Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Ақын қыздың аңсар әні (жас ақын Таңсәуле Әгенқызын...

10.10.2017 18382

Ақын қыздың аңсар әні (жас ақын Таңсәуле Әгенқызының өлеңдері туралы)

Ақын қыздың аңсар әні (жас ақын Таңсәуле Әгенқызының өлеңдері туралы) - adebiportal.kz

Қазіргі таңда көптеген жас ақындар өз мәнерімен өлең әлеміне қанат қағуда. Олардың әрқайсысы өздеріне тән қолтаңбасымен танылып, қалыптасып келеді. Солардың бірі – Таңсәуле Әгенқызы. Ақын қыздың жырларынан қазақ қыздарына тән нәзіктік пен мөлдір мұң, тау суының сарынындай өршіл де сырлы сарын еседі.

«Ақынның сыры – жырында» демекші, Таңсәуленің өлеңдеріне үңіліп, сыр аулап көрейікші: «Түркі аруы» атты өлеңіне қайраттың, ар-намыстың нышанындай болған түркі аруының бейнесін сөзбен кестелеуге талпынады:

Күмістелген күмбір күмбір сырғасы,

Ұлы дала самалымен үндескен.

Сәмбі талдай әсем біткен тұлғасы

Бәйшешекті белестегі нұр кешкен.

Ары, жаны тау суындай тұнығы,

Көздерінде күн көзінің жылуы жылуы,

Сонау сағым ғасырлардың кербезі,

Қасың қандай, Хас Түркінің сұлуы.

Нәзіктік пен әсемдіктің телағысындай қатар өрілген жыр арқылы ақын қазақ қызының жан сырына, терең сезіміне үңіледі.

Таңсәуленің лирикалық өлеңдері де сырға толы. Арулардың ар-намыс адалдығымен көркемделген ақынның жырлары оқырманның сезім пернесін дөп басатындай:

Сені күттім сол жолдан ізің қалған,

Бір көру болды-ау шіркін, жүзіңді арман.

Біз хоштасқан шілденің сол кешінде,

Жазым кетіп өзіңмен күзім қалған, -

деп жырлайды ақын. Бұл шумақтардан сағыныштың самалы есіп, аңсардың, адалдықтың самала мұнарын көргендей боламыз.

Ақын «Ақ жауын» атты жөлеңінде ақын күй әуенімен іштей сырласа отырып, жыр тілімен көңіл-күйін өрнектейді.

Жазылған бағым ба екен маңдайыма,

Кім дауа болар дейсің жан қайғыма.

«Ақ жауын» мен ақ жаңбыр бірлескенде,

Көкейіме талайды салды ай мына, -

деп толғайды. Ақын өз жырында сырлы сағынышты, жас жүректегі сезім дірілін тамаша суреттейді:

Ұнатушы ең арналар жалын жырды,

Жақ ашпаймын жатқа һәм жаным сырлы.

Білесің бе, жолыққан сәттен бастап,

Сенің бейнең мың есе сағындырды...

Ақын Таңсәуле Әгенқызы болашағынан үміт күттіретін, әртүрлі жыр бәйгелерінен жүлде алып келе жатқан ақын. Ол болашақта қазақ жырының бір бәйтерегіндей биіктейтіні сөзсіз.

Әскерхан Ақтай, ақын

**** *****

От алатын жарқылдаған жасыннан,

Сен ұшқынсың, жүрегіме жасырған.

Ешқашанда жете алмаспын өзіңе,

Ассам-дағы қанша қырдан, асудан.

Алыстағы арманымсың тым аппақ,

Көңілімде қалшы мәңгі тұрақтап.

Сен дегенде дамыл таппас қиялым,

Мені еріксіз әкетеді жыраққа ап.

Сансыратты сырбаз сезім кеш гүлдеп,

Көктемдегі қызғалдақ боп өстің кеп.

Сенен өзге ешкімді де көрмеймін,

Жүрегімде сенен басқа ешкім жоқ.

Жүрегімде сенен өзге жоқ ешкім,

Сондықтан да өзгелерден ерексің!

Жабырқатса жұмбақ сезім жанымды,

Жо-жоқ қалқам, сен кінәлі емессің!

****

"Ақ жауын" мен ақ жауын...

Жазылған бағымба екен маңдайыма,

Кім дауа болар дейсің жан қайғыма.

"Ақ жауын ", мен ақ жаңбыр бірлескенде,

Көкейіме талайды салды ай мына.

Барма бақыт өмірде сүрінбесең,

Кетпесе екен босқа бұл күнімде есем.

Ақ жауынға малтығып жан жарасын,

Жазып жүрем таулардың күнін кешем.

Көздерімде жан сезбес жасым жатыр,

Қара бұлтта қасқайып басымда тұр.

Кең даламды басқаға қимас едім,

Ақ жаңбырға төседің төсіңді ақыр.

Егесі бұл көңілдің сезімім бе?

Әр тамшыдай таусылды төзімім де.

Ақ жауынның үнінен оянамын,

Дәрменім жоқ тырсылдан көз іліуге...

****

Сай саладан ағатұғын су сынды,

Жиі аңсаймын сенің асқақ күлкіңді.

Сағыныштан болар бәлкім бағасыз,

Жанарыма мөлтілдеп бір жыр тұнды.

Сол бір тамшы ақ параққа төгілді,

Шабытымның қабырғасы сөгілді,

Өткен күнге өкпемді артып отырмын,

Жырдан алып кеткен жасқа кегімді...

Тұрмас мынау шақта қолда жасыңда,

Сені мәңгі теңеп өтем асылға,

Өлеңіме өз әріңді қоса жұр

күнім бақыт тұрсын басымда...

Кейде осылай жабырқаймын, жасқанам,

Көз алартып қалама деп басқадан,

Күндемеңдер,

Үндемеңдер өтінем,

Мен осынау сезіміммен мақтанам!!!

***** ******

Теңселіп тең баса алмай аяғымды,

Күз келді күреңітіп дала мұңлы.

Кездесу шат, хоштасу қиын екен,

Мұң торлап қала бердім жанарымды.

Сені күттім сол жолдан ізің қалған,

Бір көру болды–ау шіркін, жүзіңді арман.

Біз хоштасқан шілденің сол кешінде,

Жазым кетіп өзіңмен күзім қалған.

Білмеймін, біле алмаймын бағым қайда?

Қу жүрек дегеніңе бағынбайды ә.

Жасыл орман ішінде бір сары мұң,

Мен гүлдейтін мезгілім шағым қайда?

Ұнатушы ең арналар жалын жырды,

Жақ ашпаймын жатқа һәм жаным сырлы.

Білесің бе, жолыққан сәттен бастап,

Сенің бейнең мың есе сағындырды...

***

Мен негізі күннен қуат аламын,

Төгіп тұрса нұрын көктен мұңсызбын

Жарық сыйлар күнде сөнер мезгілмен,

Онсыз өмір сүре алады- ау түнсіз кім?

Жапырақтай мезгіл келсе солатын,

Кеш болса бос қиялдарға елігем.

Арманыма қанат болған Ей Жарық!

Мөлдірлігің үшін суйем сені мен.

Қамқорлығың үшін көпке ғашықпын,

Қараңғылық келсе өмірде жоқтай мән.

Сенен ләззат ала берсем әп сәтте,

Түнде келіп қала берет тек қайдан.

Сан ғұмырға куә болып алыстан,

Тек биіктен бақылап сен келесің.

Ақымақтау іске болсаң куәгер,

Жаңбыр болып көз жасыңды төгесің.

Сен батарсың мен артамын таңғы үміт,

Түнде сені аңсатады бірақта.

АЙ да біреу Күнде біреу ғаламда,

Сенен қашып құтылмаспын жыраққа!

28.07.2017

Таңсәуле Әгенқызы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар