,

Мына әлем бір сәт мүлгіп кеткенде

Қанатыңды тауып алып, Ұш жаным!

 

Шақырады паң кеуделі асыл күн,

Асыл күнге бас ұрдым.

Қанатыңды қай тарапқа жасырдың?

Ұшып бірге өтейік

Төбесінен мынау шулы ғасырдың.

ПЕШЕНЕ

Періштелер жазып отыр мықты өлең.

Мықты өлең де тәмам болар нүктемен.

Мың нүктелер ой түзеді күтпеген,

Сөз түзеді бітпеген...

 

Ғажайып,

Ал ғажайып

Сенбеген соң, бара жатыр азайып.

Сен екеуміз бәрін қолдан жасайық!

Пешенеге жазылмаған тағдырды

Періштенің қолынан тартып алып жазайық!

 

Өткен күндер-ымырт шақ!

Ымырт шақты тура қазір ұмытсақ!

Ар көтерген арқамызды дәл бүгін

Күнге тосып жылытсақ...

Кеше толған, қайта бүгін солыпты АЙ

Өзгереді ол да ешкімнен қорықпай!

Үрейі жоқ, қанаты бар тағдырлас,

Қашып жүрсің маған неге жолықпай?

Эхоның мұңы

Тереңдік іздедім кеңдіктен

Іздейді білемін ел біткен.

Көркіне жұтына қарайтын

Нарыс па ең, сен әлгі мен күткен!

 

Көңілді екенсің сен бүгін

Қайтеміз әлемнің кеңдігін.

Құшағың кеңістік тар ғана

Алдыңа жығылдым арлана.

Жығылған жоқпын мен, құладым

Жанымды жайпады мың ағын.

Жаңғырық болмысым мазалап

Келеді атыңды сұрағым.

Танығым келеді өзімді

Табыстап беймаза сезімді

Есіме түсіргім келеді

Жаңғырмас жан болған кезімді.

 

Туғанын түсінбес

Эхоның бағы үшін!

Сәуірде солатын Нарысым.

Тау-тастан, орманнан іздеп жүр

Өзіңді Жаңғырық-намысың!

Кемпірқосақ

Жұмыр жерге қарап қойып қуанып,

Өткіншінің мөлдірінен су алып,

Шөлдемеген қой-ешкісін суарып

Сұлу кемпір жүреді,

Жарылардай жүрегі...

 

Жердегілер оған қарап күледі

Қалың бұлттан шыққандай шын тілегі

Елжіреткен қос әлемнің жүрегін

Кемпірқосақ жер мен көктің тірегі.

 

Пейіл және пиғылына қарамай,

Шашырайды түрлі-түсті сан арай.

Оны көріп қарттығына кейіген

Бір кейуана қуанады баладай.

 

Ойына кеп қисыны жоқ сан айла,

Бір топ бала жүгіреді арайға.

Сұлу кемпір сан айлаңа қарай ма?

Қосақтарын сақтау үшін қалай да,

Өң береді одан сайын арайға.

 

Хас батырдың буындары босады

Көрінгенде сол кемпірдің қосағы.

Шыға қалса шын перизат көрікті,

Тілін жұтып қояр еді бөрікті.

 

Кемпір дейді оны жұрт.

Кеңкілдейді нені ұғып?

Доға- болмыс дөңгелек жер секілді

Көрген емес зорығып.

 

Кемпірқосақ- доға әлем,

Домалақтың жартысы,

Өз қолыммен бір ескерткіш соғар ем

Жиіркенішті оған бірақ,

Жер бетінің тартысы.

***

Төңкерілген қазан сынды теріс қып,

Аспанымды аңсадым.

Бал мен уын жер бетінің бөлістік

Ал мен бүгін у ішкеннен шаршадым.

 

Қызық екен мекендестер, жер деген

Неге бізге бір жола

Өлетін у бермеген?!

 

Бұл мекенде күн де жоқ қой

Бірақ сенсің ең ыстық!

Саған қатты ұнайды

Қол ұстасып жүре алмайтын кеңістік!

 

Ұнайды ғой,

Саған осы жер-мекен.

Алыс жақтан айға сырды

Отырасың ақтарып,

Мен жайында жерлесіңе

Айта алмайсың, шаттанып!

 

Ей, ғизатым!

Миллардтардың бөлшегі!

Жалғыздығын жұлдыз санап жұбатқан

Түсініксіз сендер жақтың өлшемі.

Соның үшін бәлкім сені ұнатқам,

Соның үшін жақсы көрем мен сені!

Сұлу Сәуір

Сұлу Сәуір,

Күле қалсаң, саған қарап жымиып,

Ал жыласаң, ауырады жүрегім

Көктем-көркің келбетіңде бұйығып,

Биыл тағы түледің!

Асығады адамдар

Байқап, әлде байқамай!

Дәл былтырғы қателігін қайталай...

Сенің салқын шақтарыңды сөз етіп,

Жүрміз тағы өзімізді мезі етіп.

Қауырт әлі

Бұрынғыдай адамдардың өмірі

Ауыртады

Бір-бірінен жылдам қалып көңілі

Сәуір-таңы-

Бұл бітпейтін мехнаттың

Жалғыз ғана сенімі!

Сәуір-Мұң,

Бірде тәуір, бірде ауыр хәлімнің

Сырын ұқпай ауырдым.

Махаббат деп атай салдым содан соң,

Жүректегі атын ескі жауырдың!

 

Сырға тағып,

Сан миллиард гүлдерден.

Сәуір тағы көктеді!

Миллиардтардың үміті ғой күнде солып,

Күнде өнген!

Айтып едім едім ғаламға,

Ал ғаламның ештеңесі кетпеді.

Көк аспанның көз жасы

Өкініш деп қоя салған шын атын

Қалауымды көзімнен-ақ ұғатын,

Гүр еткенде жасын сынды бір жарқыл

Шатырының астына алып тығатын,

Керіспейтін сауықтардан кеш қалсам,

Қайдасың деп сұрамайтын ешқашан,

Жанарымнан жанымды оқып қоятын

Сол адаммен енді қашан достасам?

 

Көйлек кидім қос етегі бүрмелі,

Танысын деп топ ішінен бір мені.

Ол аңдамай өтіп кетті қасымнан,

Аңдағандар аямастан тілдеді.

 

Аңдағандар аямастай тілдеді,

Мендік сезім қаперіне кірмеді.

Жауынды күн жер сүйреген етегім,

Көк аспанның көз жасына кірледі.

Тамыз-мұң

Мөлдір тамшы дір еткен
Төмен қарай құлапты.
Көзден емес жүректен
Сорғалаған сыр ақты!

Қара көздің моншағын
Мойыныңа ілмеймін.
Тойтарыссыз сонша ағын
Тоқтатуды білмеймін.

Айтылмаған мен талай
Қанық едім аңызға.
Аспан жақтан анталай
Сыр тамады Тамызда.

Шық тұнады мөп- мөлдір
Күлтесіне гүлдердің.
Мұң құлады көктен мың
Мен қоштасып үлгердім.

Дайындаған Бағлан Оразалы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар