Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Ақын Жанат Әскербекқызының Н. Гумилевтен тәржімала...

07.11.2015 3322

Ақын Жанат Әскербекқызының Н. Гумилевтен тәржімалаған өлеңдері

Ақын Жанат Әскербекқызының Н. Гумилевтен тәржімалаған өлеңдері  - adebiportal.kz





 

390201.jpg

  Орыс сөз өнерінің қазақ төңкерісінен кейінгі көшбасшысының ролін атқарған, акмеизм ағымының негізін салушы ақын. Кронштадта, кеме дәрігері отбасында дүниеге келген. Әкесі Степан Гумилев отставкаға шыққанан кейін Царское Селоға көшіп келеді. Н.Гумилев өлең жазуды он екі жасынан бастайды. Алғашқы өлеңі 1900 жылы «Тифлис үнқағазында» жарияланады. 1903 жылы болашақ ақын Царское Село гимназиясына оқуға барады. Бұл гимназияның директоры белгілі ақын, педагог И. Анненский болатын. Ол Гумилевтың әдеби талғамының қалыптасуына ерекше ықпал етті. А. Ахматованың айтуынша, бұл кезде Н. Гумилев «символизмге Құдайға сенгендей сенді». Бұл елігу 1905 жылы жарық көрген «Конквистадор жолы» жинағынан ерекше көрінеді. Әкесі ұлының терең білім алуына ерекше көңіл бөледі, сөйтіп Н. Гумилев Парижге аттанады. Мұнда ол француз әдебиеті туралы дәрістерді тыңдап,  кескін өнері ілімін оқиды және өлең жазуын жалғастырады. Сонымен бірге «Сириус»журналының үш санын жарыққа шығарады. Бұл журналда ақынның өз өлеңдерімен бірге бұл кезде әлі ешкім білмейтін Анна Горенконың – болашақ Анна Ахматованың алғашқы өлеңдері жарияланған. 1908 жылы Парижде ақынның екінші жинағы – «Романтикалық гүлдер» жарық көреді. Петербургке оралған соң    Н. Гумилев осындағы университеттің заң факультетіне оқуға түседі. Кейіннен тарих-филология факультетіне ауысады. Оқып жүрген кезінде Шығысқа деген ерекше сүйіспеншілігі оянған ақын әке-шешесінен жасырынып, Египетке аттанады. Бұдан кейін де осы бір экзотикалық елге бірнеше рет саяхаттайды. Гумилев саяхаттары тек шабыт іздеу ғана емес, ол сондай-ақ Ресей Ғылым Академиясы экспедициясының жетекшісі ретінде де болды. Ол аса бай этнографиялық коллекциялар жинады. Бұл сапарларда ол тек өлең мен әңгімелер ғана жазып қойған жоқ, танымдық мәні жоғары күнделіктер де жазды. Мысалы, «Африка күнделігі» жазбасында осынау даладағы аңыздар мен сенім, жергілікті тайпалар жайлы материалдар көп келтірілген. Осындай саяхаттар ақынның  жаңа поэтикалық ізденістеріне де себепкер болды. Енді ол симвоилизмнен бөлекше өзінің шығармашылық жолын іздеуге бет бұрды. 1911 жылы С.Гордецкиймен бірге жаңа әдеби ағым – акмеизмнің негізін қалады. Бұдан бір жыл бұрын ақын Анна Ахматовамен некелескен болатын (екеуі 1918 жылы ресми түрде ажырасады). 1911-1912 жылдар – ақын шығармашылығында акмеизмнің барынша салтанат құрған шағы болды. 1912 жылы шыққан «Бөгде аспан» жинағы осының көрінісі. Бірінші дүниежүзілік соғыс басталғанда   Н. Гумилевтің әскери өмірі де басталды. Бірақ, ақын шығармашылықтан қол үзбеді. 1917-1918 жылдары одақтастар армиясының өкілі ретінде Парижде, Лондонда болады. Осы кезде Британ мұражайының қызметкері, көрнекті поэзия аудармашысы Артур Уэллимен танысады. Бұрыннан да аудармамен айналысқан Гумилев енді бұл іске ерекше мән беріп, Т. Готьенің өлеңдерін, Гильгамеш туралы эпосты, Г. Гейне, Р. Саути,С.Колридж шығармаларын аударады. 

Әрине, Н. Гумилев поэзиясы акмеизм шеңберінде ғана қалып қойған жоқ. Ақын өлеңдері орыс поэзиясындағы поэтикалық үлкен жаңалықтың үлгісі болды. Оның үлкен еңбегі – «Ақындар цехын» құруы еді. Ақынның 1918 жылы «Алау», «Қас-қағым. Африка дастаны», 1921  жылы «Алланың құлдары. Араб ертегісі», «Отты бағана», 1923 жылы «Көкшіл жұлдызға. Жарияланбаған өлеңдер» жинақтары жарық көрген. Гумилевтің ақындық дүниетанымы өзгеше. Ол адамды табиғатты билеуші, бағындырушы деп танымайды, бар болғаны сол табиғат аясында өмір сүруші тіршілік иесі ретінде көрсетеді. Гумилевтің лирикалық қаһарманы – терең ойға шомған, адамзаттық көне рухани бастауларға ұмтылушы жан. Ақын өлеңдерінің мұңлы сипаты басым болып келеді.

Н.С.Гумилев 1921 жылы 3 тамызда «Таганцов астыртын келімісіне» қатысты деген күдікпен тұтқынға алынып, 24 тамызда Петроград губерниялық төтенше комитетінің  қаулысымен ату жазасына кесіледі.

 


ТҮС



  (...Таңертеңгі әңгіме)



 

- Бүгін қандай әдемісіз,

Түсіңізге не кірді?

- Ай астында жағалау мен

Мәжнүн тал көрінді.

 

- Тағы да не... Түнді сүймес

Түсінбеген сезімді.

- Көрдім тағы Дездемона

 Ару менен өзімді.

 

- Мәжнүн талдың тасасында

Соншама ерек жан тұрды?!

- Отелло ғой тым ерекше

Әдемі де тартымды.

 

- Сай болды ма сізге ол жігіт,

Ай сәулесі тәрізді?!

- Иә, ол жауынгер ер жүректі,

Әрі ақын ғой жаны ізгі.

 

- Нәзік мұңын егілместен

Тыңдадыңыз ынтығып...

- Мен емеспін,

Дездемона,

Үнсіз тұрған іркіліп...

 

ТҮСІМДЕ  МЕНІҢ...

 

Түсімде менің: өліппіз бірге

Жатырмыз салқын жүзбенен.

Екі аппақ табыт қайғылы түрде

Қатар тұр қара үзбеген.

 

Айтып ек қашан “болды” дегенді

Қай шақта еді...қай кезде...

Бір түрлі...жүрек көндігеді енді...

Жыламайды да...жай көзге.

 

Сезім де үркек... іркіп тұр қайғы

Күңгірт ойлар да анық тым...

Ерінің әсем ынтықтырмайды

Десем де мәңгі зарықтым.

 

Ғайыптан тайып өліппіз бірге...

Жатырмыз салқын жүзбенен.

Екі аппақ табыт қайғылы түрде

Қатар тұр қара үзбеген...

 

КҮН-АРУ


Поэма


 

                         Мария Дмитриевна Поляковаға



Құдыретті патша – ашулы, зәрлі

Түндей боп жүзі түнерді.

Үрейлендіріп қашырды жарды -

Патшайым біткен үдерді.

 

Айнала түгел апталған алтын

Қошқыл да қызыл түс қандай.

Алқызыл іңір қалпымен жарқын

Мәрмәр сарайды құшқандай.

 

Осы сарайда сөйледі асқақ

Жарамсақ топқа сол күні.

Болат жарқылды көзімен жасқап.

…Ал, үні – теңіз толқыны.

 

Сөйледі патша: “Бала күнімде

Қалың ағаш-ты төңірек,

Қалың ағаштың түкпір-түбінде

Өндір күн тапқан мені кеп.

 

Ән салған едім, жер гүл ашқанда,

Жыладым  мылқау шақтарда –

Көңілсіз боран  мөлдір  аспанға

Үстемдік етіп жатқанда.

 

Бозбала дәурен – жарқын сәт әні,

Кеудемді қаным керіп тым.

Көмкерген күннің алтын шапағы

Махаббатыма жолықтым.

 

Түсімде, бейне ертегі сынды

Нәзік қимылмен ымдайды.

Ғажайып үнмен шертеді сырды

Сәулесі алтын күн жайлы.

 

Арбайды, көзін күлімдетеді

Аппақ гүлдерді жаудырып.

Есігімді үнсіз дірілдетеді

Тәтті арманға ес аудырып.

 

Сай болу үшін етермін бір іс -

Бал махаббатына қанғым кеп.

Ұлы жорықта көтердім қылыш

Осы болғандай бар міндет.

 

Биледім елді, жасқадым мыңын,

Құдыреттің болдым үніндей.

Тәкаппар, қатал патшамын бүгін

...Жан дертім жүр ғой білінбей.

 

Ол үшін әлі бозбаламын мен,

Ынтық сезімі тынбаған.

Ай әнін баяу қозғағаныммен

Тек  жұлдыз ғана тыңдаған.

 

Құлдарым, мені Күн-сұлуменен,

Қауыштырыңдар, өтінем!.

Бар байлығымды құлшынуменен 

Сый етіп берем шетінен! ”

 

Тоқтады патша. Қозғалды бәрі.

Кемелер жүзді саппенен.

Бірінен-бірі озған-ды бәрі,

Дегендей өзім ап келем...



                                       * * *



Ай өтті қанша, күн өтті қанша,

Қасіретті патша зарықты.

Жүректе үміт дір етті қанша,

Тас қақпа мынау -  тамұқ-ты.

 

Жаушылар жатты аттанып қиын

Алыс сапарға ағылып.

Жасырмай патша ынтыққан күйін

Жолдарын күтер сарылып.

 

Күндердің күні жадырап алап,

Сәулелі шуақ тірілді.

Ғажайып әуен ағылады орап

Тылсымнан тербеп бір үнді.

 

Бейіштен ескен самалдай аңқып,

Жайылып көпке сөз кетті

“ Кіршіксіз ару келеді балқып –

Жолығар сәтті кез кепті.

 

Алтын сарайдың қабырғаларын

Нұрына бөлеп келді қыз,

Патшаның айтып сағынған әнін

Иіліп тұрмыз енді біз”.

 

Арманды патша көңілі шалқып

Ару-Күнменен кезікті.

...Гүл-тәжді басқа құс қонып қалқып,

Сұңқылға басты сезікті.

 

Көз алдындағы шұғылалы арай

Бара ма сөніп біртіндеп...

Кіршіксіз, мінсіз ару тұр қарай,

Ұяң рухтай үлпілдеп.

 

Жанары жайнап түн жұлдызындай,

Демінен шалқып бал лебіз.

Бейіштен шыққан үрдің қызындай -

Қиялда ғана бар деңіз.

 

Күңгірттеу түсті киімі жеңіл

Мінсіз иығын жауып тұр. 

Толқынды шашта жарасым небір

Тәжбенен сәнін тауып тұр.

 

Еппенен басып жақын келеді

Көзіне тұнып көк аспан.

Көктікендерді тәжіне өреді -

Күн сәулесімен жарасқан.

 

Елең де қылмай ентелегенді,

Сарайға назар аудармай

Көкшіл әлемге еркелеген-ді –

Іңірге көзі қанғандай.

 

Жанын жылытып нұрлы арманменен

Көкшіл түс алды енді есін,

Жарық сәулемен нұрланған әлем

Аймалай сүйді кеудесін.

 

Алқалы қауым жанынан шығып,

Жыраққа қарай жылысты.

Жердің қайғысы жадынан шығып,

Сырласып сумен, күлісті.

 

Тәкаппар  патша қапалы түрмен,

Қалғаны-ай жалғыз түнеріп.

...Қаратты біреу қуанышты үнмен,

Кенеттен күліп жіберіп.

 

Жалт етіп патша оқты көзімен,

Өзінің берді жарлығын.

Аямас, кекті, зәрлі сөзімен,

Үркітіп жұрттың барлығын..

 

Үлбірей күліп, нұр бүркіп тұрған

Жоқ етті қанша арманды.

Аппақ гүлдерге сонша ынтықтырған

Қан етіп фәни-жалғанды.

 

Әлем мұңайып, түнерер қалғып,

Жүзінен жарық нұр кетіп.

...Жаратқан өзі жіберер жарлық,

Кіршіксіз ақты кірлетіп.

 

 

АҚЫЛДЫ ӘЗӘЗІЛ

 

Өзіме адал дос боп келген Әзәзіл

Ән сап берді, құлақ қойдым үніне:

“Түн бойында суда жүзген теңізші

Таң атқанда кетті теңіз түбіне.

 

Толқын тулап, аласұрған айнала,

Оған қалай ақ көбігі жол бермек.

Көбіктен де аппақ болып алдынан

Елес берді махаббаты көлбеңдеп.

 

“Алдамаймын, маған таяп кел бері”-

деп шақырған елтіді оның үніне.

«Есіңде ұста, - деді Әзәзіл ескертіп,-

Сосын кетті ол таңда... теңіз түбіне...”

 

ХАНША

 

Жаз түнінде қап-қараңғы перделі,

Балғын ханша кетті адасып.

Торығып,

жүрген кезде жылауменен сенделіп,

Бір жұмысшы жұбатты оны, жолығып.

 

Алып келді күркесіне аруды,

Ұсынды оған үйде дәмнің даярын.

Ұмытпады және жастық салуды,

Қымтап жапты көрпесімен аяғын.

 

Өзі сосын бір бұрышта талығып,

Тәтті ұйқының құшағына кеткен-ді.

Дір-дір еткен әлсіз майшам жарығы,

Сол бұрышты көрсетумен шектелді.

 

Жатты жерде бір пұшпағы терінің - 

Бұл тулақты бәрі, бәрі жатсынды.

Іздегендей ұғынатын  серігін,

Керегі жоқ, қадірі жоқ зат сынды.

 

Жабыққаны таныс мына ханшаға,

Сыр шерткендей ескі тулақ түнімен.

Балғын ару сырын тыңдап тамсана,

Өз үйіндей сезінеді шынымен.

 

Үй иесі ұйқысынан тұрғасын,

Ханшайымды жолға салды ертемен.

...Талай түнде ару төгіп жүр жасын

Күркені аңсап, көкірегін өртеген...

 

ӘЗӘЗІЛГЕ  ҒАШЫҚ ҚЫЗ

 

Боп-боз өңді сұлу сері бұл қандай,

Қара ат мініп, шауып өткен тұсымнан.

Төбесінде айналшықтап жүр қалмай,

Ғажайып құс ертегі-әлем ұшырған.

 

Көзқарасы неткен ауыр...шерлі еді,

Түрлі-түсті тереземе қадаған.

Тылсым қайғы жайлап алды кеудені,

Аласұрмай, қалайша жай таба алам...

 

Ағам менің үрейленді, не білді,

Майшамменен жүрді атқарып жұмысын.

Жертөледен алып шығып темірді,

Қайрады кеп найзасы мен қылышын.

 

Бүгін неге ән атаулы зарыққан

Мұңлы әуенін бір дұғаға арнады?!

Монахтар да дауысымен қамыққан

Қараңғылық дүниесін қарғады.

 

Жүзі сұсты жұлдызшы да дәл бүгін

Мұнарадан түсіп, үйге келді де,

Таласты кеп, тоқтата алмай бір-бірін,

Қарт әкеммен... жеңілді ме, жеңді ме...

 

Білмеймін мен, ештеме де білмедім,

Аңғал едім, соншалықты жас едім.

...Өтті қанша өкси жылап күндерім,

Ұмыта алмай сол бір cәттің әсерін...

 

ЗАРАТУСТРА ЖЫРЫ

 

Қуат, шаттық, ұлы арманның

Пәк те балғын бауырлары,

Құшақ жайып, қуанғанмын

Көк аспанның дана ұлдары!

 

Көлеңке мен крест, зират

Тылсым, жұмбақ күйді ұқтырды.

Тірілген күш сәуле сыйлап,

Жер үстіне билік құрды.

 

Сәнді шеңбер, сандалған мың

Ағылды кеп көкке қарай.

Кездесерміз, мәңгі арманның

Әлемінде, төккен арай.

 

Ыстық жүрек шоғын шашып,

Ақын жанын күйдіреді.

Жарық нұрдан қайғы қашып,

Тәнін мұңға сүйдіреді...

 

* * *

Қайғының ауыр дауысы,

Мұң үні, сосын дала әні.

Патшалар тұрған зал ішін

Жайымен кернеп барады.

 

Суық бағандар тізіле

Қозғалыссыз һәм жылусыз

Патшаның салқын жүзіне

Көлеңке тастап, тұр үнсіз.

Бірікті айғай, дабыр мол,  

Көкіректі шерден аластап:                  

«Көрінбес қалыңдыққа жол –

Шындық боп нағыз жол ашпақ!

 

Қарашық жасқа толған-ды,

Құрғатайық та  сол жасты.

Әлем-бикеш біздік болған-ды

Қалайша солай болмас-ты!

 

Дүниенің сұп-сұр, өлі өңін

Қуанышпенен  әрлерміз,

Тыңдармыз тағы не дерін,

Жұмбағыңды ашып бер дерміз.

 

Ғаламға  ие болармыз,

Өзгенің онда ісі не?

Шындықты Хақтан алармыз

Отты қылыштың күшімен».

 

* * *

Алқызыл іңірдің бояуы

Орманда біртіндеп сөнеді.

Жүнжіген бүкір жан баяғы

Көз жасын көлдетіп төгеді.

 

Иесіз қалған бір құдыққа

Сыбырлап мұң айтар ұғардай.

Кембағал адамды ұмытпай,

Мазақтап үкі отыр ұялмай.

 

«Өліпті алтын шаш перілер,

Патшалар қайда деп жоқтармын.

Дәрменсіз халіммен, мені көр,

Бұл жерге әмірші боп қалдым.

 

Бір кезде ессіздік азғырып,

Патшаның сарайын сүйгізді.

Ал бүгін басыма тәж қылып,

Қарағай қылқанын кигізді.

 

Сарайым жасамас сауығын,

Бойыма қорқыныш тарады.

Үрейлі мына әлем, Тәңірім,

Жәрдем ет, мен өліп барамын!..»

 

...Иесіз қалған бір құдыққа

Сыбырлап мұң айтар ұғардай.

Кембағал адамды ұмытпай,

Мазақтап үкі отыр ұялмай...

 

ОРАЛУ


                                           Анна Ахматоваға


Ел ұйқыда… шықтым үйден,

Іздер таңда…бәрі де кеш.

Жан серігім күпті күймен,

Боп ереді жаныма елес.

 

Жүдеу, арық, шаршаулы әрі

Ессіз сүйем сонда да оны.

Көздерінен шер саулады,

Жылаулы үні – жолдағаны.

 

Мыстан көзбен жан-жағына,

Қарап тұрған күйі міне.

Бұрымдарын алба-жұлба

Жасырады киіміне .

 

Жылаулы үні жанға жылы -

Сыңғырлаған қоңыраудай.

Елігемін, қалған ұмыт

Қимас күнге жолығардай.

 

Тау мен теңіз, орман көрдік,

Жат толқынға түнедік те.

Арбалдық та арманға ердік –

Түңілдік те, жүдедік те…

 

Жол қадірін білгендейміз,

Нені ұғарсың жылап, күлмей.

Кейде жылдап жүргендейміз

Кейде жүріс бір-ақ күндей.

 

Келдік Қытай қорғанына,

Жан серігім «қош бол,-деді,-

Мен түспеймін жолға мына,

Есіңе алып, ескер мені».

 

Айтты  сосын тілегін ол:

«Пендешілік күйден дара

Сенің жолың – киелі жол,

Ал, менікі -  күйбең ғана!»

 

…Шай алқабы. Ғұмыр күлген.

Ақ алауда Будда тұрды.

Алдына кеп жүгіндім мен,

Жаным тәтті мұңға тұнды.

 

Көз жеткісіз кең әлемді

Жүдете алмас бүгін қайғы.

Жан серігім көне әуенді

Мыстан көзбен…ыңылдайды.

 

 

МЕН ЖӘНЕ СІЗ

 

Білем, сізге тең емеспін,

Өзге әлемнен келген едім.

Гитарға әуес мен емеспін,

Жусан әнін жөн көремін.

 

Кең сарайда жұрт тамсанып,

Дей алмаймын, қарсы алады.

Жырымды оқыр бұлт жар салып,

Сарқырама қол соғады.

 

Мұрат емес мен қалаған

Сурет сүйген санаттағың.

Артық көрем – шөл даладан

Сусын тапқан араб халін.

 

Төсекте де көз жұмбаймын,

Дәрігерің керек емес.

Заң жайлы да сөз қылмаймын –

Жаным шөптен бөлек емес.

 

Рухым нұр боп тамып кетер,

Жыр боп қайта бүр жаратын –

Жабайы жел  алып кетер

Қалың шөпке шырмалатын.

 

Қайтем бейіш есігін мен

Қарсы алмайтын бәрін бірдей.

...Қарақшылар есі кірген

Жабығатын жанын жүндей,

 

Қайыршылар сыр тыңдаған

Сұр дүниеге төте кетем.

Адасқан жан «тұр-тұрлаған»

Бөгде әлемді мекен етем.

 

АЖАЛ

 

Нәзік, бозғылт... киімің күлгін түсті

Жылыұшырай кез болдың бүгін неге?

Өзгеше едің, соғыста сүргін күшті,

Сақылдаған семсердің үнінде де.

 

Сары алтындай, масаңдау түріңменен

Жалаңаштап кеудеңді жарқылдаған,

Қанды тұман ішінде гүрілдеген

Ғарыш жаққа жол салдың шаң тұрмаған.

 

Астрея сияқты мәңгіге ынтық,

Көзқараспен ғажайып  күрсінетін.

Тамырларда тулатып, қан жүгіртіп,

Қатайтатын білектің бұлшық етін.

 

Қазір мүлде өзгеше болсаң дағы

Мен бұрынғы қалпыңмен танығанмын.

Тыңдаттың-ау, бейіштің аңсаулы әнін –

Сол бейіште өзіңмен  жолығармын.

 

                 ТҮС

 

Ауыр түстен ыңыранып,

Ояндым

Сол түсімнің зілі қалып...

 

Сүйіпсің бөгде жанды,

Түсімде

Ол сенің жүрегіңді шерге малды.

 

Безініп төсегімнен,

Бойымен сенделдім кеп

Көшенің мен...

 

Жазадан қашқан жандай,

Көңілім

Аң көзді күңгірт шамнан

жасқанғандай.

 

Үй-күйсіз қаңғыбас та

Тентіреп,

 Дәл осылай қаңғымас та.

 

Міне, енді келіп тұрмын...

Есігіңе

Құм болған жігерімді

көміп тұрмын

 

Басқа жол жоқ еншімде

Дәрменсіз халіме бұл

Сенерсің бе?!

 

...Ол сені өкпелетті білемін мен,

Сезінем түс болса да жүрегіммен.

Алдында терезеңнің жан тапсырып,

Сонан соң түсіңде өмір сүремін мен...

 

* * *

Қаладан орманға қаштым,

Адамдардан айдалаға бездім.

Өзіме -өзім жаңалық аштым,

Жылауға, жалбарынуға болатынын сездім.

 

Жалғызбын, өзіммен өзім,

Енді бір дем алу керек.

Жарыққа қарыққан көзім,

Миым мен жүрекке қажет көп көмек.

 

Күнаһар, қатыгез жанмын,

Құдайым берген-ді қуат.

Шындықтан адасып қалдым,

Пенделік тірлікке тапталды мұрат.

 

Күресу керек-ті, құл боп,

Қорқақтап, қор болып қалдым.

Әлсізбін, нашармын, біл деп,

Мақсаттан амалсыз  бас тартып, тандым.

 

Күнаһар, қатыгез пендең,

Рахым ет, тәңірім, кешір!

Жанымды шыладым шермен

Аулаққа кетсінші жабысқан кесір.

 

Ақ пейіл жандар да бар-ау,

Жүрегі ізгілік шашқан.

Ұстатшы соларға киелі жалау

Зұлымдыққа қарсы көп күрес ашқан...

...Ал,  мені кешір!!!

 

ДҰҒАЛАУ

 

Жасөспірім сиқыршы

Қара қошқыл хитон жамылған,

Бұ дүниелік сөзден жаңылған,

Заңсыздық патшайымы алдында

Ғажайып лағылын шашып, аңырған.

 

Өртелген өсімдік жұпар шашады,

Шексіздік әлемінің өңін ашады.

Көлеңкелер бірде балық, бірде құс болып,

Сұп-сұр қалыппен аулақ қашады.

 

Көрінбес шектер  жасын бұлайды,

Отты діңгек шоқпен тәнін шылайды.

Асқақтаған әскери мінбелер

Құлдық ұрып, төмен құлайды.

 

Патшайымның әсем қимылы

Танытқандай ішкі пиғылын.

Жылтыраған тәнін бүркепті

Жамылғы етіп күміс қар сыйлығын.

 

Айналасын естен шығарып,

Патшайымның ниетін құп алып.

Ессіз көзі төсіне арбалып,

Білезігіне қарар  таң қалып.

 

Жасөспірім сиқыршы

Қара қошқыл хитон жамылған

Демін ала алмай, естен жаңылған

Патшайымға барын ұсынды

Артық емес деп жанымнан.

 

Ал, жаһұттай Нілдің  толқыны,

Тербетіліп, мұңмен толқыды

Құп-қу патшайым түсіріп алды

Оған арналған алқызыл гүлді... сол күні...

 

ЛЕОНАРД

 

Үш жылғы аштық пен обадан

Байтақ ел қажыды қалжырап.

Мейірімді Леонардқа бар адам

«Құтқар»-деп жалынды зар жылап.

 

Байырғы құпия киенің

Бар сырын Леонард ұққан-ды.

Құп алып қалың ел тілегін

Қып-қысқа бір жазда құтқарды.

 

Басталды бұл елде бір бүлік,

Көз жұмған сәтінен корольдің.

Келді олар Леонардқа дүрлігіп,

«Патшасы – сенсің, - деп, - бар елдің»

 

Леонардқа белгілі соғыстың

Патшалар өнері екені.

Жазуға  одасын жеңістің

Ақындар үлгермей кетеді.

 

Ел тыным тапқанда тоқталып,

Егінші соқамен күйбеңдеп,

Леонардқа айтты енді кеп халық:

«Басың  жас, әйел ал, үйлен» - деп.

 

Сабырлы, ақжарқын ...қайғылы

Леонард үн-түнсіз қалған-ды.

Қамалдан жоғалды сол түні

Қалың ел таба алмай таң қалды.

 

Тек қана бақташы  бір бала

Сол түні түнерген таулардан

Көп үннің гуілін  тыңдаған –

Келіскен сарынды аңғарған.

 

Бүркітпен, қошқармен бірлесіп,

Адам мен арыстан үн қосып,

Өкірген, ән салған сияқты

Дауыстар жаңғырған түн кешіп...

 

 

МАХАББАТ

 

Бозбаладай тәкаппар да әсершіл

Есік қақпай кіріп келді  үйіме.

Түсінгендей, екенімді  мен ғана

Қайғыратын оның жайын күйіне.

 

Сарт еткізді қыңырланған қылықпен

Ашық қалған кітабымды тулатып.

Өкшесімен таптағандай кеудемді

«Сүймеймін» деп әрең-әрең үн қатып.

 

Қалай мені ол рухымен жасқады?

Жоқ қақысы дөрекі ойын бастауға.

Қалай барды батылы оның стол мен

Төсегімді гүлмен көміп тастауға?

 

Ызаланып, шығып кеттім үйімнен,

Сонда дағы қыр соңымнан қалмады.

Жіңішке бір таяқшамен көпірде

Қоңыраулатып таспен бірге сарнады.

 

Содан бері бара алмадым үйіме,

Өз есіме келмей жүрмін әлі де.

Соның бейпіл тіліменен сөйлеймін

Әрі-бері өткендердің бәріне.

 

 

ТЕЛЕФОН

 

Телефонда...

әйел дауысы... тосын әрі

тым батыл.

Осынау бір денесі жоқ дауыста

Қаншалықты сұлулық пен сыр жатыр!

 

Қандай бақыт,

ниеті ізгі  әр қадамың

өте шықпас қасымнан

Серафимнің сыңғырынан әуенді

Сенің даусың...

Телефонның құлағынан күмістей боп  шашылған..

 

СЕН  ТУРАЛЫ

 

Сен туралы, сен туралы бәрі де,

Мен туралы айтудың жоқ сәні де.

Адамдардың тағдырында қараңғы

Сен – қанатты құдыретсің жарық етер ғаламды.

 

Мейірімге тұнған сенің жүрегің

Өткен шақтың белгісі деп білемін.

Дәріптелер бар болмысы жердегі

Қанаты жоқ, қайғысы көп  барлық ұрпақ –пенденің.

 

Жарқыраған паң жұлдыздар түңіліп,

Кетсе жерден жүзін алып, бұрылып,

Ондағы бар екі жұлдыз ерекше

Олар – сенің қос жанарың батылдығы бөлекше.

 

Ал, сонан соң алтын түсті серафим,

Уақытты болса егер де соғатын.

Көтереміз алдарынан тағы да

Сендегі аппақ орамалды желбіретіп, табына.

 

Үн тұншығар қалтыраған кернейде

Серафим де биіктікте өлмей ме.

...Сен туралы, сен туралы бәрі де,

Мен туралы айтудың жоқ сәні де...



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар