Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Ақсұңқар АҚЫНБАБА: Шығармашылықты «ресми қолдау» с...

16.08.2017 6159

Ақсұңқар АҚЫНБАБА: Шығармашылықты «ресми қолдау» сипатынан арылуымыз қажет...

Ақсұңқар АҚЫНБАБА: Шығармашылықты «ресми қолдау» сипатынан арылуымыз қажет... - adebiportal.kz

-Жалпы, Ақсұңқар Ақынбабаның әдебиеттегі инициативасы қандай? Әңгімемізді осыдан бастайықшы?

-Ақынның тағдыры поэзиядағы да тағдырына, өз үніне айналуы керек, ол ешкімге ұқсамауға, ешкімді қайталамауға және қайталанбауға тиісті. Демек, менің, яғни, «Ақсұңқардың поэзиядағы өз жолы» -бұл менің тағдырым. Әлбетте, барлық ақын бәрін өзінен бастағысы келіп тұрады ғой. Мен де солардың бірі болғанмын кезінде. Бірақ, шындығымды жоғалтқан жоқпын.

-Осыдан бір жыл бұрын біздің порталда «Мен бақытты болуға тиісті емеспін!» деген тақырыппен топтама өлеңдеріңіз жарияланған екен. Жалпы, ақындардың өз бақытсыздығының себебін қоғамға арта беруі қаншалықты дұрыс?

-Негізі, қоғам деген белгілі бір адамнан немесе қағидаттан тұрмайды, ол – біз тіршілік етіп жүрген, кәдімгі өзіміз секілді әртүрлі әлеуметтік топтан құралатын адамдардың ортасы, түрлі қағидаттар мен саяси–әлеуметтік жүйеден, ақ пен қараның тартысынан, күнделікті тірліктен тұрады ғой. Сондықтан, біздің бақытты немесе бақытсыздығымыз сол айнала қоршаған ортамызбен тығыз байланыста. Өзің тілге тиек етіп отырған өлеңді мен осыдан 14- 15 жыл бұрын жазыппын. Өз болашағыма «Мен бақытты болуға тиісті емеспін!» -деп бағдарлама жасап, оны ойша «бекітіп» тастаппын ғой! Бұл не? Болашағыңды күні бұрын болжайтын ақындық сәуегейлік пе, әлде, сөздің ақпараттық күш-құдіретінің орындалуы ма?

Ол өлеңім:

«Қарсыласқым келгенмен, тістелескім,

Құтқармайтын жазмыштан күшті емеспін,

Қоғамым мен Тағдырым осы болса,

Мен бақытты болуға тиісті емеспін!»-деп аяқталады. Демек, қоғам да,

маңдайдағы тағдыр да, қай-қайсымыз да оңып тұрған жоқ секілдіміз ғой. Ақиқат бір Аллаға ғана аян.

-Күні кеше жазушы Есболат Айдабосын «Рухани жаңғыру басталды. Жас қаламгер, сен қайдасың?» деп қаламгерлердің әлеуметтік жағдайына байланысты өз ұсынысын айтқан еді. Сол ұсынысы қазір әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Бұл жайлы сіздің пікіріңізді білсек?

-Иә, Есболаттың бұл ұсынысы қызу талқыға ұласып кетті, шынында. Мен ол ұсынысқа екіжақты қараймын: дұрыс жағы да бар, қиғаш жағы да бар. Дұрыс жағы әдебиеттің қоғамдағы мәртебесін көтеру мәселесі ғой, ол үшін әуелі қаламгерлердің мәртебесін көтеру керек. «Рухани жаңғыру» кезеңінде әдебиетке қамқорлық жасау мәселесін неге қолға алмасқа? Неліктен, мемлекеттік әлеуметтік бағдарламалар әдебиетті дамытуға да арналмасқа? Мемлекет қыруар қаражат бөлсе де, соңы шығынға ұшыратып жататын қаншама жобаларды білеміз. Демек, «Туған жер» секілді бағдарлама негізінде жас қаламгерлерге азды-көпті әлеуметтік қамқорлық жасалып жатса, одан мемлекет шығындалып қалмасы хақ немесе қаламгер атаулы үкіметке үй бер, жағдай жасамасаң жазбаймын деп масыл болып отырып алмас. Қоғам деген біртұтас тірі организм болса, руханият та соның ішінде өз функциясын атқарып тұратын бір орган, оған да қорек қажет, мемлекеттен тиісті деңгейде назар аударылуы керек. Ой мен жаныңды жегізіп, жұмсайтын еңбек еңбектің көкесі! Десе де, қайбір жастардың бізге үй берсе ғана туған, өскен елімізге көшіп барар едік деген құлаққа бір түрлі естілетін пікірлеріне таңғалдым. Олай бәлсіну үшін, әуелі сол жастар туған еліне беретін, қосатын қандай үлесі бар немесе қосты деген сұраққа жауап беріп алса, құба-құп...

Сосын, әдеби орта неге тек Алматы мен Астанада болуы керек? Қазір, Алматыда әдеби орта дейтін орта қалды, өзі? Мәселен, мына тұрған Талдықорғанда болашақта үлкен бір әдеби орта қалыптасса, оған жеткізетін жаңа бастамаларға күш салып кіріссек, одан мемлекет те, қаламгерлер де, жергілікті аймақ та ұтылмас.

- «Бұл «Әдебиет – мемлекеттің идеологиялық құралы болу керек»-дегенге алып келмей ме? Ақын-жазушылар белгілі бір деңгейде билікке тәуелді болады. Одан қандай азат ойлы шығарма тууы мүмкін?»-деген қарсы уәждер де айтылып жатыр?

-Жалпы, өз басым егер әдебиет мемлекеттің идеологиялық құралы болу керек болса және бола алса, егер біздің жазып жатқан әлі де жазатын дүниелеріміз, мемлекетіміз –Тәуелсіз Қазақстанның идеологиялық насихатшысы болса, идеологиялық жетекші рөлге жете алатын болса, сол деңгейге біз лайықты болсақ, тек қана қуануымыз керек қой? Себебі, әдебиет бар жерде ұлттың да мүддесі қатар жүреді. Сондықтан одан ешқандай қорқудың керегі жоқ. Ал, мемлекеттік идеологияны биліктің сойылын соғу немесе жеке мүдделерге қызмет ету деп біржақты түсіне салу дұрыс емес. Әрине, билік болған соң субъективті мүдделер болады. Онсыз да, бәріміз де белгілі бір деңгейде билікке тәуелдіміз. Қаламгерлерді қамқорлыққа алу – азат ойлы шығармалардың жазылуына кедергі болады деген пікірлермен келіспеймін. Шығармашылықты қолдау –жақсы дүниелердің тууына жағдай жасау. Өзіміздің Тәуелсіз Қазақстанда өмір сүріп отырып, сол елге рухани еңбек етіп отырып неге өз еншімізді алмасқа?!

Жалпы, мемлекеттік идеология дегенді, мен өз басым, әдебиет тұрғысынан алып қарағанда, Тәуелсіз Қазақстанды жырлау, Отаншылдық, мемлекетшілдік деп түсінемін. Елдің ертеңіне қызмет ету, ұлттың рухын көтеру, жас ұрпақтың тәрбие-танымын қалыптастыратын дүниелерге үндеу, соған рухани баулу – әдебиеттің қолында ғой. Осыған дейін елімізде саяси, экономикалық, әлеуметтік ірі-ірі жобалар жасалды, қаражат оңды-солды шашылды. Ақырында «Рухани жаңғыруға» келіп тірелдік. Биылғы жылы Елбасының аға буын жазушылармен тікелей эфирде кең-молынан кездесуі – көп жылдар бойы назардан тыс қалып келе жатқан әдебиетке оралуға, кезінде жіберілген олқылықтың орнын толтыруға деген ұмтылыс деуге келер. Сондықтан қаламгерлер де айтыс-тартыстан гөрі, осындай нақты іс-шараларды қолдауға ниет білдіргеніміз дұрыс шығар.

-Талдықорғандағы әдеби орта жайлы тілге тиек етіп жатырсыз. Осы өңір қаламгерлерге жақсы қолдау көрсетіп жүр. Қаламгерлер өздеріне артылған сенімнің үддесінен шығып жатыр ма? Ол жақтағы әдеби ортаның жәй-күйі қандай?

-Менің Талдықорғанды тілге тиек еткен себебім, Талдықорған – менің өскен, өнген ортам. Алғаш студент кезімде ақын ретінде осы Талдықорғанда танылдым. І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік универститетінде оқып жүрген кезімде сол кездегі облыстық «Жерұйық» газетінің (қазіргі «Жетісу» газеті) мерекелік нөмірлерінің бірінші бетін үнемі менің өлеңдеріммен ашатын. Ол кезде мен бар болғаны 17-19 жасар кезім екен ғой. Бірақ, өзімді «үлкеен ақын» сезінетінмін. Сол жылдары мен оқыған оқу орнымнан, әкімдік тарапынан тәп-тәуір қолдау көрдім. Соңғы кездерде Алматы мен Талдықорғанның арасында жүрмін. Талдықорғанда тұрақтап қаламын ба, оны бір Құдай біледі. Негізі, ақын-жазушылар менің теңім Алматы мен Астана деп қана түсінетін ұғым бәрімізде бар ғой, біз сол стандартты бұзуымыз керек. Қажет болса, мен алыс бір ауылға мектеп мұғалімі болып кеткім келіп жүр немесе біраз жылдар шетелде болып келгім келеді. Бір Алматының астауында қамалып жүре бергеннің несі қызық? Ақынға жаңа тыныс керек. Себебі, шығармашылық адамдары үнемі бір жаңалық іздеп жүреді. Ал,Талдықорғанда қазір байқасаңыздар соңғы бірнеше жылдың ішінде керемет жандану бар, қаланың өзі мұнтаздай болып сыланған бойжеткендей құлпырып өсіп келеді. Шығармашылық адамдарын өзіне тартып тұратындай жаңа тыныс, игі өзгерістер бар. Әрине, үлкен өнер майталмандары Алматыда шоғырланған, тарихқа тұнып жатыр. Өкінішке орай, соңғы кездері Алматыда онша қызық қалмай бара жатыр. Біз жаңа дүниелер жазғымыз келеді. Жаңа стимул, рух беретін, үлкен сезім, махаббат сыйлайтын жағдайлар керек қой. Сондықтан, кейде қоныс ауыстырғымыз да келеді. Сондықтан, әркім өзіне қай жаққа барсам екен деген ой туады да, туған жеріңе немесе өскен ортаңа барғың келеді. Егер сіздер Талдықорған өңірі қаламгерлерге жақсы қолдау көрсетіп жүр деп естісеңіздер, онда ол шынымен солай болғаны. Бірақ, шығармашылық адамы қай бір өңірге келгісі келсе, баспана, сый-сияпат үшін ғана келіп, араға жыл салып кетіп қалу үшін емес, тұрақтап қалып, жергілікті жерге шығармашылық қызмет етуді бірінші мақсат тұтуы қажет. Жалпы, Талдықорғанда бір шағын да болса, жілікті әдеби орта бар. Позитивтік тұрғыдан баға беруге болады.

-Әдеби орта туралы айтып жатырмыз ғой. Жалпы, әдебиетті орта емес, жекелеген суреткерлер жасамай ма? Біздің қазіргі әдеби ортаның мазмұны – мерейтойлар ғана сияқты?

-Әдебиетті жекелеген қаламгерлер жасайтыны рас. Бірақ, соның бәрі бірігіп бір әдеби ортаны құрайды ғой. Біздің қазіргі әдеби орта анда-санда бір мерейтойлар өткізгенде, белгілі бір мәдени шараларды ұйымдастырған кезде немесе жаназаларда ғана бас қосып жатады. Өз басым үлкен серпіліс беретін әдеби жобаларды күтетінмін. Сол бір сарын. Ақындар өздері бірігіп бір дүниелер жасап жатады. Ондай азаматтық белсенділік те керек. Дегенмен, мемлекет бюджетінен ел руханияты үшін бөлініп жатқан қаржыны алып отырған құзіретті органдар бар ғой? Мәдениетті қолдау, дамыту оны ресми қолдау сипатынан арылуы қажет. Жылында бір рет жинап алып, сый-сияпат үлестіру, әнші-бишілермен мерекелік концерттерді дайындау, белгілі бір кітаптарды шығарып қойып қарап отырудан дамытуға бағытталған жүйелі, кешенді өзгерістерге өтуіміз керек-ақ. Әдебиет орнынан сілкініп тұратын, қоғамдағы, мемлекеттік жүйедегі өзіне тән күші мен орнын иемденетін кез жеткен сияқты.

-Өзіңіз қоғамдағы болып жатқан жайларға кейде пікіріңізді ашық білдіріп жүресіз. Өлеңдеріңізден де қоғамға, ортаңызға деген көңіл толмаушылық барын байқауға болады. Бір қарағанда, сіздің шығармашылығыңыз мемлекет тарапынан ескерілмей, бағаланбай келеді деуге келмес. Өйткені, көп замандастарыңыздың қолы жетпей жүрген атағы дардай сыйлықтарды да ертерек алдыңыз. Кітабыңыз да шықты. Кейбір қаламгерлер сияқты үнсіз шығармашылығыңызбен айналысып жүре беруге де болатын еді ғой?

- «Сұрағыңызға қарағанда, тыныш жүрсеңіз, жағдайыңыз жақсы болатын еді, өзіңізге –өзіңіз жау тауып аласыз» - дегің келіп тұр-ау, шамасы. Қоғамға деген көзқарас, азаматтық ұстаным үкіметтен алу мен берумен өлшенбейді. Жалпы, табиғатым өтірік пен әділетсіздікке қас! Сондықтан менімен де қастаса кететіндер көп. Десе де, кім тыныш жүргісі келмейді ғой, дейсің. Тіліңді шығарады, сосын, өзің де байқамай біреулердің қотырын барып тырнап аласың. Әсіресе, төккен терің мен еңбегіңнің өтеуі асқан қиянатқа ұшырағанда жаныңнан безіп кетеді екенсің. Көпшіліктің мен туралы білетіндерінен өзге, ішімде жатқан ел білмейтін қаншама қасіреттерім бар... Сондықтан, адамды сыртынан қарап тану, пікір түю мүмкін емес. Иә, маған көпшілік: «Сен бәрін алдың ғой! Енді не керек, саған?» -деген пікірлерін айтып жатады. Рас, ақын ретінде өзің айтып отырғандай, мемлекеттен, Қазақстан Жазушылар Одағынан, жалпы республикалық, жергілікті БАҚ-тардан да тым жас кезімнен үлкен қолдау көрдім. «Дарын» Мемлекеттік сыйлығын бар болғаны жиырманың ортасында алыппын. Разымын. Бірақ, менің ақындықтан да басқа азаматтық орным бар емес пе, қоғамда? Мен кәсіптің тілін емес, басшы-қосшының тілін табуға, әдемі көркімді саудалап, карьера жасауға, сыбайласып, топтасып, топтарға «мүшелікке» қабылдануға ұмтылмағаным үшін кінәлі болдым. Барлық мәселе тәжірибең, бойдағы қабілетіңмен емес шыққан руыңмен, соңыңнан ертіп қойған өсектерге қарап, анықталатын рушылдық пен сыбайластық өршіп тұрған қоғамда мен секілді алар кеңістігі де, берер мүмкіндігі де ауқымды деңгейдегі жастық жалыны ішінде тұншығып қалғандар ашынбағанда ше? Бірақ, мен қайта үндемей, сабыр сақтап жүрмін, негізі... «Сабыр түбі сары алтын» екені рас болса... Айтпақшы, кейінгі жылдары мен «көзі тірі», «өзі жоқ» ақынға айналып кеткенім тағы бар емес пе? Неге деген сұрақ туады.

-Сөзіңіз аузыңызда. Расында, неге сізді көрінбей кетті, қайда кетті деген сұрақтар ара-тұра көтеріліп жатады. Осы тақылеттес сұрақтарға не деп жауап бересіз?

-Иә, ондай сұрақты қоятындар мен көтеретіндер мені екі мәселе тұрғысында «жоқтайтын» болар. Шынайы жанашырлықпен іздеу немесе өтірік қамқорсу арқылы табалап «іздеу», мені жоқтағансып, өздерін жарнамалап қалу үшін де іздеу... Десе де, менің неге «жоғалып кеткенімді» сыртымнан бал ашып, жалған қамқорсымай, жоғалып кеткенімді қасақана насихаттай бермей, немесе соны өз мүдделеріне пайдаланып, қияли өсек таратпас бұрын, әуелі, өзімнен сұрау керек. МЕН КӨЗДЕРДЕН ЖОҒАЛЫП КЕТСЕМ ДЕ, ШЫҒАРМАШЫЛЫҚТАН БІР СӘТ ТЕ ЖОҒАЛҒАН ЕМЕСПІН!!! Көздерін ашып қарасын да, оқысын, ғаламторда толып жүрміз, шүкір. «Жоғалып кеткенімнің арқасында» қазірде 10 томға жуық авторлық еңбегім дайын тұр. Әдебиеттің тарихы үшін, халқымыздың мәдени мұрасы үшін осы екеуінің қайсысы маңызды? Жазушылар Одағының төрағасы Нұрлан Оразалин ағамыз маған өткен жылы: «Сен кезінде оттай лаулап, қара үзіп шығып едің, сол қарқыныңды жоғалтпауың керек еді!»-деп ұрысты. Ол сөздің де жаны бар, енді. Бірақ, есесіне, шығармашылықтағы белсенділігімді үдеттім емес пе? Авторлық еңбектерімді айтпағанда, А.Ахматованың үш кітабын аударып тастаппын. 2003 -2004 жылдары А.Ахматовадан жасаған аудармалаларымды 2005 жылы «Қазақ әдебиеті», «Әдебиет айдыны», «Жас қазақ» қатарлы үш бірдей басылымға апарып бердім. Шығармады. Екі жыл бұрын «Қазақ әдебиетіне» Н.Оразалинге ресми хат жазып отырып, жолдадым. Газеттің бас редакторы Ж.Шаштайұлына барып, шығарып беруін өтіндім. Әлі шыққан жоқ!! Жақында Жұмабай ағаға барып, сұрақ қойдым: «Не себепті екі жыл бойы менің әдеби еңбегім шықпай жатыр, неден қорқасыздар, неден жаздым?» -деп. Бір шығармашылық кездесуде Маралтай қолымнан ұстап: «Аудармаң бес екен!»-деп мәз қылғаны бар. Кезінде марқұм Ә.Балқыбек: «Аудармаң жақсы екен, бірақ сен қалай аударып жүрсің, сен Моңғолиядан келдің емес пее?» дегені бар еді (қара жер хабар бермесін). Бұл сөзді тілге тиек етіп отырғаным менің аудармаларыма қатысты әдеби ортадағы пікірдің, анау-мынау емес, Цветаева, Ахматоваларды жүгендеп алуыма сенбестікпен қарауы, мойындағысы келмеу, оларды маған «қимаудың» кесірі шығармашылығыма қиянатын тигізумен келеді.

-Ақсұңқар әпке, ендеше, әңгімемізді аударма мәселесіне қарай ойыстырсақ. Аударма – ақын-жазушыларымыздың өзге елдерге шығатын әдеби баспалдағы сияқты ғой, өзіңіз шет ел әдебиетінен аудармалар жасап жүрсіз. Сіздің өлеңдеріңіз өзге тілдерге аударылды ма?

-Әдеби аударма менің шығармашылығымның бөлінбес бір бөлшегі. Ешкім, ешқандай құзыретті орган менен талап етіп, қаламақы төлеп, жоспарға енгізбей-ақ, талантымды, күш-жігерімді аударма саласына да сіңіріп, тер төгіп келемін. Халықаралық мәдени байланыстың ішінде әдеби байланысқа қойылатын басты талаптардың бірі аударма арқылы әлем әдебиетіне есік ашу. Өкінішке орай, құзіретті тараптар бұл мәселеде өте салғырттық танытып келеді. Ал, өз өлеңдерімнің өзге тілдерге аударылу мәселесіне келсем, мықты аудармашылар болса, «несие алып» болса да, қаламақысын төлеп, ұсынар едім. Немесе үкімет, министрлік, Жазушылар Одағы тарапынан арнайы жобалар іске асырылып, тәржімаланатын өлеңдердің тізіміне қосып жатса, қуанар едім. Айтпақшы, қазір өзім біраз өлеңдерімді орысшаға және моңғолшаға аударып жүрмін....

-Жалпы, Марина Цветаеваны, Анна Ахматованы аударып жүрсіз. Оларды аудару барысында тағдырлы ақындардың аурасын қаншалықты сезіне алдыңыз? Кейде өзіңіз аударып отырған ақыныңызға қимай қалатын тіркестер бола ма?

-Сезінгеніңіз не, олардың аурасын бойыма сіңіріп алған жоқпын ба?- деп қорқамын кейде. Мен ішкі әлемімде өте жалғыз адаммын ғой. Және ішкі ұлғаусар шығармашылық аңсарымның шөлін басуға үлкен тағдырдан туған дүниелер ғана көмекке келе алады. Сондықтан да, олардың өлеңдерін тек тәржымалау үшін емес, сырласу, іздегенімді табу үшін де аударатын секілдімін. Секілдімін емес, дұрысы солай...Иә, кейде аударма жасап отырып, оларға қимай қалатын тіркестер болады. Бірақ, кейде ары ойланып, бері ойланып «қия салатын» кездерім де бар, енді. Десе де, Ахматовадан жасаған бір аудармамның толық бір шумағы өзімдікі екенін кейін байқап, еншіме «қайтарып алғаным да» бар. Аудармада түпнұсқаға обал жасауға болмайды. Мәселен, Г.Салықбайдың М.Цветаевадан жасаған аудармалары көркемдік деңгейі жоғары, стил сақталса да, мазмұндық жағынан түпнұсқадан алшақ кететін кездері баршылық екен, Цветаеваша емес, Гүлнарша жырлап кететінін ақын аударманың қызығына еніп отырғанда, өзі де байқамай қалатын болар, негізі. Мен жалпы, шет ел әдебиетінен қазақ тіліне аударылған өлеңдерге қатысты талдау еңбектерімді де болашақта оқырманға ұсынамын.

-Әдеби аудармада өзіңізге қоятын басты критерий қандай?

1. Түпнұсқаның авторлық қолтаңбасы мен көркемдік деңгейін сақтау;

2. Төл автормен қосылып, өзің де өлеңді өз тіліңде қоса толғатып, бірге туу.

-Мысалы, аударма жасап отырғанда өлең жазғандай трансқа (күй) түсе аласыз ба?

-Әрине! Өзің өлең жазғаннан да екі есе ауыр әрі қызықты трансқа түсіп кетемін.

-Мемлекеттік тапсырыспен кітап шығару мәселесі жайлы айта кетейікші? Авторларды қандай сұрыптаулар арқылы таңдау керек?

-Мемлекеттік тапсырыспен шығатын әлеуметтік маңызды әдебиеттер тізімі жылда жасалып, жарық көріп жатады. Меніңше ол тізімді жасаудағы басты критерий –сұранысқа бағытталуы шарт. Мысалы, мен Алматыда бір кітап дүкеніне тұрақты барып тұрамын. Сол дүкенде осыдан 5-6 жыл бұрын жарық көрген кітаптар әлі сөреде шаң басып тұр. Олар неге өтпейді? Жуан-жуан, көркем безендірілген шетінен. Бірақ, сұраныс жоқ немесе кітап пен оқырманның байланысын жүйелейтін механизм жоқ. Мысалы, біздің классиктеріміз бар қазақ-кеңес әдебиеті кезеңіндегі. Олар қазір қаншалықты оқырмандардың сұранысын қанағаттандыра алады? Әр қоғамның оқырманы сол қоғамның айнасы болатын шығармаларды күтеді. Айналдырып, қайта-қайта шығара беру қаншалықты тиімді? Әдебиеттегі әр буынның оқылатын өкілдері болады ғой. Мүмкін сондай бір сұрыптау жасалу керек шығар. Дұрыс қаламақы төленсе, қаламгерлерде де алға ұмтылушылық басталады ғой. Мемлекеттік тапсырыспен шыққан шығармалардың тізімі, авторлары, жалпы кітапқа қатысты барлық статистика сайттарда жарияланып отыру керек. Бұл жүзеге асырылып жатқан жұмыстың нәтижелілігі үшін қажет.

-Сіз лирикадан гөрі көп ақынға бас бере қоймайтын эпикалық жанрда жазып жүресіз. Бұл өзі әкенің болмысынан келген дүние ме, әлде?..

-Мүмкін. Оқырмандарымның көбісі маған өлеңдерімді оқығанда көз алдарынан өмірдің лентасы өтіп жатқандай әсер алатынын айтады. Негізі, сөйлеп тұратын тірі сюжет пен траги-драмалық мінез шығармашылығыма о бастан тән болатын. Құрғақ, қияли, жасанды өлең жазу, мағынасыз ұйқас қулау қолымнан келмейді. Бірақ, менде де таза лирикалық өлеңдерім баршылық. Ал, ол әкемнің болмысынан келді ме екен, әлде өзімнің табиғи стилім бе, анық айта алмаймын. Білетінім, тағдырлы өлең тағдырлы ақыннан туады...

-Осыған дейін ақын ретінде шығармашылық жолыңызды қалыптастыра алдым деп ойлайсыз ба?

-Қалыптасқан ақынмын деп ойлаймын. Десе де, бәріміздің де бұғанамыз қатпаған кезде еліктеген ақын аға-апаларымыз болды ғой. Мен де еліктедім, қайталауға ұрынған кезеңдерден өттім. Бір арманымды жасырмай айтқым келіп отыр: соңымыздан ерген ақын іні-сіңлілеріміз Тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ поэзиясына біздің де енгізген азды-көпті ұлттық рухымызды, сүрлеуімізді бойларына сіңіріп, ары қарай қалыптастыруға күш салса екен (ғаламаттың бәрін шетелдік классикадан іздемей), солардың арасында менің де өзіндік қолтаңбам, үнім аздап болса да, байқалып жатса. Егер, осы үмітім ақталса, бақытты ақынмын деп айта аламын.

-Ал адам ретінде өміріңіздің сыртынан қарап тұрып не түйесіз?

-Көөп ою түюге болады ғой. Тәуба дейтін де, өкінетін де кездерім баршылық...Мыңдаған дауыстардың ішінен Ақсұңқар–өлеңнің даусы жүректерге жетті. Дәл қазір мені алаңдататын жағдай жеке өмірім мен денсаулығым. Бірақ, мен Құдайдың бойыма берген күш-қуатымен жеңіп шығатыныма сенемін. Себебі, жүрегім таза, адам баласына ойыммен де зиян келтіре алмаймын. Сүйсем де, күйсем де таза жүрегіммен сүйіп-күйемін.

«Қанша қашсам да, өлсем де,

Құтылмайтын өз Тағдырым, өз Денем!»-деп Алматыға алғаш келген жылдары жазыппын. Менің ұлтым, елім, тегім қандай болса, мен де сондаймын. Себебі, мен оның титімдей ғана бір бөлшегімін. Мен қандай болсам, ұлтым да сондай. Сондықтан, өз елімді бүкіл қасиетімен, қате-кемшіліктермен сол қалпында қабылдаймын. Қолымнан келсе, бәрін кешіргім, ұмытқым келеді...

-Өзіңізге қойылмаған қандай сұраққа жауап бергіңіз келеді?

-«Ол сұраққа» Алла қаласа, кейін жауап берейін...Айжан. Аман болайық бәріміз!

http://adebiportal.kz/kz/news/view/19174


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар