Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Айзат Рақыш. Құбыжық қайғысы...

15.07.2022 48961

Айзат Рақыш. Құбыжық қайғысы 12+

Айзат Рақыш. Құбыжық қайғысы - adebiportal.kz

(әңгіме)

Дәрігердің қабылдауынанкөңіліне мұз қатып шыққан Айбүбі бетіне жапқан шүберегін қымтана түсті. Көктемнің желөкпе желінің ызғары күшейген бе, әлде тағдырының ызғырығы сүйегінен өтті ме, қалтырап келеді. Жүзін бүркеген шүберегіне жармасқан әйелдің дірілдеген қолын байқап, оның қауқарын біржолата қашырғысы келгендей, тентек жел ұйытқи соқты. Жасырғаны жария болса, күллі әлемге масқарасы шығардай, әйел қос қолдап қара шүберекке жабыса түсті. Жүзі ашылса не болады? Бәрі қашар! Зәре-құттары қалмас. Қашпаған кімі қалды? Қаймана қазақтың қашқаны қорқыныш болып па? Әйел желмен арпалысқанын доғарып, дел-сал бір күйге ауысты. Кенет өзін сөккен бір сыбырды құлағы шалып қалды.

- Бет-аузын бүркемелегендерді көшеде мүлде жүргізбеу керек. Кім екенін ит біліп пе бұлардың? - Тұсынан мимырттап өте берген екі әйелге бұл бар денесімен бұрылды. Есірік жел есіріп келіп, жүзін шымқаған шүберегін іліп әкетті. Әйел бұл жолы жасырынып әуре болмады, міз бақпастан тұра берді. Артына бұрылған екеудің бірі жан ұшыра жанындағысын жұлқып қалды:

- Қара, мынау мыстанның нағыз өзі ғой!

- Дию, жоқ құбыжық! – Бұл жақындай бергенде, екеуі қаздай мамырлаған қалыптарынан тез танып, құйындай зымырап бара жатты.

- Құбыжық емеспін қауіп төндірер! Мыстан да емеспін... - Сөзін аяқтап үлгермеді, бұған бетпе-бет келген балалар ұлардай шулап, тырағайлап қаша жөнелді. Әудем жердегі әлдекімдердің өзіне телефонның камерасын бағыттағанын байқап қалған әйел иығына түскен шүберегін жалма-жан жамыла қойды. Мұның жан жарасын жарнамаға айналдырығысы келгендерге іші қазандай қайнап, жүгіре басып үйіне қарай бет алды. Ол жерде жанына жұбаныш болар жақыны күтіп тұрмағанын білсе де, екпіндеп кіріп келді. Алдынан тарғыл мысығы ғана шықты.

- Үмітім желге ұшты, мысығым. Ең мықты деген дәрігер сырқатымның шипасы жоғын айтып, үмітімнің соңғы қылын үзді. –Иесінің сипағанын еркелеткенге жорыған мысық секіріп сөреге шықты. Онда шаң басқан жиекшедегі суретке сүйкене беріп, ұшырып түсірді. Айбүбі күл-паршасы шыққан суреттегі бейнелерге зарын төгіп, жүрелеп отыра кетті.

- Тас-талқаны шықты ма? Тура менің тағдырымдай. Сендер жанымда болмаған соң, жылы сөзбен қолдамаған соң, күнім-күңіреу, кешім-тозақ, түнім-азап. Келіп бір халымды білсеңдер, мен бейбақ бақыттың құсын ұшырар едім-ау!-Суретте күлімдеген келбетті жігіт ағасы мен сүйкімді ұлдың бейнесін аялай сипаған әйелдің құлағына ойламаған жерден өзінің «мен бақыттымын!» деген шаттыққа толы даусы елес берді. Мәре-сәре болған өз үні құлағын тұндырып, суреттегі жансыз бейнелер тіріліп, өткеніне-көктеміне орала берді.

...Әйел қырыққа келгенше өңін бермесе, қасиет. Айбүбі, сен қасиет қонған әйелсің.-Дастархан басына жиналған ағайын-туысқан Айбүбіге тілектерін жаудырды-ай келіп.

- Айбүбі жылдар жылжыған сайын жайнай береді. Оның сұлулығының құпиясы мына ноқаттай меңінде, - деп күйеуі Сәт те ел алдында жарының абыройын асырды.

- Менің ажарлы анашым қырықтың қырқасында да жастығының гүлін тереді,-деп ұлы Еркебұлан еркелеп келіп, анасын құшағына алды.

- Мен бақыттымын! Бақытымның тірегі-жарым, жалғыз ұлым-жаным. Қуанышым-сіздер, барша бауырым! - Айбүбінің сөзінің соңын қолпаштаған қошемет көміп жіберді...

Оқыстан орнынан оқжыландай атылып тұрған әйел есікке ұмтылды. Қасіретінің қақпасын тарс жапқысы келгендей есікті бар пәрменімен кейін серіпті. Баспалдақтан жүгіре түсіп, кең көшеге шықты. Қайда бет алғаны бір өзіне ғана аян, аяғы аяғына жұқпай жүйткіп келеді. Осы жүгірген қалпында бар қайғысынан арылса ғой! Жалғыз ой дәрменсіз үмітін тағы тірілтті. Мәжнүн тағдырымен жарысып, озып кетуге жанын салған Айбүбінің бетін тер басты. Қара қотыры тыртысып, жанын қысты. Тынысы тарылып, тағдырдың аязына жаны қарылып, бағдаршамның қызыл көзіне жетіп барып бір-ақ тоқтады. Топтанып тұрғандар ебіл-дебілі шыққан, бетін ши қотыр басқан әйелге қақ жарылып жол берді. Тіпті оның алапес ауруы бардай аулақтау барып тұрысты. «Мұндайлар бұрын менің әдемілігіме бола сүйкеніп, жақын тұруға тырысушы еді. Ендігі кейіптері мынау,»-деп іштей буырқанған Айбүбі бағдаршамның жасыл көзі жанғанда адымдай жөнелді. Бұрынғы аққу жүріс, биязы қалып бүгінде Айбүбіден алыстап кеткен. Еркекше кең адымдап, өзі бұрын ат ізін салып көрмеген пәтердің қоңырауын басты. Ар жақтан Сәттің әлдене деген даусы самбырлап, есікті тез-ақ аша қойды. Әлдекімді күткен қалпы бардай. Айбүбінің кеудесінде өлексе үміті қайта бас көтерді. Есіктен кіріп келгенде ол ойының құр есекдәме екенін сезген әйелдің іші ұлып қоя берді. Бұл бұрынғы Сәт емес, өзін мүлде күтпегені көрініп-ақ тұр. Айбүбінің соңын ала кірген әйел мұның жүрегінде әлсіз дірілдеген үмітін аяусыз жаншып тастады.

- Жанат, теріс ойлап қалма, сенің келетін уақытың болды ғой деп, кім екенін сұрамастан есікті аша салып едім. Оны тіпті де шақырған емеспін,-деп Сәт оған жалынып-жалбарынып мән-жайды түсіндіріп тұр. «Жанат сенің құрбың болса да, қолыңа су құюға жарамайды-ау» деп әзілдейтін күйеуі бұның бұрынғы құрбысына, қазіргі күндесіне жік-жапар болып әуре. Айбүбі төзіп тұра алмады. Кеудесіне түйіп келген ащы запыранын бұл жолы ұстай алмады.

- Сәт, Сәтжан, - деді тынысы үзілердей талмаусырап. - Сенің ақ некелі жарың мен емеспін бе? Маған ғашық екенің қайда?

- Сенімен тек құжат жүзінде ғана некелімін. Жарты жылдан бері бөлек тұрып келеміз. Сәл уақыт өтсін, жұбайлық өміріміздің әлдеқашан тәмамдалғанын айтып, сотқа шағымданамын. - Сәттің жауабы құзғынның даусындай сезіліп, Айбүбіні есінен адастырып, осыған дейін көңілінде емексіп келген өлімші көктемнің соңғы гүліне үсік болып тиді.

- Онда неге жарты жыл бойы ажыраспадың? - деді Айбүбі кәмпитке көзін сатқан баладай күйеуіне үздіге қарап.

- Сотқа «қатынымның бетін қотыр басып, көрер көзге ұсқыны қашты» деп айтпайды ғой. Ажырасуға басқа себеп болмаған соң, қолайлы уақытын күтіп жүр,-деп сөзге Жанат араласты.

- Сәт, сен маған алғаш жолыққан кезден бастап ғашық едің ғой. Сол махаббатың...

- Мен сенің сұлулығыңа ғашық едім. Ал, тарыдай меңің қан аққан жараға айналғанда, мені сенің жаныңда ұстап тұратын құдірет қалмаған. Қазір де солай! - Сәт зілді жүзбен есікті нұсқады.

Айбүбі енді айғайға басты. Сыбыры ешкімнің құлағына жетпеген соң, бебеу үнін боздатты.

- Баламды алып кетемін арсыздардың ортасынан! Еркешім, қайдасың? - деп екі бөлмелі пәтерді аралап ентіге жүгірді. Кенеттен жойқын күш біткен Айбүбі жолына көлденең тұрған Сәтті қағып өтті.

- Ұлымды алмай ешқайда кетпеймін! - деп ызғарлана айғайлады. Айбүбі жұлқына сөйлеген сайын, бетіне тұтасқан қара қотыры қозғалып, жанын көзіне көрсетті.

- Еркебұлан сенімен кете қоймас. Оған сенімдімін, ол қазір мені анасындай көреді,-деп Жанат жымысқылана күлді. Босбелбеу күйеуін адамға санамайтын Жанат ақыры оны қуып тынған. Содан бері өзі аңсаған «азат өмір» келіншекке есігін айқара ашқан. Бұрын бұған қол жетпес армандай көрінетін Сәт бүгінде оның сүйіктісі. Жанат күлмей кім күлсін?

- Балам келмей ешқайда кетпеймін!-деп зарланды Айбүбі. Қолынан сүйреп, есікке қарай жұлқыған Сәтке қарсыласып, азынау үн көтерді.

Ұзын шашы жайылып кеткен бұжыр бет қотыр әйел расында да қорқынышты көрінді. Жанат қалта телефонын алып, полиция шақыра қойды.Тәртіп сақшылары келгенде, Айбүбі бетін тырнап жылап отыр еді. Сірескен қотырдың түбінен қызарып қан шықты. Шашы жалбыраған қанды бет әйел орнынан түрегелгенде, қос сақшының бірі оқыс кейін шегінді.

- Есікті байқамай ашып едім, үйімізге кіріп, мазамызды алды,-деп Сәт шімірікпестен өтірігін соғып тұр. «Қай кезде осындай найсапқа айналғансың? Әлде сенің шын болмысың осы ма?» - деген бір ой әйелді тіптен есеңгірете түсті. Боздап жылап, көз жасына тұншыққан Айбүбіні екі сақшы қолтықтай жөнелді.

- Бөгде біреудің үйіне баса-көктеп кіргеніңіз үшін түсініктеме бересіз!-деді бірі әккі қылмыскерді құрықтағандай сұстанып.

- Жеке басыңызды анықтаймыз. Бөлімшеге жүріңіз, - деп екіншісі сүйреледі. Олардың сөзін елең қылған Айбүбі жоқ, сол баяғы запыран төккен қалпынан айнымады. Төменгі қабатта пәтеріне көтеріліп келе жатқан ұлын көрді.

- Балам, - деді ұлына жыламсырай қолын созып.

- Неге келдіңіз? - деді жеткіншек балаң жүзіне суық рай беріп.

- Сені сағынып келдім, жаным балам. Сен келмеген соң, өзім іздеп келдім.

- Сені ана азғындардың қасында қалдыру ойымда жоқ, - деп созған ананың қолын перзенті қағып жіберді.

- Әкем маған көп нәрседе рұқсат береді, қолдайды. Сондықтан бұл жерден кетуді әсте ойламаймын. Әрі Жанат тәте айтқандай, қотырыңыздың өзіме жұққанын тіптен қаламаймын!-Жоғары қабатқа ұмтылған баласына созған қолы қалтырап ауада тұрып қалды.

- Жалғызым, - деді даусы құмығып.-Жұққаны несі?

- Енді келме!-деп ұлы зірк етті. Ол сол үнімен бейбақ әйелдің, байқұс ананың жүрегіне қарғыс қазығын қаққандай еді. Айбүбі еңіреуін кілт тыйып, өлік тәріздес сұп-суық бір пішінге енді. Оның дидарының суықтығынан қаймыққан жас сақшы кіреберістен тездете шыға жөнелді. Қосында орта жастағы ұзын бойлы сақшы қатарласып келе жатыр. Ол Айбүбіні адым аттатпай, көлігіне отырғызып, бөлімшеге ала жөнелді. Ол мұнда да меңіреу қалпынан бір өзгермеді. Қара тасқа айналып бара жатқандай жанары бір нүктеге қадалған да қалған. Өзіне сұрағын жаудырған сақшыға жауап орнына жеке куәлігін ұсынды.

- Әй, сабаз-ай, өзге бір сұлудың құжатын қолдану да қылмыс екенін білесің бе? - деп сақшы жерден жеті қоян тапқандай кеңсені басына көтере сөйледі.

- Бұл-менің өз құжатым, - деді Айбүбі сонда ғана амалсыз күрес алаңына оралған сарбаздай табан астынан мақау күйінен арылып.

- Соқ өтірікті! Мен әлі есімнен адасқан жоқпын, - деп даурыққан сақшы енді күлкіге басты. Күлкісі мұндай ащы болар ма?

- Мыстан кемпір періштенің құжатын алып қашып кетіпті. Бұл құжатты сұлу перизатқа қайтаруымыз керек!-деп алақандай куәлікті басынан асыра оңды-солды бұлғады. Айбүбі күйіп кетті. Орнынан атып тұрғаны сол еді, «тоқтатыңдар күлкіні!» деген тегеурінді дауыс естілді. Ту сыртында тұрған екі иығына екі кісі мінгендей қапсағай денелі жағалыға Айбүбі қадала қарады. Қайдан көріп еді мына ойлы, отты жанарды? Ол да бұған шырамыта көз тастап, әйелдің бұрын бақыттың оты ойнаған, қазір құбыжықтың тойын тойлаған жүзіне барлай қарады. Көзіне көзін тіктеп сәл тұрды да жағалы жігіт сөзге араласты. Оның бір ауыз сөзінен бағанағы мысқыл күлкі, сайтан әжуа сап тыйылды.

- Айбүбі, - деді ол сосын жылы үнмен.-Қызметкерлерімнің дөрекілігіне кешірім сұраймын.

- Бізден бір ағаттық кетті. Кешіріңіз, Айбүбі Мырзабекқызы! - десіп сақшылар аяқ астынан мәдениет таныта қалысты. Күлкіні кілт үзген мына мырза дөкей болған-ау, шамасы. Айбүбі соңғы жарты жылда көрген тозағына еті өліп кеткендей құжатын алып сөмкесіне салды да, үн-түнсіз есікке беттеді.

- Сәл аялдаңызшы. Жігіттерден білместік кетті. Айыбымды жууға рұқсат етіңіз, - деп жылы жүзді көрінген басшы соңынан жетіп, өтініш білдірді. Айбүбінің үндемегенін келіскеніне жорыған ол оған ілесе шыға жөнелді. Шығып бара жатып, бағыныштыларына сұқ саусағын безеді. Мұнысы сес көрсеткені.

- Уһ, кетті-ау ақыры. Келгенше әзілкештігімізді ұмытып кетсе игі еді, - деп бірі құжаттарын реттеп отырып.

- Оңай ұмытатын сияқты, өйткені ана құбыжық қатынға тым қиыла қарады ғой. Мүмкін, алғашқы махаббаты болар, - деп екінші бірі кекете сөйлеп, тағы да күлкіге қарық болды.

- Түсінбей отырғаным, ана әйелдің жеке куәлігінде хордың қызындай сұлудың суреті тұр, ал өзінің кісі көз тоқтатып қарайтын түрі жоқ. Дегенмен, сымбаты бөлек екен, -деп бір сақшы әлі де дал болып отыр.

- Нағыз махаббат таңдай қағудан, түкке түсінбей дал ұрудан басталады деседі. Басекем екеуің бір құбыжыққа таласып қалмаңдар,-деп бұралқы сөзге тым бейім жас сақшы оны келемеждей жөнелді.

Айбүбі Алматының көктемгі салқынмен салтанат құрған, жарығы көз қарықтыратын көшесінде ақсақ киіктей бір жүріп, бір тоқтап келеді. Адымы ажалына апарардай кібіртіктеп тойқтай қалады. Әйтсе де кейін шегінбейді. Осы қалпында жанында келе жатқан сақшыны елер емес. Мұхит оның өзін танығанына бек сенімді күйде қара үзіп қалып қоймай, соңын ала келе жатыр. Мұхит ойға батып, асықпай адымдай беріп, аяқ астынан өзіне жалт бұрылған Айбүбімен соқтығысып қалды. Абайсызда әйелдің білегінен ұстап, жүрегі атқақтай соқты.

- Сен де мені таныдың ғой, иә, Айбүбі, менің сені көзіңнен танығанымдай, - деп үзілмеген үміті бардай сыбырлай тіл қатты.

- Иә, таныдым. Жиырма жылға жуық уақыт өтсе де, мүлде өзгермепсің. Әсіресе, жанарыңдағы мейірім сол баяғы қалпында ұйып тұр. Бөріктілер маған жиі назар салатын. Бірі сұқтана сілекейі шұбыратын, бірі үздіге телміретін, енді бірі ұры жанарымен өне-бойымды тіміскілей торуылдайтын. Ал, сенің көзіңдегі маған арналған осы бір мейірімді өзге еркек кіндіктіден көрген емеспін. – Айбүбі көше шамының жарығына малынып, қан дағы мен қара қотыры анық көрінген жүзін Мұхитқа бұрды. Жарты жылдан бері шешіле сөйлеуі де осы еді. Сәлден соң Айбүбі екі иығы селкілдей, кімді кекеткені белгісіз мысқылдай күлді.

Өзін жылдар бойы сағындырған, жүрегінің алыс түкпіріне жасырса да, бір көмескіленбей-ақ қойған жойқын махаббатының иесі-Айбүбі Мұхиттың көз алдында қандыбет құбыжық әйелден сона-а-ау жылдардағыдай ажарлы бейнеге айнала берді. Ару Айбүбі ұзын кірпіктерін қағып еді, Мұхиттың көңілінің көкжигеніе бұққан бұла сезімі селдей тасыды. Сұлу жымиыс ұялаған жүзіне қолын апара беріп еді, өзіне қадалған мұздай көзқарастан есін жиды. Аппақ елестей есін алған әлгі бір періште ғайып болды да, жанында бұған өңменінен өтердей ызғарлы көзін тіктеген, селкілдеп күлген сайын езуінде сірескен қара қотыры қозғалақтаған сұрықсыз әйел тұрды.

- Айбүбі, бұл қай күлкің? - деді Мұхит аңтарылып. Иә, бұл Айбүбісін бір көруді аңсайтын, тағдырлары әлдеқалай тоқайласып, ұшыраса қалса, оның өзімен сыпайы амандық сұрасар сүйкімді келбетіне көз тояттатуды армандайтын. Бірақ дәл мынадай мыстанның бетпердесін киіп алғандай кейіпсіз күйде көрем-ау деген ой үш ұйықтаса түсіне кірмеген еді.

- Өзіме күлем-ау, - деді Айбүбі үнсіздікті бұзып. – Пері-тағдырымның мазағына тап болғаныма күлемін. Жылтырағанның бәрін алтындай көрген ақымақтығыма күлемін. Әрім тайып, ажарым қашқан ұсқынсыз түріме қарамастан сенің мені жазбай танығаныңа қайран қалып күлемін. Ал, Сәт мені танымады. Мен де оны еш танымай келіппін.-Сөзін өксіп аяқтаған әйелдің өзін-өзі әжуалаған күлкісі тыйылар емес.

Бұл жаңалықты тосырқамаған Мұхит «біліп едім» дегендей қабағын шытты. Иә, Мұхит Сәтті сонау студент кезінен білетін. Екеуі заң факультетінде екі бөлек топта оқып еді. Айбүбімен алғаш танысқан, сырлас досына айналған Мұхит болатын. «Студенттер көктемі» деп аталатын барлық университеттер бір кісідей қатысатын үлкен концертте Айбүбінің шырқаған әні мен сымбаты келіскен сәніне тамсанған да қалған. Көктен түскен періштеге бас салып көңіл білдіріп, жебірейілдей көрінбейін деумен араға айды асырды. Сыйластықтары жарасып, «достық» деп аталатын өзеннің ағысына бас ұрды. «Біз нағыз доспыз» деп күлімдейтін Айбүбі. «Шынайы достықтан махаббат туады,»-дейтін Мұхит жүрегіндегі асау сезімін әзілге жыға жариялап. Жігіт жаратылысынан сезімін ашып айтуға шорқақ, көбіне тұнжырап жүретін ойдың адамы еді. Солай достықты медет тұтып жүргенінде жерден шыққандай Сәт пайда бола кетті. Жасыратыны жоқ, Сәт келбетті еді. Әрі сәндене киініп, жігіттік салтанатын айшықтай түсуге жанын салатын. Бұған ұнамай-ақ қойғаны-оның үнемі ойнақшып тұратын көзі болатын. Сәт ойнақтап жүріп, қыздар көп жиналатын дүрмек топтардың бетке ұстар келісті төресіне айналды. Мұхит достық қамалын тұрғызып, оның ішінен махаббат мұнарасын көтеремін деп жүргенде, Сәт жылдамдық танытты. Оның Айбүбіге жиі барғыштап кеткенінен қатты секемденген Мұхит бір кеште сүйіктісіне өз сезімін жайып салуға тосыннан шешім қабылдады. Бір құшақ гүлін алып, жатақханасына жетіп барғанда көргені-Сәт пен Айбүбі кіреберісте айқара құшақтасып, тұр екен. Бір сәт Мұхитқа олар аймаласып, сүйісіп тұрғандай көрінді. Қолынан түскен шоқ гүлін таптап өтіп, жанын жаралаған көріністен алыс кетуге асыққан. Соңынан Айбүбі жүгіре шыға ма деген дәмесі де бар еді. Бірақ Айбүбі түгіл аспандағы ай да көрінбеді. Сезімінің отына күйіп-жанып, өзінің ынжықтығына іштей налып, саябақта ұзақ отырған. Ертеңіне оқу корпусында Айбүбінің жолын күтті. Көл бетінде жүзген аққудай басқан ізі білінбей, қасына күлімдей жеткен Айбүбіге бұл оқыс тіл қатқан.

- Кеше сені Сәтпен бірге көрдім, - деді ентігіп.

- Қашан? Мен сені көрмедім ғой, - деп Айбүбі бейқам күйде иығын қомдады.

- Кеше кешке саған ғашық екенімді айтуға барғанмын. - Аяқ астынан ақтарылған бұл сырға Айбүбі тосылып қалған.

- Біз дос емеспіз бе? - деді сәл үнсіздіктен соң.

- Жоқ, - деді Мұхит демін жиі алып. - Бірден сезімімді білдіру әдепсіздік деп әдейі уақыт оздырған едім. Оным өз басыма соққы болып тиген сияқты. Айтшы, Айбүбі, маған деген сезімің бар ма? - Жан сезіміне сауға сұраған жігітке бойжеткен күмілжи қараған.

- Өзің таңдаған Сәт сенің өміріңдегі бір сәт қана болып қалмауын тілеймін, - деп жетім көңілмен жатақханасына қайтқан. Бар зейінін оқуына бұрып, жан-жағын көрмеуге тырысып баққан. Дипломын алар-алмастан Алтайдың етегіндегі Өскеменнен Алатаудың баурайындағы Алматыға аттанған. Тағдыр жолында кездескен арулардан Айбүбінің бейнесін іздеп әлек болуын бір қоя алмады. Қызбен таныса қалса, «оның бойында Айбүбінің титтей бір қасиеті бар ма?» деп елегізетін. Осылай жүріп, қырқыншы көктемінің қалай келгенін тіпті аңдамай да қалған. «Сол Айбүбі сенің обалыңа қалды,»-дейтін марқұм анасы бұдан сыр суыртпақтап. «Еркек емессің. Бір әйелді ұмыта алмай, осынша жалғыз жүргенің өзіңе ұнай ма?»-деп әкесі де бұның сырына қанықтығын білдіріп, оңашада ұрсып алатын. Жүрегіндегі Айбүбі есімін өшірем деп жүріп, өзінің жастығының шырағын өшіріп алғанын кеш білді. «Отбасын құру» деп аталатын асуды қалайда алам» деп өз-өзіне жақында берген уәдесі Айбүбіні көргенде шеті сөгіле жөнелді. Жігіттің ғашық жанары Айбүбінің жүзіндегі жараны көрмей, сүйіктісінің жанындағы қасірет түйінін қапысыз сезді. Сезді де, оған жұбаныш болғысы келді. Сөзді не деп сабақтарын білмей, күлкіден қалған Айбүбіге ынтыға қарады.

- Бәрібір сұлусың, - деді сосын естілер-естілмес.

- Сен үшін солай шығар. Өзгелер үшін әлдеқашан құбыжық болып танылғанмын. Тіпті туған сіңлімнің менен үркіп қашқаны, Сәттің түйір меңімнен тұтас бетіме жайылған іріңді қотырлардың тосқауылы жоғын білгенде «ажырасам» деп тулағаны, ақыр соңында өзегімді жарып шыққан жалғызым, бес жыл некеде тұрып, сәби сүюге зарығып жүріп көрген күнім- Еркешімнің «қотырың жұғады» деп суынғаны-бәрі-бәрі мені шын құбыжыққа айналдырып жібере жаздады. Мына өмірден, тағдыр деген жазмыштан, қоғамнан суындым. Қызметімнен қуылдым. «Қотырбет мұғалім жұмыстан кетсін» деп ата-аналар өре түрегелген соң, өз еркіммен өтініш жазып, жұмыстан бездім.-Ескі көзбен жолыққан соң, іштегі шемені ақтарылып кетті ме, шерлі әйел ағытыла сөйлеп кетті.

- Сенің жаның қызғалдағы бүр жарған ғажайып өлке ғой. Ол нұрлы өлкені мұз басуы әсте мүмкін емес, - деп Мұхит ғашығының жүрегінде құбыжық оянбасына тым сенімді раймен байсалды үн қатты.

- Кейде не үшін жер басып жыбырлап жүргеніме таң қалам. Сосын «Еркешім үшін» деп өзімді жұбатамын. Оны ана көксоққандардың ортасынан алып кетудің амалын жасауым керек. Мұхит, сенімен күнде шүйіркелесіп жүргендей, бар мән-жайды баяндап тастаппын ғой, - деп күлген Айбүбі Мұхиттың көз алдындағы ару бейнені қайта тірілтті.

- Жылдар бойы жүрегімде едің, енді, міне, жанымдасың, - деді Мұхит алыс арманы қол созымға келгендей бойын белгісіз шаттық билеп.

Көпқабатты бір үйдің тұсынан жортып өте бергенде, Айбүбі қалт тоқтай қалды. Жоғары қабатқа қадалып, аз-кем тұрды. Мұхит та көз салды, ерекше ештеңе аңдай алмады.

- Жарты жыл бұрын осы үйде тұрғанбыз. Төрт белмелі пәтеріміз бар еді. Сол мекенде жалған бақытымның желкенсіз қайығын ескексіз-ақ есіп едім. «Бөлек тұрам» деп ерін баурына алып тулаған Сәт үйімізді сатып, жеке өмірін бастауға тағаты таусылған. Өзімен бірге Еркешті де ала кетті. Менің қасымда тек тарғыл мысығым ғана қалды. - Айбүбі терең күрсініп барып, сөзінің соңын сыбырға жеңдірді. Мұхит жұбатарға сөз таппай, тек тыңдаумен тұр. Кейде тіпті мұң нөсерін үздіксіз төгу де бір бақыт. Сол мұң нөсерінде бірге үнсіз тұратын дос табу да бір бақыт. Осы ойдан әйелдің тынысы кеңігендей, жоғарыға телміруін доғарып, еңсесін тіктеді.

Кешті батырып, түнге ойысқан Алматының кең көшелерін жаяу адақтаған екеу жалғыздық пен қайғы тұманы басқан Айбүбінің үйінің алдына жетіп аялдады. Жиырма жыл бұрын құлатып алған достық қамалын қайта тұрғызғысы келген, сол кезде қалап үлгермеген махаббат мұнарасын мығым етпекке анық ниет еткен Мұхит кетерінде Айбүбіден телефон нөмірін сұрады.

- Менің телефоным соңғы жарты жылда аз безілдейтін болған. «Мына әлем тек сұлулар үшін бе?» деген ойға қаламын,-деп нөмірін ежіктеп айтқан Айбүбі тағы да өзін сықақтай күлді.

- Бұл ойың бекер. Мына Жер талай қара ниетті қарақшылардың да мекені екенін ұмытпа. Ал, сенің жаның таза, - деп Мұхит Айбүбінің сөзін ашық жақтырмай, үзіп жіберді.

- Соңғы кездері қараңғылықты жақсы көріп бара жатқандаймын. Күн жарықтық ұясына еңкейсе, өзімді еркін сезінемін, - деп Айбүбі орнында сәл тербелгендей болды.

- Қараңғылық сенің таза жүрегіңе ұя сала алмасына мен сенем, - деп Айбүбінің қолын нәзік қысқан Мұхит адымдай жөнелді. Кетіп бара жатып, соңына бұрылып еді, көрікті Айбүбі қолын бұлғап тұр екен.

...

Күн-аға көктемгі табиғатты шуағымен айналып-толғанып оятып алғанда, Айбүбі де жастықтан басын көтерген. Бауырында жатқан мысығына қарап, «шұғыл түрде жұмыс табуым керек» деді. Мысығы иесінің күндегіден гөрі көңіл райы тәуірлеу екенін сезгендей-ақ, еркелеп аунап түсті. Мысығының бұл аунағанына қарап Айбүбі «төрт аяқты жануар болса да, адамның көңіл құбылысын сезеді. Бұрын мен зар еңірегенімде, бұрышта бүрісіп отырушы еді. Енді, менің қабағымның жадырағанын пайдаланып, еркелеп жатыр,»-деп табиғаттың жаратылысына қайран қалып, төсегінен тұрып, көптен бері ретке келмеген үйін жиыстыра жөнелді. Бұл бұрынғы төрт бөлмелі пәтерлерін сатқанда, Сәттің садақадай етіп берген ақшасына әзер дегенде тиген қуықтай пәтері еді. Күресуді, қиындықты еңсеруді білмеген Айбүбінің алты ай бойғы көз жасына куә болған да осы бір бөлме. Бүгін өмір майданының алғы шебіне аттануға құлшынған рухты әйелдің қайратты қалыбына куә болған да осы бір бөлме. Айбүбінің ширақ қолы тиген заттар орындарын тауып, бөлме ішіне рең кіре қалды. Шаруасын тиянақтап, үсті-басын реттеген Айбүбі қорқасоқтап айна алдына келді. Жарты жылда айнаға қарауға батылы жетпеп еді. Дәрігерлердің «бұл аурудың емі елімізде жоқ» деп бірін-бірі қайталаған сөздерінен соң, асқынып бара жатқан албастыдай жүзін көруге дәті шыдамаған. Алайда бүгін ерекше қайраттанып, ұзын шашын тарап тұрып, айна алдына жақын келді. Айнадан өзінің бұрынғы сұлу бейнесінің сұлбасын ғана көріп, ішін тарта тіксінді. Көшіп кеткен келісті дидардың жұртындай болып, екі көз ғана жылтырайды. «Өмір отын өшірмеймін, шырағымды сөндірмеймін!»-деп Айбүбі айнадағы өз бейнесімен тайталасқандай қарсы қарап тұрып қалды. Ту сыртынан телефоны шыр етті.

- Қайырлы таң, айлы әлемнің патшайымы Айбүбі, - деді Мұхит ғашық кезіндегі сөз мақамын жаңғыртып.

- Достық мұхиты едің, кеше де сол мұхиттан жылы самал есіп, мұзға айналуға таяған жүрегімді жылытты, - деді Айбүбі сол бір қимас шақтарының әр секунды санасыа сіңіп қалғанын аңдатып.

- Бәрекелді, жұбанған көңілдің тағы қандай қалауы бар?

- Еркешім жанымда болса болғаны. Оның мектебіне бармақ болып жиналып едім.

- Айбүбі, Еркеңдікі балалық қой. Азғырынды сөзге еріп, білместік жасады. Сен өзің бірінші қадам жасап, ұлыңды ақыл аулына бастарсың. Ендеше, сәттілік! - Мұхит сөзін аяқтап, тұтқаны қойса да, оның жігерлі үні әйелге орасан зор серпін сыйлаған еді.

Ұлының мұғаліміне қоңырау шалғанда білгені-Еркесі бүгін мектепте бой көрсетпепті. Сәтке хабарласқаннан қайыр жоқ. Ол тас қабырғадан бетер мылқау болып кеткен. Өзі іздеп шықпақ ниетпен сыртқа ұмтылды. Ана жүрегі перзент көңілінің қаймағына дақ түскенде, қайда барып аял тұтарын шамалап еді. Түйсігі алдамапты. Еркебұлан шағын саябақтың түкпіріне тығылып алып, көгершіндерге жем беріп отыр. Ұлы уыс-уыс жемді ашулана шашады, ал қанаттылар оның жан-дүниесімен шаруасы жоқ, жапа-тармағай дәнге ұмтылады.

- Жеңдер! Жеңдер! Таусылып қалады деп қорықпаңдар! Менде ақша көп, мейірім көрсетер әке жоқ. Өйткені, ол тәуліктің жиырма төрт сағатының жиырма төрт секундын да маған арнай алмайды. - Уысы толы дәнді себезгілеп шашып, бала күңкілін жалғастыра берді.

- Ей, көгершін, басың қылт-қылт етіп, менен көз алмайсың. «Анаң бар» дегің келе ме? Иә, бар, оны жоқ қылуға жан салған өзім едім. Кеше тағы дауыс көтердім. Ал, Айаруға қанша сыйлық әперсем де, көңілін таба алмадым. Қымбат құлаққапты алмағаны аздай, оқушылардың көзінше «сен мақтаншақсың. Ақшаңның көптігінен кеудеңе нан піскен!» - деп мені келеке етті. Соған ашуланып келе жатсам, апам шықты алдымнан. Өзім мұң шағар жақын жан таппай таусылып келе жатсам, оның маған жыламсырай қол созғаны одан бетер жүйкеме тиді. – Сөмкесінен кішкентай дорбаға түйілген дән алып шығып, топ көгершінге қарай шаша бастады.

- Анам мені көп сүйікті ісімнен шектейтін. Мұғалім ғой өзі. Басыңды қылтита берме, жеміңнен же. Мұғалім аналардың талабы қатал болады. Иә, әсіресе, ғаламторға байланысты мүлдем қатал келеді. Әкеммен кеткен кезде, еркіндік тиіп, білгенімді істеп, «өмір деген осы екен ғой» деп едім. Мә, саған өмір! - Алақанындағы соңғы дәндерді желге ұшырып, орнынан түрегелген Еркебұлан қарсы алдында тұрған анасын көріп абдырап қалды.

- Жалғызсырағаным аздай, енді алжасайын дедім бе? Сонша анық елестей ме екен? - Бала көзін уқалап көріп еді, әудем жердегі сұлу мүсін мызғымады. Ұзын шашын желкесіне түйіп, жұқа қызғылт орамал салып, қара көзәйнек таққан анасы баласының жүрегіндегі сағыныш сезімін қопарып әкетті.

- Көгершіндермен құрған кеңесіңді желке тұсыңда тұрып тыңдап алдым. Күн тәртібіне қойған мәселелерің аз емес көрінеді, - деп әзілге сүйей сөйлеген Айбүбі көзәйнегін алып, ұлына мейірлене қарады. Адасса да, жаза басса да, бұл өзінің жалғызы. Тек шоқ баспаса болғаны.

- Апа, мен кеше... - деп мұрын астынан міңгірлеген Еркебұлан жер шұқыған күйі орындыққа отыра кетті. Анасынан кешірім сұрарын, не баурына кіріп, өксіп жыларын білмей, екіұдай халге түсті.

- «Білім-күш.» Бірақ сенің күшті болғың келмейтін сияқты,-деп анасы бұрынғы ақылгөй, қамқор, талапшыл болмысына қайта оралғандай.

- Суықтап қалған соң, әкем мұғалімнен сұрап алған, - деді ұлы әлі де өзін айналсоқтаған көгершіндерді бақылаған болып.

- Өтірік айтқанда ұзын кірпіктеріңмен көзіңді жауып алып, төмен қарап тұнжырайтының бар емес пе? Дәл қазір солай отырсың, - деп анасы баласын иығынан қысты. Еркесі құшағына ұмтылар деп еді, ол керісінше сәл арырақ отырды. Бойын аулақ салғысы келетіндей. Айбүбінің жүрегінде кешелі бері орнай бастаған көктем әуені азалы күйге ауысып кете жаздап, іркіліп қалды.

- Сен әкең екеуің алғаш менен кеткенде, ақырзаман орнағандай болды. Зар еңіреп мектебіңе барғанымда, сыныптастарыңның «саған мыстан кемпір келіп тұр» деп ащы түйрегендерін де білемін. Не десең де, мен сенің анаңмын ғой. Анаңмын! Бетімді қара қотыр қаптаса да, емін ешбір шипагер таппаса да, жүрегім, жаным сол баяғы анаңмын ғой. - Айбүбі алуан сезімнің қыспағында қыстығып жылап жіберді. Баласына босаңдығын көрсетпейін деп еді, қолынан келмеді.

- Мен кеттім, апа. Әкем іздеп қалар, - деп Еркебұлан әлдеқайда асықты.

- Төмен қарап шұқшиып айтқан бұл сөзің де жалған. Жүр, үйге қайт, - деп баласын жеңінен тартып еді, сытылып шыға келді.

- Амандығыңды біліп жүрейін. Телефон нөміріңді айта ғой,-деп жалбарына қарады. Бала қалтасынан соңғы үлгідегі телефонын жарқ еткізіп шығарып, тездетіп нөмірін айтты да, едәуір қымбат велосипедіне мініп, көзден таса болды. Ұлының ұстап жүрген тым қымбат жаңа заттары Айбүбіге көп жайттың жұмбағын жайып салды. Сәт әкелік парызын өтеуді ақшамен көміп тастау деп түсіне ме сонда? Айбүбі ызғарлы желі ойнаған тағдырына қарсы аттап, «қайтсем де ұлымды қайтарамын» деп қасқайып оның соңынан қарап тұрып қалды.

Үйіне тездете жеткен Айбүбі компьютеріне үңіліп, жұмыс іздеу қамына кірісті. Мұғалім бола алмасы анық. Мынадай сиықсыз түрімен хатшы болып та жарытпас. Қашықтықтан істеу мүмкіндігі бар жұмыс табылсашы. Небір сайттарды ақтарып-төңкеріп отырса да, «ұлымды қайтарамын» деген бір ғана ой санасында жарқылдауын қоймады. «Қалай?» деген сұрақ кеудесін қысып, жүрегін жиі соқтырды. «Таптым!» деді табан астынан оң шешім жолықтырғанына қайрттанып кеткен әйел атып тұрып айна алдына келіп.

- Бұрынғы Айбүбі сұлу, жаны нәзік, мейірімді еді. Қазіргі Айбүбі сұлу болмаса да мейірімді, күресуге қауқарлы. Мына мүйізгектеніп, қатып тұрған қотырдың ар жағында шынайы Адам бар екенін айналамдағылар да, мынау бүтін қоғам да қаперге алмайды. Мен Адам ретінде, Әйел, Ана ретінде өз құқымды даулаймын! - Айнадағы кеспірсіз бейне бұл сөзді мақұлдап, езуін ыржитқандай болды. Бұрынғыдай әдемі жымиюға мұршасы болмаған соң, қотыр қаптаған езуін ыржитпағанда қайтсін!

Мұғалімдік жазбаларын аударыстырып отырып, бір сурет тауып алды. Сәттің бір әріптесі жеке кеңсе ашқанын атап өтіп еді. Өзіне аса ұнамаған мына оттай қызыл көйлекті Сәт таңдап, мұның тойға дәл осы көйлекпен баруын тым қатты қолқалаған. «Бәкеннің әйелі қатты толып кетіпті, мамырлап әрең жүр. Олар менң келіншегімнің қандай сұлу екенін көрсін!»-деп ақыры Айбүбіні әшекейге малындырып шығарған. Айбүбі жұрттан алабөтен жасанып алғанына той біткенше ыңғайсызданып отырған. Мұның көпшілік алдына тотыдан бетер түрленіп баруын Сәттің неге сонша қалағанын енді түсінгендей болды. «Өзіңнің жалған атағың мен елірме абыройың үшін ертіп жүруге ғана жарайтындай көретін сол жанды қуыршағыңнан үлкен соққы күт!»-деп суреттегі Сәттің бейнесін аямай шертті де, қайтадан дәптерлердің арасына тастай салды.

Кешкі асын алдына алып, күрес жоспарын мысығына баяндап отырғанда, есіктің қоңырауы шылдыр етті. «Еркешім» деп орнынан ұшып тұрып, есікті шалқасынан ашты. Күткеніндей ұлы кірмеді күлімдеп. Көз алдында бір құшақ қызыл гүл тұрды үлбіреп. Гүлдің тасасынан Мұхит шықты «күнім» деп. Жиырма жыл бұрынғы таңдауының қате болғанын бар жанымен сезінген Айбүбі қым-қиғаш сезімдердің жетегінде жайнаған гүлге қолын соза берді.

Құшағы гүлге толған, көңілінен күңіреу күз жоғалған Айбүбі Мұхитты күрес жоспарымен таныстырды. Ол да қостай кетіп, өз тарапынан кеңесін беріп, жеңіске апарар жоспарды бүге-шігесіне дейін талдады.

Дәл осы сәтте Сәттің үйіне орнай алмаған береке біржолата көшіп кетуге ыңғайланған. Жанат келіп, жарты жылдан бері некесіз әйел болып жүргенін айтып, шу шығарған. Сәттің жауабы оны тіптен құтыртып жіберген:

- Ел-жұрт «Сәт әйелін тастап кетіпті» демей ме? Қиын шақта іргесін аулақ салып, азаматтық таныта алмады деп сөкпей ме? Одан да Айбүбінің өзі сотқа шағымданар шағын күтейік.

- «Айбүбінің ажырасқысы келеді» дегенді қайдан шығардың?Ол сенен әлі де дәмелі. Өткенде саған үзіле қарағанын көрмедің бе? - Жанат енді көк долы ашуға басты. Сәттің ең жек көретіні де әйел қауымының шайпаулығы болатын. Тұлан тұтып шыққан Жанатқа есікті көрсеткен Сәт сұсты жүзбен соңғы сөзін айтты:

- Мен саған үйленеді дегенді қайдан ойлап таптың? Әйелімнен ажырассам да, саған үйленбеймін. Сен Айбүбінің құрбысы болып жүрген кезіңде-ақ маған көз қысып, ыңғай танытып жүретінсің. Айбүбіден кеткен соң, әйелсіз жүрмейін деп көзіңді сүзіп әлек болып жүрген сені тез-ақ айналдырдым. Бар болғаны сол ғана!-Мына сөзден зығырданы қайнаған Жанат ашудың асауына ауыздықсыз мінді. Осы уақытқа дейін өзін «Айбүбінің бақытын тонап алдым» деп менменшілдікпен кеудесін көтеріп келген әйел өзінің демде қажетсіз заттай болып қалғанына долданып кетті. Оның шаңқылдаған даусы Еркебұланның төбе-құйқасын шымырлатып, берекесін қашырды. Бала әкесінің назарынан елеусіз күйде далаға жүгіре шықты. Жаны жаурап, бүрсеңдеп келе жатып, өз-өзімен дауласа жөнелді.

- Анаңнан қашқанда тапқаның анау екі опасыз ба? - Жүрек үні осыған дейін шешім қабылдап келген ақылдың әрекеттерін айыптай бастады.

- Жарты жыл жақсы өмір сүрдім ғой. Әй дейтін әже, қой дейтін қожа болмады. Уыс-уыс ақша, арман болған айфон, қымбат велосипед-осының бәрі қандай тамаша еді? - Ақыл үні де дес бермей, өз дегенін қорғап бақты.

- Сен ессіздіктен «еркіндік» деп атаған сол әлемнің шындығында жетімдік екенін білесің бе? - Жүрек уәжі онсыз да ала көңіл болып келе жатқан баланы жылатып тынды.

- Апам маған «көп уақытыңды ғаламторға арнама. Одан да кітап оқы. Телефон экранындағы виртуал достарыңмен емес, шынайы адамдармен аралас,»-деп мені әлеуметтік желілерден аулақ ұстауға тырысатын. Ал, әкемнің ештеңеде шаруасы болмады. Түні бойы телефонға телміріп, таңертең ұйықтап қалсам да, әкем қыңқ етпейтін. Өз қалауыммен өмір сүру деген осы емес пе?

- Әй, Ақыл, дауды доғар! Хакім Абай айтпап па еді, «жақсының, жаманның-екеуінің де сенгені, сүйенгені сен, екеуінің де іздегенін тауып беріп жүрсің, соның жаман.» Бүгінге дейін ырқыма көнбей, мен құптарлық тірлік етпедің Енді бірлікте болайық! - Жүректің айтқанына ақыл қарсы келмей, үнсіз қостады.

- Түн ішінде бір жеткіншек өзін «жетілдім» деп ойлап, көше кезіп жүр. Ха-ха-ха!-Дарақы күлкіден жер жарылып кеткендей болып, Еркебұлан аттай беріп кідіріп қалды. Қарсы алдында бір ұзынтұра мен екі қортық жігіт тұр. Үшеуі мұны көшенің қалтарыс бұрышына дейін тықсырып әкеліп, үсті-басын тінте бастады.

- Жіберіңдер, сендерге керегі мынау ма?-деп Еркебұлан қалтасынан телефонын алып, ұзынтұраға қарай лақтырып қалды. Телефон оның мұрнына барып сарт етті. Өзін «таяқ жедімге» балаған ұры баланы бас-көз демей тепкілей жөнелді. Өзге екеуі де қалыспай, қорғануға шамасы жетпей, бүк түсіп қалған балаға ата жауына тап бергендей шүйлікті. Азан-қазан қылмай, ың-шыңсыз шаруаларын аяқтаған үшеу олжаға қарық болды. Қимылсыз қалған баланың білегіндегі сағатын шешіп алып, қараңғылыққа сүңгіп жоқ болды. «Апа!» деді баланың жүрегі әзер лүпілдеп. «Қайратымды жинайын. Жүрек үнін тыңдайын!»-деп ақылы санасында жарқылдаса да, Еркебұланның қимылдарға дәрмені қалмады. Қай уақыт екені белгісіз, әлдекімдер дабырласқандай болды. Жерден көтеріп алысты ма? Безілдеген «Жедел жәрдем» сиренасының даусын анық естіді.

- Есінен танбапты. Сөйлеп жатыр, - деп медбике бұған төне түсті.

- Апам, - деді Еркебұлан сыбырдан төмен үнмен жаны ышқынып.

- Атыңды айта ғой, - деп медбике баланың маңдайынан сипады.

- 8701... - баланың үзіп-үзіп айтқан нөмірін жазып алған медбике дереу қоңырау шалды. Ар жақтан тұтқаны көтерген әйелдің әдемі даусы естілді. Естіген хабарынан шошынған ана аурухананың мекенжайын қайталап сұрап, ұлына қарай құстай ұшты. Әдеттегідей жүзін жасырып бөгелмеді. Көз жасын көл етіп, айтылған ауруханаға жетіп барды. Алғашқы көмек көрсетіліп, жалпы палатаға ауыстырылған баласын көріп, тынысы бітіп қала жаздады.

- Жалғызым, кімге не жаздың? - деп еңіреп отырып, Сәтке қоңырау шалды. Ол әдеттегісіндей жауап бермеді. Жаны қысылған Айбүбі Мұхиттың нөмірін терді.

- Тыныштық па? - деді көп күттірмей тұтқаны алған Мұхит.

- Еркемді біреулер аяусыз тепкілепті. - Айбүбі булығып жылап жіберді. Мекенжайды тәптіштеп сұраған Мұхит ауруханаға бет алды. Бөлімшеге хабарласып, белгілі болған көше бойында қарақшылық шабуыл, адам тонау дерегі тіркелгенін білді.

Перзентіне төнген қауіпті әкелік жүрегі еш сезбеген Сәт Жанат кеткен соң, бөлмесінде біраз алас ұрып жүрді де, тысқа шықты. Қырыққа келіп, жастығымен қош айтысқан Жанатты қайтсін? Буырқанған жастық жалыны бойына сыймай тұрған Сәттің он сегіздегі қызды баурап алар «сиқыры» әлі бар. Осы оймен таң атқанша жабылмайтын дүбірлі дәмханаға жеткен. Отты суды сіміріп отырып, жан-жағына көз салған. Әудем жерде бар назарлары телефонда болып, үш бикеш отыр. Өздерінен басқаны елер түрлері көрінбейді. Жынды су буын-буынын алып, мең-зең бола бастаған кезде қарсы алдында бір әйел пайда болды. Ол күлмеңдеп әлдене деп, мұны сүйемелдеп ала жөнелді. Одан арғысы Сәттің есінде бұлдыр елес болып қана қалған. Ертеңіне арзан қонақүйдің жұпыны бөлмесінде бір-ақ оянған. Сынып бара жатқан басын ұстап, қарманып қалта телефоны мен әмиянын іздеген. Екеуін де таппады. Сонда барып түндегі сылқымның өзін үптеп кеткенін түсінген. Ашудан арыстандай ақырған. Таксилетіп, үйіне зорға жетіп, төлем жасап құтылған. Ежелден үйіне артық ақша ұстайтын өз әдетіне өзі риза болып, кеңсесіне де бармастан, қалың ұйқыға кеткен. Тек кешке шекесін уқалап отырып, ұлын іздеген. Дауыстап шақырғанға келмеген соң, бөлмесіне барып еді, ұлының ізі де жоқ. «Шешесіне қашып кетпеді ме?» деген қорқынышты ой санасында қылаң беріп еді, кеудесін ашу қыса қалды. Қамқор, ақшасы мол әкесі тұрғанда жұмыссыз, жұқпалы ауруы бар шешесіне қалай барады? Өз ойымен өзі әлек болып тұрғанда, есіктің қоңырауы шылдыр етті. «Ашыңыз, полиция» деді ар жақтан салқын дауыс. Екі сақшы есіктен кіре сұрақпен бастырмалатты.

- Еркебұлан Сәтұлы сіздің ұлыңыз ба?

- Білсең несіне сұрайсың.

- Балаңызға қарақшылық шабуыл жасалғанда, сіз қайда болдыңыз? - Мына сөзге тырысқан шекесін уақалап дел-сал болып тұрған Сәттің басы кегжең етті.

- Баласының қайда екенінен әлі күнге хабарсыз тәрізді, - деп бір сақшы әріптесіне бұрылды.

- Иә, масаң күйде ештеңе айтып жарытпас. Одан да ойыңызды жинақтап, бөлімшеге келіп, түсініктеме бергеніңіз абзал болар еді, - деп өзіне кеңес айтқан сақшыға Сәт дүрсе қоя берді. Өзін «заң саласының білгірімін» деп есептейтін кеудемсоқ заңгер сөзін дөрекі сабақтады.

- Маған заңды үйретпе! Мен өзім белгілі заңгермін. Жеке адвокаттық кеңсем бар. Қайда, қашан баруды өзім білем! - деп даурыққан Сәттің сөзін сақшының салмақты даусы бөліп жіберді.

- Егер заңды жақсы білсеңіз, кәмелетке толмаған балаңыздың түнгі уақытта көшеге шығуына неге рұқсат бердіңіз? Балаңыздың денсаулығына, қауіпсіздігіне заң алдында бірден-бір жауапты сіз боласыз!

- Анасы да менімен бірдей жауапты. Ақыры заңды жақсы біледі екенсің, осы сұрағыңды баламның шешесіне де қой! - Сәт сызданып теріс айнала беріп еді, сақшы саңқ етті.

- Айбүбі ханым қазір ұлының жанында, ауруханада. Сіз түсініктеме беруге бөлімшеге жүріңіз! - Мысы құрып, амалы таусылған Сәт сақшылардың соңынан ілби берді. Бөлімшедегілер жеке куәлігін сұрап еді, бұл «жоғалттым» деп жалтарды. Ешкімге кінә тақпайтынын, «оқыған, кең пейілді, парасатты азамат» екенін айтып, шу-шұрқаннан құтылғысы келді.

- Қарақшы емес, ұсақ бұзақылар ғой. Ұлым аман-есен. Ең бастысы осы, - деп сырғақтатты.

- Еркебұланның анасы кеше ұрылардың үстінен шағымданған. Сіздің шағымыңыз емес, іске қатысты түсініктемеңіз керек, - деп жүзін тіктеген басшыға бұл қадала қарады. Қайдан көріп еді мына сұрша жүзді, жалпақ бет, қысық көз мұрттыны? Мұртсыз елестетіп көріп еді, есіне түсті. Бұл Айбүбімен алғаш жолығып жүрген кезінде қыз «менің бір досым бар» деп аузынан тасмамай айтатын Мұхит қой. Сәл толысып, қияқ мұрт қойғаны болмаса, тіпті де өзгермепті. Сол баяғы жүзі сұрланған, көзі алайған көріксіз Мұхит.

- Сен мұнда не істеп жүрсің, Мұхит? Алматының тыныштығы мен тәртібі сен болмасаң құрдымға кететін бе еді? - Мұрын астынан күле беріп еді, Мұхит бұл кекесінді шыбын шаққан құрлы көрмеді.

- Түсініктемеңізді алдық. Кете берсеңіз болады, - деп рұқсат бергенсіген Мұхитқа ашуланған Сәт орнынан шапшаң көтеріліп, есікке қарай адымдай жөнелді. Енді ауруханаға баласына барып, «ағынан жарылуы» тиіс. Әйтпесе бұл істің қалай бағыт аларын кім білсін?

- Балам, түні бойы сені іздедім, жанымды қоярға жер таппадым, - деп жеткен бойда баласына көз салған. Бет-аузы күп болып ісіп, ерні жыртылған, аяғы таңылған Еркебұлан қабағын тыржитты. Мұнысы-жақтырмағаны.

- Сізден арақтың иісі шығып тұр,-деді сосын көзін әкесінің көзіне қадап. Сәт жанарын алып қашып, ұлының сөзін естімеген кейіп танытты.

- «Заттарым жоғалды» деп уайымдама. Одан да жақсысын әперемін. Сенің орның жалпы палата емес, люкс палатада ғой, - деп мейірім танытқансыды.

- Мен апамнан кешірім сұрадым, - деді Еркебұлан қуанышты хабар жеткізгендей әкесінен көзін алмай. Жаңа, қымбат зат алу мүлде ойында жоқ тәрізді.

- Сенің менімен кеткенің жігіттік болды. Оның несіне кешірім сұрайсың? - деп Сәт ызбарлана қалды.

- Ақымақтық болды, әке, ақымақтық. – Ақылы мен қайраты жүрегіне билік берген Еркебұлан өзіне тым сенімді сөйледі.

- Құбыжыққа айналған шешеңмен бірге тұруға қорықпайсың ба? - деп мысқылдаған Сәт кетуге жиналды.-Жұмысым бар. Ұзақ отыра алмаймын.

- Әке, сіз үнемі осындайсыз. Сырласудан қашасыз. Шын айтудан сасасыз.

Еркебұланның сөзін баланың қияңқылығы деп түсінген Сәт палатадан жылдам шығып кетті. Дәлізде Айбүбіні жолықтырды. Бұған жалт етіп бір қарағанында көзінен айбат, жек көру, айыптау тәрізді алуан сезімдердің көшін көргендей болды. «Ел-жұртты тегіс шошытпай, бетін жаппай ма екен?»-деп мырс етіп күлген Сәт кеңсесіне қарай жөней берді.

Иә, Айбүбінің көпшіліктен жасырынуды, қара шүберек жамылуды қойғаны рас. Дерті ажарын қашырса да, жігерін жасыта алмағанын дәлелдегісі келгендей сенімді адымдайды. Бұл кейпін көргендердің бірі мүсіркейді, бірі есіркейді, енді бірі теріс қарап түкірінеді. «Алланың кәріне ұшыраған қатын!» деп діндарсымақтар саусақ шошайтады, қайсыбіреулері оларды қостайды. Көргендерін қаперіне алған Айбүбі жоқ. Жанарында өмір шуағы ойнап, бойын тіктеп өте береді. Үйі мен аурухананың арасын даңғыл жол еткеніне бір аптаның жүзі болыпты. Еркеші бет-аузының ісігі қайтып, көрер көзге сүйкімді болып қалған. Жалғызының аузына барын тосып, елпілдеп отырғанда, палатаға Мұхит кірді. Жайдары амандықтан соң кеудесін көтеріп отырған Еркебұланға сүйсіне қарады.

- Сенің ұрыларды егжей-тегжейлі сипаттауың көп көмектесіп, ақыры бұзақыларды құрықтадық. Өздері өрімдей жас жігіттер. Бұрын да кісі тонау дерегімен шартты мерзімге сотталған екен. - Еркебұлан ыржия беріп, езуіндегі жарасын ауырсынып қабағын шытты.

- Жастық жалындарын арам іске жұмсап мұқалтқандарын қарашы! - деп Айбүбі жеңіл күрсінді.

- Еркеш, сенің апаң сондай мейірімді. Оның еркіне қойсаң, қылмыскерлерді «жас» деп аяп, бостандыққа жібере салар қалпы бар. Ал, біздіңше, заң алдында кәрі де, жас та бірдей жауапты. Айтпақшы, сенен тартып алған бұйымдар да табылды. - Мұхиттың бұл сөзіне Еркебұлан аса қуана қоймады. Басын изеп, ізет білдірді де, сәл езу тартқандай болды. Ұлының көзінде ойнаған күлкі ұшқынын байқап, Айбүбі аң-таң.

- Егер сол айфон мен қымбат қолсағат болмағанда, ол ұрылардың көзіне түспес едім. - Еркесінің бұл сөзі Айбүбіге күлкі шақырмады. Мұхит Еркебұланды арқаға қағып, оның күлкісінің астарын түсінгенін байқатты.

- Бұл оқиғадан сабақ алу керек, - деді сосын анық сөйлейтін әдетімен саңқылдап.

- Сонда қалай? - деді бала сақшыға сұраулы жүзбен қарап.

- Үш жігіт жабыла кетсе, соларға қарсы тұрар ақылың мен айлаң, күшің мен қуатың болу керек. Яғни, спортпен мақсатты түрде айналысу қажет. - Соңғы кезде досындай болып кеткен Мұхит ағасының бұл ақылына Еркебұлан қуанып кетті. Бірер жыл бұрын күреске қатысқысы келіп құлшынғанда, анасы «жарақаттанып қаласың» деп рұқсат бермеген, ал әкесі «күресті қайтесің, одан да ағвлшын тілін үйрен» деп қосымша сабақ беретін мұғалім шақыртқан. Енді сол арманы баланың көңілінде қайта оянып, орындалар сәтін күткендей бұлқына бастады. Мұхит қоштасып кетіп қалған соң, анасы «менің саған тосын сыйым бар» деп сыбыр етті. Жұмбақ сыйдың жайын біле алмай отырғанда, палатаға аңдап басып сынып әкімі Айару мен үш досы кіріп келді. Еркебұлан жатқан орнында жағаға шығып қалған балықтай тыпырлады да қалды. Айару келсе, сұлап жатып қарсы алғаны жарамайды ғой.

- Апа, керемет тосын сый болды, - деді сасқанынан анасына жалтақтап.

- Ұстазыңа айтып едім. «Достары баруға қолайлы уақыт күтіп жүрген. Бірнешеуін жіберемін» - деді. – Айбүбі осылай деп шығып бара жатқанда, оқушылар оны есікке дейін көздерімен ұзатып салды. Сыртынан қарағанда сондай сымбатты, бет ажарын қарасаң шайтан шимайлап кеткендей, бірақ сөйлегенде даусы күмбірлеп, құлаққа майдай жағады. Ғылымға белгісіз тылсым жаратылыс дерсің.

- Сен жарадың! Үш бұзақыға жалғыз өзің қарсы тұрған қаһармансың! - деп Айару қолындағы шоқ гүлді Еркебұланға ұстатты. Қыздың қолынан гүл емес, бақыттың кілтін алғандай Еркебұлан демігіп қалды.

- Сен жақсы жүгіруші едің ғойй. Тұра қашпадың ба? - деп аңғал досы Саржан сөзге араласты. Оған өзгелері ұрсып тастады.

- Қашатындай Еркебұлан қорқақ емес қой. «Келсең, кел» деп қасқайып тұрғаны анық, - деп шу ете қалысты.

- Айару соңғы кезде сені жиі айтады. Бізге үлгі қылып та, сөздің реті келсе де, «Ерке ер ғой!» дейді де отырады. - Мараттың бұл қағытпасына Айару шуақты күлкімен жауап берді. Еркебұланның көңілінің бір шетінде қалып қойған бір уыс қара бұлт сөгіле жөнелді. Оның орнына көңіліне достықтың шұғылалы күні орнады. Осындай ақ ниетті, жарқын жүзді достарының жанында жүріп күйзеліске түсіп, жалғыздық аулына жиі ат шалдырған өзінің ақымақтығына іштей күлкісі келді.

- Балалар, шуламаймыз. Тынығып жатқан өзге науқастардың да қамын ойлаймыз, - деп ішке Айбүбі кірді. Қаздай тізілген төртеу бұған қолдарын бұлғап, есікке беттеді. Еркебұлан да қолын бұлғап отырып, ойға батты. Мұның дүрдиген ерніне, көнектей болған бет-аузына қарамастан достарының қамқор көңілдері бір өзгермепті. Әсіресе, Айарудың «әлі ауыра ма?» деп ісіңкі маңдайынан сипап, жік-жапар болғанын айтсаңшы. Ақылды қыз мұның көк ала қойдай түрін көріп, үркіп қашқан жоқ. «Ал, мен өз анама не істедім? Бетіне дақ түсті деп, әкеммен қол ұстасып бір-ақ күнде безіп кеттім. Жанат тәтенің «бұл-жұқпалы дерт. Сен анаңның жанында қалсаң, бірер аптада іріңкөз жынға айналасың!» деген сайтан сыбырына еріп кеттім.» Бала тым байсалды раймен анасына қарады.

- Анашым, мен соңғы оқиғадан көп жайтты ұқтым, - деп Айбүбінің ып-ыстық қолынан ұстады.

- «Өмір-мектеп» деген осы, балам, - деді көзі күлімдеген анасы.

Өмір мектебінен сабақ алған Еркебұлан ауруханадан жазылып шыққан соң, анасымен бірге тұруды ұйғарды. Жалғыздығының салтанатты сарайына айналған әкесінің үйіне барудан үзілді-кесілді бас тартты. Бұлқан-талқан болған Сәт қолынан қайран келмей, тауы қатты шағылған. Ол өмірінде жалғыздықтан қатты қорқатын. Көптің назарында, ырду-дырду өмір сүргенді жаны сүйетін. Базары тарқаған ауылдай көңілі құлазып жүрген бір күнінде сотқа шақырту алды. Төбесінен жай түсірген Айбүбінің шағымы еді. « Жылаудан басқаны білмес құбыжық» деп көзге ілмей жүрген жары қайратты болып шықты. Бұл білетін Айбүбі күйеуінің көңілін жықпайтын, ақ көңіл, жібі бос жан еді. Ал, қазіргі қотырбет Айбүбі адуынды, тайсалмас өр мінезді, алған бетінен қайтпайтын қайсар болып алған. Сәттің қорқытып-үркіткеніне де, алдап-сулағанына да көнбей, ақыры ажырасу ісін сотқа жеткізген. Сәт Жанатпен әмпей-жәмпей болып жүрген кезіндегідей ажырасуды көксемеді, таныс-туыстарының «Сәтті әйелі мен ұлы тастап кетіпті» деген қаңқу сөзінен қорғанған еді. Қорғанысын Айбүбінің тегеуріні үзіп кетті. Сот толықтай әйелінің пайдасына шешім етті. Онысы аздай моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді. Сәттің құлағы шыңылдап, шешесінің жанында отырған ұлына қарады. Жеткіншектің жанарында анасына сүйсіну, оны қолдау, қажырына тәнті болу тәрізді сезімдер шеруін көріп, жаны күйіп кетті. «Жатырына тартқан күшік!»-деп ызаға, белгісіз өкпе-налаға тұншығып, далаға атыла шықты. Соттың көзін шел басқан ба? «Айбүбі мен Мұхит-ежелден көңілдес» деген мұның сөзін елеусіз қалдырып, істі тек құбыжықтың пайдасына шешіп бергенінде бір кілтипан жатқан жоқ па? Осы кілтипанның себебін таба алмай сарсылеан Сәт ақыры бөтелкеге бас қойған...

Алматыны қысқы сыздан босатып, тәуір еткен сәуір өтіп, мамырлап мамыр жеткен. Мамыражай күндері мен таңғажайып түндерін сыйлап, маусымға кезек берген. Жазғы ыстық күшіне еніп, жанға жайлы жібек самалды келмеске жіберген. Бұл күндері Айбүбіден маза қашқан. Дауасыз дерті дендеп, ыстықта шыт-шыт жарылып, үгітіліп түсіп, жігерін құм еткен. Аурудың азабына шыдаса да, жалғызының шырылдай қиналғанына төзе алар емес. Әрнені бір сылтауратып, сыртқа шығып кететін. Бетін ыстықтан тұмшалап, біраз жүріп қайтатын. Бүгін де сол дағдысымен айналсоқтап сәл жүріп, пәтеріне қайта кірген. Төргі бөлмеден Мұхиттың даусы естілді. Ұлы әлденеге қуанышты.

- Не кеңес бұл? - деп Айбүбі жамылғысын шешіп, орындықтың арқалығына тастай салды.

- Араласпа, жігіттердің шаруасы, - деп қалжыңдады Мұхит. Айбүбі шай қамдамақ болып, ас бөлмеге кіріп кеткенде, екеуара көңілді сыбыр-күбір еш тыйылмады. Дастарханға шақырмақ болып бөлмеге кіріп еді, екеуі құшақтасып, бірін-бірі арқаға қағып мәз болып тұр.

- Не қуаныш екенін маған да айтыңдар. Мен де қуанайын, - деді Айбүбі мұңды үнмен.

- Сен қуанбайсың, анашым! - Ұлының бұл сөзіне Айбүбі пері көргендей жалт қарады. - Сен шаттанасың. Сен бақыттан қанат байлап, қазір жеті қат көкке самғайсың!-Бір мезетте мың сан сезімнің нөсерінде қалған Айбүбі түкке түсінбей, Мұхитқа қарады.

- Біз Еркеш екеуміз әлем медицинасына жүгініп, ақыры сені ауруыңнан арашалап алар аурухана таптық. Медициналық деректеріңді сенің рұқсатыңсыз алып, қаншама клиникаға сұрау салдық. «Емдейміз, кел» деп шақырту жіберген аурухана Германиядан табылды! - Мына сүйінші хабардан соң Айбүбінің жүзінде қыртыстанған қотыры сейілгендей, бойы жеңілдеп сала берді.

- Апа, біз тіпті ақша да тауып қойдық! Мен айфоным мен қолсағатымды, велигімді саттым. - Мәре-сәре болған ұлына қараған Айбүбіде ес қалмады.

- Мен де құр қалмадым. Пәтерімді саттым. – Мұхиттың мына сөзі Айбүбіге жаңғырығып естілді. Ғашығына астындағы жалғыз атын түсіп берген баяғының дархан көңіл сері жігіті елестеді.

- Жігіттердің құпия шаруасы осылай сәтті тиянақталды. Енді тек жолға шығу ғана қалды. - Кесіп-пішіп сөйлеген ұлы қазір-ақ сапарға аттанып кетердей қанатын қомдап алыпты.

- Аллама сансыз шүкір. Менің бағым бар екен. Бірің-дос, бірің-баламсың.-Ұлының көзінше әдептен аспаған Айбүбі Мұхиттың қолын алып, Еркешін бауырына қысты. Анасының ыстық құшағынан сыпайы босап шыққан Еркебұлан жүзіне құпия емеурін жинап:

- Апа, Мұхит аға сізге достық көзбен қарамайды,-деп езу тартты. - Енді айтудың реті келген сияқты. Өткен жолы барғанымда, әкемнің жанынан бір жас қызды көрдім. Әкем оны «өгей шешең» деп таныстырды. Яғни, әкем де жеке өмірінде жалғыз емес.

Ұлының бүкпесіз баяндаған бұл жаңалығына Айбүбі селт етпеді. Таңданған да, ашуланған да жоқ.

- Ажырасқанына алпыс күн өтпей жатып, аруын жолықтырса, әкеңнің әлі де жастығының көк шалғынын кешіп жүргені де. Баянды болсын. - Ғашығының ешбір зілсіз, немқұрайды айта салған бұл сөзі Мұхитқа шаттық сыйлады. Нағыз достықтан шынайы махаббаттың мұнарасын тұрғызған қос ғашық бірін-бірі көзбен аялады. Жанарлар өзара сыр жолдады. Көздер сөйледі.

- Құбыжық ем, періштеге айналдым,

Мұхитжан-ау, сезіміңнен айналдым!

- Құбыжық та, пері де көрген емен,

Жүзіңнен Ай, көзіңнен Күнді көрем!

Көздер сөйлегенде, тілдің қажеті де болмайды. Тілсіз түсінісіп, үнсіз ұғынысқан ғашықтар осылай сөзсіз-ақ нық серттесті. Ертеңіне үшеуі артынып-тартынып, «Берлин, қайдасың?» деп ұшаққа мініп, ақ бұлттармен жарысып бара жатты.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар