Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Ақ Жайық Ақ шағаласын ардақтады...

26.09.2014 7252

Ақ Жайық Ақ шағаласын ардақтады

 Ақ Жайық Ақ шағаласын ардақтады - adebiportal.kz
24 қыркүйек күні Орал облыстық қазақ драма театрында ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» ордені және Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Ақұштап Бақтыгерееваның шығармашылығына арналған «Жайықтан ұшқан аққу-жыр» атты кеш өтті. 

                                 фото Рафхата Халелова (578).JPG

Әдеби-сазды кешті облыс әкімі Нұрлан Ноғаев пен қала әкімі Алтай Көлгінов жұртшылықпен бірге тамашалады. Сондай-ақ Ақ Жайықтың төрінде сұлу сөзді қалықтатқан өнер кешіне Қазақстанның халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов, ҚР-ның Еңбек сіңірген Мәдениет қайраткері, жазушы Мереке Құлкенов, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, ақын Жанарбек Әшімжан сынды әдебиетшілер де алыстан ат арытып келді.

                                  фото Рафхата Халелова (600).JPG

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Ақ Жайық өңірінің ғана емес, күллі қазақтың мақтан тұтар тұлғасына айналған ақын Ақұштап Бақтыгерееваға ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау хатын табыстады. Елбасы өзінің хатында мерейтой иесін мерейлі 70 жасымен құттықтап, ақындық дарынымен жастай танылған қаламгердің есімі нәзік лирикаға толы өлеңдерімен, батыл азаматтық үнімен жырсүйер қауымның жүрегінен берік орын алғанын баса атап өткен. Бұдан әрі ақынға өзінің жүрекжарды лебізін арнаған өңір басшысы Нұрлан Асқарұлы: – Тамырын тереңнен тартқан бай тарихы бар, табиғаты шұрайлы, Құрманғазы, Дәулеткерей, Сейтек, Тұяқ сияқты күйшілер, Жұбан, Тайыр, Хамза секілді ақын-жазушылар дүниеге келген Ақ Жайық өңірінде кіндік қаны тамып, бала кезінен өлеңге ғашық болып, арман қуып Алматыда білім алып, қанаты қатайып, Жайықтың ақ Шағаласы атанған Ақұштап Бақтыгерееваның поэзия кеші өтуде. Қазақтың Қабдоловы: «Мен Ақ Жайықты үш қызы арқылы танимын. Ол – сұлулықтың символы Қыз Жібек, ер Мәншүк және ақын Ақұштап» деген екен. Мерейтойыңыз құтты болсын! Сіздің өлеңдеріңіз достыққа, адамгершілікке, ерлікке, жақсылыққа бағытталған, – дей келе, ақынның бұдан кейінгі мерейтойларында да халқымен аман-есен қауышуын тіледі. Облыс басшысы мерейтой иесінің иығына қазақы дәстүрмен камзол мен ақ жаулық жауып, басына бөрік кигізді. 
Кеш барысында ақынның атына жазылған жеделхаттарға да кезек берілді. Қаламгерді мерейтойымен құттықтаған жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов бұл кештің ерекше өткенін айтып, сахнадағы көріністерден сән-салтанаты жарасқан, көгінде аппақ құстары қалықтаған көктеммен қауышқандай әсер алғанын жеткізді. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Жанарбек Әшімжан ақын апасына ізгі тілегін арнап, иығына шапан жапты. 
Облыс әкімдігінің қолдауымен, БҚО мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшылығымен, халық шығармашылығы орталығының ұйымдастырған поэзия кеші фотосуретші Рафхат Халеловтың «Жайықтан есті самал жыр» тақырыбындағы фотокөрмесімен басталды.  Автордың жеке мұрағатынан жинақталған суреттер көрмесіне ақынның әр жылдардағы өмір белестерінен сыр шертер жиырма шақты фотосурет қойылған. 
Бұдан соң жиналған қауым Ж.Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана ұжымы ұйымдастырған «Өмір – керуен, өлең – өзен» атты кітап көрмесімен танысты. Мұнда Ақұштап Бақтыгерееваның туындылары, ақын туралы жазылған мақалалар, кітапхана қорындағы мерейтой иесінің фотосуреттері қойылған. 

                                  фото Рафхата Халелова (609).JPG

«Жайықтың ақ Шағаласы» атанған ақынның ІІІ томдық шығармалар жинағының тұсаукесері де осы күнге тұспа-тұс келіп, мерейтой иесінің мәртебесін арттыра түсті. Шығармалар жинағының лентасын өз қолымен қиған қаламгер жаңа кітабының алғашқы «Сүйінші» данасын облыс әкімі Нұрлан Асқарұлына табыстады. Осылайша облыс басшысының қолдауымен жарыққа шыққан Ақұштап ақынның кезекті еңбегі оқырманға жол тартты. Тұсаукесер рәсімінде сөз алған жазушы Мереке Құлкенов әрбір қаламгердің жаңа кітабы оның көкірегін жарып шыққан сәби секілді болатынын айтып, бұл кітапта ақынның еліне деген махаббаты, халқына деген ыстық ықыласы, қазақ жырына сіңірген еңбегі көрініс тапқанын жеткізді.– Бұл еліміздегі өзінің тарихын білгісі келетін, әдебиеті мен мәдениетін сезгісі келетін әрбір қазақтың үйінде тұратын кітап деп ойлаймын, – деген жазушы қазақтың мақтанышына айналған ғажайып ақынға ұзақ ғұмыр тіледі.

                                  фото Рафхата Халелова (251) (1).JPG

Тағылымды іс-шара «Жайықтан ұшқан аққу-жыр» атты әдеби-сазды кешпен жалғасып, кеш шымылдығы Ақұштап Бақтыгерееваның өлеңдерінен құралған әдеби-музыкалық хореографиялық композициямен түрілді. Әдеби-сазды кеште зал толы көрермен Ақ Жайықтың мақтанышына айналған қазақтың ақын қызы – Ақұштап Бақтыгерееваның сан алуан тақырыптағы жырларын тыңдап, ақынның сөзіне жазылған әндермен сусындады. Қазақ драма театрының әртістері, БҚМУ және Құрманғазы атындағы саз колледжінің студенттері, халықтық «Ақжайық» және үлгілі «Қызғалдақтар»  би ансамбльдері сахналаған көріністер көрерменге өлеңнің құдіретін ұғындырғандай болды. Сондай-ақ сахнаға көтерілген бүлдіршін Ақұштаптар да жырдан шашу шашып, ақын кешінің шырайын аша түсті.
– Мен бүгін бақыттымын деп айта аламын. Осындай құрметтейтін елім болғанына, осындай кезеңде өмір сүргеніме бақыттымын. Сөзді түсінетін, ұлттың дәстүрін білетін, ақынын ардақтайтын облыс басшысы Нұрлан Асқарұлының менің мерейтойымды атап өтіп жатқанына ризамын. Бірінші бақытым – Жайықтың жағасында дүниеге келіп, табиғаттың талантын игеріп, қалам тербеп жүргенім. Екінші бақытым – бабамның домбырасы мен әнін сүйген ұлтымның қарапайым азаматына жолығып ана болғаным, одан кейінгі бақытым – Жайыққа келіп, өздеріңмен бірге егеменді елдің қиындығын да, жақсылығын да көріп, осындай салтанатты дәуірдің сақталғанына куә болғаным, – деп тебіренген мерейтой иесі қаумалаған халқына аналық алғысын жаудырды.

                                 фото Рафхата Халелова (234).JPG

Сұлу сазбен, жауһар жырмен, жылы лебіздермен көмкерілген керемет кеш Мұнайдар Балмолданың сөзіне жазылған Қуаныш Қисметовтың «Ақұштабы Алаштың» әнімен түйінделді. Ақынның шығармашылық кешіне жиналған жерлестері «Осындай ақыны бар Ақ Жайық неткен бақытты!» деген әсем көңіл күймен тарқасты.
Бұл күні халқының ыстық ықыласына бөленген ақын мерейтойына орайластырылған өзге де танымдық іс-шаралардың куәсі болды.  
Соның бірі – М.Өтемісов атындағы БҚМУ-да өткен «Қазақ поэзиясындағы Ақұштап Бақтыгереева» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция. Алқалы басқосуда әдебиетші-ғалымдар қаламгердің өмір жолы мен шығармашылығы, сөз зергерінің лирикасы жайында ой қозғап, ақын поэзиясының тілдік-стильдік ерекшеліктеріне мән берді. Ал кеш қонақтары – жазушы Мереке Құлкенов, ақын Жанарбек Әшімжан қаламгердің қазақ әдебиетіндегі өзіндік орны жайында сыр толғады.
Бұл күні облыстық тарихи-өлкетану музейінде ақынның 70 жасқа толуына орай «Зерделі сөздің зергері» атты көрме ашылды. Ақынның мұражай қорында жинақталған жәдігерлері қойылған көрмеге мерейтой иесінің өзі қатысып, бұл құндылықтардың болашақ ұрпақ үшін маңызы зор екенін атап өтті. Экскурсовод Гүлбөбек Жәрдемғалиқызы жиналған меймандар мен жастарды көрмеге қойылған жәдігерлермен таныстырды. Мұражай төрінен орын алған ақынның тұтынған заттары, жыр кітаптары, дипломдары, марапаттары, әр жылдарда түскен фотосуреттері тұнған бір тарих іспетті. 
«Жайықтың Ақ шағаласы» аталған аяулы ақынның мерейлі мерейтойы осылай өз туған жерінен бастау алды. Оқырмандарын өзінің жігерлі де, жалынды, нәзік те, сыршыл жырларымен қуанта білген талантты ақыннан туған жерімен, ғасырлар бойы ағып жатқан Ақ Жайықпен, құм Нарынмен астасып жататын, талай жүректі тебірентер тамаша жырлар күтеміз. 

adebiportal.kz

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар