Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Айзат Рақыш. Арлы жырдың Абаданы...

30.07.2020 3907

Айзат Рақыш. Арлы жырдың Абаданы 12+

Айзат Рақыш. Арлы жырдың Абаданы - adebiportal.kz

Бұл жыр біресе асып-тасып, асқақтаған адуынды батырлық дастандай өршеленеді. Енді бірде мамырдағы кештей маужырап, нәзік қана ескен қоңыр самалдай махаббат үнін паш етеді. Бірде ұлт шындығының сандығын астарлап ашып, сиқырлы, ғажайып әуенге ойысады. Бұл сан мың сипатта түрленген, кестелі тілмен көмкерілген, соны соқпақтағы тың тіркестермен гүлденген, оқырман көңілінің биігін иемденген- ақын Мерей Қарттың әдеби әлемі. Қазіргі қазақ поэзиясына өзіндік тыныспен келіп, болашақтағы ұлт әдебиетінң кепіл-кірпішіндей болып қаланған ақын Мерейдің 2019 жылы жарық көрген «Қарашықтағы құбылыстар» жыр жинағын негізге ала отырып, қаламгердің табиғатындағы ерекшеліктерді саралап көрейік.

Мерей Қарт-алғашқы өлеңдерімен-ақ ақындық арынын аңғартып, оқығанның таңдайын қақтырып, шөл қандыруға әдеби бастау іздегеннің алдынан өткел бермес өзеннің өршіл толқыны болып қарсы алатын сырлы суреткер. Қазақ әдебиетіне Мерей қаламымен келген жаңалықтар ұлттық сөз өнерінің мерейін өсіріп жүргені бүкпесіз шындық. Бұл тосын жаңалықтар Мерей Қарттың өз қатарластарынан қара үзіп, әдеби үдерісте оқ бойы озық шығуына негіз болғандай. Жаңа ғасыр поэзиясына Мерей тудырған таңғажайыптарды рет-ретімен ұсынайын.

Жалпы, қазақ әдебиетінде батырдың һәм оның тұлпарының портретін сомдау үрдісі бар. Бұл үрдіске Мерей ақынның қосқан жаңалығы-тұлпар мінген хас батырдың толық портретін әдебиетке әкелгені. Ат әбзелдерінің бүге-шігесіне дейін суреттеп, толыққанды портрет жасады. «Сайыпқыран Сақтың ұлымын» деген өлеңі-қаламгер жаңалығының жаршысы.Бұл өлеңде тау өзеніндей өршеленген асқақ рух бар. Оқырман жүрегіндегі патриоттық сезімді алапат өртке айналдыра алатындай құдіретті күй бар. «Арқыраған тарпаң күреңін» жүгенінен бастап сипаттаған автор сүбелі сөздің майны тамызады.

Арқыраса тарпаң күреңім,

Бал-бұл да жанар түр-өңім,

Көнеден қалған көзімсің,

Күміс көмкерген жүгенінм,-

деп ақын Тәуелсіздіктің бір кепіліндей болған тұлпар ұғымын қасиет тұтады. Нағыз қазақы болмысын бір ғана өлеңнің өн-бойына тоғыстырып бере білген суреткер келесі шумақтарда найзағайдай тіл қатады:

...Жаратып мінген күлігін,

Сайыпқыран Сақтың ұлымын,

Үзеңгімен-ақ үзгенбіз,

Қарсы шапқан қасқыр жұлынын...

Бұл ретте ақын «қаһарман елдің ұрпағымыз» деген биік идеяны «үзеңгімен-ақ үзгенбіз» деген бір тармаққа байлап берген. Әрі қазақтың тарихындағы жауларын термелемей-ақ, «жұлыны үзілген қасқыр» бейнесінде ұсынуы да қаламгердің шеберлігінң бір көрінісі.Осылайша Мерей ақын тұтас портрет сомдау арқылы қазақ поэзиясына тың жаңалығын алып келді.

Мерей поэзиясына тән тағы бір ерекшелік-буырқанып текті сөйлеп, «көк бөріден тарағанбыз» деген аңызға сүйене отырып, қасқырлықты қасиет тұтуы. Ақынның бұл тақырыпқа арнаған өлеңдерін бір топтама ретінде алып қараса да болады. Өйткені қасқырлар жайына көптеген өлеңдерін арнаған ақын өзінің шынайы қазақы болмысын, терең философиялық пайымдарын, өміршең де көркем образ тудыруға шебер табиғатын тағы таныта түседі. «Көкжалдың күрсінісі» өлеңіне үңілейік. Шалыс ұйқас түрінде түйдектете берілген өлең бір оқығанда сырын ашпай, қайталап оқыған сайын түрлі қырынан құбылады. Автор өзінің «мен» бейнесін өлеңдегі көкжал образында ұтымды орайластырған. Жыр бойында жеңімпаздық рух дауылы көтеріледі.

...Жортып жүрмін ұзақ күн,

Жауға толы маңайым,

Тағдырымдағы тұзақтың,

Талқандадым талайын,-

деп ақын оқырман құлағына жеңімпаз жауынгердің үнін әкеледі.

...Садақа деп қақпанға,

Сирағымды қалдырдым,-деген тармақтарда Мерей ұлт тарихындағы шындықты бір толғап өтеді. «Бастан құлақ садақа» дейтін халық даналығы осы тармақтарда өздігінен сыбырлап тұрғандай.

...Өзіме-өзім қырсығып,

Жаным толған тағы шер,

О, тасбауыр тіршілік,

Ал, қайсымыз қанішер?

Осылай аяқталған өлеңдегі «көкжалдың шері» жеке бастың емес, ұлт күрсінісі, ел болашағына қам жеген азамат ақынның тынысы. Көкжалдар туралы жыр тиегін ағытқан ақын өзінің тұлғалық табиғаты мен адами айшықтарын да бүркемелемей жайып салады. «Қасқырлығым тұрады ұлып Айға!» өлеңі осы жайдан терең сыр шертеді.

Ар-ожданым-айнымас дәстүр-дінім,

Жүрегіммен оятам тастың мұңын,

Сұм ойлардан Санамды аластаған-

тамыріші ырылдақ қасқырлығым...

Аузын ашса, ардың үні болып ақ сөйлейтін, жүрегін «тастың мұңын оятар» жойқын күш кернейтін, қайсар рухы қасқыр ырылынан түлейтін Мерей Қарттың болмысы бөлек бітімі осы. Ақынның әр жырында оның өз даусы астарланған. Ол өзгенің үнін қайталамайды, басқаның ұстанымын ұлықтамайды. Өз таразысынан өлшеп, кесімін де өзі шығарады. «Абадан» өлеңінде дәл осы ырғақ жалғасады.

...Сирағымда-жау-қақпан,

Айға қарай із салған,

абадан ем аулақтан...

Өлеңде Абадан, Ай, жау-қақпан бейнелері өте астарлы бейнеленген. Абадан-қасқырлар үйірін бастайтын ең мықты көкжал. Ақын Мерейдің өзін абаданға балауының да зор мәні бар. Әрі қазақтың сөз бастаған дүлдүл шешендерінің жиынтық бейнесі де бір ғана абаданға сәтті сабақтастырылған. Халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, «жау-қақпанмен» алысып өту-биік тұлғаларға ғана тән текті қасиет. Абадан тағдыры бұйырғанына қаламгер дән риза. Бұл қасиетті «маңдайына мөрленген тағдырының жазуы» деп қабылдайды. «Абадан» өлеңіндегі өрелі ойды «Ақпан айы» жырындағы жанды тебірентер шұрайлы тін мен оралымды ой сабақтайды.

...Тістескеннің кететұғын тісінде,

Аямайтын ар алдында күшін де,

Қасқырларды құрмет тұтам тағы да,

Сыңарына адалдығы үшін де.

Ақпан айын «қасқырлардың бал айы» деп көркемдеп атаған ақын табиғаттың бұл перзентін неге сонша асқақ жырға қосқанын осылайша сөз соңында айқын аңғартады. Бұл шумақтан тағы да қаламгердің мөлдір, антына, уәдесіне берік, жалғанға бермес ерік тұнық жаны мен мұндалайды.

Тарпаң күреңге мінген батыр мен Айға қарай із салған абадан бейнелері көңіл түкпіріне қонақтап қала берді. Енді бір сәт назды әуен естіліп, көңіл көкжиегі алуан түспен құбылды. Бұл Мерей Қарттың ғашықтық жырлар әлемі еді. Лирикалық кейіпкердің ішкі сезімдеріне құрылған махаббат жырлары ерекше нәзік, сұлу сырға толы. Мерей шайыр көнемен тілдесіп, жаңамен үндесе біледі. Бұл қасиетін ғашықтық тақырыбындағы өлеңдерінде де анық аңғартты. «Иінағаш» өлеңінен үзіндіге кезек берейік.

Иығыңда талдырмаш,

Иінағаш тербелген,

Қылығыңа болдым мас,

Алғаш сені көргеннен...

Көзден өшіп, көңілден жырақтаған иінағаш асқан қыз бейнесін Мерей Қарт жаңа ғасыр әдебиетіне қайта алып келді. Өрелі өткенсіз бақытты болашақ жоғын бек байқатқан ақын тылсымына тағы да куә болдым. Сезім өрнектерін өлең қып өрген ақынның жырларында нағыз қазақ аруының бейнесі бар. «Ғашықтығым» өлеңіне назар салайық.

...Бұрымың бұлаң қаққанда,

Жұпары есті көктемнің,

Арайлап ақ таң атқанда,

Ақ маңдайыңнан өпкенмін...

Ғашығын маңдайынан өпкен сері жігіт пен бұрымы бұлаң қаққан кермиық кербез. Бұл бейнелер оқырман көңілін қытықтап, Ақан серінң жойқын махаббатын, Біржан салдың ғажап даңқын еске түсіреді.

Ақын Мерейдің сезім гүлдерімен түрленген махаббат өлкесі салиқалы, тұңғиық бір күйге ұласты. Бұл-жас шайырдың қарттық шағында айтар ойларын қазірдің өзінде лықсытып үлгерген терең философиялық иірімдерге толы өмір, қоғам, заман жайлы толғаныстар тарауы. Бұл жырларға қарап, жас Мерей емес, абыз Мерейдің елес беретінін-шайырдың тым кесек, аталы сөзді көркем тілмен жеткізе білгендігі деп түсінсе абзал. Осы ретте қаламгердің философтық деңгейінің биіктігі көрінеді. «Күндер өтер...» өлеңі-ақын Мерейдің жан тебіренісін аса бай кестелі тілмен ғажайып еткен тағдырлы туындысы. Тағдырлы деуімнің себебі-бұл өлеңде өмір жайлы өзекті ойлар қаламгер тілінің маржандарымен әшекейленген.

Күн-жапырақ,

Уақыт желге үзілген,

Кетерміз-ау,

Құс жолының ізімен,

Арман қалар жерге көзі сүзіліп,

Қоштасасың қыс пен көктем, күзіңмен...

Бейнелі тілмен өз ойын нық бедерлей білген суреткер әр шумақта өмірдің өткінші екенін оқырманына сый-тартудай ұсынған. Ал «Құзғын» өлеңінде пәлсапалық түйін үш-ақ шумақтан тұратын шағын жырды шексіз ой кеңістішінде қалықтаған қыран-тармақтарға айналдырып жіберген.

Құба Құздарға қалқыған,

Қара бас құзғын саңғыған,

Алыстан Ажал шақырып,

Жыртқыштың жолын аңдыған...

Осындай сипаттаумен сөз бастаған қаламгер өмірдің мәнін құзғындай ұзақ жасауда емес екенін насихат етеді.

...Құсқа да, аңға түз қымбат,

Оларға сор ғой-біздің Бақ,

Не қайыры бар бірақ та?

Мың жасағаннан құзғындап...

Иә, ақынның уағыздап отырғаны- қайырсыз ұзақ құзғын-ғұмыр емес, игілікті, парасатты қыран-ғұмыр. «Қала-қоғам» өлеңінде автор қала өмірінің түйткілді қырларын түйреп өтіп, күнәһар қырларын әшкере етеді. «Қала» ұғымына бұрын-соңды еш қаламгерде кездеспеген әшекей-тіркес тағадаы:

...Қала деген-қорғансыздар қабірі,

Амалсыздан өлетін...

Өз күнәсіне өзі тұншыққан «күпір Түннің» «жарық Күнді сағынуы» өлеңнің толғамын тереңдетіп, бояуын асыра түседі.

...Уа, жарық Күн, сені қатты сағынып,

Күбірлейді күпір Түн.

Ал екінші шумақта кездесетін «кафе» сөзі бір уыс алтынынң ішіндегі таттанған темірдей әсер қалдырады. Дегенмен ақын тілінің тегеурінділігі сонша-бір бөтен сөз оның көркемдік айнасына қылау жұқтыра алмады. Өйткені Мерейдің ақындық тілі тыңнан өрілген төл тіркестерге толы. Өлеңін «жылы жаңбыр» көретін Мерей Қарттың «көңілінің қауызы» бар, «арманының көзі» бар, «Құс-қиялы» шарлап кең әлемді, Тәңірден алған ақ батасы-намыс пен ар.

Жылдың төрт мезгіліне жыр арнап, ай нұрынан сыр аңдап, сезім мен рухтың желкенін көтерген ақын Мерейдің әдебиетке әкелген жаңалықтарын баян қылдым. Ақынның жан сырын-өлеңдерін оқырманына аян қылдым. Қазіргі қазақ поэзиясының көгінде жанған Мерей жұлдызы әманда биік болары сөзсіз. Оған жүрекпен жазатын ақынның арлы жыры мен санаса таусылмас алуан қыры куә. Арлы жырдың Абаданы әлі талай тың жортың, таң асып, түн қатып, жырдан Айға апарар алтын мұнара тұрғызары ақиқат.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар