Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ДРАМАТУРГИЯ
Айзат Рақыш. Өмір сүруге хақым бар...

11.11.2018 10092

Айзат Рақыш. Өмір сүруге хақым бар

Айзат Рақыш. Өмір сүруге хақым бар - adebiportal.kz

Біздің қоғамда рухани құндылықтардан материалдық байлықтың басым бағаланып жүргені өтірік емес. «Аузы қисық болса да, байдың баласы сөйлейтін» қазіргі қоғамда адамның сырт пішіні оның өзіндік орнын табуына ықпал ететін болды. Он екі мүшесінде кемістігі немесе сырқаты бар жанды көрсек, саусақ шошайтып күлетін тым төмен деңгейге түстік. Оның өзінше жан-дүниесі бар Адам екенін естен шығарып, сол кемшілігін бетіне басып, табалап та жатады. Бейне бір әлгі мүгедек жан «Басқалардан ерекшеленіп жүрейін. Маған қисық аяқ, қыли көз берші, Құдайым!» деп сұрап алғандай, жел сөзбен көңіліне тікен болып қадалып, оның сұрқын қашырамыз. Ал тәні кеміс адамды тең ұстап, қажет жерінде қолдау көрсету қазіргі қоғам мүшелеріне қиынға соғып тұр. Нақтылы істен ауытқып, тек жылтыр сөзбен жаралы жандарды жұбатқандай боламыз. Ал кемтар жандардың қоғамнан күтері мынау ғана: өзгелер оны кем тұтып, екі етегін түре жетпесе болғаны. Мына жазған туындым сондай бір тәні сырқат, жаны асқақ арманға толы жас қыздың шындық өмірін арқау етті.

Автордан

Кейіпкерлер:

Айым – жас ұстаз, шығармашылық адамы

Сәуле – оның әріптесі

Ләззат – мұғалім қыз

Нағима – дәрігер

Мекен – дәрігер

Жанат – үлкен жазушы

Жанарыс – емші

Директор – мектеп басшысы

Елес-жігіт – Айымның ғашығы

(Екі қыздың жалдап тұрып жатқан бөлме іші қағаз бен дәптерге толы. Кітаптар жұмыс үстелінде ғана емес, жерде де шашылып жатыр)

Айым: Сәуле, сенің балалық дәуреніңнің қалай дөңгелеп өткенін білмеймін. Ал мен кішкентай күнімнен мұғалім болуды армандайтынмын. Тіпті, бала кезімдегі сүйікті ойыным «мұғалім-оқушы» болатын. Онда да мен үнемі мұғалім болып «қатайып» тұратынмын, көршілердің балалары оқушы ретінде ғана көрінетін.

Сәуле: (дәптерлерін реттеп отырып) Е, бала арманың алдамаған екен ғой. Енді, міне, мұғалімсің.

Айым: Мұғалім болғаныма бір апта толмай жатып, көпірген көп қағаздың көлеңкесінде қалдым. О, қу қағаз, мені, шығармашылықпен айналысуды жаны сүйетін жас ұстазды, қашан жайыма қалдырасың?

Сәуле: Сен қағазды жайына қалдырмасаң, ол ешқашан сені тыныш қоймас. Бірақ сен осы саны көп, мәні жоқ қағазды адыра қалдырсаң, «топас мұғалім» атанасың!

Айым: Түу, сен бір жыл емес, жүз жыл ұстаздық еткендей несіне еліріп кеттің? «Еңбексіз тапқан мал дәулет болмас» деген. Еңбек ету керек, сонда «топас» деп сені ешкім түртпектемейтін болады!

Сәуле: Сен студенттік арманыңнан арыла алмаған сабаздың өзісің-ау, ә! Оқушылардың алдында биязы жымиып, ұлағат сөзін айтамын деп әсте ойлама. Оған сенің уақытың болмайды. Бір жылдың ішінде менің соған анық көзім жеткен. Мына болмай қалған қағаздарды толтырып қойсаң, «ұлағатты ұстаз» атанып, тасың өрге домалай бермек.

Айым: Ал, білім сапасы ше? Оны қайтіп айдалаға тастайсың?

Сәуле. Білім сапасын талақ еткен биліктің өзі. Ал, мұғалімнің қолынан келері – тек пәрменді орындау ғана.

Айым. Сенің сөздеріңді тыңдасам, ақырзаман келіп қалғандай көрінеді. Қара аспанды төндіре бермей, қағазыңды жаз.

Сәуле: «Ақырзаманның баласы аласа туады, әке-шешесімен жағаласа туады» деген сөзді естуің бар ма?

Айым. Тіл мен әдебиеттің маманы болып тұрып, қалайша мақал білмейін? Әрине, білемін.

Сәуле: Онда сол естігеніңді оқушылар ортасына барғанда көзіңмен көресің.

Айым. Олай деме, бала деген – болашақ, бала – біздің кемел келешегіміздің кепілі. Сондықтан оны Ы. Алтынсариннің «Жеміс ағаштары» әңгімесінде айтылғандай «түзу бұтақ» етіп тәрбиелеуіміз керек.

Сәуле: Қазіргі оқушыларда мұғалімнің екі аяғын бір етікке тығып, ағашқа айналдырып жіберетіндей құқығы бар. Ал, « мұғалімнің құқығы» - бәріне иіліп тұру.

Айым: Сәуле, мен саған Мұқағали ағамыздың бір өлеңін оқып берейін. Мүмкін мұғалімдік өмірге деген өкпе-налаң жойылар. (Үстел үстінен кітапты алып, көзіне жақын ұстап, оқи бастайды.)

Шыда, шыда, шыдай түс, шыда тағы,

Мына өмір шыдамдыны ұнатады..

Сәуле: Неге сонша жақын ұстайсың? Көзің көрмей ме, не?

Айым. (басын кітаптан жұлып алып) Көзім көреді. Тіпті басқалардың көрмегенін мен көремін. Тек көзімнің алыстан көру қабілеті нашар. Сен сияқты алыстан арбай алмасам да, жақыннан аңдай аламын!

Сәуле. (ақырын дауыспен) Көреміз ғой оның бәрін, қияли ұстаз.

Келесі көрініс. (Мұғалімдер бөлмесінде Сәуле бастаған үш ұстаз қызу әңгіме үстінде)

Сәуле: Биыл жас мұғалімдерді жұмысқа көптеп алды ғой. Келер жылы сағатқа таласып қалмасақ болды.

1-мұғалім: Ана Айым деген мұғалім қыз газет-журналға әңгіме жазатын шежіреші дейді. Өзі сенің жаныңда тұрады екен ғой. Рас па?

2-мұғалім. Шежіреші болса, мектепке бекер келді. Мұнда келгендердің шабыты тұсауланып, қиял құсы торға түсіп қалады.

Сәуле: Шамама қарамай, несиені тым көп алып қойыппын. Банктер де қызық Берер кезде «жаным» дейді. «Бермеймін» деп безермейді, «ала ғой» деп арбайды. Сосын төлетер шақта шырғалаңға түсіреді. Жалдамалы пәтерімді жалғыз өзім төлей алмаған соң, Айымды жаныма алғанмын. Өзін айға қарап алас ұрған албасты дерсің! «Еще» көзі көрмейді екен.

1-мұғалім: Қазір қу соқырлардан емес, көр соқырлардан қорқатын заман.

2-мұғалім: Байқұс-ай, қалған көзін одыраңдаған оқушылар құртпаса игі еді.

Сәуле: Оған неге жандарың аши қалды? Емешектерің езіле берсе, тездетіп «Жас мұғалімдерді қорғау ұйымын» құрып алмайсыңдар ма?

1-мұғалім: Жас мұғалім түгіл отыз жыл ұстаз болғандардың өзін қорғайтын адам ауадай қажет. Біздің сөзімізді биік мінбелерден сөйлеп, сойылымызды оңынан соғатын құдіретті жан болса, шіркін?!

(Қолында бір бума қағазы бар Айым кіреді.)

Айым: Қайыры күн, құрметті әріптестер! Шәкірттерінің шырайы білімде деп қана білетін, оқушысы ожарлықпен емес, сыпайылықпен көрінсе, сонда ғана ажары кіретін, «ел болашағы» деген ауыр аманатты арқалап алған айналайын әріптестерім, қызу әңгімелеріңіздің тақырыбы да ел жайлы болар?

Сәуле: Ел жайлы емес, сен жайлы толғап отырғанбыз. Сенің шығармашылыққа аса әуес екеніңді тіліме тиек еткен едім.

Айым: «Шығармашылық-ұстаздың өшпес қыры, оның жан әлемінің бір сыры. Шығармашылықпен айналыспайтын ұстаз тоқтау суға айналады», - деп қай ғұлама айтып еді, Сәуле?

Сәуле. Мен сол ғұламалардың аузын аңдып жүр ғой деймісің? Оның үстіне олар не демеді?

1-мұғалім: Жас кезде бәріміз де жазғанбыз. Қалам ұстағанды қасиет көретінбіз. Кейін бәрі қағазбастылықтың астында қалды. Сен де солай тоқтап қалмағайсың!

Сәуле: Менің ойымша, Айым ондай тоқырауға ұшырай қоймас. Себебі ол жай ғана ай нұрынан шабыт алып, түнде қаламын жүрдектетеді. Яғни, біздің Айекең – күндіз ұстаз, түнде жазушы!

Айым: Аспандатып жіберген жоқсың ба, әріптесім?

2-мұғалім: Ондай өнерің болса, «мұғалімдер беделден жұрдай болып, қашанғы жүре бермек?» деген тақырыпты қозғап, газетке мақала жазшы. Осы мектептегі 199 мұғалімнің 190-ы қол қоймаса да, тоғызы қол қойып берері сөзсіз.

Айым: Билікке қарсы келетін жолбарыс жүрек ұстаздармен істес болу мен үшін үлкен құрмет. Енді, сол жоқ-жітіктеріңізді санамалап айта отырыңыздар. Мен түртіп алып, мақала дайындап, газетке ұсынайын. Онсыз да редактор ағамыз «Мұғалімдер күні қарсаңында ұстаздардың толғақты мәселелері хақында сөз қозға,»- деп тапсырып еді. «Құланның қасуына мылтықтың басуы» деген осы да.

(Мұғалімдер Айымның екі жағына отырып алып, іштеріне жиылып қалған шерлерін тарқата бастайды. Сәуле сытылып шығып кетеді.)

Мұғалімдер. «Жеті жоққа» бірнеше нөлді жалғасаң да, біздің жоғымыз таусылмас.

1-жоқ: мұғалімнің қалтасында ақша жоқ.Билік қазір қулыққа көшкен. Мұғалімдердің жалақысын бұрынғыдай жаппай көтермей, курстан өткенін ғана жарылқаймын дейді.«Ала қойды бөле қырыққан жүнге жарымас» деген. Өйтіп мұғалімдерді алалай берсе, білім сапасының да ала-құла болмасына кім кепіл?

2-жоқ: Мұғалімде бедел жоқ. Кімнің алдында болса да, иіліп тұрғанымыз.

3-жоқ: Мұғалімде кепілдендірілген болашақ жоқ.Қартайғанда зейнетақымыз қарық қылмай, арық шыға ма деп қорқамыз.

4-жоқ: Мұғалімде бала оқытатын уақыт жоқ. Бар уақытымыз қағаз түгендеуге кетеді.

5-жоқ: Мұғалімдерде дене еңбегі жоқ.

6-жоқ: Мұғалімдерді тексеріп келетін комиссияларда шек жоқ. Бәрі тексергеніне ақы сұрап, онсыз да тесік қалтамызды қағып бітті.

(Мұғалімдер бөлмесіне бір қыз жүгірп кіреді)

Ләззат: Сіздер мына жақта мұғалімдердің жоғын жоқтап жатыр деп естіп, жүгіріп келдім. Менде «күйеу жоқ» деп жазыңыздаршы. Отыздан ассам да, күйеуім қайда жүргені белгісіз, әлі жоқ.

2-мұғалім: Біздің жоғымызды өкімет бар етем десе, жарылқай алады. Ал, сенің «күйеу жоқ» дегенің қай сасқаның? Менің қайныммен таныспай, танауыңды көкке шүйіріп едің ғой?

Ләззат: Сіздің қырықтың бесеуіне келіп, қырқылжың тартқан қайныңызды қайтейін? Сақалымен ойнайын ба, әлде жастық шағын есіне салайын ба? Маған өзім сияқты отыздан бір-екі ай ғана асқан,, желкілдеп тұрған жас, бірақ бас жігіт керек. Айым, ұстаздардың мұңын мұңдауға мықтап кіріскен екенсің. Менің айтқанымды жаз.(Айым қағазға шұқшиып жазады. )

Мұғалімдер. (бір ауыздан) Мақалаңды дайындап алып кел. Біз бәріміз қол қойып, мәселелерді растап береміз. Ал, қаламың ұшталсын!

(Бәрі тарқасады.)

Айым: (қаламын қолына алып) Серігім-қаламым, «жаз» дегенде, жаза алмасаң, саған сын. Тұнып тұрған мәселелерді тереңнен толғай алмасам, маған сын. Ендеше, не тұрыс? Мақалама «Мұғалімнің құқығын кім қорғайды?» деп ат қойсам, келісемісің, қаламым? Айдар тақтым, ал көркем ой мен маржан сөздің тоғысар сәті түн болмақ.

Келесі көрініс: (Екі қыздың бөлмесі. Түн. Айым шабыт үстінде. Сәуле ұялы телефонымен әлдекімдермен сөйлесуде.)

Айым: Аманатқа қиянат жасамай, мақаланы ертеңге әзір етейін.Менің шабытымды шақырып, өзімнің аттасым- түн падишасы Ай нұрын маған тікелей төгіп тұр.

Сәуле: Алло, тұра тұршы. (бұрылып) Айка, сен қуайын дедің бе? Аймен аттас қанша қыз бар. Ай солардың бәріне кезек-кезек барып, сәулесін төгіп жүрмеген шығар. Қалай деуші еді халқымыз? «Ай ортақ, күн ортақ» деуші ме еді, қалай, қуғынбай әріптесім?

Айым: Әдемі әріптесім, әрленіп, айна алдында көп отырып, халық даналығынан қашықтап барасың. Рухани дағдарыстың салмағы қаржы дағдарысымен салыстырғанда әлдеқайда басым болмақ.

Сәуле: (телефонға) Жаным, сәлден соң хабарласшы. Құрбыма көмегім керек болып тұрғаны. Айка, бетіңді боямай, шашыңды түземей, бойыңды сыламай,жұрт көзіне шықшы. Жігіттер сені көзіне ілер ме екен?«Жаны бай» деп жабысқан жігіт болса, айтайын, ол не ақымақ, не ауру.

Айым: Шіркін, сен айтқан сол «аурудың» бірі маған кез болса ғой!

Сәуле: Ауру мен албасты араласса, үшінші бір ауру дүниеге келер.

Айым: Сен кімнің көзіне түскің келіп, әп-әдемі қасыңды бір сызық еттің? Шашыңды түзеймін деп күзедің. «Бойымды сылаймын» деп, аяғыңды ауыртса да, биік өкше туфли кидің.Сөйтіп өзіңнің табиғи сұлулығыңнан ажырап қалдың.

Сәуле: Айка, сен ренжіме, саған бір-ақ нәрсе айтайын. Сен «отсталыйсың». Саған ХХІ ғасырда емес, 14-15 ғасырда өмір сүру керек. Ал, мен жігітіммен сырласайын. (құлағына наушник салады)

Айым: ХХІ ғасырда өмір сүріп жүргенің қандай жақсы! Әйтпесе сені Абылай хан көрсе, мына албастыдай түрің үшін, қылтиған келте көйлегің үшін ат құйрығына байлап өлтірер еді. Жігітің жаныңды түсінсе, сырлас, Сәулетай! «Сәулешім» деп сырлы сезіммен еміренсе, мұңдас!

Сәуле: Түһ, сенімен бірге тұрып жынданып кететін шығармын.Жігітім өткенде азаматтық неке туралы сөз қозғап еді, тамырын басып байқайын.Мүмкін Айка деген албастыдан құтылып қалармын. (телефонына сөйлеп кетеді)

Айым: «Азаматтық неке» деп ат таққандарың- арсыздың ісі. Шетелден еніп, ұлттық болмысымызды бүлдірген, шын салтымызды шытынатқан шарасы шексіз шалдуардың өзі. Жә, ел анасы болу маған қайда? Одан да құқығы аяқасты болған, содан жүйкелері әбден тозған, қалтасынан қымбатшылық озған мұғалімдер жайлы мақаламды бастайын! Иә, мұғалімнің құқығын кім қорғайды?

Келесі көрініс: (Мектеп директорының кабинеті. Мол денелі директор креслосына кептеліп отыр. Оның алдында басы салбырап Айым тұр)

Директор: (қолында газет) «Мұғалімнің құқығын кім қорғайды?» деген мақала жазып жүрген пысықай сен бе? Аудандық білім бөлімінің басшысы мені сендей санасызды жұмысқа алғаным үшін жерден алып, жерге салды! Мұғалімдердің мәселесімен айналысатындай сен соншама кімсің?

Айым: (өзімен-өзі күбірлеп) «Мен.. Мен кіммін?» деген сұрақты өзіме жиі қоямын. Мен-ашықауыз аңқаудың ең соңғы түрімін. Мұғалімдердің желіктіргеніне желпініп, мақала жаздым. Артық айтпай, кем соқпай, шындықты қаздым. Жеме-жемге келгенде, олардың біреуі де қол қоймады. «Мақалам жетімсіреп, қоқыс жәшігінде жатпасын» деп редакторға апарып едім, ол кісі жарқыратып жариялап жіберді. Енді бұл газет директордың бас ауруына, менің жан сауға сұрар дертіме айналды.

Директор: Сен соншама кімсің?«Ақша жинайды» деп жазыпсың. Сені жұмысқа аларда мен пара сұрадым ба?

Айым: Жоқ, сұрамадыңыз. Менің пара берер шамам да, ынтам да жоқ болатын.

Директор: Мен әрбір үш мұғалімнің екеуін парамен алсам, біреуін біліміне қарап бағалап, қызметке қабылдаймын.Сен сол біреудің бірі едің. Маған ақшаны көйлек әперу үшін жинамайсыңдар. Қызыл жалын болып жеткен комиссияның қаһарын қайтару үшін жинадыңдар. Параны жинаған- сендер, комиссияға ұсынған-мен.

Айым: Сонда бәріміз сыбайлас жемқор болғанымыз ба?

Директор: Әлбетте, солай. Сен тым жассың. Мына өмір жолы Астананың орталық көшелеріндей теп-тегіс, құпия кілтін тез ұстата салады деп ойлайсың ба? Қателесесің!

Айым: Мен өмірге Адам болып келіп, Адам болып кеткім келеді.

Директор: Адам деген сөздің анықтамасы қазір мүлде өзгерген. Адам-қысқарған сөз. А-алдап-арбайтын. Д-дегбіріңді қашыратын. А-амалсыз көндіретін. М-мейлінше құбылмалы жан.

Айым: Мен бұл айтылғандарға келіспеймін. Мүлде олай емес. А-ары таза, Д-дана, а-алдап-арбамайтын, м-мейірімді жан.

Директор: Сен амалсыз көнесің. Шыдайсың алдау-арбауға. Қаларсың қырық шырмауда! Бүгіннен бастап не жазсаң да, не турасында қаламыңды сүйкектетсең де, менен,мына менен рұқсат сұрайсың!

Айым: Сөз бостандығы...

Директор: Балақай,былдырламай көз алдымнан құры!

(Айым сахнаның бір шетіне кетеді. Сол жерте монолог айтады.)

Айым: Ей, Шындық, ащы деп естуші едім ылғи сені! Бүгін соның парқын білдім енді. Сен тым-тым удайсың! Айтшы, сен неге сондайсың? Тәтті өтірікті өрге бастырып, өзің төмен құлдилайсың!Бағаңды бәрі білсін дейсің бе? Өтіріктің жалынына әбден күйсің дейсің бе? Әлде өзіңді ащы еткен өтірікті сүйсін дейсің бе? Шырқыраған жас жаным өтірікті қалай сүйсін? Сүйе алмаймын өтірікті! Жылтыр сөйлеп, арзан күліп, өтірікті пір тұтып өткім келмейді өмірден! Жылмаңдаған жылпостықпен көшкім келмейді маған сенген көңілден! Бағалап сол көңілді, құнын біліп өмірдің, мен сенімен бірге болдым, Шындығым!Қанша жарық күндер нәсіп етсе Құдайым, мен сенімен бауырлас, егізбін ұдайы!Шырқырай берме, Нәресте-шындық,түгенделер күн туар сенің ұпайың!

(Айым жарыққа қолын созады. Сәлден соң қалта телефоны шырылдайды.)

Айым: О, Шындық, мендей бауырыңа қуанып хабар беріп тұрмысың? Әлде өтіріктен жәбір көріп, көмек сұрап, безек қағып жүрмісің? Алло!

Жанат: Айым қарындасым, аман ба? Бұл Жанат ағаң ғой.

Айым: Жәке, есенсіз бе? Шындық үшін ширыққан шағымда телефон шалып, Ардың үніндей болып естіліп тұр даусыңыз.

Жанат: Иә, қарындасым, даусыңнан-ақ байқап тұрмын мән-жайды. «Шындықгүлдің шырылы» атты әңгімеңдегі кейіпкердің өзің екенін мына ағаң о баста болжаған. Жаңылмаппын. Шындықгүлім сен екенсің!

Айым: Шегірткедей құр шырылдап, берекесіздік байқатсам, несіне Шындықгүл атанамын?

Жанат: Мына кәрі тарлан өмір маған сабырлы болуды үйреткен. Саған да сол сабырлылықты серік етіп ал дегім келеді. Сабыр болса серігің, Шындық алар еншісін. Солай, Шындықгүлім! Сенің «Шындықгүлдің шырылы» деген сатиралық әңгімең жарыққа шықты.

Айым. Ағажан, манадан бері шүйінші сұрамай неге тұрсыз?

Жанат: «Шүйінші» десем, «қалауыңызды алыңыз» дейтін дархан көңіл қарындасым. Менің ағалық қалауым-өтірік салқынын тигізсе, сабырың мен шыдамыңды қашырып алма!

Айым: Қалауыңыз болсын, қадірлі аға!Өтірік қанша өңмеңдесе де өмірде, шындыққа шаң жуытпай, сабырмен қорғап бағамын!

Келесі көрініс: (Директордың кабинеті. Сәуле мен директор отыр.)

Сәуле: Басеке, Президент күні мерекесінің алдында Сізді арнайы құттықтауды өзімнің адамдық парызым деп білдім. Сіздің арқаңызда банктердің сенімді клиенті атандым. «Жұмыс істейді» деген тілдей анықтаманы апарсам, қай банк болса да бетімнен қақпайтын болды. Бәрі Сіздің арқаңыз!

Директор: Рахмет. Бағаңды біліп, алдыңда қосшың иілгенге не жетсін!

Сәуле:(сөмкесінен алтын алқа алып шығады.)Сіз- осы ұжымның Президентісіз.Сізді алтынмен аптап, күміспен күптесем де, көңілім көншімейді.

Директор: Айтпақшы, бұл алтынды да несиеге алдың ба? Олай болса, көп рахмет.

Сәуле: Жоқ, басеке. Біздегі Бағила бар емес пе?

Директор: Ол «AVON», «Mary kay» сатпаушы ма еді?

Сәуле: Косметика сатып, табысқа кенелмеген соң, алытн сатып байиын деген шығар.Бағиладан «үш бөліп берем» деп алтын алқа алдым. Алтын да болса, гауһардай көріп қабыл алыңыз! (Директордың мойнына алқаны тағады.)

Директор. Е, үш бөліп бермек түгіл төрт бөліп берсең де, менің нем кетті?

Сәуле. Бірдеңе дедіңіз бе, басеке?

Директор: «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деймін.

Сәуле: Түгел демекші, өткен жолы тікендей қадалар тексеру күтіп, пара жинағанымызда, Айым ар-мар деп сандырақтап, бермей қасарысып отырып алды. Қалғаны түгел жинап берді.

Директор: Сол Айым тіпті шектен шығып барады. Қүрықтап ұстаймын деп едім, шу асаудың өзі екен, ырқыма көнер емес.Аузын ашса, «заң бойынша» деп заһарын төгеді. Қит етсе,«құқық» деп қыт-қыттайды. Ақыры айлам таусылды.

Сәуле: Сіздей талайды көрген тарланды таусылтатындай Айым кім екен сонша? Көзі де көрмейді, құлағы да дұрыс естімейді. Бар білгені-қағазға шимай-шатпырақ салу. Онысынан не пайда? Алып жатқан қаламақысы да шамалы.

Директор: Бірге тұрып, сыралғы болып алғансың-ау, шамасы. «Үйренген жау атыспаққа жақсы.» Маған Айымның барлық журналдарын тексеріп, анықтамасын жазып алып кел. Анықтамаға мен қол қоя салармын. Менің атымнан жаза бер. Сөйтп бір кілтипанын тауып, «кет» дейін. Немесе ұрымтал тұсын тауып, уысымда ұстайтын болам.

(Сәуле кетеді. Кабинетке Айым кіреді.)

Айым: Сәлеметсіз бе, Күлпаш Қарбызқызы?

Директор: Қарбызқызы емес, Карбузовна. «Құжат бойынша айт» десем, қате қақсайсың. Әрине, сен сияқты сауатсызға менің аты-жөнімді дұрыс айту бақыты қайдан бұйырсын?!

Айым: Шөптің басы қимылдағанын көріп тұрмын, бірақ желдің қайдан соққанын білмей тұрмын. Сабақ үстінен барлық журналдарымды жинатып әкетіп, алай-түлей анықтама жаздырыпсыз.

Директор: Мен-осы мекеменің бірінші басшысымын.Қашан, қайда отырып тексерсем де, құқығым бар. «Оказывается», сенің көзің көрмейді екен ғой. Денсаулық жағдайыңның еңбекке жарамсыз екенін менен неге жасырдың?

Айым: Біріншіден.:мен ештеңе жасырған жоқпын. Медкомиссиядан толық өттім. Санитарлық кітапшамда «еңбекке жарамды» деп жазылып тұр. Екіншіден: көзім көреді.

Директор. Көзің көрмегендіктен журналдарды кір толтырасың. Жазуың шайтан жүгіріп өткендей өте түсініксіз.Сенің өзің осындай лас жазсаң, оқушыдан «таза жаз» деп қалай талап етесің? Көзің көрмей, дұрыс үйретпей қойып, халықтың баласының надандық торына шырмалғанына жол бермеймін!

Айым: Жоқ, мен көремін. Міне, сіздің мойныңыздағы алтын алқаны көріп тұрмын.Оның сыйластықтан емес, бағыныштылықтан берілгенін көріп тұрмын.Сіздің бетіңізге күліп тұратын сол көптің сыртыңыздан саусақ шошайтқанын да көірп жүрмін. Ал, сіз ондай оспадардықты көре алмайсыз. Сіздің де адал досыңыздың жоғын көріп тұрмын. Сіз көрмейсіз.Сол қаумалаған көп тобырды «досым» деп танып, қателесесіз.Мен бізді тексеруге келген талай тегеурінді комиссиялардың түгі сыртына шыққан жүздері «теңге» деген бір сөзді естігенде, жадырап сала беретінін көріп жүрмін. «Білгім келеді» дейтін саналы оқушыны көріп келем. «Оқығым келмейді. Кейін дипломды сатып ала саламын,»-дейтін санасы парақорлықпен уланған шәкіртті де көріп жүрмін.Көрудің бұл басы ғана екенін мен білемін. Пенделік ғұмырым аяқталып, жанарым жұмылғанша көре берем, көре берем!

Директор: Сәл сабыр ет, Айым!

Айым: Сіздің дидарыңыздан жазғы кештің самалындай жақсылықтың әлсіз лебін көрем. Жағымпаз қорқаулар қолтығыңызға су бүркіп, көзіңізді көр етіпті. Адалды арамнан, досты дұшпаннан ажыратудан қалыпсыз.

Директор. Сенің дос емес екеніңді анық білем.

Айым: Мүлде олай емес. Шын ғашық қанша сүйіп тұрса да, «сүйем» деп айтпайды. Менің достығым да сондай.

Директор: Достығының түрін!

Айым: Мен көірп тұрмын, сіздің сол иығыңызда шайтан отыр. Тыныш отырмай, сізге менің айтқандарымды теріс тәржімалап отыр.

Директор: Сол иығымда? Шайтан ба? Саған көрініп тұр ма?

Айым: Сіздің көру қабілетіңіздің нашарлағаны сондай, өз иығыңызға кімнің ұя салғанын көруден ада болыпсыз. Әне, шайтан шектен шығып, оң иығыңыздағы періштеңізді шапалақпен ұрып құлатты. Енді сізге тіптен қиын болатын болды.

Директор: Жайлы креслода кербезденіп отырған мен неден қиналады екенмін? Сәуле сені «есі ауысқан албасты» деп еді, дұрыс айтыпты. Манадан бері сандырақтап мазамды алдың. Мен сені жұмыстан шығармаймын. Мені мақтап газетке жаз.

Айым: Сонда сіз мені келісімге келуге шаақырып отырсыз ба? Сізді аспандатып, газетке жазуым керек екен ғой? Жетпегені сарай ақыны болу еді!

Ал, Сәуленің жөні белгілі болды! Телехикаялардағы жағымсыз кейіпкерлерді қос қолымен қолдап, жаны кіріп отырғанда,таң қалушы едім. Себебі белгілі болды. Сәуле! Сен сәуле емес,әуресің!

(Сахнаның келесі шетінен Сәуле көрінеді.)

Сәуле: Сен менің басыма әуре болумен келесің.Сенің шабытсымағың келсе, менің ұйқым қашады.

Айым: Ай мен Сәуле-өзара егіз ұғымдар. Бірақ неге сенің менімен жұлдызың қарсы?

Сәуле: Тағы да қуа бастадың ба? Сені де қалада жүрген, оқыған қыз дейді-ау!Алматыда арман қуып қашанғы жүрер екенсің? Мына түріңмен бір күні анау облыс картасына да түспей адыра қалған алақандай аулыңа қайтатын шығарсың?

Айым: Мен кетсем, керегең кеңінен керілер ме еді?

Сәуле: Сені біздің ұжым мақтауға дайын тұрады. Бастықтардың алдында қаншалықты жексұрын болсаң, қарапайым мұғалімдер үшін беделің соншалықты артады. Менің жанымның төзбейтіні де осы!

Айым: Кеудеңе қызғаныштың күншіл иті қыңсылап келіп, қоныс тепкен екен ғой! Бұл көре алмаушылығың өзіңді құртпаса игі еді!

Сәуле: Маған жаның ашымай, алдымен маңдайыңдағы қос жараңды жөнге келтір! Әрине, егер жөнге келуге көнсе! Ха-ха-ха!

Айым: Мен саған жан түкпірімдегі сырларымды ақтарып келдім. Құрбы тұттым. Ал, сен сол сырларымды өзіме қарсы бағыттап, жанымды жұлқылап, дал-дұл еттің! Неге,Сәуле? Неге біз болар елдің баласы боып, бір-бірімізді батыр демейміз?

Сәуле: Батыр Айка, қару-жарағыңды, «то есть» қаламыңды таста да, дәрігерге бар. Емдел, батыр! Мен болсам, басекемнің бабын табамын. Кейін реті келсе, креслосына жайғасамын. Ал, сенің не боларың белгілі ғой!

Айым: Қазіргі медицина бәрін жеңеді! Бірақ сенің жүрегіңдегі қара дақты жұлып алып тастауға қауқарсыз. Өкініштісі де сол! Мен жанарымды жазып берер, жан дауасын тауып берер дәрігер іздеймін! Дәрігер! Тасқа айналсын демесең жанарым, жаса тездеп дәрігерлік амалын!

Келесі көрініс: (Көз дәрігерінің кабинеті. Тексеруден кейінгі сәт.)

Айым: Иә, дәрігер ханым! Қос щырағымды лаулатар күш қолыңызда болар?

Нағима: Ауру әбден дендеп алған екен. Менің қолымнан келер қайран жоқ.

Айым: Бар айтарыңыз осы ма? Қазіргі медицина нендей ғажаптарды жасап жатыр! Таз болып қалса, шаш өсіріп береді. «Жынысын ауыстырам» деп желіксе, ұялмай онысын да ауыстырып береді. Алайда менің көзіме келгенде, бұл медицина неге әлсіздік танытады?

Нағима: Сізге тіпті бала көтеруге болмайды. Сәбиіңіздің соқыр болып туу қаупі бар.

Айым: Сонда не істеуге болады? Өмір сүруге де болмайтын болар?

Нағима: Бір жолы бар: жұмысты, өзіңіз айтқан жазуды тастап, мүгедектіктің екінші тобына шығып, жәрдемақы алуға әбден болады. Оған мен де көмектесе аламын. Мүгедектік тобына байланысты анықтаманы тегін беремін.

Айым: Мүгедектік? Тегін анықтама?

Нағима: Иә, тегін. Әдетте мен бұл анықтаманы әжептәуір бағаға сататынмын. Сіздің мүшкіл халіңізді көріп, тегін бергім келіп тұр.

Айым: Сөйтіп маған өлім жазасын жазып берейін деп тұрсыз ғой! Гиппократқа ант беріп пе едіңіз?

Нағима:Ант та бергенмін, су да ішкенмін.

Айым:(жыламсырап) Сол Гиппократ айтпап па еді, «біз-үшеуміз» деп!

Нағима: Жоқ, бұл жерде біз екеуміз ғана ғой.

Айым: Біз үшеуміз: сіз-дәрігер, мен-науқас, ол-сырқат. Гиппократ науқасына айтыпты: «Егер сіз аурудың жағына шығып кетсеңіз, мен дәрігер ретінде жеңілемін. Егер сіз менің, дәрігердің жағына шықсаңыз, онда екеулеп сырқатты жеңеміз.»Ал, сіз, дәрігер, неге мені, науқасты сол сырқаттың аяғына жығып бере салдыңыз? Неге?

Нағима:Мен саған дәрігерлік ақыл-кеңесімді беріп отырмын. Бірақ сенің оған құлақ асар түрің жоқ.

Айым: Жазуды таста дегенің-жалғанның жарығын сөндір дегенің. Жұмысты таста дегенің-күрестен қол үз дегенің. Сол мектепте жүріп, мен өсіп едім. Күресудің не екенін де сол мектеп үйреткен.

Нағима: Күреспек түгіл саған қатты қимылдауға болмайды. Екі килограмнан артық салмақ көтеруге болмайды. Қатты ашулануға болмайды, көз тамырларыңның жарылып келуі мүмкін.

Айым: Болмайды! Болмайды! Не деген ғаламат тыйым сөздер! «Саған бәрі болады» дейтін мейірімді дәрігер табамын. Шипагерімді тауып, кеудемде әлсіз үлбіреп қалған үміт отын жандырамын!Қайдасың, құтқарушы-шипагерім?!Мына ауру еңсемді езіп барады! Аурумен арпалысқан жас жаным шарқ ұрып, дүниені кезіп барады! Қой, бөлмеме қайтайын. Мұқағали ақынның жанға жылу берер өлеңдерін қайталап оқып, құлауға шақ қалған рухымның уықтарын жинайын!

Келесі көрініс: (Айымның бөлмесі. Сәуле заттарын қарбалас жинап жүр.)

Айым: Көш байсалды болсын, Сәке! Ғайыптан тайып қол жетімді баспана бағдарламасымен үй алдың ба?

Сәуле: Сенің тілің тікенек болып қадалғаннан қашан тыйылар екен? Түрің қашып кеткеніне қарағанда, дәрігер «ауруыңнан айықтырам, тәніңді сауықтырам» дей қоймаған-ау, шамасы?

Айым: Түсіндім. Қол жетімді баспанаға қолың жете қоймапты. Онда «Дипломмен күйеуге» бағдарламасын іске қостың ба?

Сәуле: Әлбетте, солай. Жігітіммен азаматтық некеде тұратын болып шештім. Ол бірге тұру туралы ұсыныс жасады, мен көп бәлсінбей келісе кеттім. Пәтерін өзі төлейді. Пәтерақы деп басымды ауыртпаймын, әрі сендей диуанадан да құтыламын!

Айым: Азаматтық неке ұсынған жігіт жігіт емес, қойдың баттасқан балақ жүні ғана. Нағыз азамат болса, заңды некеге шақырар еді.

Сәуле: Сен менің жігітім барын, онымен бірге тұратынымды қызғанып тұрсың. Шоқ-шоқ, сені Макстың неге тастап кеткенін мен білемін. Сен «тормоз» болған соң, іргесін аулақ салды.

Айым:Сенің қазіргі күйіңді қызғанып қайтейін. Саған жай ғана жаным ашып тұр. Сен көрсоқыр болып қалыпсың. Ал, Макс сияқты мәңгүрттер көп. Сенің жігітің де-сол көп мәңгүрттің бірі. Сол мәңгүртпен бір жастыққа бас қоятын сендей көрсоқырдың күйін кешуден сақтасын Құдай!

Сәуле: Жә, кімнің соқыр екенін уақыт көрсетер. Тәжікелесіп қайтейін.

(Есік қағылады.)

Айым: Сенің жігіт емесің келіп тұрған сияқты. Тым болмаса сені өзі алып кетер.

Сәуле: Ол қызметінде. Мен өзім аяңдай беремін.

Айым: О, жігіт емесің жарады. Онда есік қаққан кім болды екен? (Ішке Ләззат кіреді.)

Ләззат: (даурығып) Қыздар, қалайсыңдар? Мен осы пәтер қожайынын түсінбей-ақ қойдым. «Жарықтың құны қымбаттады» деп, таңғы 6-дан кешкі сегізге дейін пәтердегі жарықты өшіріп тастайды. Өзі бір жұмыртқадан жүн қырыққан сараң. Сендердің қожайындарың қандай? Сәуле, сен басқа пәтерге көшейін деп жатырмысың?

Сәуле: Ләззат, сенің сан сұрағыңның қайсысына жауап берейін? Мен жігітіме кетіп барам.

Ләззат: Сені алайын деп жатыр ма? Әлде әуреге салайын деп жатыр ма ол жігіт? Күйеу бала болам десе шынымен, жүзін көрсетсін.

Сәуле: Соңғы бір айда бізбен көрші болғалы бері, сен де Айым сияқты сөйлейтін болыпсың ғой. Сынықтан өзгенің бәрі жұғады деген сол.

Айым: Бұл сұлуда анау-мынау емес, азаматтық неке болайын деп тұр. Қазіргінің азаматтары азаматтық неке ұсынғанды тәуір көреді емес пе?

Сәуле: Е, жазғышым-ай, ішің қызғаныштан өртеніп бара ма? Тұз жала, әйтпесе газды сусын іш!

Ләззат: Жігітіңе айт: «Сүйсең, үйлен, сүймесең жирен» де. Азаматтық неке деген ойыншық қой,

Сәуле: Екеуің бірігіп, менің тағдырымды билеп-төстегілерің келе ме? Мен кеттім.

Айым. Иә, қыз мұраты-кету. Бірақ мәселе қалай кетуде болып тұр.

Сәуле: Сен албасты жиналыста отырғандай сөйледің ғой. Мен көшеге шығып, такси ұстап келейін. Заттарым тұра тұрсын. Заттарым, сәл шыдаңдар. Аздан соң Айым дейтін албастының жүзін де көрмейтін боласыңдар! (Сәуле шығып кетеді.)

Ләззат. Басекемнің сүйіктісін түлен түрткен екен. Кім біледі, мүмкін бағы жанайын деп тұрған шығар. Менің бір жақын сіңлім азаматтық некеде екі жыл тұрып, ақыры сол жігітке тұрмысқа шықты. Қазір балалы-шағалы. Тіпті кісі қызығатындай бақытты.

Айым: Бақыт та, қайғы да көшпелі бұлт тәрізді. Көшер де кетер, іштегі жалын түбіме жетер.

Ләззат: Айеке, не деп сандырақтап кеттің? Сенің әңгімелеріңнен пессимистік сарын аңғармаушы едім. Бұл айтқаның болашақ трагедияның бастауы ма, қалай өзі?

Айым: Жоқ, бұл айтқандарым өмірдің мені қан жылатқан парақтарының улы сөзі, теперіш көрсетер, тәлкек қылар тағдырымның өзі.

Ләззат: Түу, сай-сүйегім сырқырып кетті ғой. Не деген зарлы сөздер! Бірақ саған не болды?

Айым: Одан да не болмады десеңші?

Ләззат: Не болмады? Білімің телегей-теңіз. Көркің де көз тояттарлықтай. Талантың да санаған адамға түгесіле бермес. Мектептегі басшылар қысымынан, алып-қашпа сөздерден шаршадың ба? Мықты қыз деп жүрсем сені.

(Сәуле кіреді.)

Сәуле: Бір жас, бір кәрі екі мұғалім қыз бір-бірімен мұңдасып отыр. Ха-ха-ха! Ал, мен жігітіме барайын, соның жанында бақыт жұлдызын санайын!

Айым: Артыңа қарама! Тастай батып, судай сің! Сол жігітіңе шындап қолың жетпесе, Сәуле атыңа сын!

Ләззат. Жыланның басына ақ құйып шығарып салмаушы ма еді? Үйде сүт бар ма? Мына кобраны шығарып жіберейін. (Сәуле заттарын алып, шығып кетеді.)

Айым. Қазақта «ақты төкпе» деген тыйым сөз бар.

Ләззат: Осы саған таңым бар.Сәуле сені сыртыңнан да, көзіңше де келемеждейді, өсекке таңады, бастықпен араларыңа от жағады. Соның бәріне неге шыдайсың?

Айым: Арға қарсы арсыз жеңеді.

Ләззат: Шіркін, сенің жай сөйлегеніңнің өзі бір романның үзіндісіндей әсер етеді маған.

Айым.(мұңайып) Сәуле кетті.

Ләззат: Сен Сәуледей зымыстанның кеткеніне қапаланып отырсың ба? Әлде мен алжасайын дедім бе? Отыздың біреуіне әлі толмаған едім, неғып ерте естен танайын дедім? Экологиядан ба?

Айым: Бір құдай атқан күні менің қос шырағым да дәл осылай байқатпай кетіп қалса? Қараңғы түнекте тұншығып қала берем бе? Шынымен сондай тозаққа көнем бе?

Ләззат: Мә, су іш. Сәуленің қарасын батырғанына қуан.

Айым. Су емес, у берші. «Уды у қайтарады» деген. Іштегі уымды сол у қайтарсын.

Ләззат: Сен қаптаған түрік телехикаяларындағы басты рөлдегі қыздардың сөзін жаттап алғанбысың? Оларды жігіті тастап кеткенде дәл осылай кемсеңдейтін. Сен несіне жыламсырап отырсың?

Айым: Адал досым жоқ ағынан жарылып сыр ақтарар.Қамқор әпкем де жоқ мейірлі көзбен бір қарар. Інім де жоқ тынысым боп табылар.Сүйіктім де жоқ әрдайым жанымнан табылар. «Крышам» да жоқ небір дауылдан қорғап қалар!

Ләззат. «Жеті жоқтың» жаңашыл түрін санап отырсың ба? Саған «крыша» не керек? Өткен жолы келген комиссияның мүшесі сенің сабағыңа кіріп, таңдайын қағып шықты емес пе?

Айым: Ол кісідей барды бар деп бағалайтындар, жақсылықты жағалайтындар аз ғой.

Ләззат: Сол аз арлының арқасында мына екеуміз сияқты «білімді сүмелектер» жан бағып жүр.

Айым: Жан баға алмай жүр бүгінде білімділер!

Ләззат: Тоқтай тұршы, мен саған өзім шығарған бір шумақ өлеңімді жатқа айтып берейін. Жүректен шыққан соң ба, жүрегімде жатталып қалыпты.

Айым: Құлағым да, көзім де сенде.

Ләззат:(қолын сермеп)

Жазғы түскен сағымдай,

Менің бала шағымдай,

Бетіме жымиып қарайсың,

Көзімнің ағы мен қарасындай!

Айым. Махаббат лирикасы ма? Не деген төгілген жыр жолдары! Неткен сырлы сезім!

Ләззат: Шынымен ұнаттың ба? Онда жалғасын жазайын.

Айым: Ұнатпадым. Поэзия дейтін киелі әлем екуемізге есігін ашпасы ақиқат.Бекерге тырмысып, арам тер болмайық.

Ләззат: Жүректен шыққан сөз жүрекке жетеді деуші еді ғой. Менің жазғаным- шындық.

Айым: Шындықты қаз-қалпында суреттесе, несі поэзия?Ұйқас, көркем сөз, астарлы мағына мүлде жоқ. Сенің бала шағыңды есіңе түсіріп, бетіңе жымиған кім болды екен? Мен соны ойлап отырмын.

Ләззат: Ол жымиғанда, шынайы күлімсіреді деп сезімім бүр жара бастаған болатын. Кейін оның үйлі-баранды жігіт екенін естіп, аяғымды тарттым. Бірақ өзі пәк сезім иесіндей сұлу жымиятын.

Айым. Қайтесің? Нағыз махаббатың алда.

Ләззат: Алда деген қашан ол? Қырыққа келіп, әрім тайғанда ма? Әлде елуге келіп, егделенгенде ме?

Айым: Мен көріпкел не бақсы емеспін ғой. Қайдан білейін.

Ләзхзат: Бақсы демекші, Алматыда бір керемет емші бар екен. Осы жақында жергілікті телеарнадан көрсетті. Өзі жол ашады екен. Жазбайтын ауруы жоқ деседі.

Айым: Халық емшісі ме?

Ләззат: Әрине, халықтікі. Менің жеке дәрігерім емес қой. Телефон нөмірлерін жазып алғанмын. Барып жолымды аштырмасам.

Айым: Жолың ашылып, Жібек жолына түсіп, Еуропаға кетіп қап жүрме!

Ләззат: Сен де көзіңді көрсет. Мүмкін шипасы тиіп қалар.

Айым: Оқыған-тоқыған дәрігер жаза алмаған көзімді бір емші түшкіріп жаза салады деп ойламаймын.

Ләззат: Сан ойлама. Сен емшіге сенсең, тілегің орындалады. Қазір мен телефон шаламын емшіге, жолымды ашып берсін де.(Телефоннан нөмір тереді. Ар жақтан жауап береді.)

Жанарыс: Алло!

Ләззат: Қайырлы күн, емші мырза! Сізді теледидардан көріп, хабарласып тұрмын. Жол аштырғым келеді.

Жанраыс: Жасың нешеде?

Ләззат: Отыздан екі ай астым.

Жанарыс: Жолыңды да, бағыңды да ашамын. Тек жалғыз келме.

Ләззат: Жалғыз барсам,жау жей ме?

Жанарыс: Жаныңа тағы да жолы болмай жүргендерді топтастыр. Менің емім ақылы. Бір сеансым 12 мың теңге.

Ләззат: Он екі мың теңге?

Айым: Профессордың ставкасына жетейін деп қалыпты ғой.

Жанарыс: Ар жақтағы аузы жылдам кім? Сумаңдай бермесін, аузын буып тастаймын ыза болсам.

Айым: Аузын буған өгіздің халін кешкім келмейді!

Ләззат: Ол өзі қалжыңбас қыз. Ол да сырқат.

Айым: Сырқат емес, айықпас ауру, мүмкіндігі шектеулі мүгедек десең дұрыс болады, әрі әдемі естіледі.

Ләззат: Онда мекен-жайыңызды айтыңыз. Біз екеу боп барамыз.

Айым. Үмітсіз шайтн ғана. Барсақ барайық.

Жанарыс: Қалталарыңда он екі мың теңге болмаса, менің емімді ала алмайсыңдар.

Ләззат: Айтылған күні, уәделі сәтте ақшамен барамыз.

(Телефон әңгімесі үзіледі.)

Айым: Нағашың келіп, қалтаңа ақша, басыңа үй салып бергендей, кімге сеніп барам дедің? Менде дәрігер қабылдауынан кейін артық ақша қалмады. Пәтерақысы ғана қалтамның түбінде қарайып жатыр.

Ләззат. Менде де артық ақша доқ. Бірақ пәтерақыны жұмсасақ та, емшіге барайық.Бар көңілімізбен сеніп барайық.

Айым. Нар тәуекел!

Ләззат: Онда мен бүгін осында қонсам бола ма? Таңертең бірге емшіге жол тартып кетейік. Ертең екеумізде де сабақ жоқ. А, Құдай, денсаулық пен отбасылық бақыт нәсіп ете гөр!

Айым: Өзің кішігірім молда екенсің ғой.

Ләззат: Сен де тілек тіле. Шын ниетіңмен тілесің, Құдай тілегіңді қабыл етеді дейд.

Айым: Шын ниетіммен-ақ бас ұрып жүрмін ғой. Әзірге тілегінмід берген жоқ.

Ләззат: Бірден бере салмайды ғой.

Айым: Онда бүгін осында қон.

Ләззат: Рахмет. Таңның атқанынан кештің батуы жылдам. Тездетіп ұйқыға шомайық.Тәтті қиял аулына қонайық.

(Екеуі ұйқыға жиналады.)

Айым:Ұйқы-дұшпан болсын бізге жәрдемші! Тәтті елестер, жақындап бір келсеңші!

(Айымның түсі басталады. Әдемі түнгі табиғат көрінісінде Айым жігітімен мәз-мейрам.)

Елес-жігіт: Тағдырымның тартуы Айым сұлу, бар ойым-сені бақытты қылу!

Айым: Бақыттымын, бақыттымын! «Шын махаббат жоқ мынау өмірде» деп аһ ұрған кештерім махаббатым маздаған мейрам күндерге айналды!

Елес-жігіт: Сенің сұлу жанарың бақыттан жайнаса, мендегі жүрек қорғасындай балқиды! Ер көңілім тек шаттықтан шалқиды!

Айым: Жанарыс деген жайсаң жан жанарыма нұр құйды. Енді алысты қырағы көзіммен қырандай барлай аламын, кең дүниені қос шырағыммен жіті шарлай аламын!

Елес-жігіт: Менің жүрегімдегі мәңгілік махаббатты аңдай аламысың, Айымым?

Айым: Анық аңдап тұрмын, жүрегіңде менің есімім жазылған екен. Шынайы махаббатың маған арналып, шарасынан төгілердей толықсып тұр!

Елес-жігіт: Жайнаған жанарыңнан айналдым! «Мен» деп ескен сезіміңнің самалынан айналдым!

Айым: Сырбазым, түнгі аспанның түндігі түрілейін деген бе? Жұлдыздардың жамырағаны «қоштасыңдар» дегені ме? Секем алып, сескеніп, суық тартып бара жатыр денем де!

Елес-жігіт: Ботакөзім, қарашы ана қырға, қара киінген бір топ адамдар келе жатыр топтанып, айтуға әлденені оқталып! Сықпыттары тым сүйкімсіз, келбеттері көріксіз!

Айым: Дұшпандарым ол менің, ту сыртымнан пышақ ұрғанды ұнататын, күліп тұрып бетіме, сиқырланып сыртымнан, жәдігөйлікпен жылататын!

Елес-жігіт: Жақсы болсаң сен өзің, жауың неге көп болсын?!

Айым: Жақсылардың артынан сөз ермей ме? Сол жаман жақсыға күншілдік етпей ме?

Елес-жігіт: Тыңдайын сен айтқан сол жамандарды! Мәлім болар сосын не амалдарым!

Айым: Дұшпан сөзін тыңдама! Қарашы менің көзіме, бар шындық оның өзінде! (Қара киімділер таяп келеді.)

Сәуле: Ей, албасты Айым, мына жігітке көзіңнің көрмейтінін айттың ба?

Нағима: Сен-екінші топтағы мүгедексің! Соны растайтын анықтама алып келдім. Мінекей!

Айым: Жоқ!

Директор: Сен-соқырсың, өмір сүруді білмейтін бетпақсың! Мен түсінбейтін шимай-шатпақсың!

Айым: Жоқ, жаным, біріне де сенбе, айдауына көнбе!

Елес-жігіт: Анықтама алып келіп, растап тұрса ауруыңды, мүмкін емес саған сеніп, қасыңда қалуым!

Сәуле: Қайтесің ол жазғышты?!

Нағима: Айым-мүмкіндігі шектеулі мүгедек жан.

Директор: Айым-соқыр!Онымен тағдырын байлаған сенің өмірің болар бір күн опыр-топыр!

Сәуле: Бұл диуанамен бірге болам дегенің- шырмауық мәселеге малтықтым дегенің.

Айым: Сәуле, ғашығым маған мені мәңгі сүюге серт берген. Мені өз өміріндей көреді.

Сәуле: Менің жігітім де маған солай деген, «бақытымыздың байлауы-азаматтық неке» деген. Ақыры өзі бір күнде сөзін жұтып маған берген, аулына барып үйленіп қайтқан!

Елес-жігіт: Ер жігіттің екі сөйлегені-жай ғана айтқанынан айнып қалғаны!

Айым: Сен маған «сүйем» деп серт еткенде, тылсым түн кірпік ілмей күтіп тұрған. Жүйрік жел ішін тартып, қарап тұрған. Талмау көктен жұлдыздар тыңдап тұрған! Солардың бәріне жалған айтқаның ба?

Сәуле: Міне, жігітім, бұл қуғынбайдың халі осы. Сендей сымбатты серіге ғажап қыз табылады.

Елес-жігіт: Тапқандаймын мен сол «ғажапты». Ұмытамын «Айым» деген азапты. (Жігіт Сәулеге қарай ұмтылады.)

Айым: Жо-о-оқ! (оянады) Уһ, бұл неткен шытырман түс? Тым болмаса түсімде ұмытсам ғой сырқат халімді. Тым құрыса қиялым қуантса етті жанымды!

Ләззат: Жайсыз түс көрдің бе? Мән бермей-ақ қой! «Түс-түлкінің боғы» дейді үлкендер.

Айым: Түлкінің боғы дұшпанның оғы болып тиіп жүрмесін!

Ләззат: Не көрсең де, жори көрме жаманға! Жақсы нышан деп білгейсің әманда!

Айым: Жанашырым болғаны қандай жақсы жанымда! Осы емші сенің жолыңды ашып, менің шипамды тапса, ақсарбас айтам Аллама!

Келесі көірініс: (Жанарыстың үйі. Екі қыз емшінің алдында тұр.)

Жанарыс: Маған бала тумайтын қатындар көп келеді. Екеуіңнің жөндерің бөлек екен.

Айым: Әйел парызы-ана болу.

Ләззат: Күйеуге шықсам тездетіп, перзент сүйсем егіздетіп-сол менің арманым.

Жанарыс: Мен-Қыдыр атаның сүйікті баласымын. Мен-тірі аруақпын. Алдымен Құдай, сосын Жанарыс деп біліңдер.

Ләззат: Білдік те, сендік. Енді жолымды ашып берсеңіз.

Айым: Иә, бақсылардың бақсысы, емшілердің жақсысы, сіздің нұр жүзіңізді көру бізге қиынға түсті. Көмекшілеріңіз сіз туралы аңыздар айтып, қиссалар қозғап, бізді ұзақ бөгеді. Он екі мыңды, әлбетте, солар санап алды. Шыдадық, бірақ түскі астан құр қалдық.

Ләззат: Ашыққаным түк емес. Менің дертім бұл емес. Жалғыз жүріп жаһанда, дара тұрып қаһарға, шаршады қыз жүрегі. Сыңарым болып бір сері, ашылсын бағым бір енді!

Жанарыс: Күйеуіңе тиесің, балаңды да сүйесің. Кел бері, түшкірейін. (Ләззатты құшақтайды.Өне-бойын сипалайды.)

Ләззат: Қытығым келіп кетті. Осылай түшкіруші ме едіңіз?

Жанарыс: Мен сенің бойыңдағы жаман қасиеттерді жұлып алып жатырмын. Қозғалма! Бүгін жолың ашылады, серің келіп қасыңа, жалғыздығыңды қашырады! Суф-суф!

Айым. (ақырын дауыспен) Қыдыр атаның сүйікті баласы Ләззаттың сүйіктісі болайын деді ме, не боп кетті өзі?

Жанарыс: (Айымға) Ей, пақыр, сен жай отырмай, көзіңді жұмып, тілек тіле ішіңнен! Тілегенің қабыл болсын десең, көзіңді тарс жұм! Мүлде ашпа! Иықтағы сөмкеңді жерге таста!

(Айым айтқанын орындайды. Бақсының көмекшісі келіп, Айымның сөмкесін ақтарып, ақшасын алады.)

Ләззат: Жол аштыру қиын болады екен ғой. Иістерге кірпияз едім. Емшінің иіссуынан мұрным бітіп барады.

Жанарыс: (өз-өзіне)(Шыда, отты қыз. Діңкемді құрттың,қыз.)

Ләззат: Осылай жол аша ма?

Жанарыс: Әр түн сайын сені қара дию құшағына алған екен. Содан жігіт біткен сенен безген екен.

Ләззат: Маған жігіт қарамайды деп ойламаңыз. Менің жігітпен танысатын артық уақытым бола бермейді. Бұл-басты себеп.

Жанарыс: Далбасалама! Құдай айтты бұл сөзді!

Ләззат: Құдай да дөрекі сөйлейді екен ғой! Мен Құдайға «Сіз» деп сызылып, майысып тілек тілеп жүрсем!

Жанарыс: Өшір үніңді! Жұм көзіңді! Тілек ет бар жаныңмен! Бұл-Құдай сөзі!

(Ләззат айтылғанды істейді)

Жанарыс: Қашан шыққың келеді күйеуге? Үш күннен кейін бе, жеті тәуліктен соң ба, әлде бір айдан аса мерзім өтсін бе?

Ләззат: Бұл өзі ҰБТ сұрақтары сияқты сананы сансыратқан сауалдар болды ғой. Жақсылықтың жылдам жайғасқанын кім қаламасын? «А» нұсқасы, «то есть» үш күннен соң деген жауапты таңдаймын.

Жанарыс: Мен жолыңдағы бар кедергілерді сыпырып алып тастадым, содан қара терге түстім. Үш күннен осң бір азаматқа жолығып, жанұя құрып кетесің!

Ләззат: Уһ, емшінің құшағынан босап, қапастан шыққандай болдым ғой тіпті. Айтқаныңыз келсін!

Жанарыс: Бата берейін мен саған, жолыңды ашып мен бағам! Батам ақылы, ақысы-бір мың ғана.

Айым: Ақылы бата шын ниет емес. Ақша жүрген жерде, жол ашылмайды.

Жанарыс: Тәйт, қазір құрыстырып тастаймын. Одан да көзіңді шарт жұмып, құрбың үшін де жалбарын!

(Ләззат сөмкесінен ақша алып, емшінің қалтасына салады.)

Жанарыс: Иә, ақша-арам. Сол үшін мен оны қолыммен ұстамаймын. Қалтама сал дегенім де сондықтан. Жай қолыңды, ашып жолыңды, бата берем мен саған!

Ешқашан бағың таймасын!

Дұшпаның теріс айналсын,

Үш күннен соң бір жігіт,

Өзіңе келіп байлансын! Әумин!

Ләззат: Әумин!

Айым: Мұндай батаның түр-түрін мен-ақ айтып беруші едім ғой. Айырмашылығы-менің батам тегін.

Жанарыс: Әй, пенде, түрегел, көзіңді аш. Біліп тұрмын деміңнен, науқас жансың деміккен!

Айым: Демікепеге шалдыққан жоқпын. Көзім ауырады. Дәрігерлер емін таппай, суық сөзден бір аспай, жас жаным әбден торықты.

Жанарыс: (қолынан ұстап) Мен дәрігер емеспін. Байқап көрейін. Кітапты көп оқысаң, көзің ине шаншып алғандай суырып ауырады.

Айым: Иә, дәл солай.

Жанарыс: Ашуланып айбат шексең, өзгелерден ғайбат көрсең, күйіп шыға келер бұл көзің!

Айым: Солай, Қыдыр атаның сүйікті баласы! Емі бар ма көзімнің? Жаны жоқ қой дәрігер сөзінің?

Жанарыс: Дәрігерің «көп дәрі іш, жазыларсың сонда, тағы іш» деді ме?

Айым: Жоқ. Д»рігер маған «мүгедексің. Ақысыз-ақ сені тірілер тізімінен сызып берем» деген еді.

Жанарыс: Құдай сақтасын! Сенің көзің осыдан үйіңе барған соң шырадай жанады. Күйеуге тиіп, үшемнің анасы боласың. Өкіметтен тегін үй аласың. (өз-өзіне күбірлеп) (Осы пәледен өстіп тезірек құтылмасам болмас.)

Көзіңді бір сипайын-дертің қашсын.Шашыңнан сипайын-шаттығың тассын.

Айым: Шаттығым шашыма өріліп тұр ма екен?

Жанарыс: Көзіңнен екі сипайын-ауруың қайтып келмесін. Көкірегіңді бір сипайын-қуаныш, бақыт кернесін!

Айым: Дертім қашса, бағым тасса, одан басқа не тілек қалды?

Жанарыс: Тірі адамға бәрі арман. Мен сенің барлық армандарыңның орындалуы үшін, фотосуретімді төс қалтаңа салып берейін. Осы сурет төсіңде тұрғанда, жақсылық жаныңнан бір елі қламай еріп жүрмек. Бұл сурет те ақылы. Бес –ақ жүз теңге. Мына орамалды басыңа сал, бағыңды пенде лер шашып тастамасын. Ол да ақылы-екі-ақ мың теңге.

Айым: Қайда тап болдым? Базарға ма, әлде жалған бақсыға ма? Аузын ашса ақша дейді, жылы сөзбен жұбатып, көңілді сүйеп қояды кейде.

Жанарыс: Бағыңның жанында 4-5 мың теңге сөз болып па, тәйірі? Ақшаны қолыма берме, қалтама сал. Ақша деген арамды қолыма ұстап көрмеген Құдайдың пәк баласымын ғой мен.

Айым: Ләззат, мүлгімей менің сөмкемді қарашы.Тиын болса, санашы.

Ләззат: Сөмкең бос. Нөлге нөлді қос, бәрібір нөл шығады.

Айым: Мүмкін емес, сөмкемнің түбінде болу керек пәтерақыға деп сары майдай сақтаған сыбаға.

Ләззат: Сенбесең өзің қара. Жоғыңды өзің сана.

Айым: (сөмкесін ақтарылғанын көреді.) Ештеңе жоқ.

Жанарыс: Онда бөлмеден шығыңдар. Сурет те жоқ саған, қайтып келме, ей, пақыр, маған. Ақшасыз қабылдамаймын, ақысыз қол қимылдатпаймын. (Айымның төс қалтасынан суретін жұлып алады.)

Ләззат: Рахмет, сізге, тірі аруақ!

Айым: Рахмет сізге,ұры аруақ!

Ләззат: Қой, дертіңді қайта байлап бермесін.

Жанарыс: Ей, міскін, мені ұры дегенің қай сасқаның? Бұл-Құдайдың үйі. Қазір мен сені белі бүкір етіп, жұртқа күлкі етіп қояйын!

Ләззат: Олай ете көрмеңіз, тірі аруақ! Кешірім ете көріңіз.

Жанарыс: Жарайды. Бірақ бәрібір қаһарымды төгемін. Үйіңе кіре бергенде, бүкір етемін. Оған дейін жүріп қал.

Айым: Кеттік, Ләззат! Алаяқтар апанына өз аяғымызбен келген неткен аңқау едік!

Ләззат: Үйге кіре бергенде, құрысасың дейді. Онда үйге бармай, сыртта жүрейік. Бәлкім, бақсы атаның кәрі қайтар.

Айым: Менде онсыз да үй жоқ. Бақсы маған «үйіңе кіре бергенде бүкір етем» деді. Ал, мен пәтер жалдап тұрамын. Демек, бақсы атамыз қаһарын төгу үшін көп жылдар күте тұрады. Мен үйлі болғанға дейін қай заман?

Ләззат. (сөмкесін иығына іле беріп) Менің сөмкемнің сыртқы қалтасында автобусқа деп қойған тиындарым бар еді. Көрінбейді ғой өздері.

Айым: Сенің де көзің нашарлайын деген бе? Бақсының үйі ту сыртыңда. Тағы барып ем ал, ақылы батасына қарық бол.

Ләззат: Қайдан білейін, бата беріп, жарылқаймын деген соң, бар ойым тұрмыс құру болып, құшағында иіссу мен тердің исіне тұншықтым. Бірақ бата деп берген бір ауыз сөзі шын шықсын!

Айым: Өзімізге де обал жоқ. Ақшамыздан айрылып, құр қол қалдық сымпиып.

Ләззат: Саспа, бұл бір сынақ болды екеумізге. Сабақ болды кейін әрекет етуімізге. Енді алаяқтарға алданбаймыз, құр қиялға еш қонбаймыз.

Айым: Сені кінәламаймын. Жолың ашылып, тұрмыс құрсам дедің. Менің жазылғанымды қаладың.Мені тіпті проза шеберіне баладың. Көмектескің келді, ақыры күлкіге кенелдім. Жанарыстың әрбір сөзі елестесе, күлкім келе береді.

Ләззат: Сол мені құшағына алса, жолым ашылып жүре береді екен. Ал, бала көтере алмайтын әйелдер барса, әрекетсіз жібермесі анық.

Айым:Жанарыс емдік амал деп айласын асырады. Бір күні тұтылады. Арам ақшасы желге ұшып, сыртқа қарай сытылады.

Ләззат: Айым, сен бақсыға шашыңнан сипатып, өзің де бақсы болып кеткенбісің?

Айым: Онымен ұзақ құшақтасқан сен ғой. Сен бақсы болмай қалай аман тұрсың?

Ләззат: Мен бақсы ретінде бір ақыл айтайын. Астанаға барсаңшы. Бір-екі күнде демалыс аласың. Ақшаң да қолыңа тиеді. Бұның бәрін бақсылықпен біліп тұрмын. Астанада адам жанынан басқасының бәрі бар деседі.

Айым: Бақсылығыңа болайын. Мектепте кімнің қашан демалысқа шығатыны тізімделгелі қашан? Ал, Астанаға жол тарту идеясы маған ұнап тұр. Арман қалада армандардың орындалмауы мүмкін емес. Арман-сәйгүлік, Астанаға шап, менің жүрегімдегі ақ арманды баурыңа ап.

Ләззат: Бақсының батасын саған берейін, айырмасы-ақысыз. Тек аздап түзету енгіземін.

Ешқашан бағың таймасын,

Дұшпаның теріс айналсын,

Үш күннен соң бір дәрігер,

Ауруыңның тапсын айласын! Әумин!

Айым: Мынадай түпнұсқа батадан соң, тілегімнің орындалмауы мүмкін емес. Ендеше, не тұрыс, Астанаға сапар шегейін. Арман қала, қарсы ал мені, дертіне дауа іздеген бір қызыңды!

Келесі көрініс: (Көз дәрігерінің кабинеті)

Айым: Сіздің клиникаңыз жайында ғаламтордан оқыдым. «Көздің көру қабілетін қалпына келтіреміз» деп жарнамаларыңыз жарқырап тұр екен.

Мекен:Сізге ең алдымен психологқа көріну керек. Сіз өзіңіздің мүгедектік халіңізді мойындамай, алысқа шапқыңыз келетін сияқты.

Айым: Жоқ, психолог та, психиатр да қажет емес. Менің тәнім сырқат болғанмен, жаным сау. Алысқа шауып, Америка асайын деп отырған жоқпын.

Мекен: Сіздің көзіңіздің жүйкесі 90 пайызға өлген, қызметін тоқтатқан. Медицинада мойындалғандай, көз жүйкесін қалпына келтіру мүмкін емес. Сізге айтарым-жұмысты тастап, мүгедектікке берілер жәрдемақыға өмір сүріңіз. Зағиптар қоғамына мүше болып, бәлкім, сол жерден өз теңіңізді тауып қаларсыз. Жазушы болсаңыз, мүгедектер мәселесін көтеріңіз. Түрлі мерекелік шаралар өткізіп...

Айым: Жоқ! «Сенген тоқтым сен болсаң, күйсегеніңе болайын.»Алматының дәрігері мені өлім жазасына кесіп еді, сіз мені тірідей көрге тықтыңыз.

Мекен: Несіне ренжисіз? Мен шындықты айттым.

Айым: Әкесі өлгенді де астарлап естіртетін қазақ емеспіз бе? Өмір нұрын себер жылы сөзге неге сараңсыздар, дәрігерлер? Сырқатты жылы сөзбен емдеуге болады ғой.

Мекен: Барды баяндадым.Ақиқатты айтудан аянбадым.

Айым: Баяндадыңыз, суық сөзбен сумаң қақтыңыз.

Аянбадыңыз, жан жарамды жұлып бақтыңыз! Енді кімнен сауға сұраймын?!Өмір сұрап, кімнің аяғына құлаймын?! Кімге шағынып, көздің жасын бұлаймын?! Жоқ, жыламаймын! «Мүгедек» деген атты малданып, жәрдемақыға берілер бес-он тиынға жан бағып, әркімге бір мұң шағып, қор болмаймын мен! Көрмегенім дәрігер, естімегенім дәрігерлік кеңес болсын! Мен кеттім!

Мекен: Қайда кеттіңіз? Мына түріңізбен қайда барасыз? Мен әріптестерімді шақытрайын. «Ақылдасып пішкен тон келте болмас» дегендей...

Айым. Әріптесіңіз келіп,«өл» десе, «айтқаныма көн» десе, одан не өзгерер? Түріме не бопты? Мөлдіреген көзім бар, жалын атқан сөзім бар. Сылқым Есіл өзеніне шағым айтар халім бар! Өмірімдегі көмек сұрап барған ең соңғы «ақ халатты абзал жан» болып, менің өмір тарихымда атыңыз қара әріптермен жазылып қалды.Қош!

Келесі көрініс. (Астана. Есіл өзенінің жағалауы.)

Айым: О, Есіл, сенің жағаңа келіп, қаншама мұңлық мұң нөсерін төкті екен? Қанша жан бақыт қайығында тербеліп, шаттық шуағына бөкті екен?Төрешісі өзің ғана! Бәріне үнсіз куә болып, сылқым сусып жатқаның! (Жағалаудағы орындыққа отырады. Қалта телефоны шырылдайды. Бірақ оған жауап бермейді.) Көріп тұрмын, анау шетте қыз бен жігіт оңаша сыр ақтарып, сыбыр қағып, мәз-мейрам. Анау шетте қармақ салып, балық ұстап, бармағын бүгіп, олжасын санап, балықшы шал мәз-мейрам. Анау шетте көріп тұрған жоқпын, тек естіп тұрмын, суға шомылған, балалық шақтың қызығына тоймаған балалар мәз-мейрам. Анау шетте көріп тұрмын, қос көгершін құрқыл қағып, махаббаттан ортақ тіл тауып мәз-мейрам. Анау шетте арманымның ақ кемесінің нышанындай болып, жарыса жүйткіп қос ақ қайық мәз-мейрам!Тек сол мейрамның ішінде маған орын жоқтай!

Ей, жүйрік жел, сырласым ең, бұл жолы мұңдасым болшы! «Пенде емеспін, мұңаюды білмеймін» дейсің бе? Жүйріг жел, сен де ақиқат аулынан алыстай бастағанбысың? Менің әкем өмірден озғанда, ішіңді тарта ұлып, ыңырси жылағаныңды қалайша ұмыттың? Мен оқуға түскенде, қуаныштан құбылып, шашымды шарпып сипап, еркелеткеніңді қалайша ұмыттың? Дәл сол бақытты күнімдегідей, бетімнен өбіп, шашымды тарап, тарқатшы қайғы түйінін! Сыбырлашы құлағыма, жылы леппен дем беріп! (Құлағын тосып) Не дейсің? «Мүгедексің» деп мысқылдап тұрмысың? Тәйт, доғар сайтан сыбырыңды, тәнім-сырқат болғанмен, жаным-са-а-ау!

Дауыс: «Тәні саудың жаны сау» деген. Сенің тәнің сырқат болса, жаның қалай сау болмақ?

Айым: Он екі мүшесі сау болса да, түкті түсінбейтіндер, дымды сезбейтіндер бар ғой!

Дауыс: Мойындаймын, бар. Бірақ оларды ешкім «көрсоқыр» деп кемсітпейді. Өйткені олардың жарасы сырт көзге ұрып тұрмайды!

Айым:Тепсе темір үзетін кейбір азаматтар «жұмыс жоқ» деп жығылған отаудай үйінде қол қусырып жатады. Оларға ешкім күлмейді. Менің көзім кемістік көрсетіп еді, «жұмыстан кет» деп кейбіреулер кіжінді.

Дауыс: Кіжініп, тепсінсе де талайлар, қарсы тұрар күш-қайранды қайдан алдың, қайран ару?!

Айым: Өмірдің өзі берді! Анау ақша бұлттар көз ұшында болса, менің аппақ арманым қол ұшында болатын. Арманымның алғашқы баспалдағын сәтті басқан едім.Жанат ағаның ақ батасынан рух алған едім. Сорымды қайнатып, сырқат шықты көлденеңдеп. «Жығылғанға жұдырық» болып, дос тұтқаным дұшпан шығып, құлатуға әзір тұрды өңмеңдеп! Сонда да сынбадым, құлап тынбадым.Өмірдің өзі жігер беріп, «біреуден кем бе едің?» деп, қолтығымнан сүйеп жөнелді!

Дауыс: Ай атты ару қыз, менің сынағымнан сүрінбей өттің! Шыдам атты бұрымыңды сілкіп тастап, күресе кеттің! Өмірді алдың ту етіп, жарық нұрды тәу етіп!Жеңілдім мен бұл күресте, сені жығу мүмкін емес те! Алас ұрған сәтіңде, қапас түнекке ұмтылып, құщағыма құлап түсер деп едім! Дегенім болмады, сұм көңілім толмады. Өмірден айырып, алып кетуге келген Ажал мен едім! Құшағым бос, олжам да жоқ, мекеніме құр қайтамын мен енді!

Айым:Ей, Ажал, менің соңыма түспей-ақ қой! Пешенеме жазылған тағдырды сен кеспей-ақ қой! Түбі қауышам сенімен, бірақ өзіме қол жұмсаумен емес, Алланың пәрменімен!

Дауыс: Еһ, қаһарман қыз, енді сені аялайды Өмір, кей сәтте аямайды сені Өмір!

Айым: Бәрін де жеңем, бұрымым ұзын шыдам деген!

Дауыс: Егер адамның бәрі Өмірді сүйсе дәл сендей, оған өкпелеп, сынақ сәтте жалт бермей, атой салса мына менің өзіме, онда, бәлкім, болмас мендей албасты! (Дауыс алыстап кетеді.)

Айым: Қара түнек болмас маған жан серік! Қараңғыда ақтарылмас жыр-өрнек! Күресемін, қайран қылам барынша,тынысым бітіп, жанарым жұмылғанша! Тек мына қоғам мендейлерді қор етпесін, «кемтар» деп кемсітпесін! Еншімді бөліп бермесе де, ешкімде есем кетпесін! Тең жүрейін он екі мүшесі сауменен! Өзгелермен үзеңгі теңестіріп, өмір сүруге хақым бар менің!

Байланыс телефоны: 8-775-303-75-34

Алматы қаласы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар