Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Әкім Тарази: Екі жүз бетке бәрі сыйып тұр...

03.05.2017 1978

Әкім Тарази: Екі жүз бетке бәрі сыйып тұр...

(Жазушы Қ. Жиенбайдың бір шығармасы хақында)

Кімге қалай екендігін қайдам, мен үшін біреудің жаңадан жарық көрген шығармасын оқып, пікір айту деген қиынның қиыны. Кітапты қауіппен қолға аласың, көңіліңде кәдімгідей күдік тұрады. Осыны бекер оқып отырған жоқпын ба, егер шығарма нашар болса авторының бетіне қалай қараймын, не айтамын, сәлемі түзу, ағалап тұратын жігітті кейіннен ренжітіп алмаймын ба?.. Қойшы, әйтеуір, құйрығын ұстатпайтын қитұрқы сұрақтар алдыңда көлденеңдеп жатып алады. Жасыратыны жоқ, бұдан құтылудың оңай жолы да көкірегіңде сайрап тұр. Шығарманың бірнеше тарауын оқыған соң-ақ арғы жағындағы не айтпағы, автордың талғам-түсінігі, оқырманға берері, қандай идея ұсынғаны бір шама белгілі болып қалады ғой. Міне, осыларға «тұздық» ретінде құдайдың қызыл сөзін аяйсың ба, тіл ұшына оңай орала салатын жаттанды пікірлерді үстемелеп кеп жіберсең, бір міндеттен құтыласың. Бойың да жеңілденіп қалады. Бірақ қырсыққанда қайтерсіз, ондай сүйкей салды жауапсыздықпен қашаннан қаным қас, қолыма алған дүниені ынта-шынтаммен, шыдамдылықпен аяғына дейін оқып шығуға тырысамын. Арың таза болады. Жазушы қалай дегенде де алдына қойған мақсатын орындай алды ма, орындаса қандай деңгейде орындады, өзінше біршама тәуір шығарма жазып шыққан секілді болғанымен біздің, оқырманның көңілінен шықты ма? Осы мәселелерді қамтып, қандай кітапты болмасын сабырмен, асықпай оқуға тырысамын. Кезінде «Абай жолын» төрт ай, «Тұнық Донды» табандап төрт ай оқығаным бар. Бір, не жарты бет оқылмай қалса бар керемет соның ішінде кетіп қалған секілді алаң боласың да жүресің. Бұл негізі кейіннен автормен пікірлескенде де жақсы ғой, «осы кісі шынымен кітапты оқып шықты ма екен» дейтін күдіктен ол да арылады. Шығарманың бастан-аяқ оқылғандығына, айтылған ойдың растығына оның да анық көзі жетеді. Одан бұрын бұл туған әдебиетіміздің келешегіне жасалған азды-көпті қамқорлық, керек десеңіз, шынайы жанашырлық емес пе?!

Белгілі қаламгер, азамат ретінде де өзім қатты қадірлейтін Қуаныш Жиенбайдың «Ән салуға әлі ерте» романын, жасыратыны жоқ, бір ай оқыдым. Қолға түскен шығармаларын бұған дейін де іздеп оқып жүретінмін. Мұнан бірнеше жыл бұрын осы жігіт үкімет ұйымдастырған үлкен бәйгеге қатысты. Бас жүлдеге ие болды. Сонда да бір тақырып аясына жинақталған циклді әңгімелерін түгел оқып шыққам. Реті келгенде айта кетейін, бізде жалпы кітап болып шықпай тұрып қолжазба талқылау, әріптестеріңнің, қаламдастарыңның ой-пікірін тыңдау, орынды сыннан қорытынды шығару деген үрдіс мүлдем ұмытылып қалған еді ғой. Орайы келгенде осы роман қолжазба күйінде талқыланды. Мәдениет орталығындағы Мырзекеңнің, М. Жолдасбековтің кабинетіне жиналып алып, сан түрлі пікірлер айтқандығымыз әлі күнге дейін есімде.

Алдымен айтарым, романның сюжеттік құрылымы. Байқоңыр космодромы біз үшін таныс әм бейтаныс тақырып. Тиіп-қашып мерзімді басылымдарда, экология тақырыбын қаузаған шағын дүниелерде Байқоңыр тақырыбына аздап ат ізін салған боламыз, сол Байқоңыр іргесінде елмен бірге түтін түтетіп, тірлік кешіп жатқан қандастарымыздың хал-ахуалына қабырғамыз қайысқандай сыңай танытамыз. Дұрыс-ақ. Байқоңырдың мәселесі өзімізді былай қойғанда, БҰҰ-ның мінбесінен де үздіксіз көтеріліп, үздіксіз айтылып жүргендігі шындық. Космодромдағы адам төзгісіз экологиялық жағдайдың шегіне жеткендігі де көз алдымызда сайрап тұр. Сайрап тұрғандығы, космодром іргесіндегі қазақ ауылдарының күн көрісі жасыратыны жоқ, анық тұйыққа тірелді. Бұдан шығар жол бар ма? Сан мәрте жаздық, әлі да тынбастан жазып жатырмыз, бірақ одан шығып жатқан нәтиже шамалы. Шамалы болатын себебі, космодромның тағдырын түпкілікті шешетін механизм біздің қолда жоқ. Қолда болмағаннан кейін жан айқайың алысқа ұзамайды, әудем жерге барады да құмға сіңген судай сап тыйылады. Мың жерден шашыңды жұлып, әлемдік қауымдастыққа қанша жерден шағынсаңыз да космодромды Байқоңырдан көшіріп жібере алмайсыз. Бұл аксиома.

Романды қолға алғанда «апыр-ай, космодром қазақтың қолына қашан тиеді» дейтін қазақ әдебиетінің міндетіне жатпайтын жағдаятты қаузап кетпеді ме екен деп ойладым. Ол көркем әдебиеттің проблемасы емес. Отыз беттен соң ол қауіпім сейілді, бұл таза проза, таза әдебиет. Романның басталуының өзі оқыс оқиғамен өріледі. Космодромға баратын тұйық жолды ереуілдеп ауыл әйелдері басып алған. Ереуіл, Төретам стансасына жақын қоныстанған Сұлутам бекетіндегі ауыл әйелдері қоғамға, айналадағы ортаға, космодром басшылығына деген ішкі реніштерінің белгісі ретінде теміржолды ереуілдеп басып алуды қайдан үйреніп жүр десеңізші! Сірә, бұл да далалық демократияның соңғы кездері пайда болған үрдісі. Космодромға құпия жүк вагондарын сүйреп келе жатқан ауыр составтың машинисі зар қағады. Стоп кранды басып, пойызды тоқтату керек пе, әлде әйелдерді тепловоздың тұмсығымен бір қағып, ілгері қарай тарта беруі керек пе? Космодромға баратын пойызды жолай тоқтату жауапкершілігін тірі адам мойынға ала алмайды. Басың кетеді, не түрмеде шірисің. Қарт машинистің қолды-аяққа тұрмай безілдейтіні содан. Мына сұмдықты ақылға салып, әйелдерді аман алып қалуға нұсқау беретін және істі оңтайлы шешетін кім бар? Бекет бастығы Қаражан іссапармен облыс орталығына кетіп қалған. Ендігі кезек Әбдімәлікте.

Біз бас кейіпкер Әбдімәлікпен міне, осыдан бастап жақын таныса бастаймыз. Әбдімәлік космодромның жергілікті халық арасындағы өкілі. Қолымда азды-көпті билігім бар, артымда сөзімді сөйлейтін асқар таудай космодром, космодромды Мәскеу қорғаштайды, сондықтан кімнен қорқамын, кімнен қаймығамын дейтін ұрда-жық мінездің адамы емес. Бас пайдасын біледі, ақылды, орынсыз жерге беталды килікпейді, батырсынып жоқ жерден білегін сыбанып айқайлап шыға келмейді. Әр нәрсені жеті өлшеп, бір кеседі. Сақ. Бір қадам ілгері басса да жан-жағына жітілене қарайды. Космодром басшылығына білдіртпегенімен төретамдықтарға, жерлестеріне бәрібір бүйрегі бұрылады, шынымен жаны ашиды. Ереуілдеген әйелдерді де жазғыра алмайсыз. Космодромның Н. нүктесіндегі ұшу алаңының құрылысында жүргенде күйеулері кенеттен қайтыс болған. Төрт бірдей азамат көз алдарында о дүниеге аттанып кете барды. Жарылқаймыз, бастарыңа алтын үйеміз деген космодром басшыларының уәделері желге ұшты. Әйелдердің оқыстан мінез көрсетуі де әбден ашынғандықтан туған әрекет еді. Заманға сай заңды, орынды талап.

Әбдімәлік те екі аяғы салбырап аспаннан түскен адам емес, осы өңірдің тумасы. Уақытқа бейімделгіш. Ертеңгі күнін де елдің алдымен болжайды. Космодромды өзгелер секілді жерден алып, жерге салып бекерге даурықпайды. Одан түк өнбесін жақсы түсінеді. Бір кездері дария жағалауындағы қаракөл ұжымшарын басқарған. Ұжымшар тараған соң жаңа өмірге тез бейімделеді. Төретам іргесіндегі қазақ ауылынан шыққан оқымысты, көзі ашық азамат ретінде космодром басшыларына да құлаққа кіретіндей тың идея ұсынады. Космосқа алып шығатын бірден-бір ұлттық тағамның шұбат екендігін толыққанды дәлелдейді. Шұбатты өңдеп, кептіріп ұнға айналдырады. Атмосфераға шыққанда да шұбаттың бойынан жусан исі аңқып тұратындай дәрежеге жеткізеді. Шетелдіктер де, коммерциялық ұшырулармен айналысып жатқан өзгелер де бұл тың бастаманы бірден құптайды. Әбдімәлікке кәдімгідей сенім артады. Әбдімәліктің де ішке бүккен өз есебі бар. Космодром маңайындағы Қамбаш көлін өз мүддесіне жаратса, құжаттарын заңдастырып жекешелендіріп алса, маңдайына шаң тимейді. Көл суының құрамында йод көп. Жер жүзінде йод жетіспеушілігінен зардап шегіп жүргендердің санына жету және мүмкін емес! Екінің бірі. Оны айтасыз, тіпті Әбдімәліктің үлкен ұлы Әнуарбек те сол йод жетіспеушіліктің салдарынан ауруға шалдыққан. Мойны оң жағына қарай қисайып қалған. Оны кезінде әкесі Ресейдің Астрахан облысындағы пансионатқа үш-төрт жылға дейінгі қаражатын төлеп, өткізіп жіберген. Іздемейді. Өлі-тірісінен де хабарсыз. Романда осы штрих әдемі өрілген, оқиғаны қолдан қоюлатып, жұртты жалықтыратын ұзын-сонар баяндау дегеніңіз атымен жоқ. Нақпа-нақ. Маған тағы бір ұнағаны, ауыл адамдарының ауызекі әңгімесі, интонациясы мен автор интонациясының жымдасып қосылып, бірігіп кетуі еді. Біз кейіпкерімізге жоғарыдан менсінбей қараймыз ғой, ал қай кейіпкерді алмаңыз, Қуаныш солардың ішіне кіріп кетеді. Автор сөзуарлыққа салынып, болмайтын тұстан ақыл айтып, өзін көрсетуді де мұрат тұтпайды. Кейін ойладым, бұл бұрын-соңды кездеспеген тақырып қана емес, бұрын-соңды кездеспеген стиль де.

Сол Қамбаш көліндегі йодтың көптігін, оның күллі адамзатқа бірден бір таптырмайтын зәру ем екендігін тек космонавтардың отбастары ғана біледі, солар ғана керегінше пайдаланады. Жаз бойы сонау жер түбінен келіп, көл жағасына қостанып жатып алады. Суға түседі. Мұндай су құрамындағы йодтың көп мөлшері бар көл жер жүзінде санаулы, тіпті жоқ десе де болғандай. Қазақтар оның мән-мағынасын әзірге түсінбейді, түсінуге де әрекет жасамайды. Бұл негізі космостан зерттелген, арнаулы зертханаларда тексеруден өткен аса сирек кездесетін жаңалық. Ал космостан зерттелген дейтін құжатың болса бітті, шаруаң ілгері қарай жүріп береді. Сол құжатты космодром басшыларымен ауыз жаласып жүріп, қолға бір түсіріп алса Әбдімәлік уақыт созбай дереу іске кіріседі, Қамбаш көлінің жағалауынан емдеу-сауықтыру мекемелерін ашады. Табыс, келешегіне жасаған нық қадам, тұнып тұрған байлық көзі... (Байқайсыз ба, қазір Қызылорда облысының әкімдігі Қамбаш көлін елдің қажетіне жарату үшін қыруар қаржы бөліп, сауықтыру мекемелерін салып жатыр. Жүрек жылитын жаңалық. Ал Қуаныш Жиенбай бұл проблеманы мұнан бірнеше жыл бұрын романына арқау еткен еді. Үйлесім, шығарма идеясының нақты өмірде көрініс табуы дегеніміз сірә, осындай-ақ болар).

Романның ұзын-ырғасын тізбелеу, әрбір деталіне жекелей тоқталу біздің міндетімізге жатпайды. Біздің айтарымыз – мұндай тың тақырыпты, космос тақырыбын барынша қаузап жазу бұрын-соңды қазақ әдебиетінде болмаған жаңа тыныс, қазақ жазушысы бүйтіп үңіліп жазбаған соны дүние. Әбдімәліктің теміржол бекетінің бастығы Қаражанмен ара-тұра текетіресіп, ара-тұра мәмілеге де келіп, итжығыс түсіп жататын тұстары да сондай нанымды. Керек десеңіз, екеуі бір нәрсеге табан тіреп таласып та жүрген жоқ. Өмірге деген екі ұғым, екі көзқарас. Екеуінің де тартысы жарасымды. Екеуінің де отбасы бар, келіншегі бар. Әбдімәліктің келіншегімен арадағы қатынасы да өзінше бір планета, өзінше бір «солнычный» система. Бір отбасынан үшінші бір «солнычный» система бөлініп шығады. Ал бәрінен бұрын Әбдімәліктің Алматыдағы ғылыми-зерттеу институтында қызмет істейтін қызы Мейрамгүлдің тағдыры ше. Мейрамгүл биолог, Бетбақтағы көбелектердің өсіп-өну процесін зерттейді. Экологиялық апат аймағындағы көбелектердің тыныс-тіршілігі Мейрамгүлдің күллі болмысын билеп алған. Көбелектер он жылда жер шарын бір мәрте айналып шығады. Өледі, туады, бірақ ұрпақ жалғастығы үзілмейді. Өзі де жылқышы жігіттен жүкті болып қалған. Жатырдағы шарана күн санап өсіп келеді. Ол ұрлығын жасырудың сірә, қиынға соғатын түрі бар. Баланы түсіріп тастағысы келіп те әрекеттенеді, жантүршігерлік қылмысқа баруға да бел байлайды. Тағдырдың бұл қиянатына не дерсіз, Әбдімәліктің бірінші әйелі өліп, соңынан алған өзінен жиырма жастай кіші екінші әйелі Патшагүл болса басына бұршағын салып, бір сәбиге зар болып жүр. Шығарманың осы тараулары да оқыған адамды бейжай қалдырмайды. Ойлантады, астамшыл пиғылдың аракідік жолы болғанмен адами әрекеттің түптің түбінде жеңіске жететіндігін де оқырман зердесіне шым-шымдап жеткізеді.

Есік алдындағы әуіт пен сонау Қамбаш көлін жалғастырсам дейтін Әбдімәліктің арманы, былай қарасаңыз фантазия. Бірақ сол фантазия Қуанышқа жарасып тұр, бәлкім маған жараспас еді. Әлгі Мәскеуден келетін военныйдың бейнесі қандай жатық. Орыс офицерінің адами образы, оның әлгі жабайылардың арасына келгендей хал кешіп, бірақ бүтіндей өзгеріп қайтқан ұлының іс-әрекеттері аздап күлкі тудырғанымен бәрібір есте қалады.

Есте қалады демекші, бұл романда санынан жаңылысатындай көп кейіпкер жоқ. Сол санаулы кейіпкерлер бастан-аяқ дараланған, бірімен-бірін шатастыру мүмкін емес. Космодромның маңайы болған соң ба, әлде Қуаныш алдына сондай мақсат қойған ба, қай кейіпкерін алмаңыз, Сұлутам бекетінің адамдары сырт пішіні жағынан көпшілігімізге ұқсағанымен, жан дүниелеріндегі аласапыран ахуал біздің, баршамыздың әлемдік өркениет көшіне ілесіп, қазақы үлесті қалай алып қалуға болады дейтін ғаламдық мәселелерге өздерінше жауап іздейді. Өздерінше әрекеттенеді. Ендігі жерде Байқоңыр космодромын пәлен-түген деп пендешілікпен байбалам салып, жамандаудың қажеті шамалы. Қиындық көргеніміз рас. Қазақ топырағында, күн сайын коммерциялық ұшырулардың жүзеге асып жатқаны анау. Күн сайын дүрс-дүрс. Солай-ақ болсын. Дегенмен, Байқоңыр төңірегінде де қазақтың маңдайына жазылған несібе бар. Айқайламай, дабыра-даңғазаламай соны қажетімізге қалай жаратамыз, келешегімізге қалай пайдасын тигіземіз? Міне, Сұлутам бекетіндегі кішкентай қазақ ауылының әлеммен байланысы дегеніміз осыдан келіп туындайды. Қамбаш көліндегі йодтың молшылығы космостан зерттелген. Космостан зерттелген жаңалыққа әлем халқы көз тігеді. Егер ертең ойлағаны іске асатын болса, Әбдімәлік туған өлкеге әлем жұртшылығының назарын аудартады. Байқоңыр космодромымен қатар Қамбаш көлінің де атағы аспандайды. Көл суындағы йодтың көптігі туралы мәліметті менің де естігенім бар. Қамбаш – Арал теңізінің маңындағы көл. Көлдің инфрақұрылымын бүтіндей өзгертіп, сол экология азабын тартқан ағайынға қолқабыс жасатындай күн туса, ол бір ғана облыстың емес, күллі республикамыздың беделі емес пе?! Яғни, жазушы бұл тың тақырыпты бұрыннан ойластырған. Жер жағдайын жақсы біледі, өзі сол өңірдің тумасы.

Романның финалында Қамбаш көлі әділдікпен аукцион арқылы сатылатын болады. Әбдімәлік те қаражатын аямайды, оның мақсаты жеке бастың шаруасы. Ал оның Финляндияда тұрып, кеме жөндеу зауытында инженер болып жұмыс істейтін ұлы, бір кездері Әбдімәлік өз қолымен пансионатқа өткізіп кеткен, сонан бері өлі-тірісінен бейхабар ұлы Әнуарбек те аукционға қатысады. Қандай қаржыға болмасын көлді сатып алуға бел буады. Йод жетіспеушілігінен бір кездері өзі де сырқатқа шалдыққан Әнуарбек Қамбаш көлін әлемдік масштабта пайдаға асыруды мұрат тұтады. Ұлымен бетпе-бет жүздесуден қаймыққаны ма, әлде азаматтық ары жібермеді ме, Әбдімәлік аукцион басталмастан бұрын үшті-күйлі жоғалып кетеді...

Тағы бір байқағаным, біздің дәстүрлі әдебиетте суреттеу, сыпаттау жағы басым ғой. Табиғатты әсерлесек те біраз жерге апарып тастаймыз. Ал Қуаныштың бұл романында оның бірі де жоқ. Ол бір нәрсені айтқысы келсе, алдымен соның ассоциациясы арқылы төңірегін түгел қамту әдісін қолданады. Бұл түбі керек тәсіл, бұрынғы таптаурын жолдан, дайын рецептен қашып, жаңа формаға құлаш ұруы да құптарлық қадам. Бұл бүгінгі күннің романы, тәуелсіздіктің романы. Екі жүз бетке соның бәрі сыйып тұр...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар