Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Айтқаным соның әні......

23.10.2020 2902

Айтқаным соның әні... 12+

Айтқаным соның әні... - adebiportal.kz

Есіл де есіл, есіл күн. Еш кеткен күн. Ет сүйектен арылмаған, рух бойдан безіп, ар жаныңды тастап шыққан күн.

Азат түрде азаптан құтылып... тозаққа бас қойған топалаң күн.

Тоз-тозың шығып тобырға айналған, баспақ-тана жиылып пана болған, құл-құтан құтқарушың кепті қорлаушыңа айналған қораш күн.

Екі тізгінді нық ұстамаққа серт еткен қалаулы қолдар қарысып, жұмулы жұдырық жазылмай қалған құныс күн.

Арыстандарды ақ ажалдан бездіріп, қаралы қазаға жеңдіріп, шибөрілер ши түбінен шеп құрып, балақтан тартып, тамақтан алған, тұлпарлардың тұяғы кетіліп, есектер ес кете «тайпалған» нақас күн.

Сары бел жұтқан сағымдай... естінің санасына көшкен, ақыл-азаптың барында ғана жасамақ есіл күн.

...Кіші бесіннің үстінде үзіліп кетер болсаң үмітсізбін деп кәлләңді қайыра алмайтын, көмусіз қалармын ба деген ішмерез оймен кірпік айқастырар азалы, азапты күн. Еділ мен Есілдің арасындағы атадан қалған сары жұрттың иесі өзің демеген, өйткені. Киесін де Құдайдың қолынан алуға қам қылған, ақсөңке болған бабаңның басынан аттап өтіп, қарғыстың өзіне қарғыбау салып, соңынан салпақтатқан сайтандардың күні. Сайқалдардың сылтауы ата-бабаның мұратынан, арттағы ұрпақтың ақтылы тілегінен үстем шығып, өткеннің ерлігіне айшық болған, келер күннің кемерін толтырар киелі, құйқалы қонысың, туған топырағың құр мақтан, бақастық пен бақталастықтың бодауына байланып, кірмелердің күресініне айналған. Сол тірідей теріңді сыпырып, кеудеңді қақырата сөгіп, қолқа-жүрегіңе қол салған кірмелерге ұлыңды құлдыққа, қызыңды күңдікке қоса беріп, арқасын аязға тоңдырып, құрсағына қан қатырып, аруақтың алқауынан шет қалып, ойыңа жын ұялап, бойыңнан кие қашқан иесіз күн.

Ұяластан жемтіктестің мұңы артық, күні өтімді. Қандастан қанжарластың тілеуі оң. Жесір тұлданса уақа емес. Жетім жыласа қайтесің. Қарашаң қалтыраса, қайманаң қан жұтса мейлі. Қанжығасының қаны кеппеген сойылдасың, пара асаған ауызы парасатты да «қаузаған» жайынауыз, ақиқаттың ауылымен қырбай, жалғандықпен, жағымпаздықпен жайлауы бір жақтастарым жер басып жүрсе құп... деп сасқаның қай сасқаның?! Қиямет күні қи домалатқан, қоңыздың да жауапқа шалынарын білсең, сезсең етті дегенді айтқың келеді. Айтпасаң мәкүрік боласың. Көңіліңе кірлі түйткіл кептеледі. Айтайын десең, дәтің жетпейді. Дәрменсізсің. Қуат кем. Ар қуаты. Адамшылық, Құдайшылық қуаты... ханның өзіне қасқайып қарауды айтпадық, қыр астынан қалпағын көрсең қалтырап қоя бересің. Мүйізі мұқыл бұғыдай бұғынып ғұмыр кешкен байламы жоқ жайдақ күн.

Есіл күнді ес тұтып шағым айтам. Тәңірге балап табына алмаспын бірақ. Мойнымда құрық. Ауызымнан арқандаулымын. Қазық басы қолдан жасалған «құдайымның» қолында. Жырыла қашып, жолсыздан жол табуға ақылым жеткенмен, батылым жетпейді. Тобыммен (тобырмен) бірге жусап, бірге өрем. Бірге сабылып, бірге сарылам. Жоғалса солармен бірге жоғалам. Табылса... Енді қайтіп табылмағым неғайбыл.

Кімнің арбасында отырғанымды білем. Айтқаным соның әні... емес секілді. Өзімнің жаназам секілді. Жан азам. Кеудем құр кеуек. Тәнім топырақтан ұшқары. Жаным жәһаннамды аңсайды. Алтын астаудан қи асаған, нәжіс тола күміс науадан қылқиған қыл мойын мен шарасыз бастың бұдан басқа тілеуі болмаған шарасыз күн.

Құландар қағынан жерінерге асық. Жеріне алмас сірә-да. Құз түбінде жатыр. Құлағында құрбақалар ойнақ салады. Бұлбұлдар бағынан айырылып, алтынды торда шырылдамайды. Сайрайды. Дүниенің үсті астына түсіп, асты үстіне шығып, апай-топай заман басталған. Тектілерден тегеурін кетіп, тексіздер текіректеп төбеңде отыр. Зарыңды айта барсаң заржақсың. Мұң шақсаң мүсәпір болғаның. Айта алмайсың. Айналаңда жыландар патшалығы салтанат құрған. Аждаһа санайды өздерін. Ысылдап қарсы алады. Ысқырса дауыл тұрады. Құйрығын басып кетсең құтырынып, құйын соқтырары кәміл. Құйрық басу қайда, бас аманда безіп жоғалған қордың күні.

Екі көзден сор аралас қан аққанша жылап, жалбарынсаң да қайтып оралмайтын о заманда патшалар тағынан таятын. Өмір ғана өз заңынан таймайтын. Бұл заманда бәрі басқаша. Керісінше. Кешегі өткенді аңсау тұрыпты, осы күніңе зар болардай үрей құшағындасың. Атқан таңы Мен екем дейді. Батар күні тағы өзім... деп әсте ойламайды. Көз ұшынан сығырайған жарық пен екі арадағы қараңғы қапас. Қан сорғыш жарқанаттардың мекені. Қамқоршысы. Қаңғыбас кірме, сүргін аңдыған ұры-қары, сатымсақ, сұрамсақ, екі жүзді ессіздердің панасы болған... жебір күн.

Жеміттердің желкенін керген желді күн. Жемсауына жұғым болған желім күн. Есігіңе жау келгенде жасанып қарсы тұрмақ қайда, бес қаруын басымен беріп: болат найзасын беріп, мұқалғанын алып; алмас қылышын беріп, майрылғанын алып; шал жебесін беріп, шала қайралғанын алып, айбыныңды асырар тұста, ақшаның буы буынға түсіп, параның пәрменіне шыдас бермей өз құйрығын өзі қылғытқан... жеміт күні.

...Арыдан тартсам – тарығып, беріден тартсам – тарынған тыртық күн.

Саңылақтың сорын жабыдан көріп, арық тұғырдан арғымақ сайлаған тыраш күн.

Жыра сайын ұран. Ұран сайын ұры. Ұрлап-жырламайды. Жырлайтын сен. «Ұрының тәңірі жасасын!» деп, «Тоңбасын! Тойынып секірсін!» деп өзіңдегіні қолтығына қыстырып қойнына тығып беретін өзің. Орайын тауып опыра жейтін олар. Опық жейтін сен. Опық жегенің үшін опық жейтін және өзің. Өзекті қарыған өртті күн, бұл.

...Сыртың бір қоңыр бағылан, ішің бір кекті қабылан. Азуын жаныған қабанға айбат шеккенің – айызын қандырғаның. Қарыныңды жарып, сүйегіңді үгітіп, күліңді көкке шашар. Шашпас. Бірақ, сыбырласаң сайтан естиді. Сайтаннан сайқал естиді. Сайтанның серігі сайқал. Жан серігі. Сайқалдың саясаты, сайтанның да саясаты... Сендейлердің сілікпесін шығаратын шырмауық ол. Қысқасы... сайтандар мен сайқалдар салтанат құрып тұрғанда мыңқ етпес мәңгүрт мақаусың. Барыңнан жоғың жақсы. Нәрсізден туған арсыздардың тұқымы тұздай құрығанша мылқау атыңды мың жыл мініп, дүміңнен қан сорғалап өтерсің... қорлықты күн.

Көрнекі сурет ғаламтордан алынды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар