Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Айжарықтың ақ өлеңдері туралы аз сөз...

26.12.2020 5665

Айжарықтың ақ өлеңдері туралы аз сөз 12+

Айжарықтың ақ өлеңдері туралы аз сөз - adebiportal.kz

Поэзия көбіне эмоция мен сезім арқылы қабылданатын құбылыс. Идея қара өлеңге мағына қақпасы арқылы енеді де, үндестік, ырғақ, ұйқас сынды үш қабырғаға қамалады. Әлбетте кез-келген конструктивтің өлшемі, заңдылығы бар және ол сонысымен құнды. Десек те, жуырда бір кітапхананың бергі сөрелерінің бірінен бір ақын ағамыздың ертеректе жазған өлеңін көзім шалып қалды.

«Ұлы Ленин дана көсем,

Өмір берген маған әсем.

Желбірейді қызыл тулар,

Қызыл туға қарап өсем.»

Осы тұрғыдан алғанда, қара өлеңнің конструктивті шарттары өлеңнің өміршеңдігіне кепіл емес екендігін аңғарамыз. Күні кеше Ақжан Аманжол есімді ақын сіңілім Сұлтанқожа Айжарықтың жуырда жарық көрген «Телеграмма қабылдап алыңызшы» атты жинағын тарту етті.

Ақ өлеңнің әсері оқырманның қабылдау ерекшелігіне, әсіресе көзбен көріп оқуына тәуелді. Оның құрамындағы метафоралық бірліктердің семантикалық мәні бір-бірінен алшақ бола тұра өзара байланысып, көркемдік сипат береді. Әлбетте сөз ұйқастырғаннан ой үйлестірудің миға салатын салмағы да, уақытқа қояр талабы да өзгеше. Ақын эмоцияны өз атымен атамай, оны табиғат құбылыстары мен небір детальдар арқылы жеткізуді ұтымды пайдалана білген.

«Сенен қалған бір қорап сөздерімді жыл құстарымен беріп жібердім...» дейді автор. «Телеграммадағы» лирикалық өлеңдер коммуникативті, қаратпа тіркестер арқылы синтаксистік байланыс орната алған: «Шынында сөздеріңнің жеңін қанша түрсең де, бұл сезім саған шақ емес...» [50]; «Менің еркем, бірінші өзіңді, сосын, қаласаң мені де бақытты болуға қарға...» [62]; «Қоштасу сөзімді жасыңа сіңір, Сен мені тезірек ұмыт...» [24]; «Сен мені әбігерсіз сүй...» [41]; «Менің езуім жетеді күлуге қайта, Мүмкін сенің де өмір сүруге сезімің жетер...»; [41] .

Қала пейзажын бейнелеудегі ерекшелік – автордың сезімдерін сипаттайды: «Бұл қалада ай сыйқырсыз аспанда...» [25]; «Бұл қаланың мағынасыз бейнесін ендігәрі өлеңіңе түсірме...» [27]; «Таңның көздері қатал, Бірақ қолдары жұмсақ...» [45]; «Тереземнің алдында өртенген күз...» [67]; «Ал біздің аулада гүлденген шабдалы бұтағында...» [68]; «Ешкім келіп үлгермеген саябақта құстар жеңіл қанаттарымен желге еліктеп, Үзік шырылымен таңның тыныштығын ұрлайды...» [73 ]; «Ескі кофехананың терассасынан естілген әуен...» [74]; «Бұлттардың мінезі, аспанның тоқтаусыз шығыны, қаланың қапырық көрпесін шайып, таулардың тынысын естіртті» [97].

Қала пейзажын бейнелеудің тағы бір функциясы - сүйсінуді сипаттау:

«Қабатты үйіңнің алдында алаң,

Алаңда сырғанақ.

Терезең төртінші қабатта –

гүл ғана қарайды сығалап.

Әлі де суық күн,

Жұқалаң күртешең, ойнақы жүрісің.

Мұң менен суықтың аттарын ұмытып,

шығасың үйіңнен күлкіңді ерте

сен» [8];

Өлеңдегі ырғақ пен ұйқас шығарманың композициялық бүтіндігін сақтап тұр.

Кейбір өлеңдердің тұтастығы ой мен идеяның интеграциясы логикалық, мағыналық, ассоциативті байланыстар мен қайталаулар арқылы сақталған.

«Алыста

Ай мен жер айналып баяу,

Ал менің сен жайлы ойларым

Барып, кері қайтқанша жаяу...

Алыста

ай мен жер айналып ақырын,

Ал менің сен жайлы ойларым

бір қадам...

және мың шықырым.

Алыста

Ай мен жер айналып үздіксіз...

Ал менің сен жайлы ойларым

Мүмкін саған мүлде қызықсыз...» [10];

Ішкі эмоцияны жеткізуегі детальдар мен теңеулер :«Жүрегімнің алқабына жаңадан гүл еккенімді жасырдым...» [42 ]; «Тасқа айналған мүсініңді құшамын...» [48];

«Жалғызда жазатын сөздерім,

алыстағы саған

тосыннан келіп қалған тарғыл мысықтай,

табандарын жұмсақ батырып,

жылы күлкіңе оратылса деймін.

Кештерде не ерте таңдарда

парақ бетіне еккен сөздерім

бейуақытта оқысаң,

сенің жүрегіңе бүршік жарса екен деймін...» [71]; «Ала таңды күтуден басқа, өзімді еш алдай алмадым» [83].

Дәстүрлі махаббат лирикасын жеткізудің жаңашалау әдісі оқырманды идеядан алшақтатпай, керісінше өлеңді жан-жақты ашуға, ойды өзгеше меңзеуге септігін тигізен.

«Қол сағатымды саттым да,

сен ұнататын гүлдерді алдым, »

(Ниет пен әлеуметтік жағдай)

«Ал сен тіпті жымимадың да»

(Кездесу)

«Байқұс гүлдер,

(Байқұс ниетім)

сағаттарым мен минуттарымды

(саған Һәм өмірімді де)

сенің күлкіңе айырбастап берер деп едім...»

(бақытың үшін арнар едім)

«Аманатын

сенің көздеріңе тапсыра алмай солды»

(Көзіңнен бір жылу керсем деген сезімімнің үміті сөнді)

«Қуырылған жапырықтар табанымның

астында

қытырлай сынып, құмырысқалардың

қолшатырына айналуда.»

(Алтын күз. Айналасын бақылап, кеіпкер жаяу жүріп келеді )

«Менің бағытсыз ауыр қадамдарым

Кеңістікті елемей,-

Жанымның тәнімді паналау құқығын

мойындағысы келмейтіндей»

(Жабырқау, терең ой үстінде мәнсіздікті сезіну, өмірден баз кешу )

Автормен тікелей таныс болмасам да, шығамалары тұлғалық портретін жасай алған деп санаймын. Кейбір өлеңдер қара өлеңге де сыйып кететіндей әсер қалдырды. Дегенмен, «кекеш жарық», «естеліктердің ығы» сынды сәтті тіркестер баршылық.

Үш қабырға, бір қақпалы қара өлең – биік, ал «шарбақтың» сыртындағы ақ өлеңдердің ойы алыс, әрі көпқырлы болуға міндетті деп тұжырымдаймын.

Салтанат Қайырбек

ақын


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар