Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Ақберен Елгезек: «Абайдың ұлы жұмбағы» қалай түсір...

20.05.2016 4193

Ақберен Елгезек: «Абайдың ұлы жұмбағы» қалай түсірілді?

Ақберен Елгезек: «Абайдың ұлы жұмбағы» қалай түсірілді? - adebiportal.kz


 


 

Мен ылғи түсімде бақилық сапарға аттанып кеткен бабаларды көрем, ағаларды көрем, замандарды көрем. Сондай бір түстерімде ең көп көрген адамым - ұлы Абай болатын.


 

Әлгіндей бір тылсым түсімде былай болған: Ауылдың ту іргесінде қыздың күміс белдігіндей сылаң қағып ағып жатқан Бақанас өзеніне бір топ күнге күйіп кеткен, шибұт бала мәре-сәре боп шомылып жүрміз (ШҚО, Шұбартау. Шыңғыстаудан бастау алатын өзен).


 

Бір заматта жағалауға шапанын желбегей жамылып Абай атам кеп тұр екен деймін. Күлімсірееееп, бізге қызықтап қарап тұр. Бірден таныдым. Абай!


 

Бірақ, өзім бала кейпім. Ап-арық, жеп-жеңіл тәнімді де сезіп тұрмын. Жағаға суды шалпылдатып атып шығыппын. Су-су қолымды Абай атама соза бере:


 

- Ассалаумағалейкум, Абай ата! - деймін.


 

- Үәғалаейкүмәссәләм!" - дейді екен жарықтық.


 

- Абай ата, сіз қайдан жүрсіз, сіз өліп қалған едіңіз ғой? - деймін (қайтқан адамдарды түсімде анық ажыратамын, қызық осы).


 

- Өй, пәлі, адам деген өлмейді ғой! - деп ұлы кемеңгер кәдімгідей кеңкілдеп тұрып күледі екен деймін. Басымнан сипап: адам өлмейді, балам деп тағы күледі.


 

Күлгені әлі күнге дейін құлағымда. Бүкіл денесі селкілдеп тұрып күледі дерсің! Бір ғажайыбы - Абай атамның өн-бойынан ғаламат нұр төгіліп тұр. Жып-жылы, мың құбылған сары-көкшіл нұр екен деймін. Жүзінен де, көзінен де сөзбен жеткізе алмайтын бір шексіз мейірім, сондай жұмсақтық есіліп тұр ғой, шіркін!


 

 

***

 

Бұл осыдан бірсыпыра жыл бұрын көрген түсім еді. Ырымшыл қазақпыз. «Аян ба, не үшін, не істеуім керек?» деген сауал-ойлар маза бермейтін болды. Жидебайға жылда болмаса да, жол түссе қуана баратынбыз. Дұғаларымызды күбірлеп, бет сипап шығатынбыз. Бірақ ондай зияраттың барлығында адам мұндай түс көрмесе керек-ті...


 

Содан бері уақыт өз ағымымен сырғып өтіп жатты. Дәлірек айтқанда, тоқтап тұрған уақыттың ішінде біздің өзіміз мәңгілікке қарай жылжи беріппіз. Сол бейберекет, мағынасыз жылжу, көңілге аса қанағат сезім сыйлай бермеуші еді.


 

Дегенмен, әділін айтуымыз керек, бұрыннан Абайға ынтық көңіл бізді ұлы шайырды тереңірек тануға, өлеңі мен қарасөздерінен беймаза жанымызға тыныштық іздеуге итермелеген еді.


 

Сол шақтардан бастап, ұлы ақынға қатысты жазылған (қолға түскенін) дүниелерді салғастыра оқып, шама жеткенше ой түйіп, таразылағандай болдық. Абай әлеміне біртіндеп ене бастағандай сезіндік. Бірақ, бұл да аздық еткендей.


 

Тәңірі, әсілі, шебер ғой! Астанада Елбасының бастамасымен құрылған Мемлекеттік тілді дамыту қоры барын білесіздер. Сол қорды Азат Шәуеев атты парасатты, ұлтжанды қазақтың азаматы басқарып отыр.


 

Азекең былтыр хабарласып, Мемлекет Басшысына Қытайдың «Жібек жолы бейбітшілік сыйлығы» тапсырылды, ел Президенті сол сыйлықтың қаражатын әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға жұмсауға шешім қабылдап отырғанын айтты.


 

Кемеңгер бабамыздың биыл 170 жылдығы, осыған бір әдемілеп тұрып бір сайт жасасақ, басқа көзқарастағы бір деректі фильм түсірсек деп ұсыныс жасады.


 

Қуанғанымды көрсеңіз! Және ең бастысы, басқа-басқа маған сондай ұсыныс жасағаны - таза Аспанның шаруасы деп бірден түйсіндім. Түйсіндік те, қолма-қол жобаны қағазға түсіріп, іске асыруға кірісіп кеттік. Алдымен, бір тобымыз Abaialemi.kz порталын жасақтауға жұмылдық. Екінші бір тобымыз айтылған фильмді түсіруге аттандық.


 

Фильмге Мекемтас Мырзахметов бастаған Тұрсын Жұртбай, Ғарифолла Есім, Омар Жәлел сынды ірі абайтанушыларды тарттық. Ол кісілер сөзімізді жерге тастамай күннің ыстығына қарамастан Жидебайға келді. Керемет әңгімелер айтты. Бәрін фильмге беру мүмкін болмады. Оны түсінесіздер. Теленұсқасы ұзақ болмауы тиіс, өйткені. Бірақ біз 1,5 сағаттық фильм жасамақ болғанбыз. Сыймады бәрі. Фильм «Білім және мәдениет» телеарнасынан бірнеше қайта көрсетілді.


 

Қысқасы былтыр суреттер салып, не істеп жүргенімді кейін айтамын деп едім, соны айтып отырмын.


 

Осыны пайдаланып, Абай атындағы порталды жасақтаған Қайсар Қауымбек, Айбол Исламғали, Шерхан Талап ақын бауырларыма, осы порталдағы тұрған барлық құнды материалдарды берген Алматыдағы Ұлттық кітапхананың директоры Әлібек Асқаров ағама және оның ұжымына, қолында барын аямай берген Мұрат Әуезов ағамызға, Астанадағы «Абайтану» орталығы жобасының жетекшісі - ақын Алмахан Мұхамедқалиқызына рахметімді айтуға тиіспін.


 

Сондай-ақ фильмнің сапалы түсуіне көмектескен семейлік барша ағайынға, оның ішінде Жандос Әубәкір мырзаға, әртүрлі кейіпкерлерді шеберлікпен сомдап шыққан Абай атындағы Семей және Бикен Римова атындағы Талдықорған театрларының актерлеріне, Семей театрының директоры Яков Горельников мырзаға, түсірілімнің басы-қасында жүрген түсіруші топқа, техникалық жұмыстарды атқарған азаматтарға және өз ризашылығымды білдіремін.


 

Осы фильмнің түсіру барысында менің қиқар мінезіме көндігіп, осы жобаның сәтті іске асуына менен бетер алаңдаған, фильмнің мәтінін қанша түндер ұйықтамай, бірлесе отырып жазысқан, фильмнің драматургиясын жасаған Дина Елгезек қыздарыңызға риза екенімді алқалы жұрттың алдында айтқым кеп отыр.


 

Ал, енді елге қажет һәм маңызы зор жобалардың дүниеге келуіне мүмкіндік берген Елбасымызға деген алабөтен ризашылығымыз әрине шексіз.


 

Аталған жобалардың іске асуына барлық жағдайды жасаған Азат Шәуеевке көп-көп рахметімді айтамын.

https://www.youtube.com/embed/oLNIxRK9xJs


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар