Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

27.11.2020 5100

Ақын Өтежан 12+

Ақын Өтежан - adebiportal.kz

Студент шағымызда Өтежан Нұрғалиев туралы түрлі әңгіме, қилы оқиға оңды-солды айтылып жататын. Оның қайсысы шын, қайсысы жалған екенін ел айыра алмайтын. Ақиқат пен аңыз астасып, қатар жүретін. Студент кезіміз. «Өтежан ақын бәленнің кемшілігін бетіне айтыпты», «Елде жоқ киім киіп келіпті», – деген қалың қауесет ауыздан ауызға желдей есетін.

Ол кезде Бөгенбай мен Панфилов көшесінің қиылысындағы қазіргі Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы тұрған ғимарат ҚазҰУ-дің бас корпусы болатын. Бас почта мен осы ғимараттың арасындағы аллеяда облыстық газеттердің жаңа сандары құлыппен бекітілген шынының астында ілінеді және күніге жаңартылып тұратын. Ол газеттерді ешкім өзімен бірге алып кете алмайды. Қаламгерлер бас почтаға хат-хабарды сылтауратып, осы алаңда жиі бас қосатын.

Кейбіреулер ойламаған жерден жолығып, небір қызықтың ортасынан бір-ақ шығатын. Жолдың ар жағы бұрынғы үкімет үйі, сол қапталы Жазушылар одағы. Сол маңдағы бұрынғы «Аққу» кафесі қаламгерлердің бас қосатын сүйікті жері еді. Құж-құж қайнаған әдеби орта мен саяси ортаның арасын бөліп тұрған саябаққа жиі жиналатынбыз. Алматының осы тұсы сол кездегі ақын-жазушылардың рухани орталығы болды.

ҚазҰУ-дің бас корпусында студенттердің әдеби кеші жиі өтіп жататын. Бұл поэзиялық кештер жас ақындарға қанат бітіріп, шығармашылығын шыңдауға көп септігін тигізді. Оны ұйымдастырып, басы-қасында профессор Сұлтанғали Садырбай жүретін. Ол өлең оқитын жастарды ортаға шақырғанда: «Бұлбұлдар сайрайды, құстар жырлайды, бірақ әр құстың өзінің үні бар» – деген сарындағы сөздерін әр кеш сайын қайталайтын. Ол жиындарға мен Политехникалық институттың студенті кезімде келіп, жыр оқитынмын. Әдебиетке жанашыр ағаларымыз осы кештерге қатысып, көңілдерінен шыққан шығарма иелеріне қолдау білдіріп жүретін.

Бірде осындай кезекті кештен өлең оқып шыққанда, есік алдында бір топ адаммен әңгімелесіп тұрған Сағат Әшімбаевқа жолығып қалдым. Қолымнан шап беріп: «Қасымхан, тоқта!» – деді. Селт ете қалдым.

– Жаңағы оқыған өлеңің маған қатты ұнады, сол деңгейдегі өлеңдеріңді бір дәптерге көшіріп, жинастырып, дүйсенбі күні жұмысқа алып кел! Жұмыс орнымды білесің ғой? – деп сөзін нақтылады.

Ол кезде Сәкең «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде бас редактордың орынбасары еді. Қазіргідей компьютердің жоқ кезі, дәптерге жазылған өлеңдерімді Сағат ағаның қолына ұстаттым. Өлеңдерімді машинкаға өзі бастырып, «Жалын» баспасының редакторы, досы Өтежан Нұрғалиевтің қолына тапсырыпты.

«Жалын» баспасында ол кезде ақын Күләш Ахметова, Байбота Қошым-Ноғай қызмет ететін. Жас ақындар осы кісілерге жиі баратынбыз. Бірде Күләш Ахметова: «Қасымхан, сендердің кітаптарыңа Өтежан ағаларың редактор болып бекітілді. Ағаңа жолығып, анық-қанығын біліп алғаның артық болмас. Екі-үш күн болды үйінде жұмыс істеп отыр. Басшылармен солай келіскен сияқты», – деп үйінің телефон нөмерін берді. Өтежан ағаға хабарласқанымда, сол күні түстен кейін үйіне шақырды.

Барғанда батылырақ сөйлесу үшін жол-жөнекей жанымдағы жас ақын достарымның қолқалауымен шараптан тартып-тартып жібердік. Ол кезде бұл онша оғаш іс саналмайтын. Есіктің ар жағынан Өтежан ағам өзі қарсы алды. Жұмыс үстелінің үстіндегі шашылып жатқан кітаптар мен қолжазбалардың ортасында күлсалғыш пен темекі жатты. Темекінің бір талын маған ұсынды. Қолын қайтаруға ыңғайсызданып, шекпесем де үнсіз алдым. Біраз үнсіздіктен соң Өтежан ағам:

– Ал бала, шарттасайық, – деді.

Мен келіскенімді бас изеп білдірдім.

– Мен қазір бір өлең оқимын. Егер сен сол ақыннан мықтымын деп ойлайтын болсаң, онда сен бір өлең оқисың. Бірақ, осы бастан ашып айтам, қатаң ескертем, оқыған өлеңің мен оқыған өлеңнен бір мысқал кем болатын болса, кітабың шықпайды. Оған ренжімейсің. Осы сөзге тоқтайсың ба? – деді.

– Тоқтаймын! – дедім сол сәтте бойыма өзіме де белгісіз бір қуат құйылғандай. Оның үстіне әлгінде сыртта ішкен шарабым бойыма тарай бастағанын сезгендеймін. Содан Өтекең «Түйе, түйе, түйе», – деп басталатын бір өлеңді оқыды. Оқып жатқанында ызам келді. Сол тұста жатқа жаңылмай оқып жүретін бір өлеңімді оқуға бел байладым. Бала кезімде әкеме еріп, егіс алқабына баратынмын. Күн ыстық. Аспан айналып жерге түсердей қапырық. Аңызақ. Атыз-атызбен жылжытып жүгеріні суарамыз. Судың алдын кетпенмен тазалап жетектеп отырмасаң су жүрмейді. Бірде қырлы жердегі біздің егіннен қашқан су, төменгі жақта, етекте өсіп тұрған жалғыз талдың түбіне барып құятынын байқап қалдым. Сол сурет маған қатты әсер етті.

«Жалғыз талға егіннен су қашатын,

Жүгерілер елжірей шуласатын» деген жолдар әлі есімде.

Барымды салып сол өлеңді оқып ем, Өтежан ағам Кеңес үкіметінен қашып кеткен эмигранттар сияқты орнынан тұрып, қолымды алды.

– Бала, сен ақын екенсің, кітабың шығады, өзім редакторы боламын, болды, бара бер. Сені қабылдау уақыты бітті, – деді. Шынымды айтсам, айызым қанбай қалды. Өзімнің «мықты» ақын екенімді мына «шалға» біржола дәлелдеп кеткім келді. Оның үстіне шарап бойыма толық тараған сәт еді. «Аға, тағы бір өлең оқиын» – дедім. «Мен саған айттым ғой, кітабың шығады деп. Үтір-нүктесіне де қарамаймын, бір сөзіңе тиіспеймін, бара бер!» – деді. «Совет үкіметін боқтаған жоқсың ба?» – деп шыға берісте қағытып қалды. «Жоқ, аға, совет үкіметінде нем бар?» – деп қоштасып, сыртқа асықтым. Ақынның соңғы сөзі құлағыма мүлде оғаш естілді. Біртүрлі тіксініп қалдым.

Өтежан Нұрғалиевпен таныстығым осылай басталды. Сыртта күтіп тұрған достарым кітап шығатынын естіп, шуласып жатыр. Сыныққа сылтау таппай тұрған біз үшін бұл тосын жаңалық сол күнгі сауық-сайранның үлкен себепшісі болды. Ұзақ күтіп төзімдері әбден таусылған ақын достарым «Не деді, неге ұзақ отырдың?» деп сұрақтың астына алып жатыр. Мен: «Совет үкіметін боқтап жазған өлеңің жоқ па? – деп сұрады» дедім. «Ой, ол ағамыз өзі сондай адам ғой», – деп бәрі мәз болды.

Бір жылдан соң көптен күткен алғашқы жыр жинағым Жұмекен Нәжімеденовтың жабық рецензиясымен, Өтежан Нұрғалиевтің редакторлығымен жарыққа шықты.

Арада он төрт жыл өткеннен кейін Өтежан Нұрғалиев маған арнаған өлеңінде:

Белдеу де емес, белге таққан күдері...

Алмас қылыш – Қасымханның жігері

Қасымханды ақын еткен тақырып –

Су жетпеген, жалғыз түйір «Жүгері» -

Сол тақырып шымыр-шымыр – сөз басы,

Қозға жырын, жас ақынның қозғашы!

Жүгеріге жетпей жатқан су емес

Армандардың тереңдігі – көз жасы...

Сол арманды бұрымынан бір ұстап...

Шашты өлеңге менің інім... уыстап, – деп жазуының сыры – танысу үшін баяғыда үйіне алғаш іздеп барғанда оқыған жалғыз өлеңімнің есінде қап қойғандығы болу керек. Сол оқиғаны арада көп уақыт өткеніне қарамастан қалай ұмытпағанына әлі күнге дейін қайран қалам.

Тұңғыш кітабым шыққан кезде мен Политехникалық институттың бесінші курс студенті едім. Жазда Талдықорған жақта әскери кафедраның үш айлық оқуына алып кеткен. Сонда жүріп «Жазушы» баспасының поэзия бөлімінде жауапты қызмет істейтін ақын Ұлықбек Есдәулетке звондап сұрап қоямын. Кезекті бір хабарласқанымда Ұлы-ағам: «Ал Қасымхан, құттықтаймын. Сенің тұңғыш кітабың «Бастау» деген атпен «Жалын» баспасынан жарық көріпті. Кеше Өтежан Нұрғалиев пен Ибрагим Исаевтің қолынан көрдім. Олар сендердің кітаптарыңды жуып жүр екен. Келген соң сен де жуасың», – деді. Артынша өзіммен бірге кітаптары шыққан жас ақын достарымнан: «Өтежан ағамызға өзі жасаған тізім бойынша, кезекпен жуып жатырмыз» – дегенді естідім. Кезек маған келгенде, сол кезде ел көп жиналатын мейрамхананың біріне ағамды шайға шақырдым. Басына қара шляпа, үстіне көк костюм, қызыл көйлек, оның сыртынан ескілеу сары плащ, аяғына қоңыр түсті, тұмсығы үшкір туфли, мойнына алқызыл шарф байлап, ерекше киім киген ұзын бойлы көрікті ақын көптің көзіне бірден түсетін. Сонымен, ағаммен мейрамханаға кірдік. Есіктен кірген бойда, плащын киім ілгішке өткізді. Ақындар жиналса өлең оқымайтын, өлең оқыса шарап ішпей кетпейтін кез еді. Біраз әңгімеден кейін, кезектесіп өлең оқи бастадық. Түннің бір уағына дейін ақынның әңгімесін қызыға тыңдадым. Ертеңінде жолға жиналдым. Өйткені, әскери кафедраның оқуынан үш күнге әрең сұранып келгенмін. Штаб бастығы полковник Загоревский: «Кітап шығару, адам өміріндегі ерекше оқиға. Мен сені үш күнге ғана босата аламын, бірақ босатқан мерзімнен бір сағат та кешігуге болмайтынын қатаң ескертемін» деген дауысы құлағымда саңқылдап тұрды. Кетуге мәжбүрмін. Бір сағаттан кейін қолымда жаңа шыққан кітабым, көңіліме қанат біткендей Талдықорғанға қарай зымыраған автобустың ішінде терезеге қарап, Алматыда өткізген үш күнімді ойлап, кетіп бара жаттым.

Арада екі ай уақыт өткеннен кейін әскери кафедраның оқуын ойдағыдай бітіріп, қолға әскери артелерияның лейтенанты деген куәлікті алып, офицер болып Алматыға оралдым. Бірден Жазушылар одағына бардым.

Өзім қатарлас жас ақындармен жолығып, әңгімелесіп тұрғанбыз. Қасымызға келген жігіттердің бірі: «Қасымхан, сені Өтежан ағаң іздеп жатыр. Қазір жұмысында отыр. Барып, жолығып қайтсаңшы», - деді. «Неге іздеді екен?»-деп мен аң-таң болдым. Оның үстіне баяғы мейрамханадан кейін мен ол кісіні көрген жоқпын. Ол сәл күмілжіп: «Сен оның плащын қайда қойғанын білесің бе?»,-деді. «Қандай плащ?» деп сұрап едім, білмеймін деді. Мен қатты ойланып қалдым. Соңғы рет плащын біз барған мейрамхананың киім ілгішіне өткізіп жатқаны есімде. Ал, қайтқан кезде ол жерден плащын алған, алмағаны есімде жоқ. Өтекеңнің кабинетіне бірден бет алдым. Бағыма қарай ағамның алдында ешкім жоқ екен. Өтекең әдеттегідей көк түтінді будақтатып, сарғайған ескі кітаптардың бірін парақтап отырды. Амандық-саулықтан кейін:

– Қалай, әскери оқуыңды аман–есен бітіріп оралдың ба? Осы менің ескі плащымның қайда қалғаны есіңде жоқ па? – деп сұрады.

– Білмеймін, аға. Соңғы рет плащыңызды біз барған мейрамхананың гардеробына өткізіп тұрғаныңызды көргем. Қайтар кезде алған, алмағаныңыз есімде жоқ,- дедім.

– Онда жүр сонда барып, түскі ас ішейік. Реті келіп жатса, қызметшілерден плащтың жайын сұрастырамыз, - деп екі ай бұрынғы жерге қайта келдік.

Міне ғажап, екі ай өтсе де, ағамның плащы сол жерден жылжымапты. Көзіне оттай басылған плащын ағам бір-екі рет сілкіп, шаңын қағып, үстіне киіп алды.

Әдеттегідей Жазушылар одағына бара қалсам, есік алдында дабырлай сөйлесіп он шақты ақын-жазушы тұр екен. Орталарында Өтежан Нұрғалиев бар. Жуырда алған «Құрмет» орденін тонының сыртына тағып алыпты. Жігіттердің бірі: «Аға-ау, орденді костюмнің жағасына тақсаңызшы», – деп қалды. Өтежан аға: «Қай киімді киіп жүрсем, соған тағып жүрем», – деді. Мен ағаммен амандасып, аз-кем әңгімелескен соң үйіне жеткізіп салдым.

Дулат Исабеков Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының директоры болып отырғанда мен орынбасары қызметін атқардым. Сол кездері Өтежан ағам біздің институтқа жиі келетін. Үйі институтқа таяқ тастам жерде еді. Ондайда не айтылмайды дейсің. Ол кісінің жүрген жері қыран топан күлкі. Кейде әңгіме тарихқа ойысады. Өткен-кеткен қызықтарын, басынан кешкендерін әсерлі етіп айтатын. Сосын Өтежан аға басынан дәу шляпасын тастамайтын. Үстіндегі киімдерінің түстері бір-бірімен мүлде үйлеспейтін. Бірде Дулат аға: «Көптен бері көрінбей кеттіңіз ғой. Қайдан қайттыңыз, Өтеке?» – деп сұрады. «Байғанинге барып, келдім», – деді Өтежан аға. Арада ұзақ үнсіздік орнады. Әркім өз ойымен әуре болып кеткендей, бір сәттік сол бір тыныштықты Дулат ағаның: «Осы Байғанинде қанша Жазушылар одағының мүшесі бар екен?» – деген сұрағы бұзды. Өтекең: «Байғаниннің өзін қосып айтайын ба?» – деп әдеттегідей қыңырлығына басты. Қалай күлмейсің? Үшеуміз қосыла күлдік.

Қабылдау бөлмесінде Анар деген хатшы қыз отыратын. Ол ешбір ақын-жазушыны, актер мен режиссерді танымайтын еді. Бірде Дүкең мен Өтекең темекілерінен сыздықтатып түтін шығарып, қалың ой құшағында отырған. Мен де сол кабинетке кіре қалғам. Хатшы қыз есікті ашты да:

– Дулат аға, сізге бір әзірбайжан келіп тұр, – деді. Дүкең таңқалып, иығын көтерді де: «Өзіміздікі ме?» – деді. Өтежан аға: «Қай тілде сөйлеп тұр?» – деп еді, хатшы қыз: «Қазақша, орысша араластырып сөйлейді», – дегенше болған жоқ, «Идиод» деп, Әзірбайжан Мәмбетов кіріп келе жатты. Бәріміз жамырай күлдік. Әзірбайжан ағамыз да күліп жатыр.

Әлгі қыз тағы бірде шырылдаған телефонның тұтқасын көтереді: «Мен Әбдіжәмілмін ғой. Әлгі бала бар ма?» – депті арғы жақтағы дауыс. Хатшы қыз жұлып алғандай: «Фамилияңыз кім?» – дейді. «Мен, Әбдіжәміл Нұрпейісовпын, тез телефонға баланы қос» – десе, хатшы қыз: «Әбдіжәміл болсаңыз, қайтейін? Менің бастығым бала емес!» – деп телефонды қоя салыпты. Біз түскі асқа жиналып жатқанбыз. Хатшы қыз кірді де, «Сізге Әбдіжәміл Нұрпейісов деген кісі звондады» – деп, бәрін сөзбе-сөз айтып берді. Мұны естіген Өтекең: «Дулат, мына қызды қайдан тапқансың, ә?» – деп ішегі қатқанша күлді. Біз де еріксіз езу тарттық. Дүкең бірден телефонға ұмтылып, Әбдіжәміл ағамызбен мәз болып сөйлесіп жатты.

Жастай өмірден өткен даңқты жазушы Саттар Ерубаевтың мерейтойын Түркістанда өткізетін болдық. Сөйтіп көптеген ақын-жазушыны туған жерім – Түркістанға апардым. Қала әкімшілігінің жоспары бойынша ғылыми конференцияда біраз ақын-жазушы президиумда отыратын болды. Қалған қонақтар залдағы ең алдыңғы, құрметті орындарға жайғасты. Сол тұстағы шаһар басшысы жиынды ашып, келген қонақтарды халыққа таныстыруы керек болатын. Барлығы сол жоспар бойынша өтіп жатқан. Қалабасы сөз сөйлеп конференцияны ашты. Біртіндеп қонақтармен елді таныстырып жатыр. Бір кезде ел қыран топан күлді. Әуелгіде не болғанын түсінбей қалдым. Сөйтсем, президиумда «Сабырхан Асанов» деп жазылған жерге Өтежан Нұрғалиев отырып алыпты. Ақын Сабырхан Асанов ауа жетпей сәл ауырыңқырап тұрғандықтан, залға отыра салған екен. Әкім қолындағы тізім бойынша «Ақын ағамыз Сабырхан Асанов» десе, оның орнына отырып алған Өтежан аға тұрып залға басын иіп, орнына қайта отырады. Залдың ішін гу-гу күлкі кернеп кетті. Әкім ештеңе түсінбей, бір сәт аңырып қарап қалған. Еріксіз, осылай күтпеген жерден жиналыс тоқтап қала жаздады. Ол ақындардың жүзін жақсы ажырата алмайды екен. Өтежан ақынның бұл қылығына жанымда отырған Сабырхан Асанов та мәз болып күліп отырды. Мен тез күлкімді тиып, әкімге елдің неге күліп жатқанын түсіндірдім. Әкім қатты қысылып қалды. Кейінгі жиналыстарда түрлі сылтау айтып, қайтып ақындарға жоламай кетті. Соңынан:

– Өтежан аға, мұныңыз не, ұят болды ғой? – десем:

– Қасымжан-ау, онда тұрған не бар, бір-екі сағат Сабырхан Асанов бола тұрғанымнан кімге, не зиян келер дейсің? – дейді түк болмағандай. У-шумен екі күндік мерейтойымыз өте шықты. Қонақтарды абыроймен қайтардық. Мен ақын ағамызды өзіміздің алдын-ала келісіміміз бойынша, Бабайқорғанға, әкемнің қарашаңырағына қонаққа ертіп кеттім. Осы сапарда белгілі сыншы, профессор Құлбек Ергөбек бастан-аяқ қасымызда жүрді. Бір апта туған жердің топырағына аунап, атқа мініп, қымыз ішіп жақсы демалдық. Қарашаңыраққа құтты қонақтар келгенін көріп әке-шешем де шер тарқатып, мәз болып қалды. Өтежан ағаның парасат-пайымына, сөйлеген сөзіне, айтқан әңгімелеріне біздің ауылдың адамдары таңқалды. Әлі күнге дейін «Әлгі ешкімге ұқсамайтын ақын ағаңның сондағы айтқан әңгімесі-ай!» – деп еске алатындар бар.

Суретте: ақын Қасымхан Бегманов

Бір күні Түркістан университетінде сабақ беретін, профессор Құлбек Ергөбектің: «Өтежан Нұрғалиев екеуіңмен кездесу өткізейік», – деген ұсынысына Өтежан ағамыз қарсы болмады. Студенттер лық толған Түркістан университетінің үлкен залына екеуміз бірге кірдік. Студенттер бізді үлкен қошемет көрсетіп, орындарынан тік тұрып, қол соғып қарсы алды. Жүргізуші – Құлекең. Ол алдымен Өтежан Нұрғалиевтің қазақ әдебиетіне сіңірген еңбегіне жан-жақты тоқталды. Оның ешкімге ұқсамайтын поэзиясын талдап тұрып айтты. Алғашқы сөз Өтекеңе берілді: «Бірдеңе күндер, қызарып барып бататын, бірдеңе таңдар, арайлап сонда ататын. Жойылсын қыздар, жойылсын қыздар мәңгіге, насыбайларын сататын», – деген өлеңін оқыды. Әсіресе соңғы екі жолы есімде анық сақталып қалыпты. Алғашқы екі жолы есімде қалмапты. Өтежан ағаның өзімде бар кітаптарынан осы өлеңін таппадым. Өлең бітер-бітпестен бүкіл аудитория ду ете қалды. Шулап жатыр. Ызы-қиқы. Залдың жартысы, әсіресе қыздар жағы орындарынан тұрып, шығып кетті. Кездесуді жүргізіп отырған Құлекең сыр бермеді. Ол өз сөзінде Өтекеңнің әлгі өлеңін жақсылап жуып-шайды. Түсіндірді. Дегенмен оқылатын өлең оқылып қойды. Бірақ, мен залдан кетпей қалған студенттермен жақсы кездесу болды деп есептеймін. Бұл күндері ғылым докторы, сыншы Құлбек Ергөбекпен кездескен сайын Өтежан Нұрғалиевпен өткен сол бір күндерді сағына еске алатынымыз бар.

Менің «Көше ақындары» деген өлеңім кезінде ресми мойындалмаған Тоқаш, Өтежан, Кеңшілік, Жұматай, Дәуітәлі сынды көше ақындарына, аяулы ақын ағаларыма арналған болатын.

Көше ақындары,

Көше ақындары,

Арғымақтары даланың,

Алшаңдай басып келе жататын

тротуарында қаланың.

Бiлмейдi оны бүгiнгi мынау

тәртiбi жақсы жас ақын,

Мен көрген сол бiр көше ақындары

шараппен шөлiн басатын... – деп жазған едім.

Бірде Жазушылар одағының екінші қабатындағы ашық алаңқайда Өтежан Нұрғалиев жұбайы Күләш апамызбен, Иран-Ғайып, тағы бірнеше адам жиналып, әңгімелесіп отыр екен. Иран-Ғайып ағам мені көре салысымен:

– Қасымхан, бері кел, Өтежан ағаң екеуміз әбден ақылдасып, сенің құрметіңе екі адам ғана қатысатын шағын мүшәйра өткізгелі отырмыз. Жүлдесін өзің тағайында, біз саған арнап өлең жазамыз, – деді. Мен басында қалжыңдап отырған болар деп мән бере қойған жоқпын. Жиналған жұрт кеу-кеулеп, шулап жатыр. Мен әлі де ағаларымның кезекті қалжыңы шығар деп ойлап, күліп тұрғам:

– Бұны қалай бағалайсың? – деп Өтекең әңгімеге араласты.

– Шын айтып отырсыздар ма? – деп қайта сұрадым.

– Әрине, шын айтып отырмыз, – деді Өтежан аға.

– Елге сіңірген еңбегім жоқ, сонда мен туралы не жазбақшысыздар? – деп күлдім.

– Онда сенің шаруаң болмасын, бүгін сіңірмесең ертең сіңіресің, біз соған сенген соң ғана осындай шешімге келдік! – деді Өтекең.

– Халтура жазсаңыздар мен халтураны жақсы түсінетін адаммын. Оны сіздер де өте жақсы білесіздер.

– Бізді халтура жазады деп, кім айтты саған? – деп, қатты шамданып қалды. Осылай өте жақсы көретін екі ақын ағам, екі жақтан қыспаққа алып, менің келісімімді күтіп отырды. Сөйтіп тұрғанда Исраил Сапарбай келіп: «Бұл мүшәйраға мен де қатыссам бола ма?» – деп еді:

– Екі адамдық мүшәйраға үшінші адам қатыса алмайды, – деп Иранбек Оразбай гүр ете түсті. Мен Исраил ағамның көңілін қимай:

– Сіз осы мүшәйраның төбе биі болыңыз, – дедім.

– Онда үш-төрт күннен кейін осы Жазушылар одағында кездесіп, мүшәйраны өткізейік, – деп, Иран-Ғайып пен Өтекең мені асықтырды.

– Аға, үш-төрт күн өте аз, жүлдені дайындау үшін маған кем дегенде бір ай уақыт керек, – дедім ойланып отырып. Оның үстіне несін жасырайын, «Бұлары әзіл болса, бір айдың ішінде ұмытылып кетер» деген ой да болды. Бірақ, ағаларым шын ниеттерімен ұсыныс айтып тұрғанда қолдамау, тәуекел демеу менің інілігіме әрі азаматтығыма сын болатын болды. Оның үстіне ес білгелі үлкеннің бетін қайтару, сөзін бөлу менің табиғатыма жат еді. Алған тәрбием солай. Бұл кісілерден артықшылығым – ол кезде жалындап тұрған жас едім. Қолдан келер көмек болса, ешкімге аямайтынмын. Бұл мінезімді маған жақын жүргендер өте жақсы біледі. Кейін біреулердің бұл жақсылығымның тонын теріс айналдырып, түрлі ғайбат таратып, түрлі өсек айтқанын әр жерден естіп жүрдім. «...Бас ұрма, жаным, өсек-ғайбатқа бораған» – деп Төлеген Айбергенов жырлағандай, мен бұл оқиғадан бұрын да, қазір де ешқандай кемшілік көрмеймін. Қайта шығармашылық адамының алаңсыз жазуына жағдай жасайтын түрлі қаржылық демеу көрсету ешқашанда артық болмайды. Бұл жердегі мақсат – кейбіреулер ойлағандай мүшәйра ұйымдастырып, өз атымды шығару емес, ағалардың бір ауыз сөзін жерге тастамай, інілік парызымды өтеу болатын.

Бастапқы әңгімеге қайта оралайын. Арада біраз уақыт өткенде Жазушылар одағына бардым. Кездескен жұрт мені көріп шулап кетті. Өтекең мен Иран-Ғайып мүшәйраға тас-түйін дайындалып, екі күннен бері мені іздестіріп жатыр екен. Бүгінгідей қалта телефон жоқ кез. Мен мүшәйра туралы мүлде ұмытып кетіппін. Содан амал жоқ, осы оқиғаға қатысы бар адамдарды жедел жинап, Жазушылар одағының бір бұрышында тарихта болмаған екі адамдық бейресми мүшәйрамызды өткіздік. Исраил Сапарбай, Сайымжан Еркебай, Қайырбек Асанов, Серік Жанболат сияқты көптеген адам сол оқиғаның тірі куәсі болды. Қалған кісілердің атын қазір есіме түсіре алмай отырмын. Алдын-ала келіскеніміздей Исраил Сапарбай екеуміз екі адамдық мүшәйраға қазылық жасадық. Бірінші өлеңді күңірентіп Иран-Ғайып оқыды. Арты қайда барып соғар екен деген жұрттың көңілі шығармада емес, қорытындысында болған сияқты. Одан кейін Өтекең оқыды. Екеуінің де ағалық әппақ көңілін іштей қимай отырдым. Осы арада оқырманға Құдай алдындағы шынымды айтқым келеді. О бастан-ақ екі ақын да жүлделі болса деген ниетте болдым. Бөліп-жармай, жүлдені екі ақынға тең бөліп бергім келді. Сонымен, Төбе би ретінде алдымен Исраил Сапарбайдан пікір сұрадық. Ол кісі Иран-Ғайыптың өлеңіне тоқталды. Артықшылығын талдап айтты. Сөзінің соңында Өтекеңнің өлеңдеріне басымдық беретінін айтып, «Жүлде Өтежан Нұрғалиевтікі!» – деді. Ендігі шешуші сөзді мен айтуым керек. Бүкіл елдің көзі менде. Несін жасырайын, осы жерге келгенде мен қатты қысылдым. Елді күттіре беруге болмайды. Бәрі шешуші сөзді күтіп тұр:

– Маған екі ақынның да өлеңі қатты ұнады. Бір атым насыбайдан көңілі қалған қазақтың баласымыз. Екеуі де шаппай бәйге алатын жүйріктер. Классиктер. Сіздер қарсы болмасаңыздар, екі ақын тең түсті деген байламға тоқтадым», – деп едім, Иран-Ғайып орнынан атып тұрып: «Ей, бала! Сен не деп тұрсың? Бұлай болмайды! Екі адамдық мүшәйраның жеңімпазы біреуміз ғана болуымыз керек», – деді күндей күркіреп. Мен өз дәлелімді, екеуін де қатты құрметтейтінімді айта бастап едім, ешкім мені тыңдағысы келмей шулап кетті. «Онда Исрайл Сапарбайдың пікіріне мен де қосылам, басымдық Өтежан ағада», – дедім. Иран-Ғайып қолын бір сілтеп, кетіп қалды.

– Менен озатын ақын қазақта әлі туған жоқ, – деді Өтежан ағам көңілденіп. Сол жердегі кісілер ақынды жамырай құттықтап жатты. Жүлдені Күләш апамыздың қолына салтанатты түрде тапсырдық.

Ол кездегі ақын-жазушылардың шатағына, «өртке тиген дауылдай» мінезіне етіміз әбден үйреніп кеткен. Сол күннің бәрі бүгін сағынышқа толы естелікке айналатынын кім білген? Жиналған қауымды Алматының іргесінде орналасқан Абай ауылындағы үйіме апарып, мал сойып, қонақ етіп күттім. Иран-Ғайып ағам ашуланып, сыртқа шығып шараптан тартып алса керек. Өтекең өзі барып, ашуын тарқатып, ертіп келді. Сыртта тосып тұрған екі-үш көлікке бөлініп мініп, үйге келдік. Сол күні үлкен той болды. Жыр оқылып, әртүрлі қызықты әңгімелер айтылды. Ол кезде күннің батысы, таңның атысы адамдардың кіршіксіз көңілінен қымбат еместей көрінетін еді. Бірақ, мен сол күні осы бір екі адамдық мүшәйраның соңы осынша үлкен өсек пен ғайбатқа ұласатынын білгем жоқ. Ал енді сол ақындардың маған арнаған өлеңдерін мұқият оқыған адам екі адамдық мүшәйраны менің емес, екі ақын ағаның өтінішімен ұйымдастырылғанын бірден түсінеді. Оның үстіне бұл оқиғаның басы-қасында болғандардың көбі дін аман, ортамызда жүр. Құдайшылығын айтар.

Қиын күнде тапқан інім жолдасым...

Тек өзіңнен табар жырым – жалғасын.

«Вьетнам» деп қалжыңдаушы ем жасыңда

Ендігі атың – ақын Қасым, хан Қасым, – деп Өтежан аға өз қолымен жазып берген сол өлеңін оқырманға ұсынатын кез келген сияқты.

«Айта берсең әңгіме көп, әңгіме» деп ақынның өзі сол толғауында жырлағандай айта берсек ағамызбен бірге болған күндердің әңгімесі көп. Иә, Өтекең талай қиын күндерде бірге болған ардақты ағам еді. Басқа берсе жамандыққа қарсы тұратын жігер бәрімізден табылып қалар, ал жақсылықты көтере білетін төзім жалпымыздан бірдей табыла ма? Артына сан алуан қызықты оқиғаларды қалдырып, адам сенгісіз аңызға айналып, өзінің киімдеріндей қызыл-жасыл дүниені, мынау жарық опасыз жалғанды бізге қалдырып, Өтежан ағам да дүниеден өтті. Топырағы торқа, жарықтықтың жаны жәннатта болсын!

Қасымхан БЕГМАНОВ,

ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Назарларыңызға Өтежан Нұрғалиевтің Қасымхан Бегмановқа арнаған өлеңін ұсынамыз.

(Ақын Қасымхан Бегмановқа)

І

...Мен дүниенің өзгергенінен қорқамын.
Алдап тұрып сөз бергенінен қорқамын.
Өзгермейтін дәмі емес пе, дүние
Ащы да емес, тұщы да емес «сорпаның».
Ақшалардың құны қашқанын сүймеймін,
Адамдардың құты қашқанын сүймеймін,
Тасқа айналған сөйлемдерді сүйемін,
Су секілді сөйлемдерді – сүймеймін.
Сөзім менің сатылса да алтынға,
Арым қалсын сатылмаған қалпында.
Ей, адамдар, сөз айтамын сендерге
Сатылуға жақындаған қалпымда.
Мен Дүниені, Ата-ананы, ініні
Сүюші едім өзгермеген қалпында.
Ей, Адамдар, сөз айтамын сендерге
Құлақ естіп, көз көрмеген қалпымда!
Жүрегіңді ащы қайғы жалмаса
Адамдарға арыз айту далбаса,
Кім тыңдайды менің ащы зарымды
Қасымханның ақ жүрегі болмаса?!

ІІ

Мынау дала тұлпар шерткен тұяқты
Мынау аспан – сұңқар шерткен қияқты
Түркістанға тартқан мынау түнгі жол
Қасымханның қасқа жолы сияқты...
Ұшқан, ұшқан төбесінен бұлт ұшқан,
Бұлт ішінен заман гулеп жұрт ұшқан
Жеті ғасыр өтсе дағы сол қалпы
Бегмановты берген мынау – Түркістан
Билесе – өрнек, айтылса – өлең, жазса – күй
Азан айтар әр есікті ашсаң –үй,
Қасымханға бата берген бұл мешіт
Әзірет сұлтан Қожа Ахмет Яссауи!
Таңнан тұрып күмбірлеген азаны
Көк аспанға ілулі тұр қазаны,
Мекке менен Мединеден кем тұтпай
Сол кесене, сол қасиетті топырақ
Қасымханға таң атқызған атырап,
Сол мекеннен тамыр тартты, жыр жинап,
Жаны нәзік, ақын кеуде, жапырақ...
...Біреу жүрер жолын таппай, күйбеңдеп,
Біреу жүрер басын жазып, миды өңдеп,
Астананың жыр көгінен бір Жұлдыз
Жарқ етті де, жүзді жалғыз иреңдеп.
Көкте жалғыз туып па еді Қасымхан,
Әлде жырдан суып па еді Қасымхан?
Отырды да қанатына өлеңнің
Таң Шолпанын, қуып берді Қасымхан!
Белдеу де емес, белге таққан күдері...
Алмас қылыш – Қасымханның жігері
Қасымханды ақын еткен тақырып –
Су жетпеген, жалғыз түйір «Жүгері» –
Сол тақырып шымыр-шымыр – сөз басы,
Қозға жырын, жас ақынның қозғашы!
Жүгеріге жетпей жатқан су емес
Армандардың тереңдігі – көз жасы...
Сол арманды бұрымынан бір ұстап...
Шашты өлеңге менің інім...уыстап,
Жеңіп шыққан Вьетнам сияқты –
Жалғыз өзі – жиырма бес жыл ту ұстап!
Шақырды оны туған жердің сан қыры
Боласың деп Түркістанның Жамбылы
Шақырды оны осы отырған Жыр үйі –
105-үй Абылайхан даңғылы!

ІІІ

Атың қалсын – кейінгіге мақталсын.
Сөзің қалсын – жүректерде жатталсын.
Айта берме қазаққа ортақ Саттарды
Сен өзің де қайта туған Саттарсың!
Бабаң сенің – Қожанұлы Сұлтанбек...
Үлкен ұлды – ел сыйлайды үлкен деп.
Өз жоғыңды өзің таптың жүре бер –
Жүздіре бер қайығыңа жыр теңдеп!
Қиын күнде тапқан інім жолдасым...
Тек өзіңнен табар жырым – жалғасын.
«Вьетнам» деп қалжыңдаушы ем жасыңда
Ендігі атың – ақын Қасым, Хан Қасым.
Бос мақтауды қазақ жақсы көрмепті,
Жай мақтауға Қасымхан да көнбепті.
Қасым деген Ағасына лайық,

Ұл туыпты Аманжолов өлмепті.
Батырларға олжа бөлген Қасымхан,
Қатындарға қалжа бөлген Қасымхан,
Өлілерді ырза қылған Қасымхан,
Сараңдарды мырза қылған Қасымхан.
Бір қонаққа екі қойды тең сойған
Әке көрген, ата көрген Қасымхан.
Жетім менен жесірлерге нәр жиған,
Қыдыр ата бата берген Қасымхан.
Бара қалсаң арақ, шарап үйетін,
Құдай оның кең жаратқан ниетін.
Құдай қойса бұл Қасымхан түбінде
Басқарады Қазақ Мәдениетін!

ІV


Айта берсең әңгіме көп, әңгіме
Көмейімде бірін-бірі – қуып тұр,
Сөздің көркі – өлең деген әулие
Саған деген ниетімнен туып тұр!
Былтыр ғана – атаң кетті Дүниеден-
Алты ұжымақтың асыл дәмін татады ол
Сол атаңның жасына жет, Қасымхан,
Бүкіл түркі Дүниесіне... Ата бол!
Ғайып ерен, қырық шілтендер жар болып,
Дін мұсылман әруағымен жебесін!
Өтекеңдей арқыраған Ағаң да
Атқа мініп қолтығыңнан демесін!
Кейбір сөзім... бұрып кетсе... келмей сәл...
Түзу жолға өз сөзіңмен жалғай сал,
...Менің балам Бурұндайда мекені
Жұртқа жұмбақ оның Ақын екені.
Бұ дүниеде қанбайтұғын құмар бар,
О, дүниеде – ажырамас сыңар бар.
Біздер құсап, жырлап отыр олар да
Қастарында Қасымхан жоқ...Мұнар бар!
Өмір сүріп жатқан жерің ұлы Үйсін,
Құдай сенің ошағыңа нұр үйсін.
Кедей болма, кедей болма Қасымхан.
Кедей болсаң Қасым құсап құрисың!
Өмір сүріп жатқан жерің ұлы Үйсін,
Құдай сенің ошағыңа нұр үйсін.
Байып қалсаң жұлдыздарға қолың соз.
Жерде қалсаң Мағжан құсап құрисың.
Ащы да емес, тұщы да емес сорпа бол!
Аязда ақ тон...күзде сары торқа бол!
Алтын жима. Шоқпар жима. Иман жи
Аспан да емес, жер де емес орта бол!
Шаңырақ та сүйенеді Уыққа
Ақ тон керек бүрсеңдеген суықта.
Алдыңа кеп екі жеті...зарлаған
Өтекеңдей ұстазыңды ұмытпа!
Кеше бай ем. Мен де бүгін кедеймін.
Өлеңіммен өзімді өзім жебеймін.
Кеше мені сен іздеуші ең, ал бүгін
Мен іздедім бұдан басқа не дейін.
Ей, жігіттер, бұл Өтекең қартайды
Қартайса да айтар сөзін айта алад
Жалған толы жалпақ мынау дүниеде
Осы арада жалғыз шындық байқалад.
Ұшқан, ұшқан төбесінен бұлт ұшқан
Бұлт ішімен заман гулеп жұрт ұшқан
Астанамыз Алматы емес түбінде!
Болатындай көрінеді Түркістан!
Мынау дала тұлпар шерткен тұяқты...
Мынау Аспан сұңқар шерткен қияқты...
Бар шындықтың құяр жері...Түбінде –
Қасымханның қасқа жолы сияқты,
Есімханның ескі жолы сияқты.
Өлім жабар дүниенің көмейін,
Аштық ашар ақындықтың көмейін,
Тоймастарды төбесіне көтерген
Сақта құдай, Қасымханның мерейін!
Бұдан артық Қасымханға не дейін...

V

Ей, Адамдар! Аққуларды атпаңдар,
Атсын десең алдарыңнан ақ таңдар.
«Қонсын десең – жүрегіне періште»
Қасымханның ақ ниетін сатпаңдар,
Ақындардың ақ жүрегін сақтаңдар!

Нарық дейтін Дантес оны көздеп тұр...
Әр ақынды...
Пушкин қылып сақтаңдар!

Ө. Нұрғалиев. 29 тамыз, 1993 жыл.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар