Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

27.07.2018 5023

Ақберен азамат

Ақберен азамат - adebiportal.kz

Қазақ әдебиеттану ғылымының дамуына зор үлес қосқан көрнекті ғалым, ақын Қабиболла Сыдиықұлы туралы бірер сөз

Өмірде өрге шықсам қуанамын,

Көңілімді рахатқа суарамын.

Жанында бір жеңістің жайлап алмай,

Арманның ақ толқынын қуаладым.

Ісім болмай темір, қола, жезбенен,

Алтын, күміс жыр іздеген кезбең ем.

Ақын, жырау, әнші, сазгер, суретші,

Мүсіндедім бәрін сарбаз сөзбенен, -

деп ақын, зерттеуші Қабиболла Сыдиықұлы өзі жырлап өткендей халық жырларының жоқшысының небәрі 60 жыл ғұмыры өзі уәде еткен және сол уәдені өзі мойын жазбай орындаған халық әдебиетінің игілігіне арналған еді. Ғалым ел арасындағы айтылып жүрген, әлі хатқа түсіп үлгермеген ақын-жыршылардың жырларын көрегендікпен зерделеп, қажырлы еңбекпен жинастырды. Ақберен азамат – әдебиет тарихын зерттеуші ғалым, ауыз әдебиеті үлгілері мен халық күйлерін, әндерін жинаушы ретінде әлеуметке кеңінен таныс болатын.

Ғалым туралы әр жылдары жазылған материалдарды саралай келе, бүгінгі жас буынға оның өмірі мен шығармашылығы туралы мәлімет беруді жөн санадық. Сонымен, біздің кейіпкеріміз – ғалым, ақын Қабиболла Сыдиықұлы 1934 жылы 18 наурызда Атырау облысы, Жылыой ауданында (қазіргі Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданының Қарақұм өңірінде) дүниеге келген. 1950 жылы Құлсарыдағы Абай мектебін бітіріп, 1950-1954 жылдары Жылой аудандарында халық ағарту саласында қызмет етті. 1955 жылы Атырау оқытушылар институтының, 1960 жылы Қазақ университетінің филология факультетіндегі қазақ тілі мен әдебиеті бөлімдерін бітірді. Осыдан кейін ол 1960-1969 жылдар аралығында Атырау пединститутында ұстаздық қызметпен шұғылданады. 1969-1982 жылдары М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының кіші ғылыми қызметкері, аға ғылыми қызметкері болып істейді. 1982-1984 жылдары Форт-Шевченконың мемориалдық музей комплекісінің директоры болып, музейдің ғылыми практикалық құрлымына көп еңбек сіңіреді. Алматыға қайта оралып, 1984 жылдан бері қарай өмірінің соңына дейін аталған институтта аға ғылыми қызметкер болып істеді.

Қасиетті Жер-Ананың бір бөлшегі туған жер. Қабекеңе жыр-күй ананың әлдиімен, бесік жырымен сүйекке сіңіп, ерте дарыған. Ол – ән мен жырдың асау толқыны буырқанып жатқан Атырау топырағында өседі. Көненің көзі қариялардың даналық ойлары мен қанатты сөздерін құлақ қойып тыңдайды. Қабиболла шешіліп сөйлегенде апталап, айлап теңіз толқындарына оранып, қайықта немесе ұлан дала төсінде өткізген күндерін шежіредей шертеді екен. Ақынның 1968 жылы жарияланған «Теңіз лебі» өлең жинағында туған жерінің табиғатына сезімі әсерлі-ақ:

Жүйткиді поез асып белесбелді,

Ауылым көз алдыма елес берді –

деген сыршыл да нәзік шумақтар ақын өлеңдерінде аз емес.

Болашақ ғалым бала кезінен-ақ ауылдың ақ шашты ақсақалдарының ел жинала қалғанда ақық сөздерін тыңдайды. Олардың домбырасын шертіп қойып айтатын ақын-жыраулар, батыр-билер, әнші-күйшілер туралы аңыздарын жас кезден көңіліне құйып, жанына сақтап өседі. Кең даладағы еркіндікті, ерлікті бүкіл болымыс қасиетімен түйсініп, пір тұтқан ақын-ғалым табиғат пен ғарыштың өзгеріп тұратын өзіндік құбылыстарын, ақын сезімінен туған өрісті ой, өміршең өнердің мәңгілік жасайтындығын сезіп, соған ден қояды. Ғалым өмір сырын ойға түйіп, санаға жазған дала тарландарының тау-өзендей тасқын жырлары жайлы ой түйгенде: «шамырқанса – көңіл көгі найзағайдай шатырлап, тебіренсе – телегей теңіздей бұрқырап, ақ жаңбырдай ақтарылған ақын, жыраулар халқын ерлікке үндеген, қайғысына қабырғасы қайысып, қуанышына жүрекжарды жыр төккен» - дейді. Ғалымның көптеген ғылыми еңбектерінде ақын-жыршы, жыраулар туралы толғана жазуы бойына табиғаттан біткен ақындық дарынның қасиетінен болса керек. Жылдар бойы бал арасындай архивтен, қаладан, даладан жинаған асыл сөздер қазынасы туралы саралы ойлар арқылы «Қазақ жырларындағы халық дәстүр хақында» деп аталатын кандидаттық диссертацияға ұласты. 1966 жылы Қазақ Мемлекеттік университетінің ғылыми кеңесінде филология ғылымдарының кандидаты дәрежесіне ие болады. Кейбір бойкүйез зерттеушілер сияқты белгіленген тақырыптың аясында тұсаулы аттай кібіртіктеп қалмай, халық ауыз әдебиеті мен әдебиет тарихының асыл қазынасына шындап ден қояды.

Сол құштарлықтың күшімен Қабиболла 1968-1985 жылдары бірде жаяулап, бірде жолай кезіккен көліктерге міне кетіп Атырау, Маңғыстау, Орал, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Тарбағатай, Зайсаң өңірін аралайды. Ерінбей-жалықпай, ұзақ жолдардағы кедергілерден қажымай, ел аузынан ұмытылып бара жатқан көне мұрамызды тағы бір сүзіп өтеді. Ол егінші, малшылар қосында, той-садақалар мен базар-жәрмеңкелерге қатысып, сол алқалы топтардан да әдеби мұрамызды тірнектеп жинай түседі. 1986 жылы Өзбекстан, Тәжікстан экспедициясына басшылық жасап, біраз келелі істер тындырады. Сапар барысында сонау «Ақтабан шұбырынды» заманында елден, жерден бөлініп кеткен қандастарымыздың ортасында болады. Тәжікстан мен Ауғаныстанның шегарасында дейінгі өңірін аралайды. Ерінбей-жалықпай Әмударияның Памирден шығар жерінен бастап Пархар, Пәнджап, Тәжіктің Қаратауында болып, ауыз әдебиеті, ән-күй үлгілерін жинастырады. Сол сапарында өзбек, тәжік жыршы-жырауларының қазақ ақындарына жақындығын көреді. Сөйтіп ғылыми саяхат, сапар нәтижесінде ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып қалған көне мұраларды Әдебиет институты архивіне өткізеді. Бұдан кейін 1987 жылы Маңғыстау сапарына басшылық етеді.

Көргендерінен мол тәжірибе жинақтаған Қабиболла 1989 жылы Түркіменстан, Өзбекстан, Атырау экспедициясына жетекшілік жасайды. Бұл жолы Түркіменстанның Иранға дейінгі шекарасына барып қайтады. Мары, Байрамалы, Небиттау, Ашғабат, Ташауыз, бермен қарай Нөкіс, Шоманай, тағы басқа қала, дала, ауылдарға қатынап, үй иелерімен бір қазаннан дәм тата жүріп, көп жерді аралайды. Ғалым бұл жолыда көптеген ақын-жыраулар өлеңдерін, халық әндерін, күйлерін, ауыз әдебиеті нұсқаларын, түрлі шежірелер әкеліп, тың тарихи деректерді рухани қазынамызға қосады.

Ертедегі Сандыбаттың жеті сапарындай бейнеті мол, әрі қызықты сапарлар ғалымның күш қайратын жани түседі. Аталған экспедицияларға сапарлас болған М.Шапиғов, Т.Гайтов, Ж.Әбішев, Ш.Керімов сияқты ғылыми қызыметкерлер Қабекеңнің кісілігін, әдеби тәжирбесі мол парасатты ғалым екенін әңгімелейді.

Иә, көп жылғы жинау, зерттеу жұмыстары нәтижесінде ғалым «Маңғыстау» (1973), «Октябрь арайында» (1979), «От ортасынан оралмағандар» (1972) сияқты әдеби зерттеу, деректі очерк, тарихи публицистикалық еңбектер жариялады. Бұған қоса, «Қазақ әдебиетінің тарихының мәселелері»(1976), «Ерте дәуірдегі қазақ әдебиеті» (1983), «Қазақ фольклоры мен әдебиет шығармаларының текстологиялық зерттелуі»(1983), «ХІХ ғасыр басындағы қазақ ақындары»(1994) деп аталатын ұжымдық еңбектерге қатысты. Ғалымның өзі құрастырып, яки атсалысқан жекелеген жинақтар «Біржан сал мен ақын Сараның айтысы»(1968), «Ертедегі әдебиет нұсқалары» (1967), Сәттіғұл ақынның «Тоқсан толғауы» (1967), «Ақберен» (1972), «Абай шығармаларының екі томдығы» (1977), «Батырлар жыры» (5,6 томдар), Мұрын жырлаған мұралар, «Қазақ поэзиясының антологиясы» (1992), Қашаған Күржіманұлының «Топан» (1991), Кердері Әбубәкірдің «Қазағым» (1993), «Бекет ата» (1994) сияқты тағы да басқа ақын, жыршы, жыраулардың кітаптары көпшілік сүйіп оқитын қадірменді мұраға айналды. Осындай көптеген кітаптар мен мерізімді баспасөз бетінде жарияланған үш жүзден аса зерттеулері бар. Олардың дені Ақтамберді, Шалгиз, Абай, Абыл, Махамбет, Мұрын, Мұрат, Шортанбай, Қашаған, Қашқынбай, Ақтан, Аралбай, Қарасақал Ерімбет, Әбубәкір, Ғұмар Қарашев, Түмен, Қалнияз, Қайып, Досжан, Өскенбай секілді ақпа-төкпе күйші-жыршы, тағы басқа ақын-жыраулардың өшпес, өлмес мұраларыда институт фонетикасының алтын қорына қосылады. Ал енді ғалым еңбетерінің құндылығы тек осы салада ғана емес, әдебиеттің,өнердің басқа жақтарын қарастырған жалпыға аян. Ол талай мақлаларында, «Маңғыстау» аталатын кітабында Орта Азия сәулет өнері дәстүрімен тамырласып жатқан Маңғыстаудың сәулет мұралары, көне сәулетшілері туралы да байсалды әңгімелегенін көреміз.

Қ.Сыдиықов еңбектерінің бағалылығы туралы академик Қ.Жұмалиев, профессор Т.Нұртазин, әйгілі әдебиетші Е.Ысмайлов, ғалым-жазушы З.Қабдолов, Қазақстан Ғылым академиясының корреспондент мүшелері Ы.Дүйсенбаев пен Ә.Дербісалин, ғалым-ақын С.Сейітов сияқты республикаға есімдері аян қайраткерлер құнарлы пікірлер айтқан.

Сөйтіп, Қ.Сыдиықов қазақ әдебиетінің қазақ төңкерісінен бұрынғы тарихын зерттеуде елеулі істер атқарды. 15-18 ғасырлардағы қазақ ақындарының сондай-ақ калссик ақынымыз Абай шығармашылығының ғылыми басылымдарын дайындап, шығарысуға, зерттеуге атсалысты.

Оның «Шалгиіз жырау», «15-18 ғасырлардағы ақын-жыраулар мұрасының көркемдік ерекшеліктері», «Абай қара сөздері хақында» деп аталатын зерттеулеріде ерекше назар аударады.

Қ.Сыдиықов Ұлы Отан соғысында қаза тапқан боздақ ақын Далабай Жазықбаев пен дарынды журналист Секер Айтжанов шығармаларын жинап, олар туралы да соны деректерге толы толғаныстар жариялайды.

Қ.Сыдиықұлының ғылыми зерттеулері «Ақын-жыраулар», «Дала жыршылары», «Көркемдік өрнектері» аталатын монографияларында жинақталған. Бұл кітаптарда ол ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басында Қазақстанның батыс өңірінде өмір сүрген ақын-жыраулардың шығармашылығына жан-жақты талдау жасайды. Көркемдік ерекшеліктеріне тоқталады, идеялық-тақырыптық сарынын пайымдайды, әрқайсысынң өзіндік стилін анықтайды, халық поэзиясын, дәстүрмен сабақтастығына, даралық сипатына кеңінен тоқталады. Автордың бұл зерттеулері қазақ әдебиетінің тарихын жүйелеп толықтыра түсуге елеулі үлес болып қосылды (Серікқалиев З. Халық жәдігерін жинаушы// Егемен Қазақстан, 20 мамыр 1994)

Айталық аймақ әдебиеті, әдеби орта идеясын қазақ топырағында М.Әуезов, Қ.Жұмалиев, Ә.Марғұлан, Е.Ысмайлов, М.Ғабдуллин, Ы.Дүйсенбаев, З.Ахметов, О.Нұрмағамбетова алғаш сөз еткен болса, оны Қ.Сыдиықұлы нақты деректермен дәлелдеді десек, артық айтқандық болмасы анық. Анығы сол – бұрын-соңды жарияланған Атырау аймағы ақын-жыраулар мұралары Қ.Сыдиықұлы тарапынан молықты. Абыл мен Махамбет, Шернияз бен Ақтан, Нұрым мен Сүгір, Қашаған мен Жаскелең, Нұрпейіс пен Мұрын, Ығылман мен Аралбай ақындығы, жыраулық үлгілері Қ.Сыдиықұлы арқылы нақты сипатталды. Сондай-ақ бұл аумақтың әнші-ақындары Ауқат пен Хиса, айтыскер ақындар Жаскелең мен Бала Ораз, Жібек пен Білек қыз мұраларын, ұзақ жырлауға төселген жыраулардың құнарлы шығармашылығын қалың қазақы қауым игілігіне жаратқан да осы Қабекең болды.

Ол өзінің жоғарыда аталған құнды еңбектерімен әдебиетке шексіз жаңалықтар әкелді. Батыс жырауларын бүкіл елге бар нәрімен, бар сазымен таныту Қабиболланың әдеби бағыты творчестволық төңкерісі. Бұл қазақ әдебиеті тарихының жаңа беті. Қабекең қаламы мен қағазын, магнитофонын үнемі арқалап ел адамдарының аузынан шыққан асылдардың бәрін терумен жүрді. Осыған өзі қатты қызықты. Ал шынында қандай азап! Ол мұны азап деп білмеген, рахат деп есептеген. Әр жырды, аңыз-әңгімені, ән-күйді тапқан сайын қуаныштан жүрегі жарылған. Маңғыстаудағы сал-сері, жыршы-жыраулардың өмірі, тарихы, ақындық зертханасы, шеберлік мектебі, мәдени-тарихи дәстүрлері, әдеби ортасы, шығармашықтарының жариялану тарихы, текстологиясы, көркемдік әлемі, заманмен, уақытпен, ұлттық тарихпен байланысты ата-тек төркіні, тақырыптық ауқымы, жан-жақты талданып ғылыми айналымға түскендігіне, қазақ-ноғай поэзиясындағы ұқсастықтарды, өзара айырмашылықтарды саралап, сараптағандығына тоқталу – алғаш Қабиболла Сыдиықұлының ғана қолынан келді.

Ол жыраулар дәстүрінің Батыстағы жеті мектебінің бар екенін ашты. Оған батыл айтуға әр дәстүрдің сөз саптауы, сөз мәнері, айту әдісі, жырдың құрылысы, көтерген мәселелері көмекке келді. Дәстүрдің басында кім тұрғанына дейін, жырлаушылар кім, жалғастырушылар кім екенін айту – тек ғана Қабиболланың үлесіне тиген бақыт. Осындай қыруар еңбек етіп, тың дүниелерді ашқан Қабиболла неге докторлық диссертация қорғамады деген сұраққа Қадыр Жүсіп мынадай себеп айтады:

«1. Қабекең кандидаттық дәрежесін докторлықтан кем көрмеді, соған қанағат етті.

2. Қабекеңнің докторлық қорғауға уақыты да болмады.

3. Қабекеңнің бір ғана «Ақын-жыраулар» деген еңбегі үшін және барлық еңбектерін қосып есептегенде бір емес, екі-үш докторлық атақ беруге лайықты.

4. Бір жағынан денсаулық та кедергі болса керек.

5. Бірақ, бәрібір, Қабекең он доктордың істейтінін жеріне жеткізіп істеп кетті.

6. Оған докторлық қажет те болмаған шығар, ол табиғатынан ғұлама болып, кемеңгер болып жаралған. Ғұлама мен кемеңгерге формальді атақ неге керек?»( Жанаев Т. Айырдан туған жампоз еді// Маңғыстау, 19 қыркүйек 2009).

Қабиболла Сыдиықұлын ескен алғанда Бақытжан Хасанұлы «Қабекеңді әңгімешіл деп айта алмаймын, бірақ кейде үзік-үзік әңгімені айта салатын. Әрине, тегіннен-тегін ақтарыла бермейтін еді, егер сен де бір құлақ асатын жақсы сөз айтсаң, сонда ғана суыртпақтап сыр ашатын», - деп толғанады (Хасанұлы Б. Көсем тілді Қабидің қос тұғыры//Асыл сөздің жоқшысы. – Алматы; Арыс, 2009). Ғалым аз сөйлегенімен, ұлан-қайыр құнды мұраны жинап-теріп халық игілігіне аманат еткен еді.

Кең ойлы, кемелді пікірлі ғалым Қабиболламен пікірлесе қалғанда «Қайран Шығыс! Түркілер поэзиясы әдебиетіміздің түп атасындай, ортақ мұрамыз ақын-жыраулар мұрасының бастау қайнаркөзі солар ғой» деп тебіренеді екен. Бұл ойының өз зерттеулерінде айтып та, жазып та келеді.

Осының айғағы 1991 жылы Жалын баспасынан шыққан ақпа-төкпе ақын Қашаған Күржіманұлының «Топан» кітабының алғы сөзіндегі сөйлемдерге жүгінейік. Ол:«Қашағанның ақындық қуаты ежелгі шығыстың халықтық мақал-мәтелдерін орынды қолдана білуімен қатар, өз жанынан да ақыл-нақылдық, мақал-мәтелдік сөйлемдер құрауы еді:

Пірдің тірі бәсіде мың ділдә,

Өлсе, тері бәсі де мың ділдә!

Шын ақын еш уақытта қадір бағасын жоймақ емес! Ұлыға өлмек жоқ дегенді білген. Мысал мен ғибыратқа толы бұл толғаулар Қашаған талантының айқын куәсі». Зерттеуші айтқандай, шалқыта, шабыттана толғайтын Қашаған ақын бұл жерде шығысқа тән ерекше исламиятты терең түсінетіндігін қарапайым екі екі жолмен-ақ дәлелдеп отыр. Біз үнді ертегілері, аңыздары мен аударма мақал-мәтелдеріне көз жүгіртсек, ұлы философ Шәкәрім өлеңдерінде де осы жолға тән ұқсастық, үндестіктерді көреміз.

Зерттеуші шағын ғана жиырма бес беттік мақаласын да Қашағанға әр қырынан қарайды. Ең әуелі оның өлеңдерінің көркемдік ерекшеліктеріне мән береді. Оны қазақ ақындарының арасынан экология тақырыбына алғашқы қалам тартқан «Топан» поэмасы зерттешілердің аузына түспегені соны жәйіттерді байқатады. Ғалым айтса айтқандай «Топан» халық мұңын шертетін әлеуметтік мәні зор оптимистің рухтағы күрделі шығарма. Біз «Топан» поэмасын оқығанда Қашағанның Шөже, Сүйімбай, Марабайлар сияқты қазақ поэзиясында шашасына шаң жұқтырмайтын сәйгүліктей тарлан ақындардың бірі екендігін көреміз. Зерттеушілердің ауызекі сөзбен айтсақ, Қашаған екеу емес, үш екені тел емген тел қозы, ақ марқадай арқалы ақын. Оның атағы Қазақстанның аймағына ғана емес, Орта Азия республикаларына, Ресейдің бірқатар облыстарына, Иран, Ауғаныстан, Түркиядағы қазақтар арасында кең тараған. Ақындық қуаты Кәспидей терең, Жайыықтай мол жайылып аққан Қашаған сөздерін ел аузынан, архивтен шөпшектей теріп, түбегейлі жинаған зерттеуші Қабиболла Сыдиықұлы болатын.

Қазақтың жыраулық, жыршылық дәстүрін одан әрі қарай тереңдетіп, шығысқа тән жазба әдебиет жәдігерліктерінен өнеге алған Әбубікір шығармашылығы дін, инабаттылық мәселелерін насихаттаумен, әрі сол уағыздарын ақындық шабытпен еркін жеткізумен ерекшеленеді. Бір қызығы Әбубәкірде қазақ өлеңдеріне тән шеберлік белгілердің барлығы жеткілікті. Ол қазақтың төбе билеріндей еркін сөйлейді. Кітаптың соңғы беттерінде «Кердері Әбубәкірдің шежіресі», «Алты алаш шежіресі» дейтін екі шығармасында да ақын білімдарлықпен толғайды. Енді бірде діни мифологиялық ойларны терең фантастикалық элементтер, драмалық көріністер арқылы әсерлі суреттейді.

Сібірдің қазіргі әйгілі жазушысы В.М.Шукшин айтқандай: «адамгершілік дегеніміз – шындықты кезінде айту». Рас, Кердері Әбубәкірдің өмірден көріп түйгенін баяндауда да философиялық ойлардың ұтқыр, ақылман серке сөздерін, замана оқиғаларын жаңғыртыпайтатын сәттерін пайымдауда зерттеуші айқын да ашық, пікірлер толғаған. Әбубәкірдің кейде жыраулар мінген сәйгүліктей құйғытса, енді бірде сауырынан су төгілмес жорғадай он бір буын қара өлең үлгісімен жорғалай жөнеледі. Оның өлеңдері кейде қоғамдық ортаға бағынбай жатады. Ақын түсінігінше, поэзия мәңгілік, тек өз ана тілімен ғана гүлдене алатын ұлттық рухын мол сезінеді. Өйткені Әбубәкір өз қандастарының ұлттық бірлігін көксеген ақын.

Мәселен, ақынның «Ноғайлы халқына насихат қылып айтқаны» атты ұзақ өлеңінде ауызы дуалы, сөзі киелі көреген болжампаз сәуегей ақын екендігіне еш шүбә жоқ. Ақын түбі бір туыс халықтардың: қазақ, ноғай, өзбек, қарақалпақ, түркімен ұлттарының арғы тегіне тоқтайды. Адам ата, Хауанадан бастап айта келіп, «Күншілдік пайда болмас харамдықпен» дейді. Ол қараңғылық, надандықтың құрсауынан шығу үшін дүниеге әртүрлі өнерді білуге ден қояды. Барша қазақ баласының орыстың ұлы Петріндей ақылды, саясаткер болуына үндейді. Ақын батыс пен шығыстың өлеңін таныстыра келіп, орысша, мұсылманша тіл білсеңіз дәулетіңіз судай тасып, тұрмысыңыз жақсарады дейді. Кітаптың соңында белгілі шығыстанушы ғалым Мақсұт Шафиғов екеуі көптеген араб, парсы сөздерін қазақшаға тәржімалаған.

Сыпайы мінез, сырлы сөз Қабиболла кейде әлі ашылмай жатқан қазынаға ұқсайды. Оның айғағы 1992 жылы «Рауан» баспасынан жарық көрген «Көркемдік өрнектер» атты кітабында эстетикалық тағылымы зор, танымы мол қуатты ғалым екенін дәлелдейді. Бәз біреулердіей өзін-өзі жарнама жасау ғалым табиғатына жат нәрсе. Зерттеуші Әбубәкір жайлы сөйлесе саусақ тиген домбыраішегіндей күмбірлей жөнеледі. Ғалым жыраулар жайлы салиқалы ойларының оннан бірін ғана қағаз бетіне түсірген.

Әдебиет пен мәдениет саласында Қ.Сыдиықұлы еңбектері жөнінде «Правда» (13.ІХ.1968), «Социалистік Қазақстан» (16.ІХ.1973), «Лениншіл жас» (24.І.1975), «Қазақ әдебиеті» (8.Х.1973), «Қазақстан мұғалымы» (31.І.1975) сияқты мерізімді бапасөз беттерінде жақсы пікірлер айтылды.

Қабекең бақилық болғаннан кейін шыққан ірі кітаптың бірі – «Атамекен» (Алматы, 2001). Бұл еңбекті Маңғыстау, Атырау өңіріндегі қасиетті орындар мен халық бытырлары, әнші, күйшілері мен жыршы, сазгерлері мен алуан түрлі айтулы тұлғаларды жыр еткен толғаныстар деген абзал. Бұл еңбекте қос тұлға қонған. Олардың аты да, заты да Атамекен(«Қасиетті ата-жұрт» бөлімі) мен Адам(«Есімдері ел есінде» және «Өнер өрісі» бөлімдері).

Қабекеңің өндіріске тапсырып кеткен және бір кітабы – «Кәспи қайраңы. Киелі өнер» (Алматы, 2001). Бұл басылымда Каспидың қазақстандық аймағының өнер ерекшеліктері мен дарынды дүлдүлдер бейнесі үш тілде – қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде сомдалған.

Қабиболла Сыдиықұлының осындай үлкен еңбектер атқаруына жәрдемші болып, жігерлендірген оның жан жары Гүлшат есімді жер жаннаты Жетісудың аруы еді. Ғалым ел аралап ұзақ сапарларға шығып жыр жауһарларын жинауға кеткенде, артында қалған үйне алаңдатып, ойын бөлдірмей, оның жапалы жұмыстарына дұрыс көзбен қарап, келген қызметтес жолдастарын құшақ жая қарсы алған да осы ғалымның жан жары еді. Экспедициядан экспедицияға жалғасқан ақын өмірінің бір дәйегі ретінде Өтегенов Айтуардың мына бір сөзінен мысал келтіре аламыз: «Абыл мен Қашаған бастаған сөз зергерлерінің аруағын тірілту үшін: «Гүлшатжан, сені жалғыз қалдырдым, ақындар мен жыраулардың аруақтарына бола», - деп Маңғыстауға тартты ол. Ағамызға еріп келген Алматының аруы амалсыздан көзінің жасын көл қылып, Атырау қаласында қала берді», - дейді (Өтегенов А. Көмілген қазынаны халқына қайтарған// Қ. Сидиықұлы туралы. - Алматы; Қазақпарат, 2013). Апталап, айлап сыртта жүретін Қабиболланың бағына жолыққан Гүлшат та отбасы, ошақ қасынан аса алмаған адам емес. «Көрнекті ғалымдар М.Арынов, Ә.Хасенов, Қ.Жасымбетов, Ш.Сарыбаев, С.Қирабаев сияқты профессорлардың дәрісін тыңдап, тәрбиесін үйренген Гүлшат жеңгеміз зиялы, білімді қазақ қызы болатын. Оның үстіне ол кезде өте сирек кездесетін шет тілінің маманы еді». Міне осындай білімді де, ойламды қазақ қызы, қазақ келіні ғалым қайтыс болған соң да оның баспадан шығып үлгірмеген бағалы еңбектерін жариялауға ат салысып, ғалымның артында қалған құнды мұраларының иесі болып қызғыштай қорғап отыр.

Ғалымнан мол ғылыми мұра қалды, аймақтық алтын қазына іспеттес. Батыс аймағының ақын-жыраулар мұрасын жинап, жариялады, сол арқылы олардың шығармашылығына әдеби мұра статусын алып берді. Батыс аймақ ақын-жыраулары шығармашылығын ең көп қамтылған әрі тиянақты зерттеуде алдыңғы қатарда Қабекең тұрған болар. Иә, Қабиболла Сыдиықұлы – алдымен қазақ ақын-жырауларының мұраларын жинаушы. Осы тақырыпта оның алғаш дәріс алған ғалымы Мұқтар Әуезов пен ақыл-кеңес берген Ханғали Сүйіншәлиев болатын.

Шығармалары халық көңіліне ұялап, ел игілігіне айналған ақын, ғалым үшін бұдан асқан зор бақы, одан өткен мерей, болуы мүмкін бе? Өмірі де, ғалымдығы да көпке үлгі боларлық Қабиболла Сыдиықұлының дәстүрін болашақ ғалымдар одан әрі жалғастыра берсе нұр үстіне нұр болмақ...

Жарқын ӘЛІ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар