Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Ақеділ Тойшанұлы. Диуанабәйіт ...

12.04.2019 14253

Ақеділ Тойшанұлы. Диуанабәйіт

Ақеділ Тойшанұлы. Диуанабәйіт  - adebiportal.kz

Салттық өлеңнің ескі үлгісі

Тұңғыш Президенттің бастамасымен жүзеге асқан «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бір топ ғалымдары 2012-2013 жылдары Ресей, Моңғолия, Қытайдағы қазақтар арасында экспедициялық сапарда болған еді. Осы ғылыми сапарда ұмытылып жоғала бастаған қазақ фольклорының байырғы үлгілерін жазып алуға мейлінше мүмкіндік туған болатын. Сондай соны үлгінің бірі – «Диуанабәйіт».

Ғұндар заманынан жал­ғас­­қан бақсы типі ислам ді­ні­­нің ықпалы ел арасы­на дендеп күшеюіне бай­ла­ныс­ты кедергіге ұшы­рап, санадан біртіндеп ығыс­ты­рылып, бақсылықтың кей­бір жұрнақтары кейіннен мұсыл­мандық жоралғылармен қабы­сып-жымдасып өмір сүрген болатын.

Дәл осы өлара кезеңде ислам дінінің жұрт арасында кең жайылып, санаға сіңуіне үлес қосып, екінші жағынан ескі­лік­ті бақсылықтың жұрнағын жаңа бояумен әрлеп, әрі қарай басқаша тұрпатта жалғас­ты­ру­ға үлес қосқан ерекше рухани дәнекерші тұлға болды. Ол – бүгінге дейін лайықты зерттелмеген Диуана типі.

Осы тұрғыдан көне наным-се­німге қатысты ғұрыптық үл­гі­­­лерді жіті тексергенде диуа­­налар айтып жүретін фоль­клордың тағы бір жанр­лық түріне негіз болатын соны үлгі табылды. Ол – «Диуанабәйіт» өлеңі.

Әдетте диуанабәйітті ел ақтай­тын кезбе диуаналар айта­тын болған. Оның мәтіні тура­лы алғаш пікір білдірген – алаш зиялысы Отыншы Әлжанов.

Ол «Бақсылардың қылған кәсібін диуаналар да қылады. Бұлар мұсылмандықтың жөнін айтып жүруші еді. Қаріп-қасір жетімдерге ақылды сөздер айтып һәм өзге жәрдемшілік қылар еді. Дуаналық әуелі Шайқы-Бұрқы диуанадан үлгі болып қалған еді. Осы уақыт­та­ғы дуаналар Шайқы-Бұрқы дуанаға сыйынады. Дуаналар сыйынғанда «Шайқы-Бұрқы диуана пірім, қолдай көр» деп сыйынады» деген мәліметті «Дала уалаяты газетінде» жариялайды.

Бұдан байқайтынымыз, қазақта бақсының пірі – Қор­қыт болса, диуананың сыйынатын иесі – Шайқы-Бұрқы диуана.

Бізге жеткен «Диуанабәйіт» өлеңдерін тексергенде оның адамдарды емдеу, құмалақ ашу, бата беру, отбасында тату-тәтті болуды, ата-ананы сыйлауды, әдептілікті сақ­тау­ды дәріптеп, ғибрат айту, ислам дінін насихаттау секілді қызметтер атқаратыны көрініс тапқан.

«Диуанабәйіт» әдетте «Ах, пәледен қақ, Диуана келсе есiктен, Пәлекет қашар тесiк­тен», деген дәстүрлі жолдармен басталады.

«Диуанабәйіт» өлеңінде диуана­ның мақсаты, іс-әре­ке­ті, мінез-құлқы да көрініс тап­қан. Сонымен бірге оның шайтанды қуып, пәле-жаланы алас­тап, елді имандылық пен хақ жолына, татулық пен береке-бірлікке үгіттеп, аса­тая­­ғын сылдырлатып, рәсім орын­дап жүргені бейнеленеді.

Қызырдың алып батасын,

Мұсаның тұттым асасын.

Шарапат бар бойымда,

Бәлекет-шайтан қашатын.

Бақыт берсiн жұртыма,

Бағы шалқып жататын.

Ах, пәледен қақ!

Диуана дүниеден безініп, құдай жолында құлшылық етіп, ел кезіп, өзіне тән ешқан­дай меншік зат иеленбей, құр алақан өмір сүруге бекінген тақ­уа адам деуге болады. Мәш­һүр Жүсіп Көпейұлы Шай­қы Бұрқы диуананың қырық күн, қырық түн шыр­кө­белек айналып, шыңнан секірсе де жерге құламай аман түсетін қасиеті болғанын жазады. Жалпы, диуана, дәруіштер шыркөбелек айналып билеу арқылы ләззат алып, Жаратқан иенің дидарын көруге ынтық болады деген ұғым бар.

Дастандарда Шайқы Бұрқы – адам баласына жанашыр, тақуа, таза құлшы­лық иесі, сол себептен де Құдайдың сыйына бөленген, Жарату­шыға тілек­те­рін орын­дата алған ерекше жан иесі бейнесінде су­рет­те­леді. Ол түрікмен, өз­бек, тә­жік, татар секілді халық­тар­дың барлы­ғында кез­де­­седі. Борх диуананың есімі Мұса пайғамбардың замандасы және ол Құдайдан жаңбыр тілеп жауғызған керемет иесі ре­тінде бейнеленген дерек бар.

Ал, диуанабәйітте «Мұса­ның тұттым асасын... Шайқы-бұрқы диуана, жын шайтанды қуала» деп диуаналардың түпкілікті пір иелері Мұса мен Шайхы Бұрыққа қатар сыйынуының тарихи терең мәні бар секілді. Диуананың асай-мұсайы деген сөз орамы олардың қолындағы аса таяқ Мұса пайғамбардан қалған мирас дегенді білдіреді.

Диуана басына аққу терісін бітеу сойып киеді, қолында аса таяғы бар, қоржынында дәрі-дәрмек, асай-мұсайы бар, ел ақтаумен күн көреді. Оның бұл қызметтері «Диуанабәйітте» суреттеледі: «Диуана келді асалы, Жын-шайтан көрсе қашады».

Диуананың басына аққу терісін киюі – Сібір түр­кі­­лерінің шамандығын елес­те­те­ді. Ол бал ашады, сәуегейлік таны­тады, жын-шайтанды алас­тап қуып, тілек тілейді. Бір сөзбен айтқанда, оның ерек­ше үлгідегі киім-кешегі, сыр­лы жүріс-тұрысы, жұмбақ тір­шілігі, асатаяқ сылдыры ырғағымен айтатын нақыл ғибратқа толы өлеңі сақара жұртын қайран қалдырып, аузын ашып, көзін жұмдырған. Оның осындай кейіп-кеспірі өлеңде айқын көрініс табады: «Аққу кидім басыма, Киелі құстың терісі».

Қазақ диуанасы әдептілік пен татулықты ерекше дәріп­теп, бата беріп, түс жорып, қыр­­сықты қуатын дуагөй жан екені байқалады. Аға­й­ын арасын­дағы алауыз­дық, шаңы­рақ­тағы келін мен ене­нің қаты­на­сы, дүние­қоң­ыз­дық пен ұрыс-жан­жал оның өлеңінен шет қал­майды, ол бұл пәниде бере­ке-бірлік сақтауды үгіт­теп, қауымның әлеуметтік-психо­логиялық түйткілдерін шеше­тін адамгершілік негіз­дер­ді уағыздайды, өлеңін әрда­й­ым орамды бата-тілек­пен көмкеріп отырады.

Ашкөз болса, пейiлiң,

Иманың қашар терiстен.

Ұрыспай өткен пенде бол,

Ұялмай қайта көрiскен.

Татулығың табылмас,

Тай-құлындай тебiскен.

Қазақ диуанасы елді ізгілік пен хақ жолына үндеумен бірге тек қана дінді насихаттамай, отбасының өнегелі, инабатты болуына тәлімгерлік уағыз айтатындықтан қасиетті саналып, ел аузында нақыл өлеңдері сақталып қалуына негіз қаланған. Оның өлеңдері бақсы сарыны секілді тек қана жын, аруақ, пері тәрізді арғы әлемдегі құпия рухтармен тілдеспейді, кәдімгі тұрмыс-тіршіліктегі қарапайым адам өміріндегі ахуалдарды шынайы суреттеуімен маңызды:

Ұмытып Құдай, тәубеңдi,

Ұмытсаң ата-анаңды,

Қырсығың мiнiп желкеңе,

Шулатсаң қатын-балаңды,

Сайтан келiп мәз болып,

Ажыратар араңды.

Осыны ойлап пақырың,

Ел аралап ақырын –

Айтып келем, «ел ауған»

Әулиелер ақылын.

Алайда «Диуанабәйітте» ең негізгі түйін – бұл пәни жалғанда нәпсі күнәдан тыйылып, түпкі мақсат – о дүниеде нығметке, сауапқа бөлену:

Дүние қумас жақсылар,

Жамылған жалғыз

матасын.

Кешiре гөр, тәңiрiм,

Пәндесiнiң қылған

қатасын?

…Адал болсаң тартарсың,

Сыйлы орында жемiстен.

Алла жар боп мақшарда,

Табысайық пейiштен!

Қорыта айтқанда, көне на­ным-сенімге қатысты ғұрып­тық фольклорды жүйелегенде стадиялық тұрғыдан бақсы сарынынан кейін «Диуанабәйіт» өлеңі орын алуға лайықты жанр­лық түр екендігін ел ара­­­сына таралған үлгілер дәлел­де­ді.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар