Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Ақан сері Қорамсаұлы. Сары алтын жамандаумен жез болмайды

22.10.2018 2618

Ақан сері Қорамсаұлы. Сары алтын жамандаумен жез болмайды

Солтүстік Қазақстан облысын жұртшылық «Ұлылар елі – серілер жері» деп бекер атамайды. Шынымен де, Қызылжар өңірі - есімдері ел есінен кетпейтін небір күміс көмей, жезтаңдай әншілер, саусақтары домбыра пернесінде жорғалаған сыршыл күйшілер, сөз маржанын терген айтулы ақындар мен суырыпсалма шешендерді бесігінде құндақтаған қасиетті мекен. Ақындығына, әншілігіне, сазгерлігіне дүйім ел басын иген ардақтылардың бірі – Ақан сері Қорамсаұлы (1843-1913). Жүрек қылын шертер әуезді әндері – қазақтың баға жетпес қазынасына айналған халқымыздың аяулы перзенті Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданындағы Қоскөл ауылында (қазіргі Ақан сері ауылы) дүниеге келген.

АДАМНЫҢ БІЛІМІНЕ АҚЫЛ СЕРІК

Адамның біліміне ақыл серік,

Ақыл мен таусылмайтын жанға көрік.

Мидан шыққан сөзіңе тіл себепкер,

Қалай айтып сөйлесең өзіңде ерік.

Денеге аяқ басшы, ой жеткізші,

Рахат таппақ адамзат көзбен көріп.

Жақсы менен жаманды сезбек үшін,

Біздерге қойған жоқ па мұрын беріп.

Жаман, жақсы әр сөзді естіген соң

Бәрі-дағы тұрады құлаққа еніп.

Тірлікте тырбанып қал сайран етіп,

Ажал келмей тұрғандай шауып жетіп,

Құрметсіз зайыбыңмен өмір сүрсең,

Қотыр бұзау секілді қалдың өліп.

Тұрмысқа тірі күнде бол себепкер,

Отырма құр үйіңде бойға сеніп.

Талап қыл, азды-көпті жұмса ойды,

Әр істің ақырын ойла, көңіл бөліп.

ДҮНИЕДЕН ШОҚАН ӨТКЕНДЕ

(Шыңғыс төрінің жиені Кәшімоллаға Ақанның көңіл айтқаны)

Ассалаумуағалейкум, мырза Кәшім,

Құдай артық жаратқан бір баласың.

Құдайым атаңызға дәулет беріп,

Белгілі орта жүзге бір данасың.

Деймісің ей, шырағым, өлмеген бар,

Құдайдың құдіретіне көнбеген бар?

Талайға сапар жолда қаза жетіп,

Үй-ішін, ата-анасын көрмеген бар.

Шыңғыстың үлкен ұлы Шоқан еді,

Император, патша жұртында оқып еді.

Құдайдың құдіретіне дауа бар ма,

Оған да сапар жолда қаза келді.

Ақжолда Меңдекеден Шәңкі болды,

Белгілі орта жүзде даңқы болды.

О дағы Қызылжарда опат болып,

Белгілі жақсылардың арты болды.

Шорманның бір баласы аты Мұса,

Бақ-дәулет артық болған кім сұраса.

Омбының қаласында қаза келіп,

Әркім де құтылмайды топырақ жазса.

Қыран болмас қанаты қайрылмаған,

Тұлпар болмас тұяғы майрылмаған.

Алладан тағдыр жетіп келгеннен соң,

Кімдерден кімдер жылап айырылмаған?

Беріпсіз, ей, Кәшеке ағаңызды,

Жыртыпты Тәңірі жетіп жағаңызды.

Тәңірім сол қазаның қайырын беріп,

Өсірсін мал менен бас бағаңызды.

ЖІГІТ СИПАТЫ

Жігіт боп гауһар тастай асыл болса,

Әлсізге жаны кілең ашыр болса.

Әрқашан сондай жігіт тәуір болмас,

Бояма шүберектей жасыл болса.

Көзі де, көңілі де соқыр қараңғының,

Несі адам түк білмейтін масыл болса.

Наркескен қайрылмайтын қылыш болса,

Мінезі, ақыл, өнері дұрыс болса.

Бір сырлы, сегіз қырлы болса жігіт

Жорғадай тілі майда жүріс болса.

Ақылды, сабырлы ер деп соны айтамыз,

Еткені берекелі жұмыс болса.

Бұл айтқан ақылымда жалған бар ма?

Көріңдер миға салып бұрыс болса.

Бозбала шамшырақтай панар болса,

Ішінде қалың топтың жанар болса.

Ақиқат адамдықтың белгісі сол,

Су берсең балдай көріп қанар болса.

Ақылсыз кейбіреудің мінезі сол,

Бір сөзді екі қылып жамар болса.

Бұл саған айтқан, досым, өсиетім,

Жүре бер тыңдамай-ақ залал болса.

ЖАСТЫҚ ШАҚТАР

Туған соң анаңыздан шықсаң бірге,

Еңбектеп екі жаста жүрдің төрде.

Үш жаста талпындыңыз үй ішінде,

Төрт жаста қадам басып жүрдің жерде.

Бес өтіп сонда шықтың алты жасқа,

Лайық баққа біткен қиғаш қасқа.

Жетіде талпындыңыз жүйрік аттай,

Сегізде үкілі шоқты тақтың басқа.

Тоғызда толықсыдың туған айдай,

Ләззәтті сөзің тәтті шекер-балдай.

Оныңды сан құрбыңнан озып шығып,

Он бірде жайтаңдайсың тұрымтайдай.

Он екіде екпіндедің жүйрік аттай,

Он үште ешнәрсеге жүрдің батпай.

Он төртте алтын тудай айқындалып,

Әлемге мәшһүр болдың жазған хаттай.

Он бес пен он алтыға бастың аяқ,

Он жеті о да тұр ғой жақын таяп.

Уа, шіркін, қыздың күні он сегіз ғой,

Жанымды қияр едім аямай-ақ.

Он тоғыз, жиырмаға бастың қадам,

Күн шалар көкорай басын күзге таман.

Жиырма бір-жиырма екі қалса кейін,

Ілгері сол жасыңнан ұшпас бағаң.

Келетін мұнан соңғы жиырма үш,

Жиырма төрт қалса кейін ол бір тыныс.

Немене айтып-айтпай фәни жалған,

Артында қала берсе жиырма бес.

Құтқармай жиырма алты о да келер,

Кемуге күн-күн сайын пенде күтер.

Құрысын жиырма жеті, жиырма сегіз,

Жүйрік ат одан асса табады өнер.

Жиырма тоғыз, отыз о да жаман,

Келмейді қайта айналып өткен заман.

Қызықты жас күндерді айтып өттім,

Аяғы осыменен болсын тәмам.

ЖАҚСЫ МЕН ЖАМАН

Көкқұтан мойнын созып қаз болмайды,

Шөл-құмайт көк шалғынды саз болмайды,

Пасықтың пиғылы лас – қараңғылық,

Тұрса да шілде туып жаз болмайды.

Жиылып қарға, құзғын шулағанмен,

Артылып сол қалпынан мәз болмайды.

Жамандар дауда жәрдем бермек түгіл,

Тар жерде басын бақса аз болмайды.

Ит үрер жақсыға да, жаманға да,

Сары алтын жамандаумен жез болмайды.

Серіліп түзге шықса бұққан «ерлер»,

Еліріп отбасында ез болмайды.

Әркімнің өзіне сай қалпы да бар,

Пысықтан ластық мінез тез қалмайды.

Жақсының өзі өлсе де, сөзі өлмейді,

Жаманнан үлгі аларлық сөз қалмайды.

Ер пайдасы тиеді сасқан жерде,

Ел жаңылып етегін басқан жерде.

Жаманға жазатайым ісің түссе,

Жабысып қалады екен аспан жерге.

Тар жерде қолдың ұшын бергенді айтшы,

Екінің бірі мырза тасқан жерде.

Жамандар көре алмаған қылады өсек,

Лайық заманында асқан ерге.

Шапса да қанша жүйрік, бедеу озар,

Болмайды кім үмітті қосқан жерде?

Билер көп төр алдында тасырайған,

Жол табар көсем қайда қысқан жерде?

Дәулетің барда досың толып жатыр,

Тауық көп, тары, бидай шашқан жерде.

Басыңа қиын-қыстау іс түскенде,

Білерсің достың сырын қашқан жерде.

Жігіттің шешендігін дауда сына,

Мақтаған қыран құсты ауда сына.

Қарын тоқта әркім-ақ үйде батыр,

Жігітті батырсынған жауда сына.

Білінер жер жақсысы қыс келгенде,

Көрінер көлдің көркі құс келгенде.

Кімнің алыс-жақыны сонда ашылар,

Басына қиын-қыстау іс келгенде.

ЖІГІТТЕРГЕ

Бір дауа бір тарқасын арман-салтым,

Қалдырдым жігіттерге сөздің артын.

Жақсыға жасын сынап, ашық айтып,

Байлайық тиянаққа істің шартын.

Бұларға үлгі берген ақыл жарқын,

Қымбаттың арзанменен білер нарқын.

Көлденең көмейіме сөзім тоқтап,

Басылған талай жаннан біздің қарқын.

Осындай сөз айтты деп біреуге айтып,

Шығарар оқығандар сөздің дәрпін.

Берерге ғылым жазып адам керек,

Біреу – мыс, біреу – қола, біреу – алтын.

Маңызын салмақтайтын жан табылса,

Айтылмай неге қалсын менің атым?!

Дана, надан – мағынасы – екі түрлі,

Сарғайып сана, жүрек болар салқын.

Оқушым, айтушыдан болсын зият,

Ақыл менен ғылымның білсін парқын.

Астан жілік тістейсің, тойдан ілік,

Шарапатты жақсымен жүрсең жақын.

Сырлы сөз бен үлгілі жауап айтпай,

Надандар қай сезіммен болар ақын?

Мағынасы жолдастықтың қиын жатыр,

Ойласаң әуел бұрын құрбы хақын.

Шын жолдасың сыпайы сырттан мақтар,

Әуелі шын сырласың ішін ақтар.

Көзің жоқта сыртыңнан көмек болып,

Біреуге жамандарға ұят сақтар.

Оқуға жиһат қылған жігіттерге

Азғантай мен жазайын ақыл дәптер.

Ұмытар жақсылығын ерден көрген,

Әрқашан жаман жолдас бастан аттар...

Құл болмас, құны кетпес кішіліктен,

Білімді терең ойлап сөзін саптар.

Ал енді қандай жанда тиянақ бар?

Ойласам, білген адам соны жақтар.

Бір дұшпан көре алмаған жамандаса,

Жете алса, жақсы жолдас сөзін ақтар.

Сыр шашпас жақсы жолдас сөзін ақтар.

Қайғыңа ортақ болар мойнын бұрып.

Тастамас жау қолында қысылғанда,

Өзіңмен жанған отқа бірге кіріп.

Шырқырап шыбын жанын бірге салар,

Мойныңа бір дұшпаннан түссе құрық.

Айнымас, кетпес толқып, жаннан қорқып,

Бәйгеге басын тігіп қалар тұрып.

Құзырға қырық кісінің бірі жарар,

Біткен жоқ қой жақсы адам елден құрып.

Адамға мал мен мансап жолдас емес,

Байлықпен шайқап төгіп ішсең үріп.

Қазына басқан байлық арылғанда

Алғандай қолдың кірін сумен жуып...

Жамандық жақсылыққа бірдей болып,

Жолдасың іші-тыстан болсын жуық.

Шын жүрек, таза тілек табылмайды,

Болмасын сыртқы күлкі, іші қулық.

Құданың бұйырмаған нәрсесіне

Кіріптар боп жүреді адам мұңлық.

Болмайтын өзі жалтақ, сөзі өсек,

Дос қайда айырылмастай тап он жылдық?..

ДҮНИЕ

Дүние адастырар қуғаннан соң,

Шырмайды қол, аяғың буғаннан соң.

Тіршілік – аз күншілік фәни жалған,

Басыңнан қайғы кетпес туғаннан соң.

Қаршыға әлсіз болса қаз болмайды,

Ер жігіт малсыз құлаш жаза алмайды.

Бұл дүние жұртты алдаған бейне базар,

Әр адам өз әлінше базарлайды.

АҚТОҚТЫ

Бұл жерде Сырымбеттей тау бар ма екен,

Малға жай Жекекөлдей қау бар ма екен?!

Селт етіп оң қабағым көтерілді,

Көңілімді қалқам келіп аулар ма екен?

Ақтоқты, бәрекелді, тапқаныңа,

Шекеңе үкіден шоқ таққаныңа.

Құдайдан бұдан артық не тілейсің?

Түсіпті шолақ қасқыр қапқаныңа.

Ақтоқты кеткенің бе шыныңменен,

Тар жерде бал беруші ең тіліңменен.

Дарияның қайраңындай қалқа бала,

Зарланып ән шырқасам мұңым терең.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: ақан сері

Көп оқылғандар