Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Ақылбек Шаяхмет. Ешкімге өлең сөзде дес бермеген...

14.09.2018 4637

Ақылбек Шаяхмет. Ешкімге өлең сөзде дес бермеген

Ақылбек  Шаяхмет. Ешкімге өлең сөзде дес бермеген - adebiportal.kz

ХІХ ғасырдағы көрнекті қазақ ақындарының бірі Өске Торқаұлы (1788–1857) Қостанай облысының Қарабалық өңірінде туып-өскен. Қарабалық қыпшақ (оның ішінде Танабұға) арасында ғұмыр кешкен. Ақынның бірлі-жарым өлеңдері кезінде «XIX ғасырдағы қазақ поэзиясы» және «Бес ғасыр жырлайды» жинақтарында жарық көрді.

Өске жастай ата-анасынан жетім қалып, қарабалық ішіндегі Қазыбай бидің қолында өседі. От ауызды, орақ тілді ақын кейінірек Қазыбайдың бел баласы Наурызбай биге де туысым екен деп жалпақтамай, өзін танымай қалып, сый-құрмет көрсете алмаған әйелінің мінезін бетіне айтады.

Ассалаумағалейкум, би Наурызбай?

Жігітке дәулет бітсе көңілі жай.

Кетпейді жүрегімнен өлгенімше,

Шекерсіз бесінде ішкен үш кесе шай.

Дегенің қонақ кәде қайдан шықты,

Шекерсіз бесінде ішкен шайдан шықты.

Сабада күмпілдеген қымыз тұрып,

Күбіден быршып кеткен айран шықты – деп басталатын бұл өлең қалың оқырманға жақсы таныс.

Ақынның көп өлеңі сол тұста өмір сүрген нақты адамдарға арналған. Сондықтан да оның сөзі әрдайым мірдің оғындай нысанаға дөп тиіп жатады.

Бірде Тобыл өзенінің бойында оны атақты байлар Байшүлен мен Асаубай пар ат жеккен шаналарымен қағып өтіп кетеді. Сонда ақын табан аузында мынандай өлең айтады:

Апырмай, мыналар Асаубай мен Байшүлен бе?

Сөз айтып болмайды екен ақылы кемге.

Кететін жол үстіне қақтықтырып,

Орыс шенін бермеген саған мен бе?!

Шанадан аунап қалдым қарға түсіп,

Құлады көкшолақ та мұрттай ұшып.

Жегенге кісі малын мәз болмаңдар,

Тастарсың уақытында қайта құсып.

Өске ақынның көп өлеңдері табан аузында шығарылған. Содан да болу керек, естушілердің өңдеуімен әр жерде әртүрлі айтылатыны да бар. Мәселен, «Дала қоңырауы» газетінде Өтеміс Қалабаев ақсақалдың айтуымен жазылған біраз шумақтары негізінен Асылбек Тәшбаев ақсақалдың жазып қалдырғанымен сәйкес келеді.

Өске бірде Ахмет правительдің үйіне келіп, босағада етігін шешіп жатса, жасауылдардың бірі оның жұпыны киімін көріп: «Сендей адамдарға бұл үйге кіруге болмайды», – деп итермелеп, жібермейді. Сонда Өске былай дейді:

Үйіне қонақ келмес, әмсе бүйтсең,

Үйге келген қонақты кет деп түртсең.

Тез қасында жатпайды қисық ағаш,

Ханнан ғибрат алмаған неткен итсің?

Мұны төргі үйде отырған правитель өзі естіп: «қуатын кісі бұл емес!», – деп алдынан шығып, кіргізіп алады.

Бір жылы Өскенің қосын өрт шалып, жиылған пішеншілерге ақын былай дейді:

Ә, Құдай!

Байға бересің, кедейден аласың,

Бай біткен жақсы көрген танысың ба,

Қосымды өртеп, күл қылып ұшырғаның,

Барлық кедей жек көрген алысың ба?!

Ақын бір байдың үйіне түссе, ол жөнді қонақасы бермей, қойдың үш жілігін асып береді. Оның үстіне келіні, малайы да, тіпті иті де ырылдап, қонақты ұната қоймайды. Байдың екі жас баласы ақынның алтын шақшасына қызығып, ұрлап та алмақ болады. Ас желінген соң байдың қатыны итінің атын атап, «Құтпан» деп шақырып, оған сорпа құйса, ит бір жалап қойып, ішпей жатып алыпты. Сонда итті сылтау қылып Өскенің айтқаны:

Іше ғой өкпелемей, итім Құтпан,

Сен түгіл мен де жедім жалғыз бұттан,

Мейман деп иең маған тоқты сойса,

Ойлап па ем ет жегенде сені ұмытқан.

Айбынды ит екенсің түсің суық,

Күркіреп мен келгенде жүрдің жуық.

Екен деп үлкен кісі үре бердің,

Тықпадың сүріндіріп үйге қуып.

Пендені жатқызбайды шашқан несіп,

Несіпке шара бар ма, тамақ тесік,

Алдыма ішейін деп тамақ келсе,

Тастармын деп ойлап ем шала кесіп,

Сыйлады сеніменен мені қоса,

Үресің бөрі келсе, алдын тоса,

Иттікпен ит қылып жүр екен сені,

Сенің де көрген күнің осы болса.

Ей, Құтпан, мен білмеймін сенің сырың,

Әдетің жоқ па жейтін айыл, жырым,

Сұрама аштан ақыл деген сөз бар,

Сала көр Көкшолаққа көздің қырын.

Бай мұны етіп, ұялғанынан тоқты алдырып, бата сұрайды. Сондағы Өскенің

берген батасы:

Тоқты әкелген мырзаға,

Мейман берсін батасын,

Тастасын істің қатасын.

Үйге мейман келгенде,

Неге ұйықтап жатасың?

Күнәнің зоры – менмендік,

Түбінде содан татасың.

Екінші бата берейін,

Қолын жайған келінге,

Жақсы қатын байы мен,

Малға бірдей телімді,

Мен келгенде соятын,

Қой түгіл, тайын елей ме?

Кіржіңдедің жақтырмай,

Қанғырған шал дедің бе?!

Жаулығыңды кері салып,

Ызаң өтті-ау сенің де.

Байқап қарасақ, табан астында айтылған бата суырып салмалықтың нағыз үлгісі. Ал ұйқасы мен ырғағы, сөз қолданыстары жыраулық дәстүрді еске түсіреді. Батаның жалғасына көз жүгіртелік.

Үшінші бата берейін,

Ұл менен қыз балаға,

Бай баласы екен деп,

Құр мастанба далаға.

Үйге келген адамды,

Келеке қылма тағы да,

Көсеуменен қақпалап,

Шақша алуға еп пе едің,

Мен мазаққа кеп пе едім?

Шақшамның жайын айтайын,

Мұқан ханның шақшасы,

Шын ақымақ болмасаң,

Сары жез мұны дедің бе?

Ақын от басындағы барлық адамды тілге тиек қылса да, онымен тоқтамайды. Қызмет жасап жүрген малайды да сөзбен қағытып кетеді. Бірақ, бұл малайға айтылған сөз емес, керісінше сол үйдің иесіне бағытталған өткір сын екенін аңғару қиын емес.

Төртінші бата берейін,

Есіктегі малайға,

Бата берген шалыңның,

Осы айтқаны жарай ма?!

Осыменен аттанып,

Мұқан ханға бармақ ем,

Сақау тілін шайнатып,

Соқыр көзін жайнатып,

Қол-аяғын байлатып,

Айдатып сені алмақ ем.

Мұндай батадан кейін үй иесі: «Мына шалдың түрі жаман екен», – деп малын сойып, ат-шапан айыбын беріп, ақынды аттандырады.

Өске ақын Серәлі ақынмен де қағысқан. Оған Ахмет правитель себепші болады. Айтысыңдар деп қайта-қайта айтып қоймаған соң Серәлі Өскені бірнеше рет қағытады. Сонда Өске тұрып:

Тілім тиер деп едім мен бағана,

Жаратты сені есер қып хақ-тағала.

Ишан өлең айтқанын қайдан көрдің,

Пірліктен, өлеңіңді айт, кет садаға!

– дегенде Серәлі домбырасын лақтырып жіберіп, жантайып жата кетіпті.

Өске жолаушылап жүргенде Қызылжар жағында бір үйге түседі. Біраз әңгімелесіп отырып, жол соғып, шаршап қалған ба, қалғып кетеді. Осы кезде үй иесі бәйбішесіне бұрылып: «қонаққа ас қамдасайшы!» – дейді. Әйелі бұл сөзді ұнатпай: «тыныш отыр, нені ас қылайын?» – дегенде қожайыны: «бір жаяның қалғаны бар деуші едің ғой» – дейді. «Құр жая не болады?» – десе, үй иесі: «онда бір құйрық бар емес пе еді?» – тықақтап қоймайды. Бәйбішесі қайдағы жоқты айтпа деп ұрсып тастайды. Сүйтсе, жатқан қонақ қозғалып жатыр екен. Сонда үй иесі: «Ия, қонағым, ауылыңның үлкені кім деп едің?» – дейді.Өске бойын тіктеп отырып:

Айттым ғой ең үлкені Баянас деп,

Жеңгеме сіз айттыңыз жаяны ас деп.

Алыстан атыңызды естіп келгем,

Бар мәзірін қонақтан аямас деп.

Жеңгеме сіз айттыңыз құйрықты ас деп,

Қонаққа ол да болса бұйрықты ас деп.

Ол сөзді де жеңгеміз ұнатпады,

Қасын керіп, мұрынын шүйіріп тастап, – дейді.

Сүйтіп, бұйырған ас қазанға түседі.

Өскенің Әбутәліп ақынмен айтысы Асылбек Тәшбаевтың жазбаларында хатқа түскен.

Естіңдер осы сөзді енді, халық,

Тыңдасаң, үйрен сөзін мейірің қанып.

Қыпшақтан шыққан жүйрік, аты Өске,

Сөйлеткен талай топта ортаға алып.

Найманнан шыққан жүйрік Әбутәліп,

Алдына сөйлей алмас адам барып,

Басына бақыт қонған кісі екен,

Келгеннен құрметтейді халқы танып.

Өске мен Әбутәліп жүйрік ақын,

Шығады байтақ елден бәйгені алып,

Басқа ақын бұлар барда сөйлемейді,

Отырады тыңдағандар аң-таң қалып.

Екі ақын бір жиында кез келгенде,

Айтысты бір-бірінің мінін тауып.

Айыпсыз жаратылған жан болмайды,

Қараңдар тапқан мінге құлақ салып.

Айтысты айтушы Біржан-Сара немесе Ақсұлу-Кеншімбай айтысын елге таратушылар секілді әуелі мәселенің мәнісін егжей-тегжейлі баяндап алады:

Ақынын Найман отыр ортаға алып,

Үзбелі ақ домбыра қолына алып.

Сөйлесе сөзге бұлбұл Жиреншедей,

Отырды тыңдаған ел аң-таң қалып.

Шын жүйрік топты көрсе тұра ала ма?

Өске де шыдай алмай тұрды ырғалып.

Бұл-дағы айқай салып қоя берді,

Өзінің домбырасын қолына алып.

Айтысын екі ақынның естиміз деп,

Отырды үлкен-кіші құлақ салып .

Осындағы «сөйлесе, сөзге бұлбұл Жиреншедей» деген тіркестен айтысты айтушы үшінші бір адамның сөз саптасын аңғарамыз. Айтысқан ақындар айтысын айтар алдында осындай кіріспе келтіру қазақ айтыстарының көпшілігіне тән екенін білеміз. Бірақ, дәл осы айтыс осы уақытқа дейін қағазға түспеген, айтыс жинақтарының ешқайсысында жарық көрмеген.Өске:

Найманның ақыны едің, Әбутәліп!

Бір тұрмыз әдеппенен сізді бағып,

Ат-шапан бай-мырзадан табылар деп,

Жарлыға қарамайсың көзің салып.

Қазына хақтан сұра, қарын тояр,

Бүйірің шығар ма екен сұрап алып.

Кедей жоқ, мақтағаның бай мен мырза,

Осымен жүр екенсің тамақ тауып, – десе, Әбутәліп Өскенің көселігін бетіне басып, оны әйелге теңейді.

Көсеге күлмей кетпес көргені көп,

Қазақта мұндай көсе көргенім жоқ.

Ер десем, бет-ауызыңда бір қылқан жоқ,

Үлкен бе, әлде кіші, білгенім жоқ,

Көсені шайтан көрсе дос болады,

Қазақтың мұндай көсе ұлтында жоқ...

Жар қабақ, қарға мұрын, бойың мықыр,

Қайқы төс, қысқа мойын, желкең шұқыр,

Басыңа жаулық салсаң, жеңге дер ем,

Құдай-ай, сақал бердің, бұған шүкір! – дейді.

Ендігі кезек тағы да айтысты сипаттаған авторға келеді. Өске бұл сөзге ашуланып, бастан далбай, белден кісесін лақтырады. Қоңырлатып сөз бастағанда, айтқан сөзінен үлкен-кіші мін таппайды. Автор оны «тіл жүйрік, сөз буынсыз ақын екен, келмеген қатарында бетке кісі», – деп сипаттайды.Сондағы Өскенің айтқаны:

Еліңде жоқ па еді, ақын, мендей көсе,

Көсенің ұялайын мен несіне?!

Кемпір бет, бір сүгірет ақын ғой деп,

Таңырқап халқың отыр әммесіне,

Көсенің шарапатын баян етіп,

Ақынның түсірейін енді есіне.

Одан әрі Өске ақын ислам дінінен мол мағлұмат алғанын білдіріп, елге белгілі имамдар өмірін өнеге қылады:

Өтіпті имам Ахмет елге дана,

Ғылымның үйретіпті асқарына,

Өмірі ізгілікпен өткен екен,

Шарапат берген екен хақ-тағала.

Сақал мен мұрт шықпаған әулие екен,

Өлерде өзгермепті болып бала.

Иманды сақал менен мұрт таппайды,

Иман сол – айнымаса көңіл ғана.

Көсеге ақын күлсін, халық күле ме,

Бұйрықсыз түк шыға ма жаралғанға?

Содан тыңдаушылар Найман ақыны жеңілді деп ұйғарым жасап, енді Найманның бір байы екі ақынды табыстырам деп, қонаққа шақырып, Өске бұрын барса, бай сәскеде намаз оқып отыр екен. Өз ісіне көңілі толып отырған бай Өскеден: «Осыным қалай?», – деп сұрайды.Сондағы Өскенің табан астында өлеңмен берген жауабы:

Қонаққа шақырған соң келдік сізге,

Жүзіңді дидарласып көрдік біз де,

Мақтанып, Құдай менен халықты алдап,

Тірідей үмітіңізді үздіңіз бе?

Шырағым, осы оқыған намазың ба,

Азан жоқ, тәкпірі жоқ, мазағың ба?

Білмейсің намаз түгіл бісімілләні,

Құранның тілін келмей кәләмына.

Қорыққан қаза қылмақ бес намазын,

Сәскеде бұл оқыған қай намазың,

Ұрлық пенен зорлықты бірдей қылып,

Құдайдың бүлдірдің ғой жайнамазын.

Өске ақынның сол кездегі ел ішіндегі жағдайдан, әсіресе, дін мәселесінен жан-жақты хабардар болғаны, терең білім иесі болғаны осы айтқанынан да байқалады.

Жақсы да, жаман да ие біткен малға,

Дәулетті кім тұрмайды ұстап қолға?!

Найманда көшесі бар көп емес пе,

Ет бар деп ертіп келдің неге мұнда?

Жақсыны жаман дейміз мал кеткен соң,

Жаманды жақсы дейміз мал біткен соң,

Сойғаның соғым болар, қақта да қой,

Бергенмен пайдасы жоқ ар кеткен соң.

Дүнияға ерсең, кетесің жолдан тайып,

Адамға ажал ғайып, дидар ғайып,

Мақтанып, малды сойдың мақтасын деп,

Мақтаймын мақтаншақ деп жұртқа жайып.

Осы өлеңдегі «Жаманды жақсы дейміз мал біткен соң, жақсыны жаман дейміз мал кеткен соң» секілді тіркестер ауыз әдебиетінде бұрыннан бар үлгілер. Өске ақын сол тіркестерді ұтымды пайдаланып, өз ойын одан әрі өрбітеді.Отырған екі ақынға қолдасыңдар дегенде Өскенің айтқаны:

Найманның ақыны едің, Әбутәліп,

Көсе деп мінімді айттың жұртқа жайып.

Райдан қайтса бұрын, хақтың досы,

Ырза қып кетейінші қолыңды алып.

Ер болсаң, өкпе таста, қолыңды бер,

Мен-дағы көрісейін құшақ жайып».

Екі ақын құшақтасып табысып, Өске ақын:

«Ер бар ма елде туған мұнан асып?

Баста бақ менмен емес, көңіл тасып,

Дос болсаң осындай бол, үлгі алайық,

Кетелік о дүнияға құшақтасып, – деген екен.

Бұл айтыс бұған дейін еш жинақта жарық көрген жоқ. Айтыстың құндылығы, онда құрдастар қалжыңы ғана емес, екі рулы елдің үлкен сыйластығы да көрініс тапқан.

Өске ақынға кезінде Сәбит Мұқанов үлкен баға берген. Жазушы оның бірнеше өлеңін «Аққан жұлдыз» кітабында мысалға келтіреді. Ғалым Шоқанның жеті жасында Балқожа бидің Қошан есімді баласы Шыңғыс төрені қонаққа шақырады. Сонда өткен мәжілісте Өске:

Арғыннан Беген менен Шеген шықты,

Найманнан Ерден, Жүзен деген шықты.

Кешегі Обағанның жиылысында,

Алтайдың Аққошқары мен Сайдалысы,

Әлкеде Тоқа менен Байдалысы,

Бәрі де Балжекемнен төмен шықты, – депті.( Сәбит Мұқанов. Он алты томдық. «Аққан жұлдыз»,Алматы-1975, 178 бет.)

Өлеңде аттары аталғандар қазақтың марқасқалары, өз елдерінде аты шыққан танымал би-шешендер. Ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсаринның атасы Балқожа бидің сөзге жүйрік болғанына Өскенің осы айтқаны дәлел.Өткір тілді Өске ақын жаппастың атақты байы Жарасбайды:

Жаппаста байлығы асқан Жарасбайсың,

Әркімге байлық айтып таласпайсың,

Әкеңіз Темірбекте жалғыз сиыр,

Малыңнан бірлі-жарым қараспайсың! – деп отырғызып кетеді.

Бір өкініштісі, жазу-сызуды білмеген, айтқаны айтқан жерде қалған ақынның көп өлеңі бүгінге жетпей қалған, біразы ұмытылып кеткен. Бірақ, ақыннан үлгі алғандар оның есімін жырға қосып отырған. Мәселен, атақты Балқы Базар оны өзінің ұстазы деп есептеген.

Өске Кенжетай мырзаның үйінде отырғанда мырза ақынға сый-құрмет жасап, сыйлап отырып: «Үйіңнен шыққалы көп болыпты, жеңгейді сағынған жоқсыз ба, Өске!», – депті. Сонда Өске былай деген екен:

Ат ыраңдайды, Ел тыраңдайды,

Әркімнің сүйіп алған бір жары бар,

Сағынысып келгенде оқыраңдайды.

Өске өзіндік үні бар, кез келген жерде суырып салып айтқан ғажайып жыры бар, өз заманының маңдайалды жыршысы болған ақын.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар