Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Академик Серік Қирабаевтың жеке заттары ұлттық муз...

31.03.2022 2788

Академик Серік Қирабаевтың жеке заттары ұлттық музейге тапсырылды 12+

Академик Серік Қирабаевтың жеке заттары ұлттық музейге тапсырылды - adebiportal.kz

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде әдебиеттану ғылымының аса көрнекті қайраткері, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, ғалым-ұстаз, белгілі әдебиет зерттеушісі, сыншы Серік Смайылұлы Қирабаевтың жеке құнды заттарын музей қорына салтанатты түрде тапсыру рәсімі өтті.


Шараның мақсаты – әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, академик, сыншы Серік Қирабаевтың өнегелі өмір жолын насихаттау, ғалымның артында қалған мол мұрасын дәріптеу.


Серік Қирабаев 1951 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын тәмамдағаннан кейін, Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасының аға редакторы, «Әдебиет және искусство» журналының бөлім меңгерушісі болды. 1958 жылдан Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында 30 жыл бойы доцент, профессор, филология факультетінің деканы, қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, институт ректорының орынбасары қызметтерін атқарды. 1988-1995 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясының М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры қызметін атқарды. Елордада Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ашылғанда, жасының егде тартқанына қарамай, осы оқу орнының әдебиеттану және алаштану саласын қалыптастырып дамытуға қол ұшын тигізді.


Академик Серік Қирабаевтың 1948 жылдан қазақ әдебиетінің өзекті мәселелеріне арналған сын мақалалары мен рецензиялары жарық көре бастады. Содан бергі уақытта 800-ден астам әдеби сын, ғылыми мақалалары мен еңбектері басылды. Ол әдебиеттанушы ғалым, сыншы ғана емес, сондай-ақ, дарынды журналист те болды. Оның қаламынан шыққан уытты сыни мақалалар мен әлеуметтік мәселені қозғаған туындылары қазақ журналистикасының дамуына өзіндік ықпалын тигізді. Оның шоқтығы биік еңбектерінің бірі – Жүсіпбек Аймауытовтың шығармашылығы туралы монографиясы. Осы арқылы Алаш арыстарын ақтап, ұмыт болған еңбектерін қазақ әдебиетінің қатарына қосты. Жүздеген шәкірт тәрбиелеп, өзінің жеке мектебін қалыптастырды. Жиырмадан аса оқулық жазып, едуден астам ғылым докторы мен кандидаттарын тәрбиеледі. Күні кешеге дейін мектеп қабырғасында оқытылған «Қазақ әдебиеті» оқулығының авторы болды.

Серік Қирабаев саналы ғұмырын қазақ халқының мүддесі үшін, ұрпақ тәрбиесіне, қазақ әдебиеттану ғылымын дамытуға арнады. Өзіне дейінгі ұстаз-ғалымдардың ғылыми-зерттеу шығармашылығы мен ұстаздық-қайраткерлік жолын жалғастырды.

Шараға ғалымның ұлы, философия ғылымдарының докторы, академик Нұр Серікұлы Қирабаев қатысып, ғалымның құнды заттарын Ұлттық музей қорына сыйға тартты. Сонымен қатар, іс-шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар және музей қызметкерлері қатысты.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар