Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Ақыт қажы Үлімжіұлы. Жақсы қатын мен жаман қатын...

09.04.2019 9336

Ақыт қажы Үлімжіұлы. Жақсы қатын мен жаман қатын

Ақыт қажы Үлімжіұлы. Жақсы қатын мен жаман қатын - adebiportal.kz

Ғұлама, ғалым Ақыт қажы Үлімжіұлы шығармаларындағы Ислам және отбасы түсінігі

Көрнекті ақын, ғұлама оқымысты, қоғам қайраткері, танымал ағартушы Ақыт қажы Үлімжіұлы Қарымсақов (Алтайский) қазіргі Шыңжаң өлкесі, Алтай аймағына қарасты Көктоғай ауданының Қайырты деген жерінде, 1868 жылы тамыз айында дүниеге келген. Ол бала кезінде ауыл молдасынан сауат ашып, кейіннен Махбумулла есімді оқымысты ұстаздан араб, парсы және түрік тілдерін жетік үйренеді. Соның нәтижесінде Ислам әдебиеттері мен араб тілді классик шайырлардың еңбектерін терең меңгереді. Сонымен қатар, өзі оқыған әдеби кітаптарды негізге ала отырып, 23 жасында ең алғашқы туындысын жазады. Бұл шығармасы 1891 жылы Қазан баспасында «Жиһанша Тамуз шах ұғылы» деген атпен басылып шығады. Осылайша 1891 жылдан 1914 жылға дейін ғалымның Қазан, Орынбор, Семей баспаларынан 9 кітабы 17 рет жарық көреді. Ақыт қажы 1939 жылы желтоқсан айының 24-і күні өзі қазылық әрі имамдық қызметін атқаратын «Ақ мешітте» Қытай үкіметі тарапынан тұтқындалады. Дәл сол күні өзімен қоса бүкіл кітаптары (800 ге жуық) мен қолжазбалары да тәркіленген. Ғұлама бабамыз 1940 жылы тамызда Үрімжі түрмесінде 72 жасында ауыр азаппен шаһид болады. Бүгінде ғалымның еңбектері төте жазуда 4 том болып, ал кирилл жазуында 2 том болып жарық көрді. Десек те, ғалымның еңбектері ел арасында ойдағыдай насихатталып жатқан жоқ. Сондықтан да, ғалымның шығармаларын халыққа жеткізу, оның қазақ халқын ғылым-біліммен сусындату жолында жасаған қызметі мен телегей теңіз ілімінен тәлім алу мақсатында осы желілес мақаланы өздеріңізге ұсынып отырмыз.

Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) бастау алатын үмбеттің қамы әр дәуірдегі Ислам ғұламаларының бәрінің дерлік басынан өтті. Олар үшін қара бастың қамынан көрі үмбеттің жәй-күйі, болашағы, Алла алдындағы міндеті көбірек толғандырды. Пайғамбарлықтың 23 жылдық міндетін жаратушы Хақты разы еткен халде толық атқарып, соңғы тұрағына аттанып бара жатқан ардақты Eлшінің соңғы сөзі «Үмбетімнің ендігі халі не болар екен?» деп қамығумен үзілген болса, сол үмбеттен шыққан саңлақ сахабалар мен ғұлама ғалымдар және Құдай сүйген құлдардың да бар ынта-жігері, күш-қайраты, таланты мен тағылымы тек Ислам үмбетінің қам-харекетіне арналды.

19-ғасырдың соңы мпен 20-ғасырдың басында қазақ даласынан шыққан көрінекті ақын, ойшыл, ғұлама Ақыт қажы да сол Ислам үмбетінің қамын ойлап, жүрегі қарс айырылған, бойындағы барын, руханиятының нәрін сол үмбетке арнаған көрнекті тұлғаның бірі. Ол Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде айтылған: «Менің үмбетімнен әр ғасырда туатын тұлғалар болады. Олар өз заманынан оза туады» десе, енді бір хадисінде: «Алла Тағала әр ғасырдың басында бұл үмбетттің жоғын жоқтап, пайғамбар сүннетін қайта жаңғыртатын тұлғалар жібереді», – деген.

Біз осы хадиске негізделе отырып, Ақыт қажы Үлімжіұлын Алла Тағала 20-ғасырдың басында қазақ даласына жіберген салих құлы десек артық айтқандық болмас. Себебі, оның бойына ана сүтінен дарыған адами болмысымен, мұсылмандық тағлымымынан туындаған уағызы, дуалы насихаты сол кездегі ұлт мүддесіне, үмбет тағдырына арналған еді.

Ол кезінде қазақ әдебиеті мен поэзиясын дінмен жаңғыртқан Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы және Хакім Абай сынды қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдыздарымен заманы қарайлас өмір сүрсе де, қазаққа шариғатты кілең өлеңмен нәсихаттаған, әлсіреген үмбеттің жоғалтқан дүниесін өлеңмен жаңғыртқан ерекше жан дер едік. Сондықтан болар замандасы Қасымов Абайдың «Шариғаттың бәрі өлең емес, ендеше, өлеңнің бәрі шариғат болмауы керек» деп ақындық сынға ерік бергені. Кейіннен ғалымның өзімен дидарласқан Қасымов Ақыттың терең ілімі мен Тәңір берген талантына тәнті болғаны сонша, оның хакім Абайдың шығармасымен сусындауына себепші болады.

Ақыт қажы өзі шыққан ортаға асыл дінді насихаттауда ерекше стиль қолданған. «Әр мақамның мақалы бар» дегендей, халқын жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыйып, өнер-ғылымға баулуды мақсат тұтқан. Ғұлама сол заманға сай әр сала, әр жік, әр кәсіптегі адамдардың мінез-құлқына, қасиетіне қарай отырып насихат жасаған. Оның «Насихат» деп аталатын өлеңдер топтамасындағы ел басқарған билер мен қарапайым қосшыға дейін жеке-жеке өлең арнап, олардың бойындағы шариғатқа жат әдет-қылықтарымен сол кездегі ұлт мешеулігінің басты факторы болған ғылымнан алшақ надандықты сол таптың мүшесі түсіне алатындай етіп жеткізуі, сондай-ақ, «Билерге», «Байларға», «Молдаларға», «Кедейлерге», «Кәрілерге», «Жігіттерге», «Әйелдерге» деп жік-жікке бөліп жырлауының өзі осының айқын дәлелі.

Ақын бабаның өмірлік асыл арманы халқының надандық шырмауынан босап, ғылым-білімге ойысуы еді. Ол жәһилдік пен ғапылдық қатар жайлап, күйкі тірліктің құлына айналған жұрттың жақын арада оңалмасын қам көңілі сезсе де, соңына дейін шыдауға бел байлағандай. Бір өлеңінде:

Адам қойды атымды,

Надан қылды халқымды.

Мұңыңды айтып жалынсаң,

Ақыл бермес тартымды.

Барар жер жоқ, басар тау

Оңда Құдай артымды, – деп соңғы үмітін ұрпағына күткен ғұламаның ендігі бар арман-мұраты жастарға тәлім беруге ойысқандай. Себебі, дінінен тірек, ділінен иман әлсіреген алдыңғы буын өкілдерін көріп өскен жастардың сол кездің өзінде-ақ имани тәлім-тәрибеден алыстап, отбасылық құндылықтары құрдымға бет алған-ды. Бұл келеңсіздік ақынның «зар заман» жырынан анық байқалады:

Әуелі қызың тіл алмас,

Жақсылықты біле алмас.

Әкеден бала ұялмас,

Әке байқұс қия алмас,

Ағаның тілін іні алмас,

Тату болып жүре алмас,

Кішіге үлкен билік қып,

Бір істі түзу қыла алмас, – деп бір жанұядағы аға-бауыр, іні-қарындас арасынан береке кетіп, жанұяның шырқы бұзыла бастағанын айтса, енді бірде:

Енді айтайын, жарандар,

Жамандықтың көкесін.

Мұндай іс келсе басыңа,

Қорланып тозып кетесің.

Сыйламаса ұл әкесін,

Тыңдамай қыз шешесін,

Беттен алып тастаса,

Айтып ауыр кекесін.

Зарлағанмен пайда жоқ,

Құдай берсін есесін.

Шірігендей бет етің,

Көресің шата некесін.

Сындырғандай арыңның

Қанжарыңның жетесін,

Қоқ болып күйіп кетесің,

Шыдамай оған нетесің?! – деп ата-ананың қадірін бағамдай алмайтын жетесіз ұрпақтың өсіп келе жатқанын ашына жырлайды.

Ол ұлтқа төніп келе жатқан осы бір қатерлі індеттің алдын алу үшін ең әуелі отбасы ұғымы, отбасы жауапкершілігі, отбасы құндылығы, отбасы тәрбиесі сынды маңызды мәселелерді назарда ұстауға үндейді. Ал ұлттың, арысы үмбеттің негізгі тірегі саналатын отбасылық ұйытқының іркіттей іруі ғұламаның арқасына аяздай батқаны белгілі.

Ақынның пікірінше, отбасы дегеніміз – адамгершілік үстемдік құрған қоғамның азаматын тәрбиелейтін ұлттың негізгі буыны. Жанұя – болашақ ұрпақтың бойына рухани құндылықтарды қалыптастыратын мектеп. Ендеше отбасында сыйластық пен жарастық орнаған үлгілі ортаның бүкіл Ислам үмбетіне пайда әкелері сөзсіз. Адамның бағы да, соры да оның отбасында көрген тәрбиесі мен оқыған іліміне тікелей байланысты екенін әуел баста бағамдаған данышпанның арнаулары мен толғаулары осы тақырыпты көбірек өріс етіп, адам өмірі үшін отбасының ықпалы ең негізгі әсер етуші күш екенін анағұрлым дәлелдей түскендей.

Ғалымның пайымынша, «отбасы» атты кішкентай мемлекеттің негізгі басшысы – ер кісі, отағасы. Ал әйел – сол мемлекеттің ішкі істеріне жауапты отанасы. Оның отағасына қарағанда атқаратын шаруасы мен жауапты қызметі әлдеқайда көп. Сол үшін де оған «Отбасының алтын қазығы» деген даңқты мәртебе берілген. Есіктен кірген бақтың төрдегі отағасының басына қонып, тиянақтап тұруы да сол отанасының «нақ асыл зат» болуымен тікелей байланысты.

Осы орайда ғалым жастардың көңіл қосып, шаңырақ көтергенін қолдай отырып, сол шаңырақтың салмасын байлайтын алтын қазықты аса ыждаһаттықпен таңдауға шақырады.

Адамның бір серігі жақсы қатын,

Шығарар жақсы қатын ердің атын.

Еріне қызмет қылса пәк көңілмен,

Арттырар Алла оның инабатын.

Табылса пешенеңе ізденіп көр,

Алуға әйелдің нақ асыл затын, – деген жыр жолдарындағы «Нақ асыл зат» сөзі шариғат терминіндегі «Әл-мәрә әс-салиха» (Салихалы жар) сөзінің әдеби баламасы еді. Ғалымның «Асыл жар» түсінігі Пайғамбарымыздың өнегелі өсиетіне негізделгені айдан анық. Алла Елшісі (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Қоқыстың арасында өскен қызыл гүлге қызықпаңдар» деп ескертеді. Мәнісін сұраған сахабаларына «Нашар ортада өскен сұлу әйел» деп түсіндірген. Халифа Омар (р.а.) осы хадиске сай «Жаман ортада өскен сұлу әйелден сақтаныңдар. Себебі, оның туған баласы тегіне ұқсамай қоймайды. Текті, көргенді жердің қызын алыңдар. Өйткені, ол нағашыларына тартқан салиқалы ұрпақ дүниеге әкеледі», – деген. Демек жар таңдағанда оның әке-шешесінен, туған-туыстарынан алған тәрбиесіне де көңіл бөлу керек. Хадистің тағылымына терең үңілген Ақыт ақын 1916 жылы «Жақсы қатын мен жаман қатын» атты мәшһүр өлеңін дүниеге әкелді. Осы өлеңінде «Шын асыл жардың» қыры мен сырын шыңына шығарып жырлаған ақын жақсы әйелді былай сипаттайды:

Адал жар ашып тұрар қабақтарын,

Байқатар бір көргеннен «а» деп бәрін.

Үлкенге иба, кішіге әдепті боп

Мінезбен көптің алар мадақтарын.

Ләззаты бұл дүниенің жақсы қатын,

Маңдайына жігіттің бақ тұратын.

Азыңды көп, көбіңді көл көрсетіп

Дәніңді берекемен арттыратын.

Абыз ақын әйелдің әдеп-ахлақ тұрғысынан қойылатын міндеттерін жыр шумақтарына жіпке тізгендей етіп жеткізеді. Сол міндеттерді қара сөзге айналдырып қорыта айтатын болсақ, ең әуелі, әйел затының ер азаматына адал қызмет етуі, күйеуінің жақсылықтарын жоққа шығармау, күйеуін күлімдеп қарсы алып, күлімдеп шығарып салу, күйеуімен сыпайы сөйлесу, үй ішіндегі қызыметтерді атқару, қонақ күту т.б. жауапкершіліктерді жырлайды.

Солардың ішінде ақынның айрықша тоқталатын бір тұсы – әйел затының үйге келген қонақты жақсы күтіп алып, риза етіп аттандыруы. Қонаққа қабағын шытып жақтырмайтын әйелді қатты сынға алып:

Тәкаппар жаман қатын қонақ қонса,

Баласын қатты қарғап бақырмай ма?

Білімді, білікті боп тәуір болса,

Қонаққа сүйер асын таттырмай ма, – дейді.

Ақынның бұдан басқа өлеңдерінде қонаққа ізет көрсетіп, риза етіп күтудің Құдай алдында пенденің дәрежесін көтеріп, отбасына береке әкелетін ізгі іс екені айтылады. Себебі, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Кімде-кім Аллаға және Ақырет күніне иман келтірген болса, қонағын қолынан келгенше жақсылап күтсін», – деген. Халқымызда «қонаққа тамағыңнан бұрын қабағың маңызды» деген нақыл бар. Исламдық этика мен халықтық дәстүрді қатар сабақтаған ғалымның «Отанасына (әйелге)» қонақ күтудің аса маңызды шаруа екенін айта келіп, осы істі шариғат талап еткен деңгейде атқаратын болса, бұл оның күйеуіне абырой сыйлағаны екенін де қағыс қалдырмайды.

Отбасы жауапкершілігіне үлкен жақтан ер мен әйел тең құқылы болғанымен, жіктеп келгенде әрқайсысының өзіне тән міндеттері көрсетілген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Әркім өз ісіне жауапты. Және жауапты болған ісінен сұралады. Ер адам өзінің отбасына жауапты және сол отағасылық жауапкершілігінен сұралады. Әйел де отбасына жауапты, ол да отаналық жауапкершілігінен сұралады...», – дейді. Шариғат тұрғысынан отағасының ең маңызды жауапкершілігі бала-шағасының амандығы. Әрі қарай олардың нәпақасын тауып беруі, тұратын үй-жайын қамтамасыз етіп, білім алуына жол ашып беру сынды аса зәру міндеттер жүктелген болса, ал әйел заты сол отбасының жалпы ішкі қызметіне жауапты. Ақыт қажы отбасы жауапкершілігіне байланысты жырларында ер адамнан гөрі әйелдің отбасылық міндеттеріне көбірек тоқталады. Әлбетте бұл сол замандағы халықтың далалық дағдысымен «ер түздің тынысы» деген түсініктен туындаса керек. Ендеше оның жырларындағы жауапкершілігі бекем, жақсы отанасы былай суреттеледі:

Кең мінез, жарқыраған ашық қабақ,

Жымиып күліп тұрар қырын қарап.

Биік алма секілді қол жетпейді

Әр жігіт үміт етіп қылар талап.

Кейіп, шаршап қабағын бір шытпайды,

Қадамын кешке дейін тұрсаң санап.

Ұқыпты үй ішінде іске қылап,

Бір сағат отырмайды бекер қарап.

Аққудың балапаны секілденген

Тап-таза балалары тұрсаң қарап.

Сондай әйел қайда бар, құрдастарым,

Бір өзін жүрер едім мыңға балап.

Жақсы әйел дегеніңнің өлшеуі жоқ

Жайылар талай жерге аты тарап.

Осы өлең шумақтарында ғұлама отанасы мәртебесіне жеткен әйелдің мынадай бірнеше сипатын айтып өтті. Олар мінезінің кеңдігі, көңілінің дарқандығы, өз шаруасына шөгел, үй жұмысына ұқыпты, тазалықты жаны сүйетін мұнтаздығы т.б. Бұның бәрін ақын әйел затының бойынан табылуға тиісті қасиеттер деп қараған. Әлбетте хақ дінімізде нәзік жандыларға отбасындағы шаруаны атқару міндеті жүктелемегенімен Ислам этикасының және халық дәстүрінің ішкі нормаларында бұл қызметтің міндеттемелік сипат алғанын байқаймыз.

Ақыт қажының әйел затын тілге тиек еткенде оның бүкіл адами болмысын отбасы қызметімен байланыстырып жырлауының бір сыры асыл дініміздің асыл қазынасымен сабақтасып жатқандай. Өйткені, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әйелдің күйеуі, отбасы үшін істегені садақа екенін ескерткен. Ал сегіз жұмақтың бір есігінің аты «Садақа есігі» екенін, одан тек садақа жолымен сауап жинағандар кіретінін ескерсек, әйел адам үшін бұл да бір ғанибет қой. Адамзаттың асылы болған Алла Елшісінің қыздары, жұбайлары бәрі дерлік үй шаруасымен айналысқан. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бірде қызы Фатимаға: «Фатима қызым, ең әуелі Құдайдан қорық! Раббыңның алдындағы парызыңды өте. Отбасыңа қызмет жаса...», – деп, әйелдің Құдай алдындағы парызынан кейінгі маңызды ісі отбасылық қызметі екенін ескертуі тегін емес-ті. Ақынның отбасы қызметінің ішінде айрықша тоқталатын бір тұсы – отбасы тазалығы. Ол мұны «Жақсы қатын мен жаман қатын» өлеңінде екі ауыз сөзбен былай жеткізеді:

Өзі таза, мінезді, қолы жомарт

Құрбылар, шын асыл жар – қатын қайда?!

Байқаған адамға ақын ең мәртебелі отанасына «Нақ асыл зат» және «Шын асыл жар» деген екі атауды қатар қолданған. Екеуін де ең әдемі сөздермен безендіреді. Соның ішінде тілге жиі ілінетіні отанасының жан тазалығы мен жанұя тазалығына ұқыптылығы еді. Бұған байланысты тәлім ақынның «Әйелдерге» деген арнауынан анық байқалады. Ғұламаның осы арнау өлеңінен «Тазалық – иманның жартысы» деген Ислам қағидасына қаншалықты мән беретінін байқауға болады. Әрине жұпар аңқыған мұнтаздай таза үй мұсылманның ойына жұмақты түсіреді. Жанын жадыратып, құлшылыққа құлшындыра түседі. Мұндай үйдің дастарханы береке мен жақсылыққа жайылады. Үй лас болса адамның көңіл-күйі түсіп, денсаулығы да нашарлайды. Дүниесі әр жерде шашылып жатқан, ыдыс-аяғы жуылмаған үйдің де ырысы азайып, берекесі қашады. Сондықтан, Алла Елшісі (с.ғ.с.) мұсылмандарға «Үйлеріңді таза ұстаңдар» деп өсиет айтқан. Ақынның отбасы тазалығын отанасымен байланыстыруының сыры да осы болса керек.

Демек отбасындағы жетістік қоғамдық өмірдегі жетістіктің алғашқы баспалдағы. Ал бұл өз кезегінде үйленіп, шаңырақ көтерудің беріктігі мен бекемдігіне байланысты. Әуел бастан негізі берік болып құрылған және материалдық-рухани жағынан төрт құбыласы түгел отбасы – ұлттың ең мықты іргетасы және абыройлы, ізгі ұрпақ өсірудің қасиетті мектебі. Ақыт атамыздың ұлт тағдырын, ұрпақ тәрбиесін, жалпы ағартушылық саласын отбасымен байланыстырып жырлауының себебі де оcында болса керек.

Еркінбек Алтай, исламтанушы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар