Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӘҢГІМЕ
Ақын Алақанұлы. Атамның аманаты...

27.09.2018 6333

Ақын Алақанұлы. Атамның аманаты 12+

Ақын Алақанұлы. Атамның аманаты - adebiportal.kz

1943 жылы туған. 1967 жылы Монғолияның мемлекеттік техникалық университетін жылу инженері мамандығы бойынша бітірген. 1992 жылы шілдеде Атамекенге оралған. 1992-2006 жылдары Кереку өңірінде аудандық, облыстық мекемелерде қызмет атқарып, құрметті демалысқа шықты. «Менің анам», «Елім-жерім», «Ана жүрегі», «Сүйіктім менің» атты әңгіме, повестер жинағы, «Асулар» романы жарық көрген. Таңдамалы шығармалар жинағы 1985 жылы Ұланбатырда монғол тілінде басылған. «Атадан қалған тұяқ», «Тағдыр» спектакльдері театр сахналарында қойылды. 1990 жылдан Монғолия, 1993 жылдан Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Мен бесінші сыныпта оқып жүрген күзде атам өмірден озған еді. Қайран атамның қазасы әуелі маған қатты батты. Өйткені ес білгелі бері түнде оның «арқасын жылытып» қойынына жатып, күндіз біреудің қамқорлығына зәру қарт адамның «сүйте ғой – бүйте ғой» дегенінің бәріне зыр жүгіріп, қасынан қарға адым ұзап көрген емеспін. Енді бір үйде өзімді жалғыз қалғандай сезініп, іштей жегідей желініп әзер жүрмін. Түнде жастыққа басым тие сала, атамның өзгеше иісі сіңген көрпені бетіме бүркеп ап, түннің бір уағына дейін ұйықтай алмай, екі жақтап дөңбекшумен боламын. Бұрынғыдай сабақтан тарай сала, атам ауырып қалмаса екен деп, үйге асыға-аптыға жүгіруді де қойдым. Әкем тракторшы, анам азық-түлік дүкенінде сатушы, екеуі де ертемен кетеді, кеш келеді...

Атам барда уақыттың қалай тез өткені білінбей қалатын. Оның екеуіміз ғана отырғанда айтатын басынан кешкен оқиғалары жайлы ұзын-сонар әңгіме-кеңестері мені қатты қызықтыратын. Әсіресе өзі өтерден бірнеше күн бұрын кеште, әке, шешем бәріміз отырғанда айтқан бір әңгімесі уақ-уақ санама елес беріп, қалқайған бейнесі көз алдымнан кетпей-ақ қойды.

– Е-е-е, дүние көшкен керу-е-е-н деген осы – деп, атам ауыр бір күрсініп қойып әдетінше тағы бір әңгіменің шетін қылтитқан болатын. Онсыз да желқақты қараторы реңі онан бетер қаракөкшілденіп, жауар бұлттай түнеріп алған, көптен бері көкірегінде сарытап болып қатып қалған ескі бір жараның ауызы ашылғандай көңіл-күйі аласапыран, жиі-жиі күрсіне береді. Қас-қабағы түнере түйілгенде кереқарыс маңдайы мен шаралы көздерінің айналасындағы айғыз-айғыз әжімдер жиырыла тереңдеп айқындала түседі. – Баяғыда ... Баяғыда деймін-ау, бертінде ғана емес пе, бәрі-бәрі көз алдымда күні бүгін сайрап жатыр.

Мың да тоғыз жүз отыз екінші – мешін жылдың қараша айының соңына ала болатын. Қазақ жерін жаппай алапат аштық жайлаған кез, ел топалаң тиген қойдай қырылып жатыр. Қолында көлігі бар, шамалы кейбіреулер ебін тауып Қытай асып, орыстың Алтай өлкесіне өтіп жан сауғалап босып кетіп жатқан. Кәрі-құртаң, ауру-сырқау, жаяу-жалпы адамдар өзеуреп көшке ере алмай жол жөнекей өліп, айдалада көмусіз қалыпты деп те естіп жатамыз. Біз, бес-алты үйлі бір ауыл едік. Елмен бірдей ауа көшуге шама да болмады. Бас көтерер естияр үлкендердің бәрі көтерем күйге түскен, кейбіреулері бақилық болған. Ауылдағылардың ойында қашан өліп таусылып бітер екенбіз деген жалғыз-ақ суық үрей болатын. Әйткенмен үмітсіз шайтан ісі дегендей, қашанғы көзің жұмылып кеткенше мынау жарық өмірге деген үміт ұшқыны үзілмейді екен. Жоқтан бар қылып талғажау етіп, әйтеуір өлместің күнін кешіп күннен күнді өткізіп жаттық. Ауылдағы төрт-бес үйдің бірі – Бұлбұлғайша деген әйелдікі, күйеуі мен бой жетіп отырған екі қызы айналасы үш-төрт айдың ішінде өліп, жеті жасар ұлы екеуі ғана қалған. Аты Ұлмұрат болатын. Байқұс әйел енді сол жалғыз тұяғын қайтсем аштан өлтірмей аман алып қаламын деп, еңіреп шыр-пыр болып жүреді. Марқұм күйеуі бізге рулас жамағайын еді.

Бір күні тәңертең Бұлбұлғайша біздің үйге келіп, «Жүрші, менімен еріп жүрші, төркініме барып келейік» - деп өтінді. Өң реңі кеше көргенімнен бетер түтігіп кетіпті, еріндері кеберсіп, біріне-бірі жабысып сөйлеуге келмей тұр. «Жеңеше-ау, мына түріңмен жетіп келе аласың ба?» - дедім абыржып. Әліне қарамай, алған беттен қайтар түрі жоқ, ақыры еріксіз ере жүрдім. Бір жағынан шешем де өзінен қарайласар артық-ауыс ештеңесі болмағандықтан, барсаң барып кел деген ишарат білдірген.

Бетке алған ауылымыз он неше шақырым қашықта болатын. Біздің жолға шығуымызға қарап тұрғандай, қарашаның ызғарлы желі құтырынып, аспанды қарақошқыл бұлттар торлап қар ұшқындай бастады. Беталды шықтық-ау деп, іштей өкініп, үрейленіп келемін. Қолымызда бозталдың қу бұтақтарынан сындырып ап ұстай салған таяқтарымыз бар. Жолжөнекей неше қайта тоқтап тыныстай жүріп, ауылға түс ауа әзер іліндік. Ауыл дегеніміз үш-ақ үй екен, ашаршылық азабын тартып, кетеуі әбден кетіп, құрып қалудың аз-ақ алдында тұрса керек. Бұлбұлғайшаның төркінінде сарғыш тартқан шоқша сақалы селдіреген, екі самайы әппақ әкесі мен кенже сіңілісі қалыпты да, шешесі мен екі інісі жуықта ғана бақилық болыпты. Қалжыраған қарт әке қызын көрген жерде қос жанарынан парлаған ыстық жасы сақалынан сорғалап, екі иіні солқылдап егілді-ай кеп. Сай-сүйегім сырқырап, шығып кетудің ретін таппай әзер шыдап отырмын. Айтыстарынша, үйінде дән атаулыда жарты қапқа таяу арпа ғана қалған екен, күн сайын таңертең бір-екі уысын қара бақырға құрғақ қуырып, шал мен қызы соны күні бойы қара шайдың бетіне сеуіп ішіп талғажау ететін көрінеді. Біз екеуіміз де ыстық қара шайды арпамен терлеп-тепшіп ішіп, біршама сергіп әл жинап алғандай болдық. Шайланып бола сала көп отырмай, қайыра үйге бет алдық. Төркіні Бұлбұлғайшаға бір табақтай шикі арпа мен қос уыстай қуырылған арпа беріп шығарып салды. Шикі арпаны марқұм шешесінен қалған ескі шытқа түйіп қолына алды да, пысқанын өзінің қалта орамалына түйіп қойынына тықты. «Бара сала ұлға беріп өзегін жалғайын… тезірек үйге жетейік» - деп, өзінше жүрісін жылдамдатқан болады.

Бағанағы алай-дүлей жел сәл бәсеңсіп, есесіне жер бетін жаппай қырбақ қар басқан, шыңылтыр ызғар бетке ұрып тұр. Екеуара әлденелерді тілге тиек етіп сөйлесе жүруге де зауқымыз жоқ, сайын далада ренжіскен адамдардай үн-түнсіз жылжып келеміз. Байқаймын, Бұлбұлғайша жоғалтқан бірдемесін іздеп келе жатқандай, жан-жағына жиі-жиі жалтақтап, кейбір биік өскен шөп арасына, ойқыл, шұңқыр жерлерге үңіле, тінте қарап қояды. Кенет құйқалана жапырылған ақ селеулердің түбінде томпайып жатқан қарақошқыл нәрсеге қарай бұрылып барып жерден жұлып алды. Өлген қарға екен, аударып, төңкеріп, қауырсындарының арасын ашып көріп жатыр. «Жеңеше, тастаңыз, нендей бір жаман аурудан өлген болмасын» – деймін күдіктеніп. «Жоқ, ондай емес, мұны біреулер атқан екен, міне, оқ тиген жерін көрші өзің, тіпті бүгін атқан секілді, қалың шөп арасынан таба алмай кеткен ғой, өзі үлкен де семіз екен, бірнеше күндік азық... Құдайым-ай, өлмегенге өлі балық жолығады деген осы екен ғой» - деп, жүзі жылып сала берді.

Жол ортаға таяй бере Бұлбұлғайша аяғы аяғына шалынып, ентіге сенделектеп маған ере алмайтындай бастанғандықтан қарғаны өзім қолыма алдым. Құс жемтігі шынында да әжептәуір салмақты да қомақты екен. «Жеңеше-ау, шаршасаңыз андағы пысқан арпадан аздап жеп, әл жинап алсаңызшы» - деп едім, басын болар-болмас шайқап қойды, бірдеме деп жауап қатуға шамасы келмегені белгілі тұр. Бар есіл-дерті үйдегі жалғыз ұлының қамы, соған апарып берсем, соны аман алып қалсам деген жалғыз арман. Қолтықтап, сүйемелдеп келе жатыр едім, кенет қос тізесі бүгіліп, қиралаңдап барып қырындап құлай кетті. Көздерінің ағы шарасынан шығып алақ-бұлақ етіп, қол-аяғының сіңірлері тартылып, екі езуінен ақ көбік шығып серектеп қалды. Иен далада зәрем зәр түбіне жетті, «Жеңеше, жеңеше, не болды?» - деп бақырып жатырмын. Менің зарқаққан ащы дауысым әсер етті ме, әлде, жантәсілім берер алдындағы бой жасағаны ма, сәлден соң сәл-пәл есін жиғандай болып оң қолын қозғап қойынына қарай жүгіртпекші болды. Қалта орамалға түйілген арпаны жұлып алып шеше бергенімде әлсіз саусақтарымен қолымды қыса қойды. Болаты әлсіреген көздерімен маған аса бір жалынышты кейіппен қарады. Еріндері болар-болмас жыбырлап; «Ж-о-оқ... ұ-ұл-ым-а-а бе-е-ер» - дегенін анық ұқтым. Ол ойындағы айтарын айтып көңілі орныққандай, бір сәт үн-түнсіз сұлық қалды. Кеудесін көтере бергенімде мойыны бір жағына қарай қисайып, сылқ етіп үзіліп кетті. Қабағына қарай тартып, ақшырайып шарасынан шыққан қос жанары сол күйі жұмылмай қалды. Оның осынау аса қорқынышты кейпіне қараудан жасқанып, қалтырап-дірілдеп ес-ақылдан айырыла жаздадым. Айнала тым-тырыс, иен далада үрей құшағында жалғыз өзім. Үйге қарай зытып бергім келді, бірақ оның да ретін таппадым. Енді қайттім, не істеу керек деп, ақыл таппай тарығып сілейіп тұрмын. Кенет өзімді өзім қайраған, жігерлендірген бір сезім санама тұтқиылдан сап ете қалды да, былқ-сылқ еткен өлі дененің екі қолын иығымнан асыра салып арқама көтеріп алдым. Он төртке енді ғана таяған шағымда өлікке қолым тигені сол еді, тұла бойым түршігіп, тізелерім дірілдеп басуға келмей, қалыш-құлш етіп әзер ілгері жылжыдым. Бейшараның қаңбақтай да қауқары қалмапты, жеп-жеңіл, мойыны бекімеген баладай аяқ басқан сайын басы бұлғақ қағып иығымды соғады. Оның қасында бағанағы өлі қарға әжептәуір салмақты сезілді, жерге былш еткізіп лақтыра салдым. Біраз жүріп барып кенет қайта бұрылдым. Бұлбұлғайшаның құс жемтігін тауып алған кездегі қуанғаны, онымен жалғыз ұлының өзегін жалғағысы келгені ойыма орала кетті де, қарғаны қайта қолыма алдым. Осылайша сүйекке қарысып, ара-тұра демала жылжып, ауылға кешқұрым әзер жетіп жығылдым. Өмір бойы естен кетпес сол бір күні мен өзімді бірнеше жаспен ерте есейіп кеткендей сезініп, балалық шақпен мүлде қоштасқандай болған едім...

Ол заманда елдің ес-ақылының кеткені соншалық, бір-бірінің өлген-жіткеніне селт етуден қалған кез. Аштықтан өлу күнделікті қалыпты көрініс секілді болып кеткен...

Қайран, Бұлбұлғайша, бір кездері көрген адамның көзі тоятындай, ойына алғанның көңілі марқаяатындай сол төңіректегі әйел атаулының көріктісі де зиындысы еді, майда қоңыр дауысымен сызылтып ән салғанда құлақтың құрышын қандыратын. Ақыры аштық азабы оны да аянышты халде осылай жалмады. Шіркін, аналар деген сол ғой, өзі өзеуреп айдалада өлгелі жатып, жан жүрегін жарып шыққан үйдегі баласының амандығын тілейді. Есіл әйелдің сол бір сәттегі жан түршігер аянышты кейпі күні бүгінге дейін көз алдымнан кеткен емес. Бұл – тек Бұлбұлғайшаның ғана тартқан азабы емес, күллі ұлтымыздың сүйегіне өшпес таңба болып қалған қанқұйлы қасірет. Сол бір қарғыс атқан жылдары қазақтың тең жартысынан астамы аштықтан қырылып қалды. Елдің басындағы қара бұлт онымен де сейілген жоқ, отыз жетінші, сегізінші жылдары небір оқыған-тоқыған жақсы жайсаңдарға халық жауы деген жала жабылып, ұсталды, қамалды, атылды, артында қалған қатын баласына дейін абақтыға тоғытылып, тірі жан төзгісіз азаптауларды бастан кешті. Сондай зұлматтардан ес жимай жатып, екінші қанды соғыс басталды. Ақыры, Бұлбұлғайшаның жантәсілім берер сәттегі маған айтқан аманаты бойынша біздің үйде менің інім іспетті болып өскен Ұлмұрат екеуіміз соғысқа қатар аттандық. Қаршадайынан бір отбасында жалғыз қалтырған қырсықты тағдыр оны бәрібір ұзаққа апармады, қырық төртінші жылы батыс майданында оққа ұшыпты. Ал, мен болсам онан бір жыл бұрын мына қолды кестіріп қайттым.

Осылай, қарақтарым, кеңестік коммунистік жүйенің кезінде қазақтың көрген күні бұл. Сүйекке өшпес таңба, жүрекке жазылмас жара салды. Біз құралыптас ұрпақтың көзінің жасы сарқылды, ет жүрегі жібіместей сіріге айналды. Сонан бері міне, аттай алпыс жыл өткенде тәуелсіздікке қолымыз жетті.

О, жаратқан ием, мұныңа да тәуба! Қазекемнің тау айналмаса да тас айналады дегені осы шығар. Е-е-е, мына бас не көрмеді дейсің. Бізде тай құлындай тебісіп, асыр сап ойнап өткізетін балғын балалық шақ деген болмады. Біздің бастан кешкенімізді Алла Тағала сендердің бастарыңа бермесін, сендер үшін бақытты заман енді келді. Сондықтан, тәуелсіздіктің қадірін біліңдер, тәуба етіп жүріңдер, бұл тәуелсіздік талай ұрпақтың төгілген қанымен, қиылған жанымен, тапталған арымен келген дүйім еліміздің бақыты, - деп, атам айғыз-айғыз әжімдер басқан маңдайын сау қолының алақанымен баса, өткен өмір елестерінен айыға алмай, тұнжырап отырып қалған еді. Көзінде жас...

Енді ойласам, бұл оның ақтық демі бітер алдындағы толғана отырып айтқан ақырғы аманаты екен.

Өткен түні оны түсімде көрдім. Арғы шетіне көз жетпейтіндей алып дарияның жағасында тұрмын. Су бетіндегі дөң-дөң, жал-жал, бұйра-бұйра асау толқындардың астаң-кестең ағысы тым сұсты, үрейіңді ұшырғандай... Кенет құлағыма ат тұяғының дүбірі естілгендей болып артыма жалт бұрылдым, ақбоз атқа мініп, құныперен шапқылап келе жатқан атам екен, жалаңбас, үстінде ақ жейде, дамбал ғана, сау қолына еліміздің көк туын көтеріп алыпты. «Ата!» - дей бергенімше болған жоқ, биік жардан оқтай атылып өзенге күмп ете түсті. «Ата, өлесің, қайт кері!» - деп айқайлайын десем үнім шықпай булығып қаламын. Құдайым-ай, өледі-ау деп, қалтырап-дірілдеп қарап тұрмын. Ол дүлей толқындардың арасында бір батып, бір шығып жүзіп кетіп барады. Өзеннің арғы бетіне өте шықты да көк туды көкке көтерген қалпы шапқылап, ілезде ұзап кетті. Кенет әлгі ту қолынан ажырап, көк күмбезіне қарай көтерілді де, биіктей-биіктей барып, ақшарбы бұлттардың арасына сіңіп көзден ғайып болды. Осы бір таңғажайып көрініс көз алдымнан бір сәт те кетпей, санам сан саққа жүгірді. Күні бойы сыныпта дел-сал күйде отырып, сабақ тараған соң үйге қайтуға көңіл-қошым болмады да, мектептің артындағы жыныс ағаштардың арасында өзімнен-өзім оймен оңаша сенделіп көп жүрдім. «Шыныменен өлген адамдар о дүниеде қайта тіріле ме екен... Атам маған неге бұрылмай, бір ауыз сөз айтпай кетті... Оның астындағы ақбоз аты қандай керемет, тура ертектердегідей... Мұғалім бізге айтушы еді ғой, тәуелсіз еліміздің көк байрағы биікте мәңгілік желбіреп тұрсын деп... Ал, түндегі атамның қолындағы көк ту тіпті бұлттардан да биіктеп кетті...»

Осынау далада жападан жалғыз жабырқаған сәтімде атамды қатты сағынып кеттім, маған деген шексіз мейірімімен басымнан сыйпайтын жұмсақ алақанын аңсадым. Сөйтіп тұрғанда ауылдың шығыс жақ шетіндегі шағын зиратқа қарай мені нендей бір сыйқырлы күш жетелей жөнелгендей болды. Атамның үйіне баратындай, атам алдымда тосып отырғандай асығып-аптығып, безек қағып келемін. Жуықта ғана жерленген атамның томпайған топырағының қасында қос жанарымнан жас парлап, сілейіп тұр едім, кенет: «Тәуелсіздіктің қадірін біліңдер» деген өктем бір дауыс ту сыртымнан құйындай ұйытқып кеп қағып өткендей тылсым әсерге тап болдым. Құлағым шыңылдап, сенделіп тұрып-тұрып, әзер оңалдым да үйге қарай зыта жөнелдім.

Павлодар қаласы.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар