Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Ақындардың өлеңге таңдамасы ма әлде тайталасы ма? ...

15.11.2016 4818

Ақындардың өлеңге таңдамасы ма әлде тайталасы ма?

Ақындардың өлеңге таңдамасы ма әлде тайталасы ма?  - adebiportal.kz

А.Б.jpg

Абайдың ақындық мұрасын баспа бетінде алғашқылардың бірі болып жариялап, оған «жаһұт қазақ әдебиеті» деп баға беріп, түркі әлеміне алғаш таныстырушылардың бірі – Зейнелғабиден Әміреұлы.

Зейнелғабиден Әміреұлы мен оның «Насихат Қазақия» атты трактаттар жинағы туралы аз-кем тоқтала кетейік.

Зейнелғабиден ибн Әміре әл-Жауари әл-Омскауи (қазақша ныспысы: Омбы төңірегіндегі Жауар қарауыл рулы, Әміреұлы Зейнелғабиден) 1881 жылы Ресейдің қазіргі Омбы облысы, Москален ауданы жеріндегі Саға атты ауылда өмірге келген. Ірі діни ағартушы, жаңашыл ұстаз, публицист қаламгер, қайраткер тұлға. Уфадағы әйгілі «Ғалия» медресесін тәмамдап, қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Ақжар ауданы жеріндегі Сиыршы атты ауылда усул-жәдиттік үлгідегі мектеп ашқан. Белгілі қоғам қайраткерлері Смағұл Сәдуақасов, Хабиболла Әмрин, әйгілі ғалым Ғайнетдин Мұсабаев, Халық ұстазы Сабыр Мәліков қатарлы көрнекті шәкірттер туып шыққан мектеп небәрі төрт жыл халыққа қызмет еткен. Зейнелғабиден Әміреұлы 1920 жылы өмірден өткен.

Зейнелғабиден Әміреұлының «Насихат Қазақия» атты трактаттар жинағы – көлемі шағын болғанымен, ондағы сол кезеңдегі жалпы түркі, мұсылман жұртына ортақ келелі мәселелерді қозғай отырып, өзіндік жол-жоба нұсқаған, көтерген жүгі аса ауқымды, күні бүгінге дейін маңызын жоймаған тағылымды еңбек болып табылады. Мұнда қазақ ортасындағы дін ахуалы, тіл тазалығы, шаруашылығы мен жергілікті басқарудағы өзгерістер, білім беруді ұйымдастыру, әдебиеттің деңгейін көтеріп, насихаттау, т.б. мәселелер қамтылған.

Еңбек сол кезегі барша түркі халықтарына ортақ әдеби «түрки тілінде» жазылғандықтан, қазіргі қазақ жазба әдеби тілінен өзгеше, әрі оқылуы да біршама қиындық тудыратындығын ескерген жөн.

1909 жылы Уфадағы «Шарх» баспасында жарық көрген кітапша өткен ғасырдың алғашқы ширегінде оқырманға біршама танымал болған бұл кітапшаға сталиндік қуғын-сүргін жылдары тыйым салынған. Профессор М.Мырзахметұлы 1971 жылы «Насихат Қазақияны» кирилшеге түсіріп, жариялатады. 2005 жылы ғалымның бастамасымен қайтадан басылып шығады[1].

Аталған еңбекті 2014 жылы профессор Тұрсынбек Мәліковтың өтініші бойынша алдыңғы оқылымдарын түпнұсқамен салыстыра отырып кирилл қарпіне толықтырып түсірген болатынбыз және осы жұмысты атқару барысында Абай өлеңдері мәтініндегі өзгешеліктер жайлы ойларымыз туындаған болатын.

001.jpg

Зейнелғабиден Әміреұлы «Насихат Қазақия» еңбегінде әдебиет жайлы ойларын тұжырымдай отырып, «жаһұт қазақ әдебиетінің» жарқын мысалы ретінде Абайдың және Сәдуақас Шормановтың өлеңдерін енгізеді.

Осы ретте айта кетерлігі, Зейнелғабиден жинағындағы ерекшелікке белгілі абайтанушы Қайым Мұхамедхановтың назар аударғандығы. Абайдың 2005 жылы жарық көрген 2 томдық толық жинағына алғаш енген «Жол көрмек, жоба білмек, жиһан кезбек» өлеңіне ғылыми түсінік берген ғалым былай дейді: «...Өлең тексі алғаш Зейнелғабиден ибн Һәмре әл-Жауһар әл-Омскауидің (1881-1920) 1909 жылы Уфа қаласында басылған «Насихат қазахия» рисаласында (трактат) жарияланған. Онда: «Ғибрат айтып, ғылым, өнер іздеу хақында мәшһүр Ибраһим Құнанбаевтың бір сөзі (7-бет) деген ескертумен берілген. «Жол көрмек, жоба білмек, жиһан кезбек» өлеңінің ой сарыны мен өлең өрнегі жағынан алғанда Абайдың 1886 жылғы «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» деген өлеңіне жақын келеді. Тіпті осы аталмыш өлеңнің бесінші шумағының екінші жолы:

Ақыл таппақ, мал таппақ, адал жүрмек, -

деп берілсе, «Насихат Қазақиядағы» екінші шумақтың соңғы жолы:

Ғылым, өнер, мал таппақ, жұртқа жақпақ , -

деген жолмен ой жағынан да, сөз жағынан да үйлес шығып жатады. «Жол көрмек, жоба білмек, жиһан кезбек» өлеңінің алғашқы шумағының үшінші жолындағы бір сөз толық анықталмағандықтан, оның орны нүктемен берілді (429-бет)» [2, 46], - деп атап көрсетеді.

Сонымен бұл қандай сөз болуы мүмкін?

Профессор Мекемтас Мырзахметұлының басқаруымен әзірленген нұсқада «қайғы-шер» деп оқылғанын көреміз. Жалпы мәтін барысында түсінікті болу үшін екі шумақты толықтай беріп отырмыз:

Жол көрмек, жоба білмек, жаһан кезбек,

Бой жеңбек, ер жігітке ғақыл таппақ.

Тағдырын қайғы-шердің хақтан біліп,

Көшелі өнер иесін жүрсе жақтап.

Ниетің түзу болса сенің аппақ,

Екі елі аузыңа қойсаң қақпақ.

Сыбыр, өсек дегенді сырттай жүріп,

Ғылым, өнер мал таппақ, жұртқа жақпақ[3, 63].

Біздіңше, жоғарыдағы екі мәтіннің оқылуында да жаңсақтық бар сияқты. Соңғы кейбір жинақтарда бұл жолдағы сөз «көруші» деп аударылғанын да көруге болады. Абайтанушы ғалым Досым Омаров өз еңбегінде бұл сөзді құдайлық сипатқа меңзейтін «көруші» ретінде қарастыра отырып, түсініктеме береді.

111.png

Біз кітап түпнұсқасына мұқият үңіле отырып, бұл сөзді «көруші» де немесе «қайғы-шер» де емес, «қыр уә шәрнің» деген тіркес түрінде оқыған дұрыс деп білеміз.

Жол көрмек, жоба білмек, жиһан кезбек,

Бой жеңбек, ер жігітке ғақыл таппақ.

Тағдырын қыр уа шәрнің Хақтан біліп,

Көшелі өнер иесін жүрсе жақтап[1, 28].

Абай дана бұл жерде «ақылды азамат өз бойындағы жағымсыз қасиеттерді жеңіп, сана-сезімін билей білетіндей ақыл иесі болумен қатар, қала (шәрі) мен даланың (қыр) тынысын бірдей аңдарлықтай алымды, сол қала мен даладағы көшелі өнер иелерімен сұхбаттас, ниеттес болғаны жөн» деп тұрған жоқ па?

Мұндағы «уә» – ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі шығармаларында жиі кездесетін жалғаулық шылау. «Қыр» – географиялық бедерден өзге, шығыс қазақтары тілінде «дала» мағынасында да қолданылатыны белгілі. Шәр (шаһар) – кәдімгі батырлар жырындағы қолданыс екендігі аян.

Сондай-ақ екінші шумақтың бірінші жолындағы бұрын «сенің» сөзі «ісің» болып оқылуы тиіс деп білеміз. Себебі, өлеңнің өзі жеке бір адамға арналмағандығын ескерсек, «ниетің түзу болса сенің аппақ», - деп анайы меншіктегеннен гөрі «ісің» сөзі тұруы анағұрлым қонымды емес пе? Ниеті түзу адамның істеген ісі де ақ болатыны өмірдегі аксиома.

Абайдың «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» өлеңінің қазіргі жинақтарда бас-аяғы 15 шумақ болса, «Насихат Қазақиядағы» көлемі бес шумақ. Біздіңше, осы қисынды сияқты. Себебі, «Бұрынғы ескі биді тұрсам барлап» деп басталып, осы бес шумаққа қосылатын өзге он шумақ ұйқас, иірімі тұрғысынан алғанда сәл өзгешелеу. Алғашқы бес шумақ тәуелдік жалғауының үшінші жағы арқылы өріліп отырса, кейінгі он шумақ Абай өлеңдерінде аса жиі ұшырасатын –п, -ып, -іп көсемше арқылы жазылған. Он бес шумақтық өлеңдегі тақырып, мазмұн, идея жалпы алғанда тұтастыққа ие екендігін ескере отырып, мұны цикль өлең деуге болатын сияқты.

«Насихат Қазақияда» Абай өлеңдерінің қазіргі күні баршаға таныс мәтіндердегі қолданыстарынан кейбір өзгеше тұстары да бар. Мысалы:

Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы,

Қиыннан қиыстырған ер данасы[2, 47].

Өзге жинақтардағыдан айырмашылық – өткен шақ формасында қолданылып тұрғандығы, біздіңше аса селкеулік болып көрінбейтін сияқты.

Әуелі, аят-хадис – сөздің басы,

Мүнәжат уәлилердің зар-наласы[3, 63].

Осындағы «зар-наласы» «Насихат Қазақияда» «зарланасы» деп берілгендігін мұқияттай отырып, кирилшеге солай түсіруді жөн көрдік. Расында да, осы екі жол бойынша «зар-наланың» мағыналық тұрғыда аздап қонымсыз екенін аңғаруға болады. Себебі, Алланың сөзі аят оқылып, пайғамбардан жеткен хадис, Алла-Тағалаға деген мадақ (мүнәжетпен) айтылған жердегі ол қандай зар-нала? Хак дініміздегі аят пен хадистің, мінәжаттың қай жерінде нала бар? Ендеше, «зарлана», «зарлану» – аят пен хадисті түсіндіріп, Аллаға мадақ айтып насихат жүргізуші әулиелер мен пайғамбарлардың миссиясы емес пе? «Зарлана» дегеннің өзін «жар салу», жариялап жеткізу» деген көне мағынасымен қарастыруға болатын сияқты.

Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы,

Сонда да солардың бар таңдамасы[2, 47].

дейтін жолдар Зейнелғабиден Әміреұлы жинақтап бастыруында:

Өлеңге әркімнің бар тайталасы,

Сонда да олардың бар таңдамасы[3, 63], -

түріндегі берілген. «Насихат Қазақиядағы» Абай өлеңдерінің мәтіндік қолданыстары туралы ғылыми мақаласында ф.ғ.к., профессор Зарқын Тайшыбай да осыған мән берген: «Талас дегеннен гөрі өлең, өнер – бәсеке, «тайталас» деп түсінсек, ойға қонымдырақ сияқты. Рас, бұл жолда бір буын артық тұр. Техникалық жағынан алғанда да «бар тайталасы» – бар таласынан олақтау. Дегенмен, Абайда мұндай буын санының бірлі-екілі артық-кемі бола беретінін білеміз. Абайдың өлеңдері ішкі ойға құрылатынын, кейде ұйқас жағынан кемшілік болып жататынын кезінде Ахмет Байтұрсынов та атап көрсеткен» [4, 85].

Расында да, өмірде ақындар бір-бірімен тақырыпқа таласпайды, керісінше, тақырыпты өз әлінше игеру үшін өзара тайталасқа түспей ме? Кезінде Абайдың өз айналасындағы ақын шәкірттеріне бір тақырыпқа поэма жазуды ұсыну арқылы, оларды өзара тайталастырып, кім мықтыны анықтап отырған жоқ па еді.

Абайтанушылар ақынның «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» атты өлеңі 1886 жылы жазылған деп біледі. Өлеңнің бірінші шумағы былай басталады:

Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек,

Ашуың – ащыған у, ойың – кермек.

Мұңдасарға кісі жоқ сөзді ұғарлық,

Кім көңілді көтеріп, болады ермек?! [2, 48], -

Зейнелғабиден Әміреұлының жинағында бұл шумақта біршама өзгешелік барлығына көз жеткізуге болады:

Қартайсаң, қайғы ойлайсың, ұйқың сергек,

Ашуың – ащыдай у, ойың – кермек.

Мұңдасарға кісі жоқ сөзді ұғарға,

Кім көңілді көтеріп, болады ермек?! [1, 28].

Біздіңше, қаншалықты қалың қазақтың мұңын ойлап, ерте қартайып, жас адамға тән ұйқыдан айырылды дегенімізбен, Абайдың бұл өлеңді жазғанда қылшылдаған қырықтан жаңа ғана асқан кезі болатын. Сондықтан да, «қартайдық» дегеннен гөрі «қартайсаң» деп келер шақта жазғаны ойға қонымдырақ сияқты. Өзге нұсқаларда бұл шумақта бірінші жолда бірінші жақтан баяндай тұрып, екінші жолда екінші жаққа көшсе, «Насихат Қазақияда» басқы шумақтың жолдарынан бастап, кейбір зерттеушілер жеке өлең ретінде қарастырып жүрген алғашқы үш шумақ түгелімен біркелкі, ырғақ, екпін, құрылыспен келер шаққа құрылған. «Сөзді ұғарғаны» «сөзді ұқтыруға» десек, алдыңғы нұсқада «сөзді ұғарлық адам жоқ» деп шорт қиғаннан қисынды емес пе?

Сонымен қатар, «Насихат Қазақияны» кирилшеге түсіруге қатысты сәл түйткілді тұстардың бірі – осы шумақтағы екінші жолдың оқылуы дейміз. «Орхон» баспасында (2005 ж.) жарық көрген нұсқада бұл тармақ «ашуың ашытады, ойың кермек» деп берілген. Біз қолымыздағы бір ғасырдан астам уақыт жүзінде әріптері өшкін тартқан парақты жіті қарай отырып, бұл жолды жоғарыда көрсеткеніміздей, «ашуың – ащыдай у» деп түсіріп отырмыз. Былайша алып қарасаңыз да, «ашуың ашытады» немесе «ашыған уға» қарағанда, «ащыдай у» әлдеқайда мағыналы екендігі даусыз. Расымен де, «у» дегеннің өзі екібастан ащы, улы зат емес пе? Бұл жерде ашудың «у» екенін айта отырып, оны ащыға теңеу орынды сияқты.

«Насихат Қазақия» бойынша сөздері аздап өзгешелікке ие, жіті назар аударарлық шумақтың бірі мынадай:

Жамандар қыла алмай жүр адал еңбек,

Ұрлық, қулық қылдым деп қағар көлбек.

Харамдықтың асқаны бір күн тосар,

Мың күн сынбас, бір күні сынар шөлмек[2, 47].

Зейнелғабиден Әміреұлының жинап бастыруында мұндағы «жаманның» орнына «надан» тұр. Ал «қулық қылдым деп» тіркесі «қылам деп» деп берілген. «Ұрлық қылдым, «қулық қылдым», - деп емес, соның іске асыру жолын аңдып, әр жерде көлбек қағып жүруі барынша сенімді, бейнелі сияқты.

Осы шумақтың кейінгі екі жолы да «Насихат Қазақияда» біршама өзгеше берілген және мұны Абай өлеңінің Қараой, Омбы төңірегіне жеткен алғашқы нұсқасы ретінде қарастыру жөн болар. Қазіргі жинақтардан өзгешелігі мынада:

Сырттан сықақ туысқан өршеленбек,

Сыбырменен топ жасап бөлек-бөлек. (М.Мырзахметұлы нұсқасында «сыбырман»).

Кейінгі нұсқаларда бұл жолдар былайша беріліп жүр:

Сырттансынбақ, қусынбақ, өршілденбек,

Сыбырменен топ жасап, бөлек-бөлек.

Арамдықпен бар ма екен, жаннан аспақ,

Өзімен-өзі бір күн болмай ма әлек? [2, 48].

Бұл жолдарда қазақы сайлаудың барысында әркім қажет болса, өз туысқанын сырттан өршелене сықақтап, оған қарсы жасырын сөз байласып, бөлек-бөлек топ жинайтын қылығы дәлме-дәл түсіп тұрғандай.

Абайдың қазіргі шығып жүрген жинақтарында әбден орныққан кейбір шумақтардың «Насихат-Қазақиялық» нұсқаларына қарап, бастапқы нұсқаның қалай болғанын аңғару қиын емес және поэтикалық тұрғында еш кемшін соғып тұрған жоқ. Салыстырайық:

Ел бұзылса, құрады шайтан өрмек,

Періште төменшіктеп, қайғы жемек.

Өзімнің иттігімнен болды демей,

Жеңді ғой деп шайтанға болар көмек...

...Қолдан келе бере ме, жұрт меңгермек,

Адалдық, арамдықты кім теңгермек?

Мақтан үшін қайратсыз болыс болмақ,

Иттей қор боп, өзіне сөз келтірмек[2, 47].

«Насихат-Қазақияда» бұл шумақтағы айтылар ой біршама күрделі де ауқымдырақ болып келеді:

Өз ғайыбын аңдамай сөзін жөн деп,

Еліріп шайтан жағына болар кірмек.

Біреуге малы бар деп бектік бермек,

Үш жыл өтсе тағы да сайлау келмек.

Өнерлі би, үлгілі хандар қайда,

Тағы да тартып біреуге алып бермек?!

Қолдан келе бере ме жұрт меңгермек,

Харам мен халал арасын кім теңгермек?!

Мақтан үшін мал шашып болыс болып,

Өзіне иттей қорлық сөз келтірмек[1, 28].

Мұндағы ерекше мән берерлік жағдай – Абайдың бізге белгілі өлеңдерінде ұшыраса бермейтін «өнерлі билер», «үлгілі хандар» тіркестері. Мұның өзі қазақ даласында ежелден қалыптасқан хандық биліктің, билер институтының орнын зорлықпен басқан патшалық биліктің әкімшіл-әміршіл басқару жүйесіне деген Абайдың сыни көзқарасын танытып тұрғандай.

Қазіргі күнге дейін Абай өлеңдерінің толық жинағына енгізілмей жүрген, «Насихат Қазақиядағы» топтаманың «Ал, енді жақсы дейміз кімді қалап?!» деп басталатын үшінші бөлігінде де Абайдай ұлы ақынның қолтаңбасы, өзінің қарасөздері мен өлеңдерінде жиі ұшырасатын идеал тұтарлық «толық адамды» іздеу сарыны жатыр:

Ал, енді жақсы дейміз кімді қалап?!

Ар-намыс, ақыл-білім, сабыр, талап.

Асанқайғы сықылды адам болса,

Бір сөзін тыңдар едік мыңға балап[1, 29].

Абай шығармашылығында өзіне дейінгі ұлт зиялылары, Абайдың оларға деген көзқарасы жайлы мәлімет өте аз және оның өзінде де бізге жеткені:

Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау,

Сөзінің бірі – жамау, бірі – құрау, -

екені белгілі. Кешегі соцреализм дәуірінде дәл осы жолдарды Абайдың өзіне дейінгі әдеби буынға деген менсінбеушілігі ретінде қарастырды. Мұны Абайдың өзіне дейінгі қазақ өлеңін жаңа шығармашылық сапаға көтерушілігі тұрғысындағы сыни көзқарасы аясында түсінгіміз келгенімен, «Абай дана ұстазы Дулат ақын шығармашылығы тұрғысында шынымен де менсінбеушілік, тәкаппарлыққа жол беріп, ешкімді жаратпағаны ма?» деген ойдың да көлеңдейтіндігі, оған нақты тиянақ дәйектің аздығы да анық еді. «Насихат Қазақиядан» алынған жоғарыдағы шумақ мұндай күдікті сейілте отырып, Абайдың даналыққа толы Асанқайғыдай жыраулар поэзиясына құрметпен қарағандығына көзімізді жеткізеді.

Кезінде академик М.Әуезовтың өзі Абай шығармаларының мәтінін түзуде жүгінген Зейнелғабиден Әміреұлының «Насихат Қазақия» еңбегінің абайтану тарихындағы орны лайықты бағалануы тиіс. Зейнелғабиден Әміреұлының өмірі мен шығармашылығын насихаттауда ерекше еңбек сіңірген Қазақстанның халық ағарту ісі үздігі Қоспан Тәшібаев: «Абайтану» дәрістерін университетте оқып жүрген академик Зәки Ахметовке айтқанымда, «бұл бір ойланарлық мәселе екен» деп қалды»[5, 63], - деп жазады. Абай өлеңдерін әдебиет теориясы тұрғысында жіліктеген айтулы ғалымның мезгілсіз өмірден өтуімен, бұл мәселе көлеңкеде қала берсе керек. Сондықтан да, Зейнелғабиден Әміреұлының «Насихат Қазақия» трактаттар жинағы мен өзге ХХ ғасыр басындағы БАҚ-тар бетінде жарық көрген өзге де еңбектерін іздестіріп, толықтап баспа бетіне ұсыну, «Насихат Қазақиядағы» Абай өлеңдерін келешекте жарық көретін жинақтарына қосу қажет деп білеміз.

Асылбек Байтан

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1 Зейнелғабиден бин әл-Хаж Әмре, әл-Жауари. Насихат Қазақия. – Уфа: «Шарқ», 1909

2 Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. Т.1: Өлеңдер мен аудармалар. – Алматы: Жазушы, 2005 296 б.

3 5 Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. Т.1: Өлеңдер мен аудармалар. – Алматы: Жазушы, 2005 336 б.

4 Тайшыбай З. «Насихат Қазақия» жинағындағы Абай өлеңдері. // «Жұлдыз», № 5, 2008 ж.

5 ТәшібаевҚ., Керейбаев Қ. Сиыршыдан шыққан білімпаз. // «Көкшетау», 11 қаңтар,1994 ж.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар