Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Ақын ананың жыр-жанары сөнбейді...

15.11.2016 5032

Ақын ананың жыр-жанары сөнбейді

Ақын ананың жыр-жанары сөнбейді - adebiportal.kz


Мариям_Хакимжанова.jpg


Қазақстанның халық жазушысы Мәриям апа Хакімжанова жиырмасыншы ғасырмен бірге жасады. Би-ағаны көрген, өнер қуып, соңына ерген, Ғабит, Сәбит-сынды алыптармен қатар жүрген, Сырбай, Ғафу, Қайнекей, Жайсаңбек, Ғаббас секілді інілерінің мезгілсіз қазасына қатты қайғырған ақын ана сексен тоғыз жасында мәңгілік сапарына аттаныпты.


«Ішермін тағы келіп Тобыл суын,

Кезермін сейіл құрып қалын нуын», –

деп армандаған ақын тоқсан жасын туған жерінде тойлай алмай көз жұмса да, оның жыр жанары мәңгі жарқырап тұр. Өйткені, халық тілегін көре білген, ел мұның жырлай білген қаламгердің жыр жанарының жұмылуы мүмкін емес.


Күні кеше ғана арамызда аңқылдап жүрген талантты ақын Кеңшілік Мырзабеков:

«Мама қаздай Мәриям апай мамамыздай біздердің,

Біз – ақындар сәл лепірсек, пісетұғын сабамыздай біздердің,

Ардақты апа, аман-сау бол, жүзін көрші жүздердің,

Біреулермен салыстырсақ бір күні,

Басып кеткен ізіңді де іздермін», – деп тебірене жыр толғаған еді. Расында да, өмірде болсын, өнерде болсын, бәріміздің де аяулы анамыздай болған ардақты ақынның мәңгілік ғұмыры енді басталып жатыр.





Сырбай Мәуленов ақынның бір томдығына жазған алғы сөзінде:

«Мәриямның туған жерінің аты – Мезгіл. Арғы атасы – ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин. Бұл жерде Ыбырай Алтынсариннің де іздері сайрап жатыр. Кімге болса да өзінің туған жері артық. Оның топырағы да басқа топырақтан құнарлы болып көрінуі, оның орманы да басқа орманнан анғұрлым сұлу болып көрінуі мүмкін. Тіпті, мүмкін емес-ау, бұл табиғи нәрсе. Қайран, туған жер, қай жүректі елжіретіп, қай көздің жанарына жас үйірілітпеді дейсің?! Мәриям жырына енбеген бірде-бір қайын-қарағай жоқ шығар. Өйткені сол орманның ортасында Мәриямның балғын күндері өткен», – деген еді.


Ақын ана елге келген сапарларында көбіне қасында бірге жүрдік, мерейтойын тойластық. «Туған жер, бәрінен де сенсің ыстық, өйткені сенде туып, сенен ұштық», – деп Сәбит Мұқанов айтқандай, ақын анамыз кір жуып, кіндік кескен жерге ат басын тірігенде де оған деген ел ықыласына куә болдық.


Ақын астанада жарты ғасыр тұрса да, көптеген жырларын туған жеріне, өскен еліне арнады. Баладай шаттанды, анадай мейірленді. Ақын жырларының өзі ана сүті секілді. Содан да болар оның кітаптарының көпшілігінің аты да ана сөзімен байланысты. «Ана жүрегі», «Ана көктемі», «Ана мейірімі» т.б. кітаптарында ана жүрегіндегі, ана көңіліндегі махаббат туған жер перзенттеріне ыстық сағыныш болып төгіледі. Ақынның алғашқы жыр жинағы «Жеңешем өлеңдерінен» бастап «Мәншүк» поэмасына дейінгі барлық туындылары осындай ыстық мейірімнен, нұрлы сезімнен туған.


«Бөбегім менің – өленім менің» деп бір кітабының атын тауып қойғанындай, ақын туған ел десе елендеп, жақсы жаңалықты көрсе, бөбегін көрген анадай шаттанатын.


«Жүріп келем кеудемді ашып ағынға,

Мойныма кеп оралады сағым да,

Самал желі маңдайымнан сипайды,

Ақ самайлы әже болған шағымда.

Жүріп келем, ұлы Отаным, саяңда,

Құлашымды Күнге керіп жаям да,

Ару болдым, ана болдым аяңда,

Азамат болдым. Ақын болмай қоям ба?!» – деп ақ жанымен ақтарылатын.


Ғафу Қайырбековтың сөзімен бейнелеп айтатын болсақ, ардақты ару, аяулы әйел, азамат әйел, абзал ақын атанған ақ самайлы апамыз туған Тобыл мен қазыналы Қостанайын бір сәт те есінен шығарған емес. Оның Қостанай қаласының құрметті азаматы атануы да осыдан. Тіпті астананың төрінде отырып, Қостанайда шығып жатқан «Қостанай таңы» және «Дала қонырауы» газеттерін жыл сайын үйіне үзбей алдыртып отырғанының өзі тілімізге деген құрметті, туған топырақта тамырын жаятын мәдениетіміз бен өнерімізге деген жанашырлығы еді.


Мәриям апа Тәтіқара ақынды қалай көкке көтерсе, Наушабайдың Нұржаны, Басықараның Қанапиясы секілді ақындарды таңдай қағып, тамсана отырып, мақтауын жеткізетін. Айтыс ақындарына да көңіл бөліп, қамқорлық жасауға бейім тұратын. Оның аса үлкен еңбегінің бір қыры ел ішіндегі ақын-жыраулар туындыларын жинастыру және көпшілікке таныту ісінен айқын көрінді. Әйгілі Мұрын жырауды Алматыға арнайы алдырып, «Қырымның қырық батырын» қырық күн бойы қағазға түсіріп, жазып алған да апамыз.


Ақын ана бұған дейін Мәншүктей батыр қызы мен Сарадай ақын қызын, Бибігүлдей әншіні, Динадай күйшіні жырға қосса, енді өзі де әдеби кейіпкерге айналды. Қазақ поэзиясында өзіндік орны бар Фариза мен Тұрсынхан да, Аққұштап пен Күләш та, Марфуға да ақын анаға ілтипатпен жыр арнады. Ақын жыры ананың сүті болса, ақын кітаптары елдің қуатына айналды. Оның өмірі мен өнері туралы «Бар қазаққа ана едің» деген атпен естеліктер жинағы жарық көрді. Ондағы ақын өнегесі, үлгісі мен ғибраты, тағылымы ұрпаққа ұлағат, үлкен-кішіге ғибрат. Өйткені, Мәриям апа ғұмырында от басынан аса алмаған, жақсы тәрбие берді ме, нашар тәрбие берді ме, бес-алты бала өсірген көп әйелдің бірі емес, Домалақ ана, Ұлпан секілді ел анасы атанған қайраткер, қыз-келіншектерге ғана емес, иісі қазаққа өсиет айтқан ақылман ана болды.


Ақынның көлемі жағынан болсын, сапасы жағынан болсын, әрі қомақты, әрі шоқтығы биік туындыларының бірі – «Мәншүк» поэмасы. Поэма кейіпкері Мәншүк Шығыстың жұлдызы, қазақтың батыр қызы ғана емес, ақынның суреттеуінде: «қара шашы қара бұлтпен жуғандай, қара қасы Аймен егіз туғандай», «аузын ашса ақ күміс ақтарылған» ай маңдайлы, жібек мінезді ару қыз. Мәншүк қыз Құртқадай қылықты, Ақжүністей сұлу, әйгілі Бопай батырдай жаужүрек. Ол жауға қарсы аттанғанда да ту көтеріп, тұлпар мінген қазақ батырларын көз алдына әкеледі:

«Қарағым!» – деп қарағандай Абылай,

Қара шашын сипағандай Исатай,

«Кегінді алмай кейін қайтпа» дегендей

Кенесары, айбынды ер Наурызбай».


Ақын суреттеген Мәншүк қыз бүкіл қазақ қыздарының жиынтық бейнесі. Мәншүк – қазақ қыздарының соғыс кезіндегі жауға деген өшпенділігі мен елге деген махаббатын бейнелеген символы.


Мариям Хакімжанова Қазақстан ғылым академиясының мұра жинаушылары құрамында 1947 жылы Қостанай, Торғай өңірлеріне барған сапарында Сейітқали Төлегенұлынан жазып алып, академияның сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қорына тапсырған өлеңінде Ыбырай Алтынсаринның атасы Балқожа Жаңбыршин мен Наурызбай Қазыбайұлының есімдері аталады.


«Қыпшаққа би Балқожа аға болды,

Ағасы Қанқожа би дана болды.

Айбыны аш арыстан секілді еді,

Көрсетті сан қазаққа тура жолды.

Үш жүзге Құсмұрында билік айтты,

Әр сөзін хатқа жазып, бетіне айтты.

Тоқтатып жалғыз ауыз сөзбен жұртты,

Халайық риза болып, елге қайтты.

Деуші еді Ахмет сұлтан қылман уайым,

Би берген Балқожадай бір Құдайым.

Мен түгіл үш алашты сүйреп өтер

Тар жолда, тайғақ кешу болған сайын.

Жеткен соң билігінің кемеліне,

Өмірден болған шақта өтерінде:

«Қыпшаққа Наурызбайым аға болсын», –

Деп еді ғазиз атам өлерінде.

Ол еді Танабұға Наурызбай би,

Осындай бір-біріне істеді сый.

Кемеңгер Наурызбай би дүлдүл еді,

Ақылын шамалауға жетеді ми...

Ол күндер қайтып келмес біздің жүзге,

Үш-төрт-ақ би бар еді Орта жүзде.

Саны көп, сапасы жоқ, сапырылысқан

Он үйге бір би болған келді кезге».


Апамызға арнап жыр жазған ақындар да көп. Олардың барлығын жинаса, жеке бір кітап құрастыруға болар еді. Ақын елге келген бір сапарында мен оған мына бір жыр жолдарын арнаған едім:

Мәриям апа! Өзінді самғатсын көкке сүйікті ел,

Көтердің талмай ел жүгін, ауырған шығар иық, бел,

Дина мен Күләш, Роза, Әлия, Мәншүк, Зұлфия,

Қыздары байтақ Шығыстың жырыңа болған кейіпкер.

Омалмай оттын басында азамат болған кемпір көп,

Уыздай тіпті жасында болдың ғой мықты сен тірек.

Батасын алып апамның Фариза, Күләш, Марфуға,

Жауыннан соңғы шалғындай шықты ғой бірден дүркіреп.

Қазақта мақты әйел көп, өзіңдей ару санаулы,

Ұйқасты қуған ақын көп, жырлар аз нұрлы, алаулы,

Кеудеңде сәби-жыр тұнған, халқыңа болдың қалаулы,

Жыр-туың сенің құлпырған биікте заңғар қадаулы.

Би-аға, Сырбай, Ғафулар егінін орса мол жырдың,

Тобылдың бойы тұнған жыр, анасы сенсің сол жырдың!

Атаның көзі болсам деп, ананың сөзі болсам деп,

Жыр егіп, жылда дән жинап, сол жерде, апа, мен жүрмін!


Ия, Мәриям апамыз асқан асулар, өткен өткелдер кез келген қазақтың пешенесіне бұйырған жоқ. Сондықтан да Фариза ақын апасы өмірден өткенде: «Ажал дегеннің қаталы-ай, әр сөзі асыл батадай, қош, қайран, Мәриям апам-ай!» – деп егілді, ақ қайыңдар қайғырып, қарағайлар тебіренді, Тобыл арнасынан асып,тасып, төгілді.


Мәриям апа ақын қыздардың туған анасындай болды. Ақын мұрасы – оның тұтас кітапханасы мен жұмыс кабинеті болған бір бөлмесі бұл күндері Қостанайға көшіп келді. Онымен Ыбырай Алтынсарин мұражайында болған әр адам таныса алады.




Ақылбек Шаяхмет


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар